Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-08-29:

Болмысымыз бұзылмасын, бауырлар

 

Осыдан 35 жыл бұрын бұйрат-бұйрат құм ішін жайлаған шопандарды аралай жүріп көп қыстаудың біріне ат басын тірегеніміз бар еді. Еңбектеген біреуін төсектің аяғына арқандап тастап, емшектегісін қолтығына қысқан өрім­дей жас келіншек бір құшақ аяз ала кірген бізді иілген күйі төрге оздырып, ас қамдауға кіріскен-ді. Айтқан уәжімізді үнсіз тыңдаған әлгі келін бөбегін құндақтап жатып: “Ағайлар, асықпаңыздар. “Еркек – сел, әйел – көл”, дегенді естіген болсаңыздар, сіздерді құрауыз жіберсем, мына Берікжанның папа­сы келген соң сел қаптатады. Отырыңыздар”, деп асты­мызға қабаттап көрпе төсеп, кідірткен еді...

Сол құндақтаулы Берікжанның шаңыра­ғына есейген шағында тап боламыз деп кім ойлаған. Әлдебір себеппен шағын ауылдағы еңселі үйдің қақпасын қаққанбыз. Орта бойлы азамат сырттай таниды екен, елжірей амандасып, елпілдеген күйі төрге оздырды, сап-салқын “Сарыағашты” алдымызға қойып, келіннің де әне-міне келіп қалатынынан құлағдар етті. Пейіліне тойып, сусынына қан­ған соң әлдебір тетігі бұзылған машинамыз жөнделгенше жайланып жата бергенбіз. Кенет есік жақтан әйелдің ащы дауысы естілді. Күмілжи күңгірлеген Берікжанның да үні талып жетеді құлаққа. “Пәленше-екең болса қайтейін. Шақырған жоқпын ешкімді”. “Қандай шай. Қаңғырғанның бәріне қазан көтере берер жайым жоқ”... “Бар, жоғал әрі, өзің де”. Амал жоқ, қозғалақтап, жинақылана бастадық. Бір кезде “келінжан” бас шұлғыған күйі жанымыздан жортақтай басып өте шықты. Біз де сыртқа беттедік. Ақсары өңі күреңіткен Берікжан жік-жапар болғансиды...

Сақылдаған сары аязда самауырын түтетпесе де, қазан көтерген кешегі уыздай келіншектің “Еркек – сел, әйел – көл” дегені есіме қайта оралып, Берікжанға әрнені сылтаурата басу айтқан күйі машинамызға беттедік. “Аға, мені қырқымнан шығарар күннің қарсаңында біздің үйден дәм татып аттанған екенсіздер. Анам сіз жайында әңгіме бола қалса, сол күндерді еске алып отырады” деген еді Берікжан үйге алғаш бас сұққанда бізді сыртымыздан тани­тынын білдіріп. Аттандырып жатып та келін­шегінің шаруадан қажып жүргенін, қалаға қатынап, ұсақ-түйек сауда жасай­тынын, келімді-кетімді кісілердің көп болатынын айтып, ақталып бақты. Біз не дейік, амандық тілеп, анасына сәлем айтуын өтіндік те, аттанып кете бардық.

Содан бері бір ауылда, бір ортада тәрбиеленген екі адамның өмірлік қағида­ларының, сана-түйсігі мен адами қасиет­терінің кереғар қалыптасуының сыры неде дейтін бір сұрақ мазалаумен келеді. Иен даладағы қос бөлмелі, едені сыз шопан қыстауын жайлаған, бауырындағы қос бүлдіршініне қоса, шаруашылықтың бір отар қойының қым-қуыт тірлігі мойнына жүктелген өрімдей жас ананың қам-қарекеті ұсақ-түйек сауда жасайтын бүгінгі келіннен кем бе еді? “Еркек – сел, әйел – көл” дейтін бұрын естімеген ұғымды санамызға осыдан отыз бес жыл бұрын сіңірген сол келіншек, қазіргі Берік­жанның анасы көрші ауылдағы малшының көп қыздарының бірі болса, “Шақырған жоқпын ешкімді” деп тепсінген бүгінгі келін осы ауылдағы беделді, ел басқарған азаматтың отбасынан шыққан деп кім айтқандай? Тепсінсе, бір бөбегін төсектің аяғына арқандап, біреуін қолтығына қысқан, тауқыметті көп көрген, жалғызілік тұрмыстан қажыған қыстаудағы келіншек тепсінбес пе еді? Кісілік келбет пен ина­баттылықты сол шопанның жас келіншегі емес, ел ішінде, сәулетті шаңырақ астында өсіп, тәрбиеленген бүгінгі келін көрсетпес пе еді? Осындай ұршығынан ұстатпай үйірілген сұрақтар сан қилы болжамға итермелегенімен, түпқазығын көпке дейін таба алмай қина­лғанмын.

Шүкір, заман түзелді, бар болса радио тыңдауға қолы әрең жеткен кешегі әлеуметтің бүгінгі ұрпағы үйінде отырып-ақ әлемнің түкпір-түкпірімен тілдесетін, қажетті қойы­лымдарды теледидар мен бейнетаспалардан көре алатын аста-төк кезеңге қадам басты. Қолы қимылдағанның аузы қимылдайтын ұғым қалыптасып, жұрт біткен нарықтың талап-мүдделерін ұғынғаннан бері халықтың да күнкөрісі біршама түзелді.

Бірақ кешегі жұрт бойындағы инабат­тылық пен сыйласымдылықтың, қайырым­дылықтың орнын дәл қазір қатыгездік, тасбауырлық, өзімшілдік, астамшылдық секілді тосын мінез алмастыра бастағандай. Әйелі – үйдегі еркегін, баласы – әкесін, жастар – ақсақал-кейуаналарды сыйламайтын әлдебір шыңырау құзға құлап бара жатқан­даймыз. Осының сыры неде деген сұраққа көпшіліктің жауабы да әрқашан әзір тұрады. Біреулері – қым-қуыт заманды кінәласа, екіншілері – ортаны, мектеп пен отбасын күстаналайды, үшіншілері – кеңестік кезең­дегі тәрбие ошақтарының, әрқилы ұйым­дардың күйрегенін алға тартса, баз-біреулер заманына адамы сай болуы керек деп те ділмәрсиды.

Бірақ, ішінара болмаса, бұл тұжырымдар­дың бірде-бірінің бүгінгі қоғамға нақты сипаттама бола алмасы анық. Себебі, заман өзгергенімен, сол тарихи дамуды қалыптас­тыратын адам ешқашан жақсылықтан безініп, жамандықтың ауылына қарай аунай сал­майды.

Салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы ғасырлар бойы қалыптасқан әлдебір елді жатжұрттықтардың ұзақ жыл отарлап, бодандықта ұстауы міндетті түрде сол жердегі халықтың дүниетанымы мен өмірлік қағидаларын жаңа арнаға бағыттайды. Өйткені, әр елдің ұлттық менталитеті абсолют емес, диалектикалық үрдіс десек, сыртқы әсердің, ықпалдың күшімен сол жұрттың ділі бірте-бірте өзгеріске ұшырайды. Бұл тұтастай ұлтты бірте-бірте өзгеріске ұшырататын, дәстүрі мен мәдениетінен айыратын сыртқы әсердің бірі ғана. Қытайдың “Өзгерістер кітабында” (“Ицзин”) мынандай қағида келтіріледі: батыс­тықтар болып жатқан құбылыстардың сыртқы сипатына көбірек көңіл бөлсе, ал шығыстықтар соның ішкі астарын білуге ден қояды.

Бұдан шығатын қорытынды, отарлап, бодандыққа салған елдерге батыстықтар боямасы мол, әсіреқызыл дүниелерді тықпалау арқылы сондағы қалыптасқан тірлікті өздерінің қалауына орайластыра өзгертуге тырысады. Ал, шығыстық жұрт ішкі сипатын қаншалықты сақтауға күш салғанымен, өскелең ұрпақтың, әсіресе, құлдық қамытынан енді босаған ашқарақ ұрпақтың сырты жылтыр дүниенің ішкі мәніне үңілмей, қабылдай беретіні сөзсіз.

Бірақ Шығыстың бәрі Батысқа еліктеп, салт-дәстүріндегі ішкі мазмұннан біржола бас тартқан жоқ. Бұған жапон жұрты нақты мысал бола алады. “Еркек – сел, әйел – көл” дейтін мақал­ды бұл елдегі халықтың қаншалықты ұстанатынына, әрине, кепілдік бере алмаймыз, бірақ сонау ықылым заманнан бері қалыптасқан ізеттілік, сыпайыгершілік қасиеттерін әлі күнге жоғалтпағаны анық. Әйелдің ер адамға құрмет көрсететіні, келген қонағына бөстек төсеп, дәмдеген шайын ұсынатыны бұлжымас қағида күйінде қалып келеді. Әлемдік әлеуметтану­шылардың тұжырымдарына сүйенсек, жапон­дықтар сыртқы әсерге физика заңына сәйкес тойтарыс бере алатын әрқилы идеологиялық, саяси, әлеуметтік тетіктерді дер кезінде іске қосып отырған көрінеді. Мәселен, қуатты лазер сәулесінің жолындағыны күйдіріп жібермесі үшін қалың айнаны соған тосқауыл етіп, өткір сәулені шағылыстыра қайта сындыру тәсілі физика заңы саналады. Жапондықтар да сыртқы әсерге осылайша өз идеологиясын қарсы қойып отырған. Мыңдаған жылдар бойы батыстық әсіреқызыл дүниелердің сыналап кіре алмауы, ұлттық сана мен салт-дәстүрді жаңа сапалармен ластамауы, міне, осының әсері.

Әлемнің төрт құбыласы мұндай ұстамдылық таныта алмады. Үндістанды іздеп шыққан Христофор Колумбтың 1492 жылғы 12 қазанда мүлде басқа құрлыққа тап болғаны мәлім. Осыдан соң картограф Америго Веспуччидің атымен Америка аталған құрлыққа ағылған испандықтар Антиль аралдарындағы ацтектерді, инктерді бағындырды да, ел ішіне дендеп ене бастады. Испан конкистадорлары табан тіреп, басқыншылық әрекетін енді бастаған тұста мұнда 90 миллион халық болған екен. Ұстанған нанымдары, өз құдайы, теократиялық мемлекеті, дамыған өркениеті бар ацтектер елі мұхиттың арғы жағынан келген “жарылқаушыларының” жылтырақтарына, алдау-арбауына иланып, бес ғасыр ішінде ұлттық санасын, дәстүрін, тіпті тілін жоғалтып, америкалық болып шыға келді. Ол үшін, әрине, мұхиттың арғы жағынан кел­ген­дер әлеуметтік, саяси, психологиялық тұрғы­да үнемі әсер етумен болды. Өркениеттің өздері­не таңсық көріністеріне еліктеген байырғы тұр­ғын­дар батыстық үлгінің ішкі астарына, маз­мұнына үңілмей, өздеріндегіден бірте-бірте жи­ре­ну арқылы ұлттық қасиеттерінен де жұрдай болғанын сезбеді. Ақыры Африкадан мил­лиондап құлдыққа әкелінген қаны бөлек халық­пен мидай араласып, мулаттар, кабакколдар, креолдар, мамелуколар аталатын ұрпақ дүниеге келді.

Міне, әлемнің қос қиырындағы екі мем­лекеттің бірі сыртқы әсерге берілмей, батыстық әсіреқызыл өркениетке ғасырлар бойы қалып­тасқан өз идеологиясын, өмірлік мұраттары мен ұлттық санасын қарсы қойса, екіншісі сондай берік ұстанымның жоқты­ғынан аш­көздене жеткен азын-аулақ батыстықтарға жұтылып кете барды. Олардың бірде-бірі өз ана тілінде сөйлемейді, салт-дәстүрін көрсете алмайды, керісінше, испан­ша, французша, ағылшынша сайрап, өздерін байырғы ұлт өкілдері емес, америкалықпыз деп ділмәр­сиды. Осылайша сыртқы әсердің күшімен әр тайпа өз құдайынан безініп, тілінен, ділінен, ақыр соңында салт-дәстүрі мен ерлігінен, өр мінезі­нен айырылды.

Өркениеттің, даму­дың даңғыл жолын таңдау, сондай елдердің тәжірибелеріне сүйене отырып, өз экономика­мыз бен әлеуметтік үрдістерімізді қалып­тастыру дұрыс ұстаным дегенімізбен, жаһан­данудың жолы осы деп, жатжұрттықтардың орынды-орынсыз тық­палаған идеологиясын талғаусыз жұта беру де дұрыс емес. Патшалы Ресейдің отарлау саясаты мен Кеңес Одағының экспансиялық пиғылы қазақты ұлттық қал­пынан қаншалықты айырғаны, тілімен қоса әдет-ғұрпынан безіндіріп, әйелді – қазық, еркекті – азық етуге жеткізгені бір жағы сескендірсе, екіншіден, ойлантса керек. Жастарымыздың үлкенді сыйламауы, әйелдің отағасын ошақтың бір бұтындай көріп, елемеуі заманнан туа салған құбылыс емес. Кешегі жалаң үгіт, жалпылама уағыз заманы тәрбие аренасындағы орнын бүгінгі күні бейнематериалдарына, ұлттық санаға тікелей әсер ететін жарнама, қойылымдарға босатып берді. Ұлыларымыз, ірі тұлғаларымыз шілтердің арғы жағындағы көмескі елестей сағымдана көрінгені болмаса, батыстық бейнетаспалардағы жастар санасын улап жатқан сан алуан оспадар қылықтар арасынан жарыққа шығар жол таппай бірте-бірте өшуге айналды. Осыдан соң жарықтық Абайды, Шәкәрімді, Сұлтанмахмұт Торайғыровты, Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дула­товты, басқа да шоқтығы биік тұлғаларды білмейсің деп өскелең ұрпақты қалай кінәла­ғандаймыз. Осындай заңғар ата-бабаларын білмей өскен жастар солардың еңбектеріне жөргегінен, балабақша мен мектептен көз қарықтырмаса, салт-дәстүрің мен әдет-ғұрпыңды санасына қалай тоқысын?! Оған қоса дүкендер мен дүңгіршектер шетелдік бестселлерлерге, “мультфильм” аталатын атыс-шабысты дәріптейтін бейнетаспа­ларға толып тұрса, балбөбек қандай тағылым алғандай? Міне, идеологиялық майданның, ұрпақ санасын батысқа тән құралдармен улаудың бүгінгі нақты көрінісі осындай.

Қоғамдық дамуымызды, экономикалық өрлеуімізді ойлаған бүгінгі билік басын­дағылар, саясаткерлер, идеологтар, педа­гог-ғалымдар бірлесе отырып, идеология­лық майданның стратегиясы мен такти­касын құрып, қалыптастыратын кезең туды. Біріншіден, ұлттық бітім-болмы­сымызға кесірін тигізетін, салт-дәстүрімізді жөрге­гінде өшіретін әсіреқызыл дүниелер­ден саны да, сапасы да, мазмұны да басым төл туындыларымызға балаларды ертерек сусындатудың іргесін қалау қажет. Бізде қазір не көп, мүмкіндігі мол баспа көп. Тарлан ақын-жазушылар мен мультқойы­лымдарды мүлтіксіз ұлттық тәрбие нақы­шында жаза да, жасай да алатын драма­тургтерден, сценаристер мен режиссер­лерден де тапшылық тарта қоймаймыз. Жетіспейтіні – баяғы құлшыныс та, етектен тартатыны – сол ежелгі енжар­лығымыз.

Осыған қатысты тағы бір айтарымыз, орыс тілін әзірше қолданыстан мүлде сызып тастауға әсте болмайды. Өйткені, біз өз тарихымызды, әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүрімізді тек ана тілімізде ғана айта берсек, басқа ұлттарға өзіміздің де іргелі ел болғанымызды таныта алмасымыз анық. Сондықтан осы идеологиялық күресте орыс тілін барынша пайдаланып, қазақ аңыз-ертегілерін, оның кейіпкер­лерін, сондағы дәстүрлерді, тарихымызды, мәдениетімізді көбінесе орыс тілінде насихаттауымыз керек.

Екіншіден, нарықтың заңы дейтінді алға тарта беруден арылуымыз қажет. Социалистік жүйе жойылды, әлем біткен жеке меншік түріне, капитализмге ойысты. Бірақ кез келген дамыған капиталистік елдердегі ірі алпауыттар сол елдің заңын аттап өте алмайды, сол халықтың мүддесін бәрінен жоғары қоя отырып, өз идеоло­гиясы негізінде мемлекеттің іргесін нығай­туға күш салады. Соның бірі – мәдениеті мен дәстүрі тамырын тереңнен тартатын іргелі мемлекет екенін әлемге мойын­датар­лық инфрақұрылымдар желісін қалып­тастырады. Сол арқылы өз халқының санасына әсер ететін, ұлттық дәстүрі мен әдет-ғұрпын орнықтыруға қозғаушы күш болатын барша идеологиялық қуатын сыртқы әсерлерге қарсы қолданады, ұлттық мента­литетті тоқырауға ұшыратпауға жұмылдырады. Біз қазір тәуелсіздікке ие болдық, ұлттық, құқықтық мемлекет орната бастадық дегені­мізбен, осыған қол жеткізе алдық па?! Баршасы орнықтырылды деуге еркегін есіктен телмірткен әйелдердің оспадарлығы, көшеде тұрып именбестен темекі шегетін, орысша-қазақша бұрқырата сыбайтын қаракөз қарындастарымыздың парықсыздығы, басқа да өрістеп бара жатқан өрескелдіктер жібере қоймайды.

Біз кейде жеке адамның қажеттіліктері мен қоғамдық мүддені шатастырып аламыз. Өзіміз үйінен түңіліп аттанған “саудагер келін” теріс әрекеттер мен жағымсыз тәрбиелерге бесігінен “ауызданбаса”, онда қазақы қалыбы мен ұлттық биязы мінезінен әсте ажырамас еді. Баяғы кеңестік кезеңнен бері қанжы­ғамыздан тастамай келе жатқан науқан­шылдық пен ұраншылдығымыз, әлдекім мүжілген сүйек тастаса болды, тарпа бас салатын ашкөздігіміз бен даурықпа, даңғаза­лығымыз да теріс тәрбиенің қалыптасуына ықпал етіп жатады.

Санамалай берсек, жатбауырлыққа, имансыздыққа, тексіздікке жетелейтін мұндай сыртқы әсерлер елімізде аз емес. Ең бастысы – бізде өз болмысынан безінген бау­ырларымыз көбейіп бара жатыр. Не істеу керек?!



Авторы: Секен ҚҰСАЙЫНҰЛЫ (Иманасов).


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат