Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2008-02-20:

Жан-жақты өсу стратегиясы

 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауының бүкіл мән-мағынасы мықты стратегияға ие болып отырған еліміздің жан-жақты өсуін айқындап беруінде.

 

Жақсыбек ҚҰЛЕКЕЕВ, “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясы” АҚ президенті.

Жолдауда Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты екені ерекше атап көрсетілді. Бұл орайда әлеуметтік салаға бөлінетін қаржы, білім беру мен денсаулық сақтауды қоса есептегенде, бес еседей өспек. Яғни, 5 миллион адам әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз етілмек.

Екіншіден, осы мақсатпен тіке­лей сабақтас демография мәселе­сі­не баса назар аударылды. Бұл ұлт­тық мүдде тұрғысында тарихи міндеттерді шешудің ең өзекті мәселесі деп ойлай­мыз.        

Ал енді еліміздің ішкі саясатындағы қадау-қадау мәселелерді жіліктеп айт­қанда, басты жаңалықтар талдап көрсетілді. Мемле­ке­тіміздің ұзақ мерзімді ке­лешекте жан-жақты өркен­деуінің негізгі міндеттері мейлінше толық сарала­нып, белгіленуінен ой түйіп қана қоймай, көзделген мә­селелерді жүзеге асыруды жеделдету керек. Ол барлық салада кәсіби шеберлікке тәуелді басқарушы – менеджерлер мен тәуекелді әрі қажетті іс-әрекеттерді, ғылыми жобаларды, жаңа технологияларды батыл енгізу талабын ұштастыра білетін маман-кадрлар даярлаумен де тығыз байланысты. Сондықтан да жастардың бойында базалық білімнің негізі болуы тиіс, ондай деңгейдің қалыптасуы ең алдымен мектептен қаланатыны мәлім. Бар­лық салада маман-кадрларға сұра­ныстың өлшемі ерекше өсіп отыр­ған шақта өндірістегі инновация­лық жобалар жоғары техноло­гия­сыз және кәсіптік бағытта білім ал­маған мамандарсыз жүзеге аспай­ды. Кәсіптік-техникалық білім беру ісіне ерекше көңіл бөліну керектігі білікті, ойы озық, өз ұстанымын ізденістермен толықтыра алатын маман мәселесінен туындап отыр.

Ел зердесінде “ел экономика­сының күретамыры” деп аталып кеткен темір жол саласына да осы өзекті мәселе тән. Халықаралық тәжірибеге жүгінсек, теміржол­шы­лар әлеуеті, күш-қабілеті өндіріс пен теорияны ғылыми тұрғыдан ұштастырып, тиянақталуы тиіс. Бұл салада нарықтық қарым-қатынас ма­ман-кадрларға жаңа заман сұра­нысымен орнығуы қажет. Атап айт­қанда, жаңа технологияларды мең­герген, шетел тілдерін білетін, ба­тыстық оқу орындарында білім алған мамандарымыз саусақпен санарлық екені рас. Статистикалық мәліметтерге сараптама жасап көр­сек, оларға деген қажеттілік арта бермекші. Оның үстіне темір жол саласындағы мамандар жыл­дан-жылға “қартайып” барады. Қар­таю көрсеткіші жоғары, зейнет жасына жақын адамдар тым көп болған­дық­тан, енді 4-5 жылда жас маман­дарға сұраныс күрт өспек. Ша­мамен біздің ұлттық компа­нияға 50 мыңға жуық жас кадр қажеттігі туындайды.

Ұлттық компанияның кадрлық саясат бағдарламасы ішінде жас­тар­мен жұмыс жөнінде арнайы бағ­дарлама қарастырылып отырғаны сондықтан. Таяуда біз еліміздің түрлі оқу орындарында темір жол са­ласына қажетті мамандар даяр­лауды үйлестіру үшін Білім және ғылым министрлігімен меморан­дум­ға қол қойдық, өз тарапымыз­дан кәсіптік-техникалық оқу орын­дарының материалдық-техни­калық базасын жақсартуға көмек жасау­дамыз. Базалық басты оқу орны саналатын М.Тынышпаев атын­дағы Қазақ көлік және ком­му­ника­ция­лар академиясының 2-3 курсын бітір­ген үздік студенттердің бірқа­тарын компанияның қаржы­лай демеуші­лігімен Еуропа елде­рі­нің элиталы оқу орындарына жі­бе­ріп, білім алуларына да мүмкіндік ту­ғызамыз.

Елбасының білім беруге ұдайы қамқорлық жасау жөніндегі тап­сырмасы мен жүктеген міндеттерін орындау жауапкершілігінің мәні әрдайым жоғары болмақ. Эконо­ми­калық дамудың сапасы дегенде, Мем­лекет басшысының “Елімізге заманауи менед­жменттің тілін бі­ле­тін басқару­шы-мамандар керек” деп баса айтқаны мемле­кет мүд­де­сіне қыз­мет ету­дің қажеттігі мен та­ла­бының қан­ша­лықты өсе түс­ке­­нін де көрсе­теді.

Жолдауда “Те­­­мір жол және ав­то­мобиль ин­фра­құры­лым­дар­ын салу мен жаң­ғыртуды қам­та­масыз ету қа­жет” деп атап көр­сетілді.

Қазақстанның міндеті отандық көлік-коммуни­ка­ция кешенінің бәсекелестік қабі­летін және аумағымыз арқылы өте­тін сауда легінің ұлғайтылуын қам­тамасыз етуде жатыр. Белгілі бір дәрежеде бұл салада біршама да­мы­ған, жаңа инновациялық жобалар жүзеге асуда, келешекте біздің көлік қызметімізге ден қоятын жаңа рыноктар іздеуге тура келеді.

Елімізде жүк тасымалының негізгі көлемі темір жол арқылы жүзеге асады. Көліктің осы түрінің ал­дында тұрған стратегиялық мін­деттерді іске асыру үшін басым­дық­тар да белгіленген. Соның ең ірісі – Трансазия магистралі бой­ынша транзиттік жүк тасқынын қамтамасыз ететін негізгі темір жол бағыттарын жаңарту.

Мемлекет басшысының: “Біз барлық оңтүстік облыстарды көк­тей өтіп, Қызылорда мен Ақтөбе арқылы Ресейге шығатын, өңірлер­дің экономикасын жандандыратын Қазақстандағы ең ірі көліктік жоба­ны – “Батыс Еуропа – Батыс Қы­тай” трансқұрлықтық дәлізді іс жүзіне асыруды қолға алуымыз қажет” деп ауқымды міндеттерді ай­қындап алуы бұл салада үлкен оң өз­герістер күтіп тұрғанын бай­қатады.

Темір жолдың жаңа бағыттары ел экономикасына көп күш беріп, қызмет ететін болады. Биылғы жыл­дың өзінде концессиялық не­гіз­де Шар – Өскемен темір жол құ­рылысы аяқталады, Маңғыстау – Баутино, Ералиев – Құрық темір жол желілері мен Қорғас –Жетіген учаскесінің құрылысы, Мақат – Қандыағаш темір жол учас­кесін электрлендіру жұмысы басталатын болады. Елбасы нақ осы міндеттерді алға қойып отыр.

Бұл нысандар Қазақстан темір жол желісін дамыту үшін аса маңызды. Мәселен, Маңғыстау – Баутино, Ералиев – Құрық темір жол құрылысы және Каспий теңізі аймағында Қазақстан мен Түркі­менстанды байланыстыратын Өзен – Қазанджық желілері транзиттік тасымалдың тірегі болмақ.

Өткен жылы үшжақты келісім нәтижесінде Иран, Түркіменстан және Қазақстанды жалғайтын темір жол құрылысын салу жобасына қол қойылған болатын. Бұл жобаның қандай пайдасы бар? Каспий теңізі жағалауымен жүргізілетін темір жол арқылы Түркіменстан жүктері Қа­зақ­стан арқылы Ресейге, одан әрі Еу­ропаға бет алатын бағыт бойын­ша мемлекетаралық темір жол Ера­лиев—Түркіменбашы немесе Өзен – Қазанджық арқылы түсіп, Ералиев –Түркіменбашы аралығы шамамен 443 шақырым болса, оның 190 шақы­рымы Қазақстан аумағы ар­қылы өтеді. Ал, Өзен – Қазанджық жо­ба­сының қашықтығы – 560 ша­қырым. Оның Қазақстан аумағына кіретіні 140 шақырым болса, Түр­кіменстанға тиесілісі – 420 шақырым.

Жезқазған мен Бейнеу стан­сасының арасын қосу өз тиімділігін сөзсіз ақтайды. Қорғас – Жетіген темір жол жобасы да транзиттік тасымал үшін өте тартымды. Бұл жоба Қытайдан жеткізілетін жүк пойыздарын онсыз да экологиясы на­шар Алматы қала­сы­на кіргізбей, күн­гей­дегі бас қа­ла­ға қа­жет­ті вагон­дар­ды сұ­рыптау стан­са­ла­рын­да ағытып, Же­ті­геннен тура Қа­зыбек бек станса­сына тікелей темір жол тартуды көз­дей­ді. Бұл әрі жол қа­шықтығын 85 ша­қы­рымға қысқартады. Сондай-ақ, заман талабы мен жұртшылық сұ­ра­ны­мына орай Астана мен Алма­ты бағытында “Тұлпар” (“Тальго”) се­кілді жолаушы пойыздарын сатып алу мәселесі көзделіп отыр. Екі ірі қала арасында жүрдек пойыз­дар сағатына 160 шақырымға дейін жылдамдықпен жүретін бо­лады. Мұнымен қатар ұзақ жылғы тарихы бар “Алматы-2” вокзалын өрке­ниетті елдер үлгісімен (тек жолау­шылар пойызы ғана келетін) жаңарту мәселесі де ойымызда бар.

Әрине, шекаралық “Достық” стансасын қала тектес кент дең­гейінде дамыту, оның өткізу қабі­летін жылына 25 млн. тоннаға дейін жеткізу, көп модульді терми­налдар ұйымдастыру секілді мін­дет­тер жүзеге асатын болады.

Таяуда Қазақстан темір жо­лы­ның 2012 жылға дейінгі даму жө­ніндегі инвестициялық бағдарла­ма­сы әзірленіп, бекітілді. Біз осы жыл­дар ішінде 890 млрд. теңге көле­мінде инвестициялық жобалар­ды жүзеге асырамыз. Бұл темір жолдың өзекті мәселелерін шешуге және серпінді дамуына бетбұрыс жасайтын болады.

Ал биыл темір жолдарды жөн­деу, вагон паркін жаңарту, ақпа­раттық технологияларды орнық­ты­ру, жолаушыларға сервистік қызмет көрсетудің сапалық деңгейін жақсарту, вокзалдарды жарақтан­ды­ру сияқты ұдайы назарда тұра­тын мәселелер белсенді түрде қолға алынады, мұны жұртшылықтың өзі көп ұзамай-ақ сезінетін болады. Соңғы уақытта еліміздің темір жол саласында болып жатқан жаңа­лық­тар мен өзгерістер өз жалғасын тауып, ел экономикасының дамуы­на қомақты үлес қосудың арналы жолы айқындала түседі. Бұған үкіметіміз түсіністікпен қолдау көрсетуде. Көптен бері әңгіме болып келе жатқан бір мәселені айта кеткім келеді, ол – локо­мо­тивтер құрастыру зауытын ашу. Амандық болса, биыл Астанада америкалық “General Electrіc” компаниясымен бірлесіп, локомо­тив құрастыру зауытының құры­лы­сын бастаймыз, алғашқы төл ло­комотивіміз 2009 жылы пайда­ла­нуға беріледі. Қазақстанда вагон құрастыру зауытының өндірісін құру мәселесі де пысықталу үстінде.

Біздің халық жақсылық атаулы Елбасының Жолдауынан бастау алатынын біледі. Биылғы Жолдауда өркендеу бағытымен алға қарай дамитынымызды, басты мемле­кет­тік саясатымызды одан әрі орнық­тыру мақсаты мен қойған міндеттері әлемдік бәсекелестікке қабілетті болудың берік қамын жасап, халық мүддесі үшін орындалуға тиісті жаңа асуларды белгілеп берді. Мұны қалың жұртшылық қолдап, қуаттап отыр. Ел экономикасында үлкен орны бар Қазақстан темір жолының тыныс-тіршілігіне байла­нысты биыл және таяу жылдары атқарылатын мәні зор міндеттерді жүзеге асыру бәрімізге ортақ жауап­кершілік жүктейді және бұл нарықтық қарым-қатынас жағ­дай­ында саладағы жаңа реформалық өзгерістерді орнықтыра түседі.

 

Әлеумет  пен әл-ауқат

 

Асхат БЕКЕНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты.

Қазақстан үшін биыл қандай міндеттерді жүзеге асыру маңызды, әлемнің бәсекеге қабі­лет­ті 50 елінің қатарынан нық орын алу мақ­са­тында не істеуге тиістіміз, келешекте қай салаға көбірек назар аударғанымыз жөн, ел алдындағы азаматтық жауапкершілікті қалай сезінудеміз, оған өзімізді қай тұрғыдан алып қарағанда да даярмыз дей аламыз ба, халықтың әл-ауқатын қайткенде арттыруға болады? Жалпы, адамзат игілігіне қатысты басқа да толып жатқан мә­се­лелер кеңінен қозғалатын Президент Жолдауын жұрттың қашанда асыға күтетіні мәлім. Өйткені, өзім де сол қарапайым халық­тың арасынан шық­қан “Нұр Отан” партия­сының өкілімін, Елбасының кәсіпкерлікке қол­дау көрсетуі арқасында осы жолдағы мүм­кіндігімді тауып, құрылыс саласында әжептәуір нәти­желерге қол жеткіздім. Мем­лекет басшысының ақпан­дағы Жолдауы да бұрын көте­рілген бастамалармен сабақ­тасып жатуымен, қазір алды­мызда қандай жауапты мін­дет­тер тұрғанын әр сала бойынша егжей-тегжейлі екшеп, терең талдауымен, халықтың бүгінгі мұң-мұқтажына қатысты өткір мәселелерді дер кезінде қозғауымен құнды.

Қай кезде де жоғары мәнге ие құрылыс са­ласына талап пен талғам жылдан-жылға өспесе, ешқашан төмендемесін жұрт бүгінде жақсы біледі. Сол себепті Елбасы Жолдауында оған әрдайым айрықша маңыз беріліп келеді. Бұл жолғы құжатта да тұрғын үйдің қолжетімділігі мен сапасы туралы айтылды. Мәселен, был­тыр­ғы Жолдаудағы 100 мектеп пен 100 аурухана салу керек деген Президент идеясы негізінен кімнің мүддесін көздегеннен туған еді. Сөз жоқ, ауыл адамдарының. Ең алдымен, бұл бастама өз қолдаушыларын тез арада тауып, жер-жерде әлеуметтік нысандар жарыса бой көтерді. “Қазақ­мыс”, Еуразиялық өнеркәсіп ассоциа­ция­сы, “Қазмырыш”, “Теңізшевройл”, “Аджип”, “Қаз­МұнайГаз”, “Қазатомөнеркәсіп”, “Қазақстан темір жолы” сияқты ірі құрылымдар өткен жылы мектеп, балабақша, түрлі оңалту, сауық­ты­ру мекемелерін дамытуға 30 миллиард тең­ге­ден астам қаржы бөлген.

Тікелей өнім өндірумен айналысушы еңбек адамдарының ахуалына әрдайым баса назар аударылуы, дәулет пен сәулеттің үйлесімділігін орнықтыруға жіті көңіл бөлінуі, бейнет пен зейнеттің сабақтастығы, адамгершілік қағида­лары­ның аяқасты болмауы қоғамдық құнды­лық­тар ретінде қадағалануы, жалпы халықтың әл-ауқатын арттыруға барынша екпін берілуі жүрек­тегі сенімді нығайта түскені бек анық. Қазақстан халқының бақытты тұрмысы үшін, жарқын болашақты аңсаудан туған қандай да бір идеяның өзі жұрт көкейіне әуелі осылай иланым сәулесі ретінде еніп, әрі қарай көпшілік тара­пы­нан сол мақсат-мүддеге жету жолындағы күрес­те қолдау тауып жататыны белгілі. Алдағы барлық іс-әрекетіміз осы ұстанымға қарай өрбуі, Елбасы көрсетіп отырған жолмен қабыса дамуы тиіс деп есептеймін.  Жолдаудың атының өзін халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттырумен байланыстырып, оны мемлекеттік саясаттың басты мақсаты ретінде ұсынуы, әсі­ре­се, кәсіпкер азаматтарға зор жауапкершілік жүк­тейді деп ойлаймын. Себебі, өткен жылдың соңы біраз қиындықтармен есте қалды. Азық-түліктің қымбаттауы, оның ішінде, әсіресе, нан бағасының әр өңірде түрліше құбылып, қа­ра­пайым халықты есең­гіре­тіп тастағаны, шет­елдегі экономи­ка­лық дүрбелең мен қаржы дағдарысының ішкі нарық жүйесіне келтірген кері әсері, соның салдарынан еліміздегі құрылыс компания­лары­ның жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болуы сияқты қиындықтарды бастан кешкен жұрттың енді-енді ғана еңсесі көтеріліп, жүрегіне сенім ұялай бастады. Қандай да жат көрініске болсын дер кезінде тойтарыс берілсе, осындай аласа­пыран сәтті пайдаланып, халықтың қалтасынан өз есебін түгендеп қалғысы келетін, буынсыз жерден буындыруға, ең осал тұстан көздеуге тыры­сатын, ал енді былайғы тыныш уақытта демін ішіне жұтып жататын жағымсыз әрекеттерді ушықтырмай тұншық­тырса, сырттан төнген қауіптің бетін қайтаруға қай кезде де қауқарымыз жетеріне сенімім кәміл.

Рас, бағаны тұрақ­тан­дыру жолындағы Үкі­мет­тің мойнына артыл­ған жүк жеңіл болмағаны белгілі. Бірақ әлгіндей жат көріністердің жолын кесу арқылы баға туралы қазір жұрт байламын түзеді. Ол, әрине, енді бас қатыратын ештеңе қалған жоқ деген бейқамдық емес. Экономикасы өркениетті дамуға жаңадан бет алған Қазақстан үшін ондай сыннан өтудің заңды екені тағы сөзсіз. Алайда мұндай сәтті қайталап бастан кеш­пеуге кепілдік және жоқ. Үкімет келесі астық науқанына дейін нан бағасы қымбат­та­май­ды деп нақты сөзін айтты. Бірақ бұл тек ел­дің басты байлығына байланысты баға жайын­да­ғы болжам. Қазір тұжырым жасау мен ұста­ным таңдауда жаңсақтықты кешіретін кешегі кез емес. Қай салаға қатысты болсын осындай нақтылық қажет болмақ. Осыған дейін, мысалы, халық қалай өмір сүріп келді? Олардың қоғам­дағы қандай да болып жатқан экономикалық өзгерістер мен дағдарыстардың не себепті орын алғаны жайында немесе ондай қиындықтан қалай шығуға болады деген мәселелер туралы тіпті азын-аулақ мағлұматы болғанына күмәнім бар. Ойда-жоқта кенет баға аспанға шарықтап шыға келгенде барып қана “бұл қалай болды?” дегендей көбіміз аңтарылып, шарасыз хал кеше­міз. Сондықтан бәріміз жағалай экономист бо­лып кетуіміз шарт емес, бірақ та қарапайым ха­лықтың төбесінен жай түскендей болмауы үшін жыл басында елдегі экономикалық ахуалдың ертеңіне ұдайы болжам жасалып, ықтимал өзгерістерден халық хабардар етіліп отырса артық болмас еді. Еліміздің ең білікті эко­номис­терін осыған жұмылдыруды қолға алмаймыз ба? Әр саланың қай жаққа бет алып бара жатқанын, биыл немесе бес-он жылдан кейін олар қандай нәтижелерге қол жеткізетінін, осы аралықта алдан қандай кедергілер шығуы мүмкін деген жорамал ойлар жұртпен бөлісіліп отырса, нұр үстіне нұр емес пе?

Мысалы, стратегиялық мақсаттағы ірі жоба­лар­дың келешегі туралы нақты деректер келтіріп әңгіме қозғалып отырса, бұл өте қызғылықты бол­май ма? Халық өзінің осыдан пәлен жыл кейінгі тұрмысының қандай жарқын боларына, алдында нендей сыйлар күтіп тұрғанына іштей марқайып, көкейіне се­нім сәулесін ұялатар еді. Мәселен, қазір кейде адамдардың ер­тең­гі күнге сенімі азай­ып бара жа­тыр деп на­ли­тынымыз рас қой. Ке­шегі кеңес­тік кезең­нің идеяларын әлі күнге дейін ауыз­дарынан тас­тамауының сыры неде десек, мейлі ол тіпті адам қиялы жете алмайтын аспан­дағы арман-аңсар бол­сын, әйтеуір жұрт бірдеңеге үлкен үміт артатын, болашағына сенетін. Сол қасиеттен олар бүгін жұрдай дегелі отырған жоқпын. Айтайын дегенім, кеңес дәуірі аяқталғаннан кейін екі қоғам арасында әрі-сәрі күй кешкен қауым алдан қандай таң атарын сезбей аңтарылғаны есте. Тәуелсіздік таңы туған қазақ қоғамы сол кезден бері небір соқпақты артқа тастап, егемендіктің ертеңіне алаң­даған. Содан бергі жол ұзақ та, қысқа да кө­рінбейді. Бірақ тәуелсіздік жолындағы майдан қазір ол кездегіден қыза түспесе, жа­лыны басыла қойған жоқ. Оны Прези­денті­міз Нұрсұлтан Назарбаев осы Жолдауында да назарымызға салуы бекер деп ойла­маймын. Алға қойылып отырған мін­деттер мемлекетіміздің нығаюы, тәуелсіздігі­міз­дің тұғырлылығы, халықтың әл-ауқаты артуы үшін екенін айтты. Елдің сенімін ақтау деген сөзі де кім-кімге де үлкен ой салары сөзсіз. Ал ол сенімге ие болу үшін не істеу керек деген сұрақтың қойылуы заңды.

Бұл ретте мен Мемлекет басшысының “Нұр Отан” партиясы мен оның Парламенттегі фрак­циясы өте маңызды бір жұмысты бақылауға алуын құп көруін айтқым келеді. Мемлекеттің есебінен байып жатқан кейбір адамдардың заң­сыз әрекеттерін тыйып, ретке келтіруді өз басым әділетті қоғам қалыптастыруға жасалған қадам деп түсінемін. Осы істе нұротандықтарға Елба­сы­ның үлкен сенім артып отырғаны көңілге қуа­ныш ұялатады. “Тұтастай алғанда, – деді Елба­сы, –“Нұр Отанның” бастауыш ұйымдары мен филиалдары, жергілікті мәслихаттардың де­путаттары аймақтарды дамытудың және эконо­миканы жаңғыртудың сындарлы факторына айналуы қажет”. Сөйтіп, Жолдаудағы міндет­тер­ді айрықша бақылауға алуы тиіс бірден-бір ұйым ретінде бағалады. Бұл – бір. Екіншіден, өзім бизнес саласында әжептәуір тәжірибе жинақ­та­ған адам ретінде осы құжатта “Дамыған кәсіп­керлік сектор – кез келген ел экономикасының негізі” делінген тұжырымды толық қолдаймын. Және де Үкіметке бизнеске түсетін әкімшілік салмақты азайтуды, рұқсат беру жүйесін, лицен­зия­лауды, сертификат­тауды, аккредиттеуді одан әрі оңайлатуды тапсыруы құптарлық. Мәселен, Эстонияда 5 күннің ішінде бизнесіңді реттеп алуға болады екен. Ал Қазақстанда кәсіпкер 50-ден астам тексеруден өтетінін Президент орынды сынады. Демократия дегеніміз осындай шешімдерді қабылдаудан нығаяды.

 

Айқын мақсаттар мен жаңа міндеттер

 

Өткен сенбіде ОралдаНұр ОтанХДП облыстық филиалы саяси кеңесінің кеңейтілген мәжілісі болды.

Онда баяндама жасаған “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалы­ның төрағасы Мәлік Құлшар ал­ды­мен Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың биылғы ақпандағы Жол­дауынан туындайтын міндеттерге тоқталды. Елбасы қойған мақсат-міндеттерді орындау үшін пар­тия­ның облыстық, қалалық, аудандық филиалдары мен бастауыш ұйым­дары, нұротандық депутаттар Жол­дау­ды ел арасында насихаттау мен түсіндіру ісіне белсене араласатын болады.

Екінші маңызды міндет – Ел­ба­сы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Нұр Отан” ХДП Саяси кеңесінің кеңейтілген мә­жі­лісінде сөйлеген сөзінде айтылған жеті басым бағыт бойынша нақ­ты­лы жұмыс жасау. “Біз халықтық пар­тия екендігімізді іс жүзінде көр­сетуіміз керек, – деді Мәлік Иман­құлұлы. – Бұған толық мүмкіндік бар. Қазіргі кезде облыста 423 бастауыш ұйымға біріккен партия мүшелерінің саны 26840 адамға жетті. Облыстың барлық мәслихат­та­рындағы 200 депутаттың 97 пайы­зы “Нұр Отан” партиясынан сай­ланды. Сондықтан жергілікті мәселелерді шешуде ықпалды ор­ган­ға айналу үшін мәслихаттар мен олардағы партияның депутаттық фракцияларының жұмысын жандандыруға тиіспіз”.

Сондай-ақ филиалдар жанында сыбайлас жемқорлықпен күрес жө­ніндегі кеңестер құрылып, жұмы­сын бастаса, жастар мәселесі де естен шықпауы керек. Өңірде 6,5 мыңнан астам партия мүшелерінің жа­сы 30-ға жеткен жоқ. Бұл – үл­кен күш. 50-ден астам жастар қо­ғам­дық бірлес­тіктерін “Жас Отан­ға” тарту қажет. “Партияның кадр­лар резерві” бағ­дарламасын да ұмы­туға болмайды. Қазірдің өзінде барлық 12 ауданнан 50-ден астам жастың анкеталары жинақталып, орталық аппаратқа жіберілгенін айта кеткен жөн.

Отырысқа қатысқан облыс әкі­мі Бақтықожа Ізмұхамбетов таяу­да Елбасы қабылдауында болып, онда Нұрсұлтан Назарбаевтың аймақтың осыған дейінгі жетістіктерін жоғары бағалап, алға жаңа міндеттер қой­ға­нын жеткізді. Биыл жыл бойы Ел­басы Жолдауын насихаттау мен оны жүзеге асыру мақсатында жұ­мыс­тар жүргізіледі.  Бұл орайда “Арту” қоғамдық бірлестігінің оңды тәжірибесін пайдалануға болады. 2008 жылы облыста көптеген шаралар қолға алынады. Облыс бас­шысы әлеуметтік салаға қолдау көр­сетіп отырған кәсіпкерлер қата­рын көбейту, “Нұр Отан” пар­тия­сының беделін арттыру, жемқор­лық­пен күресте қоғамдық қабылдау бөлмелерін тиімді пайдалану мәселелеріне де тоқталып өтті.

Мәжілісте, сондай-ақ облыстық мәслихат депутаты, Жәңгір хан атын­дағы Батыс Қазақстан аграр­лық-техникалық университетінің ректоры Қазыбай Бозымов, облыс­тық мәслихаттың тексеру комис­сиясының төрағасы, “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалы жанын­да­ғы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңес жетек­шісі Самат Оспанов, партияның облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының басшысы, “Арту” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бауыржан Тұманов, облыстық мұ­ра­ғаттар және құжаттама бөлімінің бастығы Вячеслав Иночкин және басқалар келелі мәселелер төңіре­гін­де өз ойларын білдіріп, пікірлерін ортаға салды.

Кеңейтілген кеңес отырысының соңында талқыланған мәселе бойынша қаулы қабылданды.

Ғайсағали   САМИҒОЛЛАҰЛЫ,  журналист. Темір ҚҰСАЙЫН. Орал.

 

Тіл мен тәрбие егіз

 

Жомарт ҚОШАРОВ, Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінің ректоры.

Қазақстан жылдан-жылға дамып, көр­кей­іп келе жатқан іргелі ел. Тәуелсіздік алғалы көп өзгерістер болды. Мұның бәрі Елбасы Н.На­зар­баевтың 2030 жылға межелеген Страте­гиялық бағыт-бағдарынан бастау алып отыр. Сол биікке жету үшін ел экономикасын өркендетуде нақты қадамдар жасалды.

Елбасымыздың Жолдауы еліміздің даму бағытының өткенін тағы бір саралап, сонымен бірге алдағы атқарар ісін де айқындап берді. Жолдауда еліміздің материалдық және рухани мәдениетін дамыту жолдарының барлық салалары қамтылған.  

Ұлттың рухани жаны – тіл. Оны қыз­ғыш­тай қору – биліктің де, бұқараның да міндеті. Жолдауда бұл мәселе де айтылып, тіл маман­дарына қазақ тілін оқытудың озық әдістері мен тәсілдерін әзірлеудің тұтастай жүйесін жасау міндеттелді. Қазақ тілін жаңа технологиялар­мен оқытудың тәжірибесін қорытып, кітап, аудио және бейнематериалдар түріндегі оқу құ­рал­дарын  жасау жүктелді. Әлемдік ғылым мен білімнің асыл қазыналарын қазақшалау ар­қы­лы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мәсе­лесін негізгі мақсат етіп қойды. Елбасымыз сонымен бірге, келешекте кәсіптік-техникалық оқу орындарын көбейту және тілдердің үш тұғырлылығының бағдарламасын тездету керектігін де  назардан тыс қалдырған жоқ.

Тәрбие мен білім атты егіз ұғымды тең дамытуда Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінің сіңірген еңбегі мол деп атап айта аламын. Білім ошағында профессорлық-оқытушылық құрамның деңгейі бүгінгі талапқа сай биік. Болашақ мамандар даярлау бағы­тында оқытудың жаңа техникалық құралдарын пайдалануға кірістік. Бұл білім беру сапасын тереңдете түседі. Болашақ мамандардың шы­ғар­машылық тұрғыдан өсіп-жетілуіне ықпал етеді.

Ұлттық өркендеуіміздің өлшемі ретінде жоғары оқу орындарының атқаратын қызметі мен маңызы да өте зор. Әл-Фараби бабамыз: “Адамға ең алдымен тәрбие беру керек, тәр­биесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне опат әкеледі” деген екен. Ұстаздың ойынан туындайтын мәселе – ұлтымыздың ұлағатты салт-дәстүрлерін сақтай отырып, тіл туралы тәлім-тәрбиені әрбір  қазақ өз отбасынан бастауы керек сияқты. Зиялы қауым өкілдері мен шенеуніктердің, ісі ілгері басқан кәсіпкерлердің, білмекке деген құмарлығы ең әуелі ана тілінің інжу-маржан­дары­нан құралса, ел мерейі үшін қандай ған­биет! Мысалы, Ресей елінен орыс тілін біл­мейтін орысты таба аласыз ба? Жоқ. Фран­цияда, Англияда, Қытайда да солай. Алысқа бармай-ақ, Грузия, Армения, Өзбекстан ел­де­рін қараңыз. Барлығының зиялысы, шенеунігі ұл-қыздарының бойына  әуелі ана тілінің уызын сіңіреді. Елбасы жетеліге мұның жөн-жосығын жеткізе айтты деп ойлаймын.

Тараз.

 

Ризашылығымыз шексіз

 

Махмұт КҮШЕНБАЕВ, “Руханият” партиясы  Жамбыл облыстық  филиалының төрағасы.

Мен Өзбекстан Респуб­ли­касы Хорезм облысының Үр­ге­ніш қаласында туып өстім. Ма­ман­дықты Ресей Федерация­сы­ның Волгоград қаласында, “Мұнайгаз” техникумында оқып алдым. Мамандығым – мұ­най­-газ технигі. Алған мамандығым бойынша Өзбекстанда Орта-Азия трансгаз мекемесінде ин­же­нерлікке дейін көтерілдім. Алайда, “Өзге елде сұлтан бол­ған­ша, өз еліңде ұлтан бол”, – деген ата-бабалары­мыздың ұс­танған қағидасымен, жұмы­сым­ды тастап, үй-жайымды сатып елге келдім.

Елге келіп, бірден Қазақстан Республика­сының азаматтығын қабылдадым. Квота бер деп облыс­­тық көші-қон басқар­ма­сының есігін тоздырмадым. Бү­гінде мүшелерінің дені орал­ман­дардан тұратын “Руханият” пар­тиясының Жамбыл облысы бой­ынша филиалын басқарамын.

Елбасына өте ризамыз. Қа­зақ­­стан халқына Жол­дау­ларында оралмандар мәселе­сі­не баса көңіл аударып оты­ра­ды. Бұл жолы да басты басым­дық­тардың бірі етіп Үкімет алдына міндеттер қойды. Иә, 2006 жылғы 1 наурыздағы ха­лыққа Жолдауындағы орал­мандар жөніндегі міндет­те­рі іс жүзіне асырылды, бұл Жол­даудағы міндеттердің де қалт­қысыз жүзеге асырыла­ты­ны­на еш күмәніміз жоқ.

Жолдауда демографиялық өсім жайлы да айтылды. Оның бірден-бір жолы — шетелдердегі қандас бауырларымызды елге көптеп тарту. Міне, осы мақ­сат­та жыл сайынғы квотаны 20 мыңға өсіруді міндеттеді және мұнымен де тоқтап қал­май­тынына сенімдіміз.

Биылғы жылдан бастап, бі­лі­мі мен біліктілігі, кәсіби ма­мандығы, кәмелетке толмаған балаларының саны арқылы квотаға ену үшін оралман отба­сыларына іріктеу өлшемдерін енгізу де  Елбасының  көре­ген­дік саясаты деп түсіндік.

Елін сүйген Елбасына – ризашылығымыз шексіз.

 

Қазақстанның маңызды орны аталды

 

Сингапур Президенті Р.С.На­тан тарихи қысқа мерзім ішінде Қазақстанның қол жеткізген үлкен жетістіктерін жоғары бағалап, осы орайда, елді экономикалық және саяси реформалаудағы Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ерекше рөлін атап өтті.

Бұл жөнінде Р.С.Натан 18 ақпанда Қазақстан Республи­ка­сының Сингапур Республика­сын­дағы Елшісі Ерлан Бау­дар­бек-Қожатаевтан Сенім гра­мо­та­сын қабылдау салтанатынан кейін мәлімдеді.

Р.С.Натан Қазақстан Пре­зиденті Н.Ә.Назарбаевтың Сингапурға жасаған 2003 жылғы сапары Қазақстан-Сингапур қа­тынастарының дамуына пәр­менді серпін бергенін айрықша атап өтті. Сингапур басшысы Қазақстан маңызды геосаяси орынға ие және энерго­ресурстарды экс­порт­таушы ірі мемлекет ретінде салмақты және салиқалы сырт­қы саясат жүргізіп отыр, деп мәлімдеді. Осы орайда, Қазақстан мен Сингапур арасындағы сауда-экономи­калық және инвестициялық ынты­мақтастықтың әлеуетіне баса назар аударды.

Сонымен қатар, сұхбат ба­рысында Е.К.Баударбек-Қо­жа­таев Р.С.Натанды Қазақстан Пре­зиденті Н.Назарбаевтың 6 ақ­пандағы “Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мем­ле­кет­тік саясаттың басты мақсаты” Жолдауының негізгі қағида­лары­мен таныстырып, Қазақ­стан-Сингапур ынтымақтасты­ғы­ның бүгінгі жағдайы мен ба­сым ба­ғыттары туралы әңгіме қозғады.

 

Жолдаумен үндескен жақсылық

 

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұл­тан Назарбаевтың жуықтағы Жолдауында Қазақ­стан халқының әл-ауқатын арттыру мемлекеттік саясаттың басты мақсаты екендігі атап көрсетілген. “Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру жөніндегі менің үндеуіме барлық бизнес қау­ым­дас­тығының қызу үн қосқанын қанағаттанғандық се­зіммен атап өткім келеді” деді Елбасы өз Жолдауында.

Біз, “Қазақтүрікмұнай” компаниясының бір топ мұнайшылары осы жолдарды көтеріңкі көңіл күй, ризашылық сезіммен оқыдық. Себебі, Елба­сының бизнес қауымдастығы алдында жүктеген  абыройлы міндетін алғашқылар қатарында қызу қуаттаған, осы жолда нақты іс-әрекеттерді жүзеге асыра бастаған компаниялар қатарында біздің “Қазақтүрікмұнай” бірлескен кәсіпорны да бар. Компанияның бас директоры Нұрпейіс Мақашов жуықта газет тілшісіне берген “Тәуелсіздік түлегі” атты сұхбатында (“Егемен Қазақстан”, 2008 жыл, 1 ақпан) мұнайшыларға жасалып отырған бірқатар әлеуметтік жақсылықтарды атап көрсеткен екен. Осы үшін компания басшылығына алғыс айтсақ артық емес. Мәселен, құрылғанына 15 жыл уақыттан бері компаниямызда тұңғыш рет ұжымдық келісім-шарт енгізіліп, осы шарт бойынша мұнайшылардың денсаулығын компания тарапынан сақтандыру ісі қолға алынды. Мұның сыртында жалақымыз 10 пайызға өсірілді және оған қосымша әрбір еңбек еткен жыл үшін тағы 1  пайыздан жылма жыл қосылып отыратын болды. Сонда компанияда 15 жыл еңбек еткендер жалақыға қосылған үстемемен қатар тағы да 15 пайыз қосымшаға ие болуда.

Сондай-ақ далада вахта әдісімен жұмыс істейтін мұнайшылар үшін ендігі жерде қосымша жеңілдіктер жасалуда.

Міне, осы жақсылықтардың барлығы қосыла келіп, біздің әлеуметтік жағдайымыздың жақсара түсуіне себепші болып отыр. Бұл жақсылықтардың барлығы бізге еліміздегі мұнай өндірісінің ірі ұйымдастырушыларының бірі Нұрпейіс Мақашұлы компанияға бас директор болып келген сәттен бері жасалынып жатқандығын ризашы­лықпен атап көрсетпекпіз.

Қорыта айтқанда, компания басшылығының Елбасы Жолдауында белгіленген үлкен мемле­кет­тік мақсат үдесінен шығуы, мемлекет пен компа­нияның әлеуметтік саладағы саясатының  бір мақсатты көздеуі бізді қуантады. Біз мұны Елбасы Жолдауына нақты іспен көрсетілген қолдау деп түсінеміз. Осы қуанышымызды газет арқылы қалың жұртшылықпен бөліскенді жөн көрдік.

 

Жұмағали Ғалымбек, мұнай өндіру бөлімінің бастығы (Ақтөбе облысы);

Базартай Сүйесінов, мұнай өндіру бөлімінің бастығы (Маңғыстау облысы);

Қайнар Мышанов, заңгер;

Орынбасар Ағатаев, инженер-механик;

Ербол Аязбаев, бу қазандығының операторы.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат