Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2006-01-14:

ТАРИХ ТҰЛҒА ТАҢДАЙДЫ

немесе Нұрсұлтан Назарбаев туралы халық өкілдері не дейді ?

 

Президент сайлауы өтті. Бала­малы, ашық,  айқын өтті. Қазақстан қоғамын дамытудың жаңа бағдар­ламасы ұсынылды. Оппозиция ойсырай жеңілді. Халық өз таң­дауын жасады.  Елбасымыздың өзі айтқандай, бұл жеңіс – Қазақстан халқының жеңісі болды.   

Н.Ә.Назарбаевқа жоғары сенім көрсетілді. Сайлаушылардың 91 пайыздан астамы Елбасына қолдау көрсетті және халықаралық, әлем­дік саясаткерлер арасында ерекше орны бар ұлт ұлының төңірегіне топтасып, “бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып”, ұлтымыз бен мемлекетіміздің болашағының кілтін ұстатты.

Халық айтса қалт айтпайды. Тәуел­сіздіктің, егемендіктің жолы жеңіл болды деп айту қиын. Аума­лы-төкпелі сәттер, қаржылық қиын­дықтар болды. Осындай ке­зеңде Н.Ә.Назарбаев халықтан алда күтіп тұрған қиыншы­лықтарды жа­сырмады. Елбасы “тар жол, тай­ғақ кешуден” қорыққан жоқ. Белді бекем буып, Қазақстан дамуының 2030 жылға дейінгі Стратегиялық бағдарламасын ұсынды. Бәзбіреу­лер утопия, қиял десті. Бірақ тарих, тәуелсіздіктің өткен он төрт жылы Қазақстан Президенті Н.Ә.Назар­баев­тың көрегендік және көсемдік тұлғасын танытты.

Экономикада, әлеуметтік сала­да, мәдениетте, ішкі және халық­аралық саясатта мемлекетіміз Н.Ә.На­зарбаев ұсынған Қазақ­станның өз даму жолын ұстана отырып, ғасырға бергісіз он төрт жылда посткеңестік жүйеде ірі экономикалық, саяси және әлеу­меттік реформаларды жүзеге асыр­ды. Шын мәнінде, Қазақстанда сөз және ұждан еркіндігіне, экономи­калық жетістікке қол жеткізілді әрі ұлттық кауіпсіздіктің нығаюына, шекарамыздың бекуіне алғышарт­тар жасалды.

Қазақстан Ресеймен, Қытай Ха­лық Республикасымен, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстанмен ше­карасын нақтылап, олар заңмен ресімделді. Енді біртұтас Қазақ­стан­ның жеріне ешкім көз алартпақ емес.  Сондықтан да еліміздің хал­қы ортақ шаңырақтағы тыныштық, ұлттық бірлік, діни татулықты ұстана отырып, Президент сайлауы барысында бар ұлттың өкілдері бір үйдің балаларындай өз дауыстарын Н.Ә.Назарбаевқа берді.

Президент сайлауы барысында Қазақстандағы он партия да ұйымдық жағынан топтаса бастады. Оппозиция “Әділетті Қазақстан үшін” деп күш біріктірсе, демо­кратиялық үрдісті, ұлттық тату­лықты, саяси жүйені эволюциялық жолмен орнықтыруды қалаған өзге партия өкілдері Н.Ә.Назарбаев жетекшісі болып табылатын “Отан” партиясының жанына топтасып, коалиция құрды. Олар ортақ ұран­мен “Назарбаев – біздің Елбасы!” деп күш біріктірді. “Есіктен – есік­ке, жүректен – жүрекке” саясатын ұстанған партия мүшелері, қоғамдық штабтар мен Елбасының жұрт сенген өкілдері Елбасы сая­саты, Қазақстан халқына арналған Жолдауының сөзден іске айналып, елдің әлеуметтік жағдайының артқанын халыққа түсіндірді. Бұл сай­лаушылардың сенімдерін арт­тыра түсті. Оның үстіне Назар­баевтың жеке тұлғасы саяси сах­нада әркез дара көрініп, Қазақ­станның әлемдік саяси кеңістіктегі орны мойындалды. Ресей, Амери­ка, Қытай секілді алып елдер Қазақстанды өздерінің стратегия­лық әріптестері деп жариялап, республиканың қауіпсіздігіне, шекарасының мызғымастығына кепілдік беруі халықтың жүрегіне мақтаныш сезімін ұялатты.

Халықтың жүрек лүпілін, саяси талдаушылардың сараптамаларын, әртүрлі ұлт өкілдерінің көзқарасын айғақтайтын мақалалар да сай­лау қарсаңында көп жария­ланды. Жақында, “Отан” партиясының демеушілігімен “ Назарбаев – біз­дің Елбасы!” деп аталатын ақпа­раттық-суретті материалдар молы­нан қамтылған кітап басылып шықты. Кітаптың алғы сөзінде  “... барлық мәтіндерде өткен уақыттың лебі мен лексикасы арнайы сақта­лынып, бүгінгі күннің ырғағына “үндестірілмей” жарияланып отыр” делінген. Кітапты құрастыру, авторларды іріктеу барысында халықтың бар өкілдері қамтылғаны бірден көзге түседі. Әрине, кітап­тың беташары Нұрсұлтан Назар­баевтың “Қазақстан – тек қана алға!” деп аталатын сайлауалды бағдарламасымен ашылған. Мұнда президенттікке үміткер өткенге қарамайды, Қазақстанды болашақ­та не күтіп тұрғанын, өзіне сенім көрсетілген жағдайда не істейтінін сараптайды.

Жеңістен кейін Президент бағ­дарламасының халықтың санасына сілкініс әкеліп, жүрекке жылы сезім ұялатқанын ерекше түйсіне­сің. Елбасы қол жеткен жетістік­терге тоқмейілсуге болмайтынын ескерте отырып: “Мен ұстанатын қағидаттар сіздерге бұрыннан мәлім. Олар өзгермейді. Атап айтқанда, экономикалық өркендеу, ұлтаралық татулық, азаматтардың әл-ауқаты, демократия және қауіпсіздік” деп, Қазақстан әрдайым алға қарау керек екенін сараптайды, өзінің көңілінен, жүрегінен орын алған жоспарларды алға тартады. Ол не?

Назар аударалық:

– Мен Қазақстанның әлемдегі ең бай 50 елдің біріне айналатынына сенімдімін.

– Мен Қазақстанның әр отбасының өз табысына салған үй-жайы, кәсібі мен жеке көлігі бар ел болатынына сенемін...

  Мен Қазақстанның әрбір азаматы өзін тең сезінетін, татулығы мен ынтымағы жарасқан өнегелі елге айналатынына кәміл сенемін.

– Менің жоспарым, бұрынғы жоспарларым сияқты, әбден екшел­ген әрі сөзсіз орындалатын жоспар.

Президенттіктен үміткер Қазақ­стан қоғамының нақты дамуының үш бағытын тайға таңба басқандай айғақтайды. Біріншіден, әрбір қазақстандыққа шаққанда өндірі­летін өнім қазіргі 3400 американ долларынан 2012 жылы 8-9 мың АҚШ долларын құрамақ, орташа еңбекақы 70 мың теңгеден кем бол­майды, зейнеткерлер екі есе, әлеу­меттік жәрдемақылар мен сту­денттердің стипендиясы екі жарым есе өсіп, 7 жыл ішінде 350 мың пәтер ипотекалық жүйеге салынып, 1 миллион адам жаңа пәтерге қоныстанбақ. Негізгі мақсат – Шығыс Еуропа елдерінің деңгейіне жету. Ал екінші міндет – Қазақ­станның әлемдік индустриялық дамыған елдер қатарына қосылуы. Ол үшін жалпы ішкі өнім үш есе өсіп, 6,8 триллион теңгеден 17,7 триллион теңгеге жетпек. Қазақ­стан халқының 49 пайызы ауылда тұрады. Ал олар үшін ауыл шаруа­шылығына арналған салымдар 540 миллиард теңгеге дейін ұлғаятын­дығы ерекше серпін әкелгендігі даусыз.  Үшінші мақсат – демо­кра­тия­лық құрылымдарды өрістету. Өкілді билік органдарының рөлі мен өкілеттігін күшейту, жергілікті жерлерде әкімдер сайлауын өткізу, саяси партиялардың қоғам өмірін­дегі рөлі артып, жергілікті өзін-өзі басқару қалыптасып, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қойылмақ.

Елбасының бұл мақсаттары құр жоспар емес, ол Қазақстанның болашағын айқындайтын, халықты бірлікке жұмылдыратын, шын мәнінде өршіл жоспарлар!

Кітапты саралап шыққанда Президент Н.Ә.Назарбаевтың қазақ халқының, Қазақстан мемлекетінің тарихында алатын орны, оның сын­дарлы шақтағы сабырлылығы мен сенімділігі, біліктілігі мен білімділігі туралы ерекше ілтипатпен жазыл­ған мақалаларға назар ауда­расың. Мырзатай Жолдасбеков, Қой­шығара Салғараұлы, Ақселеу Сейдімбек сынды ұлтжанды, терең білімді ғалым-жазушылардың қазақ әдебиеті тарихында алатын орындары ерекше. Олар қазақтың көне тарихы мен бүгінгі тарихын зерттеп жүрген бірегей тұлғалар. Бұл азаматтар “Ел мен ердің тағдыры тағы да сынға түсті” деп  көлемді мақала жариялады. Оның табиғатын тану үшін мақаланың негізгі, өзекті тұстарын атап кеткен жөн. Авторлар билік басындағы кісіні таңдау баяғы замандардан бері оңай болмағанын айта келіп, сақ, ғұн, түрік қағанаты кезіндегі сайлауға назар аудартады. Бабала­рымыз “Ханды даттамаған, ханды ақ болсын, халқына жақ болсын деп, ақ киізге көтерген...” деп Ұлы даланың рухына толы замандарға шолу жасап, “Президент қандай болуы керек?” деген сауалға жауап іздейді. Үш қайраткердің пайым­дауынша, Президент төмендегідей талаптарға лайық болуы керек:

– Ұлты қазақ, ұлттық дәстүрдің уызына жарыған, халқының бар қадір-қасиетін бойына жиған; тілін, тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жетік білетін; ұлтын жан-тәнімен сүйетін, оның мәрте­бесін өсіретін ұлтжанды; дені таза, ары аппақ, жұртшылықты ала­қанына салып аялайтын, сенімін, үмітін ақтай алатын, ел тағдырына жауап бере алатын Азаматы; кек сақтамайтын, өштеспейтін, бар қазақты бауыр тұтып, басынан сипай алатын мейірімді Жанашы­ры; қар жауса – күрек, жел тұрса – тірек бола алатын халықтың қамқоршы Қызметшісі; ағаны ағадай, ініні інідей сыйлайтын, әдептен аттамайтын, ешкімді бөліп-жармайтын, халқының мұңдасы, Тағдырласы; қорыққанда – қорған, тарыққанда – пана, зарыққанда сана бола білетін, ел таныған, көпшілік мойындаған, мі­незге бай, антқа адал, сертке берік, пейілі кең, байлыққа құнықпайтын қазақ халқының шын Перзенті болу керек;

  Ел басына күн туса,  етікпен су кеше­тін; туған жерін, Отанын қызғыш­тай қорғайтын, көзінің қарашы­ғындай сақтайтын; іске алымды, сөзге шалымды, бүгінгісін оза ойлайтын, ертеңін дұрыс болжай­тын көреген Көсем болуы керек;

– Адамзат тарихын, дін тари­хын, қоғамның, мемлекеттің даму заңдылықтарын, әлемдік үрдісті жетік білетін, оны жүзеге асыра алатын Іскер; Қазақстанның бай­лығын төгіп-шашпай халықтың игілігіне айналдыратын, Қазақ­станды озық елдердің қатарына қоса алатын, нардың жүгін көте­ретін Қайраткер болуы керек;

– Халықаралық қауымдас­тық­қа кеңінен танылған, өркениетті елдердің басшыларымен терезесі тең, сөйлескенде сөзі асатын; егес­кенде еңсесі басатын, елдескенде мейірімін шашатын аузы уәлі, сөзі дуалы Саясаткер болуы керек.

Мұндай ердің айтқаны ем, ісі берекелі, елі ынтымақты болады; жұртшылық заманына сай туған осындай ерге ғана сеніп, соңынан ереді.

Авторлар осы ұстанымға Нұр­сұл­т­ан Назарбаев лайықты деп біліп, Елбасының соңғы он төрт жыл­­­дағы қызметінің негізгі ба­ғыттарын сараптайды. Елбасының үлкен саясаткерлігі мен көреген­дігін айғақтайтын мемлекетіміздің қа­лып­тасу, орнығу, даму бары­сынан мысалдар келтіре отырып, Нұрекеңе – 

Бабамның қаны, анамның жасы,

Сіңген бұл дала, қымбатсың маған.

Береке-бірлік – қамалдың басы,

Ұрпаққа мәңгі тіл қатшы, далам.

Қазақстаным – жасыл орманым,

Қуанышымды жасыра алмадым,

Аңсаған бабам, аңсаған елім,

Бостандық еді-ау асыл арманың,

Жасай бер, жаса, қазағым менің,

– деп ағынан жарылып, тәуел­сіздікті бекіткен, ынтымақты арт­тырған, іргені сөкпеген, шаңырақ­ты шай­қалт­паған, мемлекетті, қоғамды тығырықтан алып шығып, әлем танып-мойындаған Елбасына елі неге сенбеске – деп сауал қойып, оған өздері жауап береді: “Сенеді. Әбден сенеді!”.

Иә, ел сенді. Елбасын ұлықтау рәсіміне әлемнің іргелі елдерінен көп­теген өкілдер келді. Н.Ә.На­зар­баев ақ киіздің үстінде тұрып, Конституцияға жүгініп, өз халқына адал қызмет етуге ант берді. Пре­зиденттің қолтаңбасымен жаңа мазмұнға ие болған ақын Жұмекен Нәжімеденов пен композитор Шәмші Қалдаяқовтың “Менің Қазақстаным” әнінің  негізінде туған  Гимн  бірінші рет ресми орын­далды. Бұл халықтың да, Елбасының да  бақытты шағы еді.

“Отан” партиясы төрағасының мін­детін атқарушы, қоғамдық штаб­тың жетекшісі Бақытжан Жұ­мағұловтың “Главный приоритет Нурсултана Назарбаева – модер­низация страны без социальных потрясений и катаклизмов” атты мақаласы да сонылығымен ерек­шеленеді. Ол Назарбаевты синга­пурлық Ли Куан Ю мен малай­зиялық Махатхир Мұхаммед сынды “Азия жолбарыстарының” тобынан табылатын бірегей тұлға дей келе, Елбасымызды көптеген батыл ин­тег­­рациялық ұсыныстардың авторы ретінде атайды. Еуразия эконо­микалық одақтастығы, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес, ШЫҰ, Әлемдік және дәстүрлі дін­дер съезі, тағы да басқа ұсыныс­тарға сілтеме жасап, Нұрсұлтан Назарбаевты өзіне де, мемлекеттің алдына да ірі және өршіл жоспар­лар қоя білетін саяси қайраткер деп ой түйеді.

Мұны уақыт, мұны сайлау, мұны заман, мұны саясат, мұны тарих дәлелдеп отыр.

Жинақтағы Қазақстан Респуб­ликасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары қол қойған  “Халыққа сабыр, саясаткерлерге парасат керек” деп аталатын халыққа Үндеуде де Елбасының жан-жақты қызметіне оң баға беріліп, тәуел­сіздікті баянды ету жолындағы жаңа тұрпатты Парламенттің атқа­рып отырған рөлін көтеру жөнін­дегі ұсыныстарына дәуір талабы тұрғысынан ризашылық білдіреді.

Кітаптағы сабырлы, салиқалы жарияланымның бірі ретінде “Революция және эволюция” деп аталатын сараптама мақаланы айтар едім. Мұнда автор француз социалисі Жан Жорестің “Рево­люция – прогрестің тағылық тәсі­лі” деген пікірін келтіре отырып, ТМД елдерінің үш елінде болған түрлі-түсті революция­лардың не әкелгеніне экономика­лық дәйек­темелер жасайды. “Тарих дамуын қолдан, жасанды түрде жылдам­датуға ұмтылудың жөнсізді­гін” айта келіп, “Біздің заман, мына күрделі уақыт эволюциялық, табиғи даму жолын таңдауды талап етеді. Біз революция жасап та көрген, революциялық жолмен жүріп те көрген елміз. Жетеді.  Ел тағдырына эксперимент жасауға болмайды” деген автор ойына қуа­на қосыласың және оның Қазақ­станды айналып өткені кездей­соқтық емес, Н.Назарбаевтың сындарлы саясатының жемісі екендігіне көз жеткізесің.

Безендіру  – кітап айнасы. Кітап­тағы бейнесуреттер Н.Ә.На­зарбаевтың күнделікті тыныс-тіршілігін, халқына етене жақын екендігін айшықтайды. Сапасы жоғары, полиграфиялық орын­далуы келісті кітап.

Жинақта КСРО халық мұғалімі Қасым Айтқалиұлының, “Қамыс­ты” шаруа қожалығының жетекшісі Владимир Акуловтың, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Бәйкен Әшімовтің, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік кон­серваториясының ректоры Жәния Әубәкірованың, Әскери ғылымдар академиясының академигі Әскер Бақаевтың, граф Бен Брамстың, Қазақ мемлекеттік қыздар педаго­гика институтының ректоры Шәм­ша Беркімбаеваның, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы­ның төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлінің, Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаеваның, экономика ғылымдарының док­торы, профессор Тілектес Есполов­тың, академик Ғарифолла Есімнің, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым акдемиясының президенті Мұрат Жұрыновтың, саясаткер Евгений Иволгиннің, ардагер ұстаз, “Парасат” орденінің иегері Сейіт­хан Исаевтың, Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің, академик Сейіт Қасқабасовтың, Парламент Мәжілі­сінің депутаты Мұрат Кәрімовтің, Социалистік Еңбек Ері Жолсейіт Молдасановтың, кос­монавт Талғат Мұсабаевтың, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кешегі оралман Майра Мұхамедқызының, халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Оразбаевтың,   академик Рымғали Нұрғалидың, тағы басқа қаламгерлер мен қайраткерлер, саясаттанушылар мақалаларында сан-салалы Қазақ­стан өмірінің кесек-кесек мәселе­лері кеңінен сөз болады, елдің өркен­деуіндегі  Елбасының ерекше еңбегі дәйекті дәлелденеді.

Мұндағы әр мақала Қазақ­станның кешегісі мен бүгіні, даму бағыттары, Елбасы қызметінің  әр қыры туралы сыр шертеді. Қазақ­станның халық жазушысы, Мемле­кеттік сыйлықтың лауреаты Қадыр Мырза Әлі “Біреулерге Президент­тің отырған орны керек. Халыққа Президенттің орнында отырғаны керек” деген мақала жариялапты. Кітаптың жиынтық ойы да, халықтың тоқтамы да осы. Тарих тұлға таңдады, халық оны  қолдады.



Авторы: Уәлихан ҚАЛИЖАН, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат