Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-10-09:

Ел қорғау – ердің міндеті

 

Қала шетінде орналасқан №6679-әскери бөлім­шеге ертеңгілік ертерек келдік. Бойға сергектік біті­рер таңғы салқын ауа. Айнала тып-тыныш. Жұ­мыс­қа баратын уақыттары жақындаған кезде ғана ояна­тын қала тұрғындары әлі таңғы тәтті ұйқы құша­ғында. Шырқы бұзылмас тыныштық күзетінде жүр­ген жас сарбаздар таңмен таласа тұрып, әртүрлі дене жаттығуларын жасап, таза ауада бой жазып жүгіріп, шынығып жүр. Енді бір уақ қаздай болып тізіліп: “Сапқа тұр! Оңға, солға бұрыл! Түзу!” – деген қазақ тілінде берілген әскери бұйрықтарға сай саптың сынын бұзбай, асханаға қарай бет алып бара жатты.

Ел газеті “Егеменнің” беттерін құр жібермей оқып, әскери бөлімде өткізілетін мере­келік шара­лар­ға, жиындарға, байқауларға шақырып, сарбаз­дардың өнерін көріңіз, келіңіз деп жүретін әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқық­тық жұмыс жөніндегі орынбасары, майор Сәкен Сүлейменовті бұрыннан білетінбіз. “Биылғы жылы біздің №6679-әскери бөлімге 40 жыл толады.  Оның өткені мен еліміздің тыныштығын қорғап жүрген ішкі әскерлердің өмірі жайлы газеттеріңізге жаз­са­ңыздар”, –  деп өтініш жасап жүрген еді. Сол екі арада әскерилер, сарбаздар өмірі туралы газет тапсырмасына орай мақала жазу керек болып қалды да Сәкеннің өтіні­шінің де сәті түсе кетті. “Бізге ертерек келіп, бәрін өз көзіңізбен көргеніңіз жөн бо­лар еді” деген болатын  ол телефон арқылы сөйлескенімізде. Айтқанындай-ақ, бөлім­ге барғанда әскерлердің ертеңнен кешке дейінгі көзімізге беймәлім қыр-сырларына қаныққандай әсерде қалдық. Сарбаздар тамақтанатын үстел басында олармен бірге таңғы оразамызды аштық. Май жағылған жұмсақ нан, қант қосылған ыстық шәй ішіп, сарбаздардың дәмді ботқасынан ауыз тидік. Таңертең­нен түскі ас мәзірін дайындауға кіріскен аспаздарды, тап-таза асхана ішін көріп, жауынгерлердің қарны тоқ, көңілдері жайлы екен деп ой түйдік. Сәлден соң майор Сәкен Сүлей­ме­нов­ке еріп, №6679-әскери бөлімнің күнделікті тыныс-тіршілігімен танысуға шықтық.

 

Тәртіп саптан басталады

 

– Әскер қатарына келген жас сарбаздармен және келісім-шарт бойынша қызмет етіп жүрген әскери қызметшілермен үнемі сырласып, әңгіме­лесіп отырмай болмайды. Мұның жақсы мысалын, өзімізге де тиер пайдасын күнделікті қызметімізде көріп, байқап жүрміз. Сонда сарбаздардың жеке ой-танымын, жауынгерлік қызметті атқаруға деген көңіл-күйлерін, көзқарастарын дер кезінде біліп, әрқайсысын танып-біліп алуға әбден болады. Сарбаз әскери қатал тәртіпке сапта қаздиып тік тұру басталған алғашқы күннен-ақ үйренеді. Әскери Жарғы талаптарын орындау – бұл үлкен тәрбие болып табылады, – деген майор Сәкен Сүлейменовпен біздің әңгімеміздің осылай басталғанының себебі де бар еді. Бұдан үш-төрт жыл бұрын №6679-әскери бөлімнің аты естілсе болды, қала жұртшылығы қарадай дүрлігісіп қалатын. Сол жылдары әскери бөлімнен ел алдындағы борышын атқарып жүрген сарбаздардың қызмет орындарын тастап кетіп қалатындары жайлы хабарлар жиі естілетін. Жергілікті қалалық газеттер мен телеарналар сол кезде сарбаздардың қашып кеткендері жайлы оларды осы күннің боевиктеріне теңеп,  басбұзарлар ретінде көгілдір экраннан көрсететін. Әскери бөлімдегі мұндай жағдайлар жиі қайталана берген соң біз де “Сарбаз әскерден неге қашады?” деген мақала жазып, мәселенің мәнісіне үңілген едік. Жауынгерлері бірінен соң бірі жағымсыз оқиғалардың “кейіп­кер­лері” болған 2003 жылы әскери бөлімді майор Ақи­қат Жұмаханов басқарды. Бір ғана сарбаз Дмитрий Гайворовскийдің қатысуымен болған кинодағы боевик көріністері сияқты оқыс оқиға әлі күнге дейін қала жұртшылығының есінде қалды. Естуімізше, кешкілік патрульдік кезекшілікте жүрген полиция дүкенде автоматпен тұрған жауынгерді көріп қалады. Күзет орнын тастап бір сәтке дүкенге темекі алу үшін жүгіріп кірген сарбаз полицияны көріп “бұлар менің соңымнан қуып келген екен” деп күтпеген жерден өзінше қорғануға мәжбүр болады. Сол екі арада сатушыларды кепілдікке алады. Өмірде мұндай аяқ асты пәлеге ұрындыратын кездейсоқ оқыс оқиғалар көп. Сөйтіп, әскери міндетін атқарып бітуіне небәрі екі-ақ ай қалғанда “Қайсар” медалінің иегері сарбаз Дмитрий Гайворовский сотталып кете барды да, қарауыл басындағы күзет орнын “тастап кетіп қалған “қашқын сарбазды” “қолға түсірген” полиция инспек­торлары бірінен соң бірі марапаттауларға ұсынылып жатты... Осы оқиға жайлы сол кезде әскери міндет­­терін өтеп жүрген сарбаздармен сөйлескен кезімізде бәрі де Дмитрий жайлы жақсы пікір білдірген еді... Гайворовский оқиғасы “сәтті” аяқталысымен-ақ, көп ұзамай-ақ Василий Приходко деген сарбаз қызмет орнын тастап қашып кетті деген хабар ду ете қалды. Ол да тергеу жұмыстары аяқталысымен темір тордың ар жағынан барып бір-ақ шықты. Әскери бөлімшедегі жағдай енді орнығып, қалыпты жағдайға түсетін шығар деп жүргенде автоматын “құшақтаған” сарбаз Рысбек Қалмимағанбетов қарауыл орнын таста кетіп қалады. Рысбектің түсіне Маңғыстаудағы Түпқараған ауылындағы апасы кіріп: “Балам, ауырып жатқан маған бір келіп қайтпайсың ба?” – деген көрінеді. Сол-ақ екен ол ауыл қайдасың деп кетіп қалмақшы болады. Ақыр соңында Рысбек жүйке ауруларын емдейтін аурухана түсті...

  Ел тыныштығын қорғап, әскери міндеттерін өтеп жүр деген жас сарбаздардың әскер қатарынан қашып-пысқандары әрине балалары енді ғана әскер қатарына баратын ата-аналар, қарапайым жұрт­шылық арасында үрей тудырды. №6679-әскери бөлім үшін 2003 жыл жақсы атақ әпермеді. Жас сарбаз­дардың әскери өмірге бейімделіп қалып­тасуындағы басты бағыт-бағдар тәрбиелік-құқықтық жұмыстардың әлсірегені осындай жауапсыздыққа әкеліп соқтырды. Полк командирі, майор Ақиқат Жұмаханов ақыры қызметімен қош айтысты.

 

Сарбаз әскерден неге қашады?..

 

– Ал қазір жағдай орнықты. Әлгінде өзіңіз айтып өткен мысалдар жалғыз біздің №6679 әскери бөлімде емес, негізінен алғанда осы тектес жайсыз әңгімелер бірді-екілі болсын өзге өңірлерден де естіліп қалатын. Елдің тыныштығын қорғайтын Ішкі іскер құрамаларына нақтылай көңіл бөліне бастады. Бұл жер-жердегі әскери бөлімдердің барлық жағынан алғанда жұмыстарының жақсаруы­на игі әсерін тигізуде, – деді майор С.Сүлейменов арамыздағы сарбаздар тақырыбындағы әңгімесін одан әрі қарай жалғастырып.

Сарбаздардың әскери міндеттері жауаптылықты, ептілік пен қырағылықты, сақтықты, керек кезінде өжеттікті қажет ететін аса жауапты қызмет. Біз ертеле­тіп келген бұл әскери бөлімнің негізгі қызметі – ауыр қылмыс жасап, жазасын өтеп жатқан сотталғандарды қажет жағдайда көлікпен тасымалдап апарып-алып келу, ерекше бақылауға алу, күні-түні қырағылықпен кү­зету болып табылатын еліміздің Ішкі істер министр­лігіне қарайтын Ішкі әскерлер құрамасы қатарына жатады. Осындай аса жауапты қызметте әскери міндеттерін өтеуге келген сарбаздарға дұрыс жағдай жасап, әскер егемен ел қорғаны деп қарайтын түсінік қалыптасқанша да біраз уақыт өтті. Егемен ел болып өз әскеріміз, өз қарулы күштеріміз қайтадан қалыптасқанша оның барлық қиындығы әскерге келген қатардағы жай сарбазға тигені рас. Әскерді өмір сүріп отырған ортадан бөліп тастау әсте мүмкін емес. Осыдан үш-төрт жыл бұрын №6679-әске­ри бөлімінде өз міндеттерін өтеп жатқан сарбаздардың хал-жағдайларымен танысуға келгенімізде, олардың жергілікті қоғамдық ортадан алыстап, сарбаздардың әлеуметтік жай-күйлерімен қатар, ішкі тәрбиелік, мәдени және демалыс өмірлері назардан тыс қалғанын көрген едік. Бірнеше жыл казармаларда жөндеу жұмыстары болмаған. Сарбаздардың беті-қолдарын жуатын, жуынатын орындарының әбден тозығы жеткен еді. Жататын жерлеріне жаңбыр мен қар жауған сайын су тамшылап тұрды. Сонымен қатар, қарауылға арналған бөлмелер тар болды. Бір бөлмеде отыз сарбаз демалатындықтан дұрыс жағдай болмай, әбден мазалары кетіп жүрді. Ал жалпы №6679-әскери бөлімнің құлдырауға кеткен мұндай жағдайларының бір себебі де болу керек шығар. Әскери бөлімді 1990 жылы подполковник А.Истомин, одан кейінгі жылдары полковник Б.Әбдіхалықов, полковник Е.Тұрсынханов, майор А.Жұмаханов, полковник А.Омаров жетекшілік етсе, бұл күндері подполковник Арман Жұмағалиев басқарып отыр. Жоғарыдағы офицерлердің көбі бір-екі жылдан ғана әскери бөлімді басқарып, кейбірі шендері жоғарылап, өзге жаққа кетіп отырыпты. Әскери шеннен бұрын әскери бөлімнің талай жылдардан бері көлеңкеде қалып келе жатқан әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын ойлау басты қағидат екені ұмыт қалыпты. 2004 жылы полкты басқаруға келген полковник Асхат Омаровтың сарбаз әскерден неге қаша береді деген сауалдың түбіне көзі жеткендей болды. Соның нәтижесінде бөлімнің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жартылай болсын сәл-пәл ретке келтірді.

Казармаларға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Суық соғып, аңырап тұратын терезелер жабылды, төбеден су ақпайтын болды. Тәрбиелік мәні бар, демалыс уақыт­тарын көңілді өткізуге арналған жұмыстар қолға алына бастады. Қазір әрбір ротада теледидар, бейне­маг­ни­то­фон­дар бар. Әскери бөлімнің жағдайы енді оңалып, іс оңға басады-ау деп жүргенде сарбаз өліміне әкеп соқ­тырған тағы да бір жайсыз оқыс оқиға болды. Сөй­тіп, полковник Асхат Омаровтың полкты басқарғанына бір жыл өтпей жатып, ауыс-күйіс болды да, бөлімді басқаруға енді подполковник Арман Жұмағалиев келді.

Алғашқы кездері Маңғыстау, Қызылорда жақтан келетін бір топ жасты Павлодарда қарсы алатын әскерилердің кейбірі ауыл балаларының тілін түсініп, болмысын білмеді. Сарбаз ылғи қазақ баласы да, үйретушілері де, мәдени іс-шаралардың басы-қасында бұрыннан қызмет етіп келе жатқан орыс тілді офицерлер, қызметкерлер болып түсінбестік орын алғандай еді. Полковник Асхат Омаров сарбаздың әскерден қарны ашқанынан я болмаса әлімжеттілігінен емес, ең бастысы қатал тәртіпке сай тәрбие мен түсіністік болмаған соң барып ауыл жаққа қарай ықтай беретін себебін түсінді. Өзі ауылда өскен командир барлық орынбасарларын қазақ, орыс тілінде жетік сөйлейтін, ауыл балаларының мінез-құлқын, болмы­сын білетін жаңа әскери мамандармен ауыстырды. Ал­ғашқы кездері бұл әскери бөлімге келетін жасөспі­рім­дердің дені – Маңғыстау, Атырау, Ақтау жақтан, ішінара Қызылорда, Жамбыл, Шымкент облыстарынан келді. 2004 жылы күзде бірінші рет 160 сарбаз еліміздің әр түкпірінен жиналды. Неге?.. Бұдан бұрын Маң­ғыстау­дың құмында өскен ауыл балалары Павлодарға әскери міндеттерін өтеуге жіберілген көрінеді. Бірыңғай бір ауылдан  жинап әкелінген жастардың бір жерде әскери міндеттерін атқаруы осы топқа өзге облыстан келіп түскен екінші бір топпен жерлестік бөлініске түсіп, тіпті кейбір сарбаздармен сөйлесіп, сыр бөлісетін орта таба алмай қалуы да салқынын тигізген еді. Өткен заманда тіл білмесе де ауыл балалары КСРО-ның түпкір түпкіріне барып қайтты. Еліміздің қай түкпіріне барса да – егемен елімізді қорғау, Отанын қорғау – үлкен парыз екені белгілі.

 

Елді ауыл балалары ғана қорғап жүргендей

 

№6679-әскери бөлімін басқарып отырған подполковник Арман Жұмағалиевпен таныстық. Көлеңкелі кабинетінде шәй ішіп отырған командир қазақша сөйлеуге шорқақтау, көп сөзге жоқ, томаға-тұйық көрінеді. Барлық сұрақтарыңызға жауап беретін адам қасыңызда жүр ғой дегендей тәрбие және әлеуметтік-құқықтық тәртіп жөніндегі орынбасары, майор Сәкен Сүлейменовті нұсқады. Ал атына заты сай Сәкен сияқты жігіттер біздің әскер қатарына, жас сарбаздардың қалыптасып кетулеріне өте керек. Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында туып-өскен жігіт Сәбит Мұқанов ауылынанмын деп ерекше мақтаныш етеді. Әдебиетке құмар, шежірелі тарихымызды жақсы білетін, қазақы мінезді жігіт. Әскер қатарына ауылдан келген сарбазды Сәкен сияқты ауылда өскен азаматтар түсініп, тәрбиелей алады деп ой түйдік. Әскери бөлімнің ауласы әлі жөнделе қоймапты. Сарбаздардың жүріс-тұрысына, сапқа тұруларына қолайлы болу үшін жасалған Кеңес өкіметі кезінен қалған асфальт төселген аула ішілік айналма жолдар, алаңдар тозып, тастары шығып жатыр. Сарбаздың аяғына киетін бәтеңкесі мен етігін ұзаққа шыдатпайтын түрі бар. Әскери бөлім алаңы мен ауласын әртүрлі сырмен сырлап, бояп көз тартатындай етіп жасауды әлі қолға ала қоймапты. Сарбаздардың күнделікті жүретін бұл жолдары бір қарап қалсаң рух беретін, намысыңды оятатын халқымыздың айбатты батырларының суреттері Бөгенбай, Қабанбайдан бастап бірінен соң бірі ілініпті. Кіреберістен-ақ, жаңа келген жас сарбаздың көңіліне көңілсіздік ұялатпайтындай, әскери бөлім екені байқалатындай бұл жерді жайнатып ұстау үшін ұқыпты қолдың қолдауы, назары жетпей тұрғандай. Ертеңгі күні беті аулақ, тағы бір сарбаз қашып кететін болса, оларды қаралауға, ғайбаттауға дайын тұрамыз. Қызықты суреттемелер жазып, телеарналардан жарыса көрсетеміз. Ал оның әскери бөлімнен өз бетімен не себепті қашып кететін себебіне үңілмейміз. Тәртіп пен тәрбие, талап болмаған жерде еркінсудің, өз бетімен кетіп қалушылықтың орын алатынын жоғарыда біз жазған мысалдардан көруге болады. Әскери бөлімнің ішкі әлеуметтік жағдайына, мемлекеттің тыныштығын қорғап жүрген сарбаздардың рухани-мәдени тіршіліктеріне, темірдей қатаң әскери тәртіптің орындалуына, тәрбиелік демалыс уақыттарының үнемі назарда болуы керек екенін енді ұққандай болдық.

Біз казарманы аралап сөйлескен сарбаздардың ішінара бірді-екілісі қала баласы болмаса, көбі ауылдан келген балалар болып шықты. Алматы облысы, Ұйғыр ауда­нынан келген Аринжан Инепахунов пен Рашид­дин Камунаров әскери бөлімінің 5-ші рота бой­ынша үздік сарбаздары екен. Дәулет Егем­бер­диев Оңтүстік Қазақстан облысы, Шұбар ауы­лы­нан, Амангелді Қажауұлы Алматы облысы, Райым­бек ауданынан келіпті. Енді жақсы жұмыстары­мен көзге түсер деп отыр­ған, бұрын артта қалып келіп жатқан 5-ші ротаға жас офицер Бауыржан Барышев тағайын­далыпты. Ауыл балаларының арасында қаладан деп атап өткен екі сарбаздың бірі Асқар Оспанов Көкшетаудан, Амангелді Құспанов Орал қаласынан келіп әскери міндеттерін өтеп жатыр... Ер-азамат болған соң ел қорғау —  ердің міндеті деп түсінген жасы 22-ге толған Асқар экономикалық колледж бітіріп келіпті. Әскери өмірді көру, қатал тәртіпті бастан өткеру әрбір жас жігітке өмірдің қиындығына төселу, шыңдалу үшін қажет деп санайды ол. Кіл қазақ сарбаздарының арасында Алексей Лаждаев және Дмитрий Большаков деген орыс балалары жүр. Кейбір сарбазбен әңгімелесе қалсаңыз, әлі балалық еркеліктері қалмай жүргендері байқалады. Үйді, ауылды, апамды сағындым деп қалады мұңайып. Алғашында бәрінен қиыны таңертең ерте тұру болды, ал қазір үйрендік қой деп отырған әскери тәртіпке шыңдалған сарбаздарды да көріп қуандық. Ал біз әңгімелескен кейбір жауынгерлер: “Ауылда жұмыс жоқ, жұмыссыздық жайлаған соң, екі қолды қалтаға салып, әке-шешемізге масыл болғымыз келмейді, әскери өмірде ысылып, өмірге жолдама берер деп келдік”, дейді. Әскерден соң барып, оқуға түсіп, жұмыс тауып, үйленіп, отбасын құрамыз деп сенеді. Әкімдікке, сот, прокуратура жоғары оқу орындарына, мектептерге бара қалған кезде естімейтін қазақ тілінің мәртебесін, мемлекеттік тілдің дауысын әскери бөлімдегі сарбаздар биікке көтеріп тұр екен. Ал біздерді қаладағы әр үйдің кіре берістерінде топ-топ болып ұйлығып жүрген балалар жергілікті әскери комиссариаттың есебіне алынбайтыны ойлантады. Бара-бара елімізді ауылда өскен балалар ғана қорғайтын түрі бар.

 

Майтабаннан сарбаз шыға ма?

 

Биылғы жылдың наурыз айында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлер комитетінде болып, аталмыш құрылымның қызметімен танысып қайтыпты. Осы кездесуден соң өткен алқалы жиында ІІМ Ішкі әскерлер қолбасшысы, генерал-майор Қайырбек Сүлейменов Үкімет басшысына әскерлердің жауынгерлік қызметтерінің іс-әрекеттері жөнінде “Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың “2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік даму бағдарламасы” туралы баяндама жасады. Яғни, осы бағдарламаға сәйкес ішкі әскер құрылымдарын оңтайландыру, лауазымдарды келісім-шарт қызметі­мен толықтыруды ұлғайту, жауынгерлік дайындық­ты күшейту, әскери құрамалар мен бөлімдердің техникалық және тыл жабдықтарын жетілдіру, ішкі әскердің сапалы жаңа құрылымдарын жасақтау мәселесі сөз болды. Әскер өмірінде жақсы нәтижелерге жол ашатын мұндай реформаның басталуы, әрине, әскерилер үшін көптен күткен қуаныш еді. Енді қазақстандық әскери басқару жүйесін жетілдіру, техникалық жабдықтауды нығай­ту, әскери мамандарды даярлаудың жаңа тәсілі, осы заманғы оқу-тәсілдері, әскерилердің әлеуметтік-тұрмыстық өмірлеріне деген көзқарас жақсаратын болады. Кеңестік жүйеден кейін тәуелсіз елдің әскері болып қайта құрылған қазақстандық әскердің алдында жаңа заманға сай өзіне тән құрылымдары мен өзгешеліктері осылай бір ізге түсіп реттеліп келеді. Әскер мәселесін бес саусақтай білетін мамандардың көбейіп келе жатқаны да жүргізіліп жатқан реформалардың жақсы жемісі деуге болады. Білімді, тәрбиелі, білікті жақсы офицер ғана сарбазды ел қорғайтын сарбаз етіп шығарады. Қазірдің өзінде подполковник Арман Жұмағалиев басқаратын полк бұл реформалардың алғашқы нышандарын сезіне бастады. Полк еліміздің ішкі әскерлері құрамалары қатарында алға шығып, әскери дайындық барысы сарбаздардың қызметі мен тәртібі жағынан 2006 жылдың қорытындысы бойынша  3-орынды иеленді. Ал майор Сәкен Сүлейменов болса ішкі әскер қолбасшысы Қ.Сүлейменовтің бұйрығымен өз қызметін адал атқарғаны үшін және әскери бөлімде мемлекеттік тілді іске енгізуге қосқан үлесі үшін арнайы дипломмен марапатталды.

Жуырда ғана әскери бөлімшенің құрылғанына 40 жыл толуы салтанатты түрде атап өтілді. Ең бастысы – әскери бөлімдердегі тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстарды әлсіретпеу болып отыр. Әскер бөлімінің жеке құрамынан бұрын бүкіл бір рота сарбаздарды, бір сарбазды тәрбиелеп, тәртіпке үйрету де оңай емес. Әскер қатарына кей-кезде денсаулығы дұрыс тексерілмеген майтабан балалар жіберілетін жайлар да кездеседі. Ал май­та­бандардың аяқ­та­ры қарауылда күзетте ұзақ тұруға шыдамайды. Күзет орны болған соң қарусыз бол­майды. Кейбір сарбаздардың денсаулықтарының сыр бергені байқалса болды, оларға қару да беріл­мейді. Ал арала­рын­дағы батыр сарбаздар оларға үлгі. Ел тыныштығын қорғауда сержант Т.Әуел­бе­ков, қатардағы жауынгер­лер Д.Иманов, Ж.Кәрімов, Н.Шең­гелбаевтар түрмеден қашпақ болғандарды ұстауда ерекше қырағылық көрсеткендері үшін 2-дәрежелі “Қайсар” белгісімен марапатталды. Жа­қында ғана қатардағы жауынгерлер Д.Өтеш, С.Қы­зылов, А.Шаханов, Н.Жұры­нов, Б.Дәрібаевтар қа­рауылдағы күзет орындарында қашқындарды бөгеп қырағылық көрсетті. Әскери бөлімде подполков­никтер Р.Яку­бов, С.Түйбаев, майорлар В.Тюкавкин, К.Окасов, капитан Б.Барышев, лейтенанттар Ж.Мә­житов, Б.Бөлежанова, прапорщиктер И.Нимзорова, А.Мосолов, А.Сокол, А.Қайыповтар жаңадан қатарлары толығып қалыптасқан ұжым да тату-тәтті қызмет атқаруда.

 

Сөз соңы

 

Біз №6679-әскери бөлім сарбаздарымен қош айтысып, түстен кейін қалаға қарай жолға шықтық. Қайтарда әскери бөлім басшылығы орналасқан төрт қабатты үйдің қабырғасына жазылған мына өлең жолдарына көзіміз түсті:

Отан менің туған жерім, мекенім,

Отан десе төбем көкке жетеді,

Есте ұстасын әскердегі жас ұрпақ,

Елін қорғау – ер міндеті екенін! – деп әдемілеп жазып іліп қойыпты.

Ал, әскери бөлімнің 40 жылдық мерейтойы күні жергілікті ақын-сазгер Мейрам Ермекбайұлы “Алға сарбаздар!” атты арнайы осы №6679-әскери бөліміне өлең жазып беріпті. Ғасырлардың куәгері, батырлардың мұрагері сарбаздар деген сөздері бар бұл жырды қазір әскери бөлім түгелімен жаттап алуға көшіпті.

Майор Сәкен Сүлейменов мектеп қабырғасында жүріп дұрыс тәрбиеге көнбеген, патриоттық рух бойына сіңбеген, ел мен жердің кадірін түсінбеген кейбір жасөспірімдердің ертеңгі күні әскер қатары­на келетіні өздеріне көп қиындық тудыратынын айтып қалды. Сондықтан да еркін жүріп қалған олар­ды темірдей тәртіпке, саналы тәрбиеге үйрет­пей болмайды. Ал бір жылдары облыстардың бірі­нен шақырылған 25 жасөспірімнің баспасөз бет­терінен, телеарналардан қашып-пысып жүрген сар­баздар жайлы оқып әскер қатарына барғылары кел­меген көрінеді. Ал қазір бұл жағдай өзгерді. Жас­өспірімдерде ондай қорқыныш жоқ. Ертеңгі күні әскер қатарына баратын балалар енді ғана мектепте алғашқы әскери дайындық сабақтарына қатыса бастады. Бұрынғы уақытта қазақ ер балаларына кішкентайынан қолына садақ, найза беріп өсірді. Сондай ұрпақ жетіліп қайтадан ұлттық тәрбие жан­дана бастаса, босбелбеу балалар саны азаяр еді, деп майор Сәкен Сүлейменов әңгімесін аяқтады.



Авторы: Топтаманы дайындаған Павлодар облысындағы тілші Фарида БЫҚАЙ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат