Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2008-02-19:

Ақыл-ойдың алтын арқауы

 

Өткен аптаның жұма-сенбі күндері елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде аталмыш оқу ордасы, Білім және ғылым министрлігі, Ұлттық Ғылым академиясы, Философия және саясаттану институтының ұйытқы болуымен “Әлемдік философия дамуының өзекті мәселелері” деген тақырыпта халықаралық ғылыми-теориялық конференция болды.

 

Алғашқы күнгі пленарлық мәжілісті Еуразия ұлттық уни­вер­ситетінің ректоры Сәрсенғали Әб­діманапов ашып, бұл конфе­рен­ция еліміздің барлық ғылыми қоғамдастықтары үшін айтар­лық­тай оқиға екенін атап өтіп, біз қазір жаңа өркениеттің өзгеріске толы кезеңінде тұрмыз, адамзаттың алдағы болашағы бүгінгі қадам­да­рымызға байланысты болмақ. Бар­лық салада адами өмірлік тіршілік пен қоғамдық сананың түбегейлі жа­ңаруы жүріп жатыр. Фило­со­фияны тереңірек зерттеп, ғылым ме­тодологиясын меңгермей тұрып, жаңа ғылыми ізденістерге қол жеткізу мүмкін емес екені белгілі. Бұл тұрғыдан келгенде, философия ғылымы әрқашан да алдыңғы орын­да. Ол адамдардың  дүниеге көз­қарасын, ғылыми-таным мето­до­логиясын, қоғамдағы адами эти­калық нормаларды негіздеп береді. Бүгінгі философия – ғылымның жаңаша қабілетін қалыптастыруға бет түзеді. Ол тек зерттеу мето­до­логиясына ғана емес, сонымен қа­тар, ғылыми білімнің этикалық нор­маларының даму бағытындағы үлкен жұмыстарға да ұйытқы болып отыр. Бұл кон­ференция отан­дық философияның бүгіні мен болашағын, өзекті мәсе­лелерін ха­лықаралық үрдістермен үйлестіріп отыруға мол мүмкіндік беретіні күмән­сіз, деді.  Бұдан кейін ол жұртшылықты конференцияға келген оқымыстылармен таныс­тыр­ды. Қонақтардың арасында Ресей Ғылым академиясының академигі В.Степин, РҒА кор­рес­пондент-мүшесі А.Смирнов, Ресей және Америка профессоры Г.Югай, философия ғылымдары­ның док­то­ры, Мәскеу мемле­кеттік педаго­ги­калық институты фило­софия ка­федрасының мең­герушісі Г.Лобас­тов, Париж-Х университеті әлеу­мет­тану ғылым­дарының докторы В.Дресслер, Ивана Франко атын­дағы Дро­гобычский мемле­кеттік педагогика университеті, фило­со­фия кафедра­сының профессоры В.Возняк,  Бун­дес­фер (Германия) жетекші кадрлар академиясының жанындағы ха­лық­аралық қауіп­сіздік ғылыми фо­румның про­фес­соры И.Рау және Қазақ­станның көрнекті ғалымдары, академиктер С.Зиманов, Ә.Ны­сан­баев, Ғ.Есім, тағы басқалары бар.

Әлемдік дәрежеде өтіп отырған алқалы басқосуға арнайы жолда­ған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың құттықтау хатын Президент Әкімшілігі Әлеуметтік-саяси бө­лімі меңгерушісінің орынбасары Әлібек Асқаров оқып берді.

Бірінші күнгі пленарлық мәжілісте академик Ж.Әбділдин “Философияның тарихилығы. Философия ғылым және ақыл-ой қажеттілігі ретінде”, академик В.Степин “Өзіндік даму жүйелерді зерттеу әдістемесі”, В.Дресслер “Әлеуметтік таным әдістемесі: модернизмнен постмодернизмге өту”, В.Возняк “Ақыл-ой ақылды ма?”, И.Рау “Мен және өзім­шілдік. Белсенділік диалекти­касы мен шекара”, Г.Лобастов “Қазақ­стандағы диалектикалық фило­софия”, Ғ.Есім “Қазақ халқының рухани мәдениетінің ғұлама қай­раткерлерін ақтау туралы мәселе”, профессор Ж.Нұрманбетова “Әлеуметтік танымдағы диалек­тика прин­циптері”, деген тақы­рыптарда философияның толғақ­ты мәселелері туралы баяндамалар жасап, отандық фило­софия мен әлемдік фило­софияның  мәселе­лерін талдады.  Ғылым мен білім қай заманда да ортақ тақырыпта үйлесім табатынын сөз етті. Пленарлық мәжілістен кейін 60-қа жуық ғалымдар 3 секцияда жұ­мыс істеп, 140 тақырып бойынша пікір алмасты. Мысалы, диалек­тикалық логика мен филосо­фияның бағыт-бағдарлары, қазақ философия­сының даму кезеңдері, филосо­фиядағы тұлғалық таным, жауап­кершілік, постмодерн және фило­софия және басқа өзекті мәселе­лер сөз болып, өркениет көшіне ілесу кезіндегі бұл ғылым­ның алатын орны жан-жақты саралан­ды. Елбасы міндеттеген әлемдегі алдыңғы қатарлы 50 мемлекеттің қатарына қосылу үшін бұл ғылымның алатын рөлі, оны әлемдік философиямен ұштастыра отырып жетілдіру жағы да назардан тыс қалған жоқ.

 

Жабайхан ӘБДІЛДИН, академик:

– Бұл халық­аралық конфе­рен­цияда көптеген мәселелер көтерілді. Әсіресе, өзге мем­ле­кеттен келген оқымыстылар әлем­дік философия алыптарының еңбегі қазақ тіліне аударылып жат­қанын естігенде шынайы ризашы­лықтарын білдірді. Бір замандары голландиялықтар Платонның рухани дүниесін өз тілдеріне аудару мәселесін қозғағанда, Гегель Платонды өз тілінде оқымаған халықты мәдениетті ел деуге бола қояр ма екен депті. Бұл тұрғыдан келгенде, тәуелсіз Қазақстанның оқымыстылары әлем философта­рының еңбектерін аударып, қалың оқырманға танытып, өскен ел екенін таныту үстінде. Мен бұл конференцияда ғылым мен фило­софияның тарихилығы туралы ой қозғадым. Сол секілді философия келешекте қалай болуы керек, қалай дамуы керек дегенді де те­реңдете айттым. Біріншіден, фило­софия объективті ғылым. Бұрынғы философтар қазіргі замандағыдай емес, дүниеге тұтас көзқараспен қараған. Олар нағыз ғұламалар болған. Себебі, математиканы да, физиканы да, биологияны да жан-жақты зерделеп, философиялық тұрғыдан пайым жасап отырған. ХVІІ ғасырдан басталған нарықтық қатынас өндірістің өркендеуіне жол ашты. Бұрынғыдай барлық ғылым­ды философиялық тұрғыдан қарау бірте-бірте тікелей маман­дануға жол ашты. Қазір  дүние қарыш­тап өрлеу кезеңіне келді. Ғылым мен техника ерекше дамып, авто­матика адамды алмастыра бастады. Ендігі жерде адам не істейді деген мәселе туындауда. Алдағы уақытта адам­ның ойы, ақылы биікке көтерілуі тиіс. Адамның бойындағы жасам­паздық артуы керек. Әрбір азамат мен өмірге неге келдім, не істеуім керек дегенді алға шығаруы қажет болып тұр. Ендігі жерде адам тәрбиесі алға шықты. Адамның қоғамдағы жеке мәнін түсіну ке­рек­тігі туындап отыр. Ендігі жерде адамды тек факторға ғана үйретпей, оны ең алдымен ақылға үйрету керектігі, оны философиялық тұрғыдан дәйектеу мәселесі алдан шығуда. Қазіргі кезде білім мен ғылымды философиялық тұрғыдан саралау қажеттігі де айқындалды.

 

В.СТЕПИН, РҒА академигі:

  Қоғам­да­ғы өзін-өзі қоз­ғай­тын жүйенің методологиясы ту­ралы айтар бол­­сақ, дүниеде даму бар десек, сол даму қайшы­лықтар арқылы алға жылжып отырады. Сол қозғалыстың мето­дологиясы мен методикасын жақсы білу керек. Оның ішінде диалек­тикалық методология, диалектика­лық логиканың орны ерекше. Біз бұл ғылымдарды белгілі оқымыс­тылардың атына теліп жатамыз. Бірақ ол бірден емес, бірте-бірте дамыған. Адам жаратылғаннан бастап, әрқайсысы соның бір нүктесін қойып, идеяларын сіңіріп, соның нәтижесінде бүкіл адамзатқа ортақ философиялық рухани қор жинақталған. Диалектиканың әр категориясы – ойлау категориясы болып саналады. Бұл таптық та, партиялық та болмаған, болмайды да. Өйткені, диалектика жоғарыда айтқанымыздай, адам дамуымен бірге өмір сүріп келеді. Мәселен, біз қазақтың ұлы ақыны – Абайды ұлы ғұлама дейміз. Егер сол ғұла­маның әр шығармасын зерделей оқысаңыз, әр жолында, тіпті үтір-нүктесінде философиялық ой жатыр. Ерен көзқарастар топтама­сын көресіз. Соны Кант еңбек­терімен салыстырсаңыздар, ақын­ның даралығына, даналығына көз жеткізерлеріңіз анық.

 

А.СМИРНОВ, РҒА корреспондент-мүшесі:

– Біз көбіне-көп филосо­фия­лық диалекти­каны батыс-шы­ғыс деп бөлетіні­міз бар. Шын­туай­тына кел­ген­де, адамзаттың ақыл-ойы бір ар­нада тоғысып, бүгінгі ойға алтын арна болды. Философия ғылымы жеке-дара дамымайды. Мысалы, Әл-Фарабидің ғылымдағы филосо­фиялық байламдарын бір шең­бердің ішіне салып қоя алмайсың ғой. Мысалы, Рим, грек фило­софиясы кейін шығыс филосо­фиясына ұласты. ХІ ғасырда Еуро­па ғылымында тоқырау бастал­ғанда, шығыста ол үлкен өрлеу кезеңін бастан кешті. Осыған қарап ғылым, оның ішінде философия ғылымы бір елде, не бір құрлықта гүлденді дей алмаймыз. Ендеше, әлемдік философияның өзекті мәселелерін талқыға салып отырған бұл халықаралық басқосудың жөні бөлек деп білемін.

 

Г.ЮГАЙ, профессор:

– Қазіргі фи­ло­софияның дамуына келсек, біраз жұмыстар атқарылды. Шы­ны керек, фи­лософия ғылымы ғылым атаулының бастауы десек, ар­тық айтқандық емес. Қай саланың да негізіне философия қазық болады. Егер соны тап бассаңыз, алға қойған мақсат-міндеттеріңіз мүлтіксіз орындалады. Дүниенің бастауы болмыс деп жатамыз. Шынына келгенде олай емес. Болмыс пен ой алшақ кетпей, қабысқан жағдайда мақсат-міндет межесінен шығады. Сөзімді түйіндей айтсам, болмыс пен ой екеуі екі нәрсе емес, біртұтас философиялық категория.

 

И.РАУ, философия ғылымдарының докторы (Германия):

  Мен жеке тұлға туралы айт­қым келеді. Тұл­ға­ны анықтау үшін оны білуің керек, бүкіл болмысын түсінуің ке­рек. Сонда ғана ол тұлғаны қайшы­лықсыз тап басып танитын бола­сың. Тағы бір ойымды ортаға салар болсам, батыстағы кейбір ойшыл­дар сын айтады. Ол сын демо­кратия туралы болады. Әрине, де­мократия керек. Бірақ демо­кра­тияның да демократиясы бар. Әр елдің өзіндік даму үлгісін естен шығармаған ләзім. Осы күндері әйелге теңдік беру мәселесі көп айтылады. Мәселен, әке мен баланың, еркек пен әйелдің қоғамда өз орны болады. Осыны шатастырып алсақ, онда көп нәрседен ұтылуымыз ғажап емес. Айталық, әйел қоғамның дамуына қатысуы керек. Бірақ, оның аналық парызы бар емес пе? Сол секілді әке мен баланы бір-біріне қарсы қойып, анау ескі көзқарастың ада­мы, сен жаңа заманның өскінісің деу де қате тұжырым. Адам өмірін­дегі ең басты нәрсе – рухани бай­лық, әр ұлттың өзіне тән ерек­шелігі. Біз осыны есте ұстауымыз керек. Этиканы сақтай отырып, қоғамдағы адамның рөлін анықтау бірінші кезекте тұруы тиіс. Олай істемей, адамдар арасына, яғни толқын-толқын ұрпаққа “шабуыл” жасау, абырой әпермейді. Бұл ұрпақтар арасында басараздық тудырады. Сол себептен де қоғам дамуындағы адамның рөлін, сол қоғамның тұлғасы адам екенін, адамның ақыл-ойы екенін, ақыл-ойы жақсы дамыған елде береке-бірліктің болатынын, келешекке деген үміттің артатынын естен шығармаған жөн деп білем.

 

В.ДРЕССЛЕР, әлеуметтану ғылымдарының докторы (Франция):

– Әлемдік философиядағы үлкен мәселе­лер­дің бірі әлеу­мет­тік таным әдіс­темесі десек, оның ауқымына кіретін модернизмнен постмодер­низмге өту туралы әлемдегі үлкен ғұламалар жан-жақты зерттеулер жүргізген. Халықаралық деңгейде өткізіліп отырған осы ғылыми-теориялық конференцияда да кеңінен сөз болды. Қазақстан ғалымдары бұл жайында  өздерінің байлам пайымдарын ортаға салды. Әлемдік дәрежедегі философиялық категорияны бірлесе отырып дамыту ісі алдағы уақытта жалғаса берсе құба-құп. Менің бір тілегім, биік дәрежеде ұйымдастырылған басқосу осымен шектеліп қалмай, әрі кеткенде бес жылда бір рет өтіп отырса, нұр үстіне нұр болар еді.

 

Ә.НЫСАНБАЕВ, академик:

–ТМД мемле­кеттерінің ара­сын­да тұңғыш рет өтіп отырған бұл халықаралық кон­ференция Қазақ­стан­ның өркен­деп өскенін, әл-ауқаты артып эко­­номикасы тұ­рақ­тағанын көрсет­се керек. Кеңес дәуірінде мұндай жиындар жиі өтіп тұратын. Енді міне, сол үрдіс қайта жаңғырды. Алқалы басқосуға келген өзге елдің ға­лымдары Қазақстан философ­тары­ның жұмыстарымен жан-жақты таныса келіп, жоғары баға­сын берді. Кеңес дәуірінде Гегель­ден кейін “Диа­лектикалық логика” атты төрт томдық көлемді еңбекті КСРО философтарының ішінде қазақ ғалымдары алғаш рет жазып шыққан еді. Оның үш томында диалектика теориясы қамтылса, төртінші томында диалектикалық логиканың табиғат ғылымдары сөз болған еді. Бесінші томында диалектикалық логика мен қоғам туралы жазу жоспарланған бола­тын. Бірақ оған аумалы-төкпелі заман мүмкіндік бермеді. Егер Отанымыздың бүгінгі қарқынды дамуы жалғасын тауып жатса, ол жұмыс атқарылады деген сенім­демін.

* * *

Елімізде, оның ішінде елора­дамызда тұңғыш рет өтіп отырған халықаралық конференцияның соңғы күні қазақ ғылымының айтулы өкілдері, жазушылар, қо­ғам қайраткерлері, атап айтқанда академик Салық Зиманов, жазу­шы Әбіш Кекілбаев, сенатор Қуа­ныш Сұлтанов және өзге де аза­маттар сөз алып, әлем филосо­фия­­сының мәуелі бәйтерегінің бір салалы бұтағы болып есепте­летін қазақ философиясы, оның көрнекі өкілдері туралы өз ойла­рын ортаға салып, жылы пікір­лерін білдірді.



Авторы: Сүлеймен МӘМЕТ, Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат