Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2008-04-19:

Ұлтаралық келісім мәдениеті: кеше, бүгін, ертең

 

КСРО ыдыраған тұста ұлтаралық жанжалдардың алаңы болады деп болжанған Қазақстан – бүгінде ұлтаралық келісім мен тұрақтылықтың мекені. Халықтың сыйластыққа негізделген тарихи тәжірибесі, қазақтардың мейірімділігі мен төзімділігі, осы құндылықтарға негізделген Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы ұлт саясаты еліміздің тұрақты дамуына негіз болып отыр. Дегенмен, ұлт мәселесін шешудің амалын біржола айқындау мүмкін емес. Ұлттар мен ұлыстардың терең құпия болмысының сырын ашатын сандықтың кілтін тапқандар жоқ. Себебі, қоғамның әр бұрылыс-қалтарысында ұлт мәселесі жаңа қырынан көрініп, тың мәселелер туғызып отырады.

 

Ұлтаралық келісім – мәдениет

Әлемдегі елдердің басым көпшілігі көпұлтты бол­ғандықтан, әр түрлі этностардың басын қосу, мемлекеттің тұтастығын сақтау – оның мә­дениеттілігінің басты белгісі. Бүгін ұлтаралық қа­тынастарды біржақты түсіну жиі кездеседі. Кө­біне көп бұл саланы ұлттардың өзара ын­ты­мақтастығы, бірлесуі деп ойлаймыз. Алайда, бұл мәселенің екінші жағы да бар. Әр түрлі этнос­тар араласқан тұста олардың бір-бірімен шен­десуі, бәсекелестігі, араздығы бірге жүреді. Олар­д­ың қарама-қарсы мүдделерін үйлестіру, ой­ларын бір жерден шығару үлкен саяси ше­бер­лікті, ақыл-парасатты талап етеді.

Түрліше астыртын, құпия амалдармен ұлт­тар арасында сенімсіздік, өшпенділік ұялату, ола­рды керістіру оңай, ал жақындастыру, дос­тастыру, келістіру – қиынның қиыны. Бір ұлт­ты екінші бір ұлтқа зорлап туысқан ету, бол­ма­са ұлтты күштеп бақытты ету мүмкін емес. Орыс­тың ұлы ойшыл жазушысы Ф.Дос­­тоев­ский Ресейдің тағдыры мен мақсатын айта ке­ліп, “стать настоящим русским, может быть и значит только... стать братом всех людей, всече­ло­веком” деген. Философ И.Ильин барлық ха­лықтарға аға, туысқан болу үшін сол ха­лық­тардың сенің ағалық, туысқандық көңіліне мұқ­таждығы туралы ойлансақ жаман болмас еді деп пікір таластырған. Ал дүмбілез, шалағай ұлт кім­ді жарылқайды? “Национально безликий че­ловек, “всечеловек” и “всенарод” не может ни­чего сказать другим людям и народам”, – дейді философ. Оның айтуынша, басқа ұлттарды жарылқаушы, оларға туысқан тек рухы биік, ең­беққор, басымдыққа да, бағынуға да дайын, құдайшыл ұлт бола алады.

Ұлттың басқа ұлтты қабылдауының аста­рын­да психологиялық, мәдени, тарихи астарлар жа­тыр. 1831 жылы поляктардың патша өкі­ме­тіне қарсы көтерілісін алғашқыда баса алмай, же­­ңіліске ұшыраған Ресей әскерін отарлаушы әре­кеттері үшін Еуропа баспасөзі, орыс ин­тел­легенция өкілдері өткір сынаған. А.С.Пушкин “Ресей жауларына” деген өлеңінде отарлау саясатын қолдап:

Өңшең ділмар, шуылдақтар, пәлеқорлар,

қу жақтар,

Ресейді кінәраттап, не жөнің

бар, қылжақтар? –деген.

Даурығудың керегі жоқ, сан шайқаста шамырқанған орыстардың ерлігіне қарсы тұру мүмкін емес, дейді ақын. Астамшыл ұлттық идея, тіпті парасатты, адамгершілігі зор адам­ның да басын айналдырады. Ал орыстар мен по­ляктардың арасында бүгін де селқостық басым.

Бүгін ұлтаралық келісім жаһандық мәселеге айналды. Соңғы жылдары ұлттық, діни топ­тар­дың құқын қорғайтын декларация, Еуропадағы этно­стық топтардың ерекшеліктерін сақтайтын арнайы заң қабылданды. Ұсақ (миноритарлық) тіл­дерді қорғайтын конвенция мақұлданды. Венгрияда, Ресейде, басқа да көптеген мем­ле­кет­терде ұлтаралық келісімге арналған заңдар да бар.

 

Ұлтаралық келісім модельдері

Соңғы тарихқа көз жүгіртсек, ұлтаралық келісімнің түрліше үлгілерін көреміз. Олардан біздің үйренетін де, жиренетін де тұстарымыз баршылық. Соның бірі – орыс тілін, мә­де­ние­тін, білімін, басқа ұлттардың құндылықтарын ы­ғыстырып, елдің бірлігінің, тұтастығының құ­ралына зорлап айналдырған советтік тота­ли­тар­лық модель. Бұл саясат айналып келгенде, жап­пай ұлтсыздануға әкелді. 250 миллионнан астам орыс та, украиндық та, башқұрт та, басқа да емес, ұлтынан айырылған қауымдастық пайда бол­ды. Бірақ олар өздерін орыспыз деуге ар­ланды, сондықтан совет адамдарымыз деді. Оры­стану 1938 жылғы 10 наурызда Бүкіло­дақ­тық Коммунистік большевиктер партиясының Ор­талық комитеті және КСРО Халық Ко­мис­сарлары Кеңесі қабылдаған “Ұлттық рес­пуб­ликалар мен облыстарда орыс тілін міндетті түр­де оқыту туралы” қаулысынан басталды. Қау­лы ұлттық тілдерге қарсы емес-ті, бірақ оны іске асыру барысында ұлттық тілдер өзінен өзі шеттетілді, ол саясат 50 жылға созылды. Ми­л­лион­даған ұлтсызданғандар Қазақстанда да өмір сүріп жатты.

Тек қана тіл емес, салт-дәстүр, отбасылық әдет-ғұрып ассимиляцияға ұшырады, аралас некелер көбейді. Олардың өсуін совет өкіметі ба­қылап және қолдап отырды. Егер мың от­басына есептегенде 1998 жылы Әзірбайжанда – 79, Арменияда – 39, Өзбекстанда – 127, Грузия­да – 122 болса, Қазақстанда аралас некелер 239-ға жетті, оның 40%-ын қазақтар құрады, ал 1959 жылы мың отбасына 146 аралас неке тіркеліпті. Осылайша Қазақстан халықтар достығының “лабораториясына” айналды. Іштей орыстануға қарсылық барлық совет республикаларында кең етек алып, Совет одағының ыдырауына әкелді.

Келісімнің тағы бір үлгісін либералдық мо­дель деуге болады. Мәселе Австралия одағы ту­ралы болып отыр. Австралия мен Қазақстанның та­рихы әртүрлі болғанымен, оларды көп­ұлттылығы жақындатады. Австралияның негізгі хал­қы Еуропадан, Америкадан қоныс аударған ағыл­шын тілділер, оларды австралиялықтар деп то­лық айтуға болады, өздеріне тән құн­ды­лықтары, өмір салты, мінез-құлқы, мәдениеті қа­лыптасқан. Бертін келе, ХХ ғасырдың 70-жыл­дары демографиялық дағдарыс және эко­но­миканың дамуы шетелдің жұмыс күшін пай­далануды талап етті. Австралияға ағылып араб­т­ар, вьетнамдықтар, қытайлықтар, басқалар қоныс аудара бастады. Оларға қойылатын басты талап – Конс­титуцияны мойындау, ағылшын тілінде сөйлеу. Қоныс аударушылардың мәсе­ле­леріне бай­ланысты мемлекет қыруар қаржы бөлді: ұлттық тілдерде кітапхана, мектеп, БАҚ жұмыс істеді. Бүгін Австралияда радио 68 тілде, теледидар 60 тілде хабар таратады. Бұл аздық етіп, диаспораларға парламентте, үкіметте, оқу орын­дарында квота бөлінді, диаспора кәсіпкерлеріне салықтардан жеңілдік берілді. Австралияға қоныс аударушылардың саны одан сайын көбейді. Енді бюджет оларға деген шы­ғынды көтере алмайтын жағдайға жетті. Елде қылмыс көбейді және ол этностық сипат алды: вьет­намдықтар героин сатумен, арабтар әйелдер сату­мен айналысса, қытайлықтар мемлекеттегі ла­уазымды қыз­меттегілермен ауыз жаласып, қыл­мыстық топтар құрды. Сонымен бұл ұлттық сая­сатқа елдің басым көпшілігі қарсы болды, се­бебі, бірте-бірте байырғы еуропалықтар шет­тетіле бастады, елді сенімсіздік пен күдік жайлады, ал диаспоралар Австралия мем­ле­ке­ті­нің тұтастығын ұмы­тып, өзара бәсекелестікке түсті.

Біз бұдан қандай қорытынды жасауға тиістіміз?

Біріншіден, сөз жоқ, диаспоралардың этно­мә­дени, әлеуметтік мүдделерін ескермеу деген ой ту­ма­са керек. Сонымен бірге ұлтаралық келісімнің, сый­ластықтың шегі бар ма деген сауал туады. Әри­не, бар. Келісім келісімпаздыққа, басқа ұлт­тардың қамы үшін өз ұлттық мүддеңді құрбан ету­ге, тіпті бара-бара өз ұлтынан безуге дейін апарса, ол ұлтқа қауіп туғызады. Өзімшілдік, жабайы ұлт­шылдық, тағылық қандай қатерлі болса, шамадан тыс ымырашылдық та сондай қауіпті. Мұндай тым ымырашылдықты “ұлттық альтруизм” дейді. Басқа адам­дарды қаншалықты сыйлағаныңмен, олар өзің­нің туған анаңдай, әкеңдей, бауырларыңдай, ба­лаларыңдай бола алмайтыны сияқты, өз ұлттық құндылықтарыңның орны бөлек. Орыс тілі екінші ана тілі деп таңылғанымен, ана тілі бола алмайды.

Екіншіден, австралиялық либералдық келі­сім­нен туатын тағы да бір сабақ: жалпымемлекеттік және ұлттық мүдделерді үйлестірудің маңыз­ды­лы­ғы. Ізгі ниетпен диаспоралардың мүддесін қорғау, бір жағынан, өзара бәсекелестік туғызса, екінші жа­ғынан, оларды байырғы халыққа қарсы қойды. Диаспоралар байырғы ха­лық­тың төңірегінде топ­тас­пады.

Үшіншіден, бұл ке­лісім­нің тағы да бір сабағы: оң­ды-солды қоныс аудару­шы­лар­ды қабылдау, визалық тәртіпті босаңсыту мемлекеттің алдынан қатер туғызады, азаматтықты бергенде адамның білімі, жасы, мамандығымен қатар, олардың елдегі ұл­таралық ахуалға ықпалы, бейімделу мүмкіндігі жөнінде ойлаудың қажеттілігін ескертеді.

Осы орайда тағы да бір келісімнің моделіне көңіл аударсақ. Оны демократиялық модель деп айтуға тұрарлық, кейде оны америкалық модель деп те атайды.

1960 және 1970 жылдардағы Америкадағы нә­сіл­шілдікке қарсы күрес барысында африкатекті аме­рикалықтарға түрліше квота берілді: Конгреске өту­ге, оқу орындарына түсуге, жұмысқа орналасуға. Ке­йін бұған қарсы шығушылар көбейді, тек нә­сіліне байланысты конгрессмен болу, оқу орнына түсу, жұмыс алуға африкатекті азаматтардың өздері де арлана бастады. Соның бірі, бүгінгі АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс: “Мен барлығына өзімнің еңбегіммен қол жеткіздім. Неге мен түсімнің өзгеше болғандығынан артық­шы­лық­қа ие болуым керек?” – деді. Америкалықтар белгілі бір ұлтқа, нәсілге, гендерлік саясат деп әйелдерге квота беруге қарсы. Тіпті африкатекті азамат африкатекті дәрігерге емделмейтін болды. Себебі, ол дәрігер квотамен оқыған, оның біліміне күдік көп. Квоталық жүйе, америкалықтардың ай­туын­ша, шынайы демократиялық қоғам стан­дарт­тарына қайшы, себебі квота өзгелердің құқын шектейді. Сондықтан олар барлығын саяси рынок, еңбек рыногы шешсін дейді. Бұл, әрине, екінші жағ­ынан, квотасыз келгендердің барлығы лайықты, беделді дегенді білдірмейді.

Әлеуметтану ілімінде демократиялық модельдің қос сәйкестілік (двойная этничность) үлгісі де бар: аза­маттығын қабылдап, өмір сүріп отырған елдің тіліне, мәдениетіне, заңына артықшылық бере оты­рып, өз тегіңді сақтау. Мысалы, Еуропада мемлекет ұлт­тық-мәдени орталықтар құрмайды, ұлттық сәй­кестілігін сақтау (тілін, мәдениетін, дәстүрін) – әр адамның жеке басының мәселесі. Бірақ өмір сүріп отырған мемлекеттің тіліне, мәдениетіне бейімделу міндетті, ол, сөз жоқ, ұзақ уақытты, ұлттардың бір­те-бірте жан-дүниесінің жақындауынан туындайды. Мысалы, Германияда өмір сүріп жатқан қазақтар тек қазақтар ғана емес, неміс қазақтары. Германия мектептерінің ерекшеліктері де бар, білім неміс тілінде болғанымен, қосымша ұлттық тіл оқытылуы мүмкін. Сондай-ақ постсоветтік кеңістікте бүгін Өзбекстанда өзбек орыстары, Грузияда грузин орыстары, Украинада украин орыстары, Эстонияда эстондық орыстар қалыптасып, олардың мем­ле­кет­тік тілдері ұлтаралық тіл қызметін атқара бастады.

Ұлтаралық келісім үлгілерінің біз үшін та­ғылымы мол, ең бастысы келісім мықты, берік мемлекеттілікке негізделген.

 

Ұлтаралық келісімнің қазақстандық моделі

Қазақстандық моделді демократиялық келісім моделі деуге болады. Тәуелсіздік алған тұста ха­лықтардың басым көпшілігінің санасында Ресей тер­риториясының жалғасы ретінде қабылданған Қа­зақстан бүгін әлемге белгілі дербес мемлекет болып танылды, Қазақстан халқы деген қауым­дас­тықтың іргетасы қаланды. Дегенмен, қазақстандық келі­сімнің негізі – қазақстандық азаматтықты қабылдау әртүрлі жағдайларға байланысты еді, жеке бастың іштей таңдауымен қатар, амалсыздан Қазақстанда тұрғандықтан, тарихи отанына оралуға мүмкіндік болмағандықтан қазақстандық болғандар да бар. Сондықтан азаматтықты таңдау мен адам­дардың ішкі көңілі үйлесе бермейді. Советтік мен­та­литеттен арылып, Қазақстан азаматына айналу те­рең психологиялық бетбұрыс, ол бүгіннен ер­теңге өзгере қоятын қадам емес, сондықтан біздегі ке­лісімнің әр түрлі деңгейлері бар.

1. Немқұрайлы, селқос келісім. Бұл келісім ұлт­тық мүдделерге парықсыздықпен қарауды, тал­ғау­сыздықты, советтік идеологияның ұлтқа жо­ға­ры­дан, селқостықпен жүргізген саясатын жал­­ғас­ты­ра­ды, өз ұлтының тағдырына бей-жай қарайды. “Әй­теуір тыныштық болса – болды”, – деушілер бұлар.

2. Мүсіркеушілік келісім. Ұлттық мүдделерге тү­­сі­нікпен қараған болады, қолдаған сыңай та­нытады. “Қайтсін, қазақтар да ел боламыз деп жатыр ғой”, дейтіндер бұлар.

3. Көнгіш, жалтақтық келісім. Бұл жоғарыда ай­тылған ұлттық альтруизм, бір ұлтты екінші ұлтқа икем­деу. Мысалы, қазақтардың орыс тілін білуі тү­сінікті, заңды, ал басқа ұлттарға қазақ тілін меңгерту талабы олардың құқын бұзу деп есеп­­теледі. Сондықтан келісу деп, басқаның қасы мен қабағына қарауды ережеге айналдырғанбыз.

4. Демократиялық келісім. Өзіңді-өзің сыйлау, өзгеге де сыйлату, өзгені де сыйлау. Бұл ұстараның жү­зінде тұрғандай, қиындықтары мол, бірақ ең әділ ке­лісім. Қазақстан халқы бүгін осы келісімге бе­йімделуде.

Әлемдік тәжірибеде шынайы келісімнің не­гіз­дері мыналар:

тамыры терең ортақ тарих;

ортақ тіл;

бірлесудің, сыйласудың негізіне айналған ортақ саяси, экономикалық, құқықтық мәдениет;

ортақ мақтаныш, намыс, елдің тағдырына ортақтасу.

Қазақстандық патриотизмнің де нық негізі, іргетасы осында. Бұл құндылықтар диас­по­ра­лар­дың ұлттық мүдделерін сақтауға кепіл бола алады. Оған қол жеткізу, өзара келісімге, ықыласқа, шынайы ниетке байланысты, оған уақыт та керек.

Бүгін Бельгия, Канада, Уругвай, Нигерия және бас­қа да елдер ұлтаралық келісімге жарым-жа­р­ты­лай қол жеткізсе, Малайзияда демократиялық мо­дель 1969 жылы малайлықтардың сан жағынан елде азшылығына байланысты сәтсіздікке ұшырап, ке­йін қол жеткізе бастады. Біржола алаңсыз келісім ор­натқан мемлекет жоқ. Қазақстанның да ұлт­аралық тұрақты келісімді нығайтуы бірқатар іргелі істерді талап етіп отыр.

 

Қайшылықтар мен қақтығыстар туралы

Қайшылықтар ұлт табиғатына тән, себебі “біз” бен “олар”, “өзіміз” бен “өзгелер”, “бөтендер” ұлт психологиясына тән қайшылықтар. Оның үстіне біз күрделі, тарихи қайшылыққа толы елдің мұ­ра­ге­ріміз. Орыс тілі, мысалы, бір жағынан, қа­зақ­тарды әлемдік ғылым мен мәдениет жетістіктеріне жет­кізсе, екінші жағынан, оларды ана тілінен алыс­татты, оқшауландырды. Тың және тыңайған жер­лерді игеру, бір жағынан, экономикалық, әлеу­меттік мәселелерді шешсе, екінші жағынан, өз елін­де қазақтарды азшылық ұлтқа айналдырып, тіл­дік ортаны ыдыратты. Осы және басқа қайшылықтарды күнделікті санада ақыл-парасат таразысына салып саралаудан гөрі біржақты түсіну орын алады.

Сондықтан ұлтаралық қатынастар талассыз, тартыссыз дамиды деу – утопия. Бұқаралық ақ­па­рат құралдары “Қазақстанда ұлтаралық қай­шы­лықтар жоқ және болмайды” деп кесіп айтып жа­тады. Шындығында, ұлтаралық қатынастар ахуалы қоғамдық қатынастардан туындап, әртүрлі қай­шы­лықтардың пайда болуына, олардың шиеленісуіне де, шешілуіне де негіз болады. Қайшылықтар әсі­ресе әлеуметтік, экономикалық салаларда көрініс алады. Мысалы, ел экономикасында ұлттық фак­тор әртүрлі қырынан көзге түсіп отыр. Қазақ­тар­дың ауылдық жерде қоныстануы, олардың ара­сын­да жұмыссыздықтың басымдығы, қалалардағы бас­па­насыздардың да денінің қазақтар болуы, өнер­кәсіпте де жұмысшылардың кәсіби деңгейінің төмен тобы негізінен қазақтар екендігі, жоғары бі­лікті жұмысшылардың, инженерлердің, менед­жерлердің қазақтар арасында аздығы, сөз жоқ, байырғы халықтың көңіл-күйіне өзінің жағымсыз әсерін тигізеді.

Сонымен қатар, нарықтық экономиканың ұлтаралық қатынастарға әртүрлі ықпалына әлі назар аудара алмай жатырмыз. Елді меншік иелігіне қарай әр түрлі топқа бөлу нарықтың заңдылығы: жер, қаржы, кәсіпорындар, жалпы байлықтың ұлттар арасында әділ бөлінбеуі араздық туғызады. Ұлттардың білімінің деңгейі, өмір жасының ұзақтығы, материалдық игіліктерге қол жеткізуі, демографиялық жағдайы, тіпті қылмыс­­тылығы да халық арасында әр түрлі ахуалға негіз болады. Сондай-ақ жұмыссыздық та, жұмыссыз қалу каупі де бәсекелестік туғызып, басқаларға де­ген сенімсіздік ұялатады. Олардың ұлтаралық қа­ты­настарға ойысуы қиын емес. Қалалық жерде, кө­лікте, сауда және оқу орындарында, мемлекеттік ме­кемелерде ұлтаралық кикілжіңдер, реніштер бай­қалып жатады, кейде тіпті ұлтаралық араздықты әдейі қоздырушылар да бар. Қызбалық отыз жасқа де­йінгі жастардың арасында басымырақ. Өкінішке қарай, біздің статистикалық органдар ұлттардың жағ­дайын қадағалап отыратын ақпаратқа мән бер­мейді, ол қосымша қаржы талап етеді, көптеген шы­ғынға әкеледі деген уәж айтылады. Ал ұлт­аралық қайшылықтар қақтығысқа ұласса, көп шығынға ұшыраймыз. Ұлтаралық келісім қаржыдан да қымбат құндылық.

Ұлтаралық келісімге сыртқы көші-конның ықпалы зор. Сұрапыл көші-қон тасқыны демо­кра­тия­ны, мемлекеттілікті, этномәдени құн­ды­лық­тарды мойындамайтын факторларға айналып барады. Ол ұлттарды бір қазанда қайнатып, жаңа, бұрын-сонды болмаған нәсілге, этностарға, суперэтностарға айналдырады деген болжамдар бар. Оны орыс тілінде “теория диффузии расс и этносов” дейді. Испан тілді қоныс аударушылардан сескенген АҚШ бүгін мемлекеттік тіл туралы мәселе көтеріп, өз тілін қорғай бастады. Арабтар жайлаған Еуропада бара-бара еуропалық халифат болады деп үрейленушілер көбейді. Көші-қон мәселесінде либералды-демократиялық көзқарас елге қауіп төңдіретін жағдайға жетті. Қазақстанға да қоныс аударушылардың (өз тарихи отанына оралған қазақтардан басқа) саны жылдан-жылға көбеюде. Кешегі босқын, бүгін қонақ, ертең аза­мат­тығын алып, өз мүддесін қорғайды, көбейе келе қор­қытады да. Лек-легімен келіп жатқан қоныс аударушылар еліміздегі ұлтаралық қатынастарды одан әрі күрделендіреді. Олардың арасында қылмысты адамдар, талай алаяқтар, отбасынан безгендер көптеп кездеседі.

Ұлтаралық қайшылықтар бірте-бірте қақты­ғыс­тарға ұласуы да мүмкін. Соңғы жылдары еліміздің кейбір аймақтарында дау-дамайлар орын алды. Оларды тұрмыстық талас-тартыстарға қарай ойыс­тыра бердік, бұзақылықтың салдарымен тү­сін­дірдік, ол дұрыс та. Бірақ бұл жерде ұлттық пси­хол­огияны ескеру жөн: ұлттың бір адамын қорлау, зәбірлеу бүкіл ұлттың намысына тиеді. Сондықтан ұлтаралық жанжалдарды ормандағы өртпен те­ңейді. Жел тұрса, ол өрт бүкіл орманды шарпиды. Егер жанжалға қатысушылар екі ұлт өкілі болса, оның жаңғырығы сол ұлттардың арасына тарап, ұлттық намысты қоздырады. Шағын елді мекендегі оқиға бүкіл елді алаңдатады. Онымен қоймай, диаспоралардың шетелдегі тарихи отанына ауысады. Қазақстандағы кейбір жанжалдардың дүмпуі Түркия, Чешенстанға жеткені белгілі. Дау-дамайларды саясаттандыру да, саяси әдептілікті сақтап, шындықты жасыра беру де пайда бермейді. Қақтығыс шағын ортада болса да, ымыраға келмейтін қайшылықтардың бар екендігінен, сол өңірдегі ұлтаралық қатынастардың осал тұстарынан хабардар етіп тұрғанына мән берілуі тиіс. Ұлтаралық жанжалдарға бейім аймақтарда алдын ала этносаяси мониторинг жүргізіліп отырса, артық болмас еді. Қылмыстық топтар, діни бірлестіктер, ұлттық мәдени орталықтар мен саяси ұйымдардың ықпалын қадағалап, этностық топтардың саны мен демографиялық ахуалы, әлеуметтік жағдайын да есепке алу жөн. Бір сөзбен айтқанда, сол елді мекеннің, ауданның дау-дамайға бейімділігін білу керек. Кейбір ауылдық аймақтарда социологиялық, психологиялық сауалдар жүргізу жанжалдардың алдын алуға себеп болады. Егер ұлтаралық қатынастарда өзара сенімнен гөрі үрей басым болса, жағдайдың ушығуы мүмкін. Ал үрей жергілікті биліктің де беделінің төмендігін көрсетеді. Құқық қорғау органдары, әкімдіктердің кейбір қызметкерлері қылмыстық топтармен ауыз жаласып, жемқорлық жайлаған өңірде әділет­сіздіктен түңілген халық өз үкімін шығарып, заңды бұзуға дейін баруы мүмкін. Кейде жергілікті билік қақтығыстардың алдын алуға, олардың салдарын жоюға да дайын еместігін байқатады. Олардың басым көпшілігі халықпен полиция тілімен ғана сөйлеседі. Ал қақтығысқа қатысушылардың психологиясы ерекше. Әр ұлттың өкілі өзін қақтығыстың құрбанымыз деп есептейді, өздерінің іс-әрекеттерін қорғану мақсатымен түсіндіреді, олардың өз ақиқаттары мен болжамдары бар. Олармен өктем үнмен сөйлесуге болмайды. Мемлекеттік органдардың міндеті – екі жақты да тыңдап, намыстарына тимей, терең түсініп, керістірмей келістіруге ұмтылу. Бұл үлкен өнер, шеберлік, кәсіби психологиялық білімді де талап етеді. Сондықтан да болар, кейбір көпұлтты мем­лекеттердің университеттері кәсіби этно­психолог, этносоциолог, этнополитологтар дайындай бастады, “Этноконфликтология” пәні енгізілуде.

Сонымен бірге біздің сот әлі де ұлттардың құқына кепіл бола алмай тұр. Ұлтаралық қатынастарды реттейтін заң әлі қабылданған жоқ. Демократияның шынайы не жасанды екенін ұлт мәселесі көрсетеді.

Еліміздегі ұлт саясатын жаңадан ой елегінен өткізетін уақыт келді. Осы күнге дейін ұлт саясатын жүзеге асыруды көбіне тек барлық диаспоралардың қамын ойлау деп түсініп, қазақ ұлтына көп ұлттың бірі ретінде қарап келдік. Бүгін елімізде немістердің – 49, кәрістердің – 36, татарлардың – 29, славяндардың – 29, чешен мен ингуштардың – 26, әзірбайжандықтардың – 23, ұйғырлардың – 21, орыстардың – 20, украиндықтардың – 19, еврейлердің – 18, поляктардың – 16, түріктердің – 14, гректердің – 12, армяндардың – 11, белорустардың – 10, дүнгендердің – 10, күрдтер мен өзбектердің 8, казачествоның – 6, түрік пен болғар, дағыстандықтардың – 4, қырғыз бен тәжіктердің – 3, қарашай мен балқарлардың, қытайлық пен шуаш, қарақалпақтардың – 2, ассириялық, чех, балтық жағалауындағы халықтар, грузиндер, осетиндер, лезгиндер, ирандықтар, бұйраттар, венгрлер, румындардың – 1-ден ұлттық бір­лестіктері бар. Ол өте орынды. Ал енді Қазақстанда қазақтардың да 40 этнобірлестіктері бар деп жар салу, байырғы ұлттың мәртебесін төмендетпесе, көтермейді. Қазақтар өз елінде кіші ұлт болып отырған жалғыз ғана ұлт. Көптеген мемлекеттерде ассамблеяны кіші ұлттардың ассамблеясы деп атайды, ал мемлекет құрушы ұлттың мүддесі жо­ға­ры тұрады. Қазақ ұлтының қоғамдағы орны мен мәр­тебесін терең түсінбей, тиімді ұлт саясатын ай­қындау мүмкін емес. Еліміздегі күрделі дем­о­графиялық өзгерістер де осыған итермелеп отыр.

1897 жылғы Бүкілресейлік санақ бойынша бүгінгі Қазақстан территориясында қазақтар 81,7%-ды құраған. Белгілі себептерге байланысты 1959 жылы қазақтардың үлес салмағы 30%-ға дейін төмендеді. Тәуелсіздік алған тұста қазақтар еліміздің 40%-ын ғана, орыстар 37,4%-ын құраса, 20%-дан астамын басқа ұлттар құрады. Қазақстанда қазақтарға белгілі бір тілдің, мәдениеттің, діннің, дәстүрдің иесі ретінде көзқарас қалыптаспады, қазақты сыйласа орысша білетін маман, ғалым ретінде сыйлады. Бүгін жағдай өзгерді. Қазақ ұлты еліміздің 60%-ын құрайды, сонымен бірге, басқа ұлттардың үлес салмағы азаюда. 1999-2005 жылдар аралығында түрліше себептерге байланысты еліміздегі орыс, украиндардың, немістердің саны 4,86%-ға кеміген, ал қазақтар мен түркітілді этностардың саны 5,55%-ға өскен. Жуырда қазақтар 70%-дан, тегі бір түркітілді этностармен ел халқының 75%-дан астамын құрайды. Ұлт саясатын бүгінгі демографиялық жағдайға бейімдейтін қажеттілік туды.

Қазақстандағы әр адам өз жеке басының қамын көбірек ойлайды, ал қазақтарды сонымен бірге қазақ ұлтының жағдайы ойландырады. Социо­ло­гия­лық зерттеулер қазақ халқының 15%-ы ғана ұлттың жағдайына қанағат ететінін білдірсе, қалғандардың әр түрлі деңгейде ұлттың жағдайына көңілі толмайды, олардың ішінен 30-33%-ы қазақ мәселесін шешуге белсенді араласуға дайын және бұл топ өсе беруде. Қазақты ойландыратын кедей­шілік, тілінің, мәдениетінің жағдайы, сондықтан ішкі саясатты ұлттық тұрғыдан саралау маңызды болып отыр.

Ауыл мәселесі қазақтың мәселесіне айналды. 5-6 жылда бұл ішкі энергия сыртқа теуіп, белсенді бағыт алады. Қазақ ұлтшылдығы сөздің жағымды мағынасына ие болып келеді. Ұлт саясатына конъюнктуралық, болмашы мән беріп, мемлекеттің даму стратегиясы деп қарамаған елдер ұлтаралық жанжалдарға жиі ұшырап отырған, себебі қайшылықтардың шешу жолын іздемеген. Осы тарихи тәжірибеден біз де ғибрат алайық.

Ұлтаралық ахуалға еліміздегі тарихи ағарту жұмыстарының мардымсыздығы, тарихи білімнің тайыздығы, әсіресе Ресейден тонналап келіп жатқан әдебиеттердегі шындықтың бұрмалануы, ақиқаттан аңыздың басым болуы жағымсыз әсерін тигізуде. Оларға сенсек, орыс империясы қазақ жерін жаулап алған жоқ, иесіз бос жерге орыстар қоныс аударды, тіпті орыс империясы қазақтарды басқыншылардан қорғады деген жалған ақпарат таратуда. Сондай-ақ бүгін патша өкіметінің жазалаушы саясаты туралы шындықты айту ұлтаралық қатынастарды шиеленістіреді деген пікір тарауда. Ол қиянатты оқулықтардан алып тастауға болар, ал халық жадынан қалай алып тастаймыз?

Кейбір оқулықтарда (профессор З.В.Сикевич “Социология и психология национальных отношений”. Санкт-Петербург, 1999) ұлттарды әр түрлі топтарға бөліп, біреуін ұқыпты, ақылды, еңбекқор, таза, тиянақты десе, екінші біреулерін фанатик, діншіл, террорист, соғысқұмар деп көрсетеді. Мейірімді және мейірімсіз, ақылды да ашушаң, қызба да байсалдылар әр ұлттың ара­сын­да кездеседі. Дегенмен, осындай стереотиптер күн­де­лікті тұрмыстық санада кең тараған. Ресей бұқаралық ақпарат құралдарында, ғылыми еңбектерінде бүгін чешендерді жағымсыз етіп көрсетсе, ертең Ресейге ұнамайтын украин­дықтарды, грузиндерді, эстондықтарды және басқаларды да ұнамсыз етіп көрсететіндігін қазақстандықтар білуі тиісті. Біз ол ақпараттың жетегінде қалмауымыз керек. Кезінде әйгілі Махатма Ганди: “Кек адамдарды топас етеді” деген. Біздің қоғам кекшілдіктен, жағымсыз стереотиптерден аулақ болуы керек.

 

Қазақтың жері мен тілі қазақстандықтардың басын біріктіреді

Қазақстан халқын қазақ ұлтының төңірегіне топтастыру –мемлекеттігімізді нығайтудың жалғыз ғана жолы. Ел халқын біріктірудің маңызды факторлары – қазақтың жері мен тілі. Біздің Конституциямыз “Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып” деген сөздермен басталады. Дегенмен, жерге деген көзқарас әртүрлі. Жер – қоғам тіршілігінің көзі, барлық ұлттарға бірдей қызмет ететін өндіріс құралы. Сонымен бірге жердің терең ұлттық мәні бар. Байырғы халық үшін жер – оның тұтас қауымдастық болып қалыптасуының, сақталуының және дамуының негізі. Біздің Конституциямызда “байырғы қазақ жерінде” деп атап көрсетілуі тегін емес. Қазақ ұлты мен оның атамекені біртұтас ұғым. Басқа ұлттардың да өз тарихи атамекені болғандықтан, қазақтай қазақ жеріне байланысты емес. Шетелдегі қазақтардың қазақ жерін аңсағанындай, біздегі диаспоралар қазақ жеріне аңшылыққа, балық аулауға қызығушылық танытқанымен, өз тарихи отандарын аңсайды. Қазақтан басқа ұлттың бұл жер үшін қаны төгілген емес. Колпаковскийлер де қазақтың жерін дербес отарлау үшін ғана күш салды. Енді сол қасиетті жер жеке меншікке айналып, сатыла бастауы қазақтың жанына батады. Шабындық, егістік, жайылым жерлер мен су, көлдер төңірегінде дау-дамайлар көбейе бастады. Қоғамдық пікірде жер мемлекеттің меншігінде болғанда ғана елдің басын біріктіреді деген ұстаным басым.

Еліміздегі күрделі тілдік ахуал да, әсіресе мемлекеттік тілдің мәртебесі ұлтаралық келі­сімге тікелей байланысты. Еліміздегі тілдік идеология, тілдік саясат орыс тіліне, орыс­тілділердің сұранысын қанағаттандыруға басымдық беруде. Солардың көңілін аулап, бабын тауып қана елде сыйластық пен келісім орнайды деген қағида үстем болып келеді. Мемлекеттік тілге іштей қарсыластар да көбеюде. Конституцияның 7-бабының 2-тармағындағы мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады деген тұжырымды кең мағынада қолданып, тең деген сөзді алға тартып, тіпті екі мемлекеттік тіл бар деген ойлар айтылуда. 2007 жылы Конституциялық Кеңес Қазақстан Респуб­ли­касында мемлекеттік тіл біреу – қазақ тілі деп түсінік берді.

 Сонымен бірге қазақ тілінің деңгейі мемлекеттік тіл деңгейіне жеткен жоқ деген де пікірлер айтылады. Әлемде 100-ден астам мемлекеттерде мемлекеттік тіл туралы заң қабылданған, біраз тәжірибе жиналған. Мем­ле­кеттік тілге қойылатын белгілі бір стандарттар мен үлгілер бар:

1. Мемлекеттік тіл көпшілік салада қолданылады.

2. Оны сот ісінде қолдануға айрықша мән беріледі.

3. Білім мен ғылым саласында қолданылады.

4. БАҚ пен жарнама, басқа да халыққа қызмет ететін салаларда қолданылады.

5. Тіл заңын бұзушылыққа қарсы міндетті түрде санкция енгізу бар.

Қазақ тілі – мемлекеттік тіл стандарттарына толық жауап беретін тіл.

Мемлекеттік тілді меңгеруге байланысты қазақстандық қоғам бүгін түрліше жікке бөлініп отыр. Еліміздегі үш қазақстандықтың екеуі өмір сүріп жатқан мемлекетінің тілін терең мең­гермеген. Қазақ этносы, сонымен қатар қазақстандық қоғам бүгінгі күні тілдік қағидат бойынша негізінен қазақ тілді және орыс тілді болып екіге бөлінуде.

Мемлекеттік тілдің өз деңгейінде бол­мауының бір көрінісі – қазақ халқы саны жағынан тұрғындардың 60 пайызынан астамын құраса да, қазақ тілінде ана тілі ретінде сөйлейтін қазақтардың санының төмен болып қала беруінде. Қазақ тілі беделінің төмендігін қазақ ұлтының басым көпшілігі ұлтты сый­ла­мау, оның мәдениеті мен тілінің мәр­тебесін төмендету деп қабылдайды.

Жағдайдың қиындығын қазақтардың өз тілін жоғалтуы, орыс тіліне алмасуы, олардың бір бөлігінің ұлттық сана-сезімі бойынша қазақ болып сезініп, орыс тілін ұлтішілік, тұрмыстық қарым-қатынастарда қолдануы да көрсетеді. Қазақтардың ана тілін меңгермеуі басқа халықтардың қазақ тіліне деген ынтасын одан әрі төмендетіп отыр.

Сонымен қатар, Қазақстан бүгінгі күні тек екі ғана емес, үш тілдің: қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің өзара әрекеттестік алаңына айналғанын атап өту қажет. Іс жүзінде, қазақ тілі екі әлемдік тілмен бәсекелестік бәйгесіне түсті. Бұл бәсекелестік күрес қазақ тіліне оңайға түспейді. Осыған байланысты біздің елде, дүние жүзінің көптеген басқа да елдеріндегідей, тілдің қорғаныс тетіктерін енгізу керек. Өмірге 80 пайыздан астамы орта білімді, 60 пайыздан астамы жоғары білімді қазақ тілінде алған қазақтың жас ұрпағы келеді. Егер қазақтарға қызмет көрсететін өкімет органдары және басқа да мекемелер мен ұйымдар оларға ана тілінде қызмет жасамаса, кейбір көріністері байқала бастаған күрделі мәселелердің ушығуы мүмкін.

Мемлекеттік тілді меңгермеген атқарушы, заң шығарушы, сот биліктерінің өкілдері Конституция тұрғысынан қаншалықты өз лауазымдарына лайықты, қаншалықты заңды деген сұрақтар да туып жатыр.

Тілді таңдау адамдардың мүдделілігіне бай­ланысты. Адамдар жұмысының, мансабының өсуін, тағы басқа талабын қамтамасыз ететін тілді таңдайды. Нарықтың заңы, соның ішінде тілдер нарығының талабы да осындай. Бірақ мемлекеттік тіл – ерекше рухани құндылық. Тілді оның иесі, ежелгі қолдаушысы – қазақтар меңгермесе, оның қайта түлеуі мүмкін емес.

Үкімет мүшелерін, Парламент депутаттарын, мемлекет қызметшілерін, құқық қорғау, бай­ланыс, сот, банк, көлік, сауда, денсаулық, басқа да халыққа қызмет жасайтын салаларды мемлекеттік тілді білуге міндеттейтін уақыт келді. Бұл талапты бірінші кезекте еліміздегі қазақтар мен диаспора жастарына қойған жөн. Бұл міндеттеу ұлтаралық келісімге қайшы емес.

Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына Жол­дауында: “Қазақстанға ұзақ мерзімді тұ­рақтылық, бейбітшілік пен келісім қажет” деген болатын. Ұлтаралық келісім біздің тұрақты дамуымыздың кепілі, оған балама жоқ. Келісім – тарихтың сыйы емес, икемді, байыпты саясаттың, ешкімге бұра тартпайтын, шынайы іс-әрекеттің нәтижесі. Өзара сыйластық, төзімділік пен келісімнің үлгісін біздің еліміз көрсете беретініне сенім мол. 



Авторы: Аманкелді АЙТАЛЫ, философия ғылымдарының докторы, профессор.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат