Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-09-21:

Астаналық жазушылар бас қосты

 

Берік САДЫР.

Астанадағы жазушылармен болған басқосуда: – Биылғы жаздағы жазушылар құрылтайынан кейінгі іргелі істің бірі Баянауылда жас ақын-жазу­шы­лардың форумы өтті, – деп сөз бас­та­ған Қазақстан Жазушылар ода­ғы­ның төрағасы Нұрлан Оразалин осы форумның мән-мағынасына қыс­қа­ша тоқталып, барлық аймақтан бас қосқан жас өрендерге бұл жиынның ай­тары мол болғанын, оны ұйым­дас­тыруға қолұшын берген Павлодар облысының әкімдігіне, сол аймақ аза­маты Қорабай Шәкірұлына ри­зашылығын білдіріп, алдағы уақытта да осындай өрелі де өнегелі істің жал­ғаса беруін тіледі. Сондай-ақ жазу­шылар басшысы құрылтайдан кейінгі Елбасының назарындағы іс-шаралардың атқарылу ауқымынан хабардар етіп, алдағы кездесуде – жазушылардың әлеуметтік жағдайы, кітап шығару, қаламақы мәселесінің оң шешім табатынына сенім білдірді.

Астанада тұратын 80-нен астам жазушылардың басқосуының негізгі мақсаты – Жазушылар одағының Ас­тана филиалының директоры Алдан Смайылдың Парламент Мә­жі­лісіне депутат болып сайлануына орай, жаңадан тағайындалған бас­шы­ны таныстыру болды. Астана фи­лиалының директоры болып көр­нек­ті жазушы Әкім Тарази тағайындал­са, оның орынбасары болып ақын Несіпбек Айтұлы бекітілді.

Басқосуда сөз алған жазушылар – Шерхан Мұртаза, Әкім Тарази, Төлен Әбдік, Нұрғожа Ораз, Дүкен­бай Досжан, Серік Тұрғынбекұлы, Уәлихан Қалижан, Тұрсын Жұртбай, Тұрлыбек Мәмесейіт пен ғалымдар Мырзатай Жолдасбеков пен Қар­жау­бай Сартқожаұлы Жазушылар одағы­ның, қаламгерлердің көкей­кесті проблемаларын тілге тиек етті десек, Астанада жазушылар бас қо­сатын арнайы орынның жоқтығы, оның көп жылдардан әкімдер тара­пынан уәде беріліп, әлі күнге жүзеге аспай отырғандығы баса айтылды. Сондай-ақ жазушылар кітабын шығаруда жүйелілік пен сарап­таудың болу керектігі, кітап та­ралымының, қаламақының мардымсыздығы, қазақ қаламгерлері шығармалары­ның басқа тілге аударылуының жоққа тән екендігі де сөз болды.

 

“Еуразия” халықаралық фестивалі       

қос құрлық арасына тартылған кинокөпірге айналып отыр

 

Қарап отырсақ, әлемде 500-ден астам кинофестиваль бар екен. Алайда, соның 50 шақтысы ғана халықаралық дәрежеге ие. Соның бірі – Алматы төрінде өтетін және әлемдік кинематографияда өз орнын бекемдеуге ұмтылған “Еуразия” халықаралық кинофестивалі. Аталмыш фестиваль жөнінде өткенге дейін де өт­кеннен кейін де сын аз айтылып жүрген жоқ. Кинофестивальдің қаражат қоржы­нын білгісі келетіндер, оның шығынын сырттан болжап шығарып жүргендер де, аз емес. Осының бәріне қарамай, “Еуразия” фестивалі өткізіліп келе жатыр. “Еуразия” – әлі де тарихы терең фестивальге айналмағанымен, оның аясында өткен айтулы оқиғалар аз емес.

Ендігі жерде, санаулы күндерден кейін қазақстандық көрермендер, оның ішінде алматылықтар “Еуразия” кино­фестивалінің аясында әлемнің ең атақты, ең әйгілі талант иелерімен қауышуға тағы да мүмкіндік алмақ.

Сонымен биылғы “Еуразия” фести­валіне кімдер келеді? Қандай сүйікті актерларымызды көре аламыз? Айта-айта жүрерліктей нендей оқиғалар болмақ? Осы аралықта кино әлеміне қандай соны туындылар мен сүбелі үлестер қосылған? Осы сауалдарға жауап беру мақсатында сәрсенбі күні Алматыда фестивальдің ұйым­дастыру комитеті БАҚ өкілдерінің басын қосты.

Биыл елімізде төртінші рет өткелі отырған халықаралық фестивальге Софи Марсо, Жерар Депардье, Кристофер Ламберт, Жак­лин Биссет, Арманде Ассанте, Нандита Даст, Эммануэль Беар секілді және басқа да кине­матографиядағы біртуар тұлғалар келгелі отыр.

Сәті түскен сұхбаттар легіне айналғалы отырған кинодуманға голливудтық жұлдыз­дарды келтіргеннен гөрі болливудтық жұлдыз­дарды шақырған оңайға түспеген көрінеді. Бұл туралы кинофестивальдің арт-директоры Гүлнәр Әбікеева журналистермен өткен баспасөз мәслихатында баяндады. Мәселен, соның бірі әйгілі үнді актрисасы Нандита Даст десек, қазақстандық көрермендер халық­аралық фестивальде Нандитаның өзін ғана емес, ол басты рөлді сомдаған “Камли туралы баллада” туындысын тамашалай алады.

– Бірқатар фестиваль қонақтары Алматыға бірінші рет келгелі отырған жоқ. Биыл кино­жұлдыздармен келіссөздер жүргізу бұрынғыға қарағанда, оңайға түсті. Бұл біздің кинофести­валь­дің беделі мен танымалдылығы артып келе жатқанын көрсетеді. Дегенмен, кинофестиваль өзінің ең басты міндеті – қазақстандық киноны алға жылжыту екендігін ұмытпайды. Осы жыл­дардың ішінде біріккен жобалар мен түсірілген кинотуындылардың саны әлдеқайда өсті, – дейді “Еуразия” халықаралық кинофестивалінің президенті Сергей Әзімов.

Сонымен жексенбі күні шымылдығын айқа­ра ашқалы отырған “Еуразия-2007” кинофес­тивалінің алғашқы күнінде-ақ жұртшылық атағы жер жарған француз актрисасы Софи Марсоны басқа қырынан көретін болады. “Бум” филь­мінде тырнақалды рөлімен көрермендердің жүре­гін жаулап алған Софи Марсо өзінің талантты актриса ғана емес, жақсы режиссер екендігін де дәлелдемек. Режиссер ретіндегі “Еуразияның” жаңа дебютанты “Довилде жоғалғандар” атты тұңғыш фильмін фестиваль қонақ­тары мен қазақстандық көрермендер назарына ұсынғалы отыр. Софи Марсо­мен бірге Қазақстанға Кристофер Лам­берт те келе жатқанын атадық. Кристо­ферді көпшілік “Тау азаматы” фильмінен кейін ұмыта қоймаған болар. Кристофер Ламберттің есімі Люк Бессонның “Жер асты” және “Сицилиялық”, “Нирвана” басқа да бірқатар картиналардан кейін тіпті әйгілене түскенін киносүйер қауым жақсы білсе керек. Ол Алматыда Жерар Депардьемен бірге “Соңғы метро” фильмі арқылы өздерінің орындаушылық өнерлерін паш ететін болады.

Ал, әйгілі қонақтардың ішінде “Де­тектив”, “Жабайы орхидея”, “Үй күтуші” сияқты фильмдері арқылы танылған Жаклин Биссет және Одиссея, Наполеон сияқты рөлдерімен есімі есте қалған Арманде Ассанте де бар.

Өткен жылы “Еуразия” кинофестива­ліне екі жұмыспен келген мегажұл­дыздардың ішінде Стивен Сигалдың бол­ғанын әлі ешкім ұмыта қоймаған шығар. Сол секілді Арманде Ассанте де Қазақ­станда кино түсірмек ойы бар көрінеді. Оның біздің елге өз жобасын алға қарай жылжыту үшін жолға жиналып жатқан жайы бар сияқты.

Күрделі рөлдерімен, күрделі мінез, күрделі тағдырымен айналасынан алып­қашпа сөз үзілмейтін Францияның атышулы актри­саларының бірі – Эммануэль Беар да “Еура­зия” кинофестивалінде қадірлі қонақ болуға келісім беріпті. Канн және Венеция кинофес­тивальдерінің жүлдегері Эммануэль Беардың аты да Том Крузбен бірге “Орындалмайтын миссия” атты американдық блокбастер арқылы дүние жүзіне тарады. Ол сомдаған бұдан басқа да тамаша бейнелер аз емес. Бұл алдағы күндердің әңгімесі.

Сондай-ақ, айналадағы көрші елдерден келетін белгілі кинематографистер мен актер­лар да жеткілікті. Ресейден Лев Прыгунов, Валентина Теличкина, Екатерина Редни­ковалар бастап келе жатқан бірқатар өнер жұлдыздары қазақстандық кинофестивальдің салтанатын асырып, сәнін арттыратын болады.

Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат