Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-10-17:

МҮДДЕЛЕСТІК ТҮСІНІСТІККЕ ЖЕТЕЛЕУІ ТИІС

Каспийдің құқықтық мәртебесін айқындауға қатысты тағы бір қадам жасалды

 

Бес мемлекет – Қазақстан, Ресей, Иран, Әзірбайжан және Түр­кі­мен­стан елдері президенттерінің қа­ты­суымен өткен саммитте ең басты мәселе – Каспий теңізінің құ­қық­тық мәртебесін айқындау талқы­лан­ды және мемлекеттер басшылары осы мәселеге байланысты өз елде­рі­нің ұсыныстары мен пікірлерін біл­дірді. Ал саммит Хавизия сарайында өтті.

КСРО ыдырап, оның құрамындағы одақтас республикалар тәуелсіздік алған соң, республикалардың тәуелсіздігін халықаралық құқықтық тұрғыдан ресім­деу­ге және олардың аумақтық шекара­ла­рын межелеуге байланысты проблемалар туындады. Сол проблемалардың ең бас­ты­сы, әрі күрделісі – аумағы 440 мың ша­қырымды алып жатқан әлемдегі аса ірі құр­лықішілік су айдыны – Каспий теңі­зі­нің құқықтық мәртебесін белгілеу болды.

Көпшілік қауымға белгілі, 1991 жылға дейін Каспий теңізі тек екі елге тиесілі болып келген болса, енді оның су айдыны бес мемлекет – Қазақстан, Ресей, Иран, Әзірбайжан және Түркіменстанның жа­ға­лауларын шайып жатыр. Осылайша жаңа тарихи, саяси болмыста Каспий теңізінің айдыны мен қайраңын ұлттық сектор­лар­ға өркениетті жолмен бөлудің жаңа ха­лық­аралық құқықтық негізін жасаудың қажеттілігі алдымыздан шықты. Ал Каспий­дің бұрынғы құқықтық режімі 1921 жылғы ресейлік-персиялық және 1940 жылғы кеңестік-ирандық шарттармен белгіленген еді.

Бұл құжаттар Каспий жағалауындағы бес мемлекеттің арасындағы қатынастар­ды реттеу үшін қандай да бір негіз қыз­ме­тін атқара алмайды. Осы тұста оның бір­неше себептерін келтіре кетуді жөн санап отырмыз. Бірінші – аталған құжат­тар­дың тараптары КСРО мен РСФСР бо­лып табылады. Бұлар қазір халықаралық құқықтық субъектілер ретінде өмір сүр­мей­ді. Сондықтан Каспий теңізінің құ­қық­тық мәртебесін Каспий жағалауы мем­лекеттерінің арасындағы жаңа шартта белгілеу және бекіту қажет. Екіншіден, жоғарыдағы шарттарда Каспий теңізі бой­ынша бұрынғы одақтас рес­публикалар ара­сындағы шекараға қандай да бір сіл­те­ме жасалған жоқ. Үшіншіден, аталған шарт­тар сауда мақсатында теңізде жүзу және балық аулау мәселелерін ғана реттейді.

Қайраңында мол мұнай-газ қоры бар Каспийдің құқықтық мәртебесін айқын­­­дау бес мемлекет арасында көптен бері көте­ріліп келеді. Ондағы байлықтан қо­мақ­ты үлес алу оның жағалауындағы ел­дер­дің басты мақсаты екендігі жасырын емес. Өйткені, сарапшылар талайлар көз тігіп отырған Каспий қайраңынан көмір­сутегін өндіру жөнінде әлемде Таяу Шы­ғыс­тан кейін екінші орын алады деп ай­ту­да. Міне, осындай болжамдар мен пі­кір­лер Каспий теңізінің құқықтық мәр­тебесін белгілеуге кедергі келтіріп отыр.

Деректерге сүйенетін болсақ, Каспий теңізінің жаңа құқықтық мәртебесін ай­қын­дау мәселесі 1992 жылдан басталған. Теңіз жағалауындағы бес мемлекет ара­сын­да өзара келіссөздер жүрген. Бұл Каспий проблемасын шешудің бірінші кезеңі деп аталады. Одан кейін де аталмыш мәселеге қатысты басқосулар өтті. Олар негізінен таза теориялық мәсе­лелер болды. Ал Каспий проблемасын шешуге жанды ықпал еткен мезгіл 1994 жыл дегеніміз жөн. Осы жылы Әзірбай­жан Каспий қайраңындағы өзінің бө­лі­гі­нен мұнай кен орындарын игеруге ар­нал­ған “Ғасыр келісіміне” қол қойды. Міне, бұл теңіз ресурстарын тәжірибелік тұр­ғы­дан игерудің басталуына қатысты келіс­сөз­дер үдерісінің жандануына арқау болды.

Каспий проблемасына байланысты әр деңгейдегі кездесулер өткені белгілі. Солардың ішінде 1998 жылғы шілдеде Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге са­пары барысында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Каспий теңізі солтүстік бөлігінің қайра­ңын межелеу туралы келісімге қол қойы­луының мәні зор. Өйткені, бұл келісім қа­зақ­стандық дипломатияның қажырлы ең­бе­гінің арқасында дүниеге келді. Келісім­нің маңыздылығы – еркін кеме қаты­на­сын, су айдынында балық аулау норма­ла­рын, сондай-ақ қоршаған ортаны қор­ғауды жүзеге асыруды реттеуге бағытталды.

Жалпылай алғанда, Каспий теңізі жа­ғалауындағы мемлекеттер арасында теңіз­дің құқықтық мәртебесін айқындауға қа­тыс­ты ұстанымдары әлі бір арнаға то­ғыс­қан жоқ. Қазақстан мен Ресей, сондай-ақ Қазақстан мен Әзірбайжан арасында бұл мәселеде жақындаушылық бар. Ал Иран болса, бірлесіп басқарудың құқық­тық режіміне артықшылық бере отырып, теңіздің түбі, қалыңдығы, су беті бойынша бөлуді ұсынады. Яғни, Каспий бес мемлекетке 20 пайыздық тең үлеспен бөлінуі керек дегенді алға тартады. Иран­ның бұл ұсынысы өзге мемлекеттерді қанағаттандырып отырған жоқ.

Егер Каспий теңізін Иран ұстанымы бойынша 20 пайыздық үлеспен тең бөлетін болса, ол теңізде қалыптасқан тарихи және саяси болмысты бұзуды білдіреді, әрі бұл идея ай­мақтағы жалпы жағдайды тұрақсыз­дан­ды­руға соқтыруы мүмкін. Ал әлемдік тәжі­рибеде жалпыға бірдей қабылданған орта сызық бойынша су кеңістігін бөлу қағидатын басшылыққа алатын болсақ, Каспий теңізінің бүкіл аумағының 29 пайызы Қазақстанға, 21 пайызы Әзірбай­жан­ға, 19 пайызы Ресейге, 17 пайызы Түр­кіменстанға, 14 пайызы Иранға тиесілі болуы тиіс.

Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындау мәселесінде өзге мемлекет­тер­дің ұстанымы қандай? Қазақстанның пози­циясы 1982 жылғы теңіз құқығы жө­нін­дегі БҰҰ конвенциясы негізінде Кас­пий­дің қайраңын орта сызық бойынша межелеп, ені 12 мильге дейін аумақтық теңіз­ді және келісуге жататын балық аулау аймағын белгілеуді ұсынады. Сонымен қатар, теңіз жағалауындағы мемлекет­тер­дің саяси және экономикалық мүдделерін тиімді қамтамасыз ету мақсатында осы аймақтарда тиісті режімдерді анықтау қажет деп есептейді. Оның мәнісі мынада: аумақтық тұтастық пен шекаралардың мызғымастығы Каспий өңірінде қауіпсіз­дікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұған қоса балық аулау мен биоре­сурс­тарды пайдалануды лицензиялауды және квота белгілеуді ұсынады.

Әзірбайжан болса, 1982 жылғы теңіз құқығы жөніндегі БҰҰ конвенциясында бекітілген, халықаралық әдістемеге сәйкес орта сызық бойынша ұлттық секторларға толық бөлуді жақтап отыр. Ресей де Кас­пий­ді жетілдірген орта сызық бойынша теңіз түбін ұлттық секторларға бөлу пози­ция­сын ұстанып келеді. Ал Түркіменстан теңіздің барлық қайраңын, су қалың­ды­ғын және су бетін бөлу керек деп есептейді.

Каспий теңізі жағалауындағы бес мемлекет басшылары аталған мәселеге байланысты осымен екінші рет бас қосып отыр. Алғашқы саммит 2002 жылдың сәуірінде Ашғабад қаласында өткен бола­тын.

Жергілікті уақыт 10.00-ді көрсет­кен­де, Қазақстан, Ресей, Иран, Әзірбайжан және Түркіменстан мемлекеттерінің прези­денттері Шебастан залынан орын алды. Алдымен әр елдің мемлекеттік ән­ұра­ндары ойналды. Артынша Каспий жаға­лауындағы елдер туралы бейнер­олик­тер көрсетілді. Содан кейін қасиетті Құран оқылды. Осы көріністердің бар­лығы үш-төрт минөтке ғана созылды.

Осыдан кейін саммитке төрағалық етуші Иран Ислам Республикасының Пре­зиденті Махмуд Ахмадинежад саммит жұмысын ашты және әріптестері мен қатысушыларға Каспий теңізінің құқық­тық мәртебесін айқындаудағы Иран тара­пы­ның ұстанымы мен ұсынысын ортаға салды.

Иран саммитті өткізіп отырған ел болған­дықтан, Иран Президентінің бірін­ші болып сөз алуы орынды. Ал қаріп түзі­лі­мі бойынша екінші болып Әзірбайжан Рес­публикасының Президенті Ильхам Әлиев сөз сөйледі.

Бұдан кейін Қазақстан Республикасы­ның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз алып, Каспий теңізінің құқықтық мәрте­бесін айқындау жөніндегі мәселеге Қазақ­стан ұсынысын білдірді. Осыдан бес жыл бұрын, 2002 жылдың сәуірінде Ашғабадта Каспий жағалауындағы мемлекеттердің бесжақты бірінші саммиті болды, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Ол біздің елдердің алдағы ынтымақтастықты дамытуға жасаған маңызды қадамы еді. Осы жылдар ішінде Каспий теңізінің құқық­тық мәртебесі туралы келіссөздер үдеріс­тері­нің айтарлықтай ілгері жылжуы бай­қалды. Біз осы кездесуде тұрақтылықты, экономикалық және мәдени байланыс­тар­ды, сондай-ақ өзара сенімді қамта­масыз етуге бағытталған бесжақты қарым-қатынастарды дамытудың жаңа кезеңі басталды деген сенімдеміз.

Қазақстан Президенті атап өткендей, Каспий теңізінің айдынын қорғау жө­нін­дегі Рамалық конвенцияға қол қойылып, күшіне енуі ерекше жағдай болып табы­лады. Бұл – бесжақты уәжде қабылданған алғашқы құжат. Оның негізгі мақсаты – теңіз қайраңынан көмірсутегі ресурстарын игеру барысында ондағы табиғи байлықты қорғау мақсатында экологиялық қауіп­сіз­дікті қамтамасыз ету. Қазақстан басшысы бұдан соң, Каспийдің құқықтық мәр­те­бе­сіне байланысты біздің еліміздің ұстаны­мын жеткізді. Атап өткендей, Каспий акваториясының ішкі суларын, теңіз аумағын, балық аулау аймақтарын және судың жалпы кеңістігін бөлу. Ал теңіздің қазіргі аумақтық межесі мемлекеттік шекаралар болып табылуы қажет.

Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде, сондай-ақ теңізде бекіре аулау квотасы­ның қазіргі қолданыстағы механизміне келіспейтінін де білдірді. Елбасының атап көрсетуінше, бүгінде Каспийден бекіре аулаудағы квотаның 45 пайызын Иран, 27 пайызын Ресей алып отыр. Ал қалғанын Қазақстан, Әзірбайжан және Түркімен­стан өзара бөлісуде. Бұл осы үш елдің экономикалық қажеттіліктеріне жауап бермейді. Осыған байланысты Қазақстан Президенті квота бөлу мәселесін қайта қарауға Түркіменстан мен Әзірбайжан тараптарын қолдау білдіруге шақырды.

Президент, сонымен қатар Каспий қайраңына қатысты проблемалардың Қа­зақстан, Ресей және Әзірбайжан арасында оңтайлы шешіліп келе жатқанына да тоқ­талды. Бұл теңіздің солтүстік бөлігіндегі мұнай-газ қорларын игеруге қатысты. Оның халықаралық құқықтық базасын қа­лыптастыру осы аймақта тартымды және тұрақты инвестициялық ахуал қа­лыптастыруға ықпал етеді. Қазақстандық тараптың пікірінше, балық аулау аймағы биологиялық ресурстарды пайдалану сала­сында мемлекеттердің қажеттілігін қам­та­масыз етуі қажет. Каспий жағалауындағы елдер ашық теңізде еркін кеме қозғалы­сын және квота негізінде лицензияланған балық аулау құқығын иеленуі тиіс.

Каспий жағалауындағы мемлекеттер­дің ішкіқұрлықтық құқықтары туралы ереже Каспий теңізінің құқықтық мәр­тебесі туралы конвенцияда айқын көрініс тапқаны жөн. Елбасы бұған қоса Каспий кен орындарынан көмірсутегін белсенді игеру басталарда онда көмірсутектерін тасымалдау жобаларын жүзеге асыру алдағы жұмыстарға байланысты екендігін атап өтті. Осы мақсатта мемлекеттердің экономикалық мүдделерін ескере отырып, тұрба құбырларын төсеуде оның өтетін аумағын сол елдің тиісті органдарымен бірлесіп қарастыру керектігін ұсынды. Қазақстан Каспий теңізі аймағында көр­шілік қарым-қатынастарды қамтамасыз етудегі өзінің саясатына сенімді, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Теңізде қауіпсіздік пен тұрақтылықты және сенімді нығай­ту­ды көздеген саммиттің қорытынды декларация жобасы біздің белсенділігіміз­ді көрсетеді. Оның контексіндегі Кас­пий­ді демилитаризациялау басымдыққа ие үлгі болып табылады. Сондай-ақ, Прези­дент қазіргі кезде Каспий теңізінде әскери-теңіз қызметін шектеуді ұсынды.

Қазақстан Каспий аймағындағы ел­дер­мен әртүрлі саладағы әріптестікті те­рең­детуді қалайды, деді Мемлекет басшы­сы сөзінің қорытындысында. Біз осындай мүдделестікті Каспий теңізі бойындағы елдерден, көршілес мемлекеттерден де кө­ріп отырмыз. Сондай-ақ біз Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы жобаны тездетіп аяқтауды күтеміз. Бұл құжат Каспий теңізіне байланысты мә­селелерді тиімді шешуге мүмкіндік береді. Біз теңіздің құқықтық мәртебесін ай­қын­дауда өзіндік орны бар Арнайы жұмыс тобы сарапшыларының жұмысын оң баға­лаймыз. Қазақта: “Ынтымақ түбі – бір­лік”, деген мақал бар. Біз күш біріктіре біл­генде ғана Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындау жөніндегі күткен нәтижеге жете аламыз.

Келесі кезекте Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин мен Түр­кімен­стан Республикасының Президенті Гурбангулы Бердымұхаммедов сөз сөйлеп, мәселеге қатысты өз елдерінің ұсыныс­тарын білдірді.

Ресей Президенті Владимир Путин осы саммитті ұйымдастырған Иран бас­шы­сына рахмет айта келіп, Каспий теңізінің мәртебесі туралы декларация жобасына өз пікірін білдірді. Оның атап өтуінше, Каспий мәртебесін айқындау ай­мақтағы көптеген проблемаларды шешеді. Ең бастысы, елдердің тиімді ынтымақ­тас­тық жасауына жол ашады. Бүгінде Каспий мәселесін шешу оның жағалауындағы мемлекеттер сыртқы саясатының негізгі басымдығы болып отыр. Каспий теңізі 5 мемлекетті біріктірумен қатар байла­ныстыруға қызмет етуі тиіс.

Ғасырлар бойы теңіз маңындағы біз­дің ата-бабаларымыз онда кеме жүргізіп, балық аулап келді, деді В.Путин. Каспий құқықтық мәртебесі туралы декларация жобасында осы жай да қарастырылған. Сондықтан 5 елдің Каспий айдынында жүретін кемелері осы елдердің туларымен жүргендері дұрыс деп санаймын.

Сондай-ақ В.Путин Каспийде “Кас­флот” деп аталатын өзара жедел іс-қимыл жасайтын бірлескен әскери-теңіз тобын құруды ұсынды. Бұған мысал ретінде Қара теңіздегі әскери теңіз флотын келтірді. Әрі қарай Ресей Президенті Солтүстік-Оңтүстік халықаралық көлік дәлізі жобасын жүзеге асырып, Каспий­ден Қара теңіз және Азов теңізіне шыға­тын канал жобасының өміршең екенін атады. Бұл жобалар Қазақстан мен Ресей арасында талқыланған.

Ал Түркіменстан Президенті Гур­бан­гулы Бердымұхаммедов Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы декларация жобасын негізінен қолдайтынын айта келіп, Ашғабад Каспий мәселесін шешуге ұйытқы болғанын жеткізді. Түркіменстан Президентінің атап өтуінше, декларация жобасында Каспийдің геологиялық қор­ларын пайдалану, кеме қатынасын жүр­гізу, туризм және ондағы көмірсутектерді пайдалану жөнінде 5 мемлекет нақты жобалар дайындау қажеттігін алға тартты. Түркіменстан Президенті жоғарыда аталғандарды бірлесе отырып дайындаған жөн деген пікір білдірді. Ал Түркіменстан Каспийдің құқықтық мәртебесін айқын­дауда оған қатысушы барлық елдердің эко­номикалық мүддесін халықаралық құ­жаттар негізінде қарастыруды қалап отыр.

Мемлекет басшылары ретіне қарай сөз алып, Каспий теңізінің құқықтық мәр­те­бесін айқындауға қатысты өз ұсыныс­тарын осылайша ашық түрде ортаға салды. Саммит отырысының нәтижесінде Қазақстан, Ресей, Иран, Әзірбайжан және Түркіменстан президенттері көптен бері үлкен проблемаға арқау болып келе жатқан құжаттар – бес мемлекеттің қорытынды декларациясына және Қазақстан, Иран және Түркіменстан арасындағы бірлескен декларацияға қол қойды. Сөйтіп, Теһран саммиті Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқын­дауға тағы бір негізгі қадам жасады.

Отырыстан кейін мемлекеттер басшы­лары саммит отырысының нәтижесі туралы қысқаша мәлімдемелер жасады. Ал түстен кейін Иран Ислам Республи­ка­сының Президенті М.Ахмадинежад Каспий теңізі жағалауы мемлекеттері бас­шыларының құрметіне ресми қабылдау жасады.



Авторы: Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ – Теһраннан. Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат