Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-09-07:

Астана орманы

 

Жер деген не? Ол жалпы көлемі 510 миллион шаршы шақырымды құрайтын алып планета. Сол байтақтың 2717,3 шаршы шақырымы біздің Қазақстанның енші­сінде. Бұл, әрине, тіпті де аз жер емес. Аз нәрсе не? Ол – орман. Жер бетінде 38 миллион шаршы шақырым орман болса, соның бар-жоғы 0.3 пайызы ғана біздің еншімізде көрінеді. Демек, бұл Қазақстан жерінің бар-жоғы 4,3 пайызы орман деген сөз. Әрине, аз. Өте аз. Аз болғандықтан-дағы ел картасында көк жасыл бояу­дан гөрі сұрғылт түс басым. Мысалы, көрші Ресей жері­нің 46 пайызы, Украинаның 18 пайызы, Беларуcсия жері­нің 34 пайызы, Грузия жерінің 34 пайызы, Молдова жерінің 13 пайызы, Түркия жерінің 25,9 пайызы, Әзір­байжанның 11, Арменияның 15 пайызы ағаш өскен алқаптарға жатады. Әлемдегі ағаш атаулының жарты­сынан көбі негізінен төрт мемлекеттің жерінде өсіп-өне­ді екен. Атап айтсақ, дүние орманының 22 пайызы Ре­сейде, 16 пайызы Бразилияда, 7 пайызы Канадада, 6 пайызы АҚШ-тың еншісінде. Бұл тізімде де біз жоқпыз. Қайтеміз, батысынан шығысына, оңтүстігінен сол­түстігіне қарай ұшқан құс тек қана ағаш басына қонып ұшатын бірөңкей жасыл жеріміз жоқ, қалай десең де Құдай Тағаланың бергені осы. Бәлкім, бұл соншалықты қиналатындай ауыр мәселе емес шығар. Ғылыми дерек­терге сүйенсек, орманы бізден де аз елдер бар. Олар да өмір сүріп жатыр. Біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей. Жалпы, осы орман деген неге керек? Бұл өзі бүкіл әлем жақсы көретіндей соншама маңызды зат па?

 

Біріншіден, оның санитарлық-гигие­налық және емдік қасиеті зор екенін, сон­­дай-ақ, энергия, құрылыс материал­да­ры, өндіріс шикізаты, табиғи үйлестіруші екенін ескерсек, әлем неге мойындай­тынын айтпай-ақ түсінуге болады. Есте жоқ ескі заманнан келе жатқан бір ескі өлеңде “Қазақ қайың сауғанда, қырғыз Ғис­сар ауғанда ” деп жырланады. Орыс­тар болса “ Орман патшадан да бай” деп мақалдайды. Демек, ол адамға да, төрт түлікке де азық. Самырсынның кішкентай ғана бір бұтағы маңындағы микробтарды 10 есе азайта алады екен. Емен жапырағы, терек діңі, алма ағашының бүрлері талай ау­руларға ем көрінеді. Атмосферадағы шаң-тозаң, көміртегі секілді зиянды дүниелерді жұтып, ауаны тазартатынын тағы ескеріңіз. Жер де, жан-жануарлар да адам сияқты тыныс алады. Ауамызды тазартатын көп фактордың бірегейі жасыл флора десек, біз бәрін былай қойғанда дені сау ұрпақ туралы, яки генофонд жәйлі айтамыз. Генофонд туралы әң­гіме біз сияқты етек-жеңін енді жиып, ертеңгі күніне үлкен үміт артып отырған жас халық, жаңа мемлекет үшін ең маңызды әңгіме екені даусыз. Қай халық та тіршілік үшін күреседі, әсіресе біз тарих сахнасынан шетке ысырылып түсіп қалмау үшін барымызды саламыз. Бұл біреуге ұнар, біреуге ұнамас, қалай болғанда да гәптің ашығы осы.

 Алматыдан Арқаға қарай ел көшіп, астана ауғанда біз не ойладық? Әлбетте, мұның қазақ жерінің тұтастығы үшін жасалған ақылды да батыл қадам екеніне қуандық. Өз билігі өзіне тиген егемен елдің азаматтары екенімізді сезіне түстік. Қысы май тоңғысыз, жазы жанға рахат Алматыны Арқаның ақтүтек бораны мен ми қайнатар аптап ыстығы құшағындағы Ақмолаға айырбастау қанша қиын болғанмен, ешкім бұра тартар бұралқы сөз айтпады. Расында, Ақмола республикадағы алдыңғы қатарлы қала емес еді.

Сол жылдары темір жол вокзалында теледидар тілшісі менен сұхбат сұрағаны бар. “Қалаға алғаш келген мезет не ойлайсыз?”, – деп сұрайды тілші қарындасымыз. “Тезірек Алматыға қайтуды ойлаймын ”, – деймін мен. Бүгінде олай демеймін.

Бүгінгі Астана – кешегі Целиноград емес, ол тіпті Ақмола да емес. Бұл шын мәніндегі жаңа қала, жасампаз шаһар. Сол қаланың бір ғана бөлігі туралы айтқым келеді. Ол – Астананың орманы.

 Астананың орманы! Бұдан бар болғаны оншақты жыл бұрын осындай сөз айтсаң жұрт күлер еді. Азынаған желдің өтіндегі, асты сор да, үсті мұз облыс орталығында қандай орман болуы мүмкін?! Тіпті, жол бойына егілетін тал-теректің өзі сәл бой көтере түсіп, тарбиып-тарбиып, ергежейлі қалпында қалып қоятын, жер асты сулары жақын аймақтарға тән сұрықсыз көріністің бірі осы.

Астана бүгінде маңайын жасыл ормандар белдеуі қоршаған, экологиясы таза алып шаһарға айналып келеді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тікелей басшылығымен қала маңында 35 (отыз бес) мың гектардан астам алқапқа егілген орман бұл күнде алыстан көз тартады. Қарағай, қайың, көктерек, қандағаш, шегіршіндердің Арқаға бейімделген сорттары тез өсіп келеді. Бұрын бір соқса, көз аштырмай соғатын шаңды борандар бүгінде сирей бастаған. Астананың ауа райы жақсара түскені бәрімізді қуантады. Оны жақсарта түскен де осы Астана орманы. Қара қарға мен ала сауысқаннан өзге құс сирек ұшатын далада әнші құстар да пайда бола бастады, отырықшы құстар тобы қалыптасты, жан-жануарлар әлемі байи түсті. Бұл жайында жақында Елбасымыз теледидардан айтты да. Иншалла, таяу жылдары түлкі, қарсақ, ор қоян, суыр, күзен, бұлғын, тиін, елік секілді орман аңдарын айтпағанның өзінде бұлан келуі де мүмкін. Бұлан келсе фауна-флорамыздың түгел өзгергені. Бұрын Астанаға ұшақпен келсеңіз төменде төлежіп жатқан жапан даланы көріп көңіліңіз құлазитын, қазір жаңа бой көтеріп келе жатқан жасыл желекке көз тоймайды.

Бұл – әлемнің қайсы еліне де үлгі етіп ұсынуға арзитын Ұлы жоба. Олай болатыны – алыс-жақын шет елдердің ешқайсысында мұндай мазмұндағы, осыншалықты көлем­дегі үлкен іс қолға алынып, жүзеге асқан емес. Ішер ас, киер киім, істер іс өзекті мәселеге айналған мына заманда айдалаға ағаш отырғызу, расында, әлдекімдер айтып жүргендей астамшылық не мақтангөйлік емес,елдің ертеңін ойлағандық.

Бас қаламыздағы ел аузында “Президент паркі” атала бастаған жаңа бір жоба – Бейбітшілік пен келісім сарайы маңындағы 80 гектар алқаптың топырағынан бастап, жер бедеріне дейін жаңартып, жақсартатын жаңа бақ орнайтыны. Бақта 30 мың түпке тарта ағаш, 12 мың түптен астам әртүрлі бұта тектес өсімдіктер егілген. Бәріміз білетін қарағай, қайың, тал, мырзатерек, итмұрын, долана, ақтерек, көктерек, қараған, жөке, қандағаш, қаражидек, бөртегүл, шегіршіндерден бастап 50-ге жуық әртүрлі ағаштар кезегімен гүлдеп, уақытымен жапырақ жаймақ. “Астаназеленстрой” басшысы Ерлан Нысанбаев бұл жайында жырдай етіп айтып береді.

Тақауда Астананы бізбен бірге тамашалаған шығыс шайырларының бірі бұл паркті кезінде Бұхара әмірінің Ситораи МоҺи Һаса деген жердегі бүкіл Шығысты таңғалдырған атақты бағымен салыстырып өлең жазбақ ниетін айтқаны бар. Әлбетте, әдемі теңеу. Ситораи МоҺи Һасаның ғажап әдемі бақ болғаны да рас. Бірақ ол бір-ақ адамға, әмірге ғана қызмет еткен бақ еді. “Президент паркі” жалпының игілігіне айналмақ. Оның халықтық маңызы бар дейтініміз содан. Араға енді екі-үш жыл салса астаналақтар мен шаҺар қонақтары қысы-жазы дем алатын, сайрандап, көңіл көтеретін әсем паркке айналғалы тұрған бұл өнер туындысы қазірдің өзінде ағаштардың бір-біріне жарасымды отырғызылуы, қоршаған ортамен үйлесімділігімен алыстан көз тартады. Ортада тұрған Пирамида қай жақтан қарасаң да асқак көрінеді. Пирамида дегенде бәріміздің есімізге баяғы перғауындардан қалған жәдігерліктер түсері мәлім. Қазақ пирамидасының Мысыр пирамидаларынан айырмашылығы неде?

Мысыр пирамидасы тұлдырсыз тақыр далада орналасса, қазақ пирамидасы қалың орманның ортасында бой көтерген әдемі заманауи ғимаратқа айналмақ.

Қазақ пирамидасы жаңа ойлардың, тың идеялардың бесігіне айналмақ.

Мысыр пирамидасы – өткен заман, өшкен өркениеттердің белгісі болса, қазақ пирамидасы жадыра дәуір, жарқын болашақтың символына айналмақ.

Елбасының тікелей қадағалауындағы осы парк өзге қалаларымызға да жұғысты болса ше, шіркін. Бұл қала ормандарына қатысты сөз.

Қала ормандары дегеннен шығады, кезінде Алматы қаласының әкімшілігі ТМД елдері арасында тұңғыш рет қалада әрбір ағашты есепке алып, көбін қайта екті. Бұл іске орман биоценология проблемалары ғылыми орталығының жетекшісі, академик С.Байзақов басшылық жасаған болатын. Ғылыми топ өз ісінде аэрокосмос түсірілімдерін пайдалана отырып, қаланың әр ауданындағы әрбір ағаш координаттарын нақтылады. Қоршаған орта ерекшеліктері ескерілді. Сөйтіп, Алматы қаласы табиғаты бойынша 99 томнан тұратын қабырғалы ғылыми еңбек дүниеге келді. Бір қуаныштысы, жұмыс мұнымен тоқтап қалған жоқ, әрі қарай жалғасуда.

Сөйтіп, қазақ жеріне жаңадан орман алқаптары қосылуда. Энциклопедиялар мен карталарға түзетулер енгізе келген бұл жаңалықтардың қаншалықты мән-маңызы барын біз әлі толық сезінген жоқпыз. Барлық Ұлы Жеңістер секілді, бұл да арада талай уақыт өткен соң санамызда қайта жаңғырады. Шын мәніндегі қуанышқа айналады. Энциклопедия демекші, осыған дейін жарық көріп келген көптеген анықтамалықтарда Қазақстандағы орман алқабы 0.1143 миллион шаршы шақырымды құрайды деп белгіленген болса, бұдан былайғы жерде оған Астананың жас орманы алып жатқан алапты қосып есептеуіміз керек. Демек, ендігі жерде жеріміздің 11.43 миллион гектары ғана орман деген сөз де дәл цифр болмайды. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев бұл істің жалғасын табатынын мәлімдеді. Астананың іргесінен бастап туу Шортандыға дейінгі жетпіс шақырымдай жер бұрынғыдай керіліп жатқан кең дала емес, керемет орман алқабына айналмақ. “Жасыл ел” бағдарламасы 2004-2007 жылдармен тоқтап қалмай, бұдан әрі “Қазақстан орманы” деген жаңа атпен жалғасын табатынын айтқан да Елбасымыз. Президент партиясы – “Нұр Отан” бұл ұлы істің де үйлестірушісі боларына сенеміз.

Н.Ә.Назарбаевтың жақында Бурабайға тақау “Арборетум” арнаулы қорғалатын аймақта болып, ондағы орман шаруашылығы ғылыми-өндірістік жұмыстары барысымен танысқанын біліп қуандық. Осы орайда айта кететін бір ой – Елбасының игі бастамасын облыс басшылары өз аймақтарында әрі қарай жалғаса нұр үстіне нұр болмас па еді? Президентті және оның саясатын нақты қолдау деген сол емес пе? Неге осыншалық енжармыз? Жақсының жақсылығын айтуға келгенде әліптің артын бағып үндемей қаламыз да, мүлт кеткен тұсын байқасақ бөркімізді аспанға атып қуанамыз. Кейбір облыстардағы ахуалды көргенде шын қынжыласың. Басқасын былай қойғанда, әр облыс орталығында, қала айналасында үлкенді-кішілі орман-тоғайлар отырғызуға болар еді ғой. Тап осы шын ықыласпен кіріссе қиын шаруа емес. Бұл бастама әрі қарай аудандарға тарар ма еді. Сөйтіп, ауылға жетер еді. Біздің диқаншылығымыз әзірге Наурыз айындағы арық тазалаудан әрі аспай жүр. Жаңадан бақ екпек тұрмақ, бұрыннан жайқалып тұрған бақтарды тоздырып жіберген жайларымыз да бар. Ақтаудың дәл ортасындағы Ботаника бағында бүгінде түйелер жайылып жүр. Енді ол бақты қалпына келтіру оңайға түспейді. Расын айтқанда, біздің елдің ағаш өсіруде арқаны кеңге салатын жөні жоқ. Жоғарыда айтқан 11.43 миллион шамасындағы жеріміз орман дегенмен оның 48 пайызы сексеуіл өскен алқаптар. Бұл жерлердің бір де бірінде қорық не ұлттық парк статусы жоқ. 130-ға тарта орман шаруа­шылықтары бар десек, олардың көбі қайта құруды керек етеді. Біздегі орман деп жүрген ағашты алқаптардың он пайызы, демек, 1 миллион гектары кезінде қолдан отырғызылған орман еді. Кешегі бұлан-талайда соның өзін ұстап қала алмадық. Сыңсыған тропика бізде жоқ, эвкалипт тоғайлары да жоқ. Барымыз –аралас ормандар. Алтайдың самырсындарын айтпасақ, тайга да жоқ. Бұдан шығады – бізде жалғыз-ақ жол бар, ол – қолдан ағаш отырғызу. Балапан басына, тұрымтай тұсына деген заман орманды да айналып өткен жоқ. Бір кезде бұл салада республика бойынша 27 мың адам жұмыс істесе бүгінде 7-ақ мың адам қалған. Орман өсірумен орманшылар емес, көбінесе кездейсоқ адамдар айналысуда. Мемлекет тендерлерін салаға қатысы жоқ серіктестіктер жеңіп алып жатса, оған ешкім таңғалмайтын болды. Көбінің айтатыны жер шартының келмейтіні, су көзі тапшылығы, жұмыс қолының жетіспейтіні. Шынтуайтында, орман өсіруге қолайлы жерлер бізде аз ба?

Ендігі кезектегі маңызды мәселе – соншама еңбектің нәтижесінде дүниеге келген жасыл желекті көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Өткен тамызда тілсіз жаудан зардап шеккен Грек мемлекеті 180 мың гектар орманынан айрылды. Діні бір ел деп жанашырлық танытқан Еуроодақ ескі Эллада тоғайларын қайта қалпына келтіру үшін 4 миллиард евро бөлді. Ал кеше өзіміздің Қостанайдың 3 мың гектарға жуық қарағайларын өрт жалмағанда бізге сырттан ешкім жәрдем бермейтініне тағы бір рет көзіміз жетті. Орман – көне ертегілерде айтылатындай бүгін ексең ертең өсіп шығатын сиқырлы шөп емес. Шырша бір жылда 4 сантиметр ғана өседі екен. Он жылда 40 сантиметр. Жүз жылда – 4 метр... Демек кеше отқа оранған Қостанайдың қарағайын қайта қалпына келтіру үшін неше жыл керек? Осы жерде М.Пришвиннің “Табиғатты қорғау Отанды қорғаумен бірдей іс” деген сөзі ойға орала береді.

Иә, біз дала халқымыз. Ата-бабамыз мал бақты. Одан кем болған жоқ. “Тауына қарай бұланы ” демекші, жеріміз де төрт түліктің өсіп өнуіне лайық. Бірақ мұның бәрі егін егу, жер баптау, орман тоғай өсіру бізге жат деген сөз емес. Арғы-бергі тарихты қарап отырсаңыз, қазақ тек малдың соңында қу медиен далада жүрмегенін көресіз. “Тоғай, тоғай, тоғай су, Тоғай қондым-өкінбен”, немесе “Қарағай, қайың, тал ,терек, о дағы бізге пана болған жер”, “ Жағалбай деген ел болар, Жағалтай деген көл болар, Жағалтайдың жағасы жасыл да байтақ ну болар”, “Емен шайнап, тал қайзар, Құлан, бұлан баласы”, “Еділ-Жайық екі өзен, Талсыз болар деймісің”, “Борай да борай қар жауса нуға боран барар ма? ” дейтін елдің ,әлбетте “үйеңкінің түбінен үйіріп қобыз алатынына”, “ ұл туса ағашқа күн туатынына”, “ ағаштан түйін түйетініне ” сенесіз.

Қазақтың орманшы бола алатынын да, жеріміздің орман өсіруге қолайлы екенін де Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев біз әңгімелеп отырған бастамасымен дәлелдеп берді емес пе? Кезінде орыстың жаңашыл патшасы Петр “Ресей орман алқабына айналсын” деген өкімдер шығарып, ағашты рұқсатсыз кескендерге ауыр жаза қолдана бастағанда сарай маңындағылар іштей наразы болған көрінеді. Кешегі Жәңгір хан 1841 жылы өз ордасының маңын көгалдандырудан бастап, Бөкей хандығында орман шаруашылығы училищесін ашқанда төре-төлеңгіттерден бастап үзеңгілес он екі биі де жылы қабақ таныта қоймаған. Бір шыбық кескен кісіге он дүре соқтырғанда дүренің орнына мал берсе қайтеді деп қисайғандар да болған. Жәңгір өз айтқанынан қайтпаған соң арада жылдар салып, амал жоқ, өздері де қолдарына кетпен-күрек ұстай бастапты. Сол училище қазақ даласындағы осы бағыттағы тұңғыш оқу орны еді. Ол 1917 жылға дейін жұмыс істеді. Батыс Қазақстандағы Бөкей Ордасы ауданына қарасты 82 (сексен екі) мың гектар жерді алып жатқан сол қарағайлы орман бүгінде Қазақстандағы ең байырғы орман шаруашылығының біріне айналып отыр. “Жақсыдан бақ қалады” деген осы. Қайткен күнде де қазақты қараңғылықтан жарыққа сүйреуді мақсат тұтқан жас хан Нарынның ысылдаған ыспа шағылын жәннәт бағына айналдыруды армандаған. Ол арманы жартылай орындалды да. Қайшылыққа толы, құпиясы мол ғұмыр кешкен Жәңгірден үлгі алған Бөкейдің қасқалары мен жайсаңдары арасында орман отырғызу кейін бәсекеге айналған сыңайлы. Жәңгірдің балдызы, атақты этнограф ғалым Мұхаммед Салық Бабажанов, Ғұбайдулла Бөкейхановтардың да өз бағы болған. Одан беріде кешегі Асанқайғы “Ойыл көздің жасы еді” деп еміреніп өткен Ойыл өзенін бойлап жүре қалсаңыз, қарасаң көзің талатын жылмиып жатқан жазық даланың қақ ортасында ойламаған жерден оазиске тап боласыз. Бұл – ұзындығы жиырма бес, ені үш шақырымдай келетін Ойыл орманы. Адам таңғаларлық жәйт. Айдала. Жақын маңда бұлағы орғылаған тау-тас түгіл, қырқа- қыраң жоқ. Анда-санда қанаттыдан қарға мен ала қанат сауысқан ғана ұшады. Кенет көздің жауын алатын көгілдір әлемге еніп кетесіз. Аспан тепкен зәулім қарағайлар ыспа шағыл арасында жамбастап ұйықтап жатып кенет түрегелген ертегінің алып батырлары секілді. Ақ қайыңдар аралы аспаннан түскендей әсер етеді. Орыс отарлаушылары Ойылда қала салып, Көкжар жәрмеңкесін ұйымдастырғанда біздің далаға мәңгі бекінуді көздегені хақ. Соның бір дәлелі — осы орман. 1873, 1899 жылдардан бастап сонау Орынбордан түйеге артып, қарағай тұқымдарын әкеп отырғыза бастағанда жаңа сауда орталығына төніп келе жатқан құм көшкінін тоқтатуды көздеген сыңайлы. Мына жайқалып тұрған шырша мен көктерек, қарағай мен қайыңның шыққан түбін сұрасаң бірсыпыра бөлігі жоғарыда айтқан Жәңгір хан орманынан әкелінгенін білесіз.

Семей шаһары тұсындағы реликті орман тарихы қызық. Шағыл құмның үстінде найқала өсіп ұлы Ертістің жағасына ерекше сән беріп тұр. Кезінде бұл топыраққа Абайдың, Шәкәрімнің, Мұхтар Әуезовтің табаны тиген. Әттең, осы бір асыл мұраның бүгінгі ахуалы көңілді жабырқатады.

Асылы, орманды қай жерде де өсіруге болады. 1860 жылы Маңғыстауда, ескіше Кетік шаҺарында, яки Форт Шевченко қаласында айдауда болған ақын Т.Шевченко отырғызған сәмбі тал әлі көктеп тұр. Сол Маңғыстау түбегін орай құшып жатқан Үстірттің етегіндегі Бейнеу ауданында даңқты Бекет Атаның жер асты мешіті бар. Қарға миын қайнатар шіліңгір шілдесі қырына алса қырық күн емес, алпыс күнге созылар күңсіген ала тағанақ шөл. Суының тұздылығы сонша у татитын Ащыағардан басқа өзені жоқ, шыңыраудан басқа су көзі тағы жоқ осы аймақта жайқалып өсіп тұрған бақ бар дегенге ешкім де нанбауы мүмкін. Бірақ расы сол. Бейнеу ауданының әкімі Басшы Әзірханов жаңалыққа жаны құштар елгезек жан, осы аймақтың бел баласы болғандықтан ба, ескі тарихты да жақсы біледі. Ғылым кандидаты. Пір Бекеттің жер асты мешітінің маңын абаттандыруды көптен көздеп келген оның осыдан бес-алты жыл бұрын қу тақырға арық тарттырып, ағаш отырғыза бастағанын алғаш көргендер мына жанкештілікке таңғалған. Ел қазір де таңғалады. Таңғалатын себебі, кешегі балаң шыбық бүгінде саялы баққа айналды. Алма, өрік ағаштары гүлдей бастады. Демек, жеміс беретін кезі де алыс емес. Теректер зәулімденіп алыстан көрінеді. Тіпті қылқан жапырақты ағаштар да Бейнеуді жерсіне бастады. Бұдан шығады – атам қазақтың көз қорқақ, қол батыр дегені рас екен, орайын келтірсе оңға баспайтын іс жоқ екен.

Орыстың ұлы патшасы І Петр 1706 жылдан бастап орыс жеріндегі орман-тоғайларды, бақтар мен парктерді өркендетуге ерекше мән береді. Ол, әсіресе емен ағашының сегіз жүз , кейде бабы келіссе мың жылға дейін өсе беретінін ылғи да қызыға әңгімелейді екен. Тарихта әрбір ұлы патша, әрбір ұлы халық мәңгілікті армандаған. Соған орай жұмыс жасап, соған лайық биіктерге ұмтылған. Петрдің ұрпақтары 1777 жылы еккен Павел патша паркін бастан аяқ аралап шығу үшін Мәскеу мен Санкт-Петербург арасын қосатын жолды жүріп өткендей қашықтықты жүріп өту керек екен. Бұл даңқты парк орыстың ұлттық рухы үшін өте қымбат. Оның бір себебі, 1814 жылы француздың бақайшағына дейін қаруланып келген қалың қолын талқандап қайтқан орыс әскерлерін патша осы паркте қарсы алып, алып қағанаттың мәртебесін айдай әлемге асқақтататын ұлан-асыр той берген. Мықты ел өзін қалайда мойындатады. Қадым Самарқанда Бағи Нахши ЖиҺан (“Өрнекті бақ”), Бағи бәләнд (“Биіктегі бақ”), Бағи Шамал (“Самал бақ”), Бағи беҺишт (“Бейіш бағы”), Бағи Чинор (“Шынар бағы”), Бағи Жи­Һан нуме (“Әлем картасының бағы”) секілді ғажайып бақтар болған. Жарты әлем­ді уысында ұстаған Әмір Темір әр жо­рықтан қайтқанда жеңіс тойын осы бақ­тардың бірінде тойлайды екен. Кім біледі, бір кездері біз де қазақтың саны отыз миллионға жетіп, Қазақстан деген алып та қуатты елдің әлемнің ең озық мемлекетінің бірі атанған мерейлі тойын осы Астана орманында тойлармыз. Бәрі де болады, тек көңіл жеткен сол бір алыс та жақын күндерге өмір жеткей деп тілейік, ағайын.



Авторы: Есенғали РАУШАНОВ, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат