Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-08-29:

Ата Заң айшықтаған жаңа заман

 

Бүгінгі үлкен мереке – Конституция күніне орай елімізге белгілі тұлғалармен сауалдама жүргізілген еді. Олар төмендегі үш сұраққа жауап қайтарған болатын:

 

1. Конституцияның жалпы мәні, қоғамда алатын орны туралы не айтар едіңіз?

2. Ата Заңға енгізілген биылғы өзгерістердің маңызы жайындағы пікіріңіз қандай?

3. Конституциялық реформаның сайлауға қатысты жаңалығы, әсер-ықпалы хақындағы ой-пайымыңызбен бөліссеңіз.

 

ҚР Бас прокуроры Рашид ТҮСІПБЕКОВ:

1. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері демократиялық жүйе қалып­тастыруда айтарлықтай алға басып, әлеуметтік-экономикалық дамуын­да оңды нәтижелерге қол жеткізді. Оның үстіне халықаралық беделі де бұрын-соңды болмаған дәрежеде шарықтап өсті. Осы Ата Заңымыз қабылданған 12 жыл ішінде құқық­тық мемлекеттің негізі қаланып, заңдылық пен тәртіп нығайып, аза­маттардың конституциялық құқық­тары мен бостандықтарын қорғау­ды қамтамасыз етуде ауқымды жұмыстар жүргізілді. Міне, осының нәтижесінде біздің елімізді бүгінде әлемдік қауымдастық  әртүрлі пікірлер тоғысы мен этносаралық, дінаралық және қоғамдық келісім орныққан тұрақты дамып келе жатқан болашағы айқын мемлекет ретінде танып отыр.

Әрине, елеулі өзгерістердің бәрі 1995 жылдың 30 тамызы күні бүкіл­халықтық референдум арқылы қа­былданған бүгінгі қолданыстағы Конс­титуцияның арқасында мүм­кін болып отырғанына ешкім де күмән келтірмейді. Біздің Конс­ти­ту­циямыздың басты да негізгі ерек­ше­лігі мен артықшылығы сол, оның арқасында біздің жаңа тәуел­сіз мемлекетіміздің берік іргетасы қаланды. Оның басты мән-маңызы осында дер едім.

2. Өздеріңізге белгілі, осы жылдың 16 мамыры күні Парла­мент палаталарының бірлескен отырысында Президент сөз сөйлеп, еліміздің Конституциясына өзге­рістер мен толықтырулар енгізу жө­ніндегі заң жобасын депутаттардың қарауына енгізді. Бұл елімізде бо­лып жатқан өрелі өзгерістер мен жа­сам­паз жаңғыртулардың тала­бынан туған мәні зор мәселе еді. Онда Елбасы мемлекеттің саяси және құқықтық жүйесін айқын­дай­тын маңызды конституциялық өзгерістерді ұсынды.

Бұл конституциялық өзгеріс­тер­ді жасауда негізгі салмақ Парла­мент рөлін күшейтуге бағытталды. Мұнда саяси партиялардың рөлін жоғарылату, қоғамдық бірлестік­тер­ді мемлекеттік қаржыландыруға арналған конституциялық тыйым­нан бас тарту, президенттік басқару мерзімін 7-ден 5 жылға дейін қыс­қар­ту, облыс әкімдерін мәсли­хат­тардың келісімімен тағайындау, қамауға соттың санкция беруін енгізу және өлім жазасын іс жүзінде тоқтату ұсынылды. 

3. Парламент Мәжілісі мен мәслихаттарына депутаттар сайлау науқаны  кемшіліксіз аяқталғанына бәріміз де куә болдық.  Оның басты ерекшелігі Конституцияға енгізілген сайлау жөніндегі өзгерістер бірінші рет іс жүзінде қолданылды. Яғни, сайлау еліміздің тарихында алғаш рет партиялық тізім бойынша жүргізілді. Осы соңғы өзгеріс бойынша Мәжіліс депутаттарының да саны артты. Сөз жоқ, мұның бәрі де қо­ға­мы­мызды демократияландыруға жасалған үлкен қадам болып табылады. Өткізілген сайлау ке­зінде прокуратура органдарының жұмысы сайлау науқанының жариялылық, ашықтық, айқын­дық қағидаттары мен заңды­лық­тың мүлтіксіз сақталуын қамта­масыз етуге бағытталды. Соны­мен қатар, сайлау барысы кезінде азаматтардың кез келген конституциялық құқықтарының бұзылуын назарға алып шара қол­дануға, сондай-ақ заң нор­ма­ларын мүлтіксіз орындауына ерекше көңіл бөлінді. Мұнда сайлау заңдылығы мен қағидат­та­ры сақталды және азаматтардың сайлау құқықтарына әсер ете алатындай қандай да бір  заң бұ­зу­шылық болған жоқ. Консти­туция­лық өзгерістердегі құқық қорғау және сот органдарындағы жаңалықтар өте зор болды. Әсіре­се, сот жүйесінде әділет біліктілік алқасын жою және оның судья қызметіне кандидаттарды іріктеу жөніндегі міндеттерін Жоғары Сот Кеңесіне енгізу турашыл және заң нормаларына ғана қызмет ететін судьяларды іріктеуді неғұрлым жоғары деңгейге көтеруге мүм­кін­дік береді.

Мемлекет басшысының тап­сыр­масын жүзеге асыру мақса­тын­да Бас прокуратура қамауға санк­ция беру құқығын сотқа өткізу мә­селесі жөнінде заң жобасын әзір­леген болатын, ол конституциялық өзгерістерде өз көрінісін тапты. Сондай-ақ, өлім жазасын лаңкестік қылмыстар және соғыс кезінде жасалған аса ауыр қылмыстар үшін қолданудан басқа жағдайда тоқ­татуға байыланысты Консти­туцияға өзгеріс соңғы жылдары жүзеге асы­рылып жатқан қылмыстық сая­сат­ты ізгілендіруді неғұрлым кеңірек жүргізуге мүмкіндік беретіні сөзсіз. Конституциядан анықтама жүргізу және алдын ала тексеруді сот пен прокуратурадан бөлуді қарас­ты­ра­тын 84-бабы алынып тасталған. Біз үшін ең басты жаңалық осы.

 

Парламент Сенатының Мемлекеттік  құрылыс және құқықтық саясат  жөніндегі комитетінің төрағасы Ермек ЖҰМАБАЕВ:

1. Тәуелсіздігін енді алған елімізде қалыптасқан жағдайды нақты саралаған 1995 жылы қабылданған Конституция болды. Бүгін оның қабылданғанына 12 жыл толып отырғанда біз өткен кезеңде алда тұрған мақсаттарды осы Ата Заңымыздың арқасында толық шештік деп айта аламын. Атап айтқанда, елімізде мемлекеттік билік пен басқарудың тұрақты жүйесі қалыптасып, экономикаға табысты реформалар жүргізілді, ішкі және сыртқы саяси тұрақтылық берік орнады. Енді бүкіләлемдік өркениет нормаларына сәйкес адамның бостандығы мен құқығын қорғау жолындағы демократиялық институттарды одан әрі жетілдіруді қолға алып отырмыз. Сөйтіп, мемлекеттік құрылыстың эволюциялық даму үдерісі мен Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін саяси жүйені жаңаландыру қажеттілігі туды. Осы мақсатпен Елбасының ұсынысымен еліміздің Парламенті үстіміздегі жылдың мамыр айында “Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заң қабылдады. Бұл еліміздің экономикасы, саясаты және халықтың санасында түбегейлі бетбұрыс жасаған өзгерістер мен толықтырулар болды. Сонымен бірге, бұл Қазақстанның ұзақ мерзімдік тұрақты даму мүддесін қамтамасыз ететін эволюциялық даму жолының заңды нәтижесі еді.

2. Қабылданған өзгерістерге сәйкес Үкіметтің Парламент алдындағы жауапкершілігі артты. Дамыған шетелдердің тәжірибесіне қарасақ, биліктің Парламент алдындағы жауапкершілігін арттырмасақ, толыққанды парламентаризмнің дамуы мүмкін емес екен. Осының бір көрінісі ретінде облыс әкімдері мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің тиісті мәслихаттардың келісімімен тағайындалуын айтуға болады. Мәслихаттар енді қарапайым көпшілік дауыспен әкімдерге сенімсіздік білдіре алады. Сөйтіп, ендігі жерде, жергілікті өзін-өзі басқарудың басты қағидаттары жүзеге асады.

Азаматтарды тұтқындау құқын прокуратурадан сотқа берудің де маңызы зор. Сонымен бірге, біз өлім жазасын беруден іс жүзінде бас тарттық. Осы мысалдардың өзінен-ақ Конституция көлемі шағын болса да мазмұны зор өзгерістерге ұшырағанын көруге болады. Конституциялық реформа заңдарға өзгеріс енгізуді ғана емес, адамдардың саяси және құқықтық мәдениетін көтеруді де талап етеді.

3. Мемлекеттің заңдылық  тұрғыдан дамуы – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қан­ша­лықты дәрежеде қорғалғаны мен қамтамасыз етіл­ге­нін көрсетеді. Осы көрсеткіш құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғам орнатудың ең басты белгісі. Біз­дің Конституциямыз осы белгіге толық сәйкес келеді.    

Екінші айтарым, конституциялық өзгерістер нәтижесінде сайлаудың мажоритарлық түрінен пропорционалдық жүйесіне көштік. Бұл – басты жаңалық. Әсер-ықпалына келсем, ел халқы басым дауыспен Елбасының өзі төрағалық ететін “Нұр Отан” партиясына жеңіс әперді. Бұл да халық таңдауы болды.

 

Заң ғылымдарының докторы, профессор Кәлимолла ХАЛИҚОВ:

1. Барлық қазақстандықтар құр­меттеп, қадірлейтін Ата За­ңы­мыздағы ең басты әрі маңызды қағида – әр адамның құқы мен бостандығын қорғау. Олай болса, Ата Заңның маңызының да, мә­нінің де еліміздің әрбір азаматы үшін өте зор екендігі айтпаса да тү­сінікті. Көпшілікке белгілі, әр­бір мемлекеттің өз заңы болады, мемлекеттің әнұраны, туы сияқты оның да салмағы, мәні ауқымды. Мәселен, Ата Заңымыздағы ар­тық­шылық адам құқығының жан-жақты қорғалуы десек, бірде-бір азамат сот үкімі заңдық күшіне ен­генше, кінәлі деп табылмайды. Заңдық күшіне енген сот үкімі бойынша ғана ол адам жауапқа тартылады. Әрине, конституция­лық қағида шарттары жөнінде айта берсе, әңгіме жеткілікті.

Өтіп бара жатқан уақытпен бірге қоғамда да бірқатар өзгеріс­тер болатыны белгілі. Ашығын айт­қанда, өмірдің өз үкімі, өз та­ла­бы болатындығы сөзсіз. Демо­кра­тиялық дамудың жаңа кезе­ңі­не аяқ басқан елімізде Консти­ту­цияның кейбір баптарына өзгеріс­тер енгізу қажеттілігі туындады. Алғаш рет 1998 жылы енгізілген өз­ге­рістер мен толықтырулар ке­зінде бірқатар мәселелер қамтылған еді. Бұл – негізінен мамандандырыл­ған соттар, присяжный заседатель­дерге қатысты болды. Сот жүйесі жұмысын одан әрі жетілдіру, демократияландыру бағытындағы бірқатар іс-шаралар өз жалғасын табуы құптарлық жәйт.

2. Конституцияның кейбір бап­тары­на енгізілген өзгерістер уақыт­тың өз талабынан туындағаны ай­дай ақиқат. Шын мәнісінде де, мем­лекетті демократияландыру және саяси жаңғырту бағытындағы батыл қадамның берері мол. Менің ойымша, бұл өзгерістер бүгінгі күн­нің ғана емес, келешектің де қамы.

Ең басты өзгеріс – президент­тік-парламенттік басқару жүйесі өр­кениетті елдердегідей оң нәти­жесін беретіндігіне көпшілік сенімі мол. Тағы да бір атап айтарлығы, мұның өзі еліміздің тәуелсіздігін одан әрі нығайту, көркейту және жаңа белестерге жету бағытындағы бо­лашаққа қызмет етпек. Прези­дент­тік басқару үлгісін сақтай оты­рып, Парламенттің құзыретін ай­тар­лықтай кеңейтуді Мемлекет бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ұсынған болатын.

Биылғы Парламент Мәжі­лісі­не депутаттардың партиялық тізім бойынша сайлануы – кеңінен ой­лас­тырылған, салмақты шешім деп ойлаймын. Сөз реті келгенде айта кететін тағы бір жәйт, биылғы сай­лау­дың өте әділетті, демо­кра­тия­лы түрде өткендігін шетелдік байқау­шы­лар да атап көрсетуде. “Нұр Отанның” жеңісін қазақстан­дық­тар­дың бұл партияға деген сені­мі, үлкен құрметі деп түсіну қажет. Ал, сайлауда аз дауысқа ие болған партиялардың келешекте біріккені жөн сияқты. “Бірлік бар жерде тір­лік бар” демекші, бұл дүниеде тату-тәтті тіршілікке, ынтымаққа жетер ештеңе жоқ. Демократиялық құ­қықтық мемлекет құру жолындағы Конституцияның өміршең бола­тын­дығы күмән тудырмайды.

 

Заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арықбай АҒЫБАЕВ:

1. Әрбір мемлекетте жазылған да, жазылмаған да конституциялар болады. Әдетте, конституцияда мына­дай үш түрлі мәселе бекітіледі: мемлекеттік және қоғам­дық құрылыс, адамның немесе азаматтың құ­қық­тық мәртебесі, сондай-ақ мемлекеттік орган­дардың қызметтік жүйесі. Бұлар қоғам үшін ерекше ма­ңызге ие. Сондықтан да, конституцияны мем­лекеттің негізгі заңы деп атайды. Мәніне, реттейтін мәселелердің маңызына қарай, ол құқықтық жүйеде шешуші рөл атқарады. Әділетті өмір орнату жолындағы ізденістердің барысында конституция 17-18 ғасырларда өмірге келген. “Конституция” латын­шадан аударылғанда “құрылыс” деген ұғымды береді. Оның мәнін қазақшаласақ, өміріміздің, тыныс-тіршілігіміздің, ел-жұрт болып бірігіп мемлекет құруымыздың тетігі. Міне, осындай конституция алғаш рет Англияда 1679 және 1688 жылдары құқық­тар жөніндегі билль деген атпен қабылданған. Жаз­баша конституция ең алғаш 1787 жылы АҚШ-та, одан кейін 1791 жылы Франция мен Польшада өмірге келген. Ал Қазақстанда тұңғыш рет 1924, одан кейін 1937, 1978, 1993, 1995 жылдары жазбаша түрде қабылданды. Оған дейін қазақ қоғамында конс­титуциялық идеялар Қасым ханның – қасқа, Есім ханның – ескі жолы, Тәуке ханның Жеті Жарғы­сында өз көрінісін тапты. Ал қазіргі қолданылып жүрген Конституция 1995 жылы 30 тамызда бүкіл­халықтық референдум арқылы қабылданған. Оған дейін, яғни Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 28 қаңтарда өзінің алғашқы Ата Заңын қабылдаған болатын. Бірақ 1993 жылғы Конституция ескі әкімшілік, әміршілдік қоғам ережелеріне, көбінесе кеңестік демократия қағидаларына негіздел­гендіктен, жаңа қоғам өмірінің талабына жауап бере алмады. Онда адам құқықтары мен бостандықтары, оларды жүзеге асыру қағидалары, мемлекеттік өкімет билігін жүзеге асыру нысандары, басқару саласын­дағы демократиялық институттардың қызметі жете көр­сетілмеген еді. Міне, осыған орай өмірдің өзі 1995 жылғы Конституцияны қабылдауды қажетсінді. Бұл жаңа Конституцияның ерекшеліктері мен артық­шылықтары мынадай: біріншіден, заң шығарушы, атқарушы сот билігін белгілеп, олардың құзіретін, жұмыс істеу тетігін, өзара іс-қимыл бірлігін заң тұрғысынан айқындап берді. Екіншіден, өкімет билігінің аталған тармақтарға бөлінуі – мемлекеттік лауазымды адамдардың, азаматтардың конституция­лық құқықтары мен бостандықтарын бұзуға жол бермейді. Үшіншіден, мұнда құқық пен жауап­кер­шілік ұғымдары пара-пар көрсетілген. Сондай-ақ, бұрынғы Конституцияда шешімін таппаған мем­лекеттіліктің мәні, жер, тіл, азаматтық, Парламенттің қос палаталы жүйесі, Президенттің құзыры, сот төрелігінің қызметі, Конституциялық Кеңестің өкілеттілігі сияқты күрделі мәселелер заңдылық тұрғысынан өз шешімін тапқан.

2. 1995 жылғы Конституция еліміздің экономикалық-әлеуметтік-саяси дамуын жеделдетті. Халықтың саяси белсенділігі артты. Олардың қоғамдық өмірдің барлық саласына араласуы заңдылық сипатқа ие болды. Оның ішінде қазір еліміздің алдында тұрған ең басты міндет әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына ену стратегиясы пайда болды. Осы айбынды істерді жүзеге асыру мемлекетімізде заман талабынан туындап отырған демократиялық реформаларды рет-ретімен жүзеге асыруды талап етті. Қазақстанда осы мәселеге байланысты бір жылға жуық Демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу және нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмыс істеді. Нәтижесінде үстіміздегі жылы Конституцияға өзгерістер енгізілді. Конституциялық реформалар жүзеге асты. Бұл реформаларда халықтың тілегі, биліктің ұсынысы және оппозицияның талабы үйлесімділік тапқан. Сонымен бірге, Парламент құзыретінің артуына айрықша мән берілді. 2012 жылдан бастап Президенттің өкілеттілік мерзімі 5 жылға қысқартылды. Бұл мерзімнің Қазақстанның Тұңғыш Президенті өкілеттілігіне қатысы жоқ. Тұңғыш Президенттің өкілеттілік мерзімі шектелмейді. Бұл –еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегіне берілген үлкен баға.

Конституциялық реформаларға сәйкес сот жүйесі халықаралық деңгейге келтірілді. Біздің елімізде тұңғыш рет британ үлгісіндегі қаржылық сот құрылды. Алда жеткіншектердің ісімен айналысатын ювеналдық сот құрылады. Сот реформасының тағы бір ерекшелігі – Жоғары Сот кеңесіне біліктілік алқасы біріктіріліп отыр. Бұл болашақ судья кадрларын іріктеп алуға үлкен мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ қамауға, тұтқындауға санкция беру прокуратурадан сотқа берілді. Қазақстан халқы Ассамблеясының конституциялық мәртебесі айқындалды. Олардан Парламентке тоғыз депутаттық орын бөлінді. Осы конституциялық реформа бойынша Парламенттегі депутаттар саны 154-ке жетті. Мәжіліс тарағандай болса, заң шығару қызметін Сенат атқарады. Депутаттарды сайлау пропорционалдық жүйе бойынша жүзеге асырылды. Парламенттің құзіреті ұлғайтылды. Президенттің біршама өкілеттілігі Парламентке өтті.

Тұңғыш рет үстіміздегі жылдың 18 тамызында Парламент Мәжілісіне сайлау өткізілді. Ата Заңымызға ен­гізл­ген өзгерістер негізінде мажоритарлық жүйенің орнына жаңа пропорционалдық жүйе арқылы сайлау жүзеге асты. Соның нақты нәтижесін көріп отырмыз. “Нұр Отан” партиясының сайлауда басым дауысқа ие болуының өзі – сол партияның нақтылы іскерлік таны­тып, қалың қауымның қолдауына ие болғандығы деп түсінеміз. Өз отандастарымызды айтпағанда, ха­лық­аралық байқаушылардың өзі осы сайлау барысына оң батасын берді. Біздің қазақ “жығылған күреске той­мас” деп бекер айтпаған. Сайлауда межелеген дауысқа қол жеткізе алмаған бірлі-жарым саяси партиялар, әлбетте, өкініштерін білдіріп те жатыр. Бұл, әрине, әркім­нің субъективті пікірі. Ал объективті жағдайды Орталық сайлау комиссиясы жариялады. Халық соған сене­ді. Сайлауда Елбасын қолдаған халықтың бәрі “Нұр Отанды” да қолдады. Өйткені, бұл партияға Елба­сымыздың өзі төрағалық етеді. Ал Мемлекет бас­шы­сының саясатын тек халқымыз ғана емес, дүние жүзі мақұлдап, оң бағасын беріп отыр. Жақында ғана өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының жиынынан да Елбасының беделі халықаралық деңгейде жоғары екендігі айқын көрінді. Мұның бәрін халық көріп, біліп отыр. Бір сөзбен айтқанда, қазақстандықтар “қолда барда алтынның қадірін жоғалтпайық” деген қағида ұстанды.



Авторы: Сауалдаманы жүргізгендер Александр Тасболатов, Жақсыбай Самрат, Гүлзейнеп Сәдірқызы, Бақыт Балғарина.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат