Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2006-01-11:

ИНАУГУРАЦИЯ

 

Халықтың ұлы!

Ақмаңдай, асыл, марқасқа,

Жандауа іздеп жалына оттың жармасқан.

Мойнында бүкіл арманы елдің…

Нұрсұлтан –

Тағдырға серт боп сілтенген нағыз алдаспан.

 

Сергелдең сәтте суырылып сардар, сой тұрар,

Ұлтының ұлы мұраты – мәңгі ой-шынар.

Қиында қорғап, сындарда Сізді жебеген,

Ертеңге деген үміті елдің – бойтұмар.

 

Уақыт-мұхит төсінде шалқар қос айдын –

Ізгілік пенен игілік мәңгі жасайды.

Тағдырдың өзі толғатып тарих төрінде,

Елдіктің атын, ерліктің атын қашайды.

 

Адамзат тарихының көне қайнарларынан бастау алып, бүгінге жеткен дәстүрлердің бірі – ел билігінің тізгінін қолға ұстаған тұлғалардың ант беру рәсімі. Бұл қоғамдық санада билікке киелі сипат беріліп, билік иесіне елдің иесі ретінде қарау көзқарасы орнығуына орай дүниеге келген. Жаратқанға жалбарыну (қазіргі кезде Құранға, Інжілге қол қойып тұрып ант беру салтында көрініс тапқан), халыққа ант беру (қазіргі кезде Конституцияға қол қою және Парламент алдында ант беру салтында көрініс тапқан) арқылы ел билеу құқына ие болғандар өз мойындарына айрықша жауапкершілік алып отырғандықтарын, қашан да тек ел мүддесіне қызмет ететіндіктерін білдіреді.

Бұл рәсім – ел мен басшы арасындағы қоғамдық келісім-шартты әйгілеу іспеттес. Осыған орай әдетте салтанатты жағдайда өтіп, тарихи оқиғалар қатарына қосылады. Елдің елдігі танылатын ерекше жұлдызды сағаттардың бірі саналады. Ұзақ тарих көшінде түрлі даму кезеңдерінен өтіп, әр халықтың этно-мәдени болмысына тән ерекшеліктермен әдіптелген саяси салт-жораларға айналған.

Президент инаугурациясы – солардың бірі. XVІІІ ғасырда дүниеге келген бұл саяси термин латын тілінен аударғанда “тұсаукесер”, “қыз­метке кірісу” деген ұғымдармен астасып жатыр. Елбасын ұлықтау дәстүрі ретінде орныққан бұл рәсімнің бастауын әдетте Америка Құрама Штаттарының президенті Джордж Вашингтон­ның есімімен байланыстырады.

АҚШ-тың тұңғыш президентінің инаугу­ра­циясы 1789 жылдың 30 сәуірінде өтті. Бұл ел басшысының қызметке кірісу салтанаты ғана емес, жаңа мемлекеттің пайда болғанын жа­риялау рәсімі де еді. Сондықтан оған дайындық жұмыс­тары аса қызу тартыс жағдайында жүр­гізіл­ді. Конгресс әрбір ұсақ-түйегіне дейін елеп-екшеп, қатаң тәртіп жасауға барынша күш-жігер жұмсап бақты. Кім қай жерде, қалай тұруы керек, кім қай жерде отыруы керек, кім не сөйлейді дегендерге дейін пысықталды.

Жаңа мемлекетті жария ету жөніндегі ресми рәсімнің негізгі кейіпкері ретінде президентке елдіктің символы деп қарау басты маңызға ие болды. Тіпті президент Дж. Вашингтонды ресми түрде қалай атау керек деген мәселенің өзі аса қызу мемлекеттік дауға айналды. Сенат “Жо­ғары мәртебелі Құрама Штаттар президенті және оның құқықтарының протекторы” деп атау керек деген шешім қабылдап жіберді. Пре­зиденттің жақын серіктерінің бірі, кейін өзі де президент болған Мэдисонның көп күш-жігер жұмсауының арқасында ғана демократиялық байламға келуге мүмкіндік туды. Ол өкілдер палатасының мүшелерін ел басшысының ресми атауы “АҚШ президенті” болсын деген ұйғарымға әзер көндірді.

Американың тұңғыш президенті алдын-ала бел­гіленген ресми тәртіпті мүлтіксіз орындауға ты­рысты. Түс әлетінде Федерал-Холл сарайы­ның балконына көтерілді. Қасында – Нью-Йорк штатының канцлері Р.Ливингстон. Әскери киім киіп, қарына семсер ілген. Патриоттық се­зім­дерін ашық білдіріп, көтеріңкі көңіл күймен қарсы алған көшедегі қалың көпшілік алдында ант сөздерін айтып шықты. Дәлірек айт­қанда, канцлер оқыған ресми мәтінді қайта­лап тұрды. Содан соң ұсынылған Інжілге ернін тигізді.

Рәсімнің келесі бөлігі Үлкен залда жалғасты. Сенатта президент қызметіне кірісер алдындағы ресми сөзін ортаға салды. Ол жиырма минөтке со­зылды. Конституцияға өзгерістер енгізу (кейін­­гі “Құқықтар туралы билл”) қажеттігі ту­ра­лы және жергілікшілдік ауанынан арылып, мем­лекеттік мұраттар мүддесіне жұмыла қызмет ету керектігі жөнінде айтты. Жаңа мемлекетке Жа­ратқан жар болып, дамудың дұрыс жолына са­ларына сенетіндігін бірнеше рет қайталады. Тек мемлекет мүддесіне қызмет ететіндігіне серт берді.

Сенаттың әсіресақтық жасап, хаттама жүр­гіз­беуі салдарынан инаугурация туралы еш жазба қалмады. Тарихшылардың талғажау етіп жүргені – тек сенатор У.Маклейдің жазбалары. Ол рәсімнің өте жүрек толқытар жағдайда өткенін жа­зады. Президент те ерекше толқу үстінде бол­ды. “Осынау ұлы адамның өзі (Дж. Вашингтон – Е.Ш.) бұрын-соңды ешқашан оқ пен оттың ара­сында, қылыш пен семсер ұшында асып-сас­па­ған ержүректігінен жаңылып, қатты толқыды” – деп жазады. Сенаттың ресми құт­тық­тауынан кейін жауап сөз алған Дж. Вашинг­тон орнынан тұрып “…қамзолының қалтасынан қағазын алды. Көзілдірігі – төс қалтасында, қалпағы – сол қолында, оң қолында – қағазы. Екі қолы да бос емес. Көзілдірігін қалай алуды білмей қи­на­лысқа түсті. Ақыр аяғында өйтіп-бүйтіп, әй­теуір көзілдірігінің футлярын камин тақтасының үстіне қойды. Тағы бірер қиналыстан соң, әупірімдеп барып көзілдірігін мұрнының үстіне қондырып алды да, баяндама мәтінін барынша дәл, бірақ сәл салқынқандылау түрде оқып шықты”, – деп суреттейді.

Ал америкалықтардың жадында қалып, ұрпақтан-ұрпаққа киелі ұрандай ұласып келе жатқан – мұның бірі де емес, жаңа мемлекеттің тұңғыш президентінің ант сөзіндегі “Жаратқан жар болғай маған!” деген сөз. Оны содан бері барлық АҚШ президенттері қайталап келеді. Ол президенттік ант мәтінінің міндетті ресми фрагментіне айналды.

Қазір дәстүрге айналған рәсімді отшашумен және би кешімен аяқтау салты да – сол алғашқы инаугурациядан сақталып қалған үлгі.

1937 жылдан бері бұл ресми рәсімді тұрақты түрде 20 қаңтарда түс әлетінде өткізу әдетке айналды. Капитолийде президент инаугурация­лық сөз сөйлейді. Содан кейін мемлекет бас­шысының кортежі Ақ үйдің алдына келіп тоқ­тайды. Онда әскери парад қабылдау салтанаты өтеді. Инаугурация кезінде президентпен бірге АҚШ-тың Жоғарғы сотының төрағасы да ант береді. Қазір инаугурациялық бал кештері қатарынан бірнеше күнге созылады. Президент пен оның зайыбының атынан ұйымдасты­рылады және олар аз уақытқа болсын сол кештерге бас сұғып шығуы тиіс.

Дж. Вашингтон президент лауазымын ұлы мәртебе ретінде ұлықтауға ерекше көңіл бөлген. Ол мұны президенттің беделін көтеріп, мерейін өсірудің бір жолы деп есептеген. Жаңа мемлекет құру кезінде жасалған алғашқы қадамдардың бәрі болашақ дәстүрлердің іргетасына айнала­ты­нын ерекше есте ұстаған. “Қазір біздің жағ­дайымызда болашаққа негіз қалау басты мақсат бол­ғандықтан, мен оның берік қағидаттарға сәй­кес жүйеленуіне бар жан-тәнімді саламын”, – деп қасындағы әріптес серіктеріне ашық айтатын.

Сол тұрғыдан президенттің символдық тұлға ретіндегі образын сақтауды айрықша парыз сана­ған, оның көпшілік алдындағы іс-әрекетінің бәрін бел­гілі бір тәртіпке келтіріп, реттеуге ұмтылған. Мы­салы, азаматтарды қабылдау рәсімі былайша жоралғыланды. Президент ешкімге өз аяғынан бар­майды. Қабылдауына тек ресми адамдар мен көрнекті тұлғаларды ғана шақырады. Кездесу кезінде қол алысылмайды. Алалық болмас үшін бұл дағды ең жақын достарымен дидарласу кезінде де бұзылмаған. Қабылдау аптасына бір рет жүр­гізіледі және тура бір сағатқа ғана созылады. Киім киісі қашанда бір үлгіде болуға тиіс (...қара барқыт костюм киіп, қалың опаланған қайратты шашын ар­тына қарай қайыра жиып, жібек қалтаға түйіп қою­шы еді. Қолына сары қолғап киіп алатын. Маң­дайшалы және қара қауырсынды ақ жолақ қал­пағын қолына ұстап тұратын, шалбарының балағы түседі, одан әрі – жібек шұлық пен күміс белдікті башмақтар. Сол бүйірінде – жарқыраған ұзын болат семсері, оның қынабы – жылтыр ақ теріден жасалған. Үстіндегі қымбат шәйі қам­золынан болат семсерінің бір бөлігі шы­ғып, көрініп тұрады. Қашанда каминге ар­қасын беріп, есіктен кіріп келе жатқан адам­ға тура қарап тұрады. Жақындағанда әнтек қана бас иіп, құрмет рәсімін жасайды).

Дж. Вашингтон өзінің президенттік қыз­метінің алғашқы бір жарым жылын Нью-Йоркте өткізді. Одан кейін 1800 жыл­ға дейін АҚШ-тың астанасы Филадельфия қаласы болды. Тұңғыш президент кейін өз атымен аталған жаңа астананың құрылысы салынатын орынды да өзі таңдады. Оның саздауыт жер, масасы көп, ауа райы қолайсыз өңір екеніне қараған жоқ. Фран­цуз сәулетшісі Ш.Л’Энфанды қасына алып, болашақ қаланың жобасын өз қолымен сызысты. Ол жаңа астана тарихта Петербург­тан кейін екінші болып, өзен жағасындағы мүлдем айтақыр орында бой көтеріп жатқанын мақтан тұтқан көрінеді.

Жаңа сайланған мемлекет басшысын ұлықтаудың америкалық үлгісі әртүрлі деңгейде әлемнің басым көп мемлекетінің инаугурациялық хаттамасының негізін құрайды. Әсіресе, Латын Америкасы елдерінде. Салтанатты рәсім ұлттық парламент сарайында өтеді. Президент халқына, мемлекеттің Ата Заңына адалдыққа ант береді. Парламент төрағасы оған қасиетті билік нышаны – ұлттық ту түстеріне сәйкес түрлентіп тігілген алқалы лента ұсынады. Одан кейін балконға шығып, жиналған жұртшылық алдында ресми сөз сөйлейді. Бүкіл салтанат бойы бұрынғы президенттер мен вице-президенттер, жаңадан сайланған вице-президент қасына еріп жүреді.

Еуропа мемлекеттерінде де инаугурация салта­нат­ты түрде өтеді. Францияда әйгілі Елисей са­райы жасандырылады. Онда алдымен конститу­ция­лық кеңес басшысы жаңа сайланған прези­дент­тің атын атап, оған елдегі ең жоғары билік рәмізі – “Құрметті Легион” орденінің Үлкен алқа­сын табыс етеді. Грекия, Италия, Ирландия сияқ­ты дінге мәртебе берілген елдерде, оған қоса, Інжіл­ді немесе кресті сүю салты ресми рәсім­дел­ген. Ал Ұлыбритания, Ватикан сияқты мемле­кеттер бұл орайда, негізінен, өте ертеден келе жатқан өз салттарын сақтайды.

Ел басшысының жоғары лауазымды қызметке кірісу салтанаты Еуропада тарихы терең саяси дәстүр екеніне 1836 жылы Прагада өткен Чех королі Бесінші Фердинандтың инаугурациясы туралы сақталған деректер куә. Салтанат астанада ғана емес, бүкіл елде аса кең ауқымда, әрі бірнеше күнге созылған шараларға ұласқаны айтылған. Олар арнайы даярланған. Қалаларда ғана емес, деревняларда да жаппай салтанатты шерулер ұйым­дастырылып, әр өлкенің өз тарихи-этногра­фиялық ерекшеліктеріне негізделген ұлттық өнер мен сән фестиваліне айналды. Жалпыхалықтық “полька” биі бүкіл елге тарағандығы туралы алғашқы деректер сол салтанаттар жайлы жазбаларда кездеседі деп көрсетеді ғалымдар.

Президент инаугурациясы Азия құрлығындағы мем­лекеттердің саяси тәжірибесінде де бар. Ерек­ше­ліктер қатарында мұсылман елдерінде (мысалы, Индонезия) қолға Құран ұстап тұрып ант беруді, дін абызының батасын алуды атауға болады.

Орта Азияның жаңа мемлекеттері мен Ресейде қазір жаңа инаугурация дәстүрлері қалыптасу үстінде. Бұл ретте демократиялық сипаттағы америкалық нұсқаны негізге ала отырып, сонау қадым замандардан бастау алатын елдік салт-жоралғыларды ескеру бағыты байқалады.

Ресей президенті В. Путиннің 2000 жылғы 7 ма­мырдағы жоғары лауазымды қызметке кірісу рә­сі­мі Үлкен Кремль сарайының Андрей залында өтті. Онда Ресей Федерациясының мемлекеттік туы мен президент байрағы, конституциясы, пре­зи­денттік билік нышаны – бірінші дәрежелі “Отан алдындағы еңбегі үшін” ордені әкелініп қойылды.

В.Путин Кремльге салтанатты кортежбен келіп еніп, Кремль Сарайының алдына тоқтады. Геор­гий және Александр залдары арқылы Андрей за­лы­на өтті. Кремль куранттары тура тал түсті соғып жат­қан кезде арнайы әзірленген мінбеге көтерілді. Одан кейін Орталық сайлау комиссия­сының төрағасы оны Ресей Федерациясының президенті етіп жариялау туралы қаулыны оқып, консти­ту­циялық сот төрағасы президентті ант беруге шақырды. В.Путин белгіленген хаттамаға сәйкес конституцияға қолын қойып тұрып, президенттік анттың ресми мәтінін оқып берді. Онда: “Ресей Федерациясының президенті өкі­леттілігін жүзеге асыру кезінде адами және азамат­тық құқықтар мен бостандықтарды құрметтеуге және қорғауға, Ресей Федерациясының консти­туциясын қатаң басшы­лыққа алуға және қорғауға, мемлекеттің егемендігі мен тәуелсіздігін, қауіпсіздігі мен біртұтастығын қорғауға, халыққа адал қызмет етуге ант етемін”, – деген жолдар бар. Орыс тілінде 33 сөзден тұратын бұл мәтін Ресейдің Ата Заңының 82-бабында айқындалып, бекітілген.

 В.Путин ант бергеннен кейін Ресейдің мемлекеттік гимні орындалып, мемлекет басшы­сының Кремльдегі резиденциясының төбесіне президент байрағы тігілді. Одан кейін бұрынғы президент Б.Ельцин сөз алып, жаңа ел басшысына президенттік билік нышаны – бірінші дәрежелі “Отан алдындағы еңбегі үшін” орденін табыстады.

Рәсім аяқталған соң Ресейдің жаңа президенті мен бірінші президенті Собор алаңына шықты. Келесі кезекте президент полкінің командирі В. Путинге рапорт беріп, полк қос президент алдынан салтанатты шерумен өтті. Мәскеу аспанына жаңа президент құрметіне арналған артиллериялық отшашулар атылды. Инаугурацияға бір жарым мыңнан астам адам қатысты.

Қазақстандағы алғашқы президенттік инаугура­ция 1991 жылдың 10 желтоқсанында Алматыдағы Республика сарайында өткені белгілі. Ол өтпелі кезеңге тұспа-тұс келді. Елбасы Конституцияның ескі нұсқасына қолын қойып тұрып ант берді. Төрде әлі Қазақ КСР-інің мемлекеттік рәміздері ілулі тұрды. Бір ерекшелігі – Елбасын ел мақтанына, аузы дуалы абыздарға айналған халық өкілдері құттықтап, ұлттық дәстүрге орай халық ақыны Шәкір Әбенов бата берді. Президент ақ киіздің үстінде тұрып ант берді.

Екінші президенттік инаугурация 1999 жылы жаңа елорда – Астана қаласындағы Конгресс-Холлда ұйымдастырылды. Елбасы өз резиденция­сынан шығып, Орталық алаң арқылы ұзына бойына ақ кілем төселген жолмен жүріп отырып, Конгресс-Холлға енді. Қос қапталда иін тіресіп тұрған жұртшылық өз Президенті Н.Ә.Назарбаев­ты зор қошемет көрсетіп, жарқын патриоттық сезіммен қарсы алды. Конгресс-Холл ішінде ресми хаттамаға сәйкес өткен рәсімге де көптеген адам қатысты.

Инаугурация – тәуелсіздік тарихында Президент Н.Ә.Назарбаев есімімен тығыз байланысты дүниеге келіп, қалыптасып келе жатқан жаңа саяси дәстүр. Сондықтан да оның ресми рәсімдік мазмұны мен формасы ұдайы жетілдіру үстінде. Бұл бағыттағы ізденістер демократиялық жаңа үрдістер мен ежелгі дәстүрлерді, әлемдік тәжірибе мен төл тарихымыздағы тұма-бастауларды қатар өріп қарастыру, сол арқылы осы заманғы мәдени бояуы қанық саяси салт-жора орнықтыруға бағытталған. Ең бастысы, қоғамдық санаға егемендік пен тәуелсіздік рухын барынша тереңдете дарытуға, мемлекетшілдік таным деңгейін көтеруге және шынайы отаншылдық сезімін күшейтуге негізделген жаңа саяси мәдениет негізін қалап, көкжиегін кеңейтуге деген құлшыныс басым.

Мұндай еңселі елдік мұрат – Елбасына ерекше құрмет көрсету жөніндегі төл тарихымызда орын алған ежелгі рәсімдердің дүниеге келуінің де басты себебі болған. Сонау сақ, ғұн, үйсін, көне түркі мемлекеттерінен бастап, кейінгі Қазақ хандығына дейін ел тұтқасын ұстаған дарабоздарды таққа отырғызу дәстүрі уақыт сынынан өтіп, ұрпақтар санасында бүгінге шейін сақталып келеді.

Ол – көшпелілер өркениетінің ең бір жетілдірілген демократиялық үрдістерінің бірі. Сондықтан да кезінде мемлекеттілік идеясының берік тұғырына айналып, билікті елдік мұраттарға тиімді пайдалануға қалтқысыз қызмет еткен. Сол арқылы жаңа билеушінің жоғары мәртебелі құқы заңдастырылып, өз халқының атынан жеке дара билік жүргізуіне жол ашылған.

Ежелгі ел басшысын ұлықтау дәстүрі – бірнеше құрамдас бөліктен тұратын жан-жақты терең ойластырылған ресми рәсім. Оның ресмилігін тек ел билеуші тұлғаларға ғана қатысты және міндетті түрде нәтижелі сайлаулар өткеннен кейін ұйымдастырылатыны айқын айғақтайды. Оның үстіне бүкіл ұлыс көлемінде және мемлекеттік дәрежеде әзірленуі де көп жайды аңғартады. Ресми тәртібі де алдын-ала ең жоғарғы деңгейде бекітілетін болған. Салтанатқа алыс-жақын достас мемлекеттердің басшылары мен басты адамдарын шақыру, бағынышты елдер көсемдерінің адалдық антын қабылдау, құрметті қонақтарға сый-сияпат жасау тәртібі қашан да қатаң сақталған.

Далалық билік жүйесіндегі ең биік ресми лауазым иесі “хан (“қаһан”) деп аталғаны белгілі. Сондықтан мемлекет басшысын таңдау рәсімі “хан сайлауы” делінген. Хан сайлауы, кездейсоқ оқиғаларға орайласып қалмаса, көбіне алдын-ала және жан-жақты мұқият әзірленген. Алдымен өткізілетін мерзімі мен орны белгіленіп, содан соң барша ұлысқа ұлы сауын айтылатын. Ол үшін ұлан-ғайыр өлкенің түкпір-түкпіріне жаушылар жіберілетін.

 Бұл кезде хан тағынан үміткерлер де қарап жатпай, ашық-астыртын жұмыс жасап, тікелей немесе арағайын жұмсап, келіссөздер жүргізетін. Түрлі жолмен сайлауға қатысып, дауыс беретін игі жақсылардың – ру басыларының, беделді батыр-билердің пейілін өздеріне қаратуға тырысатын. Бұл, қазіргіше айтқанда, сайлауға әзірлік және сайлауалды насихат шараларына ұқсас саяси науқанның бір түрі, әрине.

Одан кейінгі кезең – үміткерді немесе бірнеше үміткерді айқындап, оларға дауыс беру рәсімі. Онда да биліктен дәмелі әр түрлі топтардың өз адамдарын ұсынып, олардың қарсыластарының кемшіліктерін көпшілік алдында әшкерелеуге ұмтылуы кең орын алған. Ал мәселе шешіліп, жаңа ел билеуші есімі біржолата анықталған соң, ұлықтау рәсімі басталады.

Бұл ресми рәсім әдетте “хан көтеру”, “ханды таққа отырғызу” және “хан тойы” (ұлыс тойы) деп аталатын үлкен үш бөлімнен тұрған. Алғашқы бөлімде сайлау қорытындысы белгілі болған соң-ақ іле-шала жаңа ханды ақ киізге көтеріп, ел-жұрттан сүйінші сұрау рәсімі атқарылатын. Ұлыстың ұлы жаңалығы осылайша жария етіліп, мемлекеттің түкпір-түкпіріне, көрші-қолаң елдерге жаушылар аттандырылатын. Ел жаңа билеуші үшін Жаратқанға жалбарынып, ақсарбас атайтын.

Одан кейін ресми рәсімнің негізгі бөлігі – “ханды тағына отырғызу” салтанаты өткізіледі. Хан сарайының төрінде – ел туы (хан байрағы), алтын тақ, хан мұрағы (тәж), ханның қамқа тоны мен аса таяғы тәрізді билік нышандары. Елдің ең беделді игі жақсылары салтанатты ашып, жаңа ханға оның жоғарғы лауазымына лайық хан мұрағы мен қамқа тонын кигізу, ел билеушіні алқалап барып алтын таққа отырғызу, оның қолына аса таяқ ұстату рәсімдерін атқарады.

Сайланған хан халқына ант беріп, абыздардың батасын алады, елтұтқалар мен бағынышты жұрттар көсемдерінің, елшілердің ресми ілтипат сөздерін, ақындардың мадақ жырларын тыңдайды.

Ұлықтаудың үшінші кезеңі – ханды бар сән-салтанатымен ақбоз арғымаққа отырғызып, құрметтеуші нөкерлерінің ортасында қалың көпшілік алдына алып шығарудан басталады. Сөйтіп, қырық күнге созылатын ұлыстың ұлы мейрамы – “хан тойы” (“ұлыс тойы”) қызып береді. “Хан талапай” жасалып, хан көтерілген айпара ақ киіз бен оның бұрын киген киімдері киелі мүлік ретінде қыл үстінде бөлініп, таратылады.

Хан тойы қашанда ғажайып ән мен күй жәрмеңкесіне, түрлі өнер сайысының, бәйге мен айтыстың, күш сынасу мен байлық салысудың дағара додасы ретінде ел жадында ұзақ сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа аңыз боп тарайды. Той үстінде талай жаңа таланттардың, Һас батырлар мен орақ ауыз билердің, аузымен құс тістеген бай-бағландардың бақтары жанып, атақ-даңқы алты алашқа жайылып кетеді.

Өз заманының рухы сіңген бұл рәсімдер кезінде ел мүддесіне лайықты қызмет етіп, халықтың бірлігін сақтап, мемлекеттік биліктің ықпалын арттыруға игі ықпал еткен. Бірақ “елу жылда – ел жаңа” дегендей, қай дәстүр де уақыт тезіне түсіп, жаңарып-жаңғырып отырады ғой. Қазір ел басшысының қызметіне кірісуінің осы заманға лайық жаңа ресми салт-жоралғысын жасап, орнықтырудың айрықша маңыздылығы да осыдан туындайды.

Осыған орай бүгінгі Президент инаугурациясына деген қызығушылық тіпті бөлек. Оған әлем көз тігуде. Өйткені бұл маңызды саяси оқиға жас мемлекетіміздің жаңа даму кезеңіне аяқ басуының ізгі нышаны болмақ. Н.Ә. Назарбаевтың кезекті Президент сайлауындағы жеңісі тәуелсіз Қазақстанның қарышты дамуының дәлелі ретінде кең мойындалып, ерекше сенім кепілдігіне айналды. Ұлықтау рәсімі де ел мерейін өсіріп, жас мемлекетіміздің жақсы атын шығарар игі салтанат болады деп күтілуде.

Бұл жолғы Президент инаугурациясының бұрынғылардан ерекшелігі аз болмаса керек. Әзірше ресми рәсімге қатысты “жеті анықтың” басын ашып айтуға болады.

Бірінші анық – инаугурацияның 11 қаңтар күні сәрсенбінің сәтінде сағат түскі 11.00-де басталатындығы.

Екінші анық – Есілдің сол жағалауында бой көтерген жаңа резиденция “Ақ орданың” Үлкен холлында өтетіндігі.

Үшінші анық – ресми рәсімнің ажарын ашып, айбынын асқақтатар мемлекеттік рәміздер қатарында жаңа Гимннің тұңғыш рет шырқалатындығы және оның автор­ларының бірі Президент Н.Ә.Назарбаевтың өзі екендігі, Конституциялық Заң талабы ретінде қатысушылардың Гимн орындалған кезде оң қолын жүрегіне қойып тұратындығы.

Төртінші анық – салтанаттың төрінде Ата Заңымыздың ең құрметті орын алатындығы.

Бесінші анық – Президенттің ант беру рәсімін орындауы. Анттың ресми бекітілген мәтіні төмендегідей: “Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін” (“Қазақстан Республикасының Президенті туралы” Конституциялық заңның 3-бабы).

Бұл – аса терең мағыналы серт. Ақын көзімен оқығанда ойға:

Кең далам, асқар тауым, айдын көлім,

Сен – кием, сен – тұмарым,

сенсің – демім.

Тәу етіп топырағыңа бас иемін,

Жасай бер, жаса мәңгі, Қазақ елі!

 

Жан Отан, жалғыз Отан, ақ бесігім,

Тексізге сені сатқан жоқ кешірім.

Кім келіп, кім кетсе де дүниеге,

Керуені тоқтамасын ел көшінің.

 

О, халқым, арманы – асқақ, айбыны – мәрт,

Тізесі бүгілмеген алдында жат.

Ант етем саған шексіз адалдыққа,

Төріңнен таймасын құт, аумасын бақ! – деген жолдар оралады. Әйтеуір, “Ел және мен” деген жүрек дүрсілі ешкімді де бей-жай қалдырмасы хақ. Заң бойынша Қазақстан Республикасының Президенті өзінің жоғары лауазымды қызметіне Президенттік ант берілген сәттен бастап ресми кіріседі.

Алтыншы анық – Президент Н.Ә.Назар­баев­тың халыққа арнап, бағдарламалық сөз сөйлейтіндігі.

Жетінші анық – ресми рәсім кезінде Елба­сының жеке рәміздері – Президент байрағы, Президенттің омыраубелгісі мен “Алтын қыран” орденінің пайдаланылатындығы.

Қазақстан Республикасының Конституция­сына сәйкес Қазақстан Президенті – халықтың бірлігі мен елдегі мемлекеттік биліктің символы болып табылады. Мұның өзі Н.Ә.Назарбаевтың кезекті сайлаудан соң Қазақстан Республи­касының Президенті қызметіне кірісуіне арналған ресми салтанаттың зор нышандық мәні бар екендігін білдіреді. Оған әлемнің көптеген елдерінің және бірқатар халықаралық ұйымдардың басшылары мен өкілдері келіп жатыр. Халықаралық стандарттар негізінде өткізілетін рәсім Қазақстанды әлемге танытудың тағы бір мүмкіндігі болмақ.



Авторы: Ербол ШАЙМЕРДЕНҰЛЫ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат