Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2006-01-19:

Маржанға толы МАТЕНАДАРАН

қорын он төрт күн қопарған ғалымдар мұны жұмыстың жаңадан басталуы деп қана есептейді

 

“Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы бойынша атқарылатын іс-шаралардың ішінде маңызды саналатыны – шет мемлекеттердің мұрағаттары мен кітапханаларынан, сондай-ақ ғылыми мекемелерінен Қазақстан тарихына қатысты тың құжаттар мен деректер іздестіру еді. Ауқымды шараның алғашқы жемістері де көріне бастады. Мамандардың  іссапары Матенадаран қорларын қопарумен жалғасты. Құрамында Ақпарат, мәдениет және спорт министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті бөлімінің меңгерушісі Ғазиза Исахан, Оңтүстік Қазақстан университетінің түркітану орталығының меңгерушісі Сейсенбай Құдасов, Білім және ғылым министрлігі Сүлейменов атындағы Шығыстану институты Орталық және Оңтүстік Азия бөлімінің меңгерушісі Нәпіл Базылхан бар ғалымдар Арарат руханиятынан ел тарихына қатысты көл-көсір мағлұмат тауып оралды.

Армян халқымен қандай қатысымыз болуы мүмкін? Алатау мен Арараттың арасы бір-бірімен қиыспас шалғай кеңістікте жатқаны тағы аян. Таулы аймақтан не жоғалттық деу қисынды десек те, тарих пен тағдырдың көне таңбалары бұл тым үстірт айтылған түсінік екеніне көзімізді жеткізуде. Арменияға археографикалық іссапармен барып қайтқан мамандардың пікірінше, олардың он төрт күн жинаған еңбектері мұрты бұзылмай жатқан мол мұраның тек бер жағы ғана көрінеді. Дүние жүзіндегі армян жазулы қолжазбалар 24 мың болса, тек бір Матенадаранның өзінде ХІ-ХІХ ғасырлардан 14 мың қолжазба сақтаулы екен. Осы сапар барысында сол рухани теңізге мамандар қаншалық бойлай алды, қандай қазына тапты, қанжығалары майланып қайтты ма, міне, осы және мұнан да басқа сауалдарға ақпарат және мұрағат комитетінің бөлім меңгерушісі Ғазиза ИСАХАН жауап берген еді.

 

– Ғазиза ха­ным, “архив” де­ген нәрсені жұрт сөрелерін шаң қауып, тек сар­ғай­ған қағаздар мен құжаттар сақ­талған, ілуде бір де­рек іздеген ға­лым бас сұқпаса, қалған уақытта іші құлаққа ұрған та­надай, мүлгіп жат­қан әйтеуір бір көп мекеменің бірі деп ойлайды. Шын­дығында қалай?

– Қазір олай ойлау өте қате. Әсіресе, соң­ғы жылдары мұрағат алыс-жақын шет ел­дер­ден табылған тың құ­жаттармен байи түсті. Ел дәу­леті өсумен бірге жер-жердегі ру­ха­ни дүние­лері­мізді іздеп-тү­гендеуге бет бұр­дық. Осыдан он жыл бұрын Фран­ция универ­си­те­тінен, Каир кітапханасынан, Қытай жылна­ма­сынан қазақ хал­қының тарихы мен тағдырына қатысты құнды деректер табамыз деп сірә ой­лаған ба едік. Ол уа­қыт­та мұны қол жетпес арман кө­ретінбіз. Бүгінде істің негізгі өзегінің бірі осы мәселе деуге болады.

Ел тарихына қатысты құжат­тарды немесе олардың көшір­месін қайтару ХХ ғасырдың 30-60 жылдарында көтерілген екен, бірақ мардымды ештеңе істеле қоймапты. Себебі, шектеулер мен тыйымдар бөгет болған. Қазір енді жағдай да, талап та мүл­де бөлек. Жас мемлекет дің­гегі тереңдегі тарихи тамырымен қуатты. Сол үшін де мұрағат қызметкерлері бұл істі халық­ара­лық деңгейге көтеруге мүдделі. Мәселен, бізде ХV-ХVІІІ ға­сыр­лардағы қазақ хандықтарының, саяси, әлеуметтік және эконо­микалық тарихы мен ішкі және сыртқы саясаты туралы мәлімет жоқтың қасы. 1918-1920 жыл­дардағы азамат соғысы, Алаш қоз­ғалысы, Оңтүстік Қазақ­станның даму жылдары жайында деректер де толық емес. Қазақ­станды төңкеріске дейін және ке­ңестік кезеңде басқаруды ұйымдастырудың ерекше­лік­те­ріне байланысты тарихи құ­жат­тардың елеулі бөлігі шекаралас аймақтардың мұрағаттарында қалып қойған. Басым көпшілігі Ресей мен Өзбекстанның мұ­рағаттық, ғылыми мекемелерінде сақтаулы. 2002-2004 жылдары мұра­ғатшылар мен ғалымдар Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петер­бург, Омбы, Орынбор, Уфа қа­ла­ларында 30 мыңнан астам істің тізімін жасап қайтқан болатын. Ресейдің федералды 5 мұраға­ты­мен 11 миллион теңгеге келісім-шарт жасалып, 104643 кадр мик­ро­фильм, 7848 ксеро, 7341 ри­дер­принтер, 1819 кадр фото­түп­нұсқа, 109 түрлі-түсті слайд түріндегі көшірмелер алынды.

– Жақында Армения мұрағат­тары мен ғылыми мекемелерінен де қомақты қор табылды деп есті­дік. Матенадаран ғылыми-зерттеу институтындағы қолжазбаларды бір іссапарда түгел қамту мүмкін емес екен. Осы туралы толығырақ айтып берсеңіз.

– Әлемдік мәдениеттің елеулі бөлігі Матенадаран көне қолжазбалары ғылыми-зерттеу институтында сақтаулы. Қорда мыңдаған қолжазбалар мен құнды құжаттар жинақталған. Біз, әрине, одан бірінші кезекте Қазақстан мен Орта Азияның тарихына қатысты деректер мен ғылыми қолжазбаларды, әде­биет­тер мен басылымдарды із­деуге мән бердік. Ондағы жалпы деректерді былай жүйелеуге болады: V-ХV ғасырлардағы армян тілінде жазылған деректер, ХVІ-ХVІІ ғасырлардағы армян жа­зуымен қыпшақ тілінде, сондай-ақ араб, парсы, түрік тілдерінде жазылған еңбектер. Орталық Азия тарихына қатысты V-Х ғасырларға дейінгі деректер парсы, иран, Кавказ аймағы, Византия араларындағы түрлі қарым-қатынастарға арналған мәліметтермен қанықтырады. Мәселен, М.Хоренацидің еңбе­гінде “Скифияда” тұратын 44 ха­лықтың аттары аталып, олардың айналысатын кәсіптері сурет­те­леді. Скифия Еділден басталып, Шын еліне дейінгі аралықта кө­сіліп жатқанын, ал соғдылардың Арий мен Түркістан аралығын мекендейтінін көрсеткен.

– Армян қолжазбаларынан тікелей қазақтарға қатысты қандай деректер таптыңыздар?

– Армян тарихшыларының ішінде Орта Азия мен қазіргі қазақ жері туралы ең көп мағлұмат беретіні – К.Гандзакецидің “Ар­мения тарихы” атты еңбегі. Моң­ғолдар Солтүстік Кавказды жаулап алған соң, Киликия патшасы орасан сый-тартумен Алтын Орда ханы Батуға барады. Батудың айтуы бойынша келесі жылы Ұлы Хан ордасы Қарақорымдағы Мөңке ханға жол тартады. К.Гандзакеци өз еңбегінде Гетум мен Спарапеттің жол­жазбаларын кеңінен пайдалан­ған. Бұл еңбектерде моңғолдардың Орталық Азияны жаулап алуы, олардың ата-тегі, қазақ жеріндегі қала мен жер-су атаулары молынан кездесіп отырады. Мысалы, Оты­рар, Сауран, Сығанақ, Қарашық, Ертіс, Іле, Еділ, т.б.

– “Гетум жолжазбасы” туралы не айтасыз?

– Бұл ең алғаш ХІІІ ғасырда көне француз тіліне, ал кейін 1842 жылы көне армян тіліне аударыл­ған еңбек. Жалпы осы кезеңге қатысты армян тарихшылары өте көп жазған. Бір өкініштісі, олар өзге тілдерге аударылмаған. Бұл ретте К.Патканов, А.Гальстян, Н.Марр, Л.Тер-Мкртичян, т.б. аталмыш жазба жайында зерттеулер жүргізіп, қыруар құнды еңбектер қалдырған. Матенадаран қорында­ғы армян жазулы қыпшақ ескерт­кіші – 9. Олардың толық жарық көрмеген үшеуі әсіресе, қазақ тілі та­рихы үшін маңызы зор елеулі ең­бектер болып табылады. Ал, оның ішіндегі 2267 нөмірлі қолжазба 1581 жылы Лусиг Саркаваг жазған қыпшақ тілінің грамматикасы екен. Оны асыл мұраның арасынан тауып, ғылыми бөлімге өткізген – М.Маштоц атындағы ғылыми-зерттеу институтының директоры С.Аревшатян мырза. Осы грам­мати­каны келешекте ғылыми са­раптаудан өткізіп, қазақ ғалым­дары­мен бірге жұмыс істеуге ол келісімін берді. Көлемі 353 беттік поляк және армян-қыпшақ сөздігі өз алдына бір төбе. Сөздік таза қыпшақ тілінде, ол арқылы армян тілінің грамма­ти­касына, космоло­гия­ға қатысты деректерге қаны­ға­сыз. Тоғыз жазба ескерткіші көлемі мен мазмұны жағынан әр алуан, бір-бірін қайталамайды. Біразы шағын коллофондар болса, кей­бі­рін­де қыпшақ тіліндегі жыл атау­ла­ры армян тіліне аударылған. Ол қазіргі қазақ тілімен кейбір фоне­ти­калық ерекшелігі жағынан ұқсас әрі үндес келеді. Бұл ескерткіштер түркітану ғылымында бұрыннан мәлім болғанымен, тарихи-лин­гвис­ти­калық, этнографиялық тұр­ғыдан толық зерттеле қойған жоқ.

– Армян-қыпшақ қолжазбалары қай жерде дүниеге келген?

– Негізінен олар Украина, Львов, Каменецк, Подольск сияқты Шығыс Еуропа елдерінде, Мол­до­ва­да, Иерусалимде жазылып, Арме­ния жеріне кейін жеткізілген. Бұл жазбалар “армян қыпшақтары” деп ата­латын этностық топтың тілі мен тарихынан, этнографиясы мен дү­ниетанымынан мол мағлұмат бе­ретін еңбектердің бір парасы болып саналады. Армян-қыпшақ тіліндегі көлемі 17500 бетті құрайтын 28 акті кітабы бүгінде Киевтің мемлекеттік тарихи архивінде сақтаулы.

Ортағасырлық қыпшақтар тілін­де жазылған деректер әр дәуірде, сон­­дай-ақ әр жерде түрлі әліпби­лер­­мен хатқа түсірілген. Олар: араб жа­зуымен жеткен Алтын Орда, Хорезм және мәмлүк қыпшақ­тары­ның тілінде жазылған мұралар мен ХV-ХVІІ ғасырда армян жа­зуы арқылы қалған армян-қыпшақ жазбасы. Бірақ та қыпшақтану ғы­лымында армян-қыпшақтардың этникалық тегі күні бүгінге дейін толық айқындалмай отыр. Олар кімдер еді? Қыпшақ тілін меңгер­ген армяндардың жазып қалдырған мұрасы ма, жоқ әлде, тағдыр ай­дауымен христиан дінін қабылдауға мәжбүр болған қыпшақтардың үлесіне тиесілі дүние ме, бұл жағы әлі де күңгірттеу.

– Тіпті олардың бір селосы “қыпшақ” деп аталады дейді ғой. Осы рас па?

– Іссапар барысында Арме­ния­ның Ширак облысы Артик қала­сының жанындағы (бүгінде Арич) 1946 жылға дейін Қыпчаг аталған селода болып, Қыпшақ монастыры жазуларымен таныстық. Оның қабырғасындағы шіркеу крестінің тұғырында: “Память отцы Алексана Костан из Кыпчака святой Оства­дца­цзин (1693)”деген жазу болған. Ал 1983 жылы күмбезге жөндеу жұмыстарын жүргізген кезде бұл кресті алып тастап, орнына жаңасы қойылыпты. Бүгінде әлгі крест Арич мұражайында сақтаулы екен. Жергілікті халық селоны әлі күнге дейін бұрынғы атымен атап жүр. Сондай-ақ тағы бір ғажап жағдай – Ереван қаласының шетінде “Касах” атты елді мекен мен өзен бар. Осындай қызық деректер орта ғасырлық қыпшақтардың Армения тарихындағы рөлі мен атқарған қызметінің жаңа қырларын аша түсу мақсатында зерттеулер жүргізу қажеттігіне көз жеткізеді. Жергі­лік­ті ғалымдар мен осы аймақтың халқы мұның сырын ХІІІ ғасырда бұл жерді мекендеген қыпшақ­тар­дың өмірімен байланыстырады. Бұл ретте ендігі істің кезегі өзімізге тіреліп тұрғандай екен. Ол үшін не істеу керек? Армян тілін­дегі қол­жаз­балар мен еңбектерді қыпшақ­тану тұрғысы­нан зерттейтін ұлттық мамандары­мызды даярлайтын кез жеткен сияқты. Бұл тек қазақ та­рихы үшін ғана керек десек, қате­лесеміз. Мұн­дай мақсатты істің Қа­зақ­стан мен Армения арасындағы мә­дени қа­рым-қатынастарды ны­ғайтуға сеп­тігін тигізері сөзсіз. Мә­селен, Арме­ния ғылымына түр­ко­лог ма­мандардың қажеттігі өзекті мәселе ретінде алға тартылды. Он­да­ғы Ұлт­тық университет бізбен осы қа­зір-ақ магистрант алмасуға дайын.

– Сонда олардың көбі әлі толыққанды зерттелмеген бе?

– Бір ғана Матенадаран қо­рын­да парсы, араб, осман, түркі, ша­ғатай, әзірбайжан және басқа да шығыс халықтары тілдеріндегі 2 мыңнан астам сирек қолжазбалар сақтаулы. Сағди, Жәми, Низами, Фердоуси, Омар Хайям жырлары, небір әдеби, діни шығармалар, философиялық, медициналық, грам­матикалық еңбектер мен заң­дар жиынтығы, сөздіктер, геогра­фиялық жазбалар жеке-жеке ғы­лы­ми түйіндеуді күткен құндылықтар. ХV ғасырда жазылған “Зафарнаме”, “Розвад-ус-суфа”, ХVІІІ ғасырда көшірілген “Тимурнаме” қолжаз­ба­лық кітаптарда Шыңғыс хан, Әмір Темір, олардан кейінгі де бірталай билік иелері мен мұсылман мемле­кетінің тарихы баяндалады. Осы дүниелердің басым көпшілігі толық­қанды зерттелмеген. Тіпті кейбір тарихи қолжазбалардың авторы, мерзімі, жазылған тіліне дейін анықталмаған. Шығыстану саласындағы парсы, араб тілде­ріндегі еңбектердің молдығы тәнті етеді. Олардан Құлағу, Абаға, Әмір Темір дәуірлеріне қатысты тарихи құнды деректер табасыз. Ал енді көне ұйғыр, моң­ғол жазулы құжаттар көзі­міз­ге түсе қоймады.

– Ауқымды іс-шаралар енді ғана басталатын түрі бар. Бірінші кезекте нені қолға алған ләзім?

– Маштоц атындағы ғылы­ми-зерттеу институтының ға­лым­дарымен бірге “Қыпшақ тілінің грамматикасын” жария­ла­мақ ойдамыз. Оған Сен Арев­шатян келісімін берген. Онан кейінгі тағы бір маңызды нәрсе –V-VІІ ғасырларда армян авторлары түрлі тақырыптарға қалам тартумен бірге көршілес араб, грек, парсы, латын, славян халықтары тілдерінен құнды шығармаларды өз тілдеріне аударып отырған. Міне, осы мұраның қалың қатпарына еркін енер армянтанушы ғалымдар керек. Армения ұлттық универ­си­тетінің проректорлары А.Ма­но­гиян мен А.Вирабян біздегі оқу орындарымен магистрант, стажер алмасуға дайын екенін айтты. Енді осы мә­селені Білім және ғылым ми­нис­трлігі көп ке­шіктірмей шешіп, жоғары білімді түр­колог маман­ды әлгі универ­ситетке 2006-2007 оқу жы­лын­да жі­берсек, нұр үстіне нұр болар еді.

– Есілдің сол жағалауынан ежел­гі сәулет өнері үл­гі­сімен салынып жатқан Мұрағат ғимаратының ерекше сәні сүйсінтеді. Елорда­ның жұрт көзіне тез түсер орталық тұсы­нан қоныс тебуі де сірә, бекер емес шығар. Өткеніміз бен та­рихы­мызға құрметтің мұнан басқа тағы қандай үлгісі болуы мүмкін? Оның ішкі мазмұнын ашатын көп дүниелер шет елдерден әкелінуде деп естиміз. Бұл қандай олжалар?

– Франция, Түркия, Египет елдеріне іссапармен барғанда тапқан рухани олжамыз көл-көсір деуге болады. Франциядан Мұстафа Шоқайдың мұрағатын, АҚШ-тың Стэнфорд универси­те­тінен 1917-1918 жылғы азамат соғысына, екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі әскери тұтқын­дарға қатысты құжаттардың көшірмесін, Түркиядан Османлы мемлекеті мен Түркістан хан­дық­тары арасындағы байла­ныстарды айғақтайтын, Ресейдің қол астындағы мұсылман халық­тарының тарихына қатысты 229 құжат әкелінді. Осы жерде айта кететін тағы бір нәрсе – Ос­манлы архиві түбіне бойлатпас терең әлем екен. Ондағы мұрағат мұхитынан керек маржандарды сүзіп алуға айларды, тіпті жыл­дарды сарп етсеңіз де еш өкін­бейсіз.

Египет Араб Республикасы­ның Каир қаласындағы Дар аль-Кутуб кітапханасының ұлттық архиві, Араб қолжазбалары мен зерттеу институты қорларынан тарихымызға қатысты ғылыми маңызы бар қолжазбалар мен деректер тізімі жасалды. Өзбек­тер 1996 жылы Әмір Темірдің туғанына 660 жыл толуын атап өтер тұста Каирде тұратын атақты ғалым, араб, парсы, түркі тілдерінің маманы Насрулла ат-Таразимен байланыс жасап, Мысыр архивтері мен кітапхана­лары­нан Темір туралы дерек­тердің библиографиялық көрсет­кішін жасатып алған екен. Ал Насрулла ат-Тарази өзіміздің Таразда туып-өскен жерлесіміз. 1930 жылы әкесімен Ауғанстанға өтіп, одан әрі Мысырдан бір-ақ шығады. Өмірінің соңына дейін Мысыр ұлттық кітапханасының шығыс бөлімін басқарады. “Ел­ден ұзақ жат жерлерде қалармын ба, Ұлық жұртым, сені қайтып көрермін бе?” деп жазған ғалым мұрасы атамекеніне алып ке­лін­ді. Ондағы елші Бағдат Әмреев өз қаржысына “Атқа міну мен әскери құралдарды жетік мең­геру”, “Заһердің өмірбаянында көрсетілмеген оның жақсы қасиеттері”, “Сағынғанның көк­жиекте қыдыруы”, “Бейбарыс патша жолындағы гүлденген бақ” тағы да басқа 23 қолжаз­ба­ның микрофильмдері мен кө­шір­мелерін сатып алып, Ұлттық мұрағат қорына табыс етті. Египеттіктердің Қазақстанға байланысты кей құжаттарды тіп­ті тегін берген де кезі болған еді. Ұлыбританиялық коллекционер М.Басхановтан “Яш Түркістан” журналының 1931-1936 жылдар аралығындағы 67 нөмірінің түп­нұсқасын демеушілердің кө­ме­гімен сатып алдық. Ал түркия­лық отандасымыз, тарихшы ғалым Абдулақап Қара 1927-1931 жылдар аралығындағы “Иеңи Түр­кістан” журналының көшір­ме­сін сыйлады.

Қаншама құнды­лық­тар орал­ды, әлі де осы қар­қын бәсең­сі­мей­ді деп ойлаймын. Ендігі қа­лып бара жатқан нәрсе – осын­ша қыруар мол мұраны қалай игермекпіз деген мәселе. Жиып-тергенді ғылыми айна­лыс­қа тү­сі­ру, зерттеу, зерделеу – міне, біз­­дің бүгінгі қолға алар зор ісі­міз­дің екінші қанаты осылар бо­луы керек. Бұл екеуі құстың қос қанатындай үйле­сімді сермел­ген­де ғана мұрағат мұратына жетпек.



Авторы: Әңгімелескен Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат