Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-09-28:

Бұл терминді алғаш рет қолданысқа енгізген академик А.Веселовскийдің пайым­дауынша, батырлық эпос қаһар­маны халық өмірі мен жеке адам тағды­рын әу бастан бөліне-жарылмас бір тұтастықта бейнелесе, кейін қалыптасқан роман кейіпкері ондай біртұтастықты өзін-өзі жете танып, өз тағдырының түпкі мағынасына қапысыз қанығу арқылы түйсінетін болды. Сондықтан осы заман­ғы романдардың өзегін әлгіндей жарас­тық емес, көбіне көп, керісінше, адам­дар­дың нақты тағдыры мен оның түп табиғаты жасақтайтын етене мүдде-мақсаттарының арасындағы сәйкессіз­діктер құрайды. Сөйтіп, роман да эпос, бірақ, жеке адам тағдырының эпосы болып табылады. Бұл, негізінен, адам мен қоғам арасындағы қатынастардың өздеріне тән сипатта табиғи өрістеуінен өрбиді. Соған байланысты роман ашық немесе тұйық деп сипатталады. Тұйық роман көбіне көп бір адамның тағдыры­на, тіпті, оның басындағы бір оқиғаның төңірегіне құрылса, ашық романдағы қаһарман тағдырының мәні өмір сүріп отырған ортасымен сан қилы қарым-қатынасының жан-жақты сарапталуымен ашылады. Тікелей бір адам тағдырын зерделей отырып, сол тұстағы қоғамның өмірін терең талдады. Мәселен, О.Баль­зак әрқилы орталық кейіпкерлердің тағдырларына жеке-жеке роман арнап, олардың әрқайсысын жеке-жеке сұрып­тай отырып, бүкіл адамзат қоғамының жиынтық сараптамасын жасайтын “Адам­зат комедиясын” туғызды. Ф.Дос­тоевский романдары да осындай бағытта өрбиді. Бірақ, оларды “Адамзат комедия­сынан” гөрі “Адамзат трагедиясы” деп атаған дұрысырақ болар еді. Өйткені, Достоевский адамзат басындағы бақыт­сыздықтарды ашықтан ашық трагедия­лық сарында айшықтаса, Бальзак трагикомедиялық, тіпті, тап-таза фарстық тұрғыда шешімдеді. Ал Лев Толстой суреттеу мен кейіптеуді объективтендіру мен субъективтендіруді жарыстыра пай­даланып, Бальзак пен Достоевскийлердің әр романда әр қырынан үңілген алуан сипатты адамзатты кеңқарымды бір романда әрқилы кейіпкердің әр қилы дүние түйсінуі тұрғысынан әр қырынан жіті зерделенген, мейлінше мол ауқымды сараптамасын қапысыз сомдап бере алды.

Ол адамзат болмысын тұтастай қа­растырып, жіліктеп жіктейтін эпопеялық роман (“Соғыс және бейбітшілік”) жазу­да да, адамзат басындағы ең өзекті мәсе­лелердің әрқайсысын жеке-жеке сарқа толғаған даралама романдар (“Анна Каре­нина”, “Арылу”) жазуда да, мұхит түбінен інжу, жер қыртысынан алмас іздегендей тұңғиық тереңге бойлайтын сүңгуір сипатты хикаяттар жазуда да әлемдік прозаның ең шырқау биігіне самғап көтеріле алды. Бұл – бүгінгі көркем ойдың зенитіне айналған ең зеңгір координаттар еді.

Әлемдік эпиканың осындай аса күрделі эволюциялық жолынан өту үшін ұлттық әдебиеттердің бәрі-бәрі бірдей қарқындылық, бірдей жемістілік таныта алған жоқ. Жоғарыда көрсетілгендей, ежелден жазу-сызуы бар елдердің өздері бұл жолда алды екі мың жылдан, арты бір мың жылдан асатын аса ұзақ сапар шекті. Шындап келгенде, халықтық эпостың авторлық романға айналуы кітап басу ісімен тығыз байланысты болды. Гутенберг кітап басудың техникалық тәсілдерін ойлап тапқаннан бергі 667 жыл әлем халықтарының эпикалық көркем шығарма тудыруды түбірімен қайта жүйелеген шешуші кезеңі болды. Бұл техникалық жаңалыққа алдымен қол жеткізген әдебиеттердің өздері мұндай эстетикалық тұрғыдағы түбегейлі қайта қарулануда әрқайсысы әр қилы нәтижеге жетті. Өз тұсындағы барша әлеуметтік көңіл-күйді бір кейіпкердің басына тоғыс­тырып, “ашық” және “экстенсивті” романды алғаш тудырған, “Дон-Кихот­ты” жазған Мигель Сервантесті берген испандар еді. Ол кезде феодалдық тома­ға-тұйықтықтың құшағындағы басқалар­ды былай қойғанда, басыбайлы кіріптар­лықты алдымен күйретіп, бұрынғы ша­руалар өз ноқтасын өз қолдарына алып, егістіктері мен фермаларын тастап, ману­фактураларға қарай жаппай шұбырған ағылшындардың өздері көпке дейін батыр­лық дастандары мен төбе шашың­ды тік тұрғызатын төтен зұлымдықтарға толы трагедиялардың әсерінде жүрді. Алайда кейін адамдардың мінез-құлқы мен әлеуметтік болмысын реалистік тұрғыда типтендіруді бірінші болып қолға алған ағылшын Филдинг пен Т.Смоллет, адам тағдырын тарихи оқиғалармен астастыра суреттеуді бастаған ағылшын Вальтер Скотт болды.

Адамдардың жан дүниесі мен қо­ғамдық эволюцияны өзектестіре зер­делеуде үңгіме психологизм мен қазба­лама әлеуметтік талдауды үйлестірудің не тамаша үлгісін француз Стендаль, Г.Флобер, Г.Моппасан, О.Бальзактар көр­сетті. VІІ ғасырдан бастап авантюра­лық романды, ХVІІІ ғасырдан бастап тұйық романды жете меңгерген неміс әдебиеті роман жанрында оза қимыл­даған француздар мен ағылшындарға тек ХХ ғасыр басынан, С.Цвейг, Э.Ремарк, Л.Фейхтвангер, Генрих және Томас Манндар шыққан соң ғана барып, азулы бәсекелес бола алды. Прозаны Эллададан елден бұрын үйренген итальяндар тек ХХ ғасырда ғана европалық романда өздеріне лайық орындарға ие бола бастады. Әлемдік прозада ХХ ғасырдың басынан оза шауып бәйге алған үздік құбылыс – солтүстік америкалық, екінші жартысы­нан бастап – латынамерикалық роман дәуірледі. ХІХ ғасырда осындай теңдесі жоқ қарқындауды орыс прозасы көрсетіп еді. ХVІІІ ғасырда М.Чулков, А.Измаи­лов, В.Нарожныйлардың шәкірттік жаттығуларынан тұратын олпы-солпы орыс прозасы ХІХ ғасырда Н.Гоголь, И.Тургенов, Ф.Достоевский, Л.Толстой, А.Чехов, И.Буниндерді бірінен соң бірін жарқыратып шығарып, көз жеткізбес биіктік пен қашықтыққа көз ілеспес жылдамдықпен шығандай озды. Бұл – көркем өнердегі, оның ішінде әдебиеттегі шарықтай өсуді ұзақ уақыт емес, бірден биікке сермеп, терең бойлап, кеңінен қамти алатын құдіретті таланттар жүзеге асыратынын даусыз дәлелдеп берді.

Міне, осындай әлемдік тәжірибемен салыстырғанда, қазақ эпикасының эволю­циялық даму қарқыны қандай? Бұны стратиграфиялық тұрғыдан жіті зерде­лемей тұрып: “Мұхтар Әуезов осыншама ұлықтайтындай соншама не бітіріп еді?” – дейтін көпке дейін әдеби ортаны күбірткедей үңгіп келген әзәзіл сауалға тыңғылықты жауап бере алмаймыз. Төл әдебиетіміз өз топырағында өзге де түрік-моңғол әдебиеттеріндей мифтік, фольклорлық тамырлардан бастау алып, ауызша шығарылып, ауызша таратылу жолымен дамып келгендігі белгілі. Сондықтан да, арғыдағы Сыпыра жырау, Шалкиіз, Қазтуған, Доспамбет, Жиембет, бергідегі Бұқар, Тәттіқара, Шортанбай, Дулат, Сүйінбай, Махамбет, Мұрат, Балқы Базарлардай өрен жүйріктердің көп болғандығына қарамастан, эпикалық дастан, жыр-толғау арнасынан аса алмады. Эволюциялық ілгерілеудің өзі етене дәстүрлер мен байырғы түрлердің ішкі мүмкіндіктері ауқымында жүзеге асты. Ол жағдай Шәді төре, Әбубәкір, Науша, Шәкәрім, Сұлтанмахмұт, Шәңгерей Бөкей, Ғұмар Қараш, Тұрмағамбет, Майлықожа сынды жазба, немесе жартылай жазба әдебиет өкілдерінің болғандығына қарамастан, айта қаларлықтай өзгере қоймады.

Өйткені, ұлттық дамудағы түбегейлі өзгеріс бұған дейін сырт қалып келген әлемдік дамудың озық бағыттарына бел шешіп тәуекел етпей тұрып, ойдағыдай жүзеге аспайтын еді. Тіпті ондай нар тәуекел табылған күннің өзінде, оны жетер жеріне жеткізбей тынбайтын тегеурінді талант керек еді. Ол тумай тұрып қалаған мақсатымызға бәрібір жете алмаушы едік. Қашан Абай туғанша біз де сол күнді бастан кештік. Әлеуметтік озық көз­қарастар мен сол жолдағы жеке­леген ізденістер үйреншікті фольклорлық үлгі­лерден көпке дейін алысқа ұзап кете алма­ды. Қазақ поэзиясы сол кездегі заман мен адамның барша рухани сұраныстарын толықтай өтеп қана тынбай, айта қалар­лық­тай ілгері бастыра алатын кәсіби жазба поэзияға, заманауи шынайы лирика мен реалистік поэмаға дендеп бара қоймады. Олай болуы үшін тек өз ұлтының ғана емес, өз тұсындағы бүкіл адамзаттың озық ойы мен озық эстетикасының шырқау биігіне бір-ақ самғап көтеріле алған сұң­ғыла білім, сұрапыл талантқа ие Абайдай алапат тұлға керек еді. Абай біздің көркем сөзімізді адамзат ақыл-ойының шырқау шыңына, көркем ойдың нағыз ғарыштық биігіне бірден көтеріп беріп еді.

Алайда, ұлттық әдебиет оза дамыған жалғыз жанрдың, оның үстіне, ұзақ уақыт ауызша айтуға баулынған ежелгі эпикалық поэзияның, ауқымында нағыз осы заманғы зерделеу құбылысына айнала алмас еді. Ол үшін адамзат көркем ойы мен әлеуметтік санасының ең бір ұтымды әдістерімен қаруландырып, тың жатқан тұңғиық қабаттарына бойлататын жаңа жанрларды, әсіресе, әлемдік әдеби дамуға шешуші ық­пал еткен осы заманғы прозаның суреткер­лік арсеналын кемел меңгеру керек еді. Абайдай жүрек жұтқан ерлік пен қадалған жерінен қан алмай тынбайтын қазымыр ойшылдық, шідер үзген данышпандық керек еді. Мұхтар Әуезов дәл сондай бүкіл қазақ жұрты ғасырлап толғатқан, кең-бай­тақ қазақ сахарасы ғасырлап сағына күткен саңлақ тұлға болып шықты. Ал Әуезовке дейінгі қазақ әдебиетіндегі прозаиктік тә­жірибе Абайға дейінгі ақындық дәстүр­лермен тіпті салыстыруға да келмейтіндей тым әлжуаз еді. Фольклорлық проза үлгілерінен “Алдар Көседен”, авторлық проза үлгісінен Абайдың “Ғақлиясынан” басқа іліп алар ештеңе жоқ еді. Рас, Спан­дияр Көбеевтің “Қалың малы”, Міржақып Дулатовтың “Бақытсыз Жамалы”, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың “Қамар сұлуы”, Ыбырай Алтынсариннің, Ғұмар Қарашевтың, Бейімбет Майлиннің шағын эпикадағы талпыныстары, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіреповтің тырнақалды туынды­лары бар еді. Бірақ, олардың тақырыптың елеуліліктері мен әлеуметтік пафостарына қарамастан, көркемдік, суреткерлік деңгейі әлі жаттығу деңгейіндегі дүниеліктер еді. Рас, олардан қай жағынан да көш бойы ілгерілеп кеткен Жүсіпбек Аймауытов шығармаларының қазақ прозасының қалыптасуында үлкен тарихи маңызға ие екендіктері даусыз. Алайда, оларды Ай­мауы­товтай мол суреткерлік тегеурінге ие қаламгердің шығармашылық мүмкін­діктерін толығымен аша алған қапысыз туындылар еді дей алмаймыз. Оның үстіне Мұхтар Әуезовтің таңданбасыңа қоймай­тындай тамаша стартына бірден бір түрткі болған ықпал көзі жалғыз сол еді деу де ақиқатқа сәйкеспес еді.

Ол кездегі қазақ прозасының осынша­лық балаңдағына қарамастан, Әуезовтің прозадағы алғашқы аяқ алыстарының соншалықты мығым, соншалықты нық болғандығына қайран қалмасқа болмайды. Бар болғаны шет аймақ қаланың бес сыныптық мектебі мен қысқа мерзімді мұғалімдік семинариясын бітірген, бір жыл медресе оқыған дала боздағы мұның бәріне көз майын сарыққан оқудың, ең үздік үлгілерді ерінбей-жалықпай тіміскілеген тыңғылықты штудияның арқасында емес, табиғаттың “кетсе, саған кетсін” деп аямай, асырып-төгілтіп бере салған мейлін­ше мол талантының арқасында жетіп еді. Тағдыр мен тарихтың тумай жатып көрсетіп баққан құқайлары мен аса қатал сынақтарының салдары еді бұл. Бүкіл ұлттық болмысымыздың қыры мен сырынан ештеңені қағыс қалдырмай, түгел көрсетіп бере алған тағылымға толы өскен ортасының сезімтал көкірекке дер кезінде егіп үлгерген жемістері еді. Өмір бойы тыншу көрмей өткен нәзік жүрегі мен елгезек ақыл-ойының сергелдең ізденіс­терінің нақты нәтижелері еді.

Ол зерттеу өрісі мен көтерер тақырып­тарын, айтар ойының ауқымын алысқа білім іздеп кетпей тұрып-ақ, ауылда жүріп-ақ әбден саралап алғандай. Оның оқуға бармай тұрғандағы аяқ алысы мен қалам тартысын, таңдаған суреткерлік-азамат­тық ұстанымын шыған қиырдағы албырт жас талапкерден емес, Париж, Лондон, Петербург сынды әлемдік астаналардан ғана табылатын талғампаз әдеби салондар­дағы тарлан суреткерлерден ғана дәметуге болатындай. Асқан қырағылық және мүлт кетпес мергендіктен ақ қағазға мөлдіреп түскен қыр шындығының кескіндемелері, онда қаузалған тақырып пен көтерілген мәселелердің әлеуметтік салиқалылығы, күнде-күнде көз қажытқан қамырықты ахуалдардың қалтқысыз нанымдылығы – еуропалық новеллистиканың әлденеше ғасырлап әрең жеткен биіктері еді. “Қорғансыздың күні” мен “Қаралы сұлу”, “Ескілік көлеңкесі” мен “Күйіп жану”, “Жетім” мен “Кім кінәлі” сынды көре-көре көңілді де көнтерілендіріліп жіберген тым қазақуар қырсықтар мен әлеуметтік кеселдерге бұрын-соңды қазаққа тән бола қоймаған атымен соны көзқараспен, шымырлаған сезімталдық пен шыңғырған азаматтық шамырығу тұрғысынан зерде­лен­ген зергерлік туындылар еді. Ленинград университетінде оқуда жүріп, жазғы демалыста елден естіп барып жазылған “Қараш-қараш” оқиғасының өзі неге тұрады?! Бір кісінің басындағы бір ғана оқиғаны қамтитын шап-шағын эпикалық кеңістік ұланғайыр қазақ даласының қай пұшпағының да зығырданын қайнатқан қасіреттің төбесінен дөп басады. Әлеумет­тік пайымдауларының дәлдігі, психология­лық талдауларының үйірімділігі мен иірімділігі, композициялық бітімнің жұ­мыр­лығы жағынан бұл қай бағаңа да тати­тын қапысыз шеберлердің ғана қолынан шығатын үздік туынды. Дәл осындай таңғалғаннан таңдайыңды талмап жұтып қоярдай тамаша шедеврлер санатына адам түгілі жан-жануардың өзіне жер бастырып жүргізбейтін әлеуметтік қараулық пен қаталдықты жеріне жеткізе әшкерелеген “Көксеректі” жатқызуға болады.

Қысқасы, Мұхтар Әуезов әйгілі Петер­бург университетіне әдебиетте ұстанар бағытын, жүрер жолын білмегендіктен емес, көкірегін кернеп бара жатқан азаматтық уыт пен суреткерлік талантты кеңінен паш етер шығармашылық өріс іздеп барды. Өзі жаныңдай жақсы көретін қыр тұрмысы мен қыр адамдарының екі аяқтарын бір етікке тығатын, тығырықтан тездетіп шығаратын жол іздеп барды. Жаңа­лық желеуімен ескіліктен бетер жал­мап-жұтып бара жатқан жаппай әлеуметтік есіруден өз жүрегін бебеулеткен етене қауымды қалай арашалап қалудың амалда­рын іздеп барды. Сауға сұрап барған жоқ, дару іздеп барды. Әлемдік әдеби дамудың теориясы мен тарихы оның беймаза әлеуметтік өмірден бір сәт те аулақ тұруға болмайды деген өз қағидасын, төл тұжы­ры­мын одан әрмен бекіте түседі. Жастайы­нан “Алашорда” үкіметіне, оның жастар қанатының жұмысына белсене араласады. 1919 жылғы Алашорда мен Кеңес үкі­метінің арасында болған келісім бойынша, қазақ зиялылары кеңестік құрылысқа атсалысады. Әуезов те әуелі Семей губрев­комында, облревкомында әрқилы қызмет­тер атқарып, облыстың атқару комитетінің төрағалылы­ғына, Қазақ АССР аткомының төралқа мүшелігіне, саяси хатшылығына сайланады. Алайда, билікке қапысыз қолы жеткен соң кеңес өкіметі қазақ зиялыла­рынан қашқақтауға көшеді. Оларды алашордашыл, ұлтшыл деп айыптап, саясат сахнасынан аулақтата бастайды. Әуезов те, 1922 жылы Орынбордағы қызметін тастап, Ташкентке оқуға кетуге мәжбүр болады. Енді ол әдеби шығармашылыққа дендеп кіріседі. Жоғарыда аталған көптеген прозалық, “Еңлік-Кебек”, “Қарагөз” сын­ды драмалық туынды әлгіндей әлеуметтік күрестің әсерінен туады.

Алайда жаңа идеология біржолата бет қаратпайтын саяси монополизмге ұмты­лады. Адам бостандығы, сөз бостандығы, пікір жарысы жайына қалады. 1923 жылы Әуезов партиядан шығарылады. Сол жылы Ленинград университетіне оқуға ауысады. 1924-1925 жылдары Семейдің мұғалімдік техникумында оқытушы болады. Бірақ саяси қудалау оны із жасыруға мәжбүр­лейді. 1925 жылы Ленинградқа қайтып барады. Оқи жүріп, Қазақстандағы оқулықтар жазу, әдеби мұраларды жинау істеріне араласады. “Қараш-қараш оқиға­сы”, “Қилы заман”, “Хан Кене”, “Көксе­рек” сол жылдары дүниеге келеді. Қызмет­те жүріп, қоғамдық санаға сіңіре алмаған мақсат-мұраттарын әдебиет арқылы на­сихаттауға тырысады. Алайда, идеология­лық қысымның темір құрсауы саяси тәжірибе түгілі әдеби қиялды азатшылдық идеясынан аулақтатуды көздеп, қатайған үстіне қатая түседі. Алаш көсемдері тегістей ұсталып, жер аударылады. 1930 жылы 16 қыркүйекте Әуезов те қамалады. Бес түрлі айып тағылып, екі жылға жуық тергеледі. 1932 жылғы сәуір айында үш жылға шарт­ты түрде бас бостандығынан айырылады. 1932 жылы 10 маусымда республикалық баспасөзде “Ашық хат” жазып, “Қарагөз”, “Қилы заман”, “Хан Кене”, “Еңлік-Кебек” сынды туындыларынан бас тартады. 1940 жылға дейін оқытушылық, аудармашылық, кітап насихаттау сынды майлық-сулық жұмыстармен күн көреді.

Одан арғы он тоғыз жылын Абай өмірінен төрт томдық роман жазуға арнай­ды. Оның алғашқы екі кітабы үшін 1949 жылы Кеңестер Одағының Мемлекеттік сыйлығын алады. Үшінші кітабы қайтадан сынға ұшырап, патриархалдық өткенді дәріптеу деп бағаланады. Бұл айып тек бір кітапқа ғана емес, бүкіл әдеби-ғылыми шығармашылығына тағылады. Арнайы идеологиялық құрылымдар Әуезов табыстарына көре алмастықпен қарайтын іштері тар әдеби-ғылыми шығармашыл күштердің қолымен от көсейді. 1953 жылы тағы да қамалу қаупі туады. Мәскеуге кетіп, бас сауғалайды. И.В.Сталин өліп, жеке адамға табынушылықтың мансұқта­луы Әуезов басына төнген қатер бұлтын сейілтеді. 1959 жылы оған Лениндік сыйлық берілді.

Сол “Абай жолына” Лениндік сыйлық берілгеннен бермен қарай әлемдік әдеби сын Әуезовті ХХ ғасыр әдебиетінің ең ірі тұлғаларының қатарында бағалай бастады. Луи Арагон, Алфред Курелла, т.б. халық­ара­лық танымалдыққа ие ойшылдар оны жалпы планеталық әдеби үдерістегі үлкен құбылыс ретінде бағалады. Бұл бізді шексіз қуантады. Қаралы күндерде Николай Погодин, Николай Тихонов, Корнелий Зелинский, Евгения Книпович, Зоя Кед­рина сынды әдебиет білгірлері оны социа­листік реализм әдебиетінің ту ұстарлары санатына қосты. Әуезов – екінші Абай, шығыстың Шолоховы дейтін бағалар айналымға енді. Бұған да апшудың реті жоқ. Мұндай баға екінің біріне, оның ішінде жазбаша даму үрдісіне толықтай көшкеніне елу-алпыс жыл енді өткен тұмса әдебиеттерге бұйыра бермейтін қошемет. Алайда, ниет дұрыс болғанмен, ұлттық әдебиетіміздің даму жолынан жеткілікті хабардар болмағандық­тан, Әуезовтің қазақ мәдениеті үшін, оның ішінде әдебиеті үшін теңдесі жоқ тарихи маңызын айқындауда дәл басудан гөрі сырт жобалау, маңайлай долбарлау басымырақ. Біз егер әлгіндегі өмірбаяндық деректі мана­ғыдан бергі сөз етіп келе жатқан әлемдік эпиканың бастан кешкен эстетикалық эволюциясы арнасын­да қарастырар болсақ, көп нәрсеге көзіміз жете түсер еді.

Әуезов қайтыс боларынан аз-ақ бұрын “Литературная газета” бетінде “Осы заман­ғы роман және оның басты кейіпкері” атты мақала жазды. Онда іргелі суреткер кеңестік өнер мен эстетиканы ұзақ жыл билеп келген тұрпайы социологияға атын айтпай шабуыл жасады. Әсіресе, тапшыл­дық пен тартыссыздық, боямашылдық пен партиялылық кеңестік романды біржолата билеп-төстегендіктің салдарынан меңдеп алған көзапара қарабайырлық пен рухани қанатсыздықты қатты сынға алды. Қара­пайым еңбек адамы мен құлақкесті май­дангерлерді дәріптеген болып, психология­лық талдауы жағынан тайыз, әлеуметтік талдауы жағынан азусыз болып кеткен беллетристикалық арзымсыздықты әжуа етті. Бұл әдеттен арылу үшін осы заманғы прозаның кіндік кейіпкері интеллектуалды қаһарман болу керек деген концепт ұсын­ды. Алайда, ол кездегі ұлттық әдеби сын да, одақтық әдеби сын да ұлы жазу­шының бұл пікірін жан-жақты талқылап, одан әрі ой сабақтап, дамытып әкете алма­ды. Шын мәнінде, бұл арқылы қазақ клас­сигі өз тұсындағы кеңестік беллетристикаға көңілі толмайтынын білдірумен қоса, өз көңілінде жүрген шығармашылық жоспар­лар­ды ор­та­ға салды. Ең бастысы, өзі жаз­ған шы­ғар­маларды бағамдауға қай тұрғы­дан келген­нің дұрыс екенін аңғартты. Расын­да да, оның ақсақал кезінде қайталап айтып отырғаны – өзінің қыршын боздақ кезінен тапжылтпай ұстанып келе жатқан ішкі түйіні, азаматтық-суреткерлік кредосы еді.

Шынтуайтында, ол саясатқа әдебиеттен келген жоқ, әдебиетке саясаттан барып еді. Өйткені, көшпенді дүниедегі әлеуметтік ықпал негізінен сардарлық пен абыздық арқылы жүзеге асты. Әскери жағдайда сардарлыққа, бейбіт жағдайда абыздыққа салмақ көбірек түсетін. Әуезов туғанда қыр тұрмысын бодандық меңдеп, бір кезде билеп-төстеген батырлық институты ауыл арасындағы барымтадан басқа барар жер, басар тауы қалмай, өрісі тарылып, түбе­гейлі жойылып бітуге айналып еді. Отар­шыл­дық жағдайында ел алдындағы азған­тай бедел жаугершілік заманында азуы алты қарыс сардарлықпен тайталасқан абыздар мен жаңа күшейіп келе жатқан дәулеттілер арасында бөліске түсетін еді. Соңғысы күшейіп, алдыңғысы әлсірей бастап еді. Бір кезде Төле би: “Батыр деген барақ ит, кез келген долы қатын туады; би деген – ақылдың кенені, ілуде біреу туа­ды”, – деп кіжінсе, ендігі билер: “Ауызы қисық болса да, бай баласы сөйлесін”, – деп күйінер еді. Әуезов осы көрер көзге дәурені өтіп бара жатқан абыз қауымның ақырғы жұрнағы еді. Сондықтан ол тумай жатып абыздық тағдырды таңдады. 1908 жылы Семейдегі Камалиддин хазрет медресесінде оқып, 1910 жылы бес кластық орыс-қазақ мектебіне түседі. Сонда жүріп, “Дауыл” атты тырнақалды туындысын жазады. 1915 жылы мұғалімдер семинария­сына түсіп, “Еңлік-Кебек” пьесасын жаза­ды. Бозбала Мұхтар Мұхаммед пайғамба­рымыздың ізбасары болған халиф әулеті­нен тарап, Тұранды дінге мойын ұсынтуға келген түп бабасынан бермен қарай ата кәсіп болған абыздықтың заманға орай ағартушылыққа ауысуын жақтайды. Діндар тұқымынан тараса да, зайырлы дамуды таңдайды. Сөйтіп, ол ұстаздықты өзінің тағдыр-талайы санады. Әдебиетті сол ұстаздықтың бір өрісі деп білді. Дүниеден өткенінше осы ұғымынан ауытқыған емес.

Оның тумай жатып, қолына қалам алуы атаққұмарлықтан тумаған еді. Ол кезде ақындықпен, жыраулықпен ат шығарып, мал табу үрдістен қалған. Оқығандық та мұратқа жеткізбейтін. Балқожа бидің ұрпағы басымен бірінші білімпаз Ыбырай Алтынсарин мектеп тақтасының қасында күйбеңдеп өтті. Жошыдан тарап, тақ мінген Шыңғыс төренің ұлы Шоқан сайлауға түсіп, патшаны көрген оқымысты басымен малы көп майтымақтан мансабын асыра алмады. Қарадан шығып хан болған Құнанбайдың Абайы қанша жерден Арис­тотелмен іштес хакім болса да, болыстыққа таласып, аталастарынан таяққа жығылып, босқа қалды. Мұның бәрі өз ноқтасын өзі ұстай алмаған халықтың тек биліктен ғана емес, елдіктен де айырылатынын көзге ұрып көрсетіп берді. Ұлттық мемлекеттілік­ке енді бет түзеп келе жатқанда, отаршыл­дық құрығына түсіп, хандықтан айырылып, одан қоңсы губерниялардың қоржынына түсіп, бес-алтыға жарылып, ол дәуреннен де айырыла жаздаған қазақтың бағына басбұзар империя тарады. Отаршылдықтың салдарынан жер тұтастығынан да, ұлт тұ­тас­тығынан да жұрдай айырылып, ұйым­шылдық ұйытқысы да іріп-шіріп кеткен қазақтың ендігі күні қандай болмақ? Сол тоз-тоз күйі қала ма? Жоқ, етек жауып, ес түгендеп, еңсе тіктеп, ел бола ала ма?

Бұл әлі дүдамал еді. Қазақ жерінің жыртыстың шүберегіндей шартарапқа жұлым-жұлым болып шашылып кеткенін былай қойғанда, елі де ырың-жырың бо­лып, ұйытқысы таусылған күбідегі шалап­тай сылдырап қалып еді. Бұл жағдай өз ұпайы түгел дәулеттілер жағының миына да кіріп шықпайтын. Әуелден бар әлеумет­тік езгіге, отаршылдық езгі қосылып, есең­гіреп қалған бұқараның көз шоласы әлгі­лер­ден де тар еді. Әуелі тәңірге, сосын құ­дай­ға, сосын Аллаға, сосын ақ патшаға табы­нып, бет-беттеріне бастарын сағаттап, бостан босқа далақтап жүрген жалғыз байлар емес еді. Жаңа тәрге: “Кедейдің за­маны туып, өз аузым қызылға жетсе, қы­зын ұрайын, бай құрысын!”, – деп құр­жың­дайтын, Б.Майлиннің тілімен айт­қанда, мырқымбайшылдық, саяси терми­нологияға салсақ, пауперистік тапшылдық, кешегі ежірейген әкімгерлікті өз қолына түсіріп, есе қайтарғысы келген едіреңбай реваншизм, саяси өштестік, “айтақ” десе, ала­қайлай шабатын солақай­лық, шала сауат­ты шолақ белсенділік пен әлеуметтік ша­лағайлық қасқыр тартқан өлекседен өрбі­ген ақсары бас құрттай құжынап қоя берді.

Сондай сұмдықты көріп, жаман түстен шошып оянғандай, сезімі сергек, ойы тұнық, сенімі сетінемеген талантты жас сауат ашып, санатқа кірген бойда әлеумет ісіне араласты. Ақылы мен күш-қайратын алдымен қырды жайлаған қырсықтан, қазақты аздырып бара жатқан азаптан арылтуға жұмсағысы келді. Жүсіпбек Аймауытовпен бірігіп жазған “Қазақтың өзгеше мінездері” деген мақаласы ұлттық мақтаныштан емес, ұлтқа жаны ашыған ар-намыстан туған еді. Дәл осы сезім оны “Алашорда” мен “Жас азаматқа” бастады. Қолына қалам алғызып, “Абай” журналын аштырды. Оған жариялатқан мақалалары­ның тақырыбына зер салыңызшы: “Абай өнері һәм қызметі”, “Ғылым”, “Будда”, “Қазақ ішіндегі партия неден?”, “Мәде­ниетке қай кәсіп жуық”, “Философия жайынан”, “Абайдан соңғы ақындар”, “Ғылым тілі”, “Қазақ әйелі”, “Қазақ қашан жетіледі”, “Мәдениет һәм ұлт”, “Өліп таусылу қаупі”, “Оқу ісі”, т.т. Бұдан біз сол кездегі тіптен балаң Әуезовтің өзі халық тұрмысы мен ұлт тағдырын күн тәртібіне бірінші қойып, оны жалаң этникалық нарциссизм тұрғысынан емес, арғы-бергіні алыстан ойлайтын зайырлы ұлтжандылық арқылы шешу керектігін айна-қатесіз танығандығын байқаймыз.

Бірақ, туының түсін өзгерткеннен басқа түгін өзгертпеген аққаптал отаршылдық жаңа идеологияны Әуезовтер ойлағандай ұлттық жаңғыртуға емес, оны біржолата жаныштауға пайдаланғысы келді. Әлгіндей арғы-бергіні ойлайтын азғантай естияр­ларды өз жақтарына шығарудан күдер үзіп, екі ғасыр отаршылдық тепкі астына алып, тезге түсірген, ес кіргізуден гөрі есалаңдандырып жіберген бұқаралық сана тізгінін қолдан шығармауға күш салды. Көпшілік санасына “ұлт” деген ұғымды жолатпай, “тап” деген ұғымды тықпалап бақты. Бірақ, бір ескеретін жағдай – алаш идеологтарының ұлтшылдығы жатжерлік езгіден өрбіген діни-нәсілдік жікшілдіктен гөрі әлеуметтік теңдік пен адам құқын бірінші орынға қоятын зайырлы ұлтжанды­лық еді. Ол қандай әлеуметтік теңсіздікке де қарсы еді. Таптық езгіні де, ұлттық езгіні де бірдей жек көретін. Бірақ, өткен ғасыр басындағы қазақ жағдайында әуелі ұлт тең­дік алмай тұрып, тап теңдік ала алмайтын. Қазан төңкерісінен кейін де тонын талай аударып киген әбжіл социализм тапшыл­дықты шет аймақтың кедей-кепшіктеріне бауырлары езіліп бара жатқандықтан емес, бұрын ру-руға бөлініп, отаршылдық тұсында, оның үстіне, жер-жерге бөлініп, азғантай оқығандары патшаның жергілікті малайлары болуға таласып, қырық пышақ болып қырқысып отырған қазақты енді бай мен кедейге жіліктеп, ұлтты қойып, ұлыс­тар мен аймақ­тардың, тіпті әр ауылдың өзін әрі тарт та, бері тартқа салғызып, өз қол­дарымен өз тамырларына балта шапқы­зу еді. Оған түсініп қалып, қарсы дауыс көтерген азғантай зиялыларды алғашқы кезде: “Сіздер көтеріп жүрген мәселені біз де ойластырып отырмыз”, – деп өз жақтары­на шығарып, бірақ райларынан бәрібір қайтпастарын білгесін, атқұйрығын үзісіп, мәселенің мәнісіне жете түсініп болмаған сауатсыз бұқарамен одақтасқан­сып, тап күресін ушықтырып, ұлтсыздану­ды күшейте түсті. Енді ояна бастаған ұлт­тық сананы қайта қалғытып, қай әрекетке де мәніне жете түсінбей араласып, өліп-тірілетін әлеуметтік әумесерлікті, рухани мәңгүрттікті қайта меңдетті. Бұрын бір тәңір, бір Алла, ақ патшаға табынып, өз мойнына ешқандай жауапкершілік алмай, жақсылықты жоғарыдан, жамандықты жан-жағынан күтетін пенделік сананы жаппай бұқаралық санаға айналдырды. “Алла” мен “ақ патшаның” орнына “тап­шылдық идеология” мен соны насихаттай­тын күн көсемдер мен коммунистік пар­тияны ұлықтады. Соларға табынды. Олар не десе де, бәріне “жәрекімалла” десті.

Ел қамын жеген естиярлардың аспаны алақандай, жері тебінгідей бола түсті. Ақыры күштеп жойғызылды. Тек Әуезов қана аман қалды. Соны достан көп дұшпа­ны тілге тиек етіп, өле-өлгенінше күңкіл­десумен болды. Иә, бұл дерекке байла­нысты талай гәп айтылады. Академик Зейнолла Қабдоловтың жазуынша, ол бұл әрекетке Ахмет Байтұрсыновтың ақылы­мен барған. Уыздай жас шәкірттерін ұлағатты ұстаздары қыршын кетеді-ау деп уайымдауы әбден мүмкін. Оның үстіне, болашағы алдағы, аса талантты тұлғаны өз жағына шығаруға тырысу да жаңа үкімет тарапынан күтпестей нәрсе емес. Қысқасы, Әуезов басында өткен бұл коллизияда ешқандай кездейсоқтық жоқ. Ұлт жолын­дағы ашық күрестің мүмкіндігі әбден таусылғасын, Әуезовтің саясатта өткізе алмаған ойларын шығармашылықпен жұрт санасына сіңіруді ойлап, әлгіндей мәмілеге баруы да ғажап емес еді. Не де болса, суреткер Әуезов бастапқы бағытынан айныған жоқ. 1934 жылы сахналаған “Хан Кене” жаңбырдай жауған қызыл жебенің астында қалды. Ұзақ жыл терін төккен “Абай жолын” жазуға күні кеше қызыл иезуиттердің сотына ұрындырған ұлтжанды әлеуметшіл бағытынан еш айнымаған қалпында отырды. Бір кезде дала өмірінен жазылған тамаша әңгімелері мен ғажайып хикаяттары байырғы қазақ тұрмысына өз халқына жаны ашитын оқыған азаматтың көзімен үңілуден туған еді. Абай тақыры­бы­на Абайдың көзімен, Абай тағдырының шет-шепірің бастан кешірген Әуезовтің көзімен үңілуге дәт етті. Ұлы жазушы кейіпкер зерделілігін басты шартқа айналдырғанда, оның дипломының бар-жоғын емес, өзі бастан кешіп отырған ащы-тұщы тағдырдың арғы-бергісін қаншалықты таразылап, қаншалықты бағамдай алатынын, сарапшылық құлқын айтып отыр. Бұл реттен келгенде, оның “Қорғансыздың күніндегі” Ғазизасынан бастап, барлық шығармаларының бәріндегі кіндік кейіпкерлер өз тағдыры мен өз әрекетін сарапқа салудан танбайтын зерт­теуші зерде иелері. Тіпті, жануар тағдырын арқауы еткен “Көксеректің” өзі адами тіршіліктің өзек күйдірер мәселелерін алға тартып, оқырман жүйкесін шыңғырта бұраған домбыра ішегіндей шамырқантып, аса жоғары интеллектуалдық кернеуде тебірентеді. “Еңлік-Кебегі” үйреншікті ғашық­тық әлқиссасы емес, соны бағамда­ған екі би мен екі көзқарастың арасындағы зерде сайысы. “Бәйбіше-тоқал” мен “Қаракөздегі” әйел тағдыры көзіңнен жас, жүрегіңнен қан тамызатын өзек өртер ойлар қақтығысы. Тіпті “Қарақыпшақ Қобыландысының” өзі қан шылқыған қырғын соғыс емес, тақымыңа қыл бұрау салғандай, жаныңды тырнағыңның ұшына келтірер ақылдың азабы. Бізде “Айман-Шолпанды” қайдағы бір водевильдік деңгейге дейін құлдыратып, обалына қалып жүр. Әуезовтің көрсетіп отырған Көтібары азулары алты қарыс екі аяқты жыртқыш сойқандармен сайысқан сайыпқыранның бала-бажырға тап болып, бағы қайтып отырған дала Дон-Кихоты еді. Маймылдың бөксесін көргендей, қолыңды шошайтқы­затын ыржақай күлкі емес, жүрегіңді зілге, көмейіңді күлге тұншықтырып, ақылыңды айран, ойыңды ойран етер күйзеліс күлкісі. Опасыз дүниенің опық жегізуі еді.

Осындай қым-қуыт өмір өткелегін өз жүрегінен өткізіп, қиянат пен зұлымдық уына таңдайын уылтқан тарланбоз Әуезовке бұйырмай, басқаға тап болғанда дара намыс пен данышпен ойдың тұт­қыны болып өткен Абайдың бұқаралық насихат­тың көрігінде балқып, балғасына қақталып, кез келгеннің кеңірдегіне жармасқан кеудемсоқ, тапсынған тапшылдық тақтағы болып шыға келуі әбден мүмкін еді. Әуезов сомдаған Абай бейнесі ондай арзанқол алып-сатарлық­тан атымен аулақ еді. Саң­лақ суреткер бүкіл бір ұлттың көпғасырлық тарихи дәуренінің бүкіл мән-мағынасын, қым-қиғаш қайшылықтарын бір бойлары­на сыйғызған, сан-сапат сипатқа ие сансыз тағдырларды өз төңірегіне тоғыстырып, көзі көріп, әлімсақтан бастап ақыр заманға дейін адамзат басын айналдырып бағатын қияметтерді әлсіретпей қаз-қалпында жеткізе алатын кемел тағдырды аса сәтті тапқан еді. Ол – Абай тағдыры еді. Ол тағдыр – ақыл-ойды алға ұстаған адал азаматтың жүрегіндегі ар талқысы еді. Саңлақ суреткердің ең соңғы мақа­ласында әдебиет келешегін сақтап қалу­дың бірден бір кепілі деп дәлелдеген зерт­теуші зердеге ие, тағылымды тағдыр­ға ие рухани өрелі кейіпкердің нағыз өзі еді.

Бұл роман әлемнің көптеген тілдеріне аударылды. Бәрінде де жерден жеті қоян тапқандай жүректері жарыла қуанды. Өйткені, бұл роман әлемдік оқырман қауымға атымен бейтаныс жаңа дүние ашып берді. Ол – бұған дейін ертегінің құбыжықтарындай кемсіте суреттеліп келген көшпенділер дүниесі еді. Әуезов сол жаңсақ көзқарасты түбірімен өзгертті. Көшпенді дүние – адамзатқа атымен жат, атымен жау антимир емес, екі аяқты нәсілге әзелден етене әлем екендігін дә­лел­деді. Мұндағылар да қалған дүние­дегідей екі аяқты, жұмыр басты адамдар, олар да Гомер жырлағандай ересен ерліктер жасап, Шекспир суреттегендей шытырман тартыстарға түсіп, Петрарка жырлағандай ләззат пен азап айқұшақ қауышқан сергелдең сезімдерге беріледі, Данте кейіптегендей өткелектерден өтіп, Гете дағдарғандай тығырықтарға тіреледі. Бұған дейін Әуезовтен басқа ешкім қалам сілтеп көрмеген жаңа әлем, ғажайып әлемді көргенде, идеялық жартыкештік­тен, саяси әумесерліктен, рухани есалаң­дықтан атымен ада көзі ашық қауым, әрине, таңғалады. Әрине тамсанады.

Соның бәрі кеңестік саясаттың жүрегіне оқ болып қадалып, шоқ болып қариды. Бұл – олар күткен шығарма болмай шықты, Маңдайына біткен жал­ғыз ақынның түбіне қалай жеткендерін надандық пен жыртқыштықтан өздері де білмей қалатын көрсоқыр жабайы қауым­ның орнына өз билігі өзінде болмай, өзгеге кіріптар болғандықтан не асыл қасиеттері мен рухани құндылықтарын босқа рәсуа етіп, опық жеп отырған бақ­талайсыз қауым туралы энциклопедия­лық ауқымда жан-жақты сыр шерткен ғажайып эпопея болып шықты. Әуезов 1932 жылы күштеп ант-су ішкізгендегі дәметкендеріндей иісі жұмсақ суреткер болмай шықты. Саясатта әлеуметке ашық айтқызбай қойған жүрек түбіндегі сырларын көркем бейнелер арқылы көл-көсір төгіп салған, жігері мұқап, тәуекелден тайсалмаған кәнігі саясатшы, қайсар күрескер болып шықты.

Оның алапат таланты мен рухани өресін бірінші болып мойындаған өз қауы­мымыз емес, өзгелер болып шық­қан­дығы өкінішті. Баяғы таптық күресте бет жыртысқандардың: “Шын ниет, шын бейнесін жасырып, бір енін ішінде сақтап жүрген жолбике деп айтып ек қой. Енді көздерің жеткен шығар!” – деп айыздары қанды. Ылғи соларға сеніп қалған екі ойлы көп: “Бұл өңіміз бе, түсіміз бе? Бүгін осылай деп жатыр, ертең де солай болар ма екен?” – деп аңыс аңдады. Қайткен күнде де, қоғам тез есейіп кете алмады. Әдебиет пен ғылыми ортадағы елуінші жылдардағы дүрбелең отызыншы жылдарғы сергелдеңді қайталады. Алайда, қиянаттың қылышы қанша ұзын болғанымен, ғұмыры бәрібір қысқа еді. Елу бесінші жылдардан бастап, ресми билік Әуезовке жүзін жылытты. Қазақ қаламгерлерінің тайлы-таяғы қалмай, қол қойған жібек орамал жазушыға 1957 жылы күзде сыйланды. “Өмір деген күнде той емес, қате кетсек, кешір”, – деген сөз тірі кезінде емес, топыраққа кетерінде, 1961 жылы айтылды.

Енді Әуезовтің бағасын білу Әуезовке емес, бізге керек. Ол үшін Әуезовтің сурет­керлік ізденістерін әлемдік әдебиет­тің даму эволюциясымен салғастыра қарастыруға тура келеді. Сөйтсек, әлемдік эпиканың мыңдаған жылдарға созылған эволюциялық сүрлеуін елгезек суреткер бар болғаны қырық жылға созылған шығармашылық жолының алғашқы екі онжылдығында-ақ еңсеріп үлгеріпті. Одан кейінгі он бес жылын Лев Толс­тойдың “Соғыс мен бейбітшілігінен” кейін оза дамыған әдебиеттерде өзгеше бәсекеге айналған күллі ұлттық бол­мысты, белгілі бір тарихи кезеңді бір адамның тағдырына сыйғызып, ондаған, тіпті жүздеген кейіпкерлер қатыстыра отырып сомдаған кең қарымды, әлеумет­тік, психологиялық, философиялық тал­дауларды қойқосақ өрбіткен, концеп­циясы айқын, драматизмі қыл арқандай ширатыла ширыққан, композициялық бітімі біртұтас монументтік роман тудыру үстінде Т.Голсуорси, Томас және Генрих Манн, Иво Андрич, Андрей Унит сынды майталман шеберлермен жарыса еңбек етті. Соңғы үш-төрт жылда жиырмасын­шы ғасырдағы қазақ өмірінен жаңа эпопеяға кірісуге әзірленді.

Тұтастай шолғанда, ертегінің алыпта­рына болмаса, екі аяқты нәсілдің өкілде­ріне алдыра қоймас алапат. Нәтижелілігі жағынан, әлемдік әдебиетте саусақпен санайтындай ғана аз саңлақтар жеткен рекорд. Өзге әдебиеттерде ондаған шы­ғар­машылық ғұмыр өзектесе, сабақтаса жүріп қол жеткізген эстетикалық прог­рес­ті қазақ топырағында бір ғана Мұхтар Әуезовтің кемел таланты жүзеге асырып берді. Қазіргі қазақ прозасын қалыптас­тырып, орнықтырып, дамудың даңғыл арнасына түсіріп, шырқау биігіне көтеріп берудің бар салмағы Мұхтар Әуезовтің бір мойнына түсті. Өз топырағымызда оған ұстаз болған жоқ. Басқаларын былай қойғанда, Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафиннің өздері ол үшін шәкірт еді. Драматургияда да, сында да, көркем аудармада да солай-ды. Ойшылдықта ғана оның ұстазы бар еді. Ол – Абай еді. Әдебиеттануда ғана оған із тастаушы бар еді. Ол – Ахмет Байтұр­сынов еді. Жүрегінен жыр төгіліп тұрғанымен, поэзияда бағын сынаған емес. Басқа салалардың бәрінде де ешкім Әуезовпен тең келе алмайды. Әрі талай жанрға алғаш жол тартқан пионер де сол. Әрі сол жолды әлемдік ұлы арнаға жеткізіп берген кемеңгер де сол. Осы заманғы әдеби дамуымызды сара жолға салып, ауытқытпай келе жатқан құбылнамамыз да сол. Адастырмай келе жатқан бағдарша­мымыз да сол.

Біз кездегі: “Осыншама өліп-өшіп ұлықтайтындай, осыншама не бітіріп еді?” – дейтін кергіме керауыз сұраққа жауап іздесек, айтарымыз мынау: туған әдебиеттері үшін Сервантес, Шекспир, Бальзак, Диккенс, Теккерей, Толстой, Достоевский, Тагор мен Кавабата не бітірсе, Әуезов те қазақ әдебиетінде дәл соны бітірді. Өз ұлтын адамзатқа тегіс танымал, рухани туысқан етсе, ұлттық әдеби дамуымызды әлемдік биікке алып шығып, қазақ сөзі мен қазақ пікірін жалпы адамзаттық мәшурада алғаш рет паш етті. Бұл үшін басымызды оған жерге жеткенше қалай имейміз?!

Адам ретінде ол бар болғаны 64 жыл өмір сүрді. Алапат талантына жалпақ әлемді мойындатып үлгерсе де, өз қауымын түгел мойындатып үлгере алмады. Жазушы ретінде жүз он жыл өмір сүріп отыр. Суреткерлік бітіміне сынық сүйем ақау түскен жоқ. Қазіргі қазақ қауымы Әуезовті аузына алалық түспей, түгел мойындайтын алғашқы ұрпақ. Бұған қалай тәубе демейміз?!

Бар болыңыздаршы... бар болайық­шы, бауырлар!

Туған елімізді, жерімізді, тілімізді өліп-өшіп сүйіп өтуде Абай жолынан, Әуезов жолынан айнымайықшы, ағайын!



Авторы: Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат