Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2008-04-08:

Театр тағдыры және көркемдік сапа

 

Үлкен өнер туралы кішкене кіріспе

Тәуелсіз қазақ елінің алдында даму мен өсіп-өркендеудің бұрын-соңды болмаған зор мүмкіндіктері тұр. Елбасы Қа­зақ­стан­ды бәсекеге қабілетті ең дамыған елу елдің қатарына қосу міндетін алға қойды. Бұл – еліміздегі саяси реформалар мен экономиканы дамытудағы қол жеткізген табыстардың айқын бір көрінісі. Әйтсе де кез келген елдің даму деңгейі мәдени-рухани саладағы табыстарымен де өлшенеді. Ал мәдениет пен өнердің ең үлкен салаларының бірі – театр. Ол – елдің төл­құжаты, мәдени дәрежесінің көрсеткіші. Халықтың мұңын мұң­дап, жоғын жоқтаушы. Кеңес өкіметі тұсындағы қиын ке­зеңде қазақтың рухы, бай ана тілі, тарихы, салт-дәстүрі Әуезов атындағы академиялық театр бастаған ұлттық өнер ұжым­да­рында сөнбей, сақталып тұрды. Театрлардың арқасында көп­теген ұлттық қадір-қасиетіміз, асыл мұраларымыз бүгінгі за­манға аман жетті. Міне, осы театрларымыздың бүгінгі дә­режесі, ертеңгі тағдыры қандай? Соңғы уақытта бұл жөнінде жан-жақты әңгіме болуда. Мысалы, белгілі театр сыншысы Әшір­бек Сығайдың баспасөз бетінде жарияланған театр жө­ніндегі бір мақаласының өзі көптеген мәселеге қозғау салды. Мақалаға Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев айрықша көңіл бөлді. Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев осы мақалаға орай бір топ театр қайраткерлерінің басын қосып мәжіліс өткізді. Мәдениет және ақпарат министрлігінің театрдың жағдайын жолға қоюға белсене кіріскені де аңғарылады. Әрине, мұның бәрі театр өнерінің ертеңіне деген сенімді арттырады. Дегенмен, бізді ойландыратын біраз күрделі мәселелер де бар. Енді соларға тоқталайық.

Қазіргі кездегі театр өнеріне қатысты әңгімелердің басым көпшілігі театрлардағы материалдық-қаржылық жағ­дайдың қиындығы, режиссерлардың жалақысының аз­дығы, актерлардың баспанасының жоқтығы, құр­метті атақтардың берілмейтіндігі, мәдениет саласына жауапты басшылардың театрға бас сұқпайтындығы сияқты мәселелер төңірегінде болып жүр.

Әрине, бұл әңгімелердің бәрін біз де толық қос­таймыз. Бірақ, сонымен бірге мұндай әңгімелерде театрлардың қазіргі шығармашылық деңгейі, жаңа қойылымдардың көркемдік сапасы, режиссерларымыз бен актерларымыздың жетістіктері мен кемшіліктері де жан жақты сөз болуға тиіс. Өкінішке қарай, үкі­метке қатысты, не драматургия сияқты өзге салаға бай­ланысты мәселелерді соншама құлшынып, қызулана ай­татын театр қайраткерлері өздерінің негізгі жұмыс­та­рына келгенде бір ауыз сөз қозғамай, анадайдан айналып өтеді. Сонда қалай, бұл жөнінде ешқандай күрделі мәселе жоқ па, жаңа қойылымдарымыздың бәрі керемет, ре­жис­серларымыз бен актерларымыз тоқырауға ұшырамай, үздіксіз табыстан табысқа жетуде ме? Басқаларды қайдам, ал менің осы жөнінде біраз күдігім бар. Мен сонау 1985-жылдан бастап ұзақ жыл театрда қызмет істедім. Қазір де қол үзгенім жоқ, жазғандарым көптеген театрларда үзбей қойылуда. Сондықтан да театрдың кешегісі мен бүгін­гісін бір адамдай білетінімді ешкім де жоққа шығара алмас. Осы түрғыдан келгенде қазіргі театр өнерінде, әсіресе, оның көркемдік сапасында біраз ойландыратын, жедел шешуді қажет ететін мәселелер бар деп есептеймін.

 

Қазақстан театры... Ол қандай болуы керек?

Қазір Қазақстандағы кәсіби театрлардың ұзын саны 50-ден асады. Мұндай көп театры бар елдер жер жүзінде өте сирек. Бұл театрлар – еліміздің ең басты байлығының бірі. Алдағы уақытта осы байлықты дұрыс, тиімді пайдалануымыз керек. Яғни, театрлар мемлекетіміздің тәуелсіздігіне, еліміздің өсіп-өркендеуіне, мәдени-рухани дамуымызға, халықтардың достығы мен ынтымағының нығая беруіне қызмет етуі тиіс. Қай тілде өнер көрсетсе де олардың негізгі мақсат-міндеті Қазақстан атты ортақ Отанымызға қызмет ету болуы керек. Мұндай талап кез кел­ген өркениетті елдерге тән. Театр қай елдікі болса, оның соған сай өз бейнесі, өзіндік шығармашылық ерек­шеліктері болады. Оның репертуарлық саясатынан сол мем­лекеттің тыныс-тіршілігі, тарихи-қоғамдық, мәдени-ру­хани өмірі көрініс береді. Мысалы, өзімізбен көршілес Өзбекстан мен Тәжікстандағы орыс театрларының ре­жис­сер­лары мен актерларының біразы жергілікті ұлт өкілдері. Олар­дың репертуарының басым көпшілігі де сол рес­пуб­ликалардың өміріне арналады. Тіпті, қажет жағдайда кө­рер­мендердің сұраныстарына орай қойылымдарды екі тіл­де кезек ойнай береді. Кавказ, Балтық бойындағы ел­дердің театрлары туралы да осыны айтуға болады. Олар­дың бәрі репертуарлық саясатын өздері тұратын елдің ерекшеліктеріне бейімдеп жүргізеді. Ал бізде бұл талап мүлдем ескерілмейді. Мысалы, Қазақстанда түрлі ұлт өкілдерінің біразы әлі де негізінен орыс тілінде сөйлеп, сол мәдениетке бейім тәрбие алып, өмір сүруде. Міне, соларға арналған, солар­дың өмірін, тыныс-тіршілігін көрсетететін қойы­лымдар­ды неге сахналауға болмайды? Тіпті Қазақстандағы орыс теа­тр­лары осында тұратын орыс ағайындарымыз туралы бір спек­такль қойыпты дегенді естіген емеспіз. Ал оның есесіне бү­кіл қаржыны, атақ-абыройды, ең аяғы үй-жайды да Қа­зақ­станнан алатын, бірақ Қазақстан туралы жылдар бойы бір де бір спектакль қоймайтын, өздерін өзге елдің өнер ұжымы сияқ­ты сезінетін театрлардың бар екендігін жасыруға бол­майды. Осы орайда мына мәселеге де назар аударғымыз ке­леді. Біз театр туралы сөз қозғасақ, көбіне қазақ театрлары ту­ралы ғана айтамыз, тек солардың мәселесін ғана көтереміз. Ал орыс, ұйғыр, неміс, кәріс театрлары туралы әңгіме сирек бо­лады. Оңтүстік Қазақстан облысында өзбек театры ашылды деп естиміз, бірақ ол қалай жұмыс істеуде, не қоюда – одан мүл­дем хабарымыз жоқ. Енді осы мәселені бір жүйеге түсіру ке­рек. Яғни, театр өнері туралы сөз болғанда бөліп-жармай, еліміздегі бүкіл 50 театрдың мәселесін тұтастай қозғағанымыз жөн.

 

Театр және драматургия

“Театр киім ілгіштен басталады” деген қанатты сөз бар. Әрине, ол да дұрыс. Ал театр өнерінің драматургиядан да бастау алатынын ешқашан ұмытпағанымыз жөн. Яғни, театр мен драматургия бір-бірімен әрқашан да тығыз байланыста. Театрдың іші-сыртын жайнатып қойғанмен, сахнаға қойылатын пьесаның көркемдік сапасы төмен, жұртты қы­зық­тырмайтын болса, үлкен табысқа жету екіталай.

 Осы тұрғыдан келгенде соңғы уақытта Қазақстан театрларында ешқандай сын көтермейтін әлжуаз пьесалардың көбейіп бара жатқанын ашып айтуға мәжбүрміз. Әдебиеттегі ең қиын жанр – драматургия. Театрға келген көрерменді бір жарым, екі сағат қызықтырып отыру үшін пьесаның көркемдік сапасы жоғары, драматургтың шеберлігі мықты болуы қажет. Қазір осы шарт аяқасты болуға айналған. Драматургиядан хабары шамалы азаматтардың “пьеса” жазып, сахнаға қойдырып, үлкен іс тындырғандай мақтанышпен “насихаттауы” үйреншікті көрініске айналды. Бұл көрерменді театрға тартудың емес, керісінше, безіндірудің тікелей жолы. Жұрт қазір үйіндегі теледидардан дүниедегі ең үздік кино­фильмдер мен спектакльдерді көріп, біліп отыр. Сон­дық­тан да оларды оқиғасы не сендірмейтін, не әсер­лен­дірмейтін, арзан қойылымдармен қызықтырамыз деу жүзеге аспайтын бос қиял. Мысалы, облыстық театрлардағы кіру билетінің құны орташа алғанда 100 теңге екен. Бұл – су тегін деген сөз!. Бірақ соған қарамастан, аптасына бір-екі рет қана ойын көрсететін сол театрлардың көбіне халық әлі де аз барады. Мұ­ның басты себебінің бірі – қойылған пьесалардың әл­сіз­дігінен. Ал мұндай мәселе қозғалса, “бізде жақсы пьеса жоқ” деп ауызды қу шөппен сүрту жиі кездеседі. Бұған да келісу қиын. Өткен жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі драмтургиялық шығармаларға мемлекеттік грант бөліп, конкурс жариялады. Соның нәтижесінде Әкім Тарази, Дулат Исабеков, Тынымбай Нұрмағанбетов, Исрайыл Сапарбай, Талаптан Ахметжанов, Өмірбек Боранбаев, Жұмагүл Солтиева және басқа да белгілі драматургтер жаңа пьесалар жазып, тапсырды. Бірақ М. Әуезов атындағы театрдың жетекшісі Есмұхан Обаевтан басқа бұл жаңа туындыларға қызығушылық танытқан, ең болмаса олардың не жазғандарын оқып көрейік деген ешкім болған емес. Мұның себебі неде?

Осыған ұқсас және бір әңгіме. Биылдың өзінде театр өнеріне қатысты бірнеше үлкен басқосу мәжілістері өтті. Бірақ олардың ешқайсысына да драматургтер шақырылған жоқ. Мұны қалай түсінеміз? Әлде біз ұлттық драматургияны жинап қойып, мүлдем басқа жаққа бет алып барамыз ба? Алдағы уақытта бұл да назардан тыс қалмас деп үміттенеміз.

Ендігі бір әңгіме – жаңа пьесаларды қабылдап, оларға қаламақы төлеу мәселесі. Бүгінгі таңда мұны әр театр өзінше жүргізеді. Яғни, театр басшыларының кез келген біреумен келі­сіп, шала дүмбілез пьеса

жаздыртып, сахнаға шығарған болып, “ағайыншылықпен” қаламақы төлеуіне “даңғыл” жол ашылған. Бұл жан қинамай ақша табудың арзан жолына апарып ұрын­дырмай ма деген күдігіміз де бар. Әйтсе де, ең бастысы, бұл жағдай жаңадан қабылданып, сахнаға қойылатын пьесалардың көр­кемдік сапасына кері әсерін тигізеді. Мен драматург ретінде өзім­нің де, өзгелердің де кез келген пьесасы сахнаға шығу үшін ең алдымен әбден илеуі қанып, өңделіп, жөнделіп, шынайы көр­кем шығарма дәрежесіне көтерілуі қажет деп есептеймін. Бұл жөнінде көңілжықпастық, ағайыншылық, тамыр-таныстық мүл­дем болмауға тиіс. Мұндай шынайы сараптау жұмыстарын дра­ма­тур­гияның қыр-сырын жетік білетін мамандар ғана жасай алады.

Ал кез келген театр пьеса жазатын жақсы автор тауып, ол шы­ғарманың кем-кетігін түзетіп, көркемдік сапасын жетілдіреді де­генге сену қиын. Егер Қазақстандағы үлкенді-кішілі театр­лар­дың бүгінгі репертуарын жақсылап сараптап көрсек, бұл жөніндегі біраз келеңсіздіктердің беті ашылар еді. Өкінішке қа­рай, театрлар репертуарға арналған бюджеттің ақшасын қалай жұ­мсауда, жаңа пьесаларды қалай қабылдауда, олардың көр­кемдік сапасы қандай дегенге ешқандай бақылау жоқ. Ендігі жерде осы жөніндегі талапты барынша күшейткен абзал.

Бұл үшін театрда қойылатын әрбір жаңа пьесаны бір орта­лық­тан қабылдап, қаламақы төлеуді де бір орталықтан реттеген жөн. Мұндай орталық жаңа түскен пьесалардың көркемдік са­пасын анықтап, білікті мамандардың пікіріне сәйкес оның кем-кетігін жетілдіріп, содан кейін ғана театрларға қоюға жолдама-сер­тификат беруі керек. Бұған құқықтық негіз әбден бар. Мы­салы, қазір көпшілік тұтынатын кез келген өнімнің, тіпті ба­ланың ойыншығына дейін сапалы болуын қадағалап, арнайы заң шы­ғардық. Ал сонда халықтың рухани қазынасы – театрда қо­йылатын пьесалардың сапалы болуын неге талап етпейміз.

Ал қазіргідей әр театр ойына не келсе соны қоя берсін деп бейтарап қарап отыра берсек, ол театр өнерін құлдыратып қана қоймайды, сонымен бірге мәдени-рухани өркендеуімізге де үлкен зардабын тигізеді.

Сондай-ақ жаңа пьесаларды жыл сайын мемлекеттік сатып алу жөніндегі арнайы конкурс арқылы қабылдауды да қолға алатын уақыт келді. Мемлекеттік саясатты жүргізуге негізделген мұн­дай конкурстар баспалар мен бұқаралық ақпарат құрал­да­ры­ның арасында үнемі өткізіледі. Ал мемлекеттік саясатты театр репертуары арқылы жүргізудің маңызы мен қажеттілігі бұлардың ешқайсысынан да кем емес.

Режиссура: алға басудың үш жолы

Кез келген елдегі театр өнерінің тағдыры, өсіп-өркендеп табысқа жетуі ең алдымен режиссерге байланысты. Бір-біріне ұқсамайтын дарынды режиссерлар неғұрлым көп болса, ол елдің театры да солғұрлым тез дамиды. Ал режиссерлары азайған ха­л­ықтың театры да құлдырап кейін кетеді. Осы тұрғыдан келгенде қа­зақ театр өнері ешкімнен кем емес биікке көтерілгені баршаға мәлім. Әзірбайжан Мәмбетов бастаған аға буын режис­серларымызды біз әрқашан да мақтанышпен ауызға аламыз. Кеше ғана дүниеден өткен Райымбек Сейтметов, Бәйтен Омаровтар бірінші кезекте еске түседі. Есмұхан Обаев, Маман Байсеркенов, Рубен Андриасян, Ерсайын Тәпенов, Ерғали Ора­зымбетов, Жанат Хаджиев, Хусейн Теміров, Ялхунжан Шамиев, Нұрқанат Жақыпбаев, Әубәкір Рахимов, Болат Атабаев, Мұрат Ахманов сынды көшбасшы режиссерларымыздың театр өнеріне қосқан үлестері ұшан-теңіз. Бірақ осы аға буын өкілдерінің ізін басып келе жатқан дарынды режиссерлер өте аз. Бұл ретте өскемендік Рүстем Есдәулет пен маңғыстаулық Гүлсина Мер­ға­лиева сияқты саусақпен санарлықтай жастарды ғана айта ала­мыз. Ал сонда Қазақстандағы 50-ден астам театрлар болашақта жақсы режиссерларды қайдан табады? Енді бес-он жылдан кейін Қазақстан театрлары режиссердың тапшылығына ұшырауы әбден мүмкін. Өйткені, режиссер деген біреу кетсе орнына екінші біреуді әкеліп отырғыза салатын қызмет емес. Жақсы режис­серды тәрбиелеп шығару үшін кемінде он, он бес жыл уақыт керек.

Бұл ретте Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының жыл са­йын бір топ жастарға режиссерлық диплом беретінін де айта кеткен жөн. Бірақ бұл олардың театр өнеріндегі алғашқы қадамы ғана. Шынайы режиссер отыз, отыз бес жасқа жеткенде ғана қалыптаса бастайды. Міне, соған дейін режиссер сан жылдар бойы оқып-үйрену, іздену жолынан өтеді. Ал біздің жиырмадан жаңа асқанда жоғары білімді режиссер деген диплом алған жастарымыз кейін театр төңірегінен мүлдем көрінбей ізім-ғайым жоғалады. Сонда Қазақ­стандағы театр режиссурасының бола­ша­ғын кім жалғастырады?

Міне, сондықтан да болашақ режиссерларды дайындауды ұзақ жылдарға арналған бағыт-бағдарлама бойынша қолға алу керек. Баяғыда журналистика факультетіне орта мектептен кейін кемінде екі жыл жұмыс істеп, жазуға бейімдігін танытқан жастар ғана қабылданатын. Режиссерлық мамандыққа да осындай бір ерекше талап болғаны дұрыс. Және олар білім гранты бойынша мемлекет есебінен оқығандықтан, оқу бітірген соң дипломды қалтасына салып, өз жәйіне кетпей, міндетті түрде мемлекеттің жіберген жеріне баруы керек.

Бұл ретте Кеңес өкіметі тұсындағы маман дайындаудың оз­ық тәжірибелерін қайта жаңғыртып, пайдалансақ, артықтық етпес еді. Ол кезде оқуды жаңа бітірген жас маман театрда ке­мінде төрт-бес жыл екінші режиссер болып жұмыс істейтін. Со­дан кейін Мәскеу не Ленинград қалаларына барып, режиссерлық жо­ғары курстан өтетін. Жақсы режиссер болғысы келген адам мін­детті түрде Мәскеу сияқты әлемге танымал, театр өнері ба­рынша дамыған үлкен орталықтардағы театрларды көзімен көріп, ауасымен тыныстап, тәжірибелерін үйренуі өте қажет. Жұ­мат Шанин, Асқар Тоқпановтан бастап Жақып Омаров, Қадыр Жетпісбаев және басқа да барлық атақты режиссерларымыз осы жолдан өткен. Бұл жол болашақта да өз жалғасын табуы керек. Соған орай “Болашақ” бағдарламасы бойынша жас режис­сер­лар­дың жыл сайын алыс-жақын шет елдерге барып, білім алуын үзбей, тұрақты жүзеге асырған жөн.

Режиссерлар қатарын күшейтудің екінші жо­лы – қолдағы бар кадрларды дұрыс, тиімді пайдалану. Мысалы, біз біраз театрларда бас ре­жиссер жоқ дегенді күнде айтамыз. Ал сонда олар­ға режиссер тауып жіберу сонша қиын ба, он­дай мамандар шынымен жоқ па? Оған да кү­мә­німіз бар. Мысалы, кезінде түрлі театрларда бас режиссер болған Ерсайын Төлеубаев, Тіле­ген Ахметов қазір Алматыда жұмыссыз жүр. Мұндай мамандардың басқа жерлерде де бар екені анық. Ал бірақ осы дайын мамандарды із­деп, режиссеры жоқ театрларға жіберуді ойластырып, ұйым­дас­тыратын ешкім көрінбейді.

Кәсіби мамандығы бар режиссерлардың бәрін есепке алып, олардың жұмыс істеуін жүйеге түсіріп, реттеп отыратын уақыт келді.

Режиссураға байланысты сөз болғанда еске түсетін үшінші мәселе – режиссердың құқы мен мәртебесіне байланысты. Өркениетті елдердің бәрінде театр режиссерларына деген құрмет пен қолдау айрықша. Оларға төленетін еңбекақы мен жаса­лы­на­тын жағдай өте жоғары. Біз де осы мәселені дұрыстап қолға ал­уымыз керек. Әрине, режиссердан көркемдік сапаны әрқашан да қатаң талап етейік, бірақ сонымен бірге оның жұмыс істеуіне толық еркіндік беріп, барлық жағдай жасауға тиіспіз. Режис­сер­дың өз идеясын жүзеге асыруы актерлардың аянбай жұмыс іс­те­уінен бастап, сахнаны безендіруге дейінгі толып жатқан шы­ғармашылық, қаржылық, ұйымдастырушылық сияқты мә­се­ле­лерді қамтиды. Сондықтан режиссер жаңа қойылымды дайындау барысында осы мәселелердің ешқайсысынан да қиындық көрмеуі, шығармашылықтан басқа ештеңеге алаңдамауы керек.

 

Талқылау болмай даму жоқ

Кез келген өнер, әсіресе, театр өнері үзбей дамып, алға басу үшін оның көркемдік сапасы үнемі сарапқа салынып, жетістігі аталып, кемшілігі анықталуы керек. Егер мұндай талдау болмаса, театр тоқырап, тұйыққа тіреледі. Бұған бір дәлел келтірейік. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының аяғында респуб­ли­ка­мызда Қазақ телерадиосының ұйымдастыруымен “Тамаша” атты әзіл-сықақ театры құрылды. Бұл – мәдени-рухани өміріміздегі ең үлкен оқиғалардың бірі болды. “Тамаша” десе Алматыдан бас­тап бүкіл Қазақстанның халқы аяғынан тік тұратын. Сан мың адам сыятын Республика сарайындағы қойылымдарын қанша рет көр­сетсе де билет табылмайтын. Ал сонда бұл табыстың сыры неде еді? Мен өзім де әзіл-сықақ авторларының бірі ретінде “Тамашаның” жұмысына біраз араластым. Сонда байқағаным – мұндағы әрбір сахналық көріністі дайындау қатаң талқылау мен сүзгіден өтетін. Әрбір әзіл-сықақты маман редакторлар сан рет қайта қарап, автормен тынымсыз жұмыс істейтін. Бұл тал­қылауларға телерадионың бірінші басшыларына дейін белсене ат­салысатын. Соның нәтижесінде “Тамашаның” қойылымдары қай жағынан да өте сапалы болып, халықтың құрметіне бө­ленетін. Бірақ жылдар өте “Тамаша” әртүрлі себептермен мұндай талқылауларды азайтып, ақыр соңында мүлдем тоқтатты. “Та­ма­ша” да, оның қанатының астынан шыққан өзге әзіл-сықақ теа­трлары бәрін де өздері жазып, өздері қойып, өздері ойнай бе­ретін жолға түсті. Ал мұның қайда апарып соққанын қазір жұрттың бәрі көріп, біліп, бұқаралық ақпарат құралдары күнде айтып жатыр. Оны қайталап, уақыт алғымыз келмейді. Біздің айтайын дегеніміз – қазіргі кәсіби театрларымыздың да басына осы қауіптің төніп келе жатқандығы. Бұған да нақты дәлел келтірейік. Кез келген қойылымның пьеса болып жазылып, одан кейін режиссердың талдап-сараптауынан өтіп, актерлардың орын­дауында сахнаға шығып, көрерменмен жүздесуі ұзаққа созылатын ауыр жұмыс. Жаңа қойылымның ойланатын, ақылдасып кеңесе отырып қайта қарайтын, түзеп жетілдіретін тұстары аз болмайды. Мұндай кезде театр мамандары мен сыншылардың, басқа да бейтарап сарапшылардың пікірлері мен ұсыныстарының пайдасы өте зор. Осындай талқылаудың нәти­жесінде ғана жаңа қойылым шынайы көркемдік биікке кө­теріледі. Бұрын театрларда мұндай талқылаулар жоғары дең­гейде өтетін. Жаңа қойылымды арнайы комиссия қа­былдайтын. Әрине, мұндай кезде саяси-әкімшілік тұрғыдан артық-ауыс пікірлер де айтылатын. Бірақ, жалпы алғанда ол өте пайдалы болатын. Мұндай сынақтан өтетінін білген ре­жис­серлар мен актерлар жанын салып жұмыс істейтін. Дра­ма­тург те өз шығар­ма­сындағы кемшіліктерді жоюға барын са­латын. Ал қа­зір жаңа қойылымдарды сараптан өткізіп, тал­қылау мүлдем тоқ­та­тылған. Театрдың өз ішіндегі көркемдік кеңес театр бас­шылары не айтса, солардың ығына жығылып, ба­дырайып тұр­ған кемшіліктерді де көрмей сыдырта мақтай бе­руге үйренген. Тіпті, Көркемдік кеңестің алдын көрмей, бір­ден премьераға жол тартатын қойылымдар да аз емес. Мұндай жағдай бізден басқа ешқандай елде жоқ шығар. М­ысалы, Мәскеудің атақты театрлары жаңа қо­йы­лым­ның бес-алты премьерасына театр ма­мандары мен сыншыларды шақырып, қайта-қайта талқылау өт­кізеді. Бұл талқылауларда сын пі­кірлер бетің бар, жү­зің бар демей ашық айтылады. Со­ның нә­ти­же­сін­де жаңа қойылым бірте-бірте өз кем­­шіл­дік­терінен арылып, көркемдік сапасын арттырады.

Ал бізде мұның бірі жоқ. Керісінше, біздегі әр дра­­матургтің өзі жазғанын сахнаға жүз пайыз дайын тұрған, кемшіліксіз шығарма деп есептеуі, әр режиссердың өзі дайындаған қойылымына өзі тамсанып, тек мақтау күтуі, актерлардың да ізденуге мойыны жар бермей, кез келген рөлді тұ­мақ­пен ұрып аламыз деп премьераға санаулы күн қал­ғанша сөзін де дұрыс жаттамай, алаңсыз жү­­ре беруі үйреншікті жағдайға айналып ба­ра­­ды.

Егер біздің театрға жанымыз ашитыны, оның шығармашылық дамуына ықыласты екеніміз рас болса, онда жаңа қойылымдарды бей­тарап сарапшылардың жан-жақты тал­қы­ла­уынан өткізіп, әбден жетілдіріп барып жа­рыққа шығаруымыз керек. Ал бұған толық мүм­кіндік бар. Мысалы, Алматы, Астана сияқ­ты қалаларды былай қойғанда, кез келген об­лыс­тан театр өнерінің ерекшелігін, дра­ма­тур­гия мен сахнаның қыр-сырын, режиссерлық пен актерлық шеберліктің жақсы-жаманын ажы­ратып, дұрыс, әділ пікір айта алатын жеті-сегіз кісіден бейтарап сарапшылар тобын құрып, олардың жұмысына жағдай жасауға әбден болады. Сарапшылар айтқан сын пікірлердің ең құрығанда елу пайызын ескерсек те театр үшін үлкен пайда. Өкінішке қарай, қазір бұл мәселе мүл­дем ұмыт болуға айналған. Керісінше, театр­ла­рымыздың көбі жабық режімдегі құпия ме­ке­ме­лер сияқты есіктерін тарс жауып, “жасырын” жұмыс істейді. Қандай пьеса қойып, не дайындап жатқанын тек премьера болатын күні бір-ақ білесің. Ал жағдай тап осы қалпымен кете берсе, театр өнері бірте-бірте бойкүйездікке салынып, құлдырап, тоқырауға ұрынатынын дәлелдеп жатудың өзі артық.

 

Не істеу керек?

Кез келген мәселе туралы ұсыныс жасағанда, оны жүзеге асырудың құқықтық негіздері бар ма, қар­жылық қамтамасыз етудің мүмкіндіктері қалай дегенді бірінші кезекте ескерген дұрыс. Егер орындалатын негізі мен мүмкіндігі болмаса, онда бекер әңгіме айтып, босқа шаршаудың қа­жеті шамалы. Осы тұрғыдан келгенде, жоғарыда ай­тылған мәселелердің бәрін де жүзеге асыруға бо­латынына күмәнданбаймыз. Бірақ, ол үшін тиісті орындар тарапынан ең алдымен шынайы жа­нашырлық, ынта-ықылас және қызығушылық қажет. Егер осындай оң көзқарас қалыптасса, қал­ған мәселелердің біртіндеп шешілетіндігі ай­қын. Ал мұның бәрі бірінші кезекте Мәдениет және ақпарат министрлігі мен оның қарау­ын­дағы Мәдениет комитетіне тікелей қатысты.

Бұл ретте театрлардың қалың көпшілікке ұсы­натын жаңа қойылымдарының көркемдік са­пасына деген жауапкершілікті барынша күшейту қажет. Театрлардың мемлекеттен алған қаржыны қайда жұмсағаны ғана емес, сонымен бірге өз қойылым­да­рының көркемдік деңгейін көтеру үшін не істегендері де назардан тыс қалмасын.

Соған орай театрлардың мемлекеттік қа­зы­на­лық кәсіпорын екенін ешқашан да ұмытпаған жөн. Ал мемлекеттік кәсіпорын, мейлі, ол көпшілік тұтынатын мате­риалд­ық тауарлар өндіре ме, жоқ, әлде, халықтың рухани сұ­ранысын өтейтін шығармашылық жұмыспен айналыса ма бәрібір – өз өнімінің сапасына әрқашан да жауап беруге тиіс. Бірақ қазіргі кезде мұндай жауапкершілік қолданыста бар деп айта алмаймыз. Театрдағы көркемдік сапаны құлдыратқаны үш­ін біреу ең болмаса сөгіс алыпты дегенді еш жерден есті­геніміз жоқ. Тіпті, арнайы қаржы бөлініп дайындаған қо­йылым көркемдік сапасының нашарлығынан тоқтап қалса да елең етпейміз. Неге? Міне, осы мәселелерді реттеп бір жүйеге түсіретін уақыт келді.

Театрлар қандай қойылым қойып жүр, олардың сапасы, көрермендердің ынта-ықыласы қандай деген зерттеулер жасалып, мониторинг жүргізуді де қарастырған жөн.

Арнайы сарапшылар тобын жасақтап, жылына кем дегенде бес-алты театрдың шығармашылық жай-күйін анық­тап тұруды да қолға алу қажет. Қазір Алматыдағы кейбір орыс тіл­ді басылымдар республикадағы театрлардың апталық ре­пер­туарын жариялап тұруды дәстүрге айналдырды. Қай теа­тр­дың не қойып, не істеп жатқанын біліп, сараптап отыруға мұның үлкен көмегі бар. Соған орай, алдағы уақытта бұл жаңалық та кеңінен қанат жайса дейміз.

Мәдениет және ақпарат министрлігі мен оның Мәдениет комитетінің республикамыздағы барлық театрларға ықпалын қазіргіден де күшейтіп, нығайту да қолға алынғаны жөн. Қалалық, облыстық театрлар қаржыны жергілікті жерден алғанымен, шығармашылық жұмыс, көркемдік сапа, репертуарлық саясат жөнінен министрлікке әрқашан да есеп беріп отыруы керек.

Сондай-ақ театрдың әр жылдағы репертуарлық жоспарын алдын ала бекітуді де ойластырған дұрыс. Осыған орай министрліктің репертуарлық саясатты үйлестіру бөлімін қазіргіден де күшейтіп, оның мүмкіндігі мен жұмыс ауқымын кеңейте түсу қажет.

Театрлардың шығармашылық жұмыстарына бағыт-бағдар беріп, бұл жөніндегі міндеттер мен жауапкершілікті нақты­лай­тын арнайы ереже де өте қажет. Театр қызметкерлерінің мін­деттерін анықтап, белгілеп берген ереже бұрыннан бар. Енді театрлардың шығармашылық саладағы жауапкершілігін кү­шейтетін, қойылымдарды талқылап қабылдауды жолға қоятын және репертуарлық саясатты реттеп отыратын арнайы ере­же қабылдап, бұл мәселелерді құқықтық жағынан бір жүйеге түсірген дұрыс.

Театрларымыздың көркемдік сапасының жақсарып, дамуына Қазақстан Театр қайраткерлері одағы да үлкен үлес қоса алады. Егер шындап кіріссе, жоғарыда айтылған мә­се­ле­лердің басым көпшілігі осы Одақтың күшімен де жү­зеге асырылатыны анық. Бірақ, ол үшін Театр қайраткерлері ода­ғына Үкімет тарапынан көмек қажет. Соңғы уақытта мем­ле­кеттік емес ұйымдарды қолдауға айрықша назар аударылып, көп мөлшерде қаржы да бөлінуде. Театр қайраткерлері одағына да осындай қолдау жасалса дейміз.

Театрлардың шығармашылық деңгейін көтеруге, әсіресе, осы саладағы талдау, сараптау жұмыстарын жүргізуге М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Т. Жүр­ге­нов атындағы Өнер академиясы және Қазақстан Жазу­шылар одағы да өз үлестерін қосуға тиіс. Әсіресе, театр сы­нының әлде де кенже қалып келе жатқанын еске алсақ, мұн­дай байланыстың өте маңызды әрі қа­жет екенін анық тү­сінеміз. Бірақ олардың жұмыстарын бір жүйеге түсіріп үй­лестіру, нақты жоба, белгіленген бағыт-бағдарламамен жүргізу қолға алынбай келеді. Алдағы уақытта осы мәселе де ескерілсе дейміз.

Ендігі бір үлкен мәселе – облыстық, қалалық мәдениет басқармаларына қатысты. Театрларымыздың біразы осы басқармалардың қарауында. Сондықтан да олар өз театр­ла­ры­ның шығармашылық саладағы жетістіктері мен кем­ші­лікте­рін үнемі сарапқа салып, көркемдік деңгейінің барынша жоғары болуын үзбей қадағалап отырғандары жөн.

Сөзімізді түйіндей келе айтарымыз, еліміздің мәдени-ру­хани дамуындағы үлкен күш – театр өнерінің ертеңгі тағ­ды­рына жанашырлықпен қарап, оның көркемдік сапасын құл­дыратпай, жаңа деңгейге көтеруді осы бастан қолға алғанымыз жөн.

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, жазушы-драматург, Қазақстан Жазушылар одағы драматургия кеңесінің төрағасы.

 

Театр ауладан басталады

 

Облыс орталығындағы Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыкалық драма театры 90-шы жылдары ашылған өнер орны еді. Керекулік қазақ жұрты бұл – ұяны өнерге шөлдеген сағыныштан туған театр деп айтып жүреді. Ғимаратты күрделі жөндеуден өткіземіз деп осыдан екі-үш жыл бұрын қаражат алғандар сол күйі із-түзсіз кетті. Театрға жаңа басшы келді. Облыстан тағы да қаражат бөлініп, әйтеуір талай жылдар бойы жөндеу көрмей, жүдеп-жадап тұрған театр ғимаратының қазір іші-сырты реттеліп, жөнделіп, реңі кіріп қалып еді. Ендігі әңгіме осы  театрдың алақандай ауласы жайлы. Театрдың ғимараты облыстық мәдениет департаментіне, ал оның ауласын күтіп-баптау, жөндеу қалалық әкімдіктің құзырына қарайды екен. Мәселенің бар мәнісі осы. Қазақ театрының алқам-салқам ауласы талай жылдар бойы осылай қараусыз, күтусіз тұр. Дәл алдыңнан Чеховтың ойлы ескерткіші қарсы алатын орыс драма театрына барсаң, көзің сүйсінеді. Театрдың ауласы асфальтталған, жинақы, жарқырап, жайнап тұр. Орысша оқып, орыс әдебиетімен сусындаған әкімдеріміз қазақ театрына да орыс театрына қарағандай жылы көзқарас, азаматтық оймен қарайтын болса, біз бұлай жанайқай жазбаған болар едік.

Фарида БЫҚАЙ, Павлодар қаласы.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат