Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-11-03:

Әлемдік ғылымға қосылған жаңалық

 

Қай заманда да өз ісіне барынша берілген, заманның қандай дауылы соқса да өз қалауымен арқасына артқан жүкті Махамбет жырлаған кәтепті қара нардай қыңқ етпей алға қарай тарта беретін тұлғалар болады. Ондай тұлғалардың бағасы әсіресе “инемен құдық қазғандай” деп қазақ дәл тауып айтқан ғылым саласында тым жоғары. Олар болашақта алақан­да­рына құйылар ақшаны да, алдарына келер абырой-атақты да ойламайды. Ойлауға мұрша­лары, уақыттары жоқ. Бұндай жандар үшін ең бастысы – жұмысының жанғаны, нәтиже шыққаны. Ал, қалғаны бір Алланың құзырында. Елі еңбегін елеп, марапаттап жатса, “керегі не” демес, бермесе өкпесі тағы жоқ. Дегенмен, ондай еңбек ерте ме, кеш пе өзінің сүбелі бағасын алуы тиіс.

Біз сөз еткелі отырған О.Ба­лабеков, Қ.Исламқұлов, С.Пі­рәлиев, С.Сермаңызов, А.Су­воров және Л.Тәшімов секілді оқы­мыстылар жүзеге асырған “Ағын­дардың құйынды қозғалуы заңдылықтарының ғылыми ашылымдары негізінде тиімділігі жоғары, энергия сыйымдылығы төмен машиналар мен жабдық­тарды жасаудың инновациялық технологияларын дайындау” жұмысы дәл осындай деңгейдегі екі жұмыс болса соның бірі, бірі болса өзі.

Себебі, біріншіден аталмыш жұмыс екі бірдей ғылыми ашы­лымға негізделген. Ашылым, орысша айтқанда, “научное от­крытие” жасау оңай емес. Олар­дың соны дүние екендігі ғылыми ашылымдар авторларының ха­лық­аралық академиясының №144 және №169 дипломдары­мен мойындалған.

Бұл ашылымдарда газ бен сұйық заттардың құйындық қозғалысын көптеген жылдар бойы және жан-жақты зерттеулер нәтижелері келтірілген. Өте жоғары халықарлық деңгейде жүргізілген ғылыми сараптамалар ашылымдардың әлемдік ғылымға қосылған үлкен үлес екенін дәлелдеді. Өйткені, оның екеуі де газ бен сұйықтық механикасының бұған дейін белгісіз болып келген заңдылықтарын ашып көрсетеді. Осы заңдылықтарды білудің арқасында масса мен жылу қозғалысының табиғатын тереңірек түсінуге мүмкіндік туып отыр.

Жалпы, газ және сұйық заттар­дың құйындық қозғалысының табиғаты бұл қозғалыстың өте күрделілігі себепті әлі күнге дейін толық ашылған емес. Толық ашылмағандықтан да адамзат түрлі құйындар мен дауылдардың, тор­надо мен тайфундардың, цунами мен теңіз тасқындарының алдында дәрменсіздік көрсетуде. Өнеркәсіп­тік технологияда үздіксіз дамуда. Дамумен ілесе жүретін жағымсыз көріністің бірі – климаттың жылы­нуы. Жер шарын қоршап тұрған сфераларға бүкіл­әлемдік жылудың әсері күшейген сайын жоғарыда­ғыдай табиғи келеңсіздіктер де жиі­лей түсуде. Сондықтан да ұсыны­лып отырған ғылыми жұмыс газ бен сұйықтың құйындық қозғалы­сын негізге алып, жаңа машиналар мен жабдық­тарды жасау тұрғысы­нан ғана емес, ең бірінші кезекте құйындық қозғалыстың құпиясын ашуға, сол арқылы табиғаттағы апат­тармен күресуге мүмкіндік бере­тіндігі тұрғысынан бағалануы тиіс.

Ұсынылған жұмыс оның ғылы­ми және қолданыс бағасын арттыра түсетін “ғылыми ашылым – жаңа техника жасау – оның құрылымда­ры­ның беріктігін арттыру” ізділігі­мен жүргізілгенін де айта кету міндетіміз.

Ғалымдар өздерінің бұл үлкен еңбегінде бір емес, бірнеше мәселені шешуге қол жеткізе алған. Атап айтар болсақ, олар: метал­лургия, машинажасау, энергетика, көлік, тамақ және мұнай-газ өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешені тәрізді экономиканың көптеген саласында мүлдем жаңа негіздегі тиімділігі жоғары машина мен жабдықтар жасауға қол жеткізуі; термопластикалық және иондық-плазмалық өңдеудің жаңа әдістерін қолдану арқылы жасалған техни­каның беріктігін арттыруы; жылумен өңдеудің жаңа түрлерін жасау арқылы техникада қолданы­латын көп қоспалы қымбат болатты аз қоспалы арзанырақ және көміртекті болатқа ауыстыру.

Ғалымдардың қолымен іске асы­рылған машиналар тетігін беріктендіру және қайта қалпына келтірудің технологиялық процес­тері машиналар мен аппараттар­дың, агрегаттардың тозуға деген төзім­ділігін 2-3 есе, құрылымдық беріктігін 1-2 есе арттырады, түрлі кәсіпорындарда қолданыста бар жабдықтармен термоөңдеуді аса көп қаражат шығармай-ақ жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ал бұның бүгінгі еліміз үшін маңызы зор екені айтпасақ та түсінікті шығар.

Сонымен қатар, кез келген тех­ника неғұрлым қарапайым болған сайын соғұрлым берік бола түсетіні белгілі. Ғалымдар бұл бағытта да жеміссіз емес. Мысалы, шар тәріз­дес қондырғысы бар скруббер ше­телдік ең жақсы деген скрубберден 1,8 есе жеңіл әрі шағын.

Озық техника мен техно­логия­ларды жасау ісінде жаңадан ашыл­ған ғылыми заңдылықтарды пайда­лану оң нәтижеге тезірек жеткі­зетінін атап өткен жөн. Мысалы, құрылыс саласында, оның ішінде Астана қаласының құрылысында төртбұрышты, дөңгелек және басқа да қималы ғимараттар көптеп салынуда. Ғимараттардың қимасын желдің айналып өту заңдылықтары №144 және №169 ашылымдарда көрсетілген. Заңдылықтардың негі­зінде бұндай қималы ғимараттар үшін жаңадан түрлі құрылыстық норма мен ережелер жасауға бо­лады.

Құрылыстық ережелер жасау ке­лешектің ісі болса, жұмыс автор­лары жаңа машиналар мен құ­рал­дар жасау үшін үш техника­лық тапсырма(ТТ) мен бір тех­никалық шарт (ТШ) жасап та үлгерді.

Ғалымдар әуел бастан-ақ әбден жетілген, кемел техниканы жасап шығаруды өздерінің басты бағыты деп белгілеген. Және олар өздерінің алға қойған мақ­са­тына жете алды деп айтуға толық негіз бар. Құйындық ағындардың пайда бо­лу, қозғалу және өзара қаты­нас­тарының заңдылықтарын есепке ала отырып жасалған машиналар мен аппараттар ең жоғары сапада жасалды және олар техникалық жетілдіру дең­гейі жағынан шетелдік ең озық деген үлгілерден асып түседі. Ға­лымдар өздері жасаған құрылым­дарға сексеннен аса патенттер мен авторлық куәліктер алды.

Жаңа машиналарды, аппа­рат­тар­ды, технологияларды жа­сау бар да, оларды ендіру бар. Жаңалық өмірден өз орнын тап­са, яғни өнеркәсіпке ендірілсе ғана бағалы. Аты аталған ғалым­дар жасаған бұл құрылымдар және 69 технологиялық схема көптеген елдердің кәсіпорында­рына ендірілді. Мысалы, қазіргі таңда Қазақстанда, Ресейде, Украинада және Өзбекстанда жұмыс істеп тұрған шаң ұстай­тын аппараттар аталған мемле­кет­тердің Ведомствоаралық ко­миссиясының қорытындысы бой­ынша техникалық-эконо­микалық көрсеткіштері жағынан осы күнге дейін белгілі барлық аппараттардан жоғары тұр.

Авторлардың бұл инновация­лық технологиялары, сондай-ақ соңғы жылдары Оңтүстік Қазақ­стан облысында Президент Н.На­­зарбаевтың тікелей нұс­қауы­мен құрылған мақта кластерінің кәсіпорындарында да өз орнын табуда.

Ғылыми ашылымдардың күн сайын өмірге келе бермейтінін, олардың заңдылықтарының негізінде жаңа машиналар мен жабдықтарды жасау, оның инно­вациялық технологияларын да­йындау да сирек құбылыс еке­нін, ғалымдар еңбегінің нәти­жесінде өмірге келген жаңа тех­ника мен технологиялар өзінің өміршең­дігін, озық тектілігін әбден дәлел­дегенін ескерсек, аталған жұмыс Мемлекеттік сыйлық алуға әбден лайық.



Авторы: Өмірзақ АҚЖІГІТ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат