Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2008-02-27:

ОЙ

 

Тоқтаусыз ілгері жылжып келе жатқан бүгінгі өркениет түптің түбінде адамзаттың тү­біне жетіп тынуы ықтимал деп шығыстың ғұламасы, әлеу­меттік экономикалық форма­циялардың алмасу заңдылығын ең алғаш ғылыми дәлелдеген, социологияның негізін қалау­шы Ибн Халдун, бұдан 650 жыл бұрын айтып еді. Осынау дана адам ойының есімнен кетпей­тіндігі соншалық, тіпті жас кезімізде көз қанығып, өзіміз ортасында өскен сонау тұмса таби­ғатты бүгінгісімен салыс­тыруға болмайды. Жеріміз то­зып, жүдеп барады. Дала­мыздың жарқыраған көлдері суалды, үлкенді-кішілі жүздеген өзендеріміздің арнасы тартыл­ды. ХХ ғасырдың 50-60-шы жылдары жеріміз жүйесіз жыр­тылып, топырақтану маманда­рының дерегі бойынша дала­ның құнарлы қыртысы соңғы 40 жылдың ішінде 20-25 пайызға кеміп кетті. Ол аз де­гендей енді сол оңды-солды жыр­тылған миллиондаған гек­тар егін алқабының көбін бұл күнде арамшөп, қара қурай басып, көңіліңді құлазытады.

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басынан бастап отаршылардың бізді басынып, елімізге өзге ұлттың өкілдерін ағылтып, түрмедегілерді тықпа­лауы аз азап болмады. Бұл ай­наламызға қасақана өрт салып, біздің халқымызға жасалған көпе көрінеу қысастық демеске шара жоқ. Нарманбет ақынның мына бір өлеңі жоғарыдағы ойымызды дәлелдей түседі.

Сарыарқа сарқыраған суың қайда?

Түнде шық, күндіз мұнар буың қайда?

Найзағай жарқ-жұрқ етіп нөсерлеткен,

Көкала кемпір қосақ туың қайда?

...Қалмады, ей Сарыарқа сенде қызық,

Сандықтау,

Сарыөлкені алды мұжық.

Қолыңнан келері жоқ, өнер де жоқ,

Баласы байғұс қазақ қалдың мыжып, ­–

дегені көз алдыма орала береді. Еліміз соңғы екі ғасырда не көрмеді. Жеріміз де, діліміз де, дініміз де, оба, қорған­да­рымыз да, бәрі-бәрі де тоналды. Ол аз дегендей әдейі қолдан ашаршылық ұйымдастырылып, біздерді миллиондап қырып та, өз елімізден миллиондап қуып та, бас көтерер зиялылары­мызды ізім-қайым жоқ та қылды.

Содан мың өліп, мың тіріліп тәуелсіздік алдық деп жүрген заманда, әлі де өткеннің кесел-кесапатынан айығар түріміз жоқ. Қоғам мүддесі кейін ысы­рылып, байлығымыз обыр­лардың өңешіне түсіп кетіп жатыр. Тіпті анау келмеске кет­кір дәуірден де жаман, қатерлі, тоңмойын, қатыгез жолға түсіп бара жатқандаймыз ба қалай? Содан барып біздің халқымыз да, аруақты, киелі жеріміз де тоза бастағандай.

“Адам – табиғатты ауыз­дықтады”, “Жер – сен адамға бас и” деген кеудемсоқ ұғым-ұрандар адамзат пен қоршаған орта – табиғаттың арақаты­насын асқындырып кеткендей. Жер бетінде кештеу пайда бол­ғанына қарамай, адам баласы­ның салған беттен “төр менікі” деп өңмеңдеуі табиғат ананың шамына тигендей. Басқаны айтпай, тіпті қазақ даласында бұл күнде радиацияның тарал­маған жері жоқ (Ә.Бейсенова). Содан барып жер-жерде неше түрлі қатерлі ауруларға душар болудамыз. Одан мәселен адам сенбес, жері шұрайлы жұмақтай болған  Солтүстік Қазақстан облысы да сырт қалмаған.

Кешегі балалық шағымыз­дағы көріністі қалай ұмытамыз. Сонда қазіргі Астана қала­сының терістік шығыс жағын­дағы Қоянды өңірінің томарлы, суы арнасынан шығып, айна­ласын ақ қайыңы көмкеріп жат­қан іркес-тіркес жалбыз исі аңқыған көлдеріне сан жет­пеуші еді. Құс дегенің жылда өздерінің ұя басып дағдыланып, үйренісіп қалған жерлеріне келіп, көлді сәндете әндетіп құлпыртып жіберетін. Балалар есіктің алдында тұрып іргеден оларға тас лақтырып ойнайтын еді. Осы бір ғажайып табиғат­тың қойнына өзіңнен-өзің байқамай құмарта кіріп, құс­тардың салған әуенін естіп, шабытың оянатын. Ғажайып жан рахатына бататынсың. Тізеден келген шөбі толқындай тербеліп, жұпар иісі аңқығанда Ахаң (Ахмет Байтұрсынов) айтқандай, осынау даланың әуезді сазы құлаққа келіп тұр­ғандай сезілетін. Жас кезімізде ауыл балалары жиналып жасы­рынбақ ойнағанда, іргеңдегі шөбі ну қалың жазық даланың өзінде бір-бірімізді таба қоюы­мыз оңайға соқпайтын.

Қазір қарап тұрсақ ол жер­лер жабырқаңқы, жүдеу. Ішің удай ашиды. Сөйткен іргедегі сол бай өңір бұл күндері қала­ның күл-қоқыс төгетін жеріне айналған. Кез келген көлде құс­тар мен балықтарға жем бо­латын зоопланктондар: инфру­зорийлар, циклоптар, су қоңыз­дары, олигохеттер, түрлі мол­люскалар бұл күнде құрыған. Жоқ. Қайыңдардың да жүдеп-жадап, азып-тозып, сән-сал­танаты кеткен. Томарлы көл­дері суалған, құр сүлдері тұр­ғандай. Ертедегі қызығы мол тірі дүние – табиғат үлкен қасіретке ұшырағандай. Тек шыбын-шіркей, маса, қарғалар ғана осы өңірді өз меншігіне айналдырып басып алған.

Соңғы жылдары Ереймен­тау, Бұланды, Ақкөл секілді өңірлердегі мыңдаған  гектар орманды алқап өртеніп кетті. Және де сол апат тоқтаусыз қайталануда. Басқа облыс­тардың да қарағайлы, қайыңды ну ормандары алаулап, орын­дары қара күйеге айналып, өлі діңдер сорайып, сойдиып тұр­ғанын көргенде көңілің құла­зиды. Әркімнің есінде жүретін нәрсе, бір түп өсіп тұрған ағаш тәулігіне үш адамның дем алатын оттегін өндіретін көрінеді. Егемен ел болдық деп жүргенде барымызды сақтай алмау деген не сұмдық. Және мұндай бейбастыққа жол бер­гендер жауапқа тартылды де­генді де естімедік. Микро­климатты сақтап тұра алмаған­дықтан өңіріміз қуаңшылыққа бет бұрғандай. Көлдердің суы жылдан-жылға тартылып ба­рады.

Құдай-ау, қарап тұрсаңыз түсініксіз болып бара жатқан мына бір заманда айналадағы өз бетімен өсіп-өніп жүрген хайуа­наттар, ұшып-қонып жүрген дала құстары да жылдан-жылға азайып, саны күрт кеміп бара жатыр. Бұларға да бүгінгі осы былық өркениеттің әсері мық­тап тие бастағандай. “Аққу ұшып, қаз қонбай, көлдің сәні келмейді”, – деп дана халқы­мыз ертеректе айналасын қалай әдемі айта білген де­сеңізші.

Жыртылып айырылатын құстары көлді басына көтеріп, өзінше бір құдіретті сәнімен төңірегіңді қызыққа толтырып, сол сәт барша табиғат қосылып ән салғандай шалқытып, өзіңді мейірлендіріп жіберетін. Сары­арқаның жазғы айлары қазір сұлық түсіп, шаң-тозаңданған, жүдеу, жабырқаңқы. Тек күзге қарай әр өңірден, Арктика жағалауы мен тундрадан келген құстар  ғана бір сәт айналаңды тірілткендей. Өткен-кеткенді салыстыра салмақтайтын жасқа жеткендіктен бе екен, ауыл маңайындағы көлшік басынан азғантай ғана топталып ұшқан жұпыны, үрейлі құстар жұбын көргенде, айналаңдағы табиғат­тың жетімдігі сезіліп, көңіліңді мұң басып, еңсең езіле түскен­дей болады. Баяғы 60-шы жылдары елімізде 10-12 млн.-ға жететін (Гаварин, 1964) қаз, үйрек, қасқалдақтардың бұл заманда төрттен бірі де жоқ. Соңғы жылдары мұнай-мұнай деп жүріп Каспий теңізінің де экологиялық ахуалының төмен­деп кеткендігі соншалық, күзге қарай туған жерінен сонда ұшып барып қыстап, жан сақ­тап жүрген құстар ол жерде түр­лі аурулардан зақым шегіп, тіпті итбалықтарға дейін улануда.

Өзекті өртеп жүрген ендігі бір мәселеге тоқталмас бұрын бір мысалды еске ала кетейік. Өнеркәсібі қазіргі ғаламда оза дамыған Жапониядағы Мио­мото қаласының тұрғындары бұдан біраз жыл бұрын адам түсінбейтін, ем қонбайтын ауруға душар болған көрінеді. Сырқаттанғандардың қол-аяқтары бүрісіп, денелері қалтырап, ұзақ жылдар азапқа ұшырайды екен. Бүйрек, бауыр, іш аурулары көбейіп кеткен. Тіпті осы белгісіз дертпен ананың құрсағында жатқан нәрестелер де сырқаттанып, кемтар болып туа бастапты. Сондықтан да еш жерде кез­деспеген жұқпалы ауруларға жатпайтын бұл кесел сол қала­ның атымен “Миомото ауруы” деп аталған.

Жер-жерден, әр саладан оқымыстылар жиналып, жан-жақты зерттеудің арқасында осы қаладағы түрлі-түсті ме­таллургия комбинаты сынапты өз өндірісінде көптеп пайда­ланып, қалдығын іргесіндегі теңіз бұғазына ағызып отырған­дығы анықталған. Соның салдарынан қала жанындағы бұғазда өсіп-өнген балықтардың денесіне ауыр металл санатына жататын сынап мол жинақ­талып, сол балықтармен қорек­тенген әлгі қаладағы адамдар жаңағыдай ауруға шалдығып, қасірет шеккен. Өз басым сол кесапат ауру бізге де келгенін сезінемін. Себебі, Теміртаудың металлургия комбинаты уақы­тында айналасына жинақталған сынап және басқа да ауыр металды қоспа қалдықтарын ұстап тұра алмай, Нұра өзеніне ағызып жіберді.

Сынаптың бір жаман қасие­ті сол, ғасырлар бойы еш өз­геріске түспейді, бастапқы күйінде сақтала береді. Өзі ауыр металға жатады. Сондықтан жылда су тасығанда лай батпақ­пен, су табанының тұнба то­пырағымен ілгері жылжып оты­рады. Біздің өңірге де осынау апаттың сырғи жылжып келгені қашан. Осыған орай “Нұра-Есіл” каналы заңды түрде баяғыда тарс жабылып, бекітілуі керек еді. Жоқ, олай бол­мады. Қысы-жазы канал арқылы 1994 жылға дейін Нұ­ра­ның суы Есілге тоқ­таусыз құйылып жат­ты. Осы бір келеңсіздікті теледидар мен газет беттерінде жиі көтеруім­нен соң ғана ол жабылған еді. Есіл жарықтықты білместігі­мізден экологиялық апатқа ұшы­ратып құртсақ, мал-жаны­мыздың, ұрпағымыздың келе­шегі не болмақ?

Қандастарымыздың молдау шоғырланған жері жоғарыда аты аталған өзеннің бойы болғандықтан, түбінде біздің жақта да жапон еліндегідей “Нұра ауруы” пайда болып, өріс алып кетпесе жарар еді деп қауіптенемін. Осындай қатерді залалсыздандыру үшін уақы­тында бөлінген қаражатқа не істеліп, не қойылып жатқаны бүгінде беймәлім. Біздің тәуір бастамаларымыз аяқсыз қала беретініне түсінбеймін.

Соңғы екі жылда құрылыс­тағы шектен шыққан шаң-то­заңнан, көшелердегі мәшине­лердің орасан көптігінен Ас­тананың ауа бассейні бұрын­ғыдай емес, күрт бұзылып, қара тұманданып, күйемен ластанып, Сарыарқаның сайын  даласы­ның самал желі қанша еске­німен, қаланың ауасын тазар­тып әкете алмайтын халге жетті.

Қала тұрғындарының жүрек, өкпе ауруларынан басқа рак ауруы да көбейді. Қан қы­сымдары молайды. Мұндай құ­былыстардың бірден-бір себебі, жапон оқымысты­ларының пайымдауынша лас ауасы бар шаһарға күннің ультракүлгін сәулесінің өте алмауынан, әсі­ресе қала орта­лығының ауасы қызып, вер­тикальды түрде аспанға қарай қозғалғандықтан, елор­даның айналасындағы лас ауа еш жаққа тарқамай, орталыққа сығылыса жылжып, күйеге айналып тұрып алатын көрінеді.

Ендігі жерде халықтың қа­мын ойлаймыз десек, мынадай амалдарды қолға алу керек.

­– Еуропаның ескі-құсқы мәшинелерін сатып алмау жө­нінде Үкімет тарапынан қатаң шараға көшу.

– Өзімізде қолданып жат­қан бензиннің сапасын арт­тыру.

– Автокөліктерге түгелдей катализатор қондырғысын орнату.

– Көшелерде троллейбус­тарды жүргізуді қайтадан қолға алып, тіпті трамвай желілерін тарту мә­селесін де қарастыру.

– Жеке меншік мә­ши­не­лерге квота беріп, олардың қа­ла орталығында жүруін шектеу.

– Қаланың айналма жо­лындағы ауыр жүк мәшине­лерінің жүруін тәртіпке келті­ріп, қатаң қадағалап, қалаға ендірмеу.

– ТЭЦ – жылу энергетика орталықтарын газға көшіру.

– Жаңадан салынып жат­қан қаланың көшелерінің кең болуын жоспарлау. Шаһарды желге көлденең, ұзарыңқы салу.

– Ескі қаланың инженерлік коммуникацияларына қызығып, жапатармағай үй сала беруді тоқтату.

Биосферада жер­дің жанды қабыр­шағындағы та­биғат атау­лы қимыл үстінде болатыны, барлығы әртүрлі ұзақ­тылық цикл­дарынан,  жүз­деген элементтерден, күрделі қосылыс­тардың айналы­мы­нан, энергия алма­суы­нан тұратыны белгілі. Міне, таби­ғаттағы тепе-теңдік заңдылығын бұзудың қандай қауіп-қатерге бастап бара жат­қандығын жоғарыда айтқан жайлардың өзі-ақ дәлелдейді. Бүгінгі ахуалымыз осындай, ертеңіміз әзірге бұлдыр. “Ау­руын жасырған – өледі”, дегендей Жер-Ананың, таби­ғаттың қазіргі жаралы күйіне көз жұма қа­раумен күй кешуге енді жол жоқ. Ке­ле­шекте ұрпағы­мыз­ды не күтіп тұр деген күдік еңсе көтерт­пейді. Оған көз де, көз­ден жүйрік көңіл де жетер емес. Дегенмен, біздерге қоршаған ортаның ең құры­ғанда қазіргі қалпын сақтап қалу үшін қажеттіліктің бәрін пайдалануға күш салу қажет. Келешекте тығырыққа тірелмес үшін, әсіресе тіршілігіміздің көзі – тұщы суы бар өзен-көлде­рі­міздің, жер асты сула­рымыздың әрі қарай ластан­бауын қадаға­лап есепке алайық. Бұл – қа­зіргі басты міндет. Әйтпесе, арты қиынға айна­латын сияқты.

Бір ғана бидайды өсіріп, одан ұн жасап, пісіріп, 100 грамм нанды алдыңа әкеліп қойғанша, оған 150 литр су жұмсалатынын есте сақтаған жөн. “Судың да сұрауы бар”, деп ата-бабамыз тегін айтпаған. Кейбір деректерде теңіз бен мұхиттарда жылына 449 мың текше км. су буға айналып, ауаның дымқылдығын арттыр­ғанымен, соның 412 мың текше км. суы жауын ретінде қайтадан теңіз-мұхиттарға құйып, небары 37 мың текше км. су (бұл дегеніңіз мұхиттың буға айнал­ған суының не бары 8 пайыз­дайы ғана) құрлыққа жауын болып жауатындығын байқа­тады. Содан барып жер шарын­дағы осынау ұланғайыр судың тек бір пайызы ғана ішуге жарайтын көрінеді. Оның да тіпті 20 пайызы бір ғана Байкал көлінде шоғырланғанын ескер­сек көңіл құлазиды.

Осынау байтақ жерде оты­рып біз мына қалпымызбен түптің түбі су тапшылығын көретін түріміз бар. Биолог П.Б.Гофман – Кадошниковтың есебі бойынша 70-ке келген адам өз ғұмырында организміне шамамен 75 тонна су, 17 тонна углевод, 2,5 тонна белок және 1,3 тонна май түрін пайдала­нып, сондайлық шамада органикалық заттарды дене­сінен шығаратын көрінеді. Сарыуайымға салынып кеткен екен деп ойламаңыздар, көп мәселенің алдын ғылыми сараптап алмасақ, іс насырға шабуы сөзсіз. Табиғаттың қай саласы болмасын, “жұт жеті ағайынды” дегендей жүдеп, айналымға келмей, бірін-бірі итермелей келмеске кетіп бара жатқанын іштей сезініп, алаң­дауымыз содан. Бүгінгі “ұста­ғанның қолында, тістегеннің аузында” кетіп бара жатқан на­рықтық дүлей экономикада елі­мізді қайта гүлдендіруге уақы­ты­мыз да, қаражатымыз да тап­шы болып батпақтап қала­тын сияқтымыз. Себебі, бар байлық шетелдік компрадар-миллиар­дер­лердің қолында, біздің аза­маттарға намысыңа тиетіндей миығынан қарайды. Ұлттық қаны бар бай отан­дастарымыз ортамызда жоқтың қасы.

Осы орайда алыс-жақын шетелдердегі ағайындарымызды тез елге оралтып, кең байтақ жерімізді сақтап қалу үшін халық санын жедел түрде өсіруіміз керек. Ерте заманнан бергі қызығымыз, бақытымыз, мақтанышымыз, одан қала берді шежіре таратуымыз, осы көп балалы болудан емес пе еді? “Абылай ханның отыз ұлы, қырық қызы болған. Еділ батырдың (Атилла) 182 ұлы болған”, деп қазір ғой ауыз толтырып мақтан етеміз. “Жалғыздың шаңы шықпас”, деген ұғым да тегін емес пе еді. “Қой егіз туса, бір түп жусан артық шығады”, деуші еді ғой ақсақалдарымыз. Әркімнің өз несібесі өзімен туа бітетіні шындық. Біз осы кімдерден өнеге алып, беталды желігіп сүймен жұтқандай кетіп бара­мыз? Ең маңыздысы басымыз­ды көбейтпей, қалай іргелі ел болмақпыз? Тарыдай шашы­лып, Отанымызға келе алмай жүрген қандастарымыз қан­шама. Еліміздің қамын шын ойласақ, әрқайсымыз неге дастарқан басында құр бөсе бермей, бар мәселені өзіміздің отбасы, ошақ қасымыздан бастамаймыз. Халқымызды 20 миллионға жеткізу құр ұран болып қалмауы керек. Намы­сымыз мына нарыққа көшкен заманда жаншылып, құлдырап кетті. Қазақ халқының еркін­дігін тоңмойындана жүріп өзіміз аяққа басудамыз. Еске түсірейікші, біздің көне заманнан бергі дамуымызда құлдық қоғам түгілі феодалдық қоғамдық қатынас қазақ хал­қының пешенесіне жазылмаған ғой (Ж.Мүтәліпов, Ғ.Есім). Ежелгі мәдениеті бар, көшпелі ұлыдалалықтар демократиясына негізделмеп пе еді. Сондықтан біздің байларымыз батыстағы­дай дараланбай, бәрі қауым­дасқан, туыстасқан, бір-біріне жанашырлығы мол, біреуі үшін бәрі жауап беретін ел бол­ғанбыз. “Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы”, – деген кредоны ұстап, тіпті түрмесі болмаған біздің халықтың еңсесін дүние-қоңыздыққа бұрмай түсірмей тез көтеруіміз қажет. Жалаң, батыстың тасбауыр лас капи­тализмінен тез айығып, өзі­міздің тектілігімізді аңғартып, әр отбасына Үкімет тарапынан шынайы қамқорлық жасайтын уақыт жетті. Кез келген қазақ бір-біріне бауыр екендігін, еншісі бөлінбегендігін сезіне білуі шарт. Сонда біз дүние жүзіне ұлылығымызды таны­тып, өнегелі өрісі биік халық екендігімізді мойындатамыз. Ол үшін тағы бір мәселе – мына бүгін ортамызда үйленбей, тұрмысқа шықпай, көшелерде түнгі көбелекке айналып жүр­ген жартылай жалаңаш шибор­байларымызды бүкіл қауым болып бірлесе қолға алып, жөнге салуымыз қажет. Әйтпесе, мына ен далада түбі басы­мыздың селдіреп қалатын түрі бар. Ислам дінінің ғажайып қасиеттеріне формальды түрде бас игенмен, оны орындамай, мұсылманбыз деп құр бос кеуде соққаннан халқымыздың бір­тұтастығына пайдасы шамалы. Бұл дегенің үш ғасыр езілудің де кесапаты шығар, содан барып біздерге бүгін ұлт­шылдық пен намысшылдық же­тіспейді. Ол жөнінде ойла­нып жүргендер де шамалы.

Қасым ТӘУКЕНОВ.

 

Қара шаңыраққа қайтуды қиындатуымыз қалай?

 

Үкімет босқындарды қабылдаймыз деп “Босқындар туралы” заң қабыл­дауға құлшына кірісіп кетті. Басқаға жақсылық жасаған дұрыс шығар, бірақ өз қазағымызды атамекеніне жолат­пауға тырысуымыздың жөні қалай?

Біріншіден, Үкімет туысшылап келетін қазақтарды шектеуге әрекет етуде. Шетелдегі туысыңды шақыру үшін фотосуретіңмен қоса бір топ құжат өткізу керек. Соның бірі: “Ке­луші қонақтардың паспортының кө­шірмесі (орыс не қазақ тіліне ауда­рылған және нотариалды куәланды­рылған түрде)” деп жазылған. “Нота­риалды куәландырылған түрде” деген бұрын жоқ болатын. Оны 2007 жыл­дың басында енгізді. Бұл туысыңның жеке төлқұжатының көшірмесін нота­риус куәландырмаса құжаттар шақыр­туға қабылданбайды деген сөз. Ол құжатты Қазақстанның нотариусы ғана куәландыруы керек. Сонда ғана ол заңды болып есептеледі. Ал нотариус көшірмені куәландыру үшін, құжаттың түпнұсқасын сұрайды. Туысың шетел­де болса, оның үстіне ол алыс шетелде тұрса құжатының түпнұсқасын қалай алдырасың? Оның сыртында әр адамның төлқұжаты қай елде болса да оған кез келген уақытта керек. Сон­дықтан ол төлқұжатының түпнұсқасын жібере алмайды. Ал түпнұсқасыз Қазақстанның нотариусы көшірмені куәландыра алмайды. Демек, сен туысыңды шақыртуға құжаттарыңды өткізе алмайсың. Сөйтіп, туысыңды шақыра алмайсың. Бұл – шетелден туысыңды шақыртуға қойған тосқауыл.

Қазақтарды елге келтірмеудің екін­ші тосқауылы оралмандардың квотаға енуі туралы ереже болып тұр.  2007 жылғы 29 қыркүйекте “Оралман­дар­дың көшіп келу квотасына енгізу ере­жесін бекіту туралы” Қазақстан Рес­публикасы Үкіметінің қаулысы қабыл­данды. Онда: “Осы қаулы 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізі­леді... деп жазылған. Бұл Ереже ресми түрде “Егемен Қазақстан” газетінің 2007 жылғы 20 желтоқсанындағы №390-391 санында жарияланды. Осы Ереже бойынша оралмандардың квота­ға кіру мүмкіндіктері балмен өлше­нетін болды. Ереженің “Оралман­дардың көшіп келу квотасына іріктеу өлшемдері” деген бөлімінде қандай жағдайда қанша балл берілетіні айтыл­ған. Яғни, оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу кезінде мынадай өлшемдер ескеріледі:

– мамандығы мен біліктілігінің болуы;

– білім деңгейі;

– кәмелетке толмаған балалардың саны.

Осылай іріктей келіп баллдарды төмендегідей бөліпті.  Мамандығы мен біліктілігінің болуы жөніндегі баллдар­дың ең жоғарғы саны отбасының әрбір мүшесі үшін 10 баллды құрайды. Білімі бойынша баллдың ең жоғарғы саны отбасының әрбір мүшесі үшін 6 балл­ды құрайды.  Орта техникалық, орта кәсі­би және орта білімнен кейінгі білімі болған кезде, мұндай білімі бар әрбір отбасы мүшесіне 2 балл беріледі.  Біреу­ден артық жоғары білімі болса – 5 балл. Бір жоғары білімі болса – 3 балл. Бес және одан да көп бала – 10 балл. Үш немесе төрт бала – 5 балл.  Бір немесе екі бала – 3 балл.

Үкімет осы арқылы мамандығың мен біліктілігің болса, жоғары білімің болса әрі көпбалалы болсаң ғана ата­мекеніңе келе аласың, әйтпесе Қазақ­станға келемін деп иегің қышымасын дегенді меңзеп отыр. Сонымен, оралмандардың квота санын көбейтсе, квотасыз келгендерге де жағдай жасалса деген көптен айтып жүрген тілектері керісінше болып, “Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп құлақтан айрылыпты” дегеннің кері келіп тұр.

Мамандығы мен біліктілігі, жоғары білімі жоқ бұқара оралмандар бұл саладан “нөл” балл алып тарихи Ота­нына орала алмайтын болады. Ал білік­тілігі мен жоғары білімі болған­мен, бала саны аз болса олар да төмен балл алып квотаға іліне алмайды. Ең өкініштісі, белгілі себеппен жоғары білім ала алмаған, әрі отбасын құрса да, денсаулықтарына байланысты балалы бола алмаған оралмандар бар­лық көрсеткіштен “нөл” балл алып Қазақстанға есік тарс жабылады. Бұ­лайша, оралмандарды “баласызсың, білімсізсің” деп квотаға кіргізбеу адами тұрғыдан қорлау, халықаралық тұр­ғыдан адам құқығын аяққа таптау болып келеді.

Мамандығы, қызметі бар адам қай елде де жаман тұрмайды. Әсіресе, БҰҰ-ның стандартына сай келетін Еуропа елдерінің жалақылары жоғары. Үй-жайы бар, жоғары жалақы алып жүрген Еуропадағы дәрігерлер мен ұстаздар бізге келе қояр ма екен. Се­бебі, Статистика агенттігінің мәліметі бойынша, 2006 жылы Қазақстандағы денсаулық сақтау саласындағы орташа жалақы 175,7 АҚШ доллары болса, білім саласында 157 АҚШ доллары болған. Оның үстіне Еуропада көп ба­лалы отбасы аз. Тұрғылықты халықтың өзінде 1-2 баладан ғана. Ал Қытай өкіметі заңмен шектеп (соның ішінде қазақтарға да) бала санын екеуден асыртқызбайды. Демек, Еуропа мен Қытай қазақтары квотаға ілінбейді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, 1991-2007 жылдары 16 жылдың ішінде 608090 адамнан тұратын 154963 қана оралман отбасы квотамен келген екен. Жаңа ережеге байланысты енді одан әрі қысқаратын түрі бар.

Оралмандардың өздері жоғары білімді, жоғары дәрежелі маман болма­са да, келешекте олардың балаларынан жоғары дәрежелі маман, қызметкер шығады. 1954-1963 жылдары келген оралмандардың мектепке дейінгі балалары осы жақта білім алып жоғары дәрежелі маман, қызметкер болған­дары аз емес. Соның бірі – қазіргі Қызылорда облысының әкімі Мұх­тар Құл-Мұхаммед.

Келешекте Қазақстанға жұмыс қолы қажет болатынын Президент бірнеше рет айтты. Сол кезде жоғары жалақыға шетелден жұмыс күшін тартамыз ба? Одан да өз қазағымызды қазірден, жағдай келіп тұрғанда, тезірек алдырғанымыз тиімді емес пе? Бұны қазіргі Үкімет білмей ме, әлде білсе де әдейі істеп отыр ма?

Ең өкініштісі, осы ережеге қатысты не бір депутат, не Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы дауыс шығарып, өз пікірін білдірмей отыр.

Назрахмет ҚАЛИ, зейнеткер. Алматы.

 

Енді не болады?

 

30 қаңтардағы етжеңді “Егемен Қазақстанды” газеттің 25000-шы санына арнап шығардыңыздар. Бас газеттің тарихынан қызықты мате­риалдар  оқыдық, тың мәліметтер алдық. Құлбек Ергөбектің “1937-ші жылғы бас редактор” аталатын ма­қаласы қызықты көрінді. Толқып оқы­дық. Сұмдық қой. Адам баласы шыдай  береді екен-ау. Жүсіпбек Арыста­новтың бастан кешуі шыншыл баянда­лыпты. Тіпті өзінің өтірік жаланы мойын­дағанын да айтыпты. Тағдыр шығар.

Ал енді не болады?

Арыстанов сотталды ма? Жоқ па? Сотталса жазасын қайда өтеді? Қалай өтеді? Қызықты еңбек жалғаспай қал­ды ғой. Қалғанын тағы бірде айтамын, депті.

Құлбек Ергөбек материалы болса, уәде бойынша жалғасын жарияла­саңыздар екен.

Жүсіпбек Арыстанов – біздің жерлесіміз. Ғаниға ілесіп кеткеннен қайтып келмеген деседі. Сотты болып жүріп келгенде ағайындар оң қабақ бермегендіктен, қайтып келмей өкпе­леген қалпы кеткен деседі. Әйтеуір, тағдырынан хабарсызбыз.

Ол кісі жайында білгіміз келеді. Мүмкіндік болса! Ал, Құлбек Ергөбекке айтар алғыс мол!

Ж.ТАБЫНБАЕВ, Е.МҰХТАРОВ, С.АЙТОЛҒАНОВ. Қызылорда облысы.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат