Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-09-15:

ДИҚАН ЕҢБЕГІ ҚАШАНДА ҚОЛДАУҒА ЛАЙЫҚ

 

 Алдымен Елбасы биыл ғана ашылған 900 орындық қазақ мекте­біне барды. Бұл Қазақстан тәуел­сіздігін алғаннан бері Қостанай қаласында бірінші рет жаңадан салынған мектеп екен. Ал қазақ мектебі ретінде Ыбырай Алтын­сарин ашқан мектептен кейінгі екінші рет жаңадан салынған оқу орны көрінеді. Жалпы, қаладағы алтыншы қазақ мектебі өз оқушы­ларына қоңырау қағып отыр.

Президент Нұрсұлтан Назар­баев­ты мектеп оқушылары мен мұғалімдер есік алдында салтанат­ты жағдайда қуанышты жүзбен қарсы алды. Осы мектептің 1 сы­ны­бына алынған орыс баласы Никита Юртаев Елбасына құт­тықтау сөздер айтты. Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Беген Кеженұлы ақсақал Президентке ар­наған сөзінде елімізді экономикасы дамыған осындай деңгейге көтер­ген Нұрсұлтан Назарбаевтың сараб­дал саясатының арқасы екенін айта келіп, сол еңбегі үшін Елба­сына алғысын білдірді.

Жаңа мектеп осы заманғы талаптың үрдісіне сай жоғары дең­гейде жарақталған. Соның ішінде лингафонды және мультимедиялық кабинеттер, жүзу бассейні, т.б. бар. Елбасы мектеп ішін ұзақ аралап, жүзу бассейнін, интерактивті са­бақ­қа жарақталған тақтасы бар мате­ма­тика сыныбын, спорт залды көр­ді. Оқушыларға өзінің де қазақша оқығанын, бірақ ештеңеден кем қалмағанын айтты. Сөзінің соңында оларды жаңа мектебімен құттықтап, оқуда табыс тіледі.

Қазір мұндағы оқушылар саны 600-ден асады екен. Бұл Қос­танайдың үш шағын ауданындағы балаларды қамтуға толық жететін оқу орны көрінеді. Мұғалімдер саны әзірге 44 адам. Мектеп құ­ры­лысын жүргізуге кеткен шығын 514,5 млн. теңге болыпты.

Президент облыс әкімдігінің ғима­ра­тында болып, мұнда қос­танайлық бір топ ауыл шару­а­шы­лы­ғы өнімін өндіруші­лермен кездесті.

Биыл Қостанай облысында ас­тық бітік шыққан. Барлығы 3 млн. 669 мың гектар жерге бидай егілген екен. Облыс диқандары қазір оны ысырапсыз жинап алудың қамында жүр. Астық алқаптарында 11 мың астық комбайны, 8,8 мың жүк мәшинесі, 11 мыңнан артық трактор тіркемелерімен және басқа да техникалар орақ науқанын қыз­дыруда. Алтын астықты қабылдауға облыс аумағындағы барлық элева­торлар мен қабылдау пункттері дайындық сапына қойылған. Соны­мен бірге 740 мехтоктар мен 86 кептіру агрегаттары да жаңа астықты қабылдауға әзір. Облыс әкімі Сергей Кулагиннің айтуына қарағанда, бүгінге дейін барлық астықтың 80 пайызы бастыры­лып­ты. Қазір гектар берекелігі орташа алғанда 14,6 центнерге жетіп отыр. Биыл диқандар 5 млн. тонна астық жинауды меже еткен.

Ендігі жылғы астықтың қамы үшін қазірдің өзінде 1,4 млн. га. алқап парға қалдырылған. Үстіміз­дегі жылы диқандар 261 трактор, 444 астық жинайтын комбайн, 143 дән егу кешендерін сатып алған екен. Одан басқа “КазАгро­Фи­нанс” АҚ-тың лизингі арқылы 2 млрд. 381 млн. теңгеге 182 дана ауыл шаруашылығы техникалары алыныпты. Соның ішінде 1 млрд. 461 млн. теңгесі бюджеттің есебінен жұмсалған қаражат.

Елбасымен болған кездесуде облыс әкімі С.Кулагин өңірдің бас­қа жетістіктері туралы да баяндап берді. Соның ішінде әкім биылғы сегіз айда 143 млрд. теңгенің өнер­кәсіп өнімдері өндірілгенін жет­кіз­ді. Бұл былтырғы жылдың сәйкес мер­зімімен салыстырғанда 29 пайыз­ға артық. Құрылыс-монтаж­дау жұмыстарының көлемі 21 млрд. теңгеге жасалыпты, былтырғымен салыстырғанда бұл 1,2 есе артқан. Биылғы жылға 175 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысын салу межеленген. Қазірдің өзінде соның 108 мың шаршы метрі пайдалануға берілген. Облыстағы орташа айлық жалақы былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 29 пайызға артып, 34840 теңге болған. Бюджетке түскен түсімдер 40 млрд. теңгені құраған, бұл былтырғыдан 7 млрд. теңгеге артық.

Осындай жетістіктер облыстағы әлеуметтік мәселелерді шешуге молынан мүмкіншілік берді, деді әкім. Мәселен, соңғы үш жылда жаңадан 23 балабақша, 400 бала­лардың шағын орталығы ашылған. Білім беру нысандарын жөндеу мен жаңалау жұмыстарына 3 млрд. тең­геден артық қаражат жұмсалмақ­шы. Жаңа оқу жылында мемлекет­тік тілде сабақ беретін мектептер саны 12-ге жеткен. Емдеу-сауық­тыру ұйымдарын материалдық-техникалық жағынан жабдықтау мен жөндеу жұмыстарына соңғы үш жылда 4 млрд. теңгеден артық қаражат бөлінген. Облыста Индус­трия­лық-инновациялық даму бағ­дарламасын іске асыруда да айтар­лықтай табыстарға қол жеткізіліпті. Іске асыруға белгіленген 97 жоба­ның қазір 51-і жүзеге асырылыпты, соның нәтижесінде жаңадан бес мыңнан артық жұмыс орны ашыл­ған. Соның ішінде Елбасының биылғы Жолдауына сәйкес серпінді дамуға қол жеткізетін көшбасшы жобалар анықталған. Мәселен, солардың қатарында “ССКӨБ” АҚ құрамында 90 пайыз темірі бар металданған өнім шығару зауыты бар. Сондай-ақ Рудный қаласының ЖЭО қуатын арттыру да осы көш­басшы жобалар қатарына енген. Бұл жобаларды іске асырудың жалпы құны 768 млн. АҚШ долларына тең.

“Музбель” компаниясы 2008 жылы жылына 120 мың тонна фер­ро­никель шығаратын құны 700 млн. долларлық кен-металлур­гия­лық комбинатты салуды қолға алмақ. Әкім одан басқа да бірнеше көшбасшы жобаларды атап өтті, соның ішінде кеше Елбасы өзі барып көрген “Варвара” АҚ алтын-мыс кен орнын игеру де бар. Ол туралы біз төменде толығырақ ай­татын боламыз. Шикізат өңдеу са­ла­сында да қостанайлықтар айтар­лықтай табысқа жетіп отыр. Мәсе­лен, “Термо Мастер” компаниясы биылғы жылдың аяғына дейін базальтты шикізаттың негізінде минералды-мақталы жылытқыштар шығаратын зауытты салып бітіреді. “Казхимволокно” фирмасы үсті­міз­дегі жылы арникс өнімін шыға­ра­тын технологиялық кешенді іске қо­сады. Сонымен қатар, Торғай­да­ғы жылу-энергетикалық кешеннің жобасы да озық жобалардың қата­рында тұр. Әкім өзінің баяндама­сын аяқтаған соң Елбасы жұрттың пікірін сұрады. “Иволга-Холдинг” ЖШС бас директоры В.Розинов, басқа да ауыл шаруашылығы өні­мін өндіруші фирмалардың бас­шы­лары өздерінің кейбір проблема­ларын көлденең тартты. Оның ара­сында ауыл шаруашылығы банкін ашу, астық таситын вагондардың жетіспейтіндігі және басқа да мәселелер айтылды.

Кездесуді Нұрсұлтан Әбішұлы қорытындылады. Елбасы өзінің көрші мемлекеттерге ресми сапар­мен барып келе жатқанын айтты. Бәрі де бізден астық сұрайды. Қостанай біздің ең үлкен ас­тықты өңіріміз. Биылғы жыл сіз­дерде оның шығымы өте жақсы, тек енді оны төкпей-шашпай жи­нап алу керек. Гектар өнімділігінің рес­публика бойынша орташа көр­сеткіші 13,5 центнер. Астық сату­дағы біздің ең басты мақсатымыз – оны диқандардың еңбегін ақтап, үлкен табысқа қол жеткізетіндей етіп тиімді бағамен өткізу. Жергі­лік­ті билік органдары осыған ат­са­лы­сулары керек. Біз диқандарды әрқашан да қолдап келеміз. Және бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады. Қазір астықтың бағасы өсіп жатыр, бұл қалыптағы рыноктық үдеріс.

Одан әрі Елбасы диқандарға еліміздің алдында тұрған бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қата­рына ену стратегиясына үлес қосу үшін өздерінің өндірісін әртарап­тандыруға қол жеткізулері керек екенін атап көрсетті. Қарапайым тілмен айтқанда, жалғыз астыққа байланып қалмай, ет-сүт өнімдерін шығарумен де айналысқан жөн. Бүкіл әлем осы тәжірибемен жұмыс істейді. Сонымен қатар, Президент диқандарға елдегі эконономикалық реформалар мен өзгерістер туралы да баяндап берді. Соның ішінде “Самұрық” пен “Қазынаның” жұ­мысы туралы да айтылды. Қазірдің өзінде біздің даму стратегиямызға сәйкес 22 көшбасшы жоба қызу іске асырылуда. 2015 жылы Қазақ­стан экономикасы 1991 жылмен салыстырғанда үш есе өсетін бо­ла­ды, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазір әлемде биоэтанол өніміне деген сұраныс күшті. Соған бай­ла­нысты осы өнімді өндіретін зауыт салуды мақсат еткен іскерлер кө­бейіп кетті. Астықтың бағасы да соның себебінен өсіп жатыр. Бразилияда қант бағасының өсіп жатқаны да сол екен, өйткені, қанттан да биоэтанол алынатын көрінеді. Біз бұл істе біржақ­ты­лыққа ұрынбауымыз керек. Биоэта­нол жасайтын зауыттарды белгілі орындарда ғана салдыруымыз керек. Нұрсұлтан Әбішұлы дәл осы мәселенің шешу жолын қамтыған заң да қабылданатынын айтты.

Кездесудің соңында Елбасы кешегі өткен Парламент Мәжілі­сінің сайлауында қостанайлық­тардың “Нұр Отанды” қолдап дауыс бергені үшін ризашылығын білдірді. Сіздер елдегі тұрақтылық пен тыныштықты сақтап, эконо­ми­каның серпінді дамуы үшін дауыс бердіңіздер, сол үшін өзімнің алғы­сымды білдіремін, деді сөзінің соңында Президент.

Осыдан кейін Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаев Қостанай қаласы­ның түбінде орналасқан “Заречное” тәжірибелік шаруашылығына ба­рып, егіннің өнімділігін өз көзімен көрді. Биыл 9100 гектар жерге астық еккен шаруашылық облыс­тағы аяғынан нық тұрған астық өндіру кәсіпорындарының бірі екен. Елбасы өзін қарсы алған шаруашылық басшыларынан, оның ішінде бас директор Валентин Двуре­ченскийден олардың хал-ахуалдарын сұрап білді. Осы жерде бітік өскен жайқалған бидай ортасында суретке түсті.

Одан кейін Президент кортежі Таран ауданындағы Варвара ауы­лындағы Қазақстан-Британия “Варваринское” АҚ-қа бет алды.

Таран ауданынының Вар­ва­ринс­кое ауылындағы осы аттас   Қа­зақстан-Британия бірлескен кәсіпорны облыстағы  өндірістік-ин­новациялық жобалардың қата­ры­нан ойып орын алады. Алтын-мыс кенін өндіріп және өңдейтін кешен жобасы  1995 жылы қолға алынған болатын. Ол  биыл толық жүзеге асырылады. Оған салынған инвестицияның өзі 150 миллион АҚШ долларын құрайды. Түстен кейін Президент Нұрсұлтан На­зарбаев осы кәсіпорынға ат басын тіреді. Алдымен Елбасы кен карьеріндегі  жарылыс жасау үдерісін көрді. Содан кейін кен байыту зауытына келді.

— Қостанай облысы Қазақ­стан­ның өндірістік саясатын жүзеге асыруға қомақты үлес қо­сып отыр. Міне, сіздердің  мына кәсіпорын­дарыңыз соның жарқын мысалы. Бұл кәсіпорын тек Қостанай облысының ғана емес, Қазақ­стан­ның өндірістік әлеуе­тін артты­рады, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы “Варваринское” ак­цио­нерлік қоғамының жұмысшы­лары­на елімізде  үш жылдың ішінде 615 өнеркәсіп кәсіпорындары ашылып, 200 ірі өндірістік жобалардың жүзеге асып жатқанын айта келіп, осының барлығы да  мұ­найға, газға және басқа да ресурс­тарға тәуелсіз  жанама экономика құруға мүм­кіндік беретінін тілге тиек етті. Мұнан кейін Нұрсұлтан Назарбаев “Варваринское” акцио­нерлік қоғамы кен байыту зауытының тетігін іске қосты.

Бұл зауытта жылына 4,2 мил­лион тонна кен өңделетін болады. Шетелдік озық технологиямен жұмыс істейтін зауыт төрт диір­менде қатарынан алтын және мыс кенін байытады. Бұл зауыттың ТМД елдерінде теңдесі жоқ.  Ол жылына 5 тонна “Доре” алтын құймасы мен 60 мың тонна мыс концентратын өңдейді. Кешенде барлығы 550 адам жұмыс істейді,  жұмысшылар орта есеппен айына 67600 теңге жалақы алады.

— Тәуелсіз ел болғандықтан жеріміздің байлығын халқымызға жаратуымыз керек. Инвесторларды сол үшін шақырамыз. Егер біздің мемлекеттік саясатымыз, заң­ды­лық­­тарымыз елімізге қаражат әкелу­ге жарамаса, онда бізге ешкім де келмес еді.  Біздің міндетіміз ин­вес­торларға қолайлы жағдай ту­ғызу, сонда осындай зауыттар салынады, бюджетке салық түседі. Оның ризығын жергілікті тұр­ғын­дар да көреді, — деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Мұнан кейін Мемлекет бас­шы­сы жұмысшылардың жағдайларын сұрады. Мұнда жұмыс істеп жат­қандардың басым көпшілігі оралман ағайындар. Өзбекстанның Солтүстік Науайы кен-байыту комбинатында, Үшқұдық­тағы уран шығаратын карьерде істеген кенші жігіттер мұнда білікті маман ретінде бағаланып отыр.

Нұрсұлтан Назарбаевтың облыс­қа сапары егіні ырғалып, өндірісі дүрілдеген Қостанайды, дамыған елу елдің қатарына қосы­ламыз деген мақсат жолында еңбек етіп жатқан қостанайлықтарды тағы бір серпілтіп тастады.



Авторы: Жақсыбай САМРАТ, Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат