Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-08-18:

Вена әуендері

Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрында австриялық “Йоганн Штраус, Вена” ансамблі өнер көрсетті

 

Әлемдік музыка өнерінің көрнекті өкілдері Йоганн Штраус пен Вольфганг Моцарт шығармаларын орындаудың бүгінде дүние жүзіне белгілі мектептері туралы айтқанда, Австрияда өткен ғасырдың 90-шы жылдары дүниеге келген “Йоганн Штраус, Вена” ансамблі алдымен ауызға алынар еді. Ол басқа өнер ұжымдарынан қай жағымен ерекшеленеді, музыка саласының майталмандары оны қандай қыры үшін мұндай жоғары мәртебеге лайық деп санайды деген мәселеге келсек, ансамбль өзінің репертуарына тек осы екі айтулы музыканттың шығармаларын таңдап алуымен және Йоганн Штраустың сахнада бір мезетте әрі скрипкада ойнап, әрі дирижер қызметін атқарған үлгісін үзбей жалғастырып келе жатқан бірден-бір өнер отауы ретінде танымал.

Астанаға алғаш рет ат басын тіреп отырған, ал бірақ Қазақстанда бұған дейін екі рет өнер көрсетіп қайтқан осы ансамбльдің көркемдік жетекшісі, Вена және Германияның Саар­брюкен қаласындағы консерваториялардың профессоры, белгілі кон­трабасшы Вольфганг ХАРРЕРМЕН әңгімелесудің сәті түскен еді.

 

–Вольфганг мырза, әуелі өзіңізбен танысып алғымыз келеді.

–Мен 1953 жылы Вена қа­ласында дүниеге келдім. Бірнеше халықаралық байқаулардың лауреа­тымын. Австрия мен Еуро­паның таңдаулы оркестрлерімен өнер көр­сеттім. “Австрия радио­сы” симфо­ниялық оркестрінде бірінші контра­басшы деген атқа ие болғанмын. Еуропа, Азия, Аме­ри­ка елдерінде Штраус шығарма­ларын орындадым.

–Енді ансамбліңіз туралы айтып беріңіз.

–Ұжым жайында тоқтаусыз көп нәрсе айтуыма болады. Мәсе­лен, біз басқа ансамльдерден қай жағымызбен ерекшеленеміз десек, құрамымыз шығатын сахнамыз­дың түріне қарай өзгеріп отыруы мүмкін. Кейде ансамбль толық құраммен, ал енді кейде квартет немесе октет ретінде өнер көрсетуі жұртшылық тарапынан ұдайы қолдау тауып келеді. Тіпті керек десеңіз, Австрия опера және балет өнері шеберлерімен бірігіп те ел алдында талай рет концерт қойдық. Мұндағы өнер адамдары Венадағы ең ірі оркестрлерден іріктелген. Сондықтан да оның Жапония, Америка, Түркия, Англия, Испания сияқты түрлі елдердің сахнасында классикалық музыка өнерінің үздік үлгілерін орындау шеберлігі туралы өз басым сүйсіне әңгімелей беруден еш жалықпас едім.

– Астана жұртшылығына не алып келдіңіздер?

– Негізінен Моцарттың, әке­лі-балалы Штраустардың, сондай-ақ Франц Легар мен Франц Крайслердің бірде кісіні мөлдір сезімге бөлейтін, енді бірде мұңлы сазбен тербететін нәзік әуендері­мен жан сусындатқымыз келеді. Арамызда сопрана үнді бір орын­даушымыз – Сара Йоркенің осыған дейінгі табысты сапарлары туралы айтпағанда, Қазақстанға табаны тиген сәттен бастап ол ғажап әсерге бөленгенін, бұрын сырттай ғана атын білетін елдің енді бүгін шын келбетіне өзі куә болған қуанышын жасыра алмады. Ол Штраустың “Жарқанат” шығар­масынан Аделдің, Моцарттың “Фигароның үйленуінен” Херуби­ноның арияларын биік деңгейде орындап, тыңдаушы көңілін марқайтты. Скрипкашылар Лукас Рат, Ласцло Миклос, виоленчелист Урсула Хильшер, рояльде орын­даған Кристиан Хайтлер сынды әріптестерім де аянып қалған жоқ.

– Мұндағы өнерсүйер қауым­ның ілтипатын қалай сезіндіңіз?

– Ең бірінші менің сезінгенім – Қазақстанда Штраусты білмейтін жан жоқ-ау деген ойға қалдым. Халықтың музыканы сүйетіні соншалық, бірде Алматыда “Вена вальстерін” орындап жатқан кезім­де әуеннің нәзік толқынына жаны шыдап отыра алмаған жұрттың әлгі музыканың ырғағына қосылып билей жөнелгенін көріп таңғалған­мын. Жалпы, әр елдің музыканы қабылдау және оған ізет көрсету дәстүрі түрліше болып келеді. Мысалы, Жапонияда тіпті бөлек екен. Ондағы тыңдаушы сыртынан қарағанда өте суық болып көрінуі мүмкін. Көп қол соқпайды, әсерін бірден танытып тастауға асықпай­ды. Сахнадағы өнер адамын бұл көрініс қобалжытпай қоймайды. Мен де дәл сондай күйге түскен болатынмын. Бірақ сәл кейіндеу мүлде бөлек әсер алдым. Концерт­тің өн бойынан алған ішкі әсерін олар кеш аяқталған соң бір-ақ көр­сететін жұрт екен. Ал енді соңын­дағы қошамет білдірген жұрттың ықыласын көрсеңіз, ғажап дәстүр!

–Штраустың шығармаларын қандай сахнада орындағанда, жаныңыз шат сезімге бөленеді?

–Ол әр залда әр түрлі нақышымен жаныңызды баурап алады. Оны мына жерде орын­дауға болады да, ал енді ана сахнада бояуы солғын тартады деп кесіп-болжау қателікке соқ­тырады. Біз шығатын залымызға қарай құрамымызды да күні бұрын анықтап аламыз. Егер аз ғана топтың алдында өнер көр­сететін болсақ, әрине ансамбль толық құрамында шықпайды, ал стадион, тағы да басқа сол сияқты адам көп жиналған ірі залдарда санымыз 40, тіпті одан да асып кетуі мүмкін. Кезінде кіші Штраус Бостонда 1000 музыкант­пен қосылып өнер көрсеткен екен. Сол дәстүрді біз де жалғап келе жатырмыз. 

– Штраус музыка өнерінде “вальс королі” деген атпен даңқы асқан. Әлгінде оның шығар­маларын үнсіз шыдап тыңдау мүмкін емес екенін, әуен ырғағы кісі жанын еріксіз тұңғиық сезімге батырып әкететінін, кез келген жан дөңгелене билей ала жөнелетінін сүйсіне әңгімеледіңіз. Өміріңізде осындай сәт болып па еді?

– Мұндай күйді бастан кештім деп айта алмаймын. Би қолымнан келмейді. Штраус та би билегенде басы қатты айна­латын болған. Тіпті биікті жаны қаламаған. Ал Қазақ­станның астанасы орналасқан жер кең әрі  жазық екен. Мынадай әсем жер Штраус шабытын сөзсіз оятып, ғашық сезімнен тәтті әуен тамылжыр еді деп ойлаймын.

– Ансамбль гастрольдік сапарға жиі шығып тұра ма?

–Иә, тура нақты санын айту қиын, бірақ жиырмадан астам елде болғанымыз рас.

– Бас скрипкашы өнер көрсетіп тұрып әрі дирижердің қызметін қоса атқаруы басқа ешбір елдің тәжірибесінде жоқ десе де болады. Оның негізін қалаған Штраус па?

– Бұл дәстүрдің туғанына 200 жыл толды десек, содан бері ол Австрия музыка өнерінің қайталанбас үлгісі ретінде сақталып келе жатыр. Ансамбль – сол жолды жалғастырушы, ары қарай тағы ұштай түсуші. Оның әлемдік деңгейге көтеріліп, атақ-даңқының артуы осындай өнер тарихындағы сирек құбылысқа ие болуында ғой. Штраус дәстүрі өмір сүре береді.

 

 

 

Суреттерде: контрабасшы Вольфганг ХАРРЕР; ансамбль мүшелері.

 

Әңгімелескен Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.

 

 

 

“Еуразия” кинофестивалі  келе жатыр

 

Елімізде ең көп сыналған  мәде­ни шараның бірі “Еуразия” халық­аралық кинофестивалі. Соған қара­мастан,– 23-29 қыркүйек аралы­ғында ол төртінші рет ұйымдас­тырылғалы отыр. Аталмыш шара Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Алматы қалалық әкімдігі және Қазақстан Кинематографистері одағының қолдауымен өтеді.

Биыл да бұл фестивальге Еуро­па, Азия елдерінен, Солтүстік Америка мен ТМД мемлекеттерінен көрнекті кино қайраткерлері, халық­аралық кинофестивальдер мен ки­но­форумдардың жеңімпаздары келе­ді деп күтілуде. Осыған дейін үш рет ұйымдастырылған фестиваль аясын­да Қазақстанға әлемдік кине­ма­тографияның хас шеберлері: Катрин Денев, Орнелла Мути, Микеле Пла­чидо, Тео Ангелопулос, Эрик Робертс, Кэри Тагава, Стивен Сигал сияқты саңлақтардың жолы түскенін киносүйер қауым ұмыта қоймаса керек.

Қазіргі күндері “Еуразия-2007” фестиваліне әйгілі Жан Рено, Одри Тоту, Изабель Юпер, Изабель Аджанимен келіссөздер жүргізіліп жат­қан көрінеді. Сондай-ақ, Алма­тыға Ресей киносының көрнекті өкілдері, түркі тілдес туысқан елдер­дің айтулы актерлері мен режис­серлері келмек.

Фестивальді ұйымдастырушылар оған шақырылған, жоғарыдағы жұл­дыздардың нақты келетін-келмейтіні туралы қазірге анық ақпарат берген жоқ. Мүмкін, олардың ішінен Жан Рено келіп қалар. Қазірге кино­фес­тивальге келіп, қазылар алқасы құ­рамында жұмыс істеуге әйгілі Иран актрисасы Ләйлә Хатами, аргенти­налық режиссер Ариэль Роттер, та­нымал ресейлік кино маманы Вла­ди­мир Хотиненко келісіп отырған көрінеді. Ариэль Роттер биыл “Бас­қа” деп аталатын фильмі үшін Бер­лин кинофестивалінің бас жүлдесі “Күміс аюды” алған. Ал, режиссер Владимир Хотиненконы әйгілі еткен “Мұсылман, “72 метр” кинотуын­ды­лары деп айтуға болады.

“Еуразияның” өткізілу жай-жап­сары туралы БАҚ өкілдерімен сыр бөліскен арт-директор Гүлнара Әбікеева биылғы кинофестивальде көрермендердің көңілінен шығатын, жоғарыдағы талапқа сай келетін қандай картиналар бар деген сұрақ­қа Александр Сокуровтың чешен со­ғы­сы туралы “Александра” филь­мі мен Фатих Акиннің Еуропа мен Түркияның қарым-қатынасын су­рет­тейтін “Жұмақтың шетінде” ки­но­лентасын айтты. Ал, фестивальдің байқаудан тыс бағдарламасы бой­ынша, қазақстандық көрермендер Берлин, Канн, Венеция кинобай­қау­ларында жүлделі орындардан табылған туындыларды тамашалай алады.

“Еуразия-2007” фестивалінің биылғы жаңалығы Орталық Азия және түркі тілдес елдер фильм­дері­нің байқауы.  Өткен жылы бұл сын­да тек Орталық Азия елдерінің картиналары бақ сынаса, биыл бұл тізімді Әзірбайжан, Түркия, Татар­стан, Башқұртстан елдері толықты­рып отыр. Гүлнара Әбікееваның ай­туынша, түркі тілдес елдердің кино­фестивальдің ауқымын кеңейтуге өтініш білдіріп, бас дирекцияға ха­барласуы – аталмыш фестивальдің ауқымы мен беделін арттыра түсуде.

Сөз етіліп отырған шараны ұй­ым­­дастырушылар  отандық көрер­мен­дерімізді әлемдік кинодағы жыл­дың соны жаңалықтарымен ғана тан­ыстырып қоймай, өз кинола­ры­мызды да насихаттауды жөн көріп отыр. Биыл ретроспективалық фильм­дердің қатарында қазақ кино­сы­ның майталманы Мәжит Бега­лин­нің картиналары көрсетілмек. Бұл бір жағынан Мәжекеңнің биыл­ғы 85 жылдық мерейтойына да қатысты.

Қазірге “Еуразия-2007” айнала­сын­дағы ақпараттар легі осындай. Ал­дағы күндері Алматыға келетін әй­гі­лі кино қайраткерлері де, әңгі­ме­ге тамызық болар тамаша оқиға­лар да жеткілікті болар деп ойлай­мыз.

Тамыздың 20-сында фестиваль­дің байқауына қатыстырылатын фильмдерді іріктеу жұмыстары аяқталады.

Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.

 

БостандыҚ бояулары

 

Осыдан тура алпыс жыл бұрын тамыздың 15-і күні Үндістан бодандықтан бостандыққа қол жеткізіп, отарлау саясатын біржола келмеске аттандырған азат елдер қатарына қосылған еді. Дүниеде тәуелсіздіктен қымбат не нәрсе бар? Бұл халықтың өзінің бастапқы төл тілі мен дініне, ділі мен рухына қайта оралған ең қасиетті күн ретінде жыл сайын дәстүрлі түрде атап өтіліп келе жатқан мемлекеттік ірі мереке. Бұл қуанышқа арналған мәдени шараларды тек Үндістанда ғана емес, одан басқа шалғай мемлекеттерде өткізу үрдісі де кейінгі кезде кең өріс жая бастады. Мәселен, биыл ол Астанада алғаш рет Президенттік мәдениет орталығында жиылған қауымға үндінің бостандықтан туған сазды бояулары мен би өнерінің әсем нақыштарын паш етті. Үндістанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ашок Саджахар Үндістан тәуелсіздігінің 60 жылдық мерейтойына арналған мәдени кешке қатысушы қонақтарға, елордадағы шетел елшіліктерінің басшылары мен өкілдеріне ризашылық білдіре келіп, қазақ пен үнді халқының үйлесімді қарым-қатынасы бұдан да ары қарай жалғаса беретінін, мәдени өрлеуде олардың жолы мен ісі қашанда бір мүддеге тоғысып, арадағы достық байланыс нығая түсетінін айтты. Қазақстан тарапынан сөз сөйлеген Сыртқы істер министрінің орынбасары Нұрлан Ермекбаев жиылғандарды Үндістанның тәуелсіздік тойымен құттықтады.

Үнді халқы туралы әңгіме қозғалғанда, ең әуелі біздің ойымызға олардың би өнері, сиқырлы сазы мен сәнді киім үлгілерінің оралатыны тегін болмаса керек. Кештің көркін Үндістан елшілігі жанындағы үнді мәдени орталығының бишілері кіргізгені анық еді. Осы шара алдында орталықтың директоры Дипали ПАЛ ханым оның жұмысы жайында әңгімелеп берді.

 

–Дипали ханым, орталық қашан дүниеге келді және оған  басшылық етіп келе жатқаныңызға қанша уақыт болды?

–Ол – Алматыда 1994 жылы ашылған мәдени ошақ. Оны бас­қару тізгіні маған 2006 жылдың жазында бұйырды.

–Атына қарағанда, мұнда би үйірмесінен басқа да сыныптар бар сияқты.

–Иә, біз мұнымен қоса хинди тілінен сабақ өткіземіз және иога үйренемін деушілерге қол ұшын беріп келеміз.

–Мамандығыңыз кім?

–Мамандығым – тарихшы. Кейін Делидегі Индира Ганди атындағы институтты менеджмент мамандығы бойынша бітіріп шықтым.

–Орталықтың тағы қандай өзгеше қырлары бар?

–Мәселен, біздер Үндістан­ның жоғары оқу орындарында оқимын деп талаптанған жастарға жыл сайын арнайы грант бөлеміз.

–Мынадай шараны жиі өткізіп тұрасыздар ма?

–Алматыда тәуелсіздік тойы­на арналған мұндай кеш жыл сайын өтеді. Биыл алғаш рет елорда жұртшылығына үнді сазын тарту етудеміз. Енді бір-екі айдан соң, ондағы елшілік осы Астанадан орын тебеді деп күтілуде. Бұл ел өміріндегі маңызды оқиғаның бірі ғой деп санаймын.

–Үнді өнерінің ғажайып бояу­ларын паш ететін тағы қандай шара­лар өткізесіздер?

–Қыркүйекте Үндістаннан Қа­зақстанға бір топ өнер өкілдері келеді деп жоспарлануда. Күні бұрын жасалған болжам бойынша ол жолы кең ауқымды көрме өткі­зіл­мек. Онда үнді халқының му­зыкасы мен би өнері, қиял шек­сіздігі мен шеберлік кереметінен туған түрлі-түсті киім үлгілері қа­нық бояуында ұсынылатын болады.

– Жалпы Қазақстан, оның ішін­де қазақ халқы туралы не ойлайсыз?

–Мен көкте еркін қалықтаған құстың  самғауын көз алдыма кел­ті­ремін. Шалқыған шабытты, сал­мақты сананы сеземін.

–Таяуда Үндістанның кезекті Президенті болып Пратибха Патил ханым сайланды. Әлем жұртшылығы мұны тарихи оқиға санауда.

–Рахмет! Мұндай жылы пікір көңілге қуаныш ұялатады. Біз үнді халқының келешегі үшін сенімді тұлға тұғырға қонды деп есеп­тейміз.

–Қазақ пен үнді халықтарының ұқсас жақтары көп пе?

–Мәселен, “азат” деген сөзді ғана алып қараңызшы. Бүгінде екі ел де өз алдына азат елдер. Мұны бір ұқсастығымыз деңіз, ал енді екіншіден қазақша да, үндіше де осылай айтылады. Арман, махаббат, Отан, қағаз, кітап, кітапхана, дұшпан… екі халықтың тілінде кездесетін мұндай ұқсас сөздерді көптеп мысалға келтіре беруге болар еді. Хинди және урду тілдерінің қазақшамен бұлайша жақын қабысуы біздердің рухани байланысымыздың тым тереңнен тамыр жайып жатқанын көрсетеді.

–Дипали ханым, енді тағы да орталықтағы би сыныбы туралы әлгі әңгімемізді ары қарай сабақтасақ. Ол мектептің даңқын асырып жүр­ген шәкірттеріңізден кімдерді атайсыз?

–Қазақтың қос бірдей биші қызы Гүлнәр Омарова мен Алмагүл Теміртекованың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Олардың қолтаңбасын ансамбль репертуарындағы әрбір биден айқын аңғару қиын емес. Үнді биінің күрделі иірімдерін мұншалық шеберлікпен меңгеру тек дамылсыз еңбекпен келеді. Тіпті ол да кейде аздық етеді. Сон­дықтан оған адамның қайраты мен төзіміне қоса өнерге деген шексіз іңкәрлігі болмаса, осыншалық биікке қол жеткізе алмаған болар еді деп ойлаймын. Үндінің түрлі бағыттағы, алуан стильдегі биле­рін үйренуге талпынған жастар­дың өнерге құштарлығын сүйемін.

– Бидің өзі іштей неше түрлі жанрға бөліне ме сонда?

–Үндістанда классикалық бидің өзінің жеті түрі бар. Халық билерінің мән-мазмұны негізінен ертедегі аңыз әңгімелер мен салт-дәстүрге, көбірек фольклорға құ­рылып жатады. Мәселен, “хатках” әу баста көшеде орындалатын. Бірте-бірте бидің бұл стилін орын­дау кәсіби биікке, шеберлік шегіне дейін көтерілді. Үндіс­танның солтүстік өңіріндегі би өнері өз алдына үлкен мектеп саналады. Оның осындай күрделі қырларын толық меңгеру – мех­натты, тәуекелшіл ұзақ сапарлы жол.

 

 

* Үнді мәдени орта­лығының ди­ректоры Дипали Пал;  * орта­лық­тың бишілері өнер көрсетуде.

 

Әңгімелескен, Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.

 



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат