Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-09-03:

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: БҰл жылдар тыҢ серпіліс кезеҢі болуҒА тиіс

 

Елбасы Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйледі

 

18 тамызда біз адал, бәсекелі және әділ сайлаудың куәсі болдық, онда “Нұр Отан” өзі­нің заңды әрі еңбекпен келген жеңісін тойлады, бұл жеңіске өмірдің өзі алғышарт жасаған болатын, деп бастады Ел­ба­сы Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзін. Ел өміріндегі осынау айтулы оқиғамен барлық қазақстан­дық­тар­ды және сіздерді шын жүректен құт­тықтауға рұқсат етіңіздер. Эко­номика табысты дамып келеді, қа­зақстандықтардың әл-ауқаты ар­туда, елде келісім мен тұрақтылық орнаған.

Бүгінгі таңда біз өтпелі кезеңнің қиын жолын, қиян соқпақты асу­ларын кейінге тастап, демократия­лық дамудың сапалы жаңа белесіне аяқ бастық. Соңғы кезде жүзеге асырылған конституциялық рефор­ма­лардың нәтижесінде еліміздің саяси жүйесі әлемде қалыптасқан жалпыға ортақ демократиялық пішін­дерге сәйкестендірілді. Жа­қында өткен парламенттік сайлау еліміздің саяси жүйесінің жаңаруын жеделдеткені ақиқат. Біз мақсат еткен конституциялық жаңару­лар­дың бәрі күшіне енді. Парла­мент­тің өзі де кең ауқымды өкілеттікке ие болды.

Халық біздің саясатымызды қолдайды, сондықтан сіздерге – Парламент Мәжілісі депутаттарына келесі бес жылға мандат берді, деп жалғады Нұрсұлтан Әбішұлы ойын одан әрі. Сайлау қорытындыларына біз өзіміз мәлімдеген басты мақсат – жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан орнатуға қол жеткізумен мейлінше мазмұндас қарауымыз керек. Ел Президенті ретінде мен сайлау алдындағы күресті белсенді және бүтіндей алғанда дұрыс жүргізгендері үшін барлық партияларға алғыс айтқым келеді.

“Нұр Отанның” жеңісі біздің партиядан сайланған депутаттарды еліміздің барлық азаматтарының, оның ішінде басқа партиялар үшін дауыс бергендер де бар, мүдделерін қорғауға міндеттейді. Сіздер біздің партияның халықтық сипатын іс жүзінде дәлелдеуге тиіссіздер.

Конституциялық реформа шең­берінде Қазақстан халқы Ассам­блея­сының мәртебесі мен өкілет­тігі өсті, деп атап көрсетті Н.Назар­баев. Біздің тарихымызда тұңғыш рет Парламент Мәжілісіне Қазақстан халқы Ассамблеясынан депутаттар сайланды. Біздің көпұлтты еліміз­дің барлық халқының мүд­делерін ай­ғақтай отырып, Ассамблеядан сай­ланған депутаттар Қазақстан­дағы этносаралық тату­лық пен келісімді сақтап, нығайту жө­ніндегі заң шығарушылық үде­рісте айрықша рөл атқаратын болады.

Мәжілістің жаңа құрамына және бүтіндей Парламентке қарар болсақ, депутаттардың кәсіби дең­гейінің нығайғанын айту қажет. Әйелдер, еліміздегі ұлттар мен ха­лық­тардың өкілдері көбейе түсті. Ха­лықтың саяси және әлеуметтік топтарының барша шоғыры – мә­де­ниет, білім, ғылым қайраткер­ле­рі, инженерлер, кәсіпкерлер бар.

Бүгінде, деді Президент одан әрі, қазақстандықтар Парламенттің жаңа құрамы мен “Нұр Отан” партиясынан үлкен үміт күтеді. Өткен жылдардағыға қарағанда халық тұңғыш рет жекелеген кандидаттар үшін емес, партиялық бағдарламалар үшін дауыс берді. Бұл біздің депутаттық корпус партия бағыты­ның айналасына топтасуы керек дегенді білді­реді. Халық сенімін ақтап, партияның сай­лауалды тұғырнамасының әрбір тармағының жүзеге асуын қамтама­сыз етуге тиіс. Бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін сіздердің жаңа буын заңдарын қабылдап, олардың жүзеге асуларына ықпалды бақы­лау­ды қамтамасыз етулеріңіз керек. Конституциялық реформалар нәтижесінде Үкіметтің биліктің заң шығарушы тармағы алдындағы есептілігі күшейтілуіне байланысты ол үшін барлық мүмкіндіктер бар.

Парламент пен Үкімет алдына уақыт барған сайын анағұрлым жоғары талаптар қойып отыр. Жаңарған Конституцияға сәйкес Пар­ламент Мәжілісі депутаттарына Үкіметке сенім білдіру мәселесін шешу міндеті тұр. Мұндай мәселе Мәжіліс алдына тұңғыш рет конс­ти­туциялық міндет ретінде қойы­лып отыр.

Өткен шақырылым депутатта­рына олардың атқарған жұмыстары үшін алғыс айтқым келеді, деді Елбасы. Тындырылған жұмыс аз емес, екі жарым жыл ішінде 321 заң қабыл­данды. Қабыл­данған заңдар экономиканың тұрақты дамуына, қазақстандықтардың әл-ауқатының одан әрі артуына жағдай жасады. Өткен шақырылымның 39 депута­ты Мәжіліс­тің жаңа құрамына кірді. Енді заң шығару жұмыстары­ның эстафетасы жаңа шақырылым депутаттары – сіздерге ауысады. Таяу­дағы бес жыл қажырлы еңбек жыл­дары болмақ. Бұл жылдар еліміздің ырғақты дамуын және оның әлемнің неғұрлым бәсекеге қабілетті елдерінің қатарына енуін қамтамасыз ететін тың серпіліс кезеңі бо­луға тиіс. Сіздерге алдарыңызда болғандардың жұмысын мынадай маңызды бағыттар бойынша жалғастыру қажет, дей келіп Президент бірнеше мәселелерді атап көрсетті.

Біріншіден, таяу уақытта Қа­зақ­стан Респуб­ликасының Конститу­ция­сына енгізілген өзге­ріс­терді жү­зеге асыруға бағытталған заңдарды қарау қажет. Атап айтқанда, “Қа­зақстан Республикасындағы сот жүйесі және судья­лар­дың мәртебесі туралы”, “Республикалық рефе­рен­дум туралы”, “Қазақстан Республи­касының Конституциялық Кеңесі туралы” Конститу­циялық заңдарға, сондай-ақ, өлім жазасын іс жүзінде жоюды және тұтқындауға соттың санкция беруін енгізуді реттейтін заңдарға өзгерістер мен толық­тырулар енгізу қажет. Сонымен бірге, жергілікті мемлекеттік бас­қару мен өзін-өзі басқару қызметі және оларды ұйымдастыру, саяси партиялардың қызметі, корруп­циямен және көлеңкелі экономи­ка­мен күресті одан әрі күшейту және басқа да бірқатар мәселелер жөнінде заң актілерін қабылдау керек. Таяу айларда саяси реформа заңдық тұрғыда толық ресімделуге тиіс.

Екіншіден, “Нұр Отан” пар­тия­сы­ның сайлауалды тұғырнама­сын­да­ғы әлеуметтік блокты жүзеге асыру үшін барлық күш-жігерді жұмсау қажет. Біздің партияның сөзі ешқашан ісінен алшақ болған емес. Алдағы уақытта да солай жалғаса беруге тиіс. Әрбір қазақстан­дықтың әл-ауқаты мен өмір сапасын арттыру біздің бүкіл сайлауалды уәде­ле­ріміздің мәні болып табылады.

Экономикалық ортаны жақсар­туда, құрылымдық реформаларға қолдау көрсетуде, шағын және орта бизнесті дамытуда депутаттардың қуатты заң шығарушылық жұмысы қажет. 2012 жылы ІЖӨ көлемінің 1,5 есе ұлғаюын, ал жан басына шаққандағы көрсеткіштің 13 мың АҚШ долларына дейін жетуін қамтамасыз ету үшін бәріміз бірге шындап тер төгуге тиіспіз. Тек сонда ғана біз әлеуметтік салада алға қойған міндеттерге қол жеткізіп, партияның өзіміз халыққа хабар­лаған сайлауалды бағдарлама­сын орындай аламыз. Партияның сайлаудағы жеңісінің қайтарымын халықтың барлық топтары – зейнет­керлер де, мұғалімдер де, дәрі­герлер де, жастар да, көп балалы аналар да, мүгедектер де, балалар да көруге тиіс. Және біз оны қамтамасыз етеміз.

“Нұр Отанның” сайлауалды тұғырнамасы­на сәйкес денсаулық сақтау жүйесін дамыту таяу жылдардағы ең маңызды міндеттің бірі болуға тиіс.  Мен Парламент депутаттары бұл бағыттағы сапалы алға басушылықты заңдық тұрғыда қамтамасыз етеді деп сенемін. Ден­саулық сақтаудың қазақстандық үлгі-қалыбы ТМД-да озықтардың бірі болуға тиіс. Ол үшін біз білікті дәрігерлердің еңбекақыларын көте­ріп, медицина кадрлары тапшылы­ғын жойып, ауылда медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруы­мыз керек. Таяу жылдарда біз ден­саулық сақтаудың жаңа 150 ныса­нын және ауылда 300 ауылдық дәрі­герлік амбулатория салуымыз керек. Мүгедектер мен мүгедек ба­лаларды сауықтыру орталықтары­ның халық­ара­лық стандарттарға сәйкес келетін өңірлік желілерін құру қажет.

Сондай-ақ қазақстандық білім беруді әлемдік стандарттарға жа­қын­дату қажет: ол алдыңғы қатар­лы және қолжетімді болуы тиіс. Таяу жылдары біз кем дегенде 250 жаңа мектеп пен 50 кәсіби-тех­никалық оқу орындарын салуымыз керек.

Заңнамалық шаралардың көмегімен жинақтаушы зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту қажет. Зейнетақы қорларының кірісін жоғарылатуға жағдай жасау арқылы зейнетақы жиналымдарын сақтауға нақты кепілдеме қамтамасыз ету ерекше маңызды. Жинақтаушы зейнетақы қорларына түрлі инвес­тициялық стратегиялары бар бір­неше портфель иеленуге мүмкіндік беру керек. Сайлау барысында біз тұрғын үй құрылысының қарқы­нын жоғарыла­туға қол жеткізуге уәде бердік. Және біз бұл уәде үдесінен шығамыз!

Барлық осы және басқа да ша­раларды жүзе­ге асыру бізге пар­тия­ның сайлауалды тұғы­рнама­сының ең басты идеясы – Өмір сапасы­ның қазақстандық ұлттық стандартын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Таяу уақытта Пар­ламент алдында 2008 жылға арналған бюджет туралы заңды қарау міндеті тұр – аталған мәселеге тиісті деңгейде назар аудары­лады ғой деп ойлаймын, деп жалғады сөзін Нұрсұлтан Әбішұлы.

Үшіншіден, экономиканың құрылымдық трансформацияларын жүзеге асыруда мемлекет­тің рөліне белгілі бір деңгейде түзету енгізудің қажеттігі туындап отыр. Ыңғайлы макроэко­номи­калық жағдай қа­лып­тастыру жөніндегі дәстүрлі әдістермен қатар, мемлекет пен биз­нес­тің өзара тиімді іс-қимылына екпін түсіруді  күшейту керек. Бұл экономикадағы күтіліп отырған құрылымдық ілгерілеулерге әкелуге қабілетті жобаларды жүзеге асыру үшін жеке секторды белсенді тартуға жағдай туғызады.

Үкімет бұл жұмысқа кірісіп үл­герді және біз оны өмірге белсенді түрде енгізуге тиіспіз.  Парла­мент­тің алдында Үкіметпен бірлесіп заңнамалық базаны “Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы” бағдарламасы жасалған қағидаттар­ға сәйкестендіру міндеті тұр. Бұл экономикалық жаңғыртуларда маңызды фактор болады.

Аталған бағдарлама аясында қазірдің өзінде сомасы 900 млрд. теңге болатын 22 жоба іске кіріс­кенін естеріңізге сала кетейін. Ал тұтастай алғанда Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның қарауында шамамен жалпы сомасы 60 млрд. АҚШ долларын құрайтын  90 жоба бар.

Еліміздің бәсекеге қабілеттілі­гінің артуы өндірістің шикізаттық емес секторын дамытуға басымдық берілуін талап етеді. Өңдеуші өнер­кәсіп өсімінің орташа жылдық қар­қынын 8 пайыздан кем емес дең­гейге көтеру жоспар­лан­ған.  Оның үстіне бұл индустрияның хи­мия, мұнай химиясы, құрылыс, сондай-ақ энер­­гетика мен ақпараттық технологиялар секілді базалық салаларына қатысты болып отыр.

Елімізде бәсекеге қабілетті қыз­мет көрсету­дің қаржы, туристік, көлік-логистикалық,   білім беру және сауда сияқты бес әлемдік жо­ғары дамыған орталықтарын қа­лып­тастыруға қол жеткізу қажет. Қа­зіргі заманғы экономи­калық жағ­дайлардағы мемлекеттің өзгермелі рөлі мемлекеттік активтерді тиімді басқару проблемаларына жаңаша көзқарас танытуды талап етеді.

Атап айтқанда, “Мемлекеттік активтерді басқару туралы” жеке заң қажет. Ол мемле­кеттік актив­терді басқарудың құқықтық негіз­дерін, қағидалары мен ережелерін регламент­тейтін базалық заң болуы тиіс.

Жаңа экономика ғылыми-тех­никалық про­гресті, ғылыми инно­вациялық жаңалықтарды қабылдау­ға қабілетті болуы қажет. Ғылымды жеткілікті деңгейде қаржылан­дыруды, яғни оны кем дегенде үш есе ұлғайтуды  қамтама­сыз ету ке­рек, мұнсыз біз әлемдік эконо­микаға инновациялық серпінділікті жүзеге асыра алмаймыз. Ғылыми жаңалықтар ғалымдар­дың мүддесі мен мемлекеттің мүддесі үшін нақ­ты қорғалатын болуы тиіс. Соңғы жылдары елімізде интеллектуалдық қызмет саласында болған және болып жатқан өзгерістердің бар­лы­ғын дәйектейтін “Ғылым туралы” жаңа заңға деген қажеттілік  осы­дан туындап отыр.

Еліміздің қаржы рыногын нығайту үшін Үкі­метке мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп шешім қабылдауды жылдамдату қажет. Бұл тұрғындардың бос қаражаттарын салатын баламалы көз ретінде Қазақстанның қор ры­ногының түсімін дамытуға жаңаша  серпін беруге мүмкіндік туғызады.  Бұл мәселені қаржы рыногын толықтыруды нақты қамтамасыз етуге қабілетті заңнамалық тетіктер құра отырып қағидатты тұрғыдан  шешу керек. Осы жылдың өзінде “Халықтық Ай Пи О” (ІРО)” бағдарламасы шеңберінде Алматы қаласындағы Өңірлік қаржы ор­талығы алаңында ірі кәсіпорындар акцияларының бір бөлігін тұрғын­дар арасында орналастыруды жүзеге асыру қажет.

Төртіншіден, мемлекеттік бас­қару жүйелерін жаңғырту бойынша жұмыстарды жалғастыру керек. Өйткені, біздің барлық реформа­лары­мызды жүзеге асырудың тиім­ділігі мемлекеттік органдар жұмы­сының сапасына тәуелді. Осыған байланысты басқарудың респуб­ликалық және жергілікті органдар арасындағы функцияларын шектеу бойынша, сонымен қатар, жергілікті жерлерге берілген функция­ларды жүзеге асырудың тиімділігін есепке ала отырып “облыс–аудан–ауыл” деңгейлері арасындағы жұмыстарды аяқтау қажет.

Мәслихаттардың жаңа өкілет­тілігі мен олардың әкімдермен ара­дағы өзара қарым-қатынастарының жаңа деңгейін есепке ала отырып, жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару мәселелері бойын­ша заңнаманы жетілдіру қажет.

Бюджет қаржысы мен мемле­кет­тік активтерді пайдаланудың тиімділігін арттыру мәселесі де көкейкесті күйінде қалып отыр. Біз бұл туралы жыл сайын айтамыз, бірақ аталған мәселеде ілгерілеуші­лік жеткілікті деңгейде емес. Бюд­жет қаржысын жоспарлаудың сапасы мәселелерінде және оларды пайдалануды бақылау мәселе­лерінде әзірше түбегейлі бетбұрыс байқалмайды. Жаңа шақыры­лым­дағы депутаттар бюджеттік бағдар­ламалардың әкімшіліктеріне бюджет қаржысын тиімсіз және негізсіз пайдалануға жол берген фактілері үшін сұраныс пен жауапкершілікті қатайтулары қажет.

Мемлекеттік қаржылық бақы­лау жүйесін салмақты негізде бе­кем­деу керек. Бұл жерде әңгіме мәслихаттардың ревизиялық комис­сияларын нақты күшейту, сондай-ақ республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі Есеп комитетін нығайту туралы болып отыр.

Президент, бесіншіден, Парла­мент пен Үкіметке өзара қарым-қатынастың жаңа конституциялық алаңында үйлесімді жұмыс қажет екенін атап көрсетті. Конститу­циялық өзгерістер Парламенттің Үкіметке ықпалын күшейтті. Ми­нистрлер көптеген мәселелер бой­ын­ша депутаттар алдында тұрақты түрде есеп беріп тұратын болады. Тұтастай алғанда Үкіметке, сондай-ақ Үкіметтің жекелеген мүшелеріне сенімсіздік білдіру тәртібі жеңіл­детіліп отыр.

Парламентте “Нұр Отан” партиясының басымдығы беретін мүмкіндіктерді барынша пайдалану керек.   Ол біз үшін өзіндік мақсат емес, еліміздің жедел экономикалық және саяси жаңғыруы үшін қажетті заңдарды қабылдаудың тамаша мүмкіндігі. 

Бізде еліміздің одан әрі ырғақты дамуы үшін заңнамалық алаңда және құқықтық реформаларда қажет нәрсенің бәрін жасауға мүмкіндік бар. Бұл мүмкіндікті қолдан шығарып алуға болмайды.

Менің айтқандарымның барлы­ғы, деді Президент сөзінің соңына таман, “Нұр Отан” партиясы мен оның Парламенттік фракциясы қызметі­нің бағдарламалық элементтері болуы тиіс. Мұны жоғарыда атал­ған міндеттердің ауқымды сипаты талап етеді. Олардың мағынасы мынада: Қазақстан “дамуды қуып жетуші” елдер қатарынан халық­ара­лық аренада бәсекелестікке қатысуды қабылдауға әзір “қа­лып­тасқан мемлекет” деңгейіне ауысу үстінде.

Парламенттің конститу­ция­лық реформа­лар­дан кейін алғашқы сайланған депутаттары ретінде сіздер атқарушы билікпен арадағы өз­ара іс-әрекеттің жаңа дәстүрлерін қалыптас­тырады деп сенемін. Сіздердің “келісіп пішкен тон келте болмасын” әрдайым естен шығар­мау­ларыңызды сұрар едім. Жұмыла атқарған жұмыс біздің алға қойған бар мақсатымыздың ойдағыдай орындалуына кепіл болмақ.

Алда қыруар жұмыс күтіп тұр. Сіздерде табысқа қол жеткізудің заңды тетіктері баршылық. Сіздер­дің білім мен біліктеріңіз, өмірлік тәжірибелеріңіз елімізді қарышты алға бастырып, реформалық үдеріс­терді одан әрі тереңдете беруге қалтқысыз қызмет ететініне кәміл сенемін.

Біз тәуелсіздік алған 15 жыл ішінде біраз шаруа жасадық деп айта аламыз. Осы жылдар ішінде біз бір сапта, бірге болдық.

Ал қазіргі алар биігіміз, алға қойған мақсат­тарымыз одан да жоғары және бұл мәселе­лердің орындалуы күш-жі­герді қажет етеді. Білімді, білікті­лікті, парасаттылықты қажет етеді. Сондықтан осы мәселелерді жан-жақты ойлап, ескеріп, Үкіметпен бірлесе отырып әлеуметтік сала­ларды, басқа да барлық салаларды қарқынды дамытуды мықтап қолға алуымыз керек.

Сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылы біз алды­мыз­да тұрған мақсат-міндеттерімізді толықтай орындадық, ел үмітін ақтадық деп айта алатынымызға нық сенемін дей келіп, депутат­тардың жұмысына жеміс тіледі.



Авторы: Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат