Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2008-09-23:

Барыс-келіс көбейсе алыс-беріс көбейеді

 

– Серік Нығыметұлы, әңгімемізді алда өткелі отырған алқалы жиынның мәні мен мақсатын, оның Қазақстанның экономикалық өмірінде алатын орнын кеңірек ашып көрсетуден бастасақ...

– “Трансеуразия-2008” халықаралық кон­ференциясы Еуразия құрлығындағы көлік-коммуникациялар кешеніне арналған және Еуропа мен Азия елдері арасында көлік саласындағы өзара тиімді қызметтестікті ны­ғай­туға, олардың көлік саласындағы саясат­тарын үйлестіруге бағытталған ауқымды шара болып табылады.

Оның міндеті Еуразия құрлығындағы гео­саяси тенденцияларға, атап айтқанда, ұлттық және халықаралық көлік жүйелерінің, соның ішінде құрлықаралық көлік дәліз­дері­нің де даму болашағына шолу жасау. Сол сияқ­ты жаңа сауда маршруттарын, көлік инфрақұры­лы­мы мен логистиканы дамыту үшін қажетті инвестициялық мүмкіндіктерді бағалау, жаңа көлік бағыттарын қалып­тас­ты­ру арқылы жаңа рыноктардың дамуын ын­таландыру, баға белгілеу, салық салу, ақпарат алмасу тәрізді міндеттер де осы конференция аясында ше­шіледі. Сонымен қатар басқосуда екі жақты және көп жақты негізде мем­ле­кетаралық қыз­меттестікті нығайту, нор­ма­тивтік-құқықтық қамтамасыз етуді өзара үйлестіру, кедендік және шекаралық про­це­дураларды жеңілдету, салық заңдарын біріз­дендіру, ұлттық көлік-коммуникация кешен­дерін техникалық және технологиялық жағы­нан жаңарту мәселелері де назардан тыс қалмайды.

Қазақстан аумағы арқылы өтетін транс­құрлықтық және өңіраралық көлік дәліздері арқылы тасымалдарды ұйымдастыру мәселе­ле­рін іс жүзінде жүзеге асыру, сондай-ақ қол­да бар ғылыми-техникалық әлеуетті пай­да­ла­ну мақсатында Қазақстан Үкіметі “Транс­еур­азия” халықаралық конференциясы мен “Тран­зитТрансКазахстан” халықаралық көрмесін тұрақты түрде өткізіп тұру туралы шешім қабылдаған болатын. Міне, содан бері, яғни 1997 жылдан бастап бұл іс-шара тұрақты түрде өткізіліп келеді. Осы жылдар ішінде конференция жұмысына 60-қа жуық елдің көлік ведомстволарының басшылары мен өкіл­дері қатысып, маңызды деген көптеген мә­селелерді талқылауға және олардың оң­тайлы шешім табуына атсалысты.

– Осы орайда Азия құрлығындағы қазіргі таңдағы транзиттік көлік дәліздерінің жағдайы және оның болашағы туралы не айтар едіңіз?

– Жүктерді тасымалдау технологиясын же­тілдірудің әлемдік тенденциялары бүгінде ХХІ ғасырдың негізгі біртұтас көлік желісіне айналып отырған интермодальды көлік дәліздеріне көлік ағындарын шоғырландыруға және контейнерлік тасымалдарды арттыруға ті­келей байланысты болып отыр. Егер ком­му­никациялар неғұрлым жақсы дамыған Ба­тыс және Орталық Еуропада көлік дәліздері­нің базалық жүйесі негізінен алғанда құрыл­ған болса, экономикалық өсудің жоғары қар­қыны сақталып отырған Азияда бұл үдеріс енді ғана басталуда.

Еуропаның, Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азияның ауқымды да ырғақты дамып келе жатқан рыноктарының арасында орналасқан Қазақстан экономикасы үшін көлік құрылымының жағдайы айқындаушы фактор болып табылады және ол көптеген жағдайда мемлекеттің әлеуеті жоғары тран­зиттік мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға тікелей байланысты.

Дамыған темір жол және автомобиль жолдары желілерінің, халықаралық әуежайлар кешенінің, барлық бағыттар бойынша ел үс­тінен өтетін әуе жолдарының болуы арқылы, Қазақстан еуразиялық байланыстарды және көлік қатынастарының барлық түрлері бой­ын­ша жүктер мен жолаушыларды тасымал­дауға деген ел қажеттіліктерін қамтамасыз етуге қабілетті орасан зор көлік әлеуетіне ие.

Соңғы жылдары Еуразия құрлығында халықаралық экономикалық байланыстардың жаһандану үдерісінің тереңдеуіне және Шы­ғыс Азия мен Еуропа арасындағы жүк ағындарының өсуіне байланысты Ұлы жібек жолын қайта қалпына келтіру, яғни кешенді еуразиялық трансқұрлықтық көпір орнату мә­селесі көкейкесті бола түсуде. Ескі темір және автомобиль жолдарын жөндеу және жаңадан жол құрылыстарын жүргізу арқылы осындай көпір жасау Суэц каналы немесе Африканы айналып өту арқылы жүк тасымалдау жолын 8-15 мың шақырымға қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл жобаны жүзеге асыруға ЕурАзЭҚ, ЭСКАТО, СПЕКА және басқа да бірқатар халықаралық ұйымдар қолдау көрсетіп отыр. ТРАСЕКА, Батыс-Оңтүстік, Ортаазиялық дәліз, Трансазиялық темір жол магистралі сияқты негізгі халықаралық көлік дәліздеріне мүше бола отырып Қазақстан бүгінде транс­еуропалық және азиялық көлік желілеріне интеграциялану тұрғысында белсенді жұмыстар жүргізуде.

– Осындай үлкен мақсатқа қол жеткізу үшін ел ішінде де белгілі бір жұмыстарды жүзеге асыру керек болатын шығар?

– Ол рас. 2006 жылы Қазақстан елдің аумақтық және бүтіндей алғанда Азия құр­лығындағы дамуымен қисынды байланысатын ұзақ мерзімді Көлік стратегиясын қабылдады. Осы стратегияда Солтүстік-Оңтүстік және Батыс-Шығыс бағыттарындағы құрлықтық және трансқұрлықтық транзитті жүзеге асыруға жағдай жасайтын қазіргі заманғы магистралдарды құру мәселесі қарастырылған.

Аталмыш стратегия Қазақстанның көлік инфрақұрылымын дамытудың негізгі құжаты болып табылады, оның шеңберінде жалпы сомасы 30 миллиард АҚШ долларын құрайтын 80-ге тарта ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Осы жылдар ішінде 1700 шақырым жаңа те­мір жолдар салып, оның 2100 шақырымын элек­тр­лендіруді, 50 мың шақырымдай автожолды қайта жөндеуді және жаңадан салуды, әуе­жай­лық инфрақұрылымдарды қайта құрылымдау және модернизациялау жұмыстарын жүргізуді, ұлттық теңіз сауда флотын, теңіз порттары инфра­құрылымдарын дамытуды ойластырып отырмыз.

Атап айтар болсақ, Қытаймен арадағы шы­ғыс жақ шекарада Достық стансасының өткізу мүм­кіндігін және 2011 жылға дейін қуатын жылына 25 миллион тоннаға дейін жүк өткі­зетіндей етіп Ақтоғай–Достық темір жол учас­кесін ұлғайту жөнінен жұмыстар жүргізілмек. Сонымен бірге Қорғас–Жетіген жаңа желі құрылысын салу арқылы Қытаймен арада екінші шекаралық өту жолын ашу да жоспарлануда. Бұл желі Қытайдан Орталық Азияға, Иранға, Батыс Еуропаға, Кавказ бойы республикаларына, тағы басқа да өңірлерге неғұрлым қысқа жолмен тасымал жасауға мүмкіндік беретін болады.

Қытай қазіргі уақытта ең ірі жүк қалып­тастырушы және жүк қабылдаушы елдердің бірі болып табылатындықтан ол өзінің ресурстық мүмкіндіктерінің трансқұрлықтық тасымалдар секторын дамытуға барынша тартылуына мүдделі. Қытай өзінің негізгі әріптестерінің бірі Еуроодақ екенін ескере отырып, қазіргі кезде теңіз көлігіне балама ретінде, жеткізу уақыты әлдеқайда тез болатын, Орталық Азия арқылы жер үсті көлігімен тасымалдау мәселесін қарастыруда. Соған орай Қытай Қазақстанмен шекаралас өңірде Циньхэ–Қорғас жаңа темір жол желісі құрылысын жүзеге асырды. Оның сыртында Қытай Жапониядан, Кореядан және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен Еуропаға тауар тасымалдауға мүдделі, бұл ретте де маршруттың үштен бірі біздің ел аумағының үлесіне тиеді. Демек, бұл бағытта да бізге транзиттен табыс табуға мүмкіндіктер бар.

– Шекаралас өңірлердің сыртында, дәлірек айтқанда, республика аумағының орталық бөліктерінде авто және темір жол құрылысын жүргізу қандай сипат алмақ?

– Жаңадан салынатын Бейнеу–Жезқазған темір жол желісі осы саладағы ең ірі де перс­пек­тивалы жоба болып табылады. Оның ұзын­дығы 988 шақырым болып, құны 2,3 миллиард АҚШ долларын құрамақ. Осы магистралдің пайда болуына байланысты бүкіл елдің үстімен шығыстан батысқа қарай, яғни Қытаймен шекаралас Достық стансасынан Ақтау портына дейін жаңа транзиттік бағыт ашылатын болады. Жобаның жүзеге асуы батыс өңірінен Азия елдеріне қатынайтын пойыз жолын Ақтау порты арқылы орта есеппен 600 шақырымға қысқар­тып, Қытай, Еуропа және Кавказ аралығында та­сымалданатын жүктің айтарлықтай бөлігін ел­дің темір жол көлігіне тартуға жағдай жасамақшы.

Оның сыртында Алматы–Ақтоғай, Достық–Ақтоғай, Ақтоғай– Мойынты темір жол учас­келерінің жүк көп өтетін бөліктерін концессия­лық негізде электрлендіру жобасын жүзеге асыру арқылы болат жолдардың мүмкіндіктерін кеңей­ту де ойластырылып отыр. Ол тепловоздарды неғұрлым тиімді әрі үнемді электровоздармен алмастыруға, сөйтіп тасымалдың өзіндік құнын төмендетуге жағдай жасамақ.

Қазіргі уақытта халықаралық тасымалдарға қатысатын Қазақстандағы жалғыз теңіз порты – ол ТРАСЕКА және Солтүстік-Оңтүстік халықаралық көлік дәліздерінің құрамдас бөлігі болып табылатын Ақтау порты. Порттың күн санап артып келе жатқан маңызын ескере отырып 2006 жылдан бастап Ақтау портын солтүстік бағытта ұлғайту жұмыстары жүргі­зілуде. Ол порттың өткізу мүмкіндігін жылына 11,5 миллион тоннадан 23 миллион тоннаға дейін жеткізуге жағдай жасамақ.

Бүгінде Каспий теңізінің қазақстандық секторында Қазақстан туы астында жүріп теңіз операцияларына қолдау көрсететін флоттың 150 кемесі жұмыс істеуде. Оларға қолдау көрсету мақсатында Баутин портын дамыту жобасы қолға алынбақшы, осылайша бұл порт арқылы өтетін жүк көлемі 2012 жылға таман 4 миллион тоннаны құрамақ.

“Казмортрансфлот” ұлттық компаниясы жылдық қуаты 20 миллион тонна болатын мұнай терминалын сала отырып, Құрық портын дамыту жұмыстарымен айналысуда. Бұл порт болашақта Баку-Жейхан-Тбилиси жобасына және мұнай-газ саласындағы өзге де жобаларға қатысуға бағдар ұстанбақ.

Осы айтылғандардан тысқары Каспий теңізін Кума-Маныш ойпаты арқылы Азов-Қара теңіз бассейнімен су-көлік жолы ретінде жалғау мәселесі де қарастырылуда.

Дегенмен, құрылықтық көлік инфрақұрылы­мын дамытпайынша теңіз порты жобаларының табысты бола алмайтыны да белгілі. Сондықтан да, жоғарыда айтқанымдай, Каспий бағытында не­месе осы өңірде жаңадан бірқатар темір жол же­лілерін салу да тұрақты назарда тұрған міндеттер.

– Халықаралық жолдар салуда, яғни еліміздің жолдарын халықаралық дәліздермен жалғастыруда қандай жұмыстар атқарылмақшы?

– Каспий бойы мемлекеттерінің екінші саммитінде Иранның Каспий бойы провин­ция­лары бағытында Өзен–Гызылгая–Берекет–Этрек–Горган маршруты бойынша оңтүстікке қарай жаңа темір жол құрылысын салу туралы уағ­даластыққа қол жеткізілді. Сол арқылы Еуропа – Каспий бойы – Парсы шығанағы бағы­тында жүретін дәліз пайда болмақшы. Бұл жобаны жүзеге асыру Қазақстан мен Түркі­менстанның ғана емес, сонымен бірге көрші­лері­міз Ресейдің, Иранның және Үндістанның мүдделеріне де сәйкес келеді. Бұл бағыт бой­ынша алғашқы сатыда жыл сайын 3-5 миллион тоннадай жүк тасымалдап, болашақта оны жылына 10-12 миллион тоннаға дейін жеткізу межеленіп отыр.

Өткен жылы Қазақстан Ұлы жібек жолын қайта қалпына келтіру идеясын, яғни Батыс Қытай – Батыс Еуропа трансқұрлықтық авто­мобиль жолы дәлізін жасауды іс жүзінде қолға алды. Бұл маршруттың жалпы ұзындығы 8445 шақырымды құраса, соның 2787 шақырымы Қазақстанның, 3425 шақырымы Қытайдың, 2233 шақырымы Ресейдің аумағынан өтеді.

Еуропа – Ресей – Қазақстан – Қытай жолы Қытайдан Еуропаға баратын ең қысқа әрі аз ғана мемлекеттердің үстімен өтетін жол болмақ. Мұнда жолға кететін уақыт 10 күнді құрайды. Салыстыру үшін айтар болсақ, Транссібір магистралімен жүргенде– 14, ал Суэц каналы арқылы теңізбен жүзгенде 45 тәулік кетеді.

Жоба бойынша маршрут бойында 5 ха­лықаралық көлік-логистикалық орталықта­рын құру, жол бойы қызметінің қазіргі за­ман­ғы нысандарын дамыту, спутниктік на­ви­гация және қозғалыс неғұрлым жиі бола­тын учаскелерде ақылы жүйе енгізу қарас­тырылуда. Жобаның жалпы құны алдын ала есептеулер бойынша 900 миллиард теңгені құрамақ. Құрылысқа ел бюджетінің қаржысы ғана емес, сонымен қатар жеке капитал қар­жылары мен халықаралық қаржы институттарының заемдарын да белсенді түрде тарту жоспарланып отыр.

Осы орайда мемле­кет­тік бағдарламаны жүзеге асыру шеңберінде 2003-2006 жылдары жапондық, азиялық және еуропалық банктердің заемдарын тар­ту есебінен халықаралық дәліздің 478 шақырымды құрайтын Ақтөбе – Қа­ра­бұтақ және Алматы – Бішкек учаскелерінің қай­та қалпына келтірілгенін айта кету керек. Ал 2007 жылы 215 шақырымнан тұратын Қарабұтақ – Ырғыз – Қызылорда облы­сы шекарасы учас­ке­сін­дегі құрылыс жұмыс­та­ры басталды. 2008 жылдың бюджетінде Батыс Қытай – Батыс Еуропа жобасын жүзеге асыруға 8,3 миллиард теңге қарастырылған.

– Ал енді толассыз ағылатын халықаралық көлік қатынасын қамтамасыз етуге Қазақстан жолдарының сапасы сәйкес келе ме? Жол құрылысының сапасын жақсарту тұрғысында қандай іс-шаралар жүзеге асырылмақ?

– Қазақстанда қазіргі таңда жолдар ең жаңа деген технологияларды пайдалана оты­рып, кіндік темірге түсетін салмақ 13 тонна болатындай есеппен салынуда. Оған Астана – Щучье автожолын мысалға келтіруге болады. Мұнда жолға цемент-бетон төсеу Германия­ның “Гюнтер Папенбург” компаниясының күшімен неміс технологиясы бойынша жүзеге асырылуда. Мемлекет пен жеке меншік әріптестігі негізінде біз таяу уақыттар ішінде халықаралық стандарттарға жауап беретін 2 мың шақырымдай жол салуды жоспарлап отырмыз. Осы тұрғыда 1-інші техникалық категориядағы 6 жолақты, қашықтығы 238 шақырым болатын Астана – Қарағанды, 1-інші техникалық категориядағы 6 жолақты, қашықтығы 104 шақырым болатын Алматы – Қапшағай, 1-інші техникалық категориялы 4 жолақты, қашықтығы 301 шақырым болатын Алматы – Қорғас автомобиль жолдары қанатқақты жоба ретінде ұсынылып отыр. Қазіргі күні осы ұсынылған жобаларға бірқатар шетелдік фирмалар мен қаржы институттары мүдделілік танытуда.

– Қазіргі заманда әуе көлігінсіз өмірді көзге елестету қиын. Олай болса әуе көлігіне қатысты не айтар едіңіз? Бұл салада нендей тың бастамалар қолға алынбақ?

– Азаматтық авиация саласында неғұрлым ма­ңызды деген екі міндет алға қойылып отыр. Олардың біріншісі еуропалық стан­дарт­тарға не­ғұрлым жақындастырылған үлгідегі қа­зақ­стандық авиацияны құру. Екінші, Қазақ­стан­ның транзиттік әлеуетін барынша пайдалану.

Алғашқы міндетті жүзеге асырудың бірін­ші сатысы ретінде әуе кемелері паркін жа­ңар­ту ісі қолға алынып отыр. Осы бағдарлама шеңберінде жақсы дамып келе жатқан “Эйр Астана” әуе компаниясы 2007 жылы ли­зингке “Боинг” және “Эйрбас” үлгісіндегі 6 әуе кемесін сатып алды. Осы жылдың ішінде тағы да осындай 4 ұшақ сатып алу ойлас­тырылуда. Сөйтіп, таяу уақыттарда ком­панияның әуе паркі 22 бірлікті құрамақ.

“Эйр Астана” ІАТА халықаралық әуе көлігі ассоциациясының толық құқылы мү­ше­сі және EASA/JAR-145 еуропалық стан­дарты бойынша әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсетуге сертификат алған Қазақ­стандағы бірден бір әуе компаниясы болып табылады. Ұшу қауіпсіздігі мен жолаушы­ларға жоғары сапалы қызмет көрсету ком­пания қызметінің маңызды принципі болып қала бермек.

Осы айтылғандармен бір мезгілде жер үсті нысандарын модернизациялау мен дамыту бойынша да бағдарлама жүзеге асырылуда. Бүгінгі күнге қарасты Астана, Алматы, Аты­рау, Ақтөбе, Шымкент, Қарағанды, Павло­дар, Өскемен және Жезқазған қалалары әуе­жайларының ұшу-қону алаңдары халық­аралық ИКАО стандартына сәйкес келтірілді.

Халықаралық әуе тасымалы жақсы дамып келеді. Қазақстанның географиялық қолайлы орналасуы Еуропа мен Азия арасында жүк және жолаушылар тасымалын жүзеге асы­ратын әуе компанияларын тартуға мүмкіндік береді. ИКАО-ның болжамдық бағалауынша, таяудағы 3-5 жылда бұл бағыттағы жолау­шылар тасымалы – 5-7, ал жүк тасымалы 9-10 пайызға артпақ. Сонымен қатар қаржы орталығы ретінде Алматыда, мемлекеттің елордасы ретінде Астанада, Батыс Қазақ­стандағы мұнай өндірісінің орталығы ретінде Атырауда тораптық хаб-әуежайларды дамыту жұмыстары да одан әрі жалғасуда.

Бүгінде азаматтық авиация стандарттарын осы саладағы еуропалық стандарттарға сәйкестендіру бағытында белсенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмысты үстіміздегі жылдың соңына дейін аяқтамақпыз, одан кейінгі саты Қазақстанның Авиациялық қауіпсіздік жө­ніндегі еуропалық агенттікке (EASA) мүшелікке өтуі болмақ.

– Сөз соңында Астана қаласының көліктік инфрақұрылымын дамыту жөнінде де айта кетсеңіз...

– Астана қаласына қатысты преспекти­ва­лы даму жоспары үш бағытқа негізделген. Олар – жолдарды кеңейту, жол қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізу және жеңіл рельсті трамвайлар жүргізу. Егер осы міндеттердің алғашқысын жергілікті мамандар өз күштерімен шеше алатын болса, автоматтандырылған жүйе енгізу мен жеңіл рельсті трамвай жүргізу біршама күрделірек. Тех­нологиялық жағынан алға кеткен, “элек­тронды көлік картасын” сонау 90-ыншы жыл­дардың басында енгізген Жапония мен Ко­реяның өзінде автоматтандырылған басқару жүйесі әлі де жетілдірілу үстінде. Ал жеңіл рельсті травмай жобасын концессия және мем­лекет пен жеке меншік әріптестігі негізінде жү­зеге асыру жоспарланған. Жалпы қашықтығы 58,8 шақырымды құрайтын бұл жол құрылысы 2009-2015 жылдары іске асырылмақ.

– Әңгімеңізге рахмет.



Авторы: Әңгімелескен Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат