Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2008-03-29:

Ел мүддесі Елбасы назарында

Осы парасатты ұстаным Астана әкімдігінде өткен кеңесте тағы да паш етілді

 

Міне, тәуелсіз Қазақстанның гүлденуі мен жаңғыруының ай­шық­ты нышанына, арманы ас­қақ Алаш елі азаттығының сим­волына айналған ару Астана өзі­нің 10 жылдық балауса жасын бар әлемге паш етпек. Алдағы шіл­де айында елордамыздың та­рих сахнасында салтанат құр­ға­нына 10 жыл толады. Осы айту­лы мерекеге байланысты дайын­дық жұмыстары қазірдің өзінде қызу қарқын алды. Ел мақта­ны­шы болған елорданың халық­ара­лық тұсаукесеріне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ерекше мән беріп, мерекелік шаралар­дың дайындығы мен өткізілуін тікелей бақылауына алды.

Ғасыр ғажайыбы болып та­бы­латын Астана құрылысын ал­ғашқы іргетасынан бастап жеке бақылауына алған елорданың бас сәулетшісі – тұңғыш Пре­зи­дентіміз сәрсенбі күні қала әкім­дігінде өткен кеңесте ал­да­ғы мерекенің маңызды саяси мәні бар екендігін ерекше атап көрсетті. Астана қаласын да­мы­ту және қала инфрақұрылы­мы­ның жағдайы мәселелеріне тоқ­тала келіп, Елбасы астаналық және үкіметтік аппараттың ше­неу­ніктеріне мемлекеттік саясат­ты іс жүзінде асырған кезде, ең ал­дымен, қарапайым азаматтар­дың мүдделеріне басымдық беру тұрғысынан шығуды міндеттеді. Бұл олардың қызметінің ең бас­ты өзегіне айналуға тиіс. Пре­зиденттің кеңесте сөйлеген сөзінің негізгі арқауы – мем­ле­кет саясаты тұрғындардың және жекелеген азаматтардың нақты проблемаларын шешуге бағыт­талуы қажет екендігіне арналды.

Бұл азаматтардың қауіп­сіз­дігі, халықтың қолайлы тұрмыс жағ­дайын қамтамасыз ету, тұр­ғын үй мәселесін шешу, мек­теп­тер мен балалар бақшаларының санын арттыру және басқа да қара­пай­ым халықтың көкейкесті мүдде­леріне қатысты мәселелер еді.

Пре­зидент ел мүддесін әрқа­шан бәрінен жоғары қояды. Қа­рапайым халықтың мұң-мұқ­та­жы алдымен Елбасының қабыр­ғасын қайыстыратыны бұрын­нан да белгілі еді. Бұл жолы да Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы парасатты өмірлік ұстаны­мы­нан таймады. Мәселен, Ел­ба­сы Астанада әлі күнге дейін 20 мың тұрғынның пайдалануға жарамсыз ескі үйлерде тұратын­ды­ғын, 30 мың астаналықтың тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүдделі екендігін, 12,5 мың сәби балалар бақшаларына кезекте тұрғандығын қатты сынға алды. Елор­дада үлескерлердің қаты­суы­­мен салынып жатқан 200-ден астам тұрғын үй құрылысы аяқталмаған. Астанада тұрғын­дар­ға қажетті бірінші кезектегі азық-түліктің бағасы респуб­ли­ка­лық орташа көрсеткіштен 15-20 пайыз жоғары.

Жасыратыны жоқ, Аста­на­­ның айшықты сәулетіне көлең­ке түсіретін келеңсіздіктерден толық арылып болғанымыз жоқ. Жыл сайын жөнделсе де, қала кө­ше­лерін­дегі ойқы-шойқы шұңқыр­лар бітеліп бітер емес. Сапалы суағар­лар жүйесі болмағандықтан көше­де­гі лай сулар батпаққа айналып, әбден құрғағанша қаланы ластап бітеді. Қанша айтылса да қала әкім­дігі тазалықты ретке кел­тіре алмай келеді. Көлік кептелісі де күн өткен сайын үлкен кеселге ай­­налып барады. Президент осын­дай келеңсіз жайларды тағы да өткір сынға алып, нақты тап­сыр­малар бер­ді. Сондай-ақ қаладағы пәтер ие­лері кооперативтерінің жұмы­сын­дағы кемшіліктер, қыл­мыс деңгейі, заңсыз көші-қон мәсе­ле­лері де қатты айтылды.

Алқалы жиын барысында Мем­лекет басшысы билік органдары­ның алдына мынандай айқын та­лап­тар қойды:

1. Азаматтардың мүдделерін қор­ғау және тұрғындардың өмір са­па­сын арттыру мәселелеріне басым назар аудару.

2. Әлеуметтік-экономикалық саясатты жүзеге асыруда барлық атқарушы билік құрылымдары қызметін келісіммен жүргізу.

3. Оларға жүктелген міндеттерді шешуде қатаң бақылауды қам­та­масыз ету.

Ел мүддесіне басымдық беру мақ­сатындағы бұл міндеттер Мем­лекет басшысының “Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мем­лекеттік саясаттың басты мақ­саты” атты Жолдауының талап­тары­нан туындаған. Адам құнды­лық­тарына басымдық – бұл Пре­зи­дент саясатының шешуші тұғыры.

Астаналық биліктің елор­даның алдағы 10 жылдық мүшел мере­кесіне дайындығы барысын саралай келіп, Президент өз сөзінде “Астана – бұл ұлттық жетістік. Бұл барлығымыздың ортақ жетістігіміз. Сондықтан мүшел той біздің қо­ғамы­мыздың берік топтасуына ық­пал етуге тиіс. Астана қазақстан­дық­тарды біріктіруге тиіс”, – деп атап көрсетті.

Мерекелік оқиғалардың маңыз­ды­лығына байланысты билік қыз­метінің нәтижелілігін қамтамасыз ету үшін Президент мәселені өз бақылауына алатындығына ниет білдірді.

Мемлекет басшысы бұл ме­ре­кенің, ең алдымен, қала тұрғын­дары­на және елорда қонақтары үшін ұйымдастырылып отырғандығына әкімдіктің айрықша назар аударуын талап етті. Бұл шенеуніктер мен басшылар үшін жасалып отыр­ған тар шеңберлі элиталық шара емес. Барлығы да адамдарға қо­лайлы болатын жағдайда ұйым­дас­тырылуға тиіс.

Осы өткен 10 жыл ішінде Астананың халықаралық дәре­же­де кең көлемде танылуына қазақстандықтардың біріккен күш-жігерінің арқасында ғана қол жеткізілгендігіне Президент ерекше мән берді. “Жыл өткен сайын Астана тәуелсіз Қазақ­стан­ның барынша беделді және айшықты символы болып ке­леді. Дегенмен, өзінің ғажапты­ғы мен салтанатына қарамастан, Астана – бұл ғибадатхана емес және мұражай да емес. Ең алды­мен, ол қатардағы азаматтардың мүддесі мен мұң-мұқтажына барынша тұрақты назар аударуды талап ететін қазақстандықтардың қаласы”.

Президенттің тапсырмалары тек келеңсіздіктердің бетін ашу мақсатына ғана арналған жоқ, сонымен бірге тұрғындардың басым әлеуметтік мұқтаждық­та­рын шешуге, астаналықтардың лайықты өмір сүруін қамтамасыз етуге кедергі келтіріп отырған проб­лемаларды жоюға бағыттал­ды. Басқосу барысында Мемле­кет басшысы болашақтағы жұ­мыс­тың тиімділігін арттыру мақ­сатында Үкіметтің және аста­налық билік­тің қызметіне әділ де тұжырымды сын-ескертпелер айтты.

Тәуелсіз Қазақстан жаңа ел­ор­дасының мерейтойын жылда тойлап жатқан жоқ. Астананың 10 жылдығы да тарихта бір-ақ рет болатын мереке. Елорда­ның мүшел мерекесіне дайын­дық барысын сараптауға ар­нал­ған бұл алқалы басқосу да со­ны­сымен ерекшеленді. Алдағы ай­тулы мереке де, қол жеткізілген жетістіктер де – халқымыздың игілігі үшін. Оған Елбасының осы кеңестегі мына жүрек­жарды сөздері дәлел болады: “Елорда – бұл ғимараттар емес, саябақтар мен көшелер де емес. Елорда – бұл бірінші кезекте адамдар. Астаналықтарға өзге­лер­ге ұқсамайтын айрықша ішкі әлем, жоғары мәдениеттілік, қалтқысыз білім мен тәрбие тән болуға тиіс”.



Авторы: Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат