Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-11-10:

Түркістан және Елбасы

 

“Егемен Қазақстан” газетін ашып оқып отырмын. Түрік дүниесіне кең таңылған, кемел десе кемел қайраткер Намық Кемал Зейбектің “Біздің де Жұмхұрбашканымыз” аталатын ма­қа­ласына көзім түсті. Түрікше берілген мәтінді қазақшаласақ “Біздің де Елбасымыз” болып шығады.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев таяуда іссапармен Түркияға баруына орай бауырлас елдің “Қош келдіңіз!” деген сөзі, үлкен ілтипаты! Бір сүйсінерлігі – мақаланың алдымен Түркияның “Радикал” (02.10.2007) газетінде жарияланғаны. Біздің Елбасын – кезінде Т.Өзалдай Президенттің көмекшісі, С.Демирельдей Президент­тің кеңесшісі, Мәдениет министрі, Мемлекеттік министрі қызметтерін атқарған түркиелік қайраткер азамат “Біздің де Елбасымыз” деп жаһанға жар сала жазып жатса, қалай мерейленбейсің?! Заматында тауып алып тәржімалап, жариялай қойған “Егемендік” қаламдастарға дән риза болдым. Мақаланы оқып отырып төбем көкке екі елі жетпей тұрды...

Оның үстіне қазақтың қуаныш, қайғысына бір кісідей қатысып жүретін, Елбасы ынтасымен ашылған Қазақстандағы тұңғыш халықаралық оқу орны – Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университе­тінің аяқтануына аянбай атсалысқан, көзім жұмыла кетсе, мені Түркістанға қойыңдар деп қатын, баласына аманат хатын күні бұрын хаттап қойған Намық Кемал Зейбектей азаматтың небір алқалы жиындарда “Түрік халықтарының ендігі Ататүрігі – Біздің Нұрсұлтан ағамыз” деп айтып салып, қасқайып қарап тұратыны тағы бар.

Түркістанда он бес жыл қызметтес болған біз білетін Намық несие сөздің кісісі емес. Атамаңыз. Қулық сақтау, саясат үшін сөйлеу оған атымен жат. Күллі түрік халықтарының басын қалай біріктіреміз деген утопияға бер­гісіз аяулы ой, асқақ арман жетегінде жүретін романтик-қайраткердің бары – нары, сөзі – өзі!

Оның еркіне салса, оның ырқында болса, дүние-ғаламдағы тарыдай шашырап жүрген екі жүз миллион түрік жұрағатын бір жерге жинап, бәріне ортақ бір ғана Президент сайласа, шіркін! Ол – Жұмхұрбашкан біздің Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев!

Тәтті арман!

Тыңдайсың – сүйсінесің. Сүйсініп тыңдап, түрік дүниесі – бір болуы керектігін түйсінесің!

Арман – арманымен, ал түрік елдері экономикалық, мәдени, рухани ынтымақта болуы, өзара ықпалдаса дамуы бүгін – барынша көкейкесті. Ол интеграциялық құбылысты тео­рия­лық жағынан негіздеу керек болса, Н.Ә.Назарбаевтың мына пікіріне ден қойыңыз: “Тарихтың алға қойып отырған өктем талабы әрбір түрік еліне әртүрлі салада саяси, экономикалық, мәдени және гуманитарлық тәсілдермен бірігу проблемасын шешудің бәріне бірдей тең институттық тетіктерін жатпай-тұрмай іздестіруді міндеттейді”.

Бұл әрине, тарихи тамырластықты жаһандану тұсында өзара сабақтасты­рып, өзара ықпалдастыққа ұластыру талабы.

Осыдан келіп Елбасы және Түркістан жайында толғанайын.

Елбасы Түркістанға келген сайын елге ұғындырар бір мәселе – Түркістан тарихына адалдық.

Елбасы ұғымында Түркістан та­рихы – күллі түрік халықтары та­рихы­мен тамырласып жатқан алтын қайнар.

“Түркістан ендікпен өлшегенде де, бойлықпен өлшегенде де жер шарының кіндік тұсына орналасқан” – дейді Елбасы.

Расында, Түркістан ұғымы – ауыл мен қала арасындағы өзіміз аялай қарайтын аядай шаһарымызбен шектеліп қалмасы хақ. Ол ұлы ойпатты алып Қытай қорғанынан Дунай етегіне дейін керіліп жатқан кең алқап, бөрілі байрақты, байтақ ел. Талай көшпелі өмірді, талай кентті тіршілікті көрген, сан мәрте сұқ көз қадалған, жау сан мәрте жүрегін жаралаған, ерлікпен қайтарып алып ұрпағы саялаған ұлы өлке, тұтас өңір!

Түркістан V-VІІІ ғасырларда құры­лып, даңқы дәуірлеп жайнаған, соңынан жаман көздің сұғы қадалып, жаудың оғы жайпаған атақты “Түрік қағанатының” түймедей көзі!

Түркістан –

Ертеде Түркістанды Тұран дескен,

Тұранда ер түрігім туып өскен, – деп ұлы Мағжан ақын жырлағандай тарихта тұрлаулы аты қалған – алып Тұран ойпатының тебендей тәбәрігі!

Түркістан екі дүние есігі ғой,

Түркістан ер түріктің бесігі ғой.

Тамаша Түркістандай жерде туған,

Түріктің тәңір берген несібі ғой, –

деп тағы да сол бір шандоз ақын айтқандай, Түркістан түрік баласы өсіп-өнген дала-бесік!

Ал, өзіміз қадірлей қарап, ардақтай тәу ететін Түркістан – “Түрік қаға­наты” аталатын ұлы империя, ғажай­ып өркениеттен қалған, ұрпағынан жәрдем күтіп жәутеңдеген титімдей жәдігерлік! “Түрік қағанатының” Бас қаласы.

Оғыз ұлысынан тарай тұра “Түрік” атын алып, аман сақтаған Анадолы (Ана төлі) түріктері секілді, “Көп түрік енші алып тарасқанда, қазақта қалған қара шаңырақ...” (М.Жұмабайұлы) – Түркістан!

Қазақ хандығының қара шаңырағы – Түркістан – қазақ мемлекеттігі астанасы!

“Он алтыншы ғасырдың соңына қарай қазақ астанасы Түркістан қаласына келіп біржолата бекінді” – дейді Н.Ә.Назарбаев.

Алайда, Түркістанды астана ретінде дін аман сақтау – қазақ хандарына оңай болған жоқ. Жоңғар шапқыншылығы Түркістанға дамылсыз қауіп төндіріп отырды. Жаудың көздегені, жебенің көзегені – Түркістан болды. Қазақ жоңғарды жеңсе – арқасында тыл болып Түркістан тұрды, зәуіде шегінсе – арқа тіреп, әруаққа сыйынып, күш алар киесі тағы да Түркістан болды.

Осы мінезімен, тағдыр талайымен Түркістан – жайшылықта халқымызға ана болған, жаугершілікте пана болған, “Алты Алашқа Кебе болған” (Мағжан) Баба қала!

“Түркістан – қазақ халқының ұлттық мемлекеттігін дүниеге әкелген алтын бесік, әрі оны кемелдендірген өнегелі мектеп” – деп түйеді Н.Ә.Назарбаев!

Бұлардың түрік еді арғы заты,

Жаһанда бітіреткен салтанаты.

Бұл күнде азып-тозып күлкі болған,

Бұлар да сол түріктің жұрағаты, –

деп жыр сұлтаны – Сұлтанмахмұт жырлағандай, ойлауға қорқатын озбырлықтан ХХ ғасырға арып- ашып, жадап-жүдеп “киргиз” аталып жеткен қазақ халқы – ұлы Түріктің бір баласы. Түрік атына ие бола алмағанымен, түріктің кіндік қаласы – Түркістанға ие болып қалуы – Алла-тағаланың қазаққа бұйыртқан несібі!

“Түрік кіндігі (орталығы) – Түркістан” (В.Бартольд), “түрік тілінің мұрагері – қазақ тілі” (В.Радлов) аталатын себебі міне осыдан! Анадолылық ағайындардан тартып күллі түрік тектес, тілдес ұлт-ұлыстардың Түркістанды “Атажұрт” атайтын себебі де осында!

Түркістан күллі түрік жұртын әлдилеген дала – бесік.

Дала бесігін ардақтамас кім бар адамзат баласында?! Өсем, өнем, өркен жаям деген ұлт өзінің тарихи тамыры, бастау алған рухани қайнарын ешқашан ұмытпайды. Санасында тарихи сапа жоқ, тарихи жады жадау тасжүрек пенде болмаса әрбір саналы адам күллі өсіп-өнуінің түп Анасына айналған –дана бесігін неге ұмытсын?!

Түркістанды ұмыттырмақ болып имансыз империя талай-талай тәубесіз әрекетке барып бақты. Түркістан ұмы­тылған жоқ бірақ. Тарих соқпа-соқпа­сында көмескі тартып барып, мемле­кетке бас болған айтулы тұлғаларының арқасында бойын қайта тіктеп алып отырды. Кәрі тарихқа үңілсек, “Бастыны – иілдірген, тізеліні бүгілдірген. Түрік болмағы үшін” – дейтін күн перзенті – ғұн перзенті Күлтегіннен бері де Түркістанның кезең-кезеңде қайта түлеуі атақты Есім хан, Абылай хан есімдерімен тығыз байланысты.

Ал, бүгін ше?

Тәуелсіздік алған бүгінгі Түркістан­ның түлеуі – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа байланысты.

Тоқсаныншы жылдардан бастап Түркістанға қоныс аударып, арнайы кітап жазу мақсатында түртінектеп жүрген біздің жадымыз алдамаса Елбасы Түркістанға бақандай 10 рет іссапармен келіпті.

1992, 1993, 1995, 1997, 1998, 2000, 2002 дегендей болып түзіледі бұл шежіре. Елбасы кей жылы екі мәрте ат басын бұрғанын ескерсек, ұзын-ырғасы он реттік түзілім шыға келеді.

Елбасының 1992 жылғы сапарында Өзбекстан Президенті Ислам Кари­мов­пен кездесіп, ол тарихқа “Түркістан меморандумы” болып енді. Қарымды қаламгер Шерхан Мұртаза Түркістанға бетбұрыс басталды деп алақайлап жазды “Егемен Қазақстан” газетінің бір бетін алып.

Расында “Түркістан меморандумы­нан” күткеніміз көп-ті. Елбасының бұдан былай түрік халықтары басшыларымен киелі Түркістанда кездесіп тұратын боламыз – деген үні құлақта, құлақта емес-ау жүрегімізде!

Елбасы Түркістанға бірде Қазақстан тәуелсіздігін жариялану бойында таныған бауырлас Түркия Республикасы­ның сол кезгі Президенті – Тұрғыт Өзалмен, келесіде Сүлеймен Демирель­мен жарасып бірге келді.

Елбасы пәрменімен Түркістан 1500 жылдық тойына дайындалды. Елбасы қатысуымен той өтті.

Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайы өтті, діни конфессиялар бас қосуы болды...

Түркістанда өтер ресми іс-шаралар, одан туындайтын игі істер, шүкір жалғасып жатыр.

Осының бәрі Түркістан тарихына адалдық. Түркістанды тарихи тұрғыдан түлетіп, өзінің тарихи биігіне қайта көтеру амал-айлалары, содан туындап жатқан ілкімді іс-шаралары!

Орайында Елбасы тапсырмасымен жүзеге асқан бір тарихи істі атап өту – парыз. Ол халықаралық өреде тойланған Түркістанның 1500 жылдық мерейтойы.

Бұл мерейтой да Елбасының ұлт тарихына адалдығынан туындап жатады. Әрине, Елбасы Түркістанды әуелі қазақ халқының бірыңғай көшпелі тіршілік кешпей, отырықшы болып, кентті тұрмыс жасағанына, ғылым, білімді өрістеткен өркениет кепілі, төл рухани орталығы ретінде қарайды. “Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы – Түркістан” – деген бағасы осындай ойға жетелейді.

Сонымен бірге Елбасы Түркістанды түрік халықтарымен тарихи тамыры бір екенін айғақтайтын “Түрік дүниесі рухани орталығы” ретінде кең қарап, кемел бағалаудан танған емес.

Тарихи танымы кемел Елбасы Түркістан тойын – Түркістанның тарихи теңдігін әперу, түрік дүниесінде алар орнын айқындау актісі ретінде қарады. Елбасы сөйлеген сөздеріне зейін қояр кісі Түркістан тойын әуел баста дара тойламай, Түрік қағанатының 1450 жылдығымен қос қатар атап өтуді ойлағанына көз жеткізер еді. Оны 1996 жылы Қазақстан, Әзірбайжан, Түркия, Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан президенттерінің Ташкент кездесуінде сөйлеген сөзінен де аңғарамыз. Онда Елбасы Түркістанның 1500 жылдық тойы мен Түрік қағанатының 1450 жылдығын түрік тілдес мемлекеттер біріге отырып, ортақ тойлайық деген ұсыныс айтқан еді.

Қазақстан Министрлер кабинеті Түркістанның 1500 жылдық мерейтойын тойлау жөнінде 1996 жылы қаулы қабылдауына қарамастан Түркістан тойы айтылып-айтылып, басылып, бәсеңсіп аяқсып қала беретін.

1999 жылдың жазында Елбасы Оңтүстік Қазақстан облысына әкім етіп Бердібек Сапарбаевты тағайындады.

Елбасы тапсырмасын халыққа қалтқысыз жеткізетін, жеткізетін де халықпен бірге белуардан бейнет кешіп қапысыз жүзеге асыратын Бердібек Сапарбаев Түркістан тойын шұғыл қолға алды. Түркістан тойына дайындалма­ғанымыз – Елбасы тапсырмасын орын­дамағанымыз. Түркістан тойы – елді­гімізге сын. Енді, Елбасы тапсырмасын бетке алып Түркістанды тойға дайын­дайық. Сөйтіп, ұятымызды жуайық. Түркістан тойы – елдік тойы, – деді Б.Сапарбаев. Жарғақ құлағы жастыққа тимей іске кірісті.

Ел экономикасының әлсіздеу тұсында тойланған сол тойға дайындық қызу жүріп кеп берді. Облыс әкімі Б.М.Сапарбаев екі күннің бірінде қызметтен соң кештетіп Түркістанға аттанып бара жатар еді. Қала әкімі, қала халқы... бірде-бірі осы ұлан-асыр той дайындығынан қағаберіс қалған жоқ. Бұқара халықтың жұдырықтай жұмыла еңбектенуінің нәтижесінде көне қала кеудесін көтерді. Ақшаңдақ тарихи шаһарда ақшаңқан ғимараттар көтерілді. Көптің көңіліне сенім ұялады.

О, сол тұстағы оянған отаншылдық рухты көрсеңіз. Бұрын көшеден бұрау тапса үйіне тартатын тұрғындар енді үйінен тапқанын алып шығып барын аямай ортаға тастайтын әдет тапты. Түркістан тойы аса бір жоғары нотадағы Отаншылдық той болды. Түркістан – Түркістан болғалы өңі түгілі түсіне кірмеген қыруар жұмыс жасалды. Сырттай да, іштей де айтылып-айтылмай жұртты жігерлендірген ұран – “Түркістан тойы Елбасы назарында!” Қатардағы қарапайым еңбек адамынан облыс басшысына дейін осындай отаншыл бейілмен жұмыс істеді.

Тойға дайындықты бақылау үшін мемлекеттік инспекторлар келіп кетіп жүрді. Тойға дайындықты бақылау, кеңес беру үшін Премьер Министр, спикер... Мемлекеттік хатшы келіп жатты, жанқиярлықпен жасалған жұмысты көріп бағасын беріп жатты. Ағымдағы баспасөз бәрі-бәрін шежірелеп жазып жатты.

Ақырында, тойға дайындықты өз көзімен көру, барша жасалған жұмыстың бағасын беру үшін Ташкент саммитінен соң 2000 жылы 21 сәуір күні Оңтүстік Қазақстанға Елбасы келді. Өзі ұдайы назарда ұстап келген “Сырдария көпірінің”, қазақ Артегі – “Тау самалы” лагерінің тұсауын кесті. 22 сәуір күні Түркістанға өтті. Жалған сөзге көңілі сенбегенін, жасалған жұмысқа көңілі толғанын айтты Елбасы!

Сонымен той өтер күн де келіп жетті. Ол 2000 жылы 20-21 қазан күндері.

Елбасы тікұшақпен ерекше көңіл-күймен ұшып келді.

Түркістан тойына Түркия Респуб­ликасының сол кезгі Президенті Ахмет Недждет Сезер, ЮНЕСКО бас ди­ректоры орынбасары Диен, өзге де түрік дүниесі биік лауазым иелері келген еді. Олар Н.Ә.Назарбаевқа ерекше ықы­ласпен жеңімпаз қолбасшыға қараған­дай аса зор ықыласты бейілде болды.

Тұсауын өзі кескен Қ.А.Ясауи атын­дағы халықаралық қазақ-түрік универ­ситеті Мәдениет сарайында Түркістан­ның 1500 жылдық тойына арналған ғылыми-практикалық конференция өтті. Онда Елбасы “Түркістан – ұлттық бостандығымыз бен елдігіміздің ақ ордасы” — аталатын баяндама жасады.

Өз баяндамасында Елбасы Түркістан­ның түп тарихынан тартып бүгініне дейін түп-түгел баяндап, бүгінгі күнінен ертеңге дейінгі өсу-өркендеу жолдарын, өркендетерлік іс-шараларды тайға таңба басқандай айқындап берді.

Елбасы мақсаты – Түркістанды – қазақтың ғана емес, күллі түрік дүниесі рухани орталығына айналдыра түлету болғанын оның сөйлеген сөздері, жасаған баяндамасы, берген тапсырма­­ларынан айқын аңғаруға болады.

Түркістанды түлету үшін Елбасы ойға алған игі шараның бірі – оны түрік халықтарына ықпалды Білім, Ғылым орталығына айналдыру.

1992 жылы 31 қазанда Түркістан Мемлекеттік университетін Қ.А.Ясауи атын­дағы халықаралық қазақ-түрік университеті етіп қайта құруға екі жақты қол қойылды. Бұл – Қазақстандағы Ел­басы ашқан тұңғыш халықаралық оқу орны!

Айтуға оңай болғанымен оқу орнын ашу оңай емес-ті. Өтпелі кезең. Эконо­мика жүдеу. Міне, осындай жағдайда 1993 жылы сәуір айында Елбасы бауырлас Түркия Республикасының сол кезгі Президенті Тұрғыт Өзалмен бірге Түркістанға келді.

Келешекте халықаралық университет ғимараттары салынатын жерге тас қойылды.

Екі ел Елбасылары болашаққа қадамын жаңа бастаған жас халықаралық университеттің “Құрметті профессоры” мантиясын киді.

Қонақ құрметіне домбырамен арнау айтылды.

Кейін Елбасы өзінің “Тарих толқынында” кітабында тебіреніп еске алғандай жарықтық Тұрғыт Өзал көзіне жас алды.

Екі ел Президенті университет ұжымы алдында сөз сөйледі.

Тұрғыт Өзал жас университеттің аяқтануына қаржы қарап, көмек беретінін айтты. Н.Назарбаев әлемдегі Сорбонна, Оксфорд секілді әйгілі оқу орындары тарихы, тағылымын алға тарта ағартушы ұжым мен жас өркенді қанаттандырды.

Елбасы 1995 жылы Түркістанға Түркия Республикасы жаңа Президенті Сүлеймен Демирельді бастап келді.

Бұл жолы жаңа оқу ғимаратының тас іргесін екі ел Президенттері қалаған болатын. Сол сапар Елбасы “Түркістан    әлемдегі ғажап түркологиялық орталыққа айналуға тиіс”      деген тезис ұсынды. Түркістанды – түрік дүниесі рухани орталығына – Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті айналдырады – деді Елбасы, – мұнда түрік тілдес елдерден талапкерлер арнайы келіп оқиды, оларға әлемнің әр шалғайынан келіп шынайы оқымыстылар сабақ беретін болады!

Айтса айтқандай, алғашқы адымын небәрі 3 факультет 300-ге тарта талап­кермен бастаған Қ.А.Ясауи атындағы осы оқу орны бұл күнде 27 мыңнан астам студентке білім беретін, ішінде түркологиялық институты бар, халық­аралық Түркологиялық конгресс өткізе­тін, еларалық “Түркология” жорналын тұрақты шығарып тұратын іргелі оқу ордасына айналды.

Елбасы айтқаны айна-қатесіз өмір шындығына айналып келеді.

Орайында айта кетер екі жай бар.

Әуел баста Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті типтес Әзірбайжан-түрік, Қырғызстан-түрік, Түркімен-түрік университеттері қос қабат ашылады деп жоспар­ланыпты. Ойға алған. Орындалмаған. Үде барасы­нан шыққаны – Біздің Президентіміз!

Біздің университет – Елбасының Түркістанды түрік халықтарына ықпалды түркологиялық орталыққа айналдыру жолындағы бір ғана жоба емес екен.

Қазақ сөзін қастерлеген Қалтай аға Мұхаметжанов сөзіне сүйенсек, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті түркологияның туын тігер орталығына айналуы, ол үшін алғы ғасырларға көз жіберіп, үміт арта ашқан аталмыш оқу ордасына жетелі түрколог басшылық жасап университетті қазақ елінің ғана емес, күллі түрік дүниесінің ортақ оқу орнына, ортақ мақтанышына айналдыруы керектігін қадап айтып, бағдар түзіп берген де – Елбасы.

Түркістанды түрік дүниесі рухани орталығына айналдыруда Елбасы қарас­тырған шара халықаралық университет ашумен де шектелмек емес. Түпкі мақсат – түрік халықтарына ортақ Академия ашу! Елбасының бұл орайдағы асыл арманын есту үшін Түркия сапарында ресми делегация құрамында болған Қалтай Мұхаметжановтың өзін тыңдап көрейікші:

“Енді әңгімені Қожа Ахмет Яссауи университетіне аударып, қаншама ақша беретіндерін айтып тарихқа беттеді. Айтқандарын зерделей тыңдап, оның әр сөзінің атомдық салмағын іштей өлшеп отырған Нұрсұлтан бас изеп, бәрін мақұлдай келіп:

  Сүлеймен мырза! Сіз бен бізге бір университет аз. Бүкіл түрік әлемін зерттейтін ортақ Академия құруымыз керек. Құдайға шүкір, сіздерде де маман жетеді, көптеген ғылыми мұралар, архивтеріңіз бар. Түркияда арнаулы академия болмаса да, әр саладағы ғылыми қоғамдарыңыз көп шаруа тындырғанын білеміз. Ресейде түркология ғылымының қалыптаса бастағанына екі ғасырдай болды. Арғы тарихымыз жайлы қаншама деректер қытай, араб, парсы жазбаларында барлығы өз алдына, түріктер дегенде қазіргі жапон ынтасын тағы білесіз. Бұл жағынан Қазақстан, Орта Азия оқымыстылары да құр алақан отырған жоқ. Міне, осылардың бәрін әлемге паш етерлік ғылыми орталық болғаны абзал. Сіздерде өткен Фуат Көпрулу тәрізді біздегі Әуезов, Марғұландай қазақ ғұламаларының да еңбектері аз емес. Солардың жолын қуғандар қазір де жеткілікті, – деп бір тоқтады.

  Нұрсұлтан мырза, тамаша ой айттыңыз, мен дайын. Сонда, Сіздің­ше, ортақ академия қай мемлекетте болуы керек? – деген Сүлейменнің ар жағында “Осыны бекер қозғадым ба?” деген ойдың төбесі көрініп қала жаздады.

  Халықтың салмағына қарасақ, Сізде болуы керек, ал тарихтың салмағына қарасақ, бізде болуы керек. Басқаны айтпағанның өзінде, бүкіл түріктің рухани аталары Қорқыт пен Яссауи мазары қазақ жерінде ғой.

Сүлеймен:

  Мұны түрік тектес мемлекет­тердің қайсысы болса да мойындайды, — деумен тоқтады.

Екі жақ пәтуаға келді. Академияға үй беруді Нұрсұлтан мойнына алды, өзге жағын Түркия тағы басқа мемлекеттермен келісуге уағдаласты. (Ел мен Елбасы, А, 2003, 28 бет)

Түрік халықтарының Түркістанға ықыласын аудару, Түркістанға байыр­ғы бағын қайтаруда бұдан асқан игі шара бола ма?!

Елбасы алға түсіп, алғы күндерді межелеп айтудайын айтып-ақ келеді. Әттең, іліп алып іске асыруда ілкім­ділік таныта алмай отырғанымыз-ай.

Бәлкім, келешекте аталмыш уни­верситет жанынан ашылып, жемісті жұмыс істеп келе жатқан “Түркология институты” Елбасы межелеген – Түркологиялық Академияға айналар. Еліміздің экономикасы жан-жақты өскен қазіргі таңда осылай ойлауға мүмкіндік бар.

Қазан аузы жоғары!

Елбасы жәдігер қала Түркістанды түлетудің жолын – экономикалық өрістен іздейді. “Алдымен экономика!” –  ол кісінің қашанғы девизі. “Ораза-намаз – тоқтықта...” Бұл орайда ойға алған шаруалар шаш-етектен. Кезегі­мен жүзеге асып келеді.

Түркістанды өркендету – еліміздің экономикалық, мәдени дамуынан тысқары тұрған мәселе емес. Еліміздің экономикасымен қапталдас, мәдени өрісімен қанаттас мәселе!

Алайда, біле-білген кісіге Елбасы­ның Түркістан тарихына ерекше махаб­батпен қарайтынын, содан туын­датып жәдігер қаланың экономикалық өсуі, мәдени марқайып, рухани орталыққа айналып өркен жаюына айырықшалай ықпал етіп отырғаны хақ.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні:

Түркістанның тарихы жайында терең толғаған Елбасы!

Түркістанның тарихтағы орнын айқындаған Елбасы!

Түркістанның қазақ қоғамындағы орнын межелеген Елбасы!

Түркістанның түрік әлеміндегі тарихи орнын бағамдаған Елбасы!

Қазіргі таңда күллі түрік дүниесінің назарын аударып, көне шаһардың мәдени-экономикалық ахуалын көтеріп, ажарын ашып, базарын кіргізіп, түрік дүниесіне ықпалды түркологиялық рухани орталыққа айналдырудың басында тұрған Елбасы!

Түркістанға жарасымды Прези­дент­тік бейіл бар. Тек Президенттік бейілге бізден перзенттік зейін қосыл­сын деңіз. Президент бастамасына жаңашыл рухпен жауап бере білсек, шіркін!

Түркиялық әріптес әңгімесінен соң осындай ой жетегіне ерейін.

Түркістан және сол жәдігер қаланы тәуелсіздік таңсәрісінен бастап түлету қамында түн қатқан – Елбасы жайын­да шетелдік әріптесіміз шынайы махаббатпен толғатып жүргенде жетелі ой жетегіне ермей бізге не болыпты, қадымша айтқанда “не жорық!”

 – Әлгіндей тәтті арманға қалай тап болып жүрсіз? – деп сұраймыз ғой баяғы, кезінде басшымыз болған түркиялық Намық Кемал Зейбек әріптесімізден.

  Түркістанда!

Тәтті арманға Түркістанда жолы­ғам, көреген түсті Түркістанға келіп түне­ген күні көрем. Керек болса, Түр­кістанның түлеуі де Елбасы еңбегінің арқасы! – дейді ол!

Арқалы ағамыз өсіңкі жасына қарамай, аптығын баса алмай албырттана сөйлейді. Төгіледі келіп, төгіледі. Төгілгенде, дұрыс төгіледі. Сырын айтып, сөгілгенде шын сөгіледі. Асылы, дұрыс айтады.

Ол үшін Түркістаннан қасиетті, Түркістаннан киелі, Түркістаннан асқан жаннат жер жоқ. Өзі айтады. Өзі сенеді. Ол айтады. Сен сенесің. Ол Түркістанды сүйеді. Оның сөзіне елітіп тұрған сен болса болмаса сүйесің Түркістанды! Түркістанмен бірге Елбасын да!..



Авторы: Құлбек ЕРГӨБЕК Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің вице-президенті, профессор.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат