Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2008-03-22:

Бүгіннен – болашаққа!

 

Қазіргі қалаға қарап тұрып, осы ша­һардың айнал­дырған 10 жылдың аясында шаңырақ кө­тергеніне сену оңай емес. Ғайыптан, құдіретті бір күштің тегеурінімен жасалып жатқандай әсер береді бұл шаһар. Байыптап қарасақ, ол құдірет халық пен Елбасының ертеңгі күнге деген сенімі мен асқақ мұраттарынан, Президент­тің келешекті көре білетін қайраткерлік еңбектерінен һәм соңынан жұртын ерте алған сар­дарлығынан туындауда. Астанаға республикамыздың түкпір-түкпірлерінен, әлемнің әр елінен ағылып келіп жататын жұрт, шаһар көркіне, сәулетіне таңда­нып қана қоймай, жасампаз­дыққа бастар жігер отын ала­тыны осыдан.

Қалалардың өркендеуін қам­тамасыз еткен халықаралық тә­жірибелер қазір Қазақстанның астанасын салу уағында кеңінен пайдаланылуда. Мәселен, елор­да­­мыз­дың бас жоспары әлемге әйгілі сәулетші Киса Курокава­ның жетекшілігінде болған ха­лықаралық ықпалдастық жөнін­дегі жапон агенттігі зерттеу тобының қатысуымен әзірленсе, бас қаламыздың жекелеген ғимараттарының сәулеттік жоба­ларын осы заманның заңғар сәулетшісі Норман Фостер жаса­ды. Қаламыздың құрылысы архитектура өнерінің нақты заңдылықтары шеңберіндегі тұтастықта өріліп, Астананың шаһар ретіндегі өсуінің әр кезеңі, тіпті, келер онжылдықтарға да алдын ала жоспарлануда.

Курокаваның “қала – айна­ладағы ортамен үндестікте дами­тын, табиғатқа нұқсан келтір­мейтін, керісінше, жаратылыс­тың жаңа тынысына жол ашатын организм” деген идеясы Аста­наны салудың негізіне алынуда. Десек те, жапон сәулет өнерінің аталмыш білгірінің өзі де Қазақ­стан Астанасының мұншалықты құлашын кеңге сала өркендей­тінін болжай алмады десек шындық.

Болашақта әлемнің ұлы аста­наларымен үзеңгі қағыстырып, жер-жаһанның ең озық 30 қала­сының сапына қосылуы үшін елорда өзінің туған күніне 10 жыл мерзім толған тұсында осы мақсат­тарға же­тудің берік тағандарын қа­лап үлгерді. Нақ­тылай айтсақ, аста­налықтар келешегінің кемел іргетастары ор­нады.

“Хан Шатыры” – ағыл­шын Норман Фостер шығар­машылық қиялының шырқауы! Бұл сәулетші тұрғындарымыз бен қала меймандарына Бейбітшілік пен келісім сарайы атанған заңғар пирамида-ғимараттың авторы ретінде мәлім. Қабырғалары өріліп жатқан “Хан Шатыры” ойын-сауық һәм мәдениет орталығы Астанадағы ең бір ғажап орынның бірі болмақ. Жаңа қала кіндігінің солтүстік етегін көмкеретін ол өзінің эллипс тақылеттес 200 метр­лік тағанымен көк тіремек. Атының өзі айтып тұрғандай, бұл құрылыс жазира төскейіндегі әлде бір аңыз­дағы дала батырының қолымен тұрғызыла салғандай әсерге жете­лер, жарқыраған алып шатыр құрмақ. Жаңа астананың құс ұшар биігі саналып, шаһардың қай тұсынан да көзге шалынатын “Хан Шатыры” Кіндік Азиядағы ең аясы кең ойын-сауық орталығы атанбақ. Мұндағы жарықтың үндесуі мен ылғалдылық және ауа темпера­турасы жыл бойы қадағаланып, қа­ла тұрғындарының жайлы демалы­сының кепіліне айналады. Осын­дағы экзотикалық климат аясында алдағы мерзімдерде жұрт толық­қанды демалып, әлемдік кинема­тографияның жаңа түсірілімдерін көріп, астананың ең шебер аспаз­дарының тағамдарынан дәм татып, аса сапалы шопингтен рахат­танатын болады. Ал “Хан Шаты­рының” ішіндегі жамырай өскен пальмалардың қоршауындағы хауыздар мен құмды жағажайлар айырықша тынымға жетелері талас­сыз. Сөйтіп, Астананың өзінде-ақ жүріп, жергілікті Багам мен Фиджи аралдарын аралағандай әсерге бөленетін боламыз, Алла жазса!

Астаналықтардың саламатты өмір салтының іргетасы, елорданың спорттық болашағының негізгі тағаны 30 мың орындық жабық стадион болады десек қателес­песпіз, сірә. Айтары жоқ, “Астана” стадионының алып ойпаңы елорда сәулетінің маңызды бір құрамы ретінде кірігуде. Оның құрылысына қала орталығы мен астаналық әуежай аралығындағы тік бұрышты ең үлкен алаң бөлінген. Осы за­манғы спорттық нысандарды, әсіресе, стадиондарды салуда қол­да­нылатын ең озық технологиялар аталған нысанда шоғырлануда. Төбе жамылғылары бір-бірінен тәуелсіз, қозғалыссыз және жыл­жы­малы құрамдардан тұрмақ. Бұл құрылыс инновациясы алаңның жасыл жамылғысын қатаң кли­маттық ахуалдардан қорғау мақса­тында жасалатын болады. Ең басты нысан — алаңның жоспарлануы уағында авторлар ФИФА мен УЕФА талаптарына сай келуді қатаң ойластырды. Алаң да қа­жетіне қарай жылытылып тұрмақ. Түйіндей айтсақ, жаңа стадион салынып біткен соң, кәсіби спорт­шылар мен оның жанкүйерлерінің, білікті жаттық­тырушылар мен дәрігер­лердің қандай да бір жоғары талап­тарынан шыға алады. Футбол ойындарынан өзге де бұл ғажайып спорт нысанында олим­пиадалық сайыс­тар түрлерінен де жа­рыстар өткізуге мүм­кіндік ашылмақ. Шын­дығында жақын бола­шақта Астананың ас­панында да әлемдік деңгейлердегі олим­пия ойындарының алауы жағыларына тіп­тен күмән жоқ.

Әрине, бұл секілді батыл инновациялар легі негізінен келешек­тің ғана еншісінде деп ойлау дұрыс болмас. Шындығында осы за­ман технологиялары әрбір жаңа үйге де дендеп енді. Қазіргі ел­ор­да пәтерлері тұрғын үйлердің жаңа тұрпа­тын дәлелдей алады. Кешегі кеңестік дәуір­дегі алаңы бар болғаны алты шаршы метрлік қана ас үй, екі метрлік қана төбе биіктігі бүгінде тарих қойнауына аттанды. Тіпті, қазіргі қалыптаса бастаған қала шетінің жайлылы­ғының өзі-ақ, “Даун-Таун” іскерлік орталығының елордамызға қадам басқан жасампаздық жоғары қуат лебін сездірсе, қала ішіндегі үйлер көрмедегідей көркімен көз қуан­туда. Аталған “ақылды” үйлердегі керемет қондырғылар сізге түсті­гіңізді тез ысытып, телебағдар­ламаңызды әзір етіп, джакузиді де жылыта қояды. Астанадағы мұндай үйлерде сонау кеңес кезінде тек қана қағидат болған “бәрі де адам үшін”, “адамның жайлы тұрмысы үшін” ұстанымдары шындыққа айналуда. Тұрмыстың осы қолай­лы­лығы қазіргі замана тілінде “эр­го­номика” деген сән сөзімен ай­шық­талған. Сондықтан да Аста­на­ның қай құрылысында да қаланың кеңістікке орналасуын материалдық игіліктерге, әлеуметтік қорғауға, экологиялық қауіпсіздікке негіздеу — басты ұстаным етілуде. Басқаша айтқанда, эргономиканың өзі де ХХІ ғасырдың Астанадағы бір инновациясына айналып үлгерді.

Елордамызда замана жаңалығы медицинаға да молынан келді! Жаңа астананың көшелерімен жүріп өтсеңіз болғаны, сәбилерін көтерген аналарды да соңғы жылдары жиі кездестіресіз. Жайлы тұрмыс бас қала тұрғындарының демографиялық өсіміне игі ықпа­лын жасауда. Астаналықтар туған қаласының болашағын өз ұрпақ­тарының да жарқын келешегімен сабақтастыра бастады. Елордада қазірдің өзінде осы заманның барлық талаптарына жауап бере алатын теңдесі жоқ перинаталды медициналық орталық жұмыс істей бастады. Ана мен баланың бұл орта­лы­ғында аса жайлы жағдай­ларда денсаулықты нығайтып қана қоймай, білікті медициналық жәр­демдер алып, дәрігерлік кеңестер тыңдауға және кешенді диагнос­тикалық тексерулерден өтуге бо­лады. Аталмыш орталықта ана мен баланың ағзасындағы тіршіліктік аса маңызды органдарды зерттеуге арналған ең озық қондырғылар мен құралдар орнатылған. Былайша айтқанда, ананың бойындағы кез келген сырқаттың белгілері дүниеге сәби тумастан бұрын-ақ анықта­лады. Клиника мамандары ондаған жылдар сәби көтермеген әйелдерді босандырудың тәсілдерін игеріп те үлгерді.

Бүгінде Астанадағы перинатал­ды орталыққа қаланың кез келген даңғылдары арқылы жетуге болады. Осы заманғы технологиялар қала­лар салу, оның ішінде түрлі көпір­лер мен тас жолдар тарту секілді аса маңызды салаларға да жетті. Автомобильдер саны соңғы жыл­дарда елордамызда бірнеше есеге артты. Түннің өзінде де Астанадағы көлік саны күндізгідей, шерулері сиремейді. Әрине, қала тіршілігіне автокөліктердің көшелерде кептеліп қалуы қолайсыздық тудыруда. Десек те, көлік қозғалысына жаңа­дан салынған жолайырықтар жеңілдіктер жасай бастағаны қуантады. Осы заманғы автобандар, көпірлер мен даңғылдар Астана үшін көптеген осы қиындықтарды шешудің оңтайлы тәсіліне айна­луда.

Түнде Астанамыз ерекше көрі­ністермен көмкеріледі. Әдетте, әлемнің әсем орталдықтарында да осы мезгілде негізгі даңғылдар мен авенюлер күндізгі жарықтай шұғыла жарыстыратын неондық шамдарға бөленеді. Елордамыз да осы дәстүрді орнықтыруда. Бұрын­дары жай ғана өрнектелген фонар бағандары дизаиндік өнердің биігі ретінде есептелетін. Ал осы заманда көркем жарықтың саласына да жаңа технологиялар қадам басты. Өзіміз үшін әдеттегі жәйт болған­дықтан, бұл жаңашылдықтарды көбіне аңғара да бермейміз. Қазіргі қалаға жарық беру дизаині түрлі-түсті сәулелердің үндесулері мен электр қуаттарын үнемді пайда­лануды қалайды. Сонымен, бұл тұста да инновациясыз өркендеу жоқ. Астанадағы жарық берудің шаруаларымен осы күндерде жүзде­ген адам айналысады. Сол шебер­леріміз жаңа сәулетті ғимараттарды мың құбылған сәулелерге орап, нұрландыра түсуде. Тіпті, ескі қаладағы көне үйлердің өздері де түнде осы жарықтардан жарқырап, жаңаша дидарға ие болуда.

Сонымен, қазақстандықтар өзінің кез келген қаласын әлемнің ұлы шаһарларымен иық тірестіре алатындай деңгейге жеткізуге қабілеттілігін Астана арқылы дә­лелдеуде.

Әлқисса, тұрғындары жасампаз еңбекке жұмылған, балалары ба­қыт­ты, қариялары қамқорлықтағы астанамыз Шығыс пен Батыстың қиылысқан тоғысында тұлғалана, нұрлана бой көтеруде.

Жаңа қоныста бой түзеп, шұ­ғылаға бөленген Астананың кереметі — келешегінде!

Смағұл РАХЫМБЕК,  журналист. Астана.

 

Қаланың басты құрылыс алаңы

 

Астана – ел басшылығының басты назарындағы қала. Оның әлеуметтік-экономикалық дамуы мемлекеттік бағдарламалар мен түрлі құжаттардың негізінде жасалып келеді. Бүгіндегі Астананың соны серпінмен дамуы Есіл өзенінің сол жағалауында құрылыс жүргізу үшін құрылған “Астана – жаңа қала” арнайы экономикалық аймағымен тығыз байланысты. Аталмыш аймақ қала құрылысының басты алаңы болып саналады.

Мамандардың айтуы бойынша, “Астана – жаңа қала” АЭА-ны құрғанда еліміздегі, ТМД мен шетелдердегі осындай аймақтар тәжірибесі басшылыққа алынды. АЭА Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылдың 29 маусымдағы № 645 “Астана – жаңа қала” арнайы экономикалық аймағын құру туралы” Жарлығымен өмірге келіп, 2002 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істей бастады. Оның басты мақсаты қаланың әкімшілік-іскерлік орталығы – Есіл өзенінің сол жағалауын жедел дамыту, онда қазіргі заманға сай инфрақұ­рылымды қалыптастыру, әкімшілік және әлеуметтік-мәдени мақсаттағы құрылыс нысандарын салу, халықты тұрғын үймен қамтамасыз етіп, қаланың экономикалық және әлеуметтік дамуына қолайлы жағдай жасау болып табылады.

Ең алғашқы кезде АЭА-ның жалпы аумағы – 1 052,6 га болатын. Содан ол Елбасының 2005 жылдың 24 наурызындағы Жарлығымен 513,7 гектарға ұлғайтылып, АЭА-ның жұмыс істеу мерзімі 2010 жылға дейін ұзартылды. Өткен жылы АЭА-ның ауданы екі рет өзгертілді – бірінші рет 3 276 гектарға, одан кейін 598,1 гектарға ұлғайды.

Аталмыш аймақтың елімізде құрылған басқа экономикалық жобаларға қарағанда бір ерекшелігі, онда отандық және шетелдік кәсіпкерлердің жұмыс істеуі үшін жеңілдетілген жағдайлар жасалған. Яғни, оларға капиталды инвестициялау мен экономиканың дамуына қолайлы жағдай туғызуға барлық мүмкін­діктер қарастырылған. Осыған байланысты инвестор­ларға салықтық және кедендік жеңілдік ұсынатын ерек­ше құқықтық жүйе жасалған. Қазірде аймақта осындай мүмкіндіктерді пайдалана отырып, отандық кәсіпкерлермен бірге шетелдік компаниялар жұмыс істеуде.

Қолда бар мәліметтерге қарағанда, арнайы экономикалық аймақта ол құрылған күннен бері 217 нысан, соның ішінде 72 инженерлік-көліктік инфра­құрылым, 61 тұрғын үй кешені, 54 әлеуметтік-тұр­мыс­тық мақсаттағы нысан, 30 әкімшілік ғимарат тір­келді. Бүгінде осылардың ішінде 116 нысан мемле­кеттік және жұмыс актілерімен пайдалануға берілді. Ал қалған 101 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр.

Өткен жылы осы жерде 19 нысан пайдалануға берілді. Олар – Бейбітшілік және келісім сарайы, Эталон орталығы, М-2 көпірі, “Ат спорты кешенінің” бірінші кезегі, “Ұлан” бизнес орталығы, Министрлер үйі, Республикалық балалар мен аналар ғылыми орталығы, “Астана Мега” сауда ойын-сауық кешені, “Дельфин” тұрғын үй кешендері және басқалар. Ал биылғы жылдың соңына қарай 30 нысан пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Жалпы, былтырғы жылы аталған құрылыстарға республикалық және жергілікті бюджеттен, отандық және шетелдік инвестициялар мен гранттар есебінен қомақты қаржы тартылды. Бүгінде құрылыс барысында 449,8 млрд. теңге, соның ішінде өткен жылы 103,8 млрд. теңге игерілді.

Дастан КЕНЖАЛИН.

 

Астана менің тағдырыматты жоба көпшілік көкейінен шықты

 

Елордада “Астана-Бәйтерек” клубының қолдауымен “Деловой мир” журналының “Астана – ме­нің тағдырым” атты баспа жобасы тұсаукесерінің куәгері болдық. Оған белгілі саясаткерлер, мәде­ниет және өнер қайраткерлері, дипломаттар мен кәсіпкерлер қатысты.

Сарыарқа төсіндегі жаңа бет-бейнесі бар елорданың он жылдық қалыптасу тарихы миллиондаған жанның тағдырымен тығыз байла­нысты екені белгілі. Осы жылдарда ол біреулердің арман-мақсатын жүзеге асыруға және әлеуеті мен талантын ашуға жол ашса, енді бірі – мұнда өз махаббатын жолық­тырды. Астана тұрғындарының арасында оның алғашқы қадасын қаққан, оған қыдырып келіп, кейін­нен өмірін осы қаламен бай­ла­ныстырған адамдар да жеткілікті. Сол себепті де жаңа елорданың дүниеге келуі мен өркендеуіне қа­тысты естеліктер әрқайсы­мыздың жадымыздан орын алары сөзсіз. Ал әрбір естелік, әрбір оқиға – қаланың болашақ жылнамасы үшін аса маңызды.

“Деловой мир” баспасы, міне, осындай тарихи тағдырлы естелік­терді “Астана – менің тағдырым” атты біртұтас жылнамаға топтас­тыруды ұйғарыпты. Жыл бойы редакция ұжымы астаналықтардың басынан өткен оқиғаларға құрыл­ған әңгімелерін қабылдайтын болады. Олардың ең таңдаулылары журнал бетінде жарық көрмек. Ал көптің көкейінен шыққан қызықты әңгімелер қаланың мерейтойына арналған арнайы басылымға енгізіледі.

Редакция қоржынында қа­зірдің өзінде “Астана – заман­дастар көзімен”, “Астананың көшелері” атты кітаптар, “Жеңістерге жетелеген он жыл” атты фотоальбом, сондай-ақ, өмірбаяндық және тарихи монографиялар сияқты жүзеге асырылған жобалар бар. Уақыт өте келе елорданың тағдырымен сабақтас мұндай туындылардың қатары тіпті де молая бермек.

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.

 

Сәулетіне әлеуеті сай орталық

 

Еңсе көтергеніне 10 жыл толуы биылғы шілде­де аталып өткелі отырған елордамыздағы әсем ғимараттардың ел игілігіне көптеп ұсынылуы Астана тұрғындарын ерекше күйге бөлейді. Мы­нау менің астанам дегенде оның бірінші көзге тартатыны да осы ғимарат кешендері екені белгілі. Оған қоса ерке Есілдің қаланы кесіп өтіп, ерекше сұлулыққа бөлеп отыр­ғаны тағы бар. Мұның барлығы да Ас­тананы тамашалауға келген қонақтардың көңіл­дерін бір серпілтіп тастайтындай көріністер.

Есіл өзенінің сол жағалауында құрылыстары осыдан 5-6 жыл ғана бұрын басталған министр­лік, Жоғарғы Сот ғимараттары бүгінде халық игілігіне қызмет етуде. Бұған қоса “Бәйтерек” монументі жанында зиялы қауым мен кітап­құмар оқырмандарды асыға күтіп тұратын Ұлт­тық Академиялық кітапхана ғимараты да ерекше назарыңды аударады. Бүгінде бұл кітапхана студенттердің де сенімді серігіне айналған. Бұдан басқа өзгеге ұқсамайтын тұрғын үй кешен­дерімен де қала сәулеті көркейе түсіп келеді. Қысқа­сы, елордада құрылыс қарқыны бір сәтке де толастаған емес.

Сол жағалаудағы жаңа қала көрінісі барған сайын құлпырып келеді. Оған түрлі ғимарат­тардың күн санап  сап түзеп жатуы дәлел. Бұйыртса, көп ұза­май сол жағалауда тағы бір ерекше әсем ғимарат пайда болғалы отыр. Ол – “Континент-Браво” бизнес орталығы. Құрылысы 2006 жылдың қыркүйек айында басталған кешен “Ойын-сауық мұнаралы” қалалық бақ, тұрғын үй массиві мен үлкен сауда орталығының маңында орналаспақ. Нысанға тапсырысты “Parter Constructіon” ЖШС беріпті.

Елорданың жаңа бизнес орталығының сәулет ерекшелігі сол жағалаудағы кез келген ғимарат­пен таласа аларлықтай, өзгеше ойластырылған. Жалпы аумағы 153161 шаршы метрді құрайтын оның сыртқы түсі мен кескіні үлкен аренада өнер көрсеткен гимнастшының лақтырған атлас таспасына ұқсайтын болады. Көлденең және тік архитектуралық байланыстар мен оның жабық кеңістіктерінің өзара күрделі жымдасқан жобасы­нан барлық құрылыстың ерекше орамдылығын сезінесің.

Уақыт пен кеңістіктің бүтіндігі, ал­ғашқының үдемелілігі мен соңғы­сы­ның көлемділігі жобаны жо­­ба­лауда бұлжытпастан сақталған. Сонымен қатар, ғи­мараттың сыртқы пішіні де өзге ғима­рат­тармен жеңіл үйлесіп кететіндей етіп ойлас­тырылған. Жобада құрылыс индустрия­сы саласындағы, ғимараттарды тұрғызу техно­логиясындағы, инженерлік қамтамасыз ету­дегі жаңа жетістіктер барынша пайдала­нылған. “Континент-Браво” бизнес орта­лығын салуда қолданылған инновациялардың бәрі де елорда тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы жағдайлар жасауды мақсат тұтады. Осыған қарап біз жас елордамыздың алдағы уақыт­тарда бұдан да сұлулана түсе­тініне күмәнсіз көз жеткіземіз.

Елорда еңсесінің биіктей түсуінің әрбір қазақстандық үшін зор мақтаныш, үлкен абырой екені даусыз. Бетке ұстар қаламыздың келешегі неғұр­лым кемелдене түссе, егемен еліміздің ертеңгі же­тістіктері де солғұрлым еселене түспек.

Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат