Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2008-09-23:

ЫнтымаҚтастыҚ шекарадан басталады

  

Алғашқы жолаушы Елбасы болды

 

Ақтөбе әуежайына қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанына екі жылға жуықтады. Бүгінде әуежайдың негізгі ғимараттары күрделі жөндеуден өткізіліп, жолаушылар пайдалануына ұсынылған. Ұшақтан түскен Елбасы қос қабатты ғимаратты түгелге жуық аралап, оның жабдықталуымен танысып шықты. Ондағы заман талабына сай өзгерістерді жіті қарап болып, кейбір мәселелерге байланысты өз ойын білдірді. Осынау өзгерістерді зерделеп шыққан Мемлекет басшысы азаматтық авиация ардагер­лерімен емен-жарқын амандасып, олардың хал-жағдайларын да сұрастырды.

– Бұл әуежай Ақтөбе қаласының абыройын асқақтатады, – деді алғашқы болып сөз алған азаматтық авиация ардагері Виктор Линев. – Байқаған боларсыз әуежай Астана мен Алматы әуежайларынан бір де кем емес.

Ақтөбе әуежайы жөнінде Көлік және комммуникация министрі Серік Ахметовтің де пікірін білген едік.

– Елбасына әуежай кешені қатты ұнады. Әуежайды қайта жаңғырту жұ­мыс­тары екі кезеңде жүзеге асырылды. 2004-2006 жылдары әуежайдың ұшу-қону алаңы қайта төселген болатын. Міне, енді әуе­жайдың ғимараты да толық жөндеуден өткізілді.

Министрдің айтуынша, аэрокешеннің жалпы аумағы екі есеге ұлғайтылып, 10800 шаршы метрге жеткен. Бүгінде әуежайдың өткізу қабілеттілігі сағатына 200 адамнан 500 жолаушыға дейін ұл­ғай­тылып отыр. Озық үлгідегі технологияның көмегі арқасында жолаушылар айна­лымын 15-20 пайызға арттыруға болады. Халықаралық ИКАО талаптарына толық жауап беретін әуежай ұшақтардың барлық түрлерін қабылдай алады. Еліміздің қалаларындағы 22 әуежайдың 9-ы ғана халықаралық ИКАО талаптарына сай келеді екен.

Жолаушылардың игілігі үшін күрделі жөндеуден өткізілген Ақтөбе әуежайына жұмсалған қаржы көлемі де аз емес – 7 миллиард теңгеге түскен. Құрылыс жұмыстарының алғашқы кезегін астаналық “К-Дорстрой” компаниясы, қалғанын “Техна-строй” компаниясы жүзеге асырған. 2006 жылдан бастап әуежайдан жылына орташа есеппен 96 мыңға жуық жолаушы ұшып шығады. Тағы бір атап өтетін мәселе, әуежайдың жолаушылар терминалына кіретін автовокзал кешені қайта жаңартылып, әуе вокзалының жаңа ғимаратына аспалы айналма жол және автопаркинг құрылғысының қойылғандығы. Ақтөбе халықаралық әуежайының екінші құрметті қонағы Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведев болмақ.

 

Жаңа балабақшада

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе қаласына келген күні жаңадан пайдалануға берілген 280 орын­дық “Нұрсәт” балабақшасында да бо­лып, тәрбиешілермен әңгімелесті. Балабақша ди­ректоры Раиса Шәлекенованың та­ныстырып өтуінше, мұнда музыка мен спорт залдары, медициналық және тұр­мыстық қызмет бөлмелері, бассейн, ас­хана, тағы басқалар бар. Балалар ойнайтын аулаларға шатыр-күнқағарлар орнатылған, ойын құралдарынан бос жерлерге ағаштар, шыршалар егілген. Ба­лаларды оқытатын, тәрбиелейтін бөл­мелердің өзі үш тілге бейімделіп жа­сақ­талған. Тағы бір ерекшелік, бала­бақшаның үшінші қабатында 140 шаршы метрді құрайтын қысқы бақ та бар екен.

Орталық тәулігіне 12 сағат (сенбі, жексенбі күндерінен басқа) жұмыс істейді. Ал ғимараттың жертөлесіндегі орындар түрлі спорт секцияларын, үйірмелер ұйымдастыруға аса қолайлы. Жалпы алаңы 9 мың шаршы метрден асатын орталық құрылысына 414,5 миллион теңге қаржы жұмсалыпты. Алдағы кезеңдерде облыс аумағында осындай орындар мен орталықтар көптеп салынады.

 

“Ақтөберентген” акционерлік қоғамында

Биылғы форумды алғашында Қос­танай қаласында өткізу ұйғарылған еді. Кейін аталмыш форум Ақтөбе қаласында өтетін болды. Оның өзіндік себептері бар. Өй­ткені, Ақтөбе облысының аумағында шикізат кеніштері жетерлік. Оның қызығын бүгінде еліміз көріп отыр. Бір ғана мысал келтірейік, облыстағы мыс қо­рытатын зауыт биыл 60 миллиард тең­генің, газ өңдеу зауыты 70 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Екіншіден, Ақ­төбе облысы Ресеймен жақсы ин­тегра­циялық байланыстар орнатуды мақсат етіп отыр. Өткен жылы облыстың Ресеймен өзара тауар айналымы 1 мил­лиард 200 мың долларды құраған болса, биылғы жылы 2 миллиард долларға жетеді деп күтіліп отыр.

“Ақтөберентген” АҚ Қазақстан Республикасындағы медициналық және өнді­рістік рентген аппараттарын шы­ғаратын бірден-бір өндіріс орны болып табылады. Бүгінде акционерлік қоғам сапалы өнімдер өндірудің арқасында елімізге ғана емес, алыс-жақын шет елдерге де таныла бастады. Осыны көріп, жете танысқан Елбасы акционерлік қо­ғамның инновациялық бағдарла­маларды енгізуге батыл қадамдар жасап келе жатқанын атап өтіп, еңбеккер қауымға табыстар тіледі.

Бүгінде кәсіпорын Қазақстан ішкі рыногын, Ресей мен ТМД елдерін қажетті аппаратуралармен қамтамасыз етіп келеді. Қазақстан Республикасының Индус­триялық-инновациялық даму страте­гия­сын жүзеге асыруда нақты жобаларды қолға алды. Қазіргі кезде жыл сайын 2,3 миллиард теңгенің өнімін өндіріп келеді. Ал өндіріске тартылған инвестиция көлемі 30 миллион доллар болды.

 

Кешендегі келісті істер

Елбасы түске дейін “Алатау” сауда ойын-сауық кешенінде болды. Жалпы алаңы отыз мың шаршы метрді алып жатқан кешендегі сауда, қызмет көрсету, тамақтандыру, ойын-сауық орындарын аралап көрді. Мемлекет басшысы сау­да­дағы жергілікті ауылшаруашылық тауар­ларын өндірушілердің өнімдерінің ба­ға­ларымен танысып, олардың көп сауда орын­дарына қарағанда арзан екеніне көз жеткізді.

Сауда кешенінің құрамына кіретін “Гросс”, “Сулпак”, “Мегастрой” супер­мар­кеттері желісінің жұмысымен та­нысты. Сауда кешені осы заманғы кон­ди­ционерлік желімен және желдеткішпен жабдықталғанын көрді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бала­лар­дың ойын алаңын аралап, танысты. 30 млн. АҚШ долларына салынған “Алатау” сауда ойын-сауық кешенінің қызмет көрсету сапасына ризашылығын білдірді.

Көптеген қызмет түрлерін ұсынатын кешен қалалықтардың жиі келетін орнына айналуда.

 

Жыл өткен сайын байланыс тереңдей түсуде

Қазақстан мен Ресей арасындағы ын­ты­мақтастыққа ешқашан салқын түскен жоқ. Қайта жыл өткен сайын екі елдің бай­ланыстары жарасым тауып, тереңдеп келеді. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ре­сей Федерациясының Президенті Дми­трий Медведевтің Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңірлері басшыларының V фо­румы аясындағы кездесуінен кейін мем­лекеттер басшылары “Жоғары технология – өңірлерге. Шекарадағы ынты­мақ­тастық” атты қазақстандық-ресейлік тауар өндірушілердің көрмесін тамашалады.

 

Имандылық үйлерінде болды

Біздің елімізде дінаралық татулыққа барынша назар аударылып келеді. Соның тағы бір мысалын Ақтөбедегі Әулие Никольск православие храмына барғанда тағы байқадық. Храмның аумағы әудем жерді алып жатыр, сырты қоршалған, алаңға тал-теректер отырғызылған. Ар­найы адамдар күтіп-баптайтын көрінеді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан На­зарбаев пен Ресей Президенті Дмитрий Ме­дведев алдымен храмда, одан соң Ақтөбе облыстық мешітінде болды. Мешіт пен храм алдына жиналған жұрт­шы­лықпен аз-кем пікір алысты.

Көршілес екі елдің басшыларын жаңа мешіт маңына жиналған он екі мыңнан астам ақтөбеліктер ду қол шапалақтап қар­сы алды. Еуразияда теңдесі жоқ еңселі де сәулетті мешітті аралап көрген пре­зиденттер жиналған халыққа жақындай түсіп, ардагерлермен тілдесті. Небәрі 2 жыл 6 айдың ішінде салынып біткен мешіт қалаға абырой әперетін имандылық үйі болғалы тұр. Еуразия кеңістігінде мұн­дай мешіт жоқ көрінеді. Тіпті, Қазандағы мешіттен де бұл үлкен. Оның ұзындығы 33, ені 33 метр екен. Жаңа мешіттің ұзындығы мен көлденеңі 40 метрден. Яғни, 7 метрдей кең. Бұл мешіттің ішінде 3 мың адамдық намазхана бар. Соның ішінде 2,5 мың адам ерлер, сосын әйелдердің галереясы бар.

Мешіттің ең төменгі бөлігіндегі тех­никалық қабатта барлық ком­му­ни­ка­циялық жүйе орналасқан. Мұның өзі 1600 шаршы метр. Бұдан кейінгі нөлдік қабатта 300 орындық асхана жұмыс істейді.

Сондай-ақ осы қабатта медреседе оқитын 25 шәкірттің жататын жа­тақханасы, олардың жуынатын-ша­йы­натын, басқа да қызмет көрсететін орындары өз алдына бөлек. Намазханадан күмбезге дейін 26 метр. Күмбездің асты мозаикамен қапталған. Оған аяттар алтынмен жазылған. Мысалы, Ықылас сүрелері, Құраннан алынған басқа да аяттар бар. Қабырғалардың барлығы солай өрнектелген.

Намазхананың іші өте кең, жайлы. Ауаны тазартатын аса қуатты жүйе жұмыс істейді. Бұған қоса кондиционерлік желі жұмыс істеп тұрады. Екі жерде осындай аса қуатты қондырғы тұр. Қандай ыстықта да, салқында да қажетті, қалыпты температураны ұстап, реттеп тұрады. Мешіттің өзінің дербес газбен жұмыс істейтін қазандығы бар. Алтынмен апталған күмбездің ішінен төмен қарай түсетін 12 метр алтын жалатқан шын­жырға люстра ілінген. Люстраны Чехия­дан алдырыпты. Мешіттің ішінде неке қиятын зал бар. Қайтыс болған адамды арулап, ақырғы сапарға шығарып салу рәсімдерін өткізетін орындар да ес­керілген. Мешіт айналасындағы 3 гектар жерге 145 жасыл шырша егілген.

Мешіттің қарсы алдында субұрқақ орнатылған. Оның биіктігі 20-25 метр. Субұрқақ түрлі түспен құбылады. Мешіт ғимаратының жалпы алаңы – 5367 шаршы метр. Мешіт күмбезінің биіктігі – 38 метр, мұнарасы – 63 метр. Залда 1186 шаршы метр жайнамаздық кілем жайылған. Мешітті салуға 1 млрд. 700 мың теңге қаржы жұмсалды. Бұл қаржы демеушілер мен азаматтардың үлесінен жиналды. Мешіт құрылысы басталғалы

200 мыңнан астам адам қаржы салыпты.

 

Озық технологиялар мен сапалы өнімдер көрмесі

Ақтөбедегі “Қоныс” спорт сарайында Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймақтары басшыларының бесінші форумы аясында ұйымдастырылған екі елдің тауар өндірушілерінің көрмесінде Қазақстан мен Ресейдің басшылары түс ауа болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведев 100 пайыз Ресей капиталының қатысумен ашылып жатқан “Восход Ориел” ЖШС хром кенін байыту тау-кен комбинатының жұмысын бастауды он-лайн режімінде көрді.

Бұл – “Қазақстанның 30 корпора­тивтік көшбасшысы” мемлекеттік бағ­дарламасы аясында жүзеге асырылған жоба. Комбинат сұранысқа және бәсекеге қабілетті хром концентраты өнімдерін өндіреді. Жобаның құрылтайшысы Қостанай облысындағы никель кен орнына, Қырғызстанның және Ресейдің алтын кен орындарына құқығы бар Ресейдің “Мечел” компаниясы болып та­былады. Қазақстан мен Ресей Фе­де­ра­циясы президенттерінің бастамасымен құрылған, халықаралық қаржы ұйымдары болып табылатын халықаралық қаржы институттары және Еуразия даму банкі атынан банкілік консорциуммен несие ке­лісіміне сәйкес “ВосходОриел” ком­паниясы “Восход” кенішіндегі жобаны жүзеге асыру үшін 11987,0 млн. теңге несие алу құқығына ие болды.

ҚР Индустрия және сауда минис­трлігінің “Восход Ориел” ЖШС-мен хром кенін өндіруге жасасқан келісім-шартына сәйкес Хромтау кенді аймағында орналасқан “Восход” кенішінде кен байыту кешенінің құрылысы салынуда. Кешенге бірнеше нысандар – шахта, өңдеу фабрикасы, теміржол терминалы және басқа қосымша инфрақұрылымдық бө­лімшелер кіреді. Кен байыту ком­бинаты мен кеніш құрылысы жобасын Алматының “Казмеханобр” ГНПОПЭ жасады. “САМ” Орта Азия ком­пания­сымен кен бұрғылау және кен өндіру жұмыстарын жүргізуге келісім-шарт жасалды. Байыту фабрикасының құрылысын жүргізуге “ДРА” (Канада-ОАР) және “Химмонтаж” АҚ мердігерлік компаниялары тартылды. Кен байыту комбинаты толық қуатында іске қосылғаннан кейін өндірілген өнім шетел рыногына өткізіледі. Кеніште өндірілген хром концентратының 40 пайызы Ресейдің Тихвин ферроқорытпа зауытына, Ұлыбританияның “GLECORE” кома­ниясына, қалған бөлігі Қытайға экспортқа шығарылады. Жобаны жүзеге асыру әлемдік хром рыногындағы Ақтөбе облы­с­ының қуатын күшейтуге, сондай-ақ тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етуге және Хромтау ауданының бірқатар әлеу­мет­тік мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасының Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев қысқаша сөз сөйлеп, мұндай бастамаларды бұдан былай да қолдайтынын, бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретінін, салық түсімдері молаятынын жеткізді. Өз кезегінде Ресей Президенті Дмитрий Медведев жаңадан ашылып жатқан кәсіпорынға сәттілік тіледі.

Олар “Жоғары технологиялық – өңірлерге. Шекарадағы ынтымақтастық” атты көрмеде инновациялық жобалармен танысты. Көрмеге Қазақстанның сегіз облысы тауарларын қойған екен. “Қазақ­станның инновациялық техно­логиялары” бөлімін “Қазына”, “Самұрық”, “Ин­жиниринг және технологиялар трансферті орталығы”, “Ұлттық инновациялық қор”акционерлік қоғамдары мен Ақ­парат­тық технологиялар паркі таныстырды. Мұнда сондай-ақ Ресейдің он алты өңі­рінің өкілдері өз өнімдері мен тауарларын қойды. Оның ішінде, Мәскеу, Санкт-Петербург қалалары, Свердлов облысы, Татар Республикасы және “Ресей нано­технологиялар корпорациясының” үлкен экспозициясы бар. Көрмеге қатысушы 200-ге жуық субъектілер келушілердің назарына көпшілігі алдыңғы қатарлы технологиялар болып табылатын өнімдердің 150-ден астам макеттері мен үлгілерін ұсынды.

 

Ынтымақтастыққа тараптар да қызығушылық танытуда

Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңірлері басшыларының V форумында сөй­леген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаев екі елдің ынтымағы жарасқан тату көршілер екеніне ерекше тоқталды.

– Бүгінгі форум – инновациялық интеграциялануға арналып отыр. Екі елдің шекаралас өңірлері басшыларының кездесуін ұйымдастыру Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастығының айқын дәлелі. Ақтөбе жерінде өтіп отырған бүгінгі форумның айрықша маңызы бар. Бұл форум біздің екі елдің Достық және ынтымақтастық жөніндегі маңызды құжатқа қол қоюының он жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның өзі екі жақты қарым-қатынастың ұзақ мерзімді сипатын аңғартады.

Біз Ресей Президенті Дмитрий Мед­ведевпен келісім бойынша жыл сайынғы кездесудің көкжиегін кеңейтуді ой­лас­тырдық деді Н.Назарбаев. V форумға бұрын қатыспаған Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларының, Свердлов облы­сының, Ингушетия, Татарстанның бас­шылары қатысып отыр. Біз қашанда достық қатынаста болып келеміз. Біздің бүгінгі кездесуіміз – бұрынғы ын­ты­мақтастығымыздың жалғасы. Біз бүгін көр­ген көрме екі елдің арасындағы мол мүмкіндіктерден хабардар етеді.

Екі ел арасындағы экономикалық байланыс нығайып келеді. Үстіміздегі жылғы 7 айдағы тауар айналымы 12 млрд. АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 32 пайызға артық. Ақтөбе облысы Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айна­лымының 10 пайызын береді, деді Елбасы Н.На­зарбаев. Мемлекет басшысы ғарыш саласындағы, уран өңдеудегі, ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды енгізуге байланысты бірлесіп атқарылып жатқан шаруаларға тоқталды. Сондай-ақ әлемде болып жатқан экономикалық-қаржы, ипотекалық дағдарысты айта келе, сауда-экономикалық байланыстарды нығайту жолдарын саралады.

Форумда сондай-ақ Ресей Федерация­сының Президенті Дмитрий Медведев сөз сөйлеп, екі елдің өзара ынтымақ­тастығына жоғары баға берді. Форумның белсенділігі уақыт өткен сайын артуда, оған қатысушылар құрамы кеңейіп келеді, деді Ресей басшысы. Форумға бизнес өкілдері де, қоғамдық ұйымдар да қызы­ғушылық танытып отыр. Бұл біздің саяси-экономикалық және гуманитарлық байланыстарымыздың жоғары деңгейге жеткенін білдіреді. Әлемдегі орын алған қаржылық дағдарыс салдарынан азық-түлік, табиғи ресурстардың бағасы өсіп барады. Осы мәселені біздің елдердің шекаралас өңір басшыларының бірлесе отырып шешуіне мүмкіндіктері бар. Осылай деген Ресей Президенті форум жұмысына табыстар тіледі.

Форумда сөйлегендер де көп болды. Атап айтқанда, ҚР және РФ арасындағы ынтымақтастық жөніндегі қазақстандық үкіметаралық тараптың төрағасы, Ин­дустрия және сауда министрі В.Школь­ник, РФ және ҚР арасындағы ынты­мақтастық жөніндегі үкіметаралық қазақстандық комиссияның төрағасы В.Христенко, ҚР Білім және ғылым министрі Ж.Түймебаев, РФ Өңірлік даму министрі Д.Козак, Ақтөбе облысының әкімі Е.Сағындықов, Орынбор облы­сының губернаторы А.Чернышев, тағы басқалар сөз сөйледі.

Форум қорытындысында екі елдің ынтымақтастығын тереңдетуді көздейтін бірқатар құжаттарға қол қойылды. Олардың ішінде, ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы 1998 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан-Ресей мемле­кеттік шекара арқылы өткізу пункттері туралы келісімге толықтырулар мен өзгерістер енгізу хаттамасына, ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитеті, “Қазақстан темір жолы” АҚ және РФ Федералды кеден қызметі, “Ресей темір жолы” ААҚ арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға, Батыс Қазақстан облысы мен Астрахань облысы ара­сын­дағы шекаралық, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы келісімге және тағы да басқа құжаттарға қол қойылды.



Авторы: Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат