Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-10-05:

ЫнтымаҚтастыҚ шекарадан басталады

 

Аталмыш форум өзара тәжі­рибе алмасу мен екі елдің байла­ныстарын нығайтып, кәсіп­орын­дар арасындағы тиімді әріптестік қарым-қатынастарды дамыту мақсатында осымен төртінші рет өткізіліп отыр. Мұның алдында ең алғашқы форум 2003 жылы Ресей­дің Омбы, одан кейінгісі Челябі қалаларында өтсе, өткен жылы ол Батыс Қазақстан облысының ор­талығы Орал қаласында өткізілген болатын.

Қазақстан басшысы форум ая­сындағы алғашқы жұмыс сапарын Новосібір облыстық әкімшілігі ғимаратында орналасқан арнайы техникалық күзет және шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған құралдар қойылған  бірлескен көрмедегі бұйымдарды тамашалаудан бастады. Осы жерде Нұрсұлтан Назарбаев көрмедегі Ресей кәсіпорындары шығарған өнімдермен танысты.

Бұдан соң Елбасы Ресей Феде­ра­циясының Президенті Владимир Путинмен шағын құрамда кездесу өткізіп, екі елдің шекаралық өңірлерінің арасында қалыптасқан сауда-экономикалық қарым-қатынастар жайын талқылады. Кездесу аяқталысымен екі ел президенттері Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңірлері бас­шыларының форумына қатысты. Форумда сөз алған Ресей Прези­денті В.Путин басқосудың мән-маңызына жан-жақты тоқталып, екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықтың және сауда-экономикалық байланыстардың қазіргі барысы туралы баяндады. В.Путин бүгінгі таңда Қазақстан­мен өмірдің барлық салалары бойынша тығыз ынтымақтас­тықтың қалыптасып отырғанын, Ресейдің біздің елімізді өздері үшін ең сенімді серіктес деп білетінін айта келіп, осы іскерлік қарым-қатынастардың жыл сайын жаңа сатыға көтеріле беретініне сенім білдірді.

Үстіміздегі жылдың 7 айында екі ел арасындағы тауар айналымы 9 миллиард АҚШ долларына жетіп отыр. Оның сыртында білім және ғылым, мәдениет пен спорт, денсаулық сақтау мен халықты әлеуметтік қорғау, темір жол және басқа да маңызды салаларда тиімді байланыстар орнығып келеді. Астрахань облысында Қазақстан мен Ресей үкіметтері басшыла­рының қатысуымен күні кеше ғана Қиғаш өзені үстінен өтетін кө­пір­дің ашылуы осы айтыл­ғандарға нақты мысал бола алады.

Бұл көпір Орталық Азия мен Таяу Шығыстың Ресеймен, Еуропа және Кавказ елдерімен көлік қатынастарын орнатуына мол мүмкіндік береді, деп атап өтті Ресей Президенті. Көршілес екі елдің теңбе-тең қатысуымен салынған көпірдің өткізу қабілеті тәулігіне 7,5 мың көлікті құрайды. Ол екі ел арасындағы тауар айналымы көлемін арттыруға да барынша жағдай жасайтын бола­ды. В.Путин келешекте де екі елді байланыстыратын жолдар салудың жалғаса беретінін, атап айтқанда, таяудағы бес жыл ішінде үш автомобиль жолы мен бір темір жол құрылысының жүргізілетінін жеткізді. Форумда Ресей басшысы қоршаған ортаны қорғау тұрғы­сында Орал және Ертіс өзендерін ластанудан қорғау бағытында да бірлескен жұмыстар жүргізу қажеттігін атап көрсетті.

Қазіргі таңда Қазақстан мен Ресей дамудың жаңа сатысына көтерілді, деп бастады Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің форумға қатысушылар алдында сөйлеген сөзін. Біздің елдеріміздің арасындағы байла­ныс­тар барған сайын нығая түсу­де. Бүгінде Қазақстан индустрия­лық-инновациялық даму бағдар­ламасын жүзеге асыруды қолға алып отыр. Елдегі ғылыми жетіс­тіктердің нәтижесінде “Қазсат” жер серігі ұшырылды, бұл бағыт­тағы жұмыс болашақта да жалғаса бермек. Екі ел арасындағы көлік, мұнай-газ, денсаулық сақ­тау, халықты әлеуметтік қорғау, энергетика және қоршаған ортаны қорғау бағыттарында атқарылған жұмыстарға тоқтала келіп, Қазақ­стан басшысы қарым-қатынас­тардың барынша қарқын алуына кедергі келтіріп отырған жәйттерге де назар аударып өтті. Осы орайда Н.Назарбаев Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданында біздің еліміз арқылы өтетін Ертіс өзеніне экологиялық нұқсан келті­ретін жұмыстар жүргізіліп жатқа­нын, бұл проблеманы Қазақстан мен Ресейдің Қытай жағымен бірлесе отырып шешуі қажеттігін айтты. Сол сияқты Орал өзенінің ахуалы да көңіл көншітерліктей емес, бұл орайда да екі ел алдында шешімін күткен міндеттер баршы­лық. Елбасы өз сөзінде екі ел ара­сындағы автомобиль және темір жол қатынастарының да ойлаған­дай бола алмай отырғаны­на назар аударды. Осы ретте Елбасы Қа­зақстанның Шығыс Қазақстан облысы мен Ресейдің Алтай өл­кесін жалғайтын 40 шақырым жолды салу керектігін де айрықша ескертіп өтті. Энергия көздерімен қамтамасыз етуде Атырау және Самара облыстары бойынша да қыруар жұмыстар күтіп тұр. Қазақстан Президенті егер Ресей тарапынан тиісті іс-шаралар қолға алынбайтын болса, бұл істі біздің еліміздің жеке атқарып шығаты­нын хабарлады. Елбасы форумда айтылған ұсыныстар мен ескерт­пе­лердің тиісті дәрежеде шешім табатынына сенім білдіріп, ол үшін бірлескен жұмыстарға тың серпін беру қажеттігін атап көрсетті.

Осы орайда Қазақстан басшы­сының форумда сөйлеген сөзіне ресейлік журналистердің айрықша ынта білдіргенін де айта кету қажет. Олар Н.Назарбаевтың әрбір сөзін ықылас қоя тыңдап, естіген­дерін сол бойда түрлі байланыс құралдары көмегімен өз редакция­ларына жөнелтіп жатты.

Сонымен бірге форумда Ресей­дің өнеркәсіп және сауда министрі – Үкіметаралық комиссияның тең төрағасы Виктор Христенко, “Даму және сыртқы экономика­лық қызмет банкі” мемлекеттік корпорациясының төрағасы Вла­димир Дмитриев, Федералдық Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының бірінші орынбасары – Шекара қызметінің бастығы Владимир Проничев және Орынбор облысы­ның губернаторы Алексей Черны­шев сөз сөйледі. Ал Қазақстан жағынан Индустрия және сауда министрі – Үкіметаралық комис­сияның тең төрағасы Ғалым Оразбақов, Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары –  Шекара қызметінің директоры Болат Зәкиев, Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, “Қазақстанның Даму банкі” АҚ президенті Асқар Сембин сөз алып, өз ойларын ортаға салды.

Форум соңында Нұрсұлтан Назарбаев келесі басқосуды алдағы 2008 жылдың қыркүйек айында Қостанай қаласында өткізуді ұсынды. Бұл ұсыныс жиынға қаты­сушылар тарапынан қолдау тапты.

Басқосу қорытындысында бірқатар құжаттарға қол қойылып, меморандум қабылданды. Олар­дың қатарында Қазақстан Респуб­ликасы Үкіметі мен Ресей Феде­рациясы Үкіметінің арасындағы теңіз көлігі саласындағы ынты­мақтастық туралы келісім, Қазақ­стан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы 2008-2011 жылдарға арналған эконо­микалық ынтымақтастық туралы келісім, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы шекара­лас өңірлерінің ынтымақтастығы туралы келісім, Қазақстан Респуб­ликасы мен Ресей Федерация­сындағы мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық туралы келісім, Қазақстан мен Ресей кеден қызметтерінің 2008 жылға арналған ынтымақтастығының негізгі бағыттары туралы хаттама, Қазақстан Республикасы Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі және “Қазақстанның Даму банкі” АҚ пен Ресей Федерациясы Новосібір облысы әкімшілігі және “Даму және сыртқы экономикалық қызметтер банкі” мемлекеттік корпорациясы арасындағы ын­тымақтастық туралы келісім, “Самұрық” мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдингі” АҚ пен “РУСАЛ” ААҚ арасындағы меморандум бар.

Форум аясында Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңірлері тауар өндірушілерінің көрмесі – “Сібір жәрмеңкесі” жұмыс істеді. Бұл көрмеге біздің еліміздің 7 облы­сынан 36 компания қатысты. Олардың қатарында мәшине жасау, металлургия, аспап жасау, құрылыс материалдары және азық-түлік кәсіпорындары бар. Сонымен бірге форум шеңберінде Новосібір өлкетану мұражайында “Қазақ халқының мәдениеті” атты көрме ұйымдастырылды. Онда қазақ халқының дәстүрлі және қазіргі заманғы бұйымдары қойылыпты. Мұражай қорынан алынған осынау бұйымдарды Омбы мемлекеттік университетінің тарихи-өлкетану экспедициясы бір кездері Новосібірдің қазақтар көп қоныстанған аудандарынан жина­ған көрінеді. Бұл жерде де қандас­т­арымыз аз емес. Бірақ, уақыттың тығыздығына байла­нысты, өкініш­ке қарай, олармен кездесе алма­дық. Ал жалпы, 1989 жылғы санақ бойынша РСФСР-де 635900 қазақ болса, 1989-1998 жылдар аралы­ғында Ресейдегі қандастарымыз­дың саны 68800-ге кеміпті.

Бүгінде Қазақстан Респуб­ликасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ынтымақтастықтың өмірдің барлық салалары бойынша дамып келе жатқанын осы өткен форумның жұмысы тағы да дәлел­дей түсті. Ресей ТМД мемле­кеттерінің ішінде Қазақстанның ең сенімді әріптесі болып табылады. Оған екі ел арасындағы тауар айналымының жыл өткен сайын өсіп келе жатқаны да  айғақ бола алады. Қолда бар мәліметтерге қарағанда, биылғы жылдың 7 айы ішінде Қазақстан мен Ресейдің арасындағы тауар айналымы        9 млрд. АҚШ долларын құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 40 пайызға өскен. Жыл соңында бұл көрсеткіш 16 миллиард АҚШ долларына жетеді деп күтілуде. Осыған қарап-ақ Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңірлерінің екі елдің сауда-экономикалық қарым-қатынас­тарын дамытуға қаншалықты деңгейде септігін тигізіп жатқанын нақты көруге болады.

Қазіргі кезде екі елдің шекара­лас өңірлері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жоғары деңгейде. Ресейдің 88 өңірінің 74-і Қазақстанмен іскерлік байланыстар орнатқан. Шекаралық өңірлерде 300-ден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Ал Қазақстанда Ресейдің 70-тен астам өңірінің экономи­калық мүдделері көрініс тауып отыр. Ресейдің Сібір Федералдық округіндегі субъектілер де осындай екі жақ үшін де тиімді байланыс­тарға қызығушылық танытуда. Соның ішінде Омбы, Новосібір, Кемеров, Иркутск облыстары мен Алтай және Краснояр өлкелері, Хакас Автономиялы Республикасы біздің елмен тығыз қарым-қаты­нас­тар орнат­қан. Индустрия және сауда министрлігінің мәліметінше, қазір Қазақстанда Ресеймен бірлескен 1100 кәсіпорын тіркелген. Олардың жарғылық қоры 250 млн. АҚШ долларынан асады. Қазақ­стан экономиканың өсу жағ­дайына байланысты Ресейге түсті металлургия, мәшине жасау, ауыл шаруашылығы, құрылыс мате­риалдары, жоғары технологиялық құрал-жабдықтар мен басқа да өнеркәсіп өнімдері бойынша басым бағыт беріп отыр.



Авторы: Дастан КЕНЖАЛИН – Новосібірден. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат