Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2007-12-11:

АДАМ ҚҰҚЫ МЕН БОСТАНДЫҒЫНЫҢ КЕПІЛІ

 

Адам құқықтарын қорғау мен құрметтеу — ғасыр­лар бойы қалыптасқан адамзат өркениетінің белгісі, жоғары мәдениеттіліктің көрінісі. Адами құндылық­тар­ды бәрінен биік қоятын елде адам құқықтарын қорғау мем­лекеттік міндеттердің баламасыз басымдықтағы қа­ғидаттарының бірінен саналады. Егемендік алған күн­нен бастап азаматтардың құқығы мен бостанды­ғына артықшылық берген тәуелсіз Қазақстанда да бұл өзекті мәселені қалыптастыру мен дамытуға үнемі кө­ңіл бөлініп келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ті­келей бастамасымен 2002 жылы елімізде Адам құ­қықтары жөніндегі уәкіл (омбудсмен) институтының құ­рылып, жұмыс істей бастауы соның бір дәлелі болса керек. Ол құрылғаннан бергі уақытта еліміздегі адам құқығын қорғау міндеттерінің халықаралық стандарт­тарға сәйкестендірілуіне, азаматтық құқықтық қоғам институттарының қалыптасуы мен дамуына және адам құ­қығын қорғау саласында бірегей мемлекеттік сая­сат­ты қалыптастыруда үлкен жетістіктерге қол жет­кізілді. Осыған байланысты біз еліміздегі адам құқығын қорғау мен құрметтеу мақсатында атқарылған жұмыс­тарды саралап, жалпы омбудсмен институтының негізгі мәні мен атқаратын міндеттері туралы оқырмандарды хабардар ету үшін Қазақстан Республикасындағы Адам құ­қықтары жөніндегі уәкіл Асқар ШӘКІРОВТІ әңгімеге тартқан едік.

– Халықаралық тәжірибеде омбудсмен құқық жүйесінің қа­лып­тасқан, дамыған институттарының бірінен саналады. Біздің елімізде Адам құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымының өмірге келгеніне көп уақыт бола қойған жоқ. Осы қыз­меттің атқаратын міндеттері мен мақсаттары туралы не айтасыз?

– Бұл сұрағыңызға Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы ережеге сәйкес жауап беретін бол­сам, омбудсменнің негізгі міндеті азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын ешкімге бағынышты емес тұрғыда, тәуелсіз қадағалау және қорғау, сондай-ақ өз өкілеттігі шеңберінде бұзылған құқықтарды қалпына келтіру мақсатында қажетті шара­ларды жүзеге асыру болып табы­лады. Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық Елбасының Жар­лығымен елімізде 2002 жылы құрылып, жұмыс істей бастады. Ал жалпы омбудсмен институтының тарихына келетін болсақ, оның шежіресі дамыған елдерде ғасыр­лармен саналады.

Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық мемлекеттік билік органдары мен лауазымды тұлғалар тарапынан, әртүрлі ұйымдар мен мекемелердің әділетсіз іс-әрекет­терінен жапа шеккен жеке адам­дар­дың бұзылған құқықтарын қор­ғайды. Өзінің мәртебесі бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жеке адамның бұзылған құқығы мен бостандығын қорғайтын тәуел­сіз халықтық адвокат болып табы­лады. Халықаралық стандарттарға сай айтар болсақ, ұлттық орта­лық­тың негізгі міндеті – адамзат­тардың арыз-шағымдарын қарау болып табылады.

Біздің орталықта арнайы үш бөлім бар. Күн құрғатпай келіп жататын жеке адамдардың арыз-шағымдарын қараймыз, тексереміз. Сол тексерістердің қорытындысы бойынша тиісті министрліктерге, әкімдерге және жергілікті атқарушы органдарға өзіміздің ұсыныс­тарымызды береміз.

Мен ұлттық орталықтың жұмы­сындағы маңызды әрі үнемі мони­торинг жасауды талап ететін бір­қатар салаларды ерекше атап айтар едім. Біріншіден, мемлекетіміздің адам құқықтары саласындағы негізгі халықаралық пактілер мен конвенцияларға қосылуын куәлан­дыратын және оның демокра­тия­лық дамуын сипаттайтын халық­аралық құқықтық база. Екіншіден, адам құқықтарын қорғайтын ұлттық заңнаманы халықаралық құқықтық стандарттарға сәйкес­тен­діру. Ең бастысы, азаматтардың арыз-шағымдарымен жұмыс істеу, еліміздегі адам құқықтарының сақталу жағдайын талдау және мониторинг жүргізу.

– Елімізде адам құқықтарын қорғау қандай халықаралық құқық­тық базаға негізделген?

– Қазақстан іс жүзінде адам құқықтары саласындағы халықара­лық құжаттардың бүкіл әмбебап пакетіне, атап айтқанда, 43 пакті мен конвенцияға қосылған. Осы орайда, соңғы кезде Қазақстан Пре­зиденті Н.Назарбаевтың Азаматтық және саяси құқықтар туралы ха­лық­аралық пактіге және Азаптауға қарсы конвенцияға арналған факультативтік хаттамаларға қол қойғандығын зор қанағат сезіммен атап көрсеткен жөн.

Енді, Құл саудасы және құл­дыққа жол бермеу туралы 1926 және 1956 жылдардағы конвен­цияларға, Зорлықпен жоғалып кеткен барлық адамдарды қорғау туралы 2006 жылғы конвенцияға қосылу туралы мәселелер күн тәртібінде тұр.

– Дұрыс, бұл конвенциялар мен пактілерге қосылу әлемдік қауым­дастық алдында мемлекет беделін арттырады делік, ал қарапайым азамат­тардың құқықтарын қорғауда олардың тиімділігі қандай? Сіздерге келетін шағымдарға сипаттама берсеңіз...

– Адам құқықтарын қорғау бойынша мемлекет өзіне халық­аралық міндеттемелерді алған соң, өзінің ұлттық заңнамасын халық­аралық стандарттарға сәйкестен­діреді. Халықаралық нормаларды заңнамаға енгізу, соған сәйкес туын­даған міндеттемелерді орын­дау, осы салада заңнамалық базаны қалып­тастыратын заң шығару жұмысының негізгі мақсаты болып табылады. Сонымен бірге, ол елдегі демократия деңгейінің өлшемі де болады.

Мысалы, соңғы конститу­ция­лық реформа еліміздің Ата Заңына өлім жазасын жою, тұтқындауға санкция беру жөніндегі өкілеттікті сотқа беру туралы ережелерді енгізді, сон­дай-ақ ұлттық азшылықтардың мем­лекет басқару ісіндегі рөлін айтар­лықтай арттырды. Осы тұрғыда Мем­лекет басшысының жоғарыда аталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге және Азаптауға қарсы факультативтік хат­тамаға қол қоюы Қазақстанның кез келген азаматының БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетіне тікелей шағымдану мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

Бізге келетін шағымдарды қарау, бұл азаймайтын күнделікті жұмыс болып табылады. Үстіміздегі жылдың 9 айында бізге 1066 жазбаша және 323 ауызша шағымдар түсті (2006 жылы тиісінше 1374 және 482). Бұл шағымдарды былайша жүйелеуге болады: сот шешімдерімен келіспеу; құқық қорғау органдары тарапынан заң бұзушылықтар; жергілікті атқару органдарына шағымдар;

Тұрғын үй және басқа да әлеумет­тік-экономикалық құқықтардың бұзылуына немесе белгілі бір тосын жағдайларға байланысты туындайтын шағымдар тобы да бар.

Осы шағымдар тасқынын талда­ған кезде адам құқықтары бұзылуы­ның анықталмау фактілерінің көбей­гендігі (32,5 пайыз) және сұрату жібе­рілген мемлекеттік органның құқық­тарды қалпына келтіру санының азайғандығы (18,2 пайыз) байқалады.

– Қазіргі уақытта біздің еліміздегі адам құқықтарының қорғалу ахуалына сипаттама бере аласыз ба? Мемле­кеттік органдар тарапынан адамдардың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына не себеп?

– Жоғарыда айтып өткенімдей, мемлекет тарапынан айтарлықтай жұмыс жүргізілуде, біріншіден, адам құқықтары мен бостандықтарын құқықтық қамтамасыз ету халық­аралық байқаушылар тарапынан тиісті деңгейде бағаланды, ол транс­парентті. Бұл айрықша маңызды, себебі адам құқықтары халықаралық саясатта және мемлекетаралық қатынастарда басты рөлге ие болады. Бұл туралы жақында ЕҚЫҰ-ның жанындағы АҚШ-тың тұрақты өкілі Джули Финлимен оның Қазақстанға сапары барысындағы кездесу кезінде терең әңгіме қозғалды.

Менімше, Қазақстанда адам құқықтарын бағалауды елімізді ең беделді халықаралық ұйым – ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету туралы жуырда қа­былданған шешімімен тығыз байланыстыру қажет.

Жекелеген мемлекеттік органдар мен шенеуніктер тарапынан адам құқықтарының бұзылуына жол беретіндігі жасырын емес. Мұндай келеңсіздіктер іс жүзінде мемлекеттің күш-жігерін жоққа шығарады. Біздің елімізде адам құқықтары бұзылмайды десек, дұрыс болмас еді. Ең өкініш­тісі, атқарушы билік тармақтары тарапынан жасалатын адам құқы­қығын бұзушылық фактілері сыбай­лас жемқорлықтың етек алуына қолай­лы жағдай туғызады. Сондықтан менің ойымша, барлық мемлекеттік органдардың азаматтардың құқық­тары мен бостандықтарын қамта­масыз етуін барлық құралдар арқылы бақылауды күшейту қажет.

Бұл тұрғыда өзінің халықаралық деңгейде танымал тәуелсіз мәртебесі бар омбудсмен институтының рөлі өте маңызды деп санаймын. Бұл бағытта белгілі бір қадамдар да жасалуда. Мәселен, осыдан бірнеше күн бұрын Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық басшысы мен Ішкі істер министрінің орынбасары ын­тымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл ішкі істер органдары лауазымды қызметкерлері тарапынан билігін асыра пайдалану фактілерінің жолын кесуге мүмкіндік береді деген сенімдемін. Мұндай құжатты басқа да мемлекеттік органдармен жасасуды жоспарлап отырмыз.

Қазіргі уақытта омбудсменнің жа­нынан азаптаулар туралы шағым­дарды қарау жөніндегі жұмыс тобын құру туралы мәселе зерделенуде. Мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерінен басқа, оған үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері де кіреді. Аталмыш жұмысты “Фридом Хаус” ұйымымен пысықтап жатырмыз. Бұл процесте парламенттік бақылау тетігі маңызды рөл атқарар еді, өйткені, соңғы конституциялық реформаға сәйкес жоғары заң шығару органы­ның рөлі едәуір өсті. Адам құқық­тарын бұзудың аса маңызды фактілері бойынша оларды қарайтын тиісті “парламенттік комиссиялар” құру туралы өтініш жасауымыз мүмкін. Омбудсменнің күш-жігері Парламент Мәжілісінің бастамасымен құрылған Қоғамдық палатаның қызметі үшін де пайдалы болуы мүмкін.

Қызметтің тағы бір маңызды бағыты – түрлі дөңгелек үстелдер, семинарлар өткізу арқылы халыққа құқықтық білім беру. Соңғы айларда біз БҰҰ ДИАҚБ, ЮНИСЕФ, БҰҰ ЖКББ-ның көмегімен бірқатар іс-шаралар өткіздік. Айтпақшы, БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары Антонио Гутерришпен кездесу кезін­де ол аталмыш ұйым­ның ҚР Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орта­лық­пен тиімді ынты­мақтастығы қана­ғаттандыратынын атап өтті. Халық­аралық ұйымдармен жұмыс жасау қызметіміздің басым бағыт­тары­ның бірі болып табылады. Үсті­міздегі жылдың желтоқсанында Сырт­қы істер министрлігінің көме­гімен БҰҰ Бас Ассамблеясының ба­лалар құқықтарын қорғауға арналған жалпы отырысына қатысып, сөз сөйлеуді жоспарлап отырмын.

10 желтоқсанда Халықаралық адам құқықтарын қорғау күнінде БҰҰ ДИАҚБ мен Қазақстан Рес­пуб­­ликасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комис­сияның көмегімен ірі ғылыми-прак­­тикалық конференция өткі­земіз.

– Халықаралық нормаларға сәйкес келтірілген дұрыс заңдар қабылданса да, адам құқықтары бұзылуының жалғасуын қалай түсіндірер едіңіз?

– Бұл жерде халықпен байла­ныс жасауда алдыңғы қатарда тұра­тын мемлекеттік қызметшілердің төменгі және орта буындарының арасында көбіне кәсібилік пен тиісті біліктіліктің болмауы басты рөл ойнайды. Жекелеген шенеу­ніктің олақ, кейде тіпті жемқорлық әрекеті, жоғарыда айтып өтке­німдей, биліктің кез келген игі ісін жоққа шығаруы мүмкін. Мұны менің атыма келіп түсіп жатқан, соның ішінде үстіміздегі жылдың 15 қарашасында “Бетпе-бет” теле­бағдарламасының тікелей эфирінде айтылған азаматтардың шағымдары растайды.

– Жуырда Елбасының Жарлы­ғымен Астана және Алматы қала­ларында ювенальды соттар құрылды. Қазір бұл бағытта қандай істер атқарылуда және Қазақстанның басқа қалаларында мұндай соттар құрыла ма?

– Қазіргі уақытта Қазақстанда ювенальды әділет жүйесін құру туралы мәселе пысықталуда. Әділет министрлігі аталмыш мәселе бойынша тұжырымдамалық құжат дайындауда. Бұл құжаттың соңғы нұсқасы қандай болатынын айта алмаймын, бірақ мұндай жүйе тек соттарды ғана емес, құқық қорғау қызметінің барлық салаларын қамтитыны сөзсіз.

Сіз аса маңызды мәселені көтеріп отырсыз. Өйткені, бала құқықтарын қорғау жалпы құқық қорғау саласында өзінің жеке тұжырымдамаларымен дербес мәселе болып тұр. Кейбір елдерде балалар омбудсмені институтын енгізу тәжірибесі де кездейсоқ емес. Біз қызметімізде аталмыш бағытқа ерекше басымдық беретін боламыз.

– Қазақстанда Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық және Президент жанындағы Адам құқық­тары жөніндегі комиссия жұмыс істейді. Олар міндетті қалай бөліседі, бірін-бірі қайталамай ма?

– Комиссияның Орталықтан ерекшелігі ол қоғамдық негізде жұмыс істейтін консультативтік орган болып табылады.

Екінші жағынан, бір іс жасай­тындықтан, біз функцияларды бөлмей, керісінше күш-жігерімізді біріктіруге тырысамыз. Комиссия­ның Мемлекет басшысының бастамасымен мемлекеттік орган­дардың басшыларын қамтитын форматы кейде маңызды мәсе­лелерді қарауға енгізу үшін қажет болады. Сондықтан бұл ретте ара­мызда толық өзара түсіністік бар.

– Сіздің пікіріңізше, омбудсмен­нің тиімді жұмысын жүзеге асыру үшін қажетті өлшемдер мен шарттар қандай? Сіз омбудсменге қандай қа­сиеттер мен кәсіби біліктілік тән болуы керек деп ойлайсыз?

– Басты өлшемдер Адам құ­қықтары жөніндегі ұлттық инс­титуттар қызметінің Париж қағи­даттарында анықталған. Бұл ең алдымен:

- қоғамдық қабылдау, яғни омбудсменнің бұзылған құқық­тарды айқындауға және қалпына келтіруге арналған нақты мүмкіндігі бар екендігін қоғамның көруі, қа­былдауы;

- құқық бұзу жағдайларын бол­дырмауға шұғыл ден қою мақ­сатында халықпен барынша тығыз байланыс орнату мүмкіндігі. Осы­ған байланысты омбудсмен өкіл­дерінің еліміздің барлық жергілікті жерлерінде болу мәселесі өзекті болып отыр;

- біліктілігі жоғары, құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдарда жұмыс істеген, сондай-ақ байсалды өмірлік тәжірибесі бар кәсіби кадрлардың болуы;

- өз ұсыныстарының орын­далу­ын бақылауға өкілеттілігі.

Бұл мәселені омбудсмен қыз­ме­тіндегі қысқа мерзім ішінде жұмы­сыма қатысты айтар болсам, еңсе­рілмес кедергілер мен қиындықтар жоқ деуге болады. Мемлекет бас­шысы маған берген құқықтар мен өкілеттіктер бүгінде өз міндет­терімді жүзеге асыру үшін толық жеткілікті. Омбудсменнің құқық­тары мен өкілеттіктерін ойдағыдай іске асыру мәселесі өте маңызды. Өйткені, бұл институттың рөлі мен алатын орны мемлекетіміздің демократияға қарай ілгерілеу деңгейін айқындайды.



Авторы: Әңгімелескен Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат