Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2008-02-09:

Дархандық нұрына шомылған

  

“Оқу – білімнің көзі.

Білім – өмірдің шырағы”

(халық даналығы)

 

Көпмағанбет Елемесов – өзі­нің жеке басының қасиетімен, ерік-жігері және еңбегімен табыс­қа жеткен адам. Дархан табиғат­тың оған мырза көңілмен қара­ғандығы байқалады. Өзінің жетпіс жасына қарамастан ол едәуір жас көрінеді және оның тұлғалы қал­пы, уақытпен таласа жұмыс істеуге дағдыланған адамға тән бітім- болмысы оны ғалымдар арасында ерекшелендіре түскендей.

Өмірдің сынақ-сәттерінен аман-есен өткен, өз елін, жерін, замандастарын жан-тәнімен сүйе­тін жеке тұлға ретінде қалыптасу қиындықтарын бастан кешіре отырып, табиғи болмысын сақтап қалған Көпмағанбет ағаның аузы­нан шыққан әрбір сөз киелі сипат алғандай: “Жауыңның өзін досыңдай сүй, өйткені олардың өзі сені жетілдіре түседі. Демек “тас­пен ұрғанды аспен ұр” деген ата-баба қағидасында үлкен мән бар деп есептеймін” дейді ол.

Көпмағанбет ағаның ата-ана­лары отызыншы жылдарғы қуғын-сүргіннің қиындықтарын бастан кешірген адамдар. Қаншама қиын­дықты көре жүріп өз бала­ларын заман сынына төзімді аза­мат ретінде жеткізген әкесі Еле­местің баласына қалдырған басты мұрасы ер азаматқа тән ерік-жігер, ақынға тән алғырлық, батырға тән батылдық десе болады. Ал мұндай бітім-болмысқа ие адамының сүйсінер достарымен қатар, қыз­ғаныш танытар жауларының да көп болатындығы түсінікті.

“Инемен құдық қазғандай” ғылым саласына әр адам өзінің табиғи мінезі, бітім-болмысымен келіп кірігеді. Ғылым жолында осы қасиет олардың қолтаңбасы іспетті болып ерекшелендіріп тұ­ра­­ды. “Ақын болу міндет емес, азамат болу парызың” дегендей, міне, осындай ғалымдардың бас қосқан ортақ еңбегі нәтижесінде еліміздің аграрлық ғылымы бір оркестрге айналып, сан түрлі ды­быстың ортақ үйлесімін қалып­тастырды.

– Бәрі де табиғат пен тәрбиеге байланысты. Осы екі заңдылық менің болашақ өмірімді айқын­дады. Мен анамнан тазалықты үйренсем, әкемнен адам баласын бөле-жармайтын бауырмалдықты мұраға алдым. Өмірде талай адам­нан бетім қайтса да ешкімге кек сақтаған жан емеспін. “Жылқы кісінескенше, адам түсініскенше” дейді біздің қазақ. Ал Абай атамыз “адамзаттың бәрін сүй бауырым деп” деген. Шамасы осындай қасиет­ке жетуге табиғи болмыс пен тәрбиелік ұмтылыстың нәти­жесінде болар кейіннен көптің кө­ңілінің толқынында жүздік. Өзім­нің ғылыми бағытқа деген көзқа­рас­тарымды сақтай отырып, өмір­ден жақсы достар мен тілек­тестер таптым, – дейді бүгінде ғы­лым мен өмір қағидасында бірдей ке­мелдікке келген академик ағамыз.

Отызыншы жылдарғы қуған-сүргін салдарынан өз Отанынан еріксіз қуылған тектілер отбасында дүниеге келген Көпмағанбет Еле­месов түркімен елінің Сақаршаға ауылында балалық балдәурен шағын өткізді. Өзінің көптеген құрбы-құрдастары секілді ерте жастан еңбекке араласты. Жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін 1953 жылы ауыл шаруа­шылығы техникумына түсіп, мұнан кейін мақта шаруашы­лы­ғын­да агро­ном болып қызмет істейді. 1965 жы­лы Түркімен ауыл шаруа­шылығы институтының зоотехни­калық факульте­тін бітіргеннен кейін өзінің тарихи отанына оралған жас маман Шым­кент облысының қаракөл қойын өсіретін “Тасты” кеңшарында аға зоотехник болып қызмет бастайды.

Өмірдің соқпақтары мен қайыр­малары көп. Сондықтан осынау ша­ғын мақаламызда оның бәріне тоқ­та­лып жатпаймыз. Сол кәсіби еңбек және бірте-бірте ғылымға бой ұру нәтижесінде қаракөл қойын өсіру, дамыту мәселелері жас ғалымның өмірлік мұратына айналғандығынан сыр шертеміз. Көпмағанбет аға ең­бекке араласқан “Тасты” кеңшары­ның КСРО Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі аттестациялық комиссия­сы­ның қолдауы арқасында мемле­кеттік асыл тұқымды зауыт мәр­тебесіне ие болуы оның осы тақы­рыпта қорға­ған кандидаттық дис­сертациясына тікелей себепкер болған еді. Ал бо­лашағынан мол үміт күттірген жас ғалымның өзі осы тұста Шымкент қаласындағы қаракөл қойын өсіру жөніндегі қазақ ғылыми-зерттеу инс­титутына ғылыми қызметке жібе­ріледі.

Бұл ғылыми-зерттеу институ­тын­да қаракөл қойының тегі мен түрі және селекциясы жөнінде үлкен жұмыстар басталды. Осы жұмысқа Көпмағамбет Елемесұлымен қатар А.Омбаев, М.Примашев, Н.Әлібаев, А.Садықбеков, Ж.Күлбергенов секіл­ді жастар тартылды. Олардың бәрі қазір елімізге әйгілі үлкен ғалымдар.

Мұнан кейін жұмыста ғылыммен қатар өзін ұйымдастырушылық  жақсы қырынан көрсете білген Көпмағанбет Елемесов Шымкент облысындағы қаракөл қойын өсі­ретін “Шәуілдір” кеңшарының директоры болып тағайындалады. Бұрын зиянмен жұмыс істеп келе жатқан әлсіз шаруашылықтардың бірінен саналатын бұл кеңшар оның басшылығымен көп ұзамай табыс биігінен көріне бастады. Мәселен, төрт жылдың ішінде қой саны екі есе өсіп, 50 мың басқа жетеді. Ал астық пен жүгері өнімділігі 1,5 есе артты. Әрине, ең басты назар мал тұқымын асылдандыру мәселесіне аударылады. Асыл тұқымды отарлар пайда болып, осының нәтижесінде кеңшар асыл тұқымды қаракөл қой­ларын өсіретін шаруашылық мәрте­бесіне ие болды. Бүкілодақтық жа­рыс­та жарқырап алдан көрініп, жеңімпаз атағын жеңіп алды. Осын­дай жақсы нәтижеге жеткені үшін шаруашылыққа УАЗ-469 және “Москвич” жеңіл көліктері сыйға тартылды. Әрине, бұл сол кезең үшін кез келген шаруашылықтың қо­лы жете бермейтін зор мәртебе еді.

Аталған жәйт Көпмағанбет Еле­мес­ұлы­ның абыройын көтерді. Іскер басшы, болашағынан зор үміт күтті­ретін оқымысты маман ретінде оған сенім артылып, Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайтын “Қазақбас­қаракөл” қаракөл қойын өсіру жө­ніндегі бас басқарманың бастығы болып тағайындалды. Осындағы қызметінде ол қаракөл қойлары­ның саны мен сапасын арттыру мә­се­лесіне үлкен көңіл бөліп, тікелей басшылық жасады. Бұл жұмыс үлкен нәтиже беріп, республикамыз қара­көл қойының саны жөнінен әлемде бірінші орынға шықты. Көбекеңнің көрегенділігі мен қағидатшылдығы іске үлкен пайдасын тигізді. Оның тікелей белсенділігінің нәтижесінде сол тұста СЖК деп аталып, төл алу­ды арттырады деген желеумен қол­данылатын аналық малды егу ісі тоқтатылды. Өйткені, бұл дәріні қол­дану еліміздегі қаракөл қойларын өсіріп, сапалы қаракөл терісін алу мәселесіне үлкен кеселін тигізетін еді.

Қаракөл қойларының санымен қатар сапасы да артты. Еліміздің бағалы қаракөл терілерін халықара­лық деңгейде стандарттап, әлем рыногына шығару үшін қазіргі қолда­нылып жүрген менеджмент пен маркетинг заңдылықтарын білу қажет еді. Осы мақсатқа орай Көп­ма­ғанбет Елемесов елімізде алғаш­қылардың бірі болып АҚШ, Син­гапур, Испания, Германия универ­ситеттерінде білімін көтерді. Бұл жағдай оның ғылым мен білімге деген жаңаша көзқарасын қалыптас­тырды. Ол сол кезеңнің өзінде-ақ еліміздің экономикасына, оның же­ке­леген салаларына нарықтық қаты­настарды енгізудің белсенді жақтау­шысы болды. Оның басшылығымен Қазақстанда италиялық “Джиза” фир­масымен біріккен “Қазақ­Итал­Қаракөл” компаниясы құрылады. Бұл компания бағалы қаракөл тері­лерінен Милан сән үйінің жобалары бойынша моделді киімдер тігіп шығарып, ол халықаралық рынокта жоғары бағаға ие болды. Өкінішке орай, Кеңес Одағы ыдырап, эконо­микалық байланыстар үзілген  қиын кезеңде бұл бірлескен кәсіпорын жабылып қалды.

Көпекеңнің бастамашылдығы мен іскерлік қасиеттеріне еріксіз тәнті боласыз. 1992 жылы оның белсенділігі нәтижесінде Фран­ция­дағы Савой университетінен қа­зақстандық мамандарды ме­недж­ментке оқытатын арнайы курс ашылды. Еліміздің мал ша­руа­шылығы саласындағы бірқатар мамандар озық елдің нарықтық қатынасқа бейімдеген білімін алып шықты.

Көпмағанбет Елемесұлының ғылым саласында жеткен табыста­ры­ның өзі үлкен әңгіме. Өзінің ғылыми жолын қаракөл қойлары­ның сапасын арттырып, асыл тұ­қымын қалыптастыру жолына ар­на­ған білікті ғалым осы тақы­рыптарда кандидаттық, докторлық диссертацияларын қорғады. Ұлт­тық ғылым академиясының ака­демигі, профессор атанып, Қа­зақстан Республикасының Мемле­кеттік сыйлығына ие болды. 200-ден астам ғылыми еңбектер жа­зып, төрт ғылым докторын, он ғы­лым кандидатын тәрбиелеп шы­ғар­ды. Ресей, Тәжікстан, Моңғо­лия және басқа да бірқатар ше­телдік академиялардың академигі болып сайланды.

Ғылым мен өндірістің басын қосқан оның осы үлкен қасиеті 2002 жылы елімізде ауыл шаруа­шылығы ғылымдарын реформалау жұмысы басталған кезде осы істің басына алып келді. Ол Ауыл ша­руашылғы министрлігі ғылым департаментінің директоры болып тағайындалып, агроғылымның болашағы мен басым бағыттарын айқындауға өте үлкен үлес қосты. Оның тұсында бұрын Білім және ғылым министрлігіне бағынышты болып келген ауыл шаруашылығы бағытындағы ғылыми-зерттеу инс­титуттары Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігіне беріліп, оларды қар­жыландыру мәселесі едәуір жақ­сарды. Көпмағанбет Еле­месовтің басшылығымен еліміздегі асыл тұқымды малдардың гендік қоры шоғырландырылған “Асыл түлік” республикалық орталығы табысты жұмыс істеді.

Бүгінгі күні адам өмірінің бе­лес­ті кезеңі жетпіс жастың биігі­нен көрініп отырған академик аға­мыз өзінің өндіріс пен ғылымды ұйымдастыру ісінде жинақтаған бай тәжірибесін жастарға беру, тәлімгерлік көрсету мақсатында “ҚазАгроИнновация” АҚ прези­ден­тіне кеңесші қызметін атқарып жүр. Сонымен қатар, Қазақстан­ның мал өсірушілер ассоциация­сы­ның жұмысына басшылық жа­сайды. Жеті бала тәрбиелеп өсіріп, олардан немере, шөбере сүйіп отырған бақытты әулет басы.

Мал өсірушілердің еуропалық ассоциациясының вице-пре­зиденті Кледвин Томас академик Көпмағанбет Елемесов туралы бы­лай дейді: “Мен осынау алып тұл­ғалы адамға қарап, кезінде батыр атанған сіздердің ата-бабаларыңыз осындай болған-ау сірә, деп ойға қаламын. Ал онымен әңгіме­лес­кен кезімде шексіз біліміне, адам­дармен қарым-қатынастағы сый­ластыққа негізделген дип­ломаттық мәнеріне тәнті боламын. Қазіргі күні сіздердің елдеріңізге Еуропа Одағы үлкен назар ауда­руда. Өйткені, оның жарқын болашағын көріп-сезініп отыр. Нұр­сұлтан На­зарбаев секілді көре­ген басшысы, Көпмағанбет Еле­месовтей мықты ғалымдары бар ел тамаша табыс­тарға жетпей қой­майды, мен осы­ған сенемін” дейді.

Жетпістің биігіне көтеріліп отыр­ған көрнекті ғалым-ұйым­дастырушыға зор денсаулық, отба­сылық бақыт тілейміз. 



Авторы: Сұңғат Әліпбай.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат