Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-11-07:

ЫҚПАЛДАСТЫҚТАН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚҚА

 

Таңертең Қазақстан бас­шы­сы Нұрсұлтан Назарбаев Сирия Араб Республикасының Премьер-министрі Наджи әл-Утримен кездесті. Кездесу ба­рысында екіжақты ынтымақ­тас­тықтың көптеген мәсе­лелері талқыланды. Соның ішінде, Қазақстанның металл, ауыл шаруашылығы өнімдерін Сирияға шығару мәселелері қарастырылды. Сонымен қа­тар сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардың бірқатар мәселелері әңгіме өзе­гіне айналды. Үстіміздегі жылы Сирияда болған Қазақстан Республикасының делегация­сы қол жеткізген нақты ке­лісімдердің орындалу барысы да сөз болды.

Осыдан кейін Елбасы Н.Назар­баев Сирия Араб Республика­сы­ның Вице-президенті Фарук Ша­ра­амен кездесіп, әңгімелесті. Мұнда да екіжақты ынтымақ­тас­тықтың көптеген нақты мәселелері сөз болды.

Кездесулерден кейін Қазақстан басшысы сириялықтардың құрмет тұтатын орындарының бірі – Бел­гісіз солдаттың кесенесіне келіп, гүлдесте қойды.

Белгісіз солдат кесенесі Ха­сьюн тауы бөктеріне орналасқан екен. Оның сәулет композициясы солдат каскасына ұқсайды. Ес­керт­кіш Сирия әскерлерінің 635 жылы Ярмук өзенінде визан­тия­лықтармен, 1187 жылы Хиттина ма­ңында кресшілермен, 1920 жылы Майсалун қыратында фран­цуздармен, 1973 жылы әл-Хара­мон тауында израильдіктер­мен және 1982 жылы Ливандағы Бекаа да­ласында болған ұрыстарда қаза тапқан жауынгерлердің рухына арнап ашылған көрінеді. Оның алдында мәңгі алау нұр шашып тұр. Нұрсұлтан Назарбаев сириялық жауынгерлер рухына тағзым еткен соң, Елбасының кор­тежі “Фаур Сизакс” қонақ үйіне бет түзеді. Мұнда Нұрсұлтан На­зарбаев Қазақстан-Сирия Іскер­лері кеңесінің бірінші отырысына қатысты.

Қазақстан-Сирия Іскерлері кеңесін құруға үстіміздегі жылы Индустрия және сауда министрі Ғалым Оразбақов бастаған қазақ­стандық делегация осында келген сапарында қол жеткізілген бола­тын. Қазақстан жағынан оған жауапты адам болып Сауда-өнер­кәсіп палатасының басшысы Ер­лан Қожасбай тағайындалған. Бүгінгі кеңеске Қазақстан жағы 50-ге жуық түрлі бизнес өкілдерін әкелген еді. Е.Қожасбайдың ай­туы­на қарағанда, Іскерлер кеңе­сінде бірнеше бизнестік бағытта комитеттер құрылған, олардың ішін­дегі ең бастысы — көлік тасы­малы комитеті. Бұл комитет Қа­зақстаннан Сирияға және Сирия­дан Қазақстанға тауар тасымалдау жолдарын қарастырады. Соның ішінде әзірге перспективалы жол ретінде Ақтаудан Иран арқылы та­сымал жасау жолы танылып отыр.

Іскерлер кеңесіндегі екінші комитет астық сату бағытына жұмылдырылады. Сондай-ақ жиһаз сату, құрылыс жұмыс­тары­мен айналысатын комитеттер де жұмыс істейді. Әзірге іске асуға тиісті нақты жобаның қатарында Сирияға ұн жеткізу мәселесі қарастырылмақ. Осы жобаның алдын алып, Қазақстан жағы тәжірибе ретінде бірнеше кон­тейнермен Сирияға ұн жібермек. Сонда қай бағыттың тиімді екендігі анықталатын болады. Е.Қожасбай өз сөзінде нақты жобалар қатарында қазақстандық іскерлердің Дамаск қаласында Сұлтан Бейбарыс атындағы бес жұлдызды қонақ үй салу ниетін де атап өтті.

Біз форумға келген іскерлер қатарынан бірнешеуін әңгімеге тарттық. Соның бірі “Транс­ACT Ltd” ЖШС-ның бас дирек­торы Оралбек Ботбай болды. Мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мем­лекеттік сапарының аясында осын­дай форумның өткізіліп отыр­ғанына қуаныштымын. Өйткені, Елбасының өзі қатысқан соң мұндай жиындардың тиімділігі үлкен болады, деді ол. Оны фо­румға келгендерге жасалған ілти­паттан да көруге болады. Сирия жағы бізді өте жақсы қабылдап, түсіністікке ұмтылатынын көрсетіп отыр.

Осылай дей келіп О.Ботбай өзінің мұнда астық, ал Сириядан жеміс-жидек өнімдерін сатып алуға мүдделі екенін айтты. Әрине, екі елдің арасы тым алыс, сон­дықтан тасымал тарифтері туралы нақты келісімге қол жеткізудің маңызы зор. Егер осы мәселеде келісім болса, нақты бизнес-жо­баларды іске асыруға кірісер едік, деді ол.

“Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ өкілі Болат Оспанов Астанада салынғалы жатқан темір жол зауыты өнімдерін өткізуге мүдделі екендерін білдірді. Оған Сирия жағының іскерлері қызығушылық таныта бастапты.

Бизнес-форум басталғанда жиналғандарға Қазақстан туралы ағылшын тілінде деректі фильм көрсетілді. Іскерліктің көптеген саласында жұмыс істеп жүрген сириялық 200-ден артық биз­несшілер оны қызығушылықпен тамашалағандарының куәсі бол­дық. Осыдан кейін Іскерлер кеңесіне қатысушылар алдында Сирия Президенті Башар Асад пен Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қысқаша сөз сөйледі. Башар Асад өзінің сөзінде бүгінгі форумға қатысып отырғандар екі елдің арасындағы достық көпірін нығайтып, ынтымақтастықтың дамуын тереңдетуге үлес қосады деп сенетінін мәлімдеді. Содан кейін өз елінің саяси, эконо­ми­калық жағдайынан бірқатар мәлі­мет берді. Қазір Сирияның әлем­дік экономикаға үйлесе дамып келе жатқанын да жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев өзінің сөзін қарсы алып отырған жаққа алғыс білдіруден бастады. Одан әрі екі елдің де экономикалық ын­тымақтастыққа мүдделі екендерін айта келіп, форумға қатысып отыр­ған іскер адамдар сол ниетті жүзеге асыратынына сенім біл­дірді. Сөзінің үлкен бөлігін Елбасы сириялықтарға Қазақстан­ды таныстыруға арнады. Бүгінгі экономикалық жетістіктердің қайнар көзі қайда екенін де нақтылап өтті. Қазақстанның ең үлкен байлығы тұрақтылық пен халықтар арасын­дағы түсіністік, деді Қазақстан Президенті. Сөзінің соңында Н.Назарбаев Қазақстан мен Сирия арасындағы тоқырап қалған эко­номикалық ынтымақ­тас­тықты жандандыру керек екенін ескертіп, бүгінгі форум соның игі бастамасы болатынын, ал болашақта үкімет­аралық комиссия құрылатынын жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың са­пары барынша сәтті әрі қызғы­лық­ты ұйымдастырылған екен. Соның бір айғағы Елбасының Әбу Насыр әл-Фарабидің қабіріне зиярат етуі болды. Ұлы ғұлама ба­бамыз өмірінің соңғы жылдарында Сайф ад-Даул Хамдани сұлтанның қамқорлығында Дамаск қаласында еңбек еткенін білеміз. Ол 80 жасқа келгенде осы қалада бақилық бол­ған. Қазір оның зираты “Шағын қақпалар” деген қаланың көне бөлігіндегі қорымда жатыр. Қа­зақ­стан Үкіметі осы жерге оның мав­золейін салуға қаржы бөліп отыр. Оның авторлары М.Жандәулетов пен В.Құлмұхамедова.

Елбасы Н.Назарбаев пен әріп­тесі Башар Асад осы жерге келіп, қазіргі дәстүрмен болашақ мавзо­лей­дің орнына құты-капсула көмді және ғұлама бабамыздың басына тағзым етті. Осы жерде Нұрсұлтан Әбішұлы бас­пасөз өкілдеріне арнап әл-Фараби еңбектерінің маңыз­ды­лығы, оның Қазақстан мен Сирия халықтарын жақындастырудағы рөлі туралы айтты.

Осыдан кейін Президент Н.На­зарбаевтың кортежі Бей­ба­рыс сұлтан жай тапқан қорымға бет алды. Ұлы қолбасшы, көреген саясаткер Бейбарыс сұлтанның 1223 жылы туғандығы ғана емес, шапқыншылықта қолға түсіп, құлдыққа сатылған қазақ баласы екендігі де толық дәлелденген. Оның өз заманындағы әлемдік деңгейдегі ұлы істерімен қазақ халқы орынды мақтана алады. Ол шашырап кеткен мұсылман ел­дерін темірдей тәртіппен бірік­тіріп, Каирде 1260 жылдан бастап патшалық құрған. Ол кезде Шам деген жалпы атпен қазіргі Сирия, Иордания, Ливан, Палестина және Израиль жерлері оның им­периясына қараған еді. Бейбарыс мұсылман жерін моңғол шапқын­шылығынан, кресшілердің қанды жорығынан аман алып шыққан. Ол халифат деп аталған импе­риясын 17 жыл басқарған. Оның басқарған кезінде араб елдерінде ғылым, мәдениет, әдебиет пен сәулет өнері жақсы өркендеді. Сон­дықтан да араб халқы Бей­ба­рыстың есімін үлкен құрметпен еске алып отырады.

Нұрсұлтан Назарбаев оның кесенесіне келіп зиярат етті. Жи­нал­ған көпшілікке Бейбарыс сұлтан мемориалдық кешенінің қайтадан қалпына келтірілетінін жариялады. Осы кешен мен әл-Фараби музейін салуға Қазақстан Үкіметі 4,6 млн. АҚШ доллары көлемінде қаражат бөліп отыр. Елбасымен бірге жүрген САР Прези­денті Башар Асад та осы жерде сөз сөйлеп, қазақтан шыққан ұлы тұлғалардың араб елдеріне жасаған үлкен еңбектері ұмытыл­майтынын қадап айтты.

Осы жерде қызық оқиға болды. Көне Дамаскінің тар орамдарында сауда қызып жатады екен. Прези­денттер келерде ешкім де оларды қуып, таратып жіберген жоқ, тек аз уақытқа жүрістерін бөгеп тұрды. Қазақстан Президентінің кортежі келіп тоқтағанда көшедегі өз шаруасымен жүрген халық қызу қол шапалақтап, ұрандап қарсы алды. Осының өзі Қазақстан Пре­зидентінің үлкен беделін, таны­мал­дылығын көрсетсе керек.

Осы жерде Башар Асад Н.На­зар­баевпен қоштасты. Дәл осы төңіректе орналасқан басқа та­рихи орындарды Қазақстан басшысы ілесіп жүрген адам­дармен бірге өзі аралады. Елбасы алдымен VІІІ ғасырдың басында Халиф Уәлид сұлтанның бастама­сымен 10 жыл бойы салынған Олайяд мешітінде болды. Бұл мешіт­тің орнында бұрын право­славие шіркеуі болған деседі. Сон­дықтан ол екі діннің ие­леріне де ортақ қасиетті орын көрінеді. 2001 жылы Дамаскіге Рим Папасы Иоанн Павел ІІ кел­генде мұнда екі конфессияның өкіл­дері бір мезгілде құдайға құл­шылық етіпті. Мешіттің ұзындығы – 157, ені – 97 метр. Соңғы уақытқа дейін ол әлемдегі ең үлкен мешіт деп есептеліп келген көрінеді.

Қазақстан Президенті аралаған соңғы тарихи орын Салах ад-Дин сұлтанның кесенесі болды. Мұнда кресшілер жорығын алғаш рет тоқтатқан Салах ад-Дин сұлтан­ның мүрдесі қойылған. Кесенені 1193 жылы оның ұлы салдырған екен.

Елбасының Сирияға сапары бүгін жалғасатын болады.



Авторы: Жақсыбай САМРАТ – Дамаскіден. Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат