Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2008-02-27:

Жаһандану және ұлт мәселесі 

 

І. Адам баласы құрыса өз ақымақтығынан құриды

Жаһандану (“глобализация”, “глобализм”) ұғымдары XX ғасырдың 80-жылдары АҚШ-та қолданыла бастады. Алғашқы еңбектердің аттары “Шекарасыз әлем”, “Біртұтас әлем”, “Біртұтас экономика” деген аттармен жарық көрді. Өзара байланыстар тек экономиканы ғана емес, мәдениеттер мен идеологиялар жасаушы, өндіруші Гол­ливуд сияқты трансұлттық кор­по­рациялардың, білім мекемелерінің ық­палының ұлғаюына ұласты. Олар тек та­уар, капитал, технология, ақпарат ем­ес, идеялардың да, тіпті ірі тұл­ғалардың айналымға түсуіне дем берді. Жа­һандану әлемнің тұтастығын, өзара бай­ланысын, өзара тәуелділігін, өзара икем­ділігін қоғамдық санаға сіңірді. Шын­дығында, бұл бүкіл әлемді бір қалыпқа салу емес, бірлесу, топ­тас­тыру, әр түрлі, әр текті ұлттық, діни, сая­си мүдделердің, өркениеттердің ық­палдасуы. Жаһанданудың сапалық мәні осында. Бірақ жаһандану қоғамның бар­лық саласына ықпал жасайтын күр­делі, екіжақты құбылыс. Көлік, ком­муникациялық және ақпараттық тех­нологиялар негізінде кеңістік ба­рынша тығыздалынып, уақыт жеделдетілді. Аяқ жетпейтін алыс жақындап, күдікпен қарайтын жатқа бой үйренді. Мерзім өлшемі де өзгерді, бұрын күндер, айлар, жылдарды талап ететін іс-әрекет енді қас- қағымда жүзеге асатын болды. Мемлекетаралық байланыстар терең­деді. АҚШ-тың қаржы жүйесі тұ­мау­рата бастап еді, қазақстандық қаржы жү­йесі түшкіріп сала берді.

Бірлесуден, ықпалдасудан басқа адам баласына жол да жоқ. Мем­ле­кет­тер ғана бас қосып жатқан жоқ, Таяу Шығыс, Еуропа, Латын Америкасы мен Жапониядағы лаңкестік және экс­тремистік топтар бірлесіп, бір-біріне ақ­параттық, қаржылық, қару, тех­ни­калық көмек көрсетуге кірісті. Адамзат әл­емдік деңгейде ұйымдасқан экс­тре­мизммен бетпе-бет келіп тұр.Осы қа­уіпке қарамастан, жаһандану мем­лекеттер арасындағы қайшылықтарды одан әрі шиеленістірді. Оны “алтын миллиард” елдерімен кедей елдердің ара­сындағы теңсіздік айтып тұр. Егер 70-жылдары ол айырмашылық 1:13, 80-жылдары 1:61 болса, ал 90-жылдары 1:74-ке жетті. Егер XX ғасырдың 70-80-жылдары әлем халқының 80 пайызын қамтитын дамушы елдердің үлесіне жаһан байлығының 22 пайызы тисе, 90-жылдары олар әлем халқының 85 пайызын құрады, оларға байлықтың 15 пайызы ғана тиді. XXІ ғ.басында ол әділетсіздік одан әрі күш алуда. Әлем­дегі 6 млрд. 500 млн. адамның жар­тысынан көбісінің жылдық табысы 1 мың доллар болса, дамыған елдерде жан басына шаққанда ол 40 мыңнан ас­ты. 1,5 млрд. адамның күнкөрісі күніне 1 доллардан төмен.

Бүгінгі күннің басты философиясы – ол тұтыну, немесе қарын фи­ло­софиясы. Дүние жүзі халқының 4,7 па­йызын құрайтын бай мемлекеттердің тұр­ғындары әлем ресурстарының 25 па­йызын пайдаланады. АҚШ өзіне қа­жет мұнайдың 70 пайызын шет ел­дер­ден тасиды, оны 100 пайызға жеткізу жо­с­парлануда. Сондықтан мұнайлы өңірлер АҚШ-тың ықпалында.

Қылмыс әлемдік сипат алды. Ма­фия, ұйымдасқан қылмыс өз ауқымына тү­гел қоғамды тартып, мемлекеттік жә­не экономикалық құрылымдармен ара­ласып жатыр. Қылмыстық ортада 2000 млрд. доллар айналымда, оларға бүгін сот, полиция, лауазымды саясаткерлер, мем­лекеттік қызметкерлермен жұмыс жасайды. Есірткі саудасынан күніне 1 млрд. доллар пайда түсіп тұр.

Бүгінгі адам өз құқын білгенмен, жа­уапкершілігін біле бермейді, шексіз ли­берализм де халықты адастырды. Ки­но­индустрия, бейнефильмдер, дөрекі, өрескел мінез-құлықтарды наси­хат­тайтын әдебиеттердің 4/3-і америкалық және ол негізінен шет елдерге арнал­ған. Бүгін айына мектеп жасындағылар 212 сағат теледидар алдына отырып, 18 мың адам өлтіру оқиғаларын көреді. Адамзаттың ланкестікті түр-тамырымен жоюдың амалын таба алмауының басты себебі, оның өзінің әлсіздігінде. Әр нәрсені желеу етіп, тіпті демократия ор­нату мақсатымен зорлық-зом­бы­лық­қа бару, әділетсіздік, экстремизмді одан әрі қоздырады. Адам баласы құ­ры­са өз ақымақтығынан құриды де­меске амал жоқ.

 

ІІ .Жаһандану және ұлт мәселесі.

Жаһанданудың қайшылықтары Батыс Еуропа, Орталық Азия, Сол­түс­тік Африка және Латын Америкасы ел­дерінде оған қарсы антиглобалистік қоз­ғалыс туғызды. Мысалы, Ирак сая­саттанушылары үшін жаһандану қазіргі Батыс монополияларының басқа ел­дерді өз ықпалына көндіретін саясат. Жал­пы, Шығыс елдерінде оны мем­лекеттердің тәуелсіздігіне төнген қауіп деп есептейтіндер басым, оның бетін тек Шығыстың бай мәдениетін, адам­гершілік тәрбиесін қарсы қою арқылы қай­таруға болады. Бірақ Еуропа мен АҚШ-та білім алған мамандар ұлттық мә­дениеттерін қабылдамай, өз елінің дәс­түрлеріне салқындық білдіруде. Ол тү­сінікті де. Бүгін 2 млн.-нан астам студент шет елдерде білім алуда. Со­ның 565 мыңы АҚШ-та, 270 мыңы Ұлы­британияда, 227 мыңы Герма­ния­да, 125 мыңы Францияда, 140 мыңы Қытайда оқиды. Бұл мемлекеттер жас­тарға білім беріп қана қоймай, олардың бо­­йына батыстық, америкалық сана мен көзқарасты да сіңіреді. “Болашақ” бағ­­дарламасымен шетелдерде білім ал­ып жатқан қазақ жастарының ұлттық, ел­­дік ұстанымы бізді де алаңдататыны анық.

Жаһандану үдерісінің әр ұлттың мә­дениеті, дәстүрі мен мемлекеттілігіне үйлесуі бүгін үлкен пікірталастар ту­ғызып отыр. Қоғамтанушылардың бір тобы жаһандану ұлттық мем­ле­кет­тер­дің мә­нін жойып, олардың орнын ұлттан жо­ғары халықаралық ұйымдар басады деп үзілді-кесілді тұжырым жасайды. Олардың ойынша, жаһандану ұлт­тар­дың арасында бәсекелестік ту­ғызып, олар­дың бірін-бірі ығыс­ты­ру­ы­на, кем­сітушілікке әкеледі. Осыдан ке­ліп ұлт­тық мәдениеттер құнсыздана бастайды да, олардың орнын гибридті, жасанды, “үшінші” бір мәдениеттер ба­са­тынына на­зар аударады. Сондықтан ұлттық мем­лекеттердің заманы өтті, олар саяси сах­надан жойылуға таяп келеді. Себебі, орта деңгейдегі мем­лекеттердің эко­но­микалық күш-қуаты кейбір тран­с­ұлт­тық корпо­ра­циялардың мүмкіндігінен дәрменсіз. Сөйтіп жаһандану тасқыны көп­теген мем­ле­кет­тердің тәуелсіздігін сағымға ай­налдырады.

Жаһандану идеологы Э.Гидденс ұлттық са­на-сезім, ұлттық “Мен” игілікке емес, дау­ға, жанжалға апарады деп есептейді. Ұлттық идея, ұлттық ниет жанжал, қастандықпен бір жүреді. Ұлттық болмыс бүлікпен бірдей. Ол өзара байланысқа, алыс-беріске, тұ­рақ­тылыққа қарсы, тежегіш күш. Осыдан келіп ав­тор, космополиттік ұлт жасау ойын алға тартады. Оны кім жасайды?– деген сауалға, оны тілін, мәдениетін, тарихын білмейтін билік басындағы космополиттік элита жасайды деп болжайды. Бірте-бірте мем­ле­кет ұлттық сипатынан айырылып, кос­мо­политтік мемлекетке ұласады. Автор­дың пі­кірінше, ұлттық қауымдастық жа­сан­ды бір­лестік, тіл, мәдениет, дәстүр ортақ құн­ды­лықтар, сондықтан бір ұлттың екінші ұлт­қа сіңісуі қиын емес, түптің түбінде ба­сым тілмен, мәдениетпен келісуге тура ке­леді (“Социо­ло­гические исследования”, №5, 2004 ж.,140- бет). Бүгінгі қазақ ұлтының жағ­дайын ойласақ, бұл болжаммен келіс­пеуге де болмас. Ал автор үлгі ретінде жаңа кос­мополиттік ұлт қалыптасып келе жат­қан, та­рихи дәстүр сияқты құн­дыл­ық­тар­ды ұм­ы­та бастаған Еуроодақтың тә­жі­ри­бесін алға та­ртады. Ал Еуро­паның дәл орта­сындағы Гер­мания аза­маттықты тек неміс тілін меңгерген, неміс мә­дениетін бойына сіңір­ген­дерге ғана беретінін авторлар еске ал­май­ды.

Жаһандану дегеніміз, З.Бжезинский айт­қандай, бұл америкалану, себебі, АҚШ қай жағынан да ең қуатты мемлекет, әлемді басқаруға, реттеуге кепіл бола алады. Оның ой­ын жалғастырушылар АҚШ президентін ен­ді тек АҚШ азаматтары ғана емес, әлем аза­маттары да сайласын деген ұсыныстар ай­ты­­луда. Космополиттік идеяны қол­дау­шы­лар тарихи сахнадан кететін елдерге АҚШ, Жа­пония, Германия, Англия, Франция сияқ­­ты мемлекеттерді қоспайды. Демек, мә­с­еле шағын мемлекеттер тағдыры туралы болып отыр.

 Ғалымдардың басым тобы, ұлт пен ұлт­тық мемлекеттің тарих сахнасынан ығысады деген пікірдің айтылуының өзі қате деп есептейді. Жаһандану Азия мен Африка елдерінде ұлттық мәселелердің маңызы одан әрі өткір екендігін көрсетіп отыр. XX ға­сыр­дың екінші жартысында ондаған ұлттық мем­лекеттер пайда болып, олар өз тәуел­сіздігін қорғауға бел шешіп кірісіп отыр. Тіпті Еуропаның өзінде 15-тен астам Хорватия, Словения, Македония сияқты мем­лекеттер пайда болды. Мемле­кет­тік идея көп­теген ұлттардың аңсаған арманы мен мұ­ратына айналды. Демократия берік орнаған Еу­ропада шотландық, валлон, фламан, баск, каталондықтар мемлекеттілік үшін кү­ресуде. Косово тәуелсіздігін жария­лап жі­берді. Ұлттың өмірде терең негізі бар­лы­ғына, бірт­екті қандастарды біріктіретініне бү­гінгі күні дәлел көп. “Варшавадағы ев­рей­дің тісі ауырса, Америкадағы еврей ыңы­ра­нады” дегендей, бір қазақтың намысына тию, қор­лау барлық қазақты алаңдатады. Сон­дықтан же­ке адамдар арасындағы дау-да­май, олар әр түрлі ұлт өкілдері бол­ғандықтан, қо­ғам­дық сана да ұлтаралық си­пат алады. Олар сырт­тай бұзақылық болып кө­рінгенмен, мазмұны жағынан ішкі эт­но­психологиялық құбылыстардың көрінісі.

Трансұлттық компаниялар да тексіз, отан­­сыз емес, олар белгілі бір мемлекеттің басқару дәстүріне, мәдениетіне тәуелді, олар­­дың қолдауына сүйенеді және әлемнің әр түрлі аймақтарына өз елдерінің ықпалын кү­­шейтуге тырысады. Әлемді ірі жетекші кор­­порациялардың 6-уы америкалық, 2-уі жа­пондық, 3-уі неміс, 2-уі ағылшын (2-уі Гол­ландиямен біріккен), 3-уі голландық (ағылшындармен біріккен), 2-уі фран­цуздық, 2-уі швейцариялық. Бес ірі ком­па­ния әлемдегі өндірілетін автомобиль, ұшақ­тар мен электрондық жабдықтардың жар­­тысынан астамын шығарады; 2-3 ком­па­­ния дүниежүзілік телекоммуникацияны өз бақылауында ұстап отыр. “Эйр бас Ин­дастри”, “Боинг” және “Макдонел Дуг­лас” әлемді азаматтық ұшақтармен қам­та­ма­сыз етеді. Олардың күш-қуатын әскери ұйым­дардың мүмкіндігіне көбейтсе, басқа ел­дер­дің тәуелсіздігі мүшкіл көрінуі мүмкін. Ірі компаниялар қажет болған жағдайда өз мем­ле­кеттерін қолдауға, тіпті керегін шағын мем­лекеттерден тартып алуға, басқаға тартып ал­ып беруге дайын. Немістер “Фоль­кс­ва­генге не пайдалы болса, Германияға сол пай­­далы” десе, аме­рикалықтар “Дженерал мо­­тор­сқа не пайдалы болса, Америкаға сол пай­­далы” дейді.

2007 жылы Италияның “Эни” компа­ния­­лар тобы игеретін Қашаған кен орнына қа­тыс­ты мәселе жиі көрініс берген тұста оған Ита­лия министрлер кабинетінің төрағасы Ро­мано Продидың бұл келісімі өзінің да­му­ын кү­те­ді, бұл проблема консорциумның өз про­­бле­масы десе де Қашаған кен орнына ба­рып, жағ­­даймен нақты танысуы көп нәр­сені аңғартады.

Қуатты мемлекеттердің экономикалық, қар­­жылық, саяси, әлеуметтік-мәдени экс­пан­сиясы бүгін басталған жоқ, ол – капитализмге тән құбылыс. Бұл үрдіс жаһандану заманында адамдардың ұлттық төлтума қасиеттерін, ел басқару мен мә­де­ниетінің сипатын өзгертеді. Белгілі бір стан­дарт­тар, жаңа үлгілер арқылы ұлт ішіне жік са­лу, адам құқын желеу етіп, ұлттық мүд­деден аластату пиғылы айқын көрініс алып отыр. Алыс-беріс, жақындасу барысында ұлттық ерекшеліктердің бояуы солғындап, өшіп, ізі қалмай бара жатқан тұстары да бар және бұл бағыт бүгін күш алуда.

 

ІІІ. Жаһандану және қазақтар

1. Рухани отаршылдық көріністері

Әлеуметтану ғылымы жалпы қоғам да­муында ұлттардың болашағына байланысты статика және динамика заңдылықтарына сүйенеді. Бір жағынан, ұлт өз мұрасын сақтап, өзінің тарихи субъект мәртебесінен айрылғысы келмесе, екінші жағынан, әр ұлт жаңаруға, басқадан үйренуге бейімді. Осы екі үрдісті ұштастыру оңай емес. “Жапония рухы, Батыс технологиясы” (“Японский дух, Западная технология”) қағидасын жү­зеге асырып, жапондықтар өз мәдениетін сақ­тап дамытуда. Бұл қағиданы басқа да Оң­түс­тік Азия мемлекеттері басшылыққа алуда. Олар­­дың ұстанымы: “Ойың әр жақты, әре­кетің дәл, нақты болсын” (“думай глобально, действуй локально”). Басқа мемлекеттердегі жағдай негізінен күрделі.

“Космополиттік мемлекет”, “Космо­по­лит­тік ұлт”, “Ғалам азаматы” деген сияқты идея­лардың айтылуы жай емес. Ұлттық тер­ритория өз мәнін жоя бастады деушілер де көбеюде. Тәуелсіздіктің кескін-келбеті бұл­ды­рай бастады, “аяғым қайда болса, ота­ным сон­да” дейтін қазақтар да бар. Де­ген­мен, ұлттың шамалы бір бөлігінің аз­ғын­дауы, ұлтсыздануы орын алғанмен, ұлт­тық бол­мыстың өзегі, адамгершілік а­ст­а­р­ла­ры мо­да сияқты өзгере қоймайды, тіпті жа­ғым­сыз сыртқы ықпалға қарсылық та­нытады. Сон­дықтан, жаһандану ықпалымен мә­де­ниеттер түбегейлі өзгере салады, өмірге жа­ңа қауымдастық келер-ақ деп айту асығыс пікір.

 Бірақ әлемде мәдениеттердің жағымды да жағымсыз ықпалдарын, олардың сіңісуі емес, кейде үстемдікке тырысатыны ақпараттық кеңістікте ашық көрініс алады. Тек Еуропада кинопрокаттың 60 пайызы АҚШ-қа тиісті. Кейбір мемлекеттерге өз киносын өндіргеннен гөрі, Америка фильмдерін сатып алған тиімді. 1989 жылдан бастап Еуроодақ елдері америкалық кинофильмдерге шек қойды. Еуроодақ конституциясының жобасына америкалық киноларға тыйым (право вето) енгізілді. Еуропалықтар, әсіресе, француздар амери­ка­лық, басқа да шетел музыкасына, әртіс­тердің ағылып келуіне, театрлар да шетелдік қо­йылымдарға шектеулер белгілеуде (“Социально-гуманитарные знания”, №3, 70- бет, 2007 ж.). Америка мәдениетіне ай­қара есік ашу, еуропалықтар айтқандай, оны қаржылай қолдау деген сөз. Екіншіден, ки­но, мысалы, казино емес, оның елдің мінез-құлқына, ойлау қабілетіне ықпалы есепке алынып отыр.

Ресей Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін орыс тілінің мәртебесі төңірегінде маза­сыз­дануда. Шынында да, ресейлік ғалымдар дә­лелдегендей, әлемдегі көп тараған 10-12 әлем­дік тілдердің ішінде соңғы 15 жылда ық­палы әлсіреген орыс тілі. Ал орыс хал­қының демографиялық жағынан құлдырап ба­ра жатқанын есептесек, 2025 жылы ре­сейліктер, орыстарды қоса есептегенде, 125 млн.-нан аспайды. Әсіресе, ТМД және Бал­тық жағалауындағы елдерде орыс тілін білмейтіндер 38 млн.-ға жеткен, оның басты себебі орыстілділердің қоныс аударуынан. Шығыс Еуропа мен Балқанда орыс тілін біле­тіндер 20 млн.-ға жуық болған, бірақ ал­дымыздағы он жылда ол 10 млн.-ға дейін аза­юы мүмкін. Ал енді Батыс Еуропада орыс тілін білетіндер соңғы 15 жылда эми­грант­тар есебінен көбейді. Азия, Африка, Латын Америкасы елдерінде орыс тілі Кеңес Одағында білім алған мамандар есебінен сақталып тұр. Азияда орыс тілін білетіндер 5,5 млн.-нан 4,1 млн.-ға дейін азайған. “Сокращение распространение русского язы­ка в мире – это сокращение рос­сийс­ко­го влияния, как культурного, так и поли­ти­ческого” деп орыс ғалымдары ашық қын­жы­лады (“Социально-гуманитарные зн­а­ния”, 2007 ж. №4, 41-бет)! Ол түсінікті де, ор­ыс тілінің ықпалының азаюы ресейлік эко­номикаға да залалын тигізеді, орыс тілі іс­керлік, сауда қатынастарын реттеуге тиімді. Осыдан келіп Ресей 2006-2010 жылдарға арналған “Орыс тілі” бағдарламасын қабыл­дап, оған жылына 200 млн. рубльден астам қар­жы жұмсап отыр. Сонымен бірге, “Орыс әлемі” қоры құрылды. Орыс тілді бұқаралық ақ­парат құралдары, орыс диаспорасы, орыс мектептері мен білім мекемелері арқылы бұ­рынғы кеңес республикаларын орыс иде­о­ло­гиясы ықпалында ұстау басты стра­те­гия­лық мақсатқа айналып отыр. Ал оның қазақстандық ақпараттық кеңістікте іске асып жатқаны белгілі.

Соңғы жылдары Қытай елінің экс­пан­сия­сы көріне бастады. 2004 жылы Қытай үкі­меті қытай тілін АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Жапония мен Кореяда наси­хат­тау мен тарату туралы бағдарлама қа­был­дады. Соңғы 3 жылда 1 млн.-нан астам шетелдік қытай тілінен емтихан тапсырды. Сонымен бірге, аталған елдермен мәдени және ғылыми ақпарат алмасу мақсатында “Конфуций институттары” құрылды. Қытай басшылы­ғы­ның мақсаты – қытай тілін дамы­ған елдер мен стратегиялық маңызды, та­биғи ре­сурс­тары мол дамып келе жатқан Қа­зақстан сияқты елдерге енгізу. Енді 10-15 жылда ол елдерді қытай тілінде сөйлету, Қы­тайды сый­лату Қытайдың басты мақсатына ай­нала бас­тады. Сонымен, жаһандану за­манында ұлт­ара­лық бәсекелестік тілдер мен мә­дение­т­тераралық бәсекелестікке ұласып, отарлаудың жаңа көріністері белең ала бастады.

2. Экономикалық бәсекелестік

 Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан тауарлары мен қызметтерінің озық халықаралық стандарттардың деңгейіне шығуын басты мақсат етіп қойып отыр. Себебі, елімізде соңғы жылдары терең де күр­делі өзгерістер жүріп жатқанымен, эко­номикалық саладағы келбетімізді анықтап, дамыған елдердің ортасынан өз орнымызды алуға енді бағыт ұстандық. Жаһандану тұсында тауарлар, ақша шексіз алмасқан тұс­та ұлт туралы көзқарас та өзгеруде, жаңа теориялар пайда болуда. Ұлт дегеніміз бүгін тіл­дік, мәдени, діни қауымдастық қана емес, ол бренд, оның бәсекелестікке сай өн­діретін тауары. Ұлттық мемлекет сол тауар­ды өндіретін корпорация ғана. Бұл тео­рия­мен келісейік не келіспейік, мәселе онда емес, ұлттың беделі, жақсы аты (имиджі) оның өндіретін тауарларымен де өлшенетіні анық, ал ол өлшем ұлттың халықтар ара­сын­дағы орнын, беделін анықтайтыны ақи­қат. Ол бренд сыра ма, шұжық па, қазы ма, компьютер ме, автомобиль ме, онда тұрған еш­теңе жоқ. Бір ұлт бірнеше брендтің иесі болуы ықтимал. АҚШ-та жасалған авиалайнер десе, кинофильм десе, оған сұраныс барлығына күмән жоқ. “Шведтер кім?” десе, “кім “Вольво” мәшинесін жа­саса, сол швед” деп жауап береді, шведтер “Қазақ кім?” деген сұраққа біз рухани бай­лықтарымызды алға тартармыз, ал мақ­танарлық, әлемді қызықтыратын тауар­ларымыз жоқ. Сондықтан, қазақ сияқты халықты белгілі бір санаулы өндіріске ғана бейімдеп, әлем елдерін дамыған және да­мымаған деп жікке бөліп, соңғыларын тәуел­ді етіп қойып, тауар өндіре алмайтын кемшін ұлттардың сұранысын қанағатт­ан­ды­ру – көнеден келе жатқан саясат. Бренд тауар шығарған мемлекеттің тауары мен бірге оның тарихы, дәстүрі, ұлттық мәдениеті бірге тарайды. Тауарға жол ашу, бол­­маса оны шеттету, оған төреші болу­шы­лар да “алтын миллиард” елдері. Жөн сілтеп ықы­лас көрсететін де – жаһанданудың қозғаушы моторы – Батыстың қаржылық, сауда, өнеркәсіп және басқа да ком­па­ния­ла­ры. Сонымен, біздің жас мемлекетіміз жаһан­дану тұсында өз тауарымен таныл­ма­йынша, бәсекеге қабілетті ұлттардың қауым­дас­тығына ене алмайтыны белгілі. Әрине, бұл мақсатқа жету экономикалық, әлеу­меттік қатынастарды жетілдіру, бүгінгі з­а­ман­ғы технологияға қол жеткізумен қатар, ұлт­тық психологияның жаңа заманға бейім­делуіне де байланысты.

Социалистік жүйенің дағдарысқа ұшы­рап, одан кейін күйреуінің себебін зерт­теу­шілер социализмнің қоғамның табиғатына қай­шылығынан, оны идеологияның ырқына көндіруін, саясатқа бағындыруынан көреді. Бірнеше ұрпақ бойы адамдар санасына қана­ғатшыл, масылдық психология сіңірілді. Жаһандану заманында сол кертартпа, жалқау мінез тағы да заман көшіне ілестірмей, соңына қалдырып қою қаупі бүгін көптеген ТМД елдерін ойландырады. Себебі, жаһан­дану тұсында бәсекелестік өрши түседі, арпалыс, талас, мемлекеттер тіпті жауласуға дейін барып жатыр. Уақыт іске жан-тәнімен берілуді, тиянақтылықты талап етіп отыр. Не нәрсені болса да ұқыпты пайдалану, шы­ғын­ды азайту, ақшаны тиімді жұмсау, мем­лекет экономикасында, үй тіршілігінде де ысырапқа жол бермеу, тиімсіз, пайдасыз іске үйір болмау ғана игілікке жеткізеді.

“Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы” дейтін қазаққа ақша, дү­ние аса құндылық болмаған. Социалистік иде­ология да байлықты қолдамады. Қазақ­тар үшін байлық құндылықтан гөрі сын болды. “Семіздікті қой көтерер” дейті­ні­міз содан шыққан. Ал католиктер мен про­тес­танттар еңбек пен байлыққа зор мән береді. Америкалықтар “біз әлемдегі ең дәулеті тас­қан ұлт қана емеспіз, сондай-ақ басқа халық­тардан гөрі ақшаны жоғары қоятын елміз. Көркімен жарқыраған жігіттеріміз бәсе­келестікте өлімге бел байлап, өздерін ақ­шаның құлы болуға қияды”. “Ең құнды жанар май – еңбекпен шыққан тер”, дейді. Еңбек пен ақша олар үшін егіз. Біздің халық тым қанағатшыл, жаманнан жоғары, жақсыдан төмендеу дегендей өмірге бейім­делген. Әсіресе, ауыл халқы. Кедей болса да ненің жетіспейтінінен гөрі, қолда барға риза. Қарапайым қазақтың бірқатары байлыққа да, байларға да үлкен күдікпен қарайды. Байлыққа тек ұрлықпен, талан-таражбен қол жеткізуге болады деп есеп­тейді. Одан қалса пара алып, жем­қорлық жолмен, басқа да ұрлық жолдармен жетуге болады деп ойлайды. Оларды еңбекқор, ізденгіш, дарынды, кейде жолы болғыш байлар да бар деп сендіру қиын.

Енжарлық пен селқостық елде әлі ба­сым, тіпті ауласындағы қосалқы, бүгін тіпті негізгі күнкөрісіне айналған шаруа­шы­лығына, мүлігіне немкетті қарайды. Кейде ұсақ-түйек ұрлықты да ұят деп санамайды, “ұрлады” демейді, “алды” дейді. Сонымен бірге, ауыл халқы аңқылдаған адал, ашық. Көбі икемді болса тек кедейлікке икемді, қандай ауыртпалыққа да шыдай береді. Бірақ, бұл – ойланатын жағдай. Соғыс, одан кейінгі жылдардағы халықтың төзім­ділігі түсінікті, ал бүгін адал еңбек етіп, тер төгіп табыс табуға мүмкіндік бардағы шүкіршілік енжарлық емей немене? Елімізде 100 мыңдаған адам жұмыссыз жүргенде, жұмыс күшінің сырттан ағылып келуі, миллиардтаған табыстан түс­кен қаржының шетелге асуы қазақтың жұ­мысқа мойны жар бермейтіндігінен екені де белгілі. Төркініміз бір ғой, осындай жағдай Ресейде де байқалады. Орыс фило­со­фы А.А.Зиновьев “русский народ ... еще и безала­берный, вздорный, может махнуть ру­кой: Да пропади все к чертовой матери!” – деп бүлдіреді деп сескенеді. Біз енжар­лық­ты, селқостықты кейде тұрақ­тылыққа ба­лай­мыз.

Қазақта кедейлігіне қарамастан, қолда бар­ды бағаламаушылық, дарақылық кең кө­рініс алуда. Елде бүгін оған алаңдаушылық бар. Кейбір зерттеулер бойынша, халықтың 60 пайыздан астамы дәрі-дәрмек алуды ке­йінге қалдыра береді. Бірақ алды-артын ойламай, басқадан қалмаймын деп тыра­ш­тану, мақтаншақтық кең етек алған, тіпті қа­рызға батса да той жасау әдетке айналған. Бұл айналып келгенде отбасының тағд­ы­ры­на, ертеңгі несібесіне жеңіл қарау.

Жаһандану заманында қазақтық дәстүрі­міз­ді сақтай біліп, Батыстың кейбір қағи­да­ларынан үйренуге тура келеді. Қазақты да­рақы мінезден арылту, қайта тәрбиелеу мін­деті тұр. Бүгінгі жас ұрпақтың кейбіреулері өз еңбегімен табыс табуға, іскерлікке бе­йімделуде. Ақшаны мақсатқа сәйкес орынды жұм­сау, дүние-мүліктің қадірін түсіну, ең­бекті қасиет тұтатындар енді көбеюде. Бай­ы­ған топтың, жаңа әкімшілік элитаның, кейбір іскер азаматтардың мінез-құлқы бөлек әңгіме. Олардың біразы Батыс құндылықтарын бойларына сіңірмей толық­қан­ды адам болу қиын деген ойды ұс­танады. Оларға сондықтан ұлттық құн­дылықтар да негізінен жат. Кейбіреулер адам­дық мәртебені есеп-шотындағы қар­жысымен өлшейді. Ұлттық мүддеге бейжай қарамайтын орта тап және ортадан төмен­де­гілер. Олардың еңбегін бағалап, білімін жетілдіру, жұмыспен қамтамасыз ету – дү­ниешілдік пен дарақылық дертінен аман сақтаудың жолы. Ал қайыршы, ниеті азғындағандарға да ұлттық мүдде жат.

3.“Қазақстан ұлты” хақында

Жаһандану заманында бұрын отар­лан­ған, мәдениеті, діні шектелген, ға­сырлар бойы өзгеге табынған қазақ сияқ­ты ұлттардың тағдыры бұлдыр. Бүгін социализм заманындағы қай­шы­лықтарға жаңа заман қиындықтары ұштасып, этномәдени мәселелер одан әрі ушы­ғуы да мүмкін. Сондықтан ұлттың бола­шағы қазақ халқын алаңдататыны сөзсіз.

“Қазақстан ұлты” идеясы елде, әсіресе, интеллигенция арасында бі­раз пікірталастар тудырып отыр. Батыс сая­си лексиконында ұлт деп ұлтына, тіліне, дініне қарамастан, сол мемлекет­тің азаматтығын алған қауым­дастықты біл­д­іреді. “Француз ұлты” ұғымының ас­тарында екі мән жатыр: саяси мәні – ол француз қоғамы деген ойды білдірсе, этномәдени мәні – француз тілі, мә­де­ниеті барлық Францияда тұратын ұлт­тар мен ұлыстарға ортақ, міндетті” де­генді білдіреді. Француз тілі нан табатын, білім алатын тілге айналғандықтан, француз азаматтары тегі алжирлік, тегі ливандық француздар болып аталады. Бүгінгі Францияның президенті Николя Саркози тегі венгр француз.

Қазақстанда ұлт ұғымы “мемлекет” ұғымының синониміне айнала бастады. “Ұлттық банк”, “Ұлттық кітапхана”, тағы басқа атаулар “мемлекеттік” деген мағы­на беріп келеді. Дегенмен, біздің елдің менталитеті өзгеше: біз үшін “ұлт” пен “этностың” айырмашылығы жоқ. Сон­дықтан, қазақтар “қазақстандық ұлт” жаңа ұлт бола ма деп оған үлкен сақ­тықпен қарайды. Сонымен бірге, отар­ланған, ғасырлар бойы қорлық көріп, жәбірленген, қысымға, қудалауға ұшы­ра­ған қазақ сияқты ұлттар кінәмшіл, күдік­тенгіш келетіні де тарихтан белгілі. Қазақ­тың ұлттық сезімі бүгінде нәзік, алаң­дағыш, көңілі жарым, зақым­дан­ғыш, себебі, отарлау заманының салған жарақатының орны әлі жазылған жоқ. Бір маңызды баяндама басынан аяғына дейін қазақша оқылса, қазақтың көңілі тасиды, оқылмаса, жанына батады. Ал басқа ұлт өкілдері оған мән бермеуі де мүмкін. Жіп те нәзік жерінен үзіледі дейді. Тәуелсіздік алған қазақ ұлтының ең нәзік, осал жері де ұлтының бола­ша­ғы. Қазақтар “қазақстандық ұлт” орыс тіл­ді ұлт бола ма деп сезіктенсе, басқалар ол идеяны іштей қолдауы да мүмкін. Күн­делікті іс-қимылдарымызда елдің тұтастығы мен бірлігіне зор мән берумен қатар, қазақтың отарланған ұлт бол­ға­нын, оның психологиялық ерек­ше­лік­терімен, сондай-ақ басқа да ұлттардың көңіл-күйімен есептесуді ұмытпаған абзал. Этносаралық ахуал дамуының өз заңдылықтары мен қисындары бар.

Көпұлтты мемлекет дегенімізбен, ел­дегі этностық құрылым ерекше. 49 эт­нос­тық топтың еліміздегі тұрғындарының саны – 100-ден аспайды, 35-інің – 1000-нан, 13-інің – 5 мыңнан, 7-уінің – 10 мыңнан, 11-інің – 50 мыңнан, 3-уі­нікі 100 мыңнан аспайды. Тек 7 диас­пора 100 мыңнан жоғары. Қазақтар 9 миллионға таяп, ел халқының 60 пайызын құрап отыр.

 

Диаспоралар          ана тілін       қазақ тілін           оның ішінде                         орыс тілін

                                    білуі           меңгеруі         нашар білетіндері            меңгеруі 

әзірбайжандар        50,1       63,4       30,00                    86,0          

балқарлықтар                         26,4       66,4       35,3                                97,9

башқұрттар             28,2       58,3       18,4                                                                     97,9          

қырғыздар               38,3       88,8       10,4                                     80,7          

татарлар                   37,1       53,9       30,9                                     96,0          

өзбектер                   97,0       80,0       47,7                                     59,2          

ұйғырлар                 81,3       80,5       22,0                                     76,1            

Көріп тұрғанымыздай, түрік тілді отандастарымыздың басым көпшілігі үш тілді, бірақ орыс тілін басымырақ меңгерген.

Еуропатектес отандастарымыздың мемлекет тілін меңгеру деңгейі (пайызбен есептегенде): 

Диаспоралар   ана тілін        қазақ тілін                             оның ішінде          орыс тілін

                       білуі            меңгеруі           нашар білетіндері       меңгеруі

орыстар                               100                         14,9                                        85,9                                -     

украиндықтар     13,8       11,7                                        83,9                               99,5 

немістер             21,8                        12,3                                        78,6                         99,3                                                                         

поляктар                              3,1                          9,9                                          84,5                               98,5 

белорустар                          13,5                        9,9                                          89,4                               97,9 



Авторы: Амангелді АЙТАЛЫ, философия ғылымдарының докторы.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат