Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2008-04-18:

Сахна: күнгей мен көлеңке

 

Қазанның құлағы биік

 

Жақында ғана Сұлтанәлі Балға­баевтың “Егемен Қазақстан” газетіне шыққан үлкен мақаласын оқыдым. Жаны ауырып жазған екен. Және ұң­ғыл-шұңғылына дейін қазбалап, бү­гінгі театр жағдайын тереңдеп жет­кізіпті. Міне, менің қолыма қалам алуы­ма да осы мақала себепкер болып отыр.

Басын ашып айтайын, мен теорияға жоқпын, шорқақпын. Сондықтан да Сұлтанәлінің ойларын жекелеген, көбінесе өзімнің тәжіри­беме негізделген мысалдармен то­лық­­­тырғым келді.

Қазіргі қазақ театрының ғана емес, жалпы республикадағы барлық ұлт театрының халі трагедиялық жағ­дайда деп білемін. Осылай деп тай­салмай айта аламын. Кешегі цен­зураның қылышынан қаны тамып тұрған заманда шамамыз келгенше республиканың, қазақтың халін айтып, имандылықты, зиялылықты қолдап, жемқорларды мазақтап шы­ғар­ма жазатын едік. Оған өзіміз мәз болатынбыз. Комедия немесе күл­мей­тін комедия деп ат қоятынбыз. Бірақ, театрға келген көрермен күліп, күле отырып жиіркеніп, әлдебір бас­тықтардың, әлдебір биік мансапты шенеуніктердің, өмірдегі сатқын адам­дардың жағдайын көріп, ра­хаттана мәз болып қайтатын еді. Қа­зір театрға баратын көрерменнің бәрі “Тама­шаның” жалғасына барғандай. Әлде бір тісі түсіп қалған 18-25 жас­тардағы жігіттердің жағдайын көруге баратын сияқты. “Тама­шаның” жағдайы дейтін себебім, барғаннан кейін сахнадан гитарамен, дом­бырамен ән айтады, ара-арасында кейіпкерлер шешен тілмен көсіліп-кө­сіліп алады. Содан кейін қайтадан ән айтады немесе билеп кетеді. Осындай аузында бір тісі жоқ құр­бақа сияқты, бірақ аузын ашса адам қорқатын шығармалар пайда болды.

Мен осының бәрі неге болып жа­тыр деп таң қаламын. Себебі, цен­зура жоқ. Егемендік алғанымызға он алты жылдан асып, он жетінші жыл­ға кетіп барады. Өнердің де ержететін кезі келген сияқты. Бірақ не болды соншама? Бізге “әй, қой!” деп ты­йым салып жатқан ешкім жоқ. Неге бүгежектеп, шегіншектеп қал­дық? Кім­нен қорқып жүрміз? Осыны түсінбеймін.

Менің алғашқы “Күлмейтін ко­медия” атты пьесам 1967 жылы М.Әуезов атындағы драма театрының сахнасында қойылды. Тұңғыш шығармам болғандықтан сағаты да, күні де есімде, алтыншы қаңтар еді. Және бір есте қалған жағдай, қазір­гідей ағылып жатқан мәшине жоқ. Ал­матының көшелері мүлгіп, бос тұратын кез. Театрға кешігіп бар­ға­ным есімде. Сахна енді ашылып, спек­такль басталар кезде асығыс-үсігіс кіріп, театрдың артқы жағын­да­ғы орындықта отырып қалдым. Себебі, халық лық толып кеткен екен.

Қыран-топан күлкі. Мен өзім со­лай болса екен, деп жазған едім. Кө­рермен күліп отырды, ақырында жы­лап тарады. Бас кейіпкердің рөлінде Нұрмұхан Жантөрин ойнады. Ол – ұлы актер, ойыны осы күнге дейін көз алдымда. Қасымда отырған ор­талық комитеттің екі қызметкері кей­бір өткір сөздерді естігенде: “әй, Әкім” деп санымнан шымшып қоя­ды. Бірақ ол сөздің астарында еш­қан­дай зіл жоқ еді. Спектакль ке­ре­мет өтті. Хадиша Бөкееваның ғажап ой­ыны есімде. Қапан Бадыров аға­мыздың қалай ойнағаны, бәрі-бәрі ұмытыл­майды.

Бірінші, екінші, үшінші спектакль үлкен табыспен өтті. “Казахстанская правда” газеті үлкен мақала беріп те үлгерді. Бірақ төртінші, бесінші спек­такльдерге келгенде театр ба­с­шы­лары күбіжіктей бастады. Араласып жүрген досым Әзірбайжан Мәмбетов: “Әй, осы, байқасақ қай­теді, а?” деген сөздерді айтып қалды. “Не болды?” деп едім, “енді... айтуға болмайды... байқайық ә, байқайық” деуден ас­пады. Орталық комитеттен келген екі адам­ның қабағы ашық болды, мәз бол­ды. Мені құшақтап сүйді. Біреуі Ми­хаил Иванович Есенәлиев еді. Спек­такльдің соңында ол Жан­тө­ринді шақырып алды. Сахнада Нұр­мұхан қабырғаны баспен соғатын бір тұс бар еді. Оны өзі ойлап тапқан, кеңестік жүйеге деген ыза. Мынау социалистік қоғамды ешкім жеңе алмайды деген идеяны беретін. Мен сөзбен осылай жазғаныммен, Нұрмұхан актерлік интуициямен, қимыл-әрекетпен көрсетуге ұмтылды. Оған қуанбасам, ренжіген жоқпын. Михаил Иванович Нұрмұханға: “Жаңағы баспен соққан тұсты алып тастасаңдаршы” деп күлді. Бірақ үнінде қатқылдық, “алып таста, өздерің не ойлап жүрген адамсың­дар?!” деген ыңғайдағы қоқан-лоқы болған жоқ. Бірақ, келесі спектак­ль­дің алдында ақылдаса келіп, баспен соғатын әлгі тұсты бәрібір алып тастадық. Одан спектакль әлсіреп қал­ды деп ойламаймын. Бірақ, екінші спектакльде Жантөрин тағы бір өнер тапты. Менің кейіпкерім үйленейік деп соңынан қалмай жүрген қызға еденді төрт бұрыштап сызып, “мынау менің үйім, мынау менің қоғамдағы қызметім” деп, екеуінің арасында жүгіреді. Пә­терінде, сосын бас­ты­ғы­ның алдында қалай тұра қала­тынын бес-алты рет қайталағанда көрермен керемет кү­летін. Үшінші спектакльден кейін Нұрмұханның да, менің де сағымды сындырмай, ақыл айтып жүріп, спек­такльді алғызып тастады. Бұл жиырма үш-ақ жастағы кезім еді. Қаншама қату болғаныммен қабақ шытқан емеспін. Бірақ өзіміздің ішімізден, бір жазушы ағамыз орталық комитетке емес, “үш әріпке” жа­зыпты. Сонымен көп шыдатпады. Жантөринді сол спектакльден кейін қызметтен кетірді. Маған ештеңе демеді. Соншама бір қатал заманның өзінде аман қалып жүргеніміз есімде. Және оның өзіндік бір қызығы бар еді. Қоғамды қатты сынап, бас­тықтарды сын тезіне іліп, өзімізді жау қайтарып келген Қабанбай батырдай, Алпамыс батырдай сезініп мәз болып жүретін едік.

Ал енді қазір дәл алдыңда көл­денең тұрған дұшпан жоқ. “Мына сөзді неге жаздың, мына сөздің астарында не бар?” деп, ешкім ешкімге айтып жатқан жоқ. Бірақ театрларда, театр қызметкерлерінде бір үрей бар. Соны мен әлі күнге дейін түсінбей жүрмін.

Қанша жыл болды, осы жайды түсінгім келеді. Әрі ойлаймын, бері ойлаймын. Көсілетін кезіміз келген жоқ па еді? Ашық айтатын кезіміз келген жоқ па еді? Бірақ қазақ театрлары баяғы сол ешкімнен таяқ жемеуді ойлайтын жағ­дай­да. Баяғы сол жиырмасыншы-отызыншы жыл­дарда қойған спек­такльдерді қайталап қоя береді. Ақы­рында, маған кесіп айтуға болмайтын, бірақ күмәнді ойлар келе бастады. Осы­ның астарында бір қитұрқы тәсіл жатқан жоқ па?! Цензурасыз да қылғындырып ұстауға болатын әдіс емес пе екен бұл? Егемендіктің алғашқы жылдарында, одан да бұрынырақ, қайта құру жылдарында “театр не қоямын десе өзі біледі” деген ұран тасталды. Оған театрлар қуанып кетті. Әсіресе, облыстық театрлар мәз болды. Сөйтті де, қай облыста қандай рулар бар, сол аумақта қандай атақты би-шешендер болған, батырлар болған, солар туралы жапа-тармағай спек­­такль­дер қойыла бастады. “Ау, бұлардың авторы кім?” десең, атын бұрын-соңды есті­меген біреу болып шығады. “Тап­сырыс берген кім екен?” дейміз. Оған салалық министрліктің қатысы болмай шығады. Сондай бір ғажап, түсініксіз кезеңге тап келдік. Театрдың директоры қай спектакльді, қандай авторды ша­қы­рамын десе, өзі білді. Қай режиссерді шақырамын десе де еркінде болып қал­ды. “Е, жарайды қойсын” дедік. Кәсіби режиссерлер аңдысын аңдып: “қайда барар екен, не болар екен?” деп қарап жүрді. Кейбіріміз “бізге тапсырыс берер ме екен?” деп үміттендік. Қазақстанда ары кетсе 7-8 драматург бар. Бірақ облыс­қа барғанда көретініміз жергілікті дүниелер. Сол өңірде болған батыр немесе би сахнаға шығады, жарты сағаттық монологын айтады. “Халқым жақсы болыңдар, бірлікте болыңдар, тірлікте болыңдар” дейді. Айтып-айтып шығып кетеді. Екінші біреуі келеді. Ол да көсіліп тұрып айтады, айтады. Анда-санда ерегіскен болып, қылыштарын суырып, шоқпарларын сомдаған сияқты болады. Қайтадан татуласады. Аяқ астынан дұшпан келіп қалады. Оларды оп-оңай жеңіп тастайды.

Осы арада бір күлкілі оқиға есіме түсіп отыр. Менің досым, марқұм Рамазан Тоқтаров айтатын еді: “Бір күні таңғы сағат сегіздерде телефон шы­рыл­дап алып бара жатыр” дейді. Қи­налып әзер тұрып барса: “Әй, Рамазан, не ғып жатырсың?” депті трубкадағы дауыс.

– Ұйықтап жатырмын.

– Ұйықта-ұйықта, бәрінен айрылдың ғой сен, бәрінен құр қалдың ғой сен.

– Не болып қалды, аға?

– Әй, анау Екібастұз деген тақы­рып­ты пәленбай алып қойды, Павлодар трак­тор зауыты деген тақырыпты түген­бай алып қойды. Ертіс-Қарағанды ка­на­лын анау жағалап жүр. Соколов-Са­ры­бай ке­нішін пәленше иемденіп кетті. Әй, сен осы қайда қарап жүрсің? Мынау Аты­рау жақта мұнай көзі бар. Соны неге алмайсың?

– Ойбай, аға, мен мұнайшы емеспін, ол тақырыпты білмеймін ғой, – деп Рамазан ақталған болады.

– Иә, білмегенің жақсы болды. Оны да анау күні пәленбай деген романға ар­қау етемін, соңынан пьеса жазамын деп жүр еді, — дейді анау.

Ұйқылы-ояу Рамазан құтылғанша асы­ғып: “Аға, сонымен не айтасыз?” дейді. Сөйтсе ана кісі: “Сен маған жақын адамсың ғой. Айтайын дегенім, Қапшағайға ие бол” депті.

– Қапшағайға қалай ие боламын? – дейді Рамазан түсінбей.

– Әй, ол жерде ГЭС салынып жатыр ғой. Ақымақсың ба, соны ал, ие бол! — депті ағасы нығарлап.

Сол айтпақшы, Қазақстандағы отыз шақты қазақ театрына бәрі ие болып ал­ды. Кейбір облыстарда әртүрлі рулар бә­секеге түсіп, “аналар мына тақырыпты не­ге жазып қойды, біздің бабамыз неге жа­зылмайды” деп дауласуға дейін барады. Сондай бір мысалды маған Ерсайын Толыбаев деген режиссер жыларман болып айтты. Семейге барып бір жыл жұмыс істеген. Менің пьесамды қойған еді. Көркемдік кеңес деген атымен жоқ екен, тапсыратын күні бес-алты ақсақал келіп: “Мынаның Семейге қандай қатысы бар? Біз өзі екі үлкен тайпаға бөлінеміз. Не ана тайпаның, не мына біздің тай­паның адамы жоқ. Көзін құрт мынаның” деп, дайын тұрған спек­­-такльді қойғызбай тастапты. Осыған мен сендім. Себебі, Семей театрында менің “Жақсы кісі” деген бір спектаклім сах­наланды. Марқұм режиссер Бәйтен Ома­ров ғажап қоя білді. Сондай риза бол­дым. Мәскеуден әдейі ұшып келіп едім, залға көрермен сыймай тұр екен. Екі жағымда екі толық кісі отырған. Оларға аса мән берген жоқпын. Спектакль біт­кен­нен кейін режиссер жүгіріп келіп, әлгі екеуімен таныстырды. Біреуі об­лыс­тық партия комитетінің екінші хатшысы, ал екіншісі облыстық атқару комитетінің мық­тысы екен. Әлгілер сүлесоқ қалыпта қо­лымды әрең алып, шығып кеткен. Ер­тесіне үш күнге сатылған билеттердің бәрін қайтарып, спектакльді жауып тастады. Спектакль бір-ақ күн өмір сүрді. Жас кезім ғой, аса көп көңіл аудар­ма­дым. Ертесінде бір үйде қонақта отырғанымда бір үлкен кісі: “ Қарағым, Әкім, мына пьесаның ішінде ең болмаса біздің елдің атын атап кетпедің бе?” деді. “Онда тұрған не бар, бәрі қазақ қой” дедім. “Жоқ, дегенмен...”

Сонымен Бәйтен Омаров ұяла-ұяла мені Алматыға шығарып салды. Осындай жағдай қазір де қалып қойған сыңайы бар. Бұл –біздің екінші сорымыз. Бі­рінші сорымыз — жаңағы “Қазанның биік құ­лағы” дегенім. Дәстүрді бұзып, осы та­қы­рып­ты үшінші тарауға тағы да пайдаланғым келіп отыр.

 

Қазанның биік құлағы – 2

Соңғы жылдары менің өзімше ашқан жаңалығым, түйген түйінім мынандай: театрдың директоры тікелей бюджеттің құлағын ұстап отыр. Астанадан келетін бюджет қаржысының келіп құятын жері – директордың қолында. Облыстан бөлінетін аз-маз қаржы да осы қара қазанға келіп құяды. Қара қазанның иесі құйылған балқаймақ па, дәмді сорпа ма, соның бәріне бауыр басып қалады. Өзімдікі деген бір сезім пайда болады да, әртістерге, режиссерлерге әлгіден бір қасық, екі қасық дәм татқызады. Өл­местің жағдайында ұстайды. Режис­серлердің қара қазаннан ешқандай үміті қалмады. Директорда ол туралы менің иелігіме көз алартып, қызығып отырған әлдекім деген психологиялық эгоизм пайда болады. Сондықтан да соңғы кездерде театрда режиссерлер тоқтамай­тын болды. Өзінің штаттағы режис­сер­лері тұрғанда, театр директорлары к­ө­бінесе шетелден, Қырғызстаннан, Өз­бек­станнан режиссерлер алып келіп жатады. Мына құрылыста істеп жүрген жұ­мыс­шылардың көпшілігінің қырғыз, өзбек болатын себебін түсіндім. Біздің өзіміздің жүз мыңдаған құрылысшы жігіттеріміз бос жүрген кезде неге қырғыз бен өзбек қап­тап кетті? Себебі, олардың дауласуға ша­масы жоқ. Айлығын қағазға екі есе ғып жазып, ал бірақ соның жартысын ғана берсе, риза болып жүре береді. Олар ешкімге барып арыз айта алмайды. Жергілікті жердегі билікке баратын ахуалы жоқ, өзі әрең жүр. Ал жергілікті жігіттер дау шығарады: “Менің айлығым пәленбай ғой, сен неге оның жартысын ұстап қалдың?” дейді. Немесе айлы­ғымды көбейт, – дейді. Заң орындарына шағымдануына, газетке жазуына хақысы бар. Сондықтан қазақтарды құрылыста, өнеркәсіпте маңайлатпай жүргені — жеуге кедергі жасайды.

Біздің театр директорларының да ре­жиссерлердің бетін әрі қаратып жіберуге тырысатыны сол. Қырғыздан, өзбек пен түркіменнен алып келген режиссер кімге арыз айта алады? Бергенін алады, риза болады, спектаклін қояды, кетеді. Олар­ды келген кезде қонақ үйлерге де жат­қызбайды, бір жатақханада екі-үш адам­мен біріктіріп, орын тауып береді де, артынан “рахмет, спектакльді қойып бер­дің, енді қайта бер” дейді. Директорға бә­секе жоқ. Ол алаңсыз өмір сүруі керек. Ол театрды асырауды ой­ла­майды, бала-ша­ғасын ойлап, “осы жерден кетпесем екен” дейді. Облыстық мәдениет басқармасының бастығымен тіл табысуға ты­рысады. Екеуінің ым-жымы бір бо­лады. Сондықтан қазір қаңғып қалған ре­жиссер көп. Мен екі-үш театр директорынан: “режиссерің қайда?” деп сұрадым. Жүрген шығар, – дейді. Онда қалай күн көріп жүрсің? “Мен режиссерді Өзбекстаннан шақырамын, Қырғызстаннан шақы­рамын, Ресейден шақырамын. Алла бұйырса, жақында Пәленбаев деген мық­тыны алып келемін” дейді. Ондай мық­тылардың да қойған спектакльдерін көріп жүрміз ғой. Біздің режиссерлерден әл­де­қайда төмен. Бірақ олардың тілі жоқ, көзі жоқ режиссерлер. Еш жерге бара ал­май­ды. Мұңын шаға алмайды. Бұларға үн­сіз, мылқау режиссер керек. Осы қазіргі қа­зақ театрларының үлкен соры болып тұр.

 

Тығырық

Осындай жағдайда қандай ғажап ре­жи­ссер, драматург, актер болсын, Нұр­мұхан Жантөриннің інілері, Фарида Шә­ріпо­ваның сіңлілері болсын, ешқандай да табысқа жете алмайды, талантын аша алмайды. Гитарамен он жерден өлең айтсын, ол концерттің бір түрі болып қалады. Билесін, ол да концерттің бір түрі. Жас жігіттер сахнада бірін-бірі лақтырып, құлатып, ойнап жүрсін, ол – цирктің бір түрі. Ал драма – өмір шындығы. Бұл барлық өнердің құдайы емес пе еді? Ондай үлкен өнерге еш­қан­дай мүмкіндік болмаса, соры қайнаған ре­жиссер не істейді? Үш ай істесе, қуы­лып кететін режиссердің қолынан не ке­леді? Шықпа жаным, шықпа деп, бала-шағасын әрең бағып отырған актерде қауқар бар ма қарсылық көрсететін? Олар мейрамханаларда ән айтып, би би­леп, аса­ба болып күндерін көріп жүр. Театрға әйтеуір куәлігі қалтамда жүрсін деп барады. Бұл – трагедиялық ты­ғы­рық.

 

Ал жол бар ма?

Қандай тығырық болса да, шығатын жол табылуы тиіс. Жол болмаса, онда өмірдің қандай қасиеті болғаны. Адам өмірге келгенде қызық көруге, бақытты болуға келеді ғой. Алланың өзі өмірде ашқан жолдары бар. Тығырық билеп кетсе, ол ел құлайды, ол ел жоқ болады. Ол елдің ең алдымен, мәдениеті өледі, содан кейін халықтың өзі өледі. Себебі, рух өлгеннен кейін ол халықтың бары не, жоғы не? Рух өлгеннен кейін ол қай тілде сөйлеймін десе, сөйлейді, кімге қызмет етемін десе, етеді. Ондай халық алысқа бара ма?

Ал енді шығатын түзу жол іздеп көрелікші. Театрларға бюджеттен ақша жоғарыдан келіп түседі. Оның өзі түгел емес. Бөлінген ақша тұтас келмейді. Оның жолында қандай қитұрқылар барын қоғам жақсы біледі. Одан ол облысқа, қалаға келеді. Одан қалғаны облыстық немесе қалалық театрға келеді. Ол жерде қазанның құлағында “менің театрым, менің әртісім, ал режиссер деген пәлені кез келген уақытта қуып жібере аламын” деп директор қожайын отыр ғой. Қолында – ақыл емес, шоқпар. Сәл ғана қарсылық көрсеткен әртіс қаңғырып қалады. Ол барса, басқа театрлар алмайды. Себебі, пәлен жерге кетіпті де­генді естісе, телефон соғып қояды. “Бізден саған кетті, ол өзі тыныш жүр­мейтін адам, сақ бол” деп. Мен осындайды да естідім. Тыныш жүрмейтін адам кімге керек?

Сонымен көзге көрінбейтін қылбұрау қазақ театрын буындырып ұстап отыр. Бұдан шығатын күллі ойларды талай жиналыстарда айттық. “Былай жасайық, былай істесек қайтеді” деп он бес жылдың ішінде көп нәрсе сөз болды. Бірақ, “бұл дұрыс екен” деп бас шұлғып отырған бастықтар жиналыстан шыға бере-ақ бәрін ұмытады. Себебі, оған да жан керек. Оған да тыныш жүріп бала-шағасын асырау керек. Пенде. Батырлық жасай алатын адам жоқ. Цен­зура жоқ, бірақ алдында үңірейген белгісіздік бар. Осы үңірейген тұсқа аяғыңды аттап бассаң, ар жағында құрдым бар. Құзға құлаймын ба деген үрей билеп тұр. Оған сендер мынау спектакльді неге қоясыңдар деп айтпаса да, өзінен өзі қорқады. Себебі, күнкөріс көзі – тек бастықтарға жағына білуде. Сондай заманға келдік. Бастыққа жағына алмасаң, біттің. Баяғыдай қорғайтын кәсіподақ, партия жоқ. Мен бұл арада компартияны қайтып алып келу керек деп отырған жоқпын. Десе де, баяғыда, жастар әсіресе, біреулерден теперіш көрсе, партияға баратын. Олар “әй, тыныш жүр” деп бастықтарға айта алатын еді ғой. Қазір ондай ешкім жоқ. Арыз айтқан адам алдымен өзі кетеді. Себебі, театрдың директорын жоғары­дағы бір мықты тегіннен-тегін қолдап отырған жоқ. Оның да өзінің алақаны майланған, табыс көзі – театр. Сон­дықтан қарға қарғаның көзін шұқи ма? Айталық, облыстық мәдениет депар­та­ментінің бастығы отырса, жоғарыда оның да адамдары бар. Ол жерде отырғандар қарғаның көзін шұқи ма, шұқымайды. Себебі, өзі қарға. Сонымен бұл – тығырық.

Өткенде ғана республикалық га­зеттердің бірінде театрлардың бәрін жеке меншікке сату керек деген ой айттым. Жәй ғана емес, шарт жасасып, заңды түрде, “театрды алдың ба, тек қана театр жаса” деп беру қажет. Театрдың ішінде басқадай мейрамхана, түнгі клубтар болмайтын болсын. Сол үшін мына шартқа қол қой деу керек. Мен талай театр­ларды білемін. Күндіз ресторан, кеш­ке жастардың жын-ойнағы, дис­котека. Буфеттер жұмыс істеп тұрады, ішіп алып, елірген жастар таң атқанша жүреді топырлап. Кейде театрлардың директорлары спектакль деген пәледен құтылсам екен деп ойлайтын сияқты көрінеді. Сондай да театрлар бар.

Астанаға көшіп келгелі төрт жыл болды. Осы уақыт ішінде елордадағы қазақ театрының бір жөні дұрыс спектакль қойғанын көрген жоқпын. Қойыпты деп естиміз. Ол қайда деп, кейін барайын десең, жабылып қалған болып шығады. Немесе басқа жаққа гастрөлге кетіп қалды дейді. Спектакль қоймау театр директорына пайдалы болып тұр. Ал егер бізде “Театр туралы” деген бөлек заң болса, сонда осы жай көрсетілсе, театрды сатып алған иесі өліп-өшіп, спектакль қоюға, талантты актерлер тартуға тырысады. Даңғарадай үйді бос ұстап отыруға қақысы жоқ болса, мейрамхана жасауға хақысы жоқ болса, дискотека ашуға хақысы жоқ болса, ол не істейді. Таланттарды іздейді. Талантты автор, режиссер, актер іздейді. Осы арқылы ғана театр қайта жан­данады. Ал қазіргі не тірі екені, не өлі екені белгісіз жағдайдағы, теледи­дардан көріп жүргендей, азуы алты қарыс арыстанды дәрімен атып, былқ-сылқ еткізіп қоятыны сияқты жағдайдағы дел-сал болып қалған театр сол қалпында жүре береді. Ал соның салдарынан қаншама ұлттық асыл дүниелерімізді жоғалтып жатырмыз. Он бес жылда қаншама мүмкіндік болды. Ең болмаса, осы он бес жылда жеті ғажап пьеса жазылып, спектакль қойылған болса, қазақ өнері әрі қарай даму үстінде дер едім. Ол жоқ.

Иә театрға арналған жеке заң қа­былданбай ештеңе болмайды. Алдымен оның қаржыландыру жүйесін ретке келтіру керек. Тіпті, жеке меншікке сатпай-ақ қалдыруға да болады, мысал үшін Алматыдағы М.Әуезов театрындағы директор, көркемдік жетекші және режиссер бір-ақ адам – Есмұқан Обаев. Оларда жағдай басқаша. Бірақ ертеңгі күні Обаев үш қызметінің біреуінен айрылып қалсыншы, ол театр да құлар еді. Әйтеуір, әзірше спектакльдер жасап жүр. Бірақ, баяғыдай өткір, көрермен мың-мыңдап келіп жататын театр жоқ. Дегенмен өзгелерден жақсы.

Міне, осындай дел-сал қалпында жүре берсе, театрдың күні қараң. Егер біз өзгеріс енгізбесек, ақылға салмасақ ештеңе шықпайды.

“Мемлекеттік ғимаратты сатуға бол­майды, театрларды сатпаймыз” деген пі­кір бел алып, ол ойға тосқауыл қойы­латын болса, оған да құба-құп. Бірақ мұн­да үлкен бір шарт болуы керек. Салалық министрліктегі қаржыға қатысты шенеу­нік немесе бухгалтериядан қол қоятын шенеунік пен театр бухгалтериясындағы құз­ырлы шенеу­ніктердің арасындағы шо­йын шынжырды тас-талқан ету қажет. Оның орнына Астанадан минис­трліктің қасынан бес пе, әлде жеті ме, халыққа белгілі үлкен азаматтардан редакциялық алқа құру керек. Олар министрліктің айлық алып істейтін шенеунігінен жоғары тұруы тиіс. Театр бө­ліміндегі шенеунік солардың ше­шімін орындаушы ғана болуы қажет. Теа­трдың өзінде соңғы бес-алты жыл­дың ішінде үн-түнсіз жойылып кеткен көркемдік кеңесті қалпына келтіру керек. Көркемдік кеңестің шешімі міндетті түрде орындалуы тиіс деген заң болғаны жөн. Оның өзінде де көркемдік кеңес жеті-сегіз белгілі әртіс­тер мен режиссерлерден құрылуы қажет. Ол кеңестің мүшелеріне де азды-көпті ақы төленуі керек. Менің осы ойымды оқыған әлдебір шенеунік мысқылдауы мүмкін: “Әкім Тарази өзін сол кеңеске мүше етіп, тиын-тебен алғысы келіп жүр екен” деп. Ондай болған жағ­дайдың өзінде түбі жоқ құдыққа түсіп кетіп жатқан есепсіз қаржының бұл миллионнан бір бөлігі ғана бо­лады. Сондықтан ешқандай мыс­қыл­сыз осыны қолға алу керек. Театр ту­ра­лы заң міндетті түрде қабыл­дануы тиіс.

Бізден басқа мәдениетті елдерде, әсіресе, Францияда киноның тағды­рын бүкіл ұжым жиналып алып шешпейді. Осындай зиялы қауым, аз ғана топ ақылдасып шешеді. Және бәрінің пікірі бір жерден шығуы міндет емес.

Америка университеттерінде “уни­верситет жанындағы жазушы” деген ұғым бар. 1997 жылы Вашинг­тонда мен университет профессорының бірімен кездестім. Сонда ол уни­вер­ситет жанындағы жазуш­ылар­дың айлығы Америка президенті айлы­ғымен деңгейлес дегенді айтты. Мен Америка президентінің айлығы біздің Қазақстан жағдайында болады деп ойламаймын. Мәселе айлықта емес. Мәселе, ары бар, ұяты бар, білімді, зерделі, зиялы топтың осындай мемлекеттік, ха­лықтық істерге бел­сенді араласып жүргені керек деп ойлаймын. Онсыз болмайды. Қазір кеше ғана көшеден келген шенеунік театрлардың тағдырын шешеді. Отыра қалып “менің айт­қаным­ды орын­дамасаң, саған бір тиын да бер­меймін” деп, қоятын қо­лын бұлдап оты­­рады. Содан кейін театр ди­рек­тор­лары оған “қол жы­лытарлық” тастап кетуге, жалынуға мәжбүр. Осындай сорақы жағдайдан құты­лудың амал­дарын қарастыру керек деп ойлаймын

 

Бір күдік, бір үміт

Аузымды қу шөппен сүрте бер­мейін. Үміт отын жағатындай бір мы­сал айтайын. Осыдан бір-екі ай бұрын бізді Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев шақырды. Сол арада мен театрдың қирап тұрған жағдайын айттым. Еркеғали Рахмадиев те айтты. Келесі күні Алматыда Мәулен Әшім­баев театр директорлары мен режис­серлерін жинап, кеңес өткізеді деген хабар болған. Осы туралы Сауда­баевқа: “Мынау жақсы нәрсе екен. Бірақ сол шақырылғандардың ішінде драма­тургтерден Қалихан Ысқақов қана бар. Оны жұрт тыңдай ма, тың­дамай ма? Жалғыздың үні жете ме, жетпей ме? Еркеғали Рахмадиев екеуміз айтқан ойды, зарымызды теле­фон арқылы Мәуленге жет­кізсеңіз”, дедім. Соның әсері ме, әлде басқа жағдай ма, жабы­лып қалған драматургияға бөлінген грант қайтадан ашылыпты.

Жақында Мәдениет минис­тр­лігінің бұрын осы бөлімде отырған қызметкері маған телефон соғып: “үмітіміз ақ­талды, биыл тағы грант болатын бол­ды” деді. Өткен жылы грант болды. Он шақты белді дра­ма­тургтер пьеса жазды. Бұл жағынан мен “Әдебиет айдыны” газетінде айтқан бір пікірімді тағы да қайталап кеткім келіп отыр. Еркеғали Рахмадиев 6-7 ай министр болып тұрған кезінде 25 адамды компози­тор­лардың шығар­машылық демалыс үйіне екі рет жіберіп пьеса жазғызған еді. Сол кезде 20 пьеса қабылданған бо­­латын. Жиырма жылдан бері қазақ теа­трларында жүріп жатқан сол спек­такльдер. Мен мұны Еркеғали Рахмадиевтің ерлігі деп айтамын.

Ал енді былтыр ашылған грант жақсылықтың белгісі болып қуанып едік. Ақырында жауып тастаған. Сол іспен айналысатын бөлімді жан-жаққа таратып жатыр деп естігеннен кейін осы жайды Қанат Саудабаевқа біл­дірген едім. Гранттың болатынына әрине, қуандым. “Былтыр кезегі келмей, жазған дүниелері өтпей қалған, ренжулі драматургтеріміз бар. Биыл кезек соларға тисін. Мысалы, мен жазбай-ақ қояйын” деп ойладым. Басқа драматургтер, тіпті соңғы жыл­дары қатыспай кеткен драма­тургтер жазар. Осындай бір үміт оянды. Тіпті, дүниеден біржола түңіліп кетпегенімді білдірейін деп, осы бір тарауды әдейі кіргізіп отырмын. Үміт тарауы бұл. Ертеңгі күні тағы бірдеңе бөгет болып қалса, өкінішті болады, әрине.

“Бір үміт, бір күдік” дейді қазақ. “Бір күдік, бір үміт” деп айтар едім мен. Алдымен үміт болып, соңынан күдік болса, қиын болады. Алдымен күдік болып, соңынан үміт келсе, ол Абай тілімен айтқанда, бір ғанибет. Осы үмітпен әңгімені бітірейік.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат