Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-12-07:

Жас ұрпақты кітаппен қуандырған

 

“Мектеп” баспасы күні кешеге дейін респуб­ликамыздағы бірден-бір әрі бірегей баспа болды. Әу баста “Қазақ мемлекеттік оқу-педагогика баспасы” деген атаумен өмірге келген жаңа баспаға респуб­ликамыздағы қазақ, орыс, ұйғыр тілдерінде жалпы білім беретін мектептерді оқулықтармен, оқу-әдістемелік құралдармен, оқу-педагогикалық, ғылыми-танымдық әдебиетпен қамтамасыз ету міндеті жүктелді. Міне, содан бері еліміздің жас өркенінің талай буыны осы баспа шығарған оқулықтардан білім мен тәрбие алып, үлкен өмірге жол тартты.

Рас, Қазақстанға 50-жылдардың басында қайта айналып соққан 37-жылдың зардабы баспа ұжымына біраз жылға созылған ауыр соққы болып тиді. Ұлт­тық төл оқулықтардың авторлары – Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, Е.Бекмаханов, І.Кеңесбаев сияқты әйгілі ғалымдар қуғын-сүргінге ұшырап, олар жазған оқулықтар мен басқа да мектеп кітаптарын пайда­лануға тыйым салынды. Мәселен, қазақ әдебиеті тарихы, әсіресе оның XVІІІ-XІX ғасырлар мен ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы кезеңі жұттан шыққандай күйге ұшыраса, эпостан “Қамбар батыр”, ақын-жыраулардан Махамбет қана қалып, қазақ әдебиетінің тарихы Белинский, Чернышев­ский, Добролюбовтерден басталғанын сол кездің мұғалімдері мен оқушылары ұмыта қоймаса керек. Дегенмен, баспа бұл қиыншылықты да артқа тастай отырып, 50-жылдардың соңына қарай мектептерге ғана емес, педучилищелер мен жоғары оқу орында­рына арнал­ған оқу құралдарын да шығара бастады.

1964 жылы Министрлер Кеңесі жанынан барлық баспа, полиграфия кәсіпорындары мен кітап саудасы істерін басқаратын мемлекеттік баспасөз комитеті құрылған кезде, “Оқу-педагогика баспасы” Оқу-ағарту министрлігінің құзырынан соның қарауына көшті. Атауы да “Мектеп” болып сол кезде өзгерді.

Бұл кезеңде баспада адам саны 100-ге таяп, жыл сайын үш тілде 100-ден астам оқулық, 200-ден астам аталым шығарып тұратын межеге жетсе, 70-жылдардан бастап баспа құрылымдық жағынан ұлғайып, жұмыс ауқымы өсе түсті. 1970 жылы жоғары оқу орындарына арналған әдебиет шыға­ратын редакция ашылып, кейінірек ол өз ішінен қазақ және орыс тілінде оқу құралдарын шығаратын 2 редакция болып қайта құрылды, оған кәсіптік-техникалық оқу орындарына арналған оқу құралдары редакциясы қосылып, салалық бас редакцияға айналды. 90-жылдардың басында ол “Ана тілі” баспасы болып жеке шаңырақ көтерді. Осы жылдары баспада жаңадан мектеп жасына дейінгі тәрбие және араб тілі редакциялары ашылды.

Бұл жылдары “Мектеп” баспасы студенттерге арналған төлтума оқулықтарға қоса, тарих, геогра­фия, құқық, философия, өнер, т.б. салаларда орыс тілінде шыққан көптеген оқулықтарды қазақшаға сапалы түрде аударып бастырды.

“Мектеп” баспасы 50-жылдардан бастап кеңестік республикалар мен шетелдердегі қазақ диаспорасын қажетті оқулықтармен қамтамасыз етіп келеді. Монғол халық республикасының Баянөлгий айма­ғында тұратын қандастарымыз 80-жылдардың ақырына дейін оқулықтарын “Мектеп” баспасында әзірлеп, бастырып алып отырды. Бүгінгі таңда да баспа алыстағы Канададан бастап, іргеміздегі Қырғызстанға дейінгі 10 алыс, 5 жақын шетелдегі қазақ диаспорасына оқулықтар жіберіп тұрады.

Егемендіктің алғашқы жылдарында қазақ тілінде білім беретін мектептер мен балабақшалар санының күрт көбеюіне байланысты, ана тіліміздегі оқулық­тардың таралымы да бұрын-соңды болмаған мөлшер­де өсті. Мәселен, “Әліппенің” таралымы 150-170 мыңнан 250 мыңға дейін жетті. Бас­қа оқулық­тардың да, әсіресе бастауыш мектеп оқулықтарының таралымы айтарлықтай ұлғайды. 1997 жылы “Рауан” баспасының (баспа 1990 жылдан 2001 жылдың 7 наурызына дейін “Рауан” деп аталды) кітап өнімдері сол кездегі еліміздің мемлекеттік 12 баспасы шығар­ған кітап өнімдерінің 8 пайызын құрады, ал олардың жалпы таралымы 18-20 млн.-ға дейін көбейді. Одан кейінгі 3-4 жылда 1-7-сыныптарға арналған жаңа буын оқулықтарын “Атамұра” баспасы шығаратын болды да, “Рауан” баспасының қолданыстағы оқулықтары біртіндеп жаңа буын оқулықтарымен ауыстырыла бастады, бұл процесс үстіміздегі оқу жылына дейін, яғни “Мектеп” баспасынан соңғы 11-сыныпқа арналған жаңа буын оқулықтары шыққанға дейін жалғасты.

Баспа егемендіктің қарсаңында-ақ тіл мен әде­биеттен, басқа пәндерден де (бұлар орыс тілінен аударылатын) төл оқулық жасауға бетбұрыс жасады. Соның арқасында тәуелсіздіктің алғашқы жылда­рында-ақ мектеп оқулықтарының көпшілігін сапалы түрде жаңартып немесе жаңғыртып шығаруға қол жеткізе алды. Бұл оқулық шығаруға ұзақ жылдар бойы маманданып, мол тәжірибе жинақтаған ұжымның ғана қолынан келетін іс еді. Баспаның жаңа буын оқулықтарымен біртіндеп ауыстырылып келе жатқан сол оқулықтарын мектептер үстіміздегі жылға дейін дау-дамайсыз пайдаланып келді.

Баспа Білім және ғылым министрлігінің 1999 және 2001 жылдары жаңа буын оқулықтарын шығаруға жариялаған тендеріне қатысып, алдымен 8-9-сыныптарға, одан кейін 10-11-сыныптарға арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін шығару құқығына ие болған еді. Осынау орасан ауқымды, аса маңызды мемлекеттік тапсырысты баспа ұжымы абыроймен орындап шықты. Яғни, баспадан  жалпы білім беретін мектептің 8-9-сыныптарына арналған 117 оқулық пен 277 оқу-әдістемелік кешен қазақ, орыс, ұйғыр тілдерінде, ал 10-11-сыныптардың қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыттарына арнал­ған 280 оқулық пен 858 оқу-әдістемелік құралдары қазақ, орыс, ұйғыр, өзбек тілдерінде басылып шық­ты. Бұларға қоса осы жылы баспамыздан 12 жылдық мектептің 5-сыныбына арналған пәндік бағдар­ламалардың, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешен­де­рінің байқау даналары жарық көрді. Ал олардың сапасына келсек, бар мүмкіндікті пайдаланғанымыз, қолдан келгенше аянбағанымыз шындық. Қолжаз­баларды мұқият редакциялауға күш салдық, тиісті ғылыми-зерттеу институттары мен жекелеген маман­дарға қаратып, төрелігіне жүгіндік, арнаулы мектеп­терде сынақтан өткіздік, солардың қорытындылары бойынша авторлар мен редакторлар қадалып жұмыс істеді. Одан кейін де министрлік жанындағы оқу-әдістемелік кеңестің, бертінде құрылған “Оқулық” республикалық ғылыми-практикалық орталығының сараптамасынан өткізілді. Бұл жағынан ТМД елдері арасында біздің баспада ғана бар авторларға ғылыми-әдістемелік көмек көрсету мақсатымен құрылған “Авторлар мектебі” де айтарлықтай іс тындырды.

“Мектеп” баспасы, жоғарыда айтылғандай, өзі құрылғаннан бергі жерде тек оқулықтар шығарумен ғана шектеліп қалған емес. Бұл дәстүрлі үрдісін күні бүгінде жалғастыруда. Оған осы соңғы жылдары баспамызда жарық көріп, жұртшылық сұранысына ие болған алуан тақырыптағы кітаптарымыз дәлел. Жалпақ елге жария ол дүниелерді бұл арада түгел адақтап жатудың қажеті жоқ шығар. Мысал үшін ғана солардың кейбірін айтар болсақ, бұл ретте Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың баяндамалары мен алқалы жиындарда сөйлеген сөздерінен алынған афоризм тақылеттес терең ой-толғамдары мен тұжырымдарынан топтастырылған “Туған елім – тірегім”, “Өзекжарды ойлар” (қазақ және орыс тілдерінде) атты жинақтарды бөліп айтар едік. Ал белгілі ғалым А.Қыраубаеваның “Ежелгі әдебиет” оқу құралын, Ұ.Асыловтың “Әдептану”, А.Сей­дімбектің “Мир казахов”, Е.Шаймерденовтің “Елтану әліппесі” сияқты танымдық тағылымы зор кітаптарын да оқырмандар ықыласпен қабылдады. Баспамыздан соңғы жылдары елімізде алғаш рет 31 томдық салалық ғылыми-терминологиялық қазақша-орысша, орысша-қазақша сөздіктер жарық көрді. Баспа бүгінде аса қомақты да күрделі еңбек – ғы­лыми терминдердің көп томдық түсіндірме сөздік­терін шығару үстінде. Биыл жыл соңына дейін оның 16-томы оқырман қолына тимек. Ғылыми жұрт­шылық аса қызығушылық танытып отырған бұл басы­лымның қалған томдары да алдағы жылдың еншісінде тұр.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің бағдар­ламасы бойынша “Жетінші сөз” деген сериямен қазақ, орыс тілдерінде басылымдар шығару қолға алынған болатын. Олардың тақырыптары сан алуан: тарих, география, қазақ мәдениеті. Алаш көсем­дерінің бірі, әмбебап талант М.Дулатовтың “Мек­теп” баспасынан аталмыш сериямен жарық көрген 5 томдық шығармалар жинағы елімізде кітап шығару мәдениетінің өсе түскендігінің белгісі ретінде бағалануда.

Қазіргі кітап таратудың проблемалары жайында аз айтылып жүрген жоқ. Бірақ бұл мәселе баспада өз шешімін тапқан. Өз өнімдерін тарату жөнінде баспаның еліміздегі барлық 14 облыс пен респуб­ликалық деңгейдегі 2 қаланың білім департамент­терімен, 320 ауданмен жасасқан келісім-шарты бар. Оның талаптары баспа тарапынан толық көлемде әрі өз уақытында мүлтіксіз орындалып келеді.

Кітап шығару мәдениетіне немқұрайды қарау­шылық етек жайған қазіргі кезеңде “Мектеп” бас­пасынан шығатын кітаптардың редакциялану, техни­калық-көркемдік безендірілу сапасының жоға­ры­лығына қоса, емлелік, пунктуациялық сауатты­лығы, атау-терминдерді қолданудағы бірізділік пен дәйектілік зиялы оқырман қауым тарапынан жоғары бағалануда. Көрнекті тілші ғалым, академик Р.Сыз­дықованың: “Менің байқауымша, бұл күндердегі ең бір сауатты басылымдар беріп отырған – қазіргі “Мектеп” баспасы. Сірә, бұл баспада кітапты мей­лін­ше сауатты етіп ұсыну дәстүр жалғастығы болар”, – деуі соны айғақтаса керек.

Өзінің айтулы төл мерекесін кемел шағында қар­сы алып отырған шығармашылық әлеуеті мен кәсіби тәжірибесі мол ұжымның оқырмандар сұранысының биігінде бола беретініне сеніміміз кәміл.



Авторы: Ұлықман АСЫЛОВ, ҚР баспа және полиграфия ісінің қайраткері, білім беру ісінің үздігі.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат