Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2008-03-05:

Жаңа экономикаға құқықтық қалқан керек

 

Мүсірәлі ӨТЕБАЕВ,  Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы.

Мемлекеттің активтерін, соның ішінде заңды тұлғалардың жарғылық ка­питалындағы акциялардың мемлекеттік пакетін тиімді басқару ел экономикасының қалыпты дамуының және мемлекеттік бюджеттің түсім бөлігінің тұрақты көзі болып табылатыны сөзсіз. Бірақ осы мемлекеттік активтерді құру, пайдалану және пайдалануға беру жұмыстары бізде осы күнге дейін жүйеленбеген және ол салалық сипаттағы түрлі нормативтік, құқықтық актілермен ғана реттеледі.

“Қойшы көп болса, қой арам өледі” деген­дей, толып жатқан актілермен реттелетін осы мәсе­лені бір қалыпқа түсіріп, “Мемлекеттік активтер туралы” кодексті әзірлеу керек деп ойлаймын. Бұл құжатқа “Мемлекеттік кәсіп­орындар туралы”, “Қазақстанның Даму банкі туралы”, “Қазақстанның Инвестициялық қоры туралы”, “Акционерлік қоғамдар туралы”, “Кон­цессиялар туралы” заңдар, Жер кодексінің кей­бір ережелері, сондай-ақ Ұлттық қор, мем­ле­кеттік холдингтер, даму институттары, әлеу­мет­тік-кәсіпкерлік корпорациялар, т.б. істерін реттейтін нормативтік-құқықтық актілер енуге тиісті. Осы актілердің бәрін кодтандыру эко­номиканың барлық саласында ықтималды және мөлдір саясат жүргізуге мүмкіндік береді.

Айтылған мәселелердің аясында “Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану”, “Мұнай туралы”, “Теңіздегі мұнай операция­ла­рын жасау кезінде өнімдерді бөлісу жөніндегі ке­лісімдер туралы” заңдар мен басқа да осы са­ла­ның нормативтік құқықтарын қарастыратын жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану жө­ніндегі кодексті де әзірлеу керек. Ол осы сала­ның қолданыстағы нормативтік актілеріне жо­ғары мәртебе берген болар еді, әрі басқа ко­декс­термен арадағы құқықтық қиыспаушылықтарды рет­теп, мемлекеттің стратегиялық саладағы рө­лін арттырар еді, сондай-ақ жер қойнауын пай­далану жөніндегі келісім-шарттар жасауды, қол­дануды және күшін жоюды тәртіпке келтірер еді.

Экономиканың негізгі секторларын ин­фра­құрылыммен қамтамасыз ету – мемлекеттің тұ­рақты дамуындағы басым бағыттардың бірі бо­лып табылатыны белгілі. Осы арада мемлекет пен жекеменшік бизнестің әріптестігінің не­гі­зін­де, атап айтқанда, концессиялық келі­сім­дер­мен іске асырылатын аса ірі инфрақұрылымдық жоба­ларды іске асыруға айрықша назар ауда­ры­лу керектігін айта кеткен жөн. “Концессиялар туралы” Заңға да тиісінше толықтырулар мен өзгерістер енгізулер өмірден туған қажеттілік еке­нін көріп отырмыз. Біріншіден, ол мем­ле­кеттің де, концессионердің де тең көлемдегі тә­уе­келін қарастырып, тура әсер ететін заң болуы ке­рек. Осындай талап тәуекелдің бәрін тек қана мем­лекеттің мойнына артатын бүгінгі тәртіпті өзгертіп, концессионерге де ол міндетті тең бөлер еді.

Осы орайда мына жағдайды да атап өткім келіп отыр. Инфрақұрылымдық аса ірі жо­ба­лар­ды қорландырудың негізгі көздерінің бірі – обли­гациялар шығарып, оны сату болып та­былады және оны негізінен сатып алатын жи­нақтаушы зейнетақы қорлары бола алады. Осы жағдайда аталған қорлардың сақталып қалуы қатты ескерілуі басым фактор болуы керек, ол үшін ең басынан концессуалдық жобалардың тиім­ді екендігіне, іске асыру барысында ол кон­цес­сионер мен инвесторды рентабельділік нормамен қамтамасыз етуін зерттеген жөн. Де­мек, бұл жағдайда концессионердің іскерлік ре­путациясы барынша таза, сондай-ақ келісімге қол қояр сәтте өзінің қажетті көлемдегі өн­ді­ріс­тік активтермен қамтамасыз етілгені және жа­са­ған ісі барынша мөлдір, тексеруге жеңіл бол­ған­дығы ескерілгені дұрыс. Реттеушінің рөлін ат­­қаратын Қаржылық бақылау агенттігінің жұ­мы­сы барынша қырағы болып, сәл ғана жа­салын­ған жалғандыққа лайықты тойтарыс беруі керек.

Осы жағдайдың бәрін ескерген Елбасы өзінің биылғы  Жолдауында Үкіметке, Ұлттық банкке және Қаржылық бақылау агенттігіне қар­жы тұрақсыздығын тудыратын қатерлерге қарсы те­тіктерді тауып, оларды жүйелі және жедел қол­данып отыру керектігі жөнінде арнайы тапсырма бер­ді. Мұның өзі халықаралық рыноктың Қазақ­стан экономикасына деген сенімін арттыра түсетіні даусыз.

Қаржы секторының өзі нарықтың әлемдік экономиканың өзгерістеріне барынша сезім­тал­дықпен қарайтын сегменттерінің бірі. Соның ішінде Қазақстанның қаржы секторы халық­ара­лық қаржы жүйесімен көбірек интеграцияланған се­бепті ТМД-ның басқа елдеріне қарағанда әлемдік экономиканың құбылыстарына көбірек байланған.

Сондықтан осы қаржылық дағдарыстардың ал­дын алып, үйлестірілген саясат жүргізу үшін 2007 жылдың аяғында Үкімет, Ұлттық банк және Қаржылық бақылау агенттігі қаржы тұрақ­ты­лығы мәселелері бойынша меморандумға қол қойған болатын. Желтоқсан айында Ұлттық банк ақша-несие саясатының 2008-2009 жыл­дар­ға арналған негізгі бағыттарын мақұлдады. Бұл саясаттың негізгі мақсаты жылдық инфляцияны 7,9-9,9% және 2009 жылы 7,5-9,5% көлемінде ұстап тұру болып табылады.

Әлемдік экономиканың келеңсіз үдерістері­нің мемлекеттің макроэкономикалық көрсет­кіштерінің өсіміне қысым дәрежесін азайту үшін Үкі­мет елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын тұрақ­тандыру бойынша кешенді шаралар енгізіп жа­тыр. Бұл қатарда Елбасының қатысуымен был­тырғы қазан айында болған кеңесте “Қазына” қоры мен Қазақстан ипотекалық ком­паниясы арқылы 2007 және 2008 жылдардағы рес­пуб­ликалық бюджеттен елдің ипотекалық ры­ногын қолдау үшін 4 млрд. АҚШ доллары кө­лемінде қаражат бөлінгенін айта кетуге болады. Бас­қаша айтқанда, ол тұрғын үй құрылысын қар­жыландырады. Сонымен қатар, ол үлес­шілердің құқын қорғауды қамтамасыз етеді.

“Салықтар және басқа да міндетті төлемдер туралы” кодекс 2002 жылдың 1 қаңтарында кү­шіне енді. Оның тұжырымдамасы халықты са­лық жүйесімен әділ қамтамасыз етуге ба­ғытталды және оның тұрақтылығы мен ық­тималдығы анықталған, салық салмағының бар­лық категориядағы салық төлеушілерге тең­ге­рімд­ігі қарастырылды. Бірақ кейінгі жылдары кодекске енгізілген толып жатқан өзгерістер мен толықтырулардың кесірінен ол көптеген жеңіл­діктер мен преференцияларға толып кетті. Мә­селен, қандай да бір мемлекеттік бағдарламаны іске асыру барысы оған қатысушыларға са­лықтық преференциялар берумен қосарланып отыр­ды. Ерінбегендердің бәрі де Салық кодек­сі­не сілтеме жасай отырып, өздеріне әйтеуір бір жеңілдіктер мен преференциялар талап етті. Соның салдарынан 170-тен артық префе­рен­ция­лар мен жеңілдіктер пайда болды. Ал эко­но­ми­ка­ның нақты секторындағылар Салық кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулардан мүлдем шаршады. Шынында да, Кодекс енгі­зілген кезден бері оған 60-тан артық өзгерістер мен толықтырулар енгізілген екен. Сондықтан Қа­зақстан дамуының жаңа кезеңі жаңа Салық кодексін әзірлеуді талап етеді. Мен оған өзге­ріс­тер мен толықтырулар жылына бір-ақ рет ен­гізілгені дұрыс дер едім. Жыл бойына түскен ұсы­ныстарды жинап және жүйелеп негіздегеннің нә­тижесінде Парламентке енгізілетін жаңа заң жо­басын әркім емес, депутаттардың бас­та­ма­ларынан басқа Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі ғана дайындауы керек.

Қолданыстағы Салық кодексі экономиканың да­муына толығымен алғанда ынталандыру қызметін атқарғанымен, бүгінгі күні ол өзін-өзі толығынан ақтап болды. Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексін жасаудың нақты кри­те­рий­лерін де атап берді. Атап өтер болсақ, бі­ріншіден, салықтық ауырлықты жеңілдету эко­номиканың өңдеуші салалары мен осы іспен ай­налысатын шағын және орта бизнес өкілдеріне ғана қарастырылады. Екіншіден, экономиканың ши­кізаттық емес секторындағы салықтық ауыр­лықты төмендеткендік себепті мемлекеттік бюд­жеттің түсім бөлігінің азаюын экономиканың өн­діруші секторының есебінен жабу керек болады.

Осыған орай, Үкіметтің көмірсутегі өнім­деріне экспорттық кедендік салықтар енгізу жос­пары өте дұрыс болды деп санаймын. Энер­ге­ти­ка және минералды ресурстар министрлігінің болжамына қарағанда, ол бар-жоғы 27 млн. тонна мұнайды ғана қамтымақ. Салық салудың әділеттік қағидатын ұстану үшін қалған жер қой­науын пайдаланушыларға да рентаның ор­нына қазба байлығын өндіру салығын енгізу дұрыс болатын шығар. Оның үстіне қазір эконо­ми­ка­лық жағдай алғашқы келісім-шарттарға қол қо­йылған кезбен салыстырғанда мүлде өзгерді ғой.

Салық салудың осы формаларын енгізу ар­қылы Үкімет екі мақсатқа қол жеткізер еді. Бірін­шіден, жанар-жағармайдың бағасына әсер ете алатын тетік табылады, ал бұл инфляциялық үде­рістерді монетарлық емес, факторсыз реттеуге мүм­кіншілік береді. Екіншіден, минералдық ши­кізатқа әлемдік бағаның өсуі мен қа­зақстан­дық­тардың әл-ауқаты артуының ұш­та­су­ын анық бай­қататын болады. Егер Үкімет ос­ын­дай қа­дамға барғысы келсе, оны БСҰ-ға кірмей тұрып ен­гізген жөн.

Жоспарлау жүйесін жаңарту және жетілдіру, бюджет қаражатын қолдану мен мемлекеттік активтерді басқару тиімділігін арттыру үшін Үкіметке үстіміздегі жылдың өзінде жаңа Бюд­жет кодексін де әзірлеу тапсырылды. Оның тұжырымдамасы бойынша бағдарламалық құжаттарды әзірлеу мен олардың мазмұнын жасауда жаңа жолдар қарастыру, мемлекеттік орган­дардың жаңа шешім қабылдардағы дер­бестігін арттыру, жақсы нәтижелерге жету үшін ұсы­натын өздерінің қызметтеріне жауап­кер­шілікті күшейту көзделген.

Бұл мәселелерге қосымша айтарым, қазір Дү­­ниежүзілік банк барлық бюджеттік ақ­параттардың ашық, сапалы және қолжетімді бол­ғанын анықтайтын индекс енгізген. Ре­сейліктердің оны қолдана бастағанына үш жыл болды. 2006 жылғы Ресей Федерациясы бюд­жетінің ашықтық индексі 47 пайыз болды. Қар­жы министрлігі 2010 жылы оны 100 пайызға жеткізуді алдына мақсат етіп қойып отыр. Ал бізде, өкінішке қарай, осы индекс әлі де қолданылмай келеді.

 

3500-ден астам адам қамтылды

 

Мәжіліс депутаты Алдан Смай­ыл Астана тұрғындарымен Ел­басы Жолдауын насихаттауға арналған бірнеше кездесу өткізді.

Еуразия Ұлттық универси­те­тінде, Экономика, қаржы және ха­лықара­лық сауда институты мен Қа­зақ гума­ни­тарлық заң уни­вер­си­тетінде бол­ған жиындарда депутат бі­лім беру саласын жақсарту, жо­ғары жә­не орта оқу орындарына ар­налған оқу­лықтардың сапасы, жас­тар сая­саты туралы жан-жақты түсіндірді. Сту­денттердің эконо­ми­ка және ғы­лым жайлы көптеген сұрақ­тарына жауап берді.

“Серік” акционерлік құрылыс ұйы­мы мен “Жаңа құрылыс” ком­паниясының ұжымымен және қала­дағы тұрғын үйге қаржылай үлес салу­шылармен болған кез­де­суде осы сала­дағы өзекті мә­селелер талқы­ланды.

Жолдауда Қазақстанға оралатын ағайындардың көші тағы да 5 мың отбасына көбейетіндігі халықтың ризашылығын туғызуда. Орал­ман­дардың 17 қоғамдық ұйымының же­­тек­­шілері және Сыртқы істер, Ең­бек және халықты әлеуметтік қор­ғау, Ішкі істер, Мәдениет және ақ­парат министрліктерінің жауапты қыз­меткерлері бас қосқан алқалы жиын­да депутат А.Смайыл баян­да­ма жасап, көші-қон жүйесінің қазіргі кейбір проблемаларына тоқтал­ды.

Депутат Астана ұстаздарының өтіні­шімен қаладағы №4, №54 және “Көгілдір желкен” орта мектеп­те­рін­де болып, Жолдаудың әлеу­мет­тік бағыт­тағы мақсат-тұжырымдары ту­ралы тақырыптық әңгімелер ұйым­дас­тырды. Мұғалімдер мен жо­ғары сы­нып оқушылары рес­пуб­ликада бі­лім сапасын дамыту ба­ғы­тында жү­зеге асырылып келе жат­қан іс-ша­ра­ларға жоғары баға бере отырып, көптеген ой-пікірлерін ор­таға салды.

Орта оқу орындары мен шығар­ма­шылық ұжымдарда Тілдердің үш тұ­ғырлығы және қазақ тілінің бүгіні мен болашағы жайлы да өрелі сөз қоз­ғалды. Президенттік мәдениет орталығы, қалалық тіл басқармасы, Мем­­лекеттік мұрағат, “Әлем” ха­лық­­аралық журналы, “Фолиант” бас­­пасы, қалалық “Қазақ тілі” қо­ғамы және “Алаш” клубында өткен кез­десулерде  тіл үйрету үйір­ме­ле­рінен тіл ұстарту мектептеріне кө­шу, Мем­лекеттік тіл туралы заң қа­был­дау туралы ұсыныстар айтылды.

Депутат Астананың шеткі ай­мақ­тары­ндағы елді мекендерде, қа­ла қаламгерлері мен өнер иелері орта­сында да болды. Кездесулерде, жал­пы алғанда, барлығы 3500-ден астам адам қамтылды.

“Егемен-ақпарат”.

 

Тәртіп болмай, іс алға баспайды

 

Сенатор Евгений Аман Қоста­най­дағы кәсіпкерлермен және бұ­қа­­ралық ақпарат құралдары өкіл­де­рімен кездесті. Сенатор алдымен Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың үс­тіміздегі жылғы Жолдауында ай­тылған мәселелерге кеңінен тоқ­талды.

– Шаруашылықтың барлық са­лаларына инвестиция тартқанда ғана экономикамыз уақыт талабына сай өркендейтін болады. Биыл елі­мізде бірінші рет 3 жылдық бюджет қабылданды. Онда көптеген істер­дің ауқымы қамтылған. Респуб­ли­када қаншама істер атқарылып жат­қанмен, әлі күнге дейін газ, ауыз су, электр энергиясы тапшыл­ы­ғы­нан құтылған жоқпыз. Мұның кө­бісі Кеңес Одағы кезінен мұра бо­лып қалғандар. Соның барлығын бір­тіндеп шешу қолға алынды. Әри­не, біздің облыс үшін  электр эне­ргиясы тапшылығын жою кезек күт­тірмейтін іс болып табылады,–де­ді Евгений Иосифович.

Қазір базар сөрелері толық. Деген­мен, импорттық тауарларды азай­тып, олардың өзімізде өнді­рі­луін жеделдетпейінше экономика өз деңгейінде дамып, әлеуметтік мә­селелер толық шешімін тауып ке­теді деуге болмайтынын айтты се­натор.  Ол үшін өзіміздегі кә­сіп­орындар арасындағы шынайы бә­секені қалыптастыру керек. Мы­салы Үкіметтің жақында қантты сырттан тасуды доғару туралы ұй­ғарымы ауыл шаруашылығындағы қант қызылшасын өсірушілер мен қант өндірушілерге жасалған үлкен қолдау болды.

Кездесуде мұнан басқа да көп­теген мәселелер әңгіме арқауына ай­налды. Сенаторға сұрақ қойған кәсіп­керлердің  қай-қайсысы да са­лық туралы жаңа кодекс керек де­генді айтты. Өйткені, салық ко­митеті тарапынан ереже бұзу­шы­лық орын алып жатады, бірақ олар ешқандай ескертусіз, тіпті жазасыз қала береді. Сонымен қатар, кәсіп­орынның ешқандай салық қа­ры­зы болмаса да, салықшылардың оларға айыппұл төлететін кездері аз бол­май­тын көрінеді. Сырттан әке­лі­нетін  сертификатсыз тауарлар үшін де кәсіпкерлер күйіп қалып жа­тады. Міне, кәсіпкерлер сенатор Ев­гений Аманға осындай елеусіз, бі­рақ күнделікті кездесіп, іске ке­дергі болатын жағдайларды ашып айт­ты. Сенатор да өз тарапынан салық туралы жаңа кодекс қажеттігінің пісіп-жетілгенін және онда  кәсіпкерлер айтқан мәселе­лер­дің барлығының көрініс табу ке­ректігін мақұлдады.

Кездесуде кәсіпкерлер Ел­ба­сы­ның орта және шағын бизнес са­ла­сын реттейтін заңды бірың­ғай­ла­ғанша кәсіпорындарды тексеруге мо­раторий жариялау туралы ше­шіміне қанағаттандық білдірді. Сон­дай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қар­сы күрес заңнамасына және  “Жер­гілікті мемлекеттік басқару туралы” Заңға өзгеріс енгізетін кез­дің жеткені туралы айтылды. Евгений Аманға қойылған сұрақ­тар­­дың бірсыпырасы  жұмысшы ма­мандықтарын  және кадрлар да­яр­лау мәселесі кәсіпкерлерді ой­лан­та­тынын көрсетті. Ауыл шаруа­шы­лығындағы және құрылыс сала­сындағы науқандық жұмыстарда қа­зір жұмысшы-мамандар табу про­блемаға айналды. Жұмысшы кадр­лары жетіспейді. Сырттан кел­гендерді науқандық жұмысқа пай­д­алану үшін кәсіпкер алдын ала қыруар ақша төлеуі керек. Ал көп­те­ген жерлерде  атаулы көмекке иек артып алған азаматтар еңбек ет­кісі келмейді.  Кәсіпкерлер осы мә­селені де заңмен реттеуді өтінді. Кә­сіпкерлердің пікіріне қосыла оты­рып, өз ретінде сенатор бұл мә­селелердің бір мезгілде шешімін та­ба қалмайтындығын ескерте келе, оны зерделеп, кешенді түрде қарас­тыру керектігін айтты. Сонымен қо­са, ол республикадағы көптеген заң­дардың толықтырулар мен өз­ге­рістер енгізуді күтіп тұрғанын жа­сыр­мады. Оның пікірінше, тәртіп, жи­нақылық болмай, ойлаған істер жү­зеге аспайды. Ол үшін алдымен заңдарды реттестіріп алу керек.

Кездесуге қатысқандар сена­тор­дың Елбасы Жолдауына, эко­но­миканы дамытып, тұрмысты жақ­сартуға арналған маңызды да мәнді әң­гімесінен көптеген мәліметтерге қанықты.

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.Қостанай.

 

Экологиялық өлшем басшылыққа алынады

 

Ғалия КӘРІБЖАНОВА, Қоршаған ортаны қорғау министрлігі халықаралық ынтымақтастық басқармасының бастығы.

Мемлекет басшысы өзінің ха­лыққа арнаған биылғы Жол­да­уын­да “Бүгін біздің еліміз халықаралық дә­режеде танылудың жаңа сапалық дең­гейіне көтерілді. Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына тө­рағалық етуі туралы шешім оның се­німді дәлелі болды”, – деген бо­латын. Шынымен де ЕҚЫҰ құра­мына кіретін 56 мемлекеттің қауіп­сіздігін, тұрақтылығын, демократия мен өркендеуін қамтамасыз етудегі, со­ндай-ақ ортақ құндылықтар мә­селелеріне байланысты саяси диа­логты ретке келтірудің құралы ретінде бірегей халықаралық ұйым саналады. Ұйымның ерекшелігі оған мүше болу мүмкіндігінің кең­ді­гінде, ашық диалог және шешім қа­былдауда құқықтық қалыптың сақталуында.

Ұйым өз қызметін қауіпсіздіктің әс­кери-саяси, экономикалық-эко­логиялық және гуманитарлық се­кілді үш өлшемдері негізінде жүзеге асырады. ЕҚЫҰ-ның экономи­ка­лық-экологиялық өлшемінің басты институты жыл сайын ЕҚЫҰ-ның жұмыс атқарып отырған төраға­лы­ғымен ұсынылған мәселелерді тал­қылау үшін жоғары лауазымды тұл­ға­ларды біріктіретін экономикалық және экологиялық форум болып табылады.

2007 жылы испан төрағалығы жер­лердің тозуы және топырақтың ластануы мәселелері жөніндегі ын­тымақтастықты дамытуды ұсынған бо­латын. Испан төрағалығы қыз­метінің қорытындылары бойынша эко­номикалық-экологиялық өлшем шеңберінде ЕҚЫҰ-ның институт­та­ры мен тетіктерін қауіпсіздіктің эко­логиялық аспектілеріне топтау, эко­логиялық қауіп-қатерлер бо­йын­ша ақпараттандыруды арт­тыру, экология саласында басқару жү­йе­сін жетілдіру, экологиялық қауіп­сізд­іктің әлеуметтік-экономикалық аспектілері бағыттарындағы эколо­гия­лық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шаралар назарға алынды.

Финляндия төрағалығы да 2008 жылы Ұйым қызметінің эколо­гия­лық бағытын жандандыруға мүд­де­лілік танытуда.

2008 жылғы 28-29 қаңтарда Ве­нада Финляндияның төра­ға­лы­ғымен ЕҚЫҰ экономикалық және экологиялық форумының бірінші бө­лімі өтті.

Финляндияның Қоршаған ор­та­ны қорғау министрі Киммо Тиили­кай­нен мырза форум жұмысының ашы­лу салтанатында сөйлеген сө­зінде Финляндия ЕҚЫҰ-ға мүше мем­лекеттердің теңіз және ішкі су ар­налары бойынша ынты­мақ­тас­тығын дамыту мен тереңдетуді ба­сым­дық деп есептейтіндігін мә­лімдеді.  

Отырысқа Ұйымға мүше мем­ле­кет­тердің, қадағалаушы елдердің үкі­мет­тік делегациялар құрамының 200-ден астам мүшелері, сондай-ақ ха­лықаралық, үкіметтік емес, ғы­лы­ми ұйымдардың, бизнес секто­ры­ның өкілдері қатысты. Қазақ­стан­дық тараптан Қоршаған ортаны қорғау министрлігі мен Су ресурс­тары жөніндегі комитеттің, сондай-ақ экологиялық үкіметтік емес ұйым­дардың өкілдері болды.

Қазақстан Республикасының Авс­трия Республикасындағы Тө­тен­ше және өкілетті елшісі Қайрат Әбдірахмановтың басшылығымен Қазақстан делегациясы, ең алды­мен, экологиялық қауіпсіз­дікті, ЕҚЫҰ-ның рөлі мен эконо­ми­ка­лық және экологиялық өлшем жө­нін­дегі қызметінің алдағы ба­ғыт­тарын қамтамасыз ету бойынша ай­мақтық ынтымақтастық мә­се­ле­леріне арналған форумның сес­сияларына белсенді түрде қатысты. Со­ның ішінде, Шу және Талас өзен­деріне байланысты қазақ-қыр­ғыз мемлекетаралық комис­сия­сы­ның құрылуы және оның қызмет тәжірибесі жөніндегі мәселелерді ерекше атап өтуге болады.

Сондай-ақ Қазақстан делега­ция­сы Каспий аймағында қор­шаған ортаны қорғау мәселелері жө­нінде аймақтық ын­ты­мақ­тас­тықты күшейту жөнінде және осы жылғы наурыздың басында Түр­кі­мен­станда өтетін форумға да­йын­дық ретінде, сондай-ақ басқа да өзекті мәселелерге байланысты, мә­селен ЕҚЫҰ-ның рөлі мен қыз­метінің ықтимал бағыттарын алдын ала талқылауға бастамашылық етті.

Ашғабадта болатын кездесу ба­рысында қоршаған ортаны қорғау, оның ішінде мұнай төгілулерін болдырмау және оның алдын алу, сон­дай-ақ теңізге шыға алмайтын елдердегі көлік саласындағы ха­лықаралық ынтымақтастықты да­мытуды басқару мәселелерін тал­қылау көзделуде.

Қазақстан делегациясы үшін эко­номикалық және экологиялық фо­румының жұмысына қатысудың ма­ңызды нәтижесі 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге дай­ын­дық, алдын ала талқылау мен эко­но­микалық және экологиялық өл­шем бағытындағы басымдықтар бойынша пікіралмасулар жүргізу болып табылады.

Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуінің ал­дын­да Қоршаған ортаны қорғау минис­тр­лігі экономикалық даму және қор­шаған ортаны сақтау ара­сындағы теңгерімді қамтамасыз ету, яғни тұрақты дамуға, сулардың са­па­лылық күйіне, халықтың залал­сыз ауыз суға, энергетикалық-эко­ло­гиялық қауіпсіздікке қол жеткізу мә­селелеріне назар аударуды жөн деп есептейді. Бұл қазіргі уақытта ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер үшін де тура осындай маңызды мүдде­лі­лікке ие болуы мүмкін.

Қазіргі уақытта Қоршаған орта­ны қорғау министрлігі еліміздің эко­номикалық-экологиялық өлшем қыз­меті аясындағы ұстанымын іл­герілету үшін бірқатар қажетті да­йындық шараларын жүзеге асы­руды жоспарлауда.

Аталған форум жұмысының бары­сында біз ЕҚЫҰ-ның қыз­ме­тінде осы ұйымға мүше мем­ле­кет­тер аймағында қазіргі заманғы қа­уіп-қатерлерге тиімді тойтарыс беру тұр­ғысында сабақтастық пен біріз­діліктің қалыптасқандығына көз жеткізе алдық.

 

Үндес бастама үдерісі

 

Мұсырман СҰЛТАНОВ, оралман.

Сыртта жүрген қандастарын ту­ған жерге шақырып, барлық жағ­дайды жасап жатқан үш-ақ ел екен. Солардың бірі – Қазақстан. Елі­міздің тұңғыш Президенті Н.Назар­баев­тың тікелей қолдауымен алғаш­қы ұлы көш өткен ғасырдың 92-жыл­дары басталып, содан бері жал­ғасын тауып келеді. Соңғы жылдары солтүстік өңірге де Моңғолиядан, Өзбекстаннан, Ресейден ағайын­дарымыз көшіп келіп, қоныстана бастады. Солардың бірі – менің отбасым. Біз арнайы квотамен 2002 жылы Өзбекстаннан Қызылжар өңіріне атбасын тіреп, Новокаменка ауылына тұрақтадық. Жұбайым екеуміз мектепке мұғалім болып орналастық. Үш баламыз оқиды. Бас­панамыз бар. Қатарымыздан қал­май, елге қызмет етіп жатырмыз. Т­алай жылғы арманымыз осылайша орындалып, туған жердің ауасын жұтудан асқан бақыт жоғын енді  бағамдағандаймыз.

Мен Мемлекет  басшысының жылдағы дәстүрлі жолдауларын үлкен зейін қоя тыңдап жүрмін. Қай-қайсысын алсақ та халықтың мақсат-мүддесімен астасып жатыр. Сол сияқты биылғы тарихи құжатта да үлкен мемлекеттік маңызы бар мәселелер көтеріліп, солардың ішін­де оралмандарға деген қамқорлық ай­қын көрініс тапқан. Шынында да, квота арқылы шетелдегі ағайын­дар­ды тарихи Отанына оралту мәселесін Президентіміз назардан бірде-бір рет тыс қалдырған емес. Ке­лесі жылы сырттан келетін қан­дастарымыздың саны 5 мың от­ба­сыға артып, 25 мыңға жетуі төбе­мізді көкке жеткізгендей болды.

Ата-баба қонысын аңсап отыр­ғандар әлі қаншама! Өз күштерімен жет­кенімен, Үкіметтің көмегінсіз ор­нығып кету қиын. Оны күнделікті өмір­де жиі көріп жүрміз. Енді Ел­басы белгілеген міндеттер жергілікті жер­лерде кеңінен қолдау тауып, бар­лық тұрмыстық жағдайлар жа­са­лады деген үміттеміз. Олар үшін ең қажеттісі – баспана мен жұмыс қой.

Осы арада Солтүстік Қазақстан облысының әкімі С.Біләловтің тара­пынан оралмандарға қатысты қолға алынған бір бастаманы айта кеткім келеді. Өңір басшысы орал­ман­дар­мен кездесу барысында таяудағы үш жылдың ішінде 170 тұрғын үй тұрғызылып, шетелдерден оралған ба­уырларымызды орналастыру  шара­лары қолға алынатынын мәлім­деген еді.

Бұл ұсыныс қызу қолдау тапты. Игі­лікті істі биылдан бастап жүзеге асы­ру белгіленіп отыр. Оның орын­далатынына сенімдімін.

Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданы.

 

Ұлттық балабақшалар керек-ақ

 

Гүлзира БАЛПАНҚЫЗЫ, үй шаруасындағы ана.

Үй шаруасында жүрсек те құла­ғы­мыз түрік, көңіліміз ояу. Қолы­мыз қалт еткен сәттерде теледидар тың­дап, газет оқып, облыс жаңа­лықтарынан хабардар болып отыра­мыз. Өзгелер секілді маған да Елба­сының Жолдауы көп ой салды. Әсі­ре­се, мектеп жасына дейінгі ба­ла­ларға қатысты мәселелердің нақты айтылғаны өте ұнады. Шындығы сол, кішкентай бүлдіршіндер өмі­рінде балабақшаның алатын орны зор. Мен бұл жерде үйдегі тәрбиені ке­мітейін деп отырған жоқпын. Үй­де бұйығып өскен сәби мен бала­бақ­шада тәлім-тәрбие алған бүл­діршінді салыстырсақ, соңғысының ар­тықшылығын ешкім жоққа шы­ғара қоймас. Осы мәселені бір ізге түсірудің жолы – мектепке дейінгі ба­лалар мекемелеріне деген сұра­нысты қанағаттандыру. Облыс орта­лығында балабақшаларға деген қажеттілік өсе түспесе, кемитін түрі байқалмайды. Қала әкімінің есе­бінен білгенімдей, соңғы үш жылда 840 орны бар 6 балабақша пай­да­ла­нуға берілген екен. Биыл тағы екі балабақшаның бой көтеретінін естіп, қуанулымыз. Меніңше, бұл мәселені тездетіп шешпей бол­майды. Қаншама жас аналар жұмыс­қа шыға алмай, қолдары жіпсіз байланып отыр десеңізші. Оларға ұрпақ көбейтуге атсалыс деп ақыл айтудың өзі ыңғайсыз.

Петропавл қаласындағы бала­бақша кезегінде алты мыңнан астам бөбектің тұруы проблеманың қордаланып қалғанын байқатады. Сондықтан бір кездері жекеге саты­лып кеткен балабақшаларды ком­муналдық меншікке қайыра алған дұрыс болар еді. Еш кәдеге аспай қаңырап қалған ғимараттар жоқ емес, бар. Соларды іске қосу үшін қаражатты аямаған жөн. Оның үстіне қазіргі мектеп талабы да күшті. Тест, басқа сынақтар арқы­лы болашақ шәкірттің білімі жан-жақты тексеріліп, мүдірмей өткен­де­рін ғана қабылдауға әркім мүдделі. Осы заманғы озық бағдар­ла­мамен қаруланып келмеген жеткіншектен ат-тонын ала қашары сөзсіз.

Ұл-қыздарымызды қазақша оқыттық. Одан еш кемдік көрген жоқпыз. Немерелерім де ана тілінде білім алып жүр. Олар кезінде бала­бақшаға барды. “Айгөлекте” болған Нұрланым қазақшаны еркін біліп өсті. Ал “Арманда” тәлім-тәрбие алған Нұрболатым орысшалау бол­ды. Таза қазақы ортадағы балалар ана тілін ұмытып жатса, өзгелердің жағдайы қалай болар екен? Ен­деше, Жолдауда атап көрсе­тіл­гендей, мек­тепке дейінгі білім беру сатысы бүлдіршіндердің шығар­машылық және интеллектуалдық қабілеттерін дамытуға арналған тиімді бағдар­ламамен қамтамасыз етіліп отыр­мағаны байқалады. Білім беру­дің ала-құлалығы, әр деңгей­лілігі осыны анық байқатса керек.

Өзге жақты қайдам, солтүстік өңірдегі қазақ мектебінде оқитын балалар ана тілімен қатар орыс­шаны да жетік меңгеріп шығады. Тіпті орысшасы басымдау ма деп қаласың. Оның бір сыры – орыс  балабақшаларынан қанат қағып шығуынан. Облыс орта­лы­ғында бір ғана қазақ балабақшасы бар. Сұраныстың болғанына қара­мас­тан, тиісті басшылар құлықты емес, аралас балабақшалар ашумен ғана шектеліп отыр. Кейбіреулер мұны “ұлттық оқшаулану” деп тү­сінетін болар. Осылай ойласа, қатты қате­лескені. Мектепке дейінгі барлық мекемелерде екі тілде оқыту жүйесі ен­гізілген. Қолдауға тұратын мұн­дай бастамалар ұлттық бала­бақшалар ашылмасын деген ұғым тудырмаса керек. Сонда аралас мектептен айырмасы қандай деген сұрақ туады. Мұндай тұрғыдағы білім ұяларының ауыр зардаптарын әлі ұмыта қойған жоқпыз ғой. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді таза қазақы ортада тілі шығып, тәлім-тәрбие алмаған баланың орысшаға бұрылып кететінін күн­делікті өмірде көріп жүрміз. Орыс мектептерінде “тілдердің үш тұғыр­лылығы” бағдарламасы енгі­зіліп, қазақ тілін тереңдете оқыту қолға алынып жатқан жоқ па. Олай болса, мектепке дейінгі қазақша мекемелерді көптен ашып, өзге тілдердің де тереңдетіп әрі жедел оқы­тылуынан ұтпасақ, ұтылмай­мыз.

Солтүстік Қазақстан облысы.

 

Назардағы бағыттар туралы айтты

 

Жақында  Варшавада  Қазақстанның Польшадағы Төтенше және өкілетті елшісі Алексей Волковтың осы елдің Мәдениет және  ұлттық мұра министрі Богдан  Здроевскимен кездесуі болды.

Кездесу  барысында Қазақстан  ди­­пломаты әңгімеге қатысушыға Пре­­зидент Нұрсұлтан Назар­ба­ев­тың “Қазақстан  халқының әл-ау­қатын арт­тыру – мемлекеттік сая­сат­тың бас­ты мақсаты” атты Қа­зақстан хал­қына Жолдауының не­гіз­гі қағи­дат­тары туралы әңгімелеп,  респуб­ликаның билік орындары Қа­зақстан  қо­ғамының әлеуметтік-мә­дени да­муына, соның ішінде мә­дениет пен спорт­қа байланысты  ин­фра­құ­рылымды құру мен ны­ғайтуға баса на­з­ар аударып отыр­ға­нын атап көрсетті.

Елші Б.Здроевскиді  Қазақстан бас­шысының бастамасымен  өріс ал­­ған  “Мәдени мұра” мемлекеттік бағ­­дарламасын іске асыру туралы ха­бардар етті. Бұл орайда әл-Фа­раби атындағы Қазақ ұлттық  уни­вер­ситетінің шетелдердің жаңа және  ең  жаңа тарихы кафе­дра­сы­ның доценті Гүлжауһар Көке­бае­ва­ның “Қазақстан  тарихының Поль­ша мұрағаттары мен кітап­ха­на­ларындағы дереккөздері” деген та­қы­рыптағы  ғылыми-зерттеу жұмы­сы­ның нәтижелері осы  бағ­дар­ламаны  ойдағыдай жүзеге асы­ру­дың мысалы бола алады. 

Қазақстан  басшылығының ха­лық­тың рухани және мәдени  өмі­рін да­мытуға  бағытталған бас­та­ма­сы  ту­ралы айта келіп, Польша ми­нис­трі мы­наны атап көрсетті: бұл мә­селеде рес­публика  басқа елдер  үшін “та­маша  өнеге” және  бағдар бола ала­ды. Польшаның мәдени ведо­мс­тво­сы­ның басшысы бұл ба­ғытта  екі жақ­ты қатынастарды ны­ғай­туға барынша қолдау көр­се­туге әзір екенін білдірді.

Кездесудің соңында тараптар Қа­зақ­стан-Польша мәдени-гума­ни­тарлық саласындағы ынтымақ­тас­тықты дамыту ісінде өзара  қолдау көрсету жөнінде уағдаласты,  деп  хабарлады  ҚР-ның Варшавадағы елшілігінің баспасөз қызметі.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат