Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-12-07:

Елбасы батасымен көктеген

 

Түркістандағы Қ.А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті Елбасы Жарлығымен ашылған жоғары оқу орны. Оны ашу — тарихи заңдылық­тан туған рухани қажеттілік.

Түркістан десе дір етпес жүрек, елең етпес қазақ табу қиын. Қазақ қана ма? Жоқ. Бір тамырдан өніп, бір діңнен өсіп, төрткүл дүниеге тарап кеткен көк түріктің саналы ұрпағы түгел елеңдейді. Алайда, Түркістанды сырттай қызықтап, тарихи атын малданумен ғана түлетуге болмасы бесенеден белгілі.

Міне, осыны жан-жақты електен өткізген Елбасы 1991 жылы Түркістан мемлекеттік университетін ашуға Жарлық берді. Елбасының ә деген алғашқы адымынан Түркістаннан жоғары оқу орнын ашуын саналы азамат терең пайымдарына дау жоқ. Алайда ол жылдар – жоқты жасау былай тұрсын, барды сақтап қалудың өзі мұң болған уақыт! Бодандықтан бостандыққа қатарласа жеткен ТМД мемлекеттерінің бірде-бірінің тарихында тоқсаныншы жылдар беделінде жоғары оқу орнын ашу кездесе қоймас сірә. Бәріне уақыт қиындығы кедергі.

Өткен тарихқа ден қойсақ, Қазақ­станның тәуелсіздігін алғаш мойындаған, алдымен құттықтаған ел – Түркия болса, Елбасы тұңғыш рет Түркия Респуб­ли­касына сапарға барды, шет елден алғашқылардың бірі етіп – Түркия Республикасы Президенті Тұрғыт Өзалды Қазақстанға шақырды. Бауырлас елге барыс-келіс, алыс-беріске ұласқанда тілге тиек – күллі түрік халқына ортақ Түр­кістан, қала берді Түркістанда жаңа ашылған Қ.А.Ясауи атындағы универ­ситет болды. Дипломатия жосығына қарап отырсақ, екі ел арасындағы алғаш­қы келісім-шарт 1991 жылы 15 наурызда Н.Назарбаев пен Т.Өзал арасында түзілді.

1992 жылы 1 мамырда Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев пен Түркия Республикасы Премьер-Министрі С.Демирель кездесуінде Түркістан университетіне “халықаралық университет” мәртебесі берілді. “Бірлескен коммюникеде”: “Қожа Ахмет Ясауи атын­дағы Түркістан мемлекеттік университетіне халықаралық қазақ-түрік университеті мәртебесін беру жөнінде келісімге принципті түрде қол жеткізілді” — деп атап көрсетілді.

1993 жылы Қазақстанға сапары кезінде Түркістанға арнайы келген Түр­кия Республикасы Президенті Тұрғыт Өзалдың университет ұжымымен кез­десуде: “Атажұртқа аяғым жеткені үшін тағдыр жазуына ризамын”, — деп көзіне жас алғанын көзімізбен көрген едік.

1995 жылы Түркия Республикасы Президенті Сүлеймен Демирельдің Түркістанға келген сапарында ортақ оқу ордасына қаржы аямаймыз деген сөзіне де куә болғанбыз.

Бауырлас елдің бірде Президентін, бірде Премьер-Министрін Түркістанға бастап келіп, халықаралық университеттің келешекке жол алуын қиыннан-қиысты­рып, үйлестірген Елбасына түркістан­дық­тар осыдан кейін қалай риза болмас! Қашанда дән риза!

Алғашқы адымын есіктері шиқылдай ашылып, шырылдай жабылатын, сынық терезелерінен суық жел гулеген, жы­лытылмаған жүдеу ғима­ратта 3 факультет, 300 студентпен баста­ған оқу орнының бұл күнде Анкара, Алматы, Тараз, Шымкент, Кентау, Түр­кістан қалаларында талапқа сай ғима­раттарға орналасқан жеті институты бар. Оларда 27 мыңнан астам студент 75 мамандық бойынша білім алуда.

Еліміздің ертеңі дерлік жас өркенге дайындығы жоғары, ғылыми атақ-дәрежесі сай ұстаздар дәріс береді. Олар­дың арасында халықаралық өреде мойын­далған шетелдік профессорлар қаншама?!

Оқу ордасының халықаралық стан­дарт­қа сай қалыптасуына Намық Кемал Зейбек, Четин Доған, М.Жұрынұлы, О.Сәбден, С.Пірәлиев сынды тәжірибелі азаматтардың басшылығы ерекше ықпал етті.

Университетте Р.Бердібай, О.Бала­беков, Ә.Сатыбалдин секілді ұлттық Ғылым академиясының толыққанды мүшелері, Р.Сейтметов, М.Мырзахметов, ерлі-зайыпты Әбдуәлі, Ажар Баешовтар сынды Қазақстан Республикасы Мем­лекеттік сыйлығының лауреаттары, Р.Жұбатырова, Қ.Бекбосын тәрізді халық әртістері, өзге де халқымыздың қалаулы ұл-қыздары еңбек ететінін айтсақ ауыз толады.

Халықаралық білім, ғылым қоғам­дарына мүше, таяу жылдары Қазақстан мен Кіндік Азиядағы ең ірі білім орда­сына айналғалы отырған оқу орнының қазіргі қадамдары ізгі арман-ниеттің жүзеге аса бастауының айқын дәлелі!

ХХІ ғасырдың тағдырын ғылым мен білім белгілейді десек, ежелгі Түркістан топырағынан түлеп ұшқан жастардың озық ойлы, өркениетті түркі әлемінің көкжиегін кеңейтіп, ынтымақ-бірлігін нығайтуда өз қолтаңбалары болары анық. Ұлы бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің ізгі армандарын жүзеге асыру – жас өркеннің қолында.

Осы арада арнайы тоқтала кететін бір мәселе, қазақ түркологиясы басында тұрған профессор Бейсембай Кенжебаев атындағы “Түркологиялық музей” жасақталып, ашылу шебіне жетсе, осыған жалғас, әрі кітапхана, әрі музей дерлік “Түркологиялық кітапхана” жасақталу үстін­де. Бірсыпыра қазақ түр­кологтарының жеке кітапханалары қолда. Ұйғыр халқының аса талантты түркологы, марқұм Ғожахмет Садуақасовтың жеке кітапханасы Түркіс­танға мұрагерлері ризашылығымен келіп жетті. Қазақстанда туып, бар саналы өмірін Мәскеуде өткізген түрколог Әмір Нәжіп кітапханасына сұрау салудамыз. 1871 жыл­дан бастап жарық көрген “Туркестанский сборник” көп томдық басылымы Өзбек­станда ғайыптан тайып сақталып қалғаны белгілі. Аталған (594 том) басылымды шып-шырғасын шығармай Түркістанға жеткізу, “Түркология кітапханасы” төріне оздыру – таяу күндері орындалар арман.

Өзбек, қырғыз, татар, башқұрт, қара­қалпақ түркологтары жеке кітапханаларын “Түркологиялық кітапханаға” беруге бейіл!

Түркология институты қызметкерлері біраз жылдан бері экспедицияға шығып, ел аралайды, ескіден жеткен көне кітаптар, қолжазбалар секілді жадығаттарды жинақ­таумен келеді.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ұзақ мерзімді “Қазақстан-2030” стратегиялық бағдарла­масындағы және “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” атты Жолдауындағы мақсат­тарды орындау үшін, осы бағытта ғылым, оқу процесі, әдістемелік және тәрбие саласында бірқатар жұмыстар атқарылып, жетістіктерге жетуде.

Оқу орнының жаңа үлгідегі техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі оқу процесіне инновациялық технологияны ендіруді көп жеңілдетеді және жақсы нәтижеге қол жеткізуде үлкен рөл атқарады. Осы принципті берік ұстаған оқу орнымыз көптеген кафедраларды аудиобейне қондырғылармен, мультимедиялық проек­торлармен, оған қажетті компьютермен, сандық фотоаппараттармен қамтамасыз еткен.

Интернет арқылы сабақ берудің жаңа әдістері жинақталып, тоқсан сайын жас оқытушылар үшін семинар өткізіліп тұрады.

Оқу ордамыз сапа менеджменті талап­тарына сай бірқатар жұмыстар атқаруда. Кафедралардың, оқу-әдістемелік бірлестік­тің, оқытушылардың басты мәселесі – оқытуда жаңа технологияларды пайдалану және қолдану, озық педагогикалық тәжіри­белерді жинақтап, тарату, білімді ақпарат­тандыру бағытында интернет жүйесін кеңінен пайдалану. Бұл мәселені күн тәртібінен түсірмей, әрі қарай жандандыру мақсатында кафедра оқытушылары әртүрлі әдістерді, шет тілдерін оқытудағы инно­вациялық технологияларды, жобалау әдісін, коммуникативті тәсілді өз сабақтарын­да пайдаланады. Сонымен қатар, кафедра­лар 2006-2007 және 2007-2008 оқу жыл­дарында модульдік оқыту, деңгейлік оқыту технологияларын қолданады.

Оқу процесін автоматтандыру жұмыс­тары: факультет деканаттарының жұмысын автоматтандыру, кредит технологиясы бойынша білімгерлердің құжаттарына сәй­кес пәнге тіркеу, аралық, қорытынды бақылау нәтижесін енгізу, солардың нәтижесі бойынша топтың, пәннің, курс­тың, факультеттің орташа оқу үлгерімін анықтау болса, таяуда соңғы модельмен жасақ­талған 100 компьютерлік электронды оқу залы ашылып жұмыс істеу үстінде.

 “Болашақ” бағдарламасы бойынша 2006 жылы – 9 студент грант иегері атанып, АҚШ пен Ұлыбританияның, Түркия мен Чехияның, Израиль мен Канаданың жоғары оқу орындарында оқып жатса, мемле­кетаралық келісім негізінде Мысыр Араб Республикасында 15 студент, Қытайда – 8 студент білім алуда.

1109934 дана кітап қоры бар университет кітапханасы толығымен студенттерді, қызметкерлер мен оқытушы-профессор­ларды ғылыми, оқу және электронды оқулықтармен қамтамасыз етеді.

Электронды және магнитті құралдар түріндегі оқу-әдістемелік әдебиеттер саны – 30677-ге жетті. Мұндай кешенді дайындау көп материалдық шығынды қажет етпейді, аталған компоненттер СД дискіге жазылады және интернет арқылы студенттердің қолдануына ұсынылады.

Университетімізде “Арал теңізінің гидробиологиялық, гидрофизикалық және гидрохимиялық жағдайы, оның Арал бойы климатының өзгеруі және шөлденуіне әсері” ғылыми гранты бойынша Ресей Ғылым академиясының П.П.Ширшов атындағы Мұхиттану институты, Германия­ның Подстам геология ғылыми-зерттеу институты, Өзбекстан ұлттық университеті­мен бірлесе ғылыми-зерттеулер жүргізілді. Сонымен қатар осы проблема бойынша 2007-2009 жылдары Испанияның Жерено университеті, Ресей Ғылым академиясы, АҚШ-тың Аризона университеті, Өзбекстан Ғылым академиясымен бірігіп, НАТО-ның CLG-98748 грантымен ғылыми-зерттеу жұмысы жүргізілуде.

Археология саласы бойынша бельгиялық М.Отто, ресейлік Н.Деревянко секілді археолог ғалымдармен тығыз байланыс орнатылған, Түркістан топырағын бірлескен экспедиция қазып, “Шоқтас”, “Шойтөбе” қорықтарынан қола дәуіріне, көне Түркіс­танға байланысты көптеген жаңалықтар ашылды. Экспедиция материалдары Бель­гияда, Францияда, Ресейде жарияланды. Кітап болып Новосібірде басылып шықты. Қазіргі таңда профессорлар М.Елеуов, С.Жолдасбаев жасақтаған экспедиция жемісті жұмыс жүргізу үстінде. Профессор С.Жолдасбаев, аға оқытушы Б.Нұрханов, оқытушы А.Бекбергенов – ортағасырлық Сығанақ қаласын кешенді зерттеу бойынша мемлекеттік грантты жеңіп алды. Заң факультетінің оқытушысы С.Мұстафаев 2006 жылдың желтоқсан айында Білім және ғылым министрлігі ұйым­дастырған Қазақстан Президентінің ғылым мен техниканың дамуына сүбелі үлес қосқан мамандар мен ғалымдарға берілетін 2006-2008 жылдардағы мемлекеттік ғылыми стипендиясын алды.

Сапалы маман даярлау үшін оқу орны халық­аралық стандартқа сай оқу базалары­мен, оқу құралдарымен және техникалық құралдар­мен қамтамасыз етілуі керек екені мәлім. Бұған дәлел, Түркия Республика­сының көмегі арқасында оқу ордамызда медици­налық клиника іске қосылғалы отыр, оның ғимаратын салып, медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге 37 миллион доллар қаржы жұмсалды.

Клиника Оңтүстік өңірдің халықтарына ғана қызмет жасаумен шектелмей, республика жұртшылығына да жәрдем береді. Астана, Алматы қалаларындағы алдыңғы қатарлы ауруханаларында дамыған шетел мемлекеттерінің клиникаларында жасалатын күрделі операциялар ХҚТУ клиникасында жалғасады деген үміттеміз. Алдағы уақытта клиниканың қабырғасында білім алып, тәжірибесін жетілдірген медицина факультетінің түлектері бәсекелі елдердің мамандары деңгейінде Қазақстан халқына қызмет көрсететініне сеніміміз мол.

Университетте дарынды студенттердің өнерін шыңдау мақсатында түрлі үйірмелер ашылған. Әншілердің үнтаспасын, әндерінің музыкалық әрлеуіне көмек көрсететін мәдениет орталығында мамандар жұмыс жасайды. Студенттер үшін ән, би байқауларына дайындық жасап, білім беретін арнайы білімді музыканттар мен режиссерлер қызмет етеді.

Тұл жетім, жартылай жетім, көпбалалы отбасынан шыққан әлеуметтік жағдайлары төмен студенттерге, университет тарапынан арнайы комиссия арқылы қаржылай, заттай және жатақхана төлемақысынан босату, оқу төлемақысын 50 пайызға төмендету сияқты көмектер көрсетіліп тұрады.

Университетіміздің Түркістан, Шым­кент, Тараз, Кентау қалаларында институт­тары болғандықтан, тәрбие жұмыстары бойынша көлемді іс-шараларын да бірлесіп жасау мақсатқа айналған. Тәрбие орталы­ғының ұйымдастыруымен жыл сайын институтаралық тәлімгерлер арасында “Жыл тәлімгері” байқауы өткізіледі. 2005-2006 оқу жылынан бастап универси­тетіміздің студенттерін ынталандыру мақ­сатында институтаралық “Ең үздік аудитория”, “Ең үздік студент”, “Ең үздік топ” байқаулары тәрбие жөніндегі үйлестіру кеңесінде талқыланып, бекітілуі арқылы өткізілді.

Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың халыққа жолдауларын талдау жұмыстары және “Жасыл ел” бағдарламасына байла­нысты студенттердің құрылыс отрядтарына қатысу туралы іс-шаралары өте қарқынды түрде жүргізілуде. Әрбір факультеттің студенттер тобында, кафедраларда бұл маңызды жұмыстардың мазмұны мен мәні талқыланып, сарапталады. “Жасыл ел” бағдарламасы бойынша университет қалашығына тал көшеттерін егіп, көгал­дандыру дәстүрге айналды. Осы ретте университетте “Жасыл ел” құрылыс отрядтары жұмыс істей бастады.

Қазақстанда бірінші рет ХҚТУ-да 100 гектарлық ботаникалық бақ салынды. Оның жобасын академик И.Байтулин жасады. Ол 1993 жылы Қазақстанның ұлттық Ғылым академиясының Ботаникалық ғылыми-зерттеу институтында қаралып, бекітілді. Бүгінгі таңда ботаникалық бақта декоративті жеміс-жидектер мен гүлдердің 127 түрі өсіп тұр. Қазақстанның, Ресейдің, Өзбекстанның ботаник ғалымдарының пікірінше, Түркіс­тан ботаникалық бағы биология, биоэко­логия проблемаларын зерттейтін интродук­циялық ғылыми орталық. Ол ғылыми-өнді­рістік, мәдени-ағарту салалары бағытын­да қызмет жүргізеді, сонымен қатар универси­теттің жаратылыстану, экология және медицина факультеттерінің оқу полигоны. Мұндай ботаникалық бақ Қазақстанда тек осы университетте ғана!

Жоғары оқу орындары бірыңғай білім берумен шектелмей, ғылымды қатар алып жүруі керек. Ол – Елбасы тапсырмасы.

Ғылымдағы жаңалық, жақсылық атаулы “Ай-хабер”, “Біліг”, “Желмая” “Түрко­логия”, журналдарында, “Еуразия KZ” апталығында тұрақты жарияланып отырады.

Халықаралық каталогке тіркелген “Түркология” журналы бірсыпыра шетел­дерге тарайды.

Қазақ оқытушы-профессорларының еңбектері Түркия, Қытай, Ресей, Өзбекстан сияқты елдерде кітап болып басылып, жарық көріп жатады.

Университет ғылыми жобалар үшін тұңғыш рет 20 млн. қаражат бөлді.

Университетте білім берумен қатар, жалпыға ортақ сауықтыру шаралары, елдегі ең үздік мамандарды шақыру арқылы кәсіптік спорт пен өнер саласын дамыту да жолға қойылған. Осында білім алған немесе мамандық алып жатқан ХҚТУ жұлдыз­дары­ның көбісі бүкіл халықтың мақтанышына айналды.

Саттарханов Бекзат — Сидней олимпиадасының чемпионы. Осы бір жай тасындай жарқ етіп шығып, өмірден құйрықты жұлдыздай ағып өткен боздақ – біздің түлегіміз, тәуелсіз Қазақстан мақтанышы.

Ділдәбеков Мұхтархан — Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері, 3 Азия ойындарының жеңімпазы. Төреәділұлы Дархан, Шағатаев Қанатбек, Сманов Нұржан бокстан 3 Азия ойындарының чемпионы! Донбай Базарбек университет спортшыларының арасында әлем чемпионы болса, Исабекова Венера каратэден Азия біріншілігінің қола жүлдегері.

Баскетболдан ХҚТУ-дың қыздар командасы Қазақстан Республикасының 1999 және 2000 жылдардағы екі дүркін чемпионы.

Мырғазы Айтжанов ТМД елдері, Еуропа біріншілігінің жеңімпазы. Сондай-ақ, Ғалымжан Құдияров Азия біріншілігінің жүлдегері. Ә.Сәдібеков, Д.Тоқмұратов, республика жеңімпаздары.

Келдібек Шубаев самбодан Азия біріншілігінің екі дүркін жүлдегері.

“Жігіттер” командасы Қазақстан Республикасының ІІ чемпионатында “Чемпион – 2001” атағын жеңіп алды.

Олар – Қазақстан мақтанышы!

Шойбеков Бекарыс, Леубаева Ақма­рал республикалық ақындар айтысының бірнеше дүркін жеңімпазы! Сондай-ақ, Анар Жаппарқұлова, Маржан Есжанова ақындар айтысының жеңімпаздары.

Жорабаева Алтынай “Азия дауысы” фестивалі “Алтын домбыра” жүлдесінің, Тұрабеков Нұрғали, Ергөбеков Молдияр республикалық “Жас қанат” байқауының жеңімпазы!

Әсел Елдібекова Астанада өткен халықаралық “Шабыт-2001” конкурсы­ның күміс жүлдегері, Нұржан Қалжанов – 2005 жылы “Жас қанат”, “Шабыт” ән байқауларынан бас жүлдені жеңіп алып, университетіміздің мерейін асыра түсті.

 “Болар баланың жолын тоспа, белін бу”, дегендей, түлеп ұшқан тас-түлектер­дің алғашқы адымын қадағалау, жылдар бойы байланыс жасау, қанатын қатайта беру үзілмес дәстүрге айналған.

Түркі елдерінен келіп білім алып жүрген талапкерлерді отаншылдық рухта, түркі бірлігі пафосында тәрбиелеу – міндет, парызымыз. Өз елдерінен туған тілін шала сөйлеп келген жастардың араға бір-екі жыл салып, қазақша көсіле сөйлеп тұрғанын көргенде, еңбектің еш болмағанын түсінесің. Ақ қағаздай тап-таза жас ұрпақты ұлтына қарай емес, ұғымына қарай оқытып, құлығына қарай тәрбиелейтін шынайы ұстаздың шын бағы жанар сәті – олардың оқу бітіру кезеңі. “Балапанды күзде санайды”, деген ұғым бар. Балапандарымыз – балғын түлектеріміз ғой. Университет түлектері Канада, Германия, Түркия, Польша, Венгрияда, Чехия, Ресейдің әр пұшпағында жемісті еңбек етіп жүр.

Ұлтымыздың күні кеше ғана пәниден бақилыққа аттанған перзентінің бірі – профессор Райымбек Сейтметов (Түркістани) театры ХҚТУ іргесінде жасақталып шыққаны, тіпті тұтас театр ұжымы біздің талантты түлектеріміз екенін мақтанышпен айтамыз.

Айшылық алыс сапарлар алғашқы адымнан басталары хақ. Жарқын болашаққа жақсы ниетпен жол алған Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің 15 жыл беделінде шыққан белі осындай. Тәуелсіздігіміз­­бен іле-шала өмірге келген оқу ор­да­сының алар асулары – алда! Ең бас­тысы, халықаралық оқу орны Елбасы бастама­сымен өмірге келді, бұл күнде алға қарай адымдап барады.

Тарихи тамырлас екі халық­тың үміт күтіп үкілеп ұстап отыр­­ған ортақ оқу орны бу­ын-буын ұрпақ тәр­бие­лей­ді, хал­қы­мызды әлі талай қуа­нышқа бөлейді.



Авторы: Құлбек ЕРГӨБЕК, ХҚТУ президенті міндетін атқарушы, профессор.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат