Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2008-10-25:

ТолеранттылыҚ

Қазақстандық тәжірибе, жетістіктер және келешегі

 

Қазірде әлемнің қай бөлігінде де қоғамдағы толеранттылық қарым-қатынастардың кем­шін­дігінен сипаты жағынан түрлі реңктегі әлеуметтік кикілжіңдер орын алып келеді. Ал біздің елімізде қоғамдағы топтардың бір-біріне деген түсіністігінің ар­қасында толеранттылық өзге­лер­ге үлгі етерліктей дәрежеде деп айтуға болады. Бұл жағдайды ұлт­ара­лық және конфессияара­лық қатынастардан да көреміз.

Міне, осы жәйттердің бар­лы­ғы 23 қазанда Астанада Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен болып өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІV сессия­сында жан-жақты айтылды.

Әрине, Отанымызда ауыз­бір­шіліктің тарихи тіні бар деген­мен де Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың еліміздің басты ұста­нымы ретінде айтатын ұлтаралық келісім мен тұрақтылық, кон­фес­сияаралық мәмілеге сүйенуінің жемісі және мемлекеттің осын­дай сындарлы саясатты мақсатты түрде ту етіп көтергендігінің нәтижесі екендігін ұғынған абзал. Посткеңестік дәуірде өмір сүріп жатқан мемлекеттерде көпэтностық және көпкон­фес­сия­лық проблемалар шешілуі қиын түйіндерге айналып, ха­лық­аралық деңгейде көтеріліп жатқанда Қазақстан халқы­ның ымыралы тіршілікте тыны­сын кеңейтуі Елбасы еңбегінің нақты жемісі болды деп айта аламыз. Бір сөзбен түйсек, “Пре­зидент Назарбаевтың осындай ноу-хауы” тұтастай халықтың же­тістігіне айналып, оның игі­лігін барша қазақ­стан­дық көріп отыр.

Қоғамдағы 17 жылғы еш­қан­дай кикілжің, кірбіңсіз, жай­ма­шуақ эволюциялық дамуды сөз еткенде Қазақстанның өз мо­делін жалпыадамзаттық мұрат ретінде әлем жұртшылығының назарына ұсынуы баға жетпес жетістік. Бүгінгі күні Қазақстан қандай бір идеологиялық таң­ба­лау­дан тыс “халықтар досты­ғы­ның лабораториясына” айналды. Мұндай дәрежеге көтерілуде Елбасының бастамашылығымен құ­рылған Қазақстан халқы Ас­самблеясы, ұлттық-мәдени ор­талықтардың атқаратын рөлі өзгеше. Әрбір этнос өкілінің көңіл-күйін, тынысын тамыршыдай дөп басып, қоғамның алға жылжуына, ортақ Отанның өркениетті дамуына үлес қосуына ықпал ететін осы аза­маттық институттардың маңызды­лы­ғына тоқталмай өту мүмкін емес. Әрбір азаматқа ұлты мен ұстанған дінінің ерекшелігіне қарамастан, тең құқықтылықтың қамтамасыз етілуінің Ата Заңымызда көрсетілуі толеранттылықтың құжаттамалық негізі. Ал Ассамблеяның еліміздегі заң шығару ісіне араласуы көп­ұлт­тылық пен көпконфессиялы қо­ғамда туындайтын қайшылықтарды болдырмауға, алдын алуға септігін тигізетіні анық. Ассамблеяның өзі сайлаған депутаттары Парламент қабырғасынан, оның мінберінен жұртшылықтың көкейіндегісін тау­ып, құқықтық кеңістікте заңнама­лық реттелуді қамтамасыз етуде.

Кей сәтте өзің байқамай тек осылай болуға тиіс деп қабыл­дай­тын, көз әбден үйренген осы ауыз­біршіліктің салиқалы көреген сая­саттың жемісі екендігін естен шы­ғармау керек. Дана саясаткердің “жұртшылықты көрінбей басқа­руы” осы шығар деп ойлайсың.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, көпұлтты қоғамда толеранттылық қөзқарас сақталуына кедергі–тілдік теңдіктің бұзылуы болуда. Қазақ­стан өзінің тарихи және геогра­фиялық ерекшелігіне сай өрке­ниет­тер мен мәдениеттердің тоғысатын жерінде орналасқан. Осы бір дала перзенттерінің ғасырлардан бері бой­ға сіңірген, өзге ұлттардағы түрлі көзқарастар мен мәдениет үлгі­лерін өз келбетін сақтай отыра қабылдайтын бірегей комму­ни­кативтік ерекшелігін тоталитарлық кеңестік жүйе жоя алмады. Қа­зақстан халқының қалыптасқан ділінің өркениет көшіне лайықтала дамуына Мемлекет басшысының үштұғырлы тіл саясаты өзгеше реңк беріп, байыта түсуде. Бұл этностық топтар арасында тілдік пробле­маларды шешіп қана қоймай, оны real polіtіk деңгейіне көтеруге алып келетіні сөзсіз. Және мәселені ке­шенді шешумен бірге, елдің әлеу­меттік, саяси және экономикалық жаңғыруына негіз болмақ. Қазақ­стандықтар үшін мемлекеттік тіл мен бұрыннан қалыптасқан тілдік ортасы бар орыс тілімен қатар, ха­лықаралық ағылшын тілін үй­ре­нудің қоғамның алға қарай дамуын­да атқарар рөлі зор бола­тындығына сенім кәміл. Жеті жұрттың тілін білу біздің елімізді жаңа белестерге көтеріп, әлемдік саясаттың, халықаралық қарым-қатынастардың, мәдени байланыс­тар­дың өрістеуіне жол ашады. Ал түрлі этностың бірін-бірі ұғынуына, сеніміне, толеранттылығын бекем­деуіне тілдік шешімнің Отанымыз­дан табылуы үлкен септігін тигізеді. Егер өткен ғасырларда қазақ ағарту ісінің классиктері бетті орысқа бұру жөнінде айтқан болса, қазіргі заманда өркениет көшін Батысқа бұрған жаһандық коммуникация кеңістігінде ағылшын тілін білуге шақыру да сондай маңызы бар қадам. Сондықтан да Елбасы қазақстандықтардың ағылшын тілін ұстартуына назар аударуы еліміздің бәсекеге қабілеттілердің қатарына енуінің алғышарттарының бірі деп қабылдағанымыз жөн.

Елбасының әлем жұртшылы­ғын жалт қаратқан тағы бір бас­тамасы – әлем дінбасыларының үнқаты­суын жүзеге асырып, бір-бірімен ымы­ра­ға келмейтіндей, бітісуге бармай­тындай болған дін өкілдерін бір үстелдің басына жи­науы. Бұл – адамзат тарихында еш­қашан бол­ма­ған үдеріс. Мұны қазақ халқы­ның өзгенің жақсылығын өзінің төл тумасындай қастерлеу дәстүрі негізінде жаңа мың­жылдықта, жаңа ғасырда әлемдік рухани ілімді қабылдау мәдение­тінің жоғары деңгейге көтерілуі­нің айғағы десе болады.

Әлем жұртшылығының көз ал­дында жүріп жатқан хантинг­тондық “өркениеттер қақтығы­сы­ның” уа­қытында Қазақстан жұрт­шы­лы­ғы­ның толеранттылықтың берекетіне шомылуы “Қазақ­стан­дық модель” атанып, салиқалы ұстанған сын­дарлы саясат тамы­рын тереңге тар­туда. Мұндай тәжі­рибенің бірде анда, бірде мұнда ұлттық, тілдік, діни кикіл­жіңдер бұрқ ете түсетін за­манда адамзат үшін берері мол. Мем­ле­кеттің конфессиялар мен ұлт­тар­дың іс әрекеттерін сындарлы ү­н­қатысуға нәзік түрде бағыттауы ха­лықаралық дәрежеде үлгі етерлік ұстаным. Осылайша, ұлттар мен түр­лі дін өкілдері арасындағы ұғы­ныстық, бір-бірінің қөзқарасына сыйлас­тық­пен қарап, төзімділік таныту барша қазақстандықты то­леранттылық биіктікке көтеруде. Қазақстанның осы озық тәжірибесі елімізді 2010 жылы ЕҚЫҰ-ның төр­ағалығына алып келді. Ал Қа­зақ­стан болса, өзінің жұртқа таныт­қан үлгісімен елін өркениеттер кө­ші­не бастап, алға қарай дами бермек.

А. ӘМІРЕБАЕВ,  Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті жанындағы ИМЭП қоры директорының орынбасары.

 

Республикам менің!

 

Тұлпардың беріп тынысын,

Кемел болсын ұлы ісің!

Орнасын Ұлы даламда

Ынтымақ пенен ырысың!

Егемендігім – елдігім,

Баянды болсын теңдігің!

Дәуірдің күрестерінде

Үзілмесін белдігің!

Дарытпай бойға кеселді,

Шайқалтпай күміс кесеңді,

Әділдік жолмен алып қал

Тарихта кеткен есеңді.

Тамырын жайған тереңге

Төзімің ұқсап еменге,

Тамсанып тұрсын өзге жұрт

Қазақтың елі дегенде!

Айбатыр СЕЙТАҚ. Астана.

 

Республика рухы

Әр істе ой-мүддеміз бір болсын

 

Зағипа БАЛИЕВА, Әділет министрі.

Бүгін қазақстандықтар Республика күнін тойлайды. Бұл күн ­– еліміздің тарихында, халқымыздың тағдырында ерекше орын алатын күн. Дәл осы күні, бұдан 18 жыл бұрын ел да­муын­да­ғы бетбұрысты кезеңді айқындаған басты құ­жат­тардың бірі – Қазақстанды дербес егеменді мем­лекет деп жариялаған “Қазақ КСР-інің Мем­лекеттік егемендігі туралы” декларация қабыл­данды. Бұл құжат Қазақстан Республикасы тәуел­сіз­дігінің негізін қалады, өз бетінше дамуға қа­бі­лет­ті екенін дәлелдеу үшін қазақстандықтарға мем­лекеттілікті жаңғыртудың тарихи мүмкіндігін берді. Осыдан кейін, 1991 жылдың 16 желтоқ­санын­да “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” Конституциялық заңның қабылдануы арқылы біздің ел тәуелсіз, егеменді мемлекет құруды түбегейлі түрде конституциялық негізде аяқтады. Декларацияның тарихи мәні – оның Қазақстанның Конституциясын және басқа да заңнамалық актілерін жасауға негіз болуында еді.

Екі ғасырдан астам уақыт бойы қазақтардың әрбір ұрпағы өз тарихын дербес шешу жайлы армандаған болатын. Қазақ хал­қында өз ойлағанын жүзеге асы­ра алатындай талант пен ерік-жігер жеткілікті еді. Ертеде өткен ата-бабалар бізге ұлан-ғайыр жерді алып жатқан елді мұраға қалдырды. Еуразияның далалық алқабында көптеген мемлекет­тер­дің тарихына әсер еткен ірі оқиғалар болғаны да белгілі. Әрбір көшпелілер империясын құру кезеңінде басталатын халық­тардың ұлы көші қазақ­тар­дың этногенезінде өзіндік белгі қалдырды. Ондаған тайпалар мен халықтардың тарихта есімдері ғана қалды. Бірақ олардың ұр­пақ­тары жас этнос құрап, күй­ре­ген бұрынғы империялардың ор­нына өздерінің жаңа мемле­кет­терін құрып жүрді. Осылайша бұдан алты ғасыр бұрын Еділ жағалауынан Алтай тауларына дейін созылған Ұлы Жібек жолы бойындағы қалаларды қамтыған Ақ Орда өмірге келген-ді. Осы ордаға біріккен көшпелі ұлыстар өздерін “қазақпыз” деп атады. Бұл “еркін адамдар” дегенді білдіретін ұғым еді.

Өзінің бүкіл та­ри­хында қа­зақ ұлтын ашықтық және ой­лаған мақ­са­тына же­туге қабі­леттілік ерекше айқындап тұратын. Егер осындай ерекше қасиеттері болмаса, біздің халқымыз өз та­ри­хында кездескен толып жатқан ты­ғырықтардан өте алмас еді. Сон­дық­тан да ғасырлар бойы жинақ­талған өзіндік мәдениет халқы­мызды тарихи бетбұрысты кезең­дерден ойдағыдай өтуге қалып­тастырды дей аламыз.

Адамзаттың әрбір қауымдас­ты­ғы белгілі бір деңгейде әлемнің ми­кроболмысы немесе үлкенді-кішілі кескіндемесі іспетті. Қазақстанға бұл жағынан жақсы болды. Ең алдымен бүгінгі дүниенің барлық қасиеттерін өз бойына жинай алып, ол мемлекеттік деңгейге көтерілген шақта бүкіл әлемдік қоғам­дас­тық­тың тағдыры мен болашағын өзі өткен жолымен салыстыра ала­тындай, сөйтіп, керексізін тастап, керекті құндылықтарды пайдалану мүмкіндігіне жаратты.

18 жыл – тарихи өлшем бой­ынша мейлінше қысқа мерзім. Де­ген­мен, ол тұтас Қазақстанның және оның көп ұлтты халқының өмі­рін түбірінен өзгерткен саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғыруларды бойына сыйдыра алды. Осы жылдар ішінде біз алдағы ғасырларда Қазақстанның гүлденген аймаққа айналуына, онда тұрып жатқан Қазақстанның бір­тұтас халқын құрайтын барлық ұлт өкілдерінің лайықты өміріне риза болуына жақсы негіз қалай алдық. Біздің елдің жетістіктеріне қарап саясаткерлер, сарапшылар мен жур­налистер дамудың жаңа “қазақ­стандық жолы” жайлы айтатын болды.

Қазіргі Қазақстан – Еуразия құрылығының дәл кіндігінде ор­наласқан Орталық Азиядағы жер көлемі жағынан ең үлкен мемлекет. Оның жеріне Еуроодақ елдерінің барлығы сыйып кетеді. Қазақстан­ның оңтүстігінде алма мен өрік гүлдей бастағанда, солтүстігінде қар жатады. Міне, бүгінгі жаңа мемле­кеттің табиғи жағдайы осындай. Бұл – біздің тарихымыздағы жаңа мемлекеттің табиғи тұрпаты. Бұл – біздің заманымыздың ажырамас ақиқаты. Қазақстан бүкіл әлемге танымал мемлекет болды. Біздің хал­қымызды, біздің экономи­ка­мыз­ды қазіргі таңда бүкіл әлем біледі.

Тарихта халықтардың жаңа даму кезеңіне өтудің жарқын мы­салдары бола алатын беттері жетер­лік. Бұл кезеңдерде саяси бір мақ­сатқа жұмылған, отаншылдық ру­хымен жігерленген халық небір тарихи бетбұрыстарды жүзеге асы­руға қабілетті бола білді. Бүгінгі таңда біздің еліміз қол жеткізген бар­лық нәтиже – Отанына деген сүйіспеншілікпен, есепсіз еңбегімен егеменді мемлекетіміздің іргесін қалауға атсалысқан барлық қазақ­стан­дықтардың өсірген жемісі. Біз көп ұлтты мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Онда қазақстандық­тар­дың көптеген ұрпағының, еліміздегі барлық халықтардың тағдыры мен рухани ерік-жігері жатыр. Біз жаңа елдің шаңырағын иық тірестіре, береке-бірлікпен көтердік. Мұнда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан На­зарбаевтың үлесі орасан зор. Елба­сының саяси ұстанымы, сали­қа­лы, бағдарлы саясаты біздің барлы­ғымызды жеңістерге бастап келеді.

Тоталитарлық жүйеден бас тар­тып, тәуелсіз егемен ел құруға, әр­та­рапты нарықтық экономиканы өмірдің болмысына айналдыруға, посткеңестік дағдарысты жоюға, жаңа экономиканың тұрақты да­муына, демократиялық институт­тар­дың жетілуіне негіз қалаған елі­міздің өткен кезеңі тарихтың ен­шісіне айналды. Бастапқыда өз еге­мендігін жариялаған жаңа мем­ле­кетте Конституция да, мемлекет­ті­ліктің басқа нышандары да бол­маған еді. Барлық заңнамалар басқа мемлекетке қызмет еткен, басқа мақ­сатты ұстанған құжаттар болды. Бар­лығын да мүлде жаңадан бас­тау­ға тура келді. Ол үшін, ең бас­тысы, негізгі мақсатты анықтау ке­рек болатын. Ең алдымен нақты тәуел­сіздікке қол жеткізіп, сыртқы әлемнің біздің елді мойындауы қажет еді.

Басқа елдерге сандаған жылдар қажет болғанда, Қазақстан 18 жыл көлемінде талай белестерден өтіп үл­герді. Біз талай асуларды бағын­ды­рып, болашаққа сеніммен қарай­тын жағдайға жеттік. Қазақстанның талай сынды абыроймен жеңгеніне ешкімнің дауы жоқ. Осы жетіс­ті­гіміздің барлығы 1995 жылы бүкіл халық болып бірауыздан қабыл­да­ған Ата Заңымызға тікелей байла­нысты. Қазақстан Республикасы өзінің демократиялық, зайырлы, құ­қықтық және әлеуметтік мем­ле­кет екендігін, сонымен қатар, мем­лекет үшін ең басты құндылық әрбір азаматтың өмірі, құқығы мен бостандығы екендігін бекітіп берді. Ата Заңымызда биліктің жаңа қағи­даттарын құру, цензураны жою, сөз бостандығына ерік беру, ашық пікіралуандық қоғам құру бекітілді. 1990 жылғы Мемлекеттік егемендік туралы декларация Қазақстанның конституциялық-құқықтық мәрте­бе­сін халықаралық құқықтың то­лыққанды субъектісі ретінде мей­лін­ше айшықтай түсті. Әлемдік қоғамдастыққа сенімді әрі жауапты серіктес болуға біздің ел әбден лайық. Ал ішкі дамуымызды біз сыртқы қолайлы жағдай туғыза отырып жолға қойып, саяси және экономикалық жағдайымызды алдыңғы қатарлы елдермен тиімді ынтымақтастық орнату арқылы шешудеміз деуге негіз жетерлік.

1995 жылы, яғни конституция­ара­лық кезеңде, Мемлекет басшы­сының қолдауымен бүгін біз мақ­тана алатын заңдық күші бар 140-қа жуық қаулы қабылданды. Ол қау­лылардың ерекшелігі қабыл­дан­ған реформалардың жедел және шешуші әрі қағидатты түрде жүзеге асуына ықпал етуінде. Еліміз эко­номикамызды бүгінгі қоғамға лай­ық мүлде басқа, жаңа жолға бағыт­тап берген әлемдік стандарттарға сай нарықтық заңдарға қол жет­кізді. Банк жүйесі түбегейлі өзгерді. Бюджет пен салық жүйесі және ли­бералданған баға мен сауда да бү­гінгі күн талаптарына сәйкестен­дірілді.

1993 жылы макроэкономикалық саясатты түзуге мүмкіндік берген өзіміздің ұлттық валюта айналымға енгізілді. Елбасының Жарлығымен аз уақыт аралығында, яғни 1992 жыл­дан 2000 жылға дейін экономи­каны реформалауда төрт бағ­дар­лама әзірленіп, бекітілді. Белгі­лен­ген бағдарламаларды жүзеге асы­руда экономикамыз құрылымдық жағынан түбегейлі өзгерді. Осы жыл­дар аралығында жеке меншік, кәсіпкерлік, шағын бизнес белсенді түрде енгізіліп, оған қолдау көр­сетіліп отырды. Бұрынғы КСРО мем­лекеттері ішінде Қазақстан – нарықтық экономикадағы және ин­вестициялық класына берілген баға көрсеткіші жоғары ең бірінші мемлекет. Қазақстан Республикасы экономикалық, әлеуметтік даму және халқының өмір сүру деңгейі секілді негізгі көрсеткіштері бой­ын­ша бүгіндері Орталық Азияда көш­басшы позициясын белгілеп үлгерген.

“Экономикалық өсім арқылы демократияға қол жеткізу” сияқты реформалардың стратегиясы ар­қа­сында аса маңызды өзгерістердің сәтті болғанын қазір ешкім де жоққа шығара алмайды.

1992 мен 2000 жылдардың ішін­де Қазақстанда экономикалық және саяси бағыттағы жоспарлы, әрі жүйелі реформалар тізбегін қам­тамасыз ету жолындағы келелі мәселелер шешілді. Қазақстан өмі­рінің бұл кезеңін көкке көтерілген ұшақпен салыстыруға болады. Ұшар алдында ол алдынан қарсы соққан жел сияқты ауыр кедергіні жеңеді. Ұшаққа нақты, әрі сауатты навигациялық карта керек. Елбасы әзірлеген “Қазақстан-2030” бағдар­ламасы осындай карта бола білді. Бұл стратегияда елдің ХХІ ғасыр­дағы қозғалысындағы ұзақ мерзімді негізгі басым бағыттары айқын­дал­ған. Онда Қазақстанның тәуелсіз, жеке мемлекет ретінде өз жерін сақтай отырып, ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету; ішкі саяси тұрақ­тылықты күшейтіп, қоғамды бі­ріктіру; жоғары деңгейдегі шетелдік инвестиция және өзінің мол қо­рымен ашық нарықтық экономи­каға негізделген экономиканың өсімін қамтамасыз ету; энерге­ти­калық әлеуетін тиімді пайдалану; экономиканы тұрақты дамыту және азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыру мақсатында мұнай мен газ­дың өндірісі мен экспортын жаңа сатыға шығару; әсіресе, көлік пен бай­ланыс саласындағы инфрақұры­лым­ды дамыту, азаматтардың білім деңгейін көтеру, олардың ден­сау­лығын сақтау; кәсіби мемлекет құру, мемлекеттік қызметкерлердің тиімді, әрі заманауи корпусын қалыптастыру сияқты басым бағыттар айқындалған.

Бұл құжат романтикалық шы­ғар­ма емес, математикалық модельдер мен күрделі есеп-қисаптардың не­гізінде құрылған құнды ғылыми жұмыс. Жаһандық даму бағдарла­ма­лары әлемнің көптеген елдерінде бар. Бірақ халықаралық мамандар бұл стартегияны әзірлеу жұмы­сы­ның елдегі қиын-қыстау кезеңде бас­талғанын Қазақстанның қайта­лан­бас ерлігі деп бағалайды. Өйт­кені, ол кезде кейбіреулер бола­шақ­қа көз тіккенше дәл қазіргі бір күндік мәселелерді шешу керек деп ойлаған. Қазақстанның 18 жыл ішінде қол жеткізген қазіргі жетістіктері стратегиялық ойлау қабілетінің қаншалықты маңызды екенін көрсетсе керек.

Осы жылдардың ішінде қазақ­стандықтардың өмір сүру деңгейін сөз­сіз жақсартқан бірқатар маңыз­ды әлеуметтік мәселелер шешімін тапты. Елбасының Қазақстан хал­қына арналған жыл сайынғы Жол­дауларында қазақстандықтардың өмір сүру деңгейі мен әлеуметтік ахуалын бұдан да жақсарта түсуге бағытталған міндеттер жүктеледі.

Тарихта Қазақстан секілді бір­лікті, теңдікті және бауырластықты сақтай отырып бір ел халқының өр­кендеуші мемлекет құра біл­ген­дігі туралы мысал өте аз кездеседі. Біздің көпэтносты халқымыз тиімді азаматтық қоғам құруға, барлық ұлт пен ұлыстікі секілді жеке-дара тұл­ғаның да құқығын қамтамасыз ету жолына сенімді түрде аяқ басты. Сонымен қатар, мемлекеттің қуаты халықаралық қоғамдастықтың сені­мімен беки түсуде. Қазақстан өзін демократиялық құндылықтардың жақтаушысы және әлемдік жал­пы­азаматтық құндылықтар қоржыны­на үлес қоса алатын күшті зайырлы мемлекет ретінде таныта алды.

Тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстан Ресеймен, ҚХР-мен, Түркіменстанмен, Өзбек­стан­мен және Қырғыз Республи­ка­сымен шекаралық мәселелерін бүтіндей реттеді. Жүздеген жыл бойы созылып келген, ата-бабамыз арман еткен мақсат-мұраттарымыз жүзеге асты. Бұл – ірі тарихи ма­ңызды факт. Өйткені, кез келген мем­лекет өзінің қауіпсіздігіне то­лықтай сенімді болғанда ғана тиімді даму жолына түсе алады.

Әлем картасында Қазақстан Рес­публикасы ядролық қаруының әлеуеті бойынша төртінші мемле­кет ретінде пайда болды. Бірақ дұ­рыс тарихи таңдау жасалды – Қа­зақ­стан ядролық қарудан бас тар­тып, оны таратпау туралы келісімге қосылды. Бұл саясат көрші мем­лекеттер мен барлық халықаралық қоғамдастықтың Қазақстанға деген сенімін арттырды. Азиядағы ын­тымақтастық пен қауіпсіздікті да­мытуға және бейбітшілікті ны­ғай­туға бағытталған еліміздің сыртқы саясатындағы қа­дам­дар мен баста­ма­лар халықаралық қоғамдастық ал­дын­дағы салма­ғы­м­ызды арттырды.

Қазақстан үшін алдыңғы қатарлы әлемдік держа­ва­лар­мен бірдей дос­тық және ынты­мақ­тастық қарым-қатынас ұстау тән.

Сондай-ақ өз үйіміздегі саяси тұрақты­лықты, азаматтық бейбітшілікті және этносаралық келісімді сақтай отырып жаһандық, сонымен қатар, аймақтық қауіп-қатерді азайтуға, тұрақтылық пен бейбітшілікті күшейтуге атсалысуға тырысады.

Уақыт өткен сайын артқан бе­делі Қазақстанға Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) шақыру туралы маңызды бастама көтеруге жағдай туғызды. Оны азиялық мем­лекеттердің басым бөлігі қолдады. АӨСШК идеясы халықаралық саясаттың салмақты факторы бола білді.

Жаһандық қауіпсіздікті нығайту үдерісіндегі тағы бір маңызды оқиға Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері болды. Бұл форумдар әлемдік діндердің бірте-бірте жақындасуына ықпал етуде өзінің басты миссиясын орындады.

Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы және барлық көршісі­мен шекаралық мәселелерді бейбіт шешкендігі, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына және Шанхай ын­тымақтастық ұйымына белсенді түрде қатысуы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралы жөнін­дегі кеңес шақыруы, халықаралық лаңкестікпен күреске қатысуы, Ас­танада әлемдік және дәстүрлі дін­дер көшбасшыларының басын қо­суы, посткеңестік кеңістіктің және Орталық Азияның кірігуі туралы түрлі жобалары – Қазақстанның Азиядағы ғана емес, сонымен қа­тар, жаһандық ауқымдағы жағдай­ларды жақсартуға қосқан айқын үлесі.

Мемлекет ретінде бой түзей бас­таған кезімізді еске алатын бол­сақ, қаншама қиын-қыстау кезең­дерді артқа тастап, бір елде бір уақытта шешу мүмкін емес үлкен дүниелерді еңсергенімізге, көп нәрсе жасап үлгергенімізге қарап таңқалып, тамсануға болады. Осы қиын-қыстау жылдары біз бәріміз бірге күйініп, бірге қуандық. Қа­зақ­стандықтардың төзімділігі, өрлігі мен ерлігі болмаса, бүгіндері еш­қан­дай мейрамды тойламас та едік...

Барша халық өткен жылдар бедерінде шыңдалды. Өткен уақыт әділдікті қайрады, біз өзімізге және өзгелерге талаппен қарай бастадық, біздің билікке деген, жалпы өмірге де талабымыз күшейді.

Қоғамды трансформациялау үдерісі, әрине, әлі аяғына жеткен жоқ. Бірақ негізгі-негізгі деген дүниелер жасалды. Қазақстан аяғынан тік тұрып, бұғанасын бекітіп, сенімді түрде даму жолына түсті. Осы жылдар бойында бізге Отанымызға деген сүйіспеншілік пен егемендігіміз күш-қуат берді. Алдымызда ірі әрі ауқымды міндеттер тұр. Оны жүзеге асыру үшін бізден қажымас қайрат, тынбас еңбек, терең білім, жоғары гуманизм, саналы патриотизм, бәрінен бастысы – әр ісімізде және ой-мүддемізде бір болғандығымыз аса маңызды. Бізде республикамызды мақтан ете алатындай өркендеген ел қатарына қосуға барлық мүмкіндіктер бар.

 

Республика стратегиясы

Халқымыздың әл-ауқаты

жақсаруы – “Қазақстан-2030” бағдарламасының басты бағыттары

 

Жансейіт СӘРСЕНҚҰЛОВ, Парламент Сенатының депутаты.

Қазақстан экономикасы 2000 жылдан бастап жоғары эконо­ми­калық өсу кезеңіне аяқ басты. Оған себеп, ішкі тұтыну мен ин­вестициялық сұраныстың кеңеюі, мемлекеттік инвестицияларды қоса алғанда, ел экономикасына са­лынған шетел қаржылары кө­лемінің өсуі болды. Қазақстан Республикасының ішкі жалпы өнімінің тұрақты өсуі 2000-2007 жылдары жылына орташа 10,1 пайызға жетті. Мұнайға әлемдік ба­ғалардың жоғары болуы, сырт­қы рыноктарда қарыз ресурс­тарының қолжетімдігі, шетелдік инвестициялардың көлемі ішкі рынокқа шетелдік валютаның ағынына ықпал етуі арқылы 2000-2007 жылдар аралығында жалпы төлем балансының оң сальдосы қалыптасты.

2007 жылғы қаржы дағдарысы, экономикаға кредит берудің төмен­деуі, несие қаражаттарының жоғары ставкалары, экономика­ның өсу қарқынының азаюына алып келді. 2007 жылы ІЖӨ-нің өсу қарқыны 108,9 пайызға дейін төмендеді.

2008 жылдан бастап Қазақстан әлемдік экономиканың циклдық дамуының төмендеу үрдісі кезе­ңі­не аяқ басты, бұл жағдайлар эко­номикалық саясаттың түзетілуін қажет етті. Елдің экономикалық өсу қарқыны мен сапасы, эко­но­микалық саясат бағыты оны мем­ле­кеттік қолдау керектігін көр­сетті. Қаржы дағдарыстары әсе­рінен болған экономиканы қайта қалпына келтіруді, шығындардың азаюын қажет ететін қазіргі жағ­дайда мемлекет тарапынан оны басқара отырып түзету жүйесін құру болжанды. Республикалық бюд­жетті қалыптастыру, шығыс­тарын жоспарлау нәтижелеріне бағдарланған бюджеттеуді енгізуді көздейтін мемлекеттік жаңаша жоспарлаудың жаңа жүйесін қалыптастырып, іске асырудың уақыты келді.

2009 жылдан бастап Қазақстан үш жылдық бюджеттік жоспарлау­ға көшеді. Бұл жаңа заң жобасы Үкіметтің заңнамалық бастамалар пакетінде маңызды орын алып, осы жылдың өзінде Парламенттің қарауына енгізілді. Ұсынылған заң жобасы бюджеттік жоспарлаудың тиімді үйлестірілуін қамтамасыз ете отырып, мемлекеттік орган­дар­дың қызметін, олардың мақ­сат­тары мен міндеттерін орындаудан нақты нәтижелер алуға бағытталған.

Орта мерзімді жоспарлаудың жаңа жүйесінің бюджетаралық қатынастары Бюджет кодексінде белгіленіп, өзара қатынастардың ашықтығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жаңа эле­мент­термен толықтырылған. Мем­лекеттік органдардың стратегия­лық және операциялық жоспар­лары жергілікті атқарушы орган­дармен меморандумдар, келісім­дер арқылы іске асырылады.

Сонымен қатар, бұл заң жо­басы республикалық бюджеттің тү­сімдері мен шығыстарының мөл­шерін, жалақының, зейнет­ақы­ның ең төменгі айлық есептік көрсеткішінің, ең төменгі күн­кө­ріс деңгейінің және базалық зей­нет­ақы төлемінің көлемін Үкі­меттің резерв ауқымын, Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепілдіктер бойынша міндет­те­ме­лерді орындау сомасын, мемле­кет­тік кепілдіктер беру лимитін, мем­лекеттің кепілгерлік беру лимитін, үкіметтік борыш лимитін, Ұлттық қорға жіберілетін бюджетке түсе­тін түсімдердің мөлшерін және басқа да деректерді белгілейді.

Ұсынылған заң жобасында республикалық бюджет шығыс­та­рын жоспарлау кезінде Мемлекет басшысының “Қазақстан халқы­ның әл-ауқатын арттыру – мем­лекеттік саясаттың басты мақса­ты” атты Жолдауында Үкіметке беріл­ген тапсырмаларының бәрі еске­рілген. Ең бірінші кезекке әри­не, еліміздің әлеуметтік-эконо­ми­калық дамуы шыға­рыл­­ған.

Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрлігі қызметінің стратегиялық бағыттары шеңбе­рінде 27 бюджеттік бағдарлама көз­­делген. Оның ішінде:

– зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері 2009 жылы 9 875 теңге – 25 пайызға, 2010 жылы 12 344 теңге – 25 пайызға және 2011 жылы – 16 047 теңге – 30 пайызға ұлғайтылады;

– базалық зейнетақы төлем­дері 2011 жылға қарай ең төменгі өмір сүру деңгейінің 50 пайыз деңгейіне дейін жеткізіледі;

– мемлекеттік әлеуметтік жәр­­демақы мен арнайы мемлекеттік жәрдемақылар мөлшері 2009 жыл­дан бастап жыл сайын орта есеппен 9 пайызға ұлғайтылатын болады.

Осы әлеуметтік бастамаларды іске асыру үшін үш жылдық бюд­жет жобасында қажетті қаражат көзделген. Үш жылдық бюджет, сон­дай-ақ бюджеттік сала қыз­мет­­керлерінің жалақысын 2011 жылға қарай екі есе, соның ішінде.

– 2009 жылы – 25 пайызға, 2010 жылы – 25 пайызға және 2011 жылы 30 пайызға арттыруды көздейді;

– зиянды еңбек жағдайы үшін қосымша ақы алатын мамандар тізімі кеңейтілді. Осы мақсаттарға 2009 жылы – 4,3 миллиард теңге, 2010 жылы – 5,4 миллиард теңге, 2011 жылы 7,1 миллиард теңге бөлінетін болады.

Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласында физикалық және психологиялық-эмоциялық жүкте­мелер үшін қосымша ақы алатын медицина қызметкерлерінің тіз­бесін кеңейту, фтизиаторлар мен сәулелік диагностика маман­да­рына зиянды жұмыс жағдайлары үшін қосымша ақының мөлшерін ұлғайту еске­ріл­ген. Бауырластарды тарихи Отанына қоныстандыру және әлеуметтік қорғау шығыс­тарында бір жылда 20 мың отбасына дейін көмек көрсету жоспарланған.

Бала тууды ынталандыру және демографиялық ахуалды жақсарту мақсатында 2010 жылдан бастап көп балалы отбасыларға әлеуметтік қолдау күшейтіледі. 4 және одан да көп бала туғанда бір жолғы жәр­демақы 50 айлық есептік көрсет­кішке дейін арттырылатын болады. Сә­биді бір жасқа жеткенше күту жөніндегі ай сайынғы жәрдемақы орта есеппен 2,5 есе ұлғайтылады. Әлеу­меттік төлемдердің жаңа түрі – мүгедек балаларды тәрбиелеуші ата-аналарға, қамқоршыларға ең төменгі жалақы мөлшерінде жәрдемақы енгізіледі.

Сондай-ақ, 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген көп балалы аналарды “Алтын алқа” медалімен және 6 бала туып тәрбиелеген аналарды “Күміс алқа” медалімен марапаттау көзделуде.

Мемлекеттік әлеуметтік жәрдем­ақы шығыстарында мүгедектігі үшін, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты мемлекеттік жәрдемақы төлеу үшін 2010 жылы 14 629 теңге, 2011 жылы 15 639 теңге қарастырылған.

Мемлекеттік бағдарлама сапалы білім беру қолжетімдігін қам­та­масыз ету шеңберінде 2005-2010 жыл­дары химия-биологиялық және физика-ма­тематикалық бағытта 20 инно­ва­ция­лық мектеп ашу үшін 2009 жылы 9,6 мил­лард теңгеге, 2010 жылы 7,7 мил­­ли­ард теңгеге қаражаттан­дырыл­ды.

“Болашақ” бағдарламасы шеңбе­рінде шетелдегі жоғары оқу орын­дарында мамандарды даярлауға 3 мың қазақстандық азаматқа 2009 жылы 14,5 миллиард теңге, 2010-2011 жыл­дарға 15,1 миллиард теңге бөлу қарас­тырылды. Негізгі орта және жалпы мемлекеттік меке­ме­лердегі лингофон, мультимедия /ЛМК/ кабинеттерін жарақтандыруға берілетін нысаналы трансферттер 2009-2010 жылдарға 4,8 миллиард теңгеден бөлінеді.

“100 мектеп, 100 аурухана” бағ­дар­ламасының шеңберінде келешек­те мектепке дейінгі балалар мен мек­теп жасындағы балалар меке­ме­леріне арналған құрылыстар салу және қалпына келтіру қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, мемлекеттік жоғары оқу орындарының жатақ­ха­налары мен оқу корпустарын қайта жөндеуге қаражат бөлінетін болады.

Техникалық және кәсіби білім берудің қолжетімдігін кеңейту мем­лекеттік бағдарламасы бойынша бі­лікті мамандарды даярлауды жүзеге асыру барысында 2008-2010 жылдар­­ға жалпы 30 милли­ард теңге қаражат бөлінуде. Соны­мен қатар, Елба­сы­ның Парла­мент­тің соңғы сессиясын ашу барысында берген тапсырмасы бойынша, білім беру мекемеле­рін­де оқитындардың стипендиялары 2009 жылы 25 пайызға, 2010 жылы 25 пайызға, 2011 жылы 30 пайызға өсі­­ріліп, орташа стипендия көлемі 2009 жылы 9 375 теңгеге дейін, 2010 жылы 11 719 теңге, 2011 жы­лы 15 235 теңге құрайтын болады. 2009 жылғы 1 қыркүйектен бастап “Білім және ғылым саласындағы мемле­кет­тік саясатты қалыптас­ты­ру және іске асыру жөніндегі қыз­меттер” бағ­дарламасы бойынша кә­сіптік және техникалық маман­дар даярлайтын ұлттық универ­си­тет­тердегі студент­терге арналған мем­­лекеттік гранттар беруі көзделеді.

Денсаулық сақтау саласында тегін медициналық көмектің кепілді көлемін қамтамасыз ету мен кеңейтуге арналған шығыс­тарға 2009 жылы – 34 миллиард теңге, 2010 жылы – 47 миллиард теңге, 2011 жылы – 54 миллиард теңге, соның ішінде жергілікті бюджеттерге нысаналы ағымдағы трансферттер 2009 жылға – 11,4 миллиард теңге, 2010 жылы – 20,8 миллиард теңге, 2011 жылы – 21,7 миллиард теңге, соның ішінде гемофилиямен ауыратын­дарды қанның VІІ - VІІІ - ІX факторларымен қамтамасыз етуге жыл сайын 3 миллиард теңге қарастырылып отыр.

Ауыл шаруашылығы минис­трлігі қызметінің стратегиялық бағыттарының шеңберіндегі шы­ғыстарға су қорын қорғауды пай­далану саласында жаңа және қа­зіргі бар әдістемелік негіздерді әзір­леуге, су ресурстарын пайда­ла­нуды, қорғауды дамыту, мони­то­ринг және трансшекаралық басқару саласында зерттеулер жүр­­­­гізуге 2009 жылға 49,4 милли­ард теңге, 2010 жылға 4 миллиард теңге, 2011 жылға 47,3 миллиард теңге белгіленді. Сондай-ақ, ауыл мамандарын әлеуметтік қолдау шараларын іске асыруға, оның ішінде, келесі жылдан бастап ау­ыл­дық жерлерге келетін әлеумет­тік сала мамандарына 70 еселік АЕК мөлшерінде көтермелеу өтемақысын төлеуге ағымдағы нысаналы трансферттер шығыс­тары қарастырылды. Ауылдық аудандар деңгейінде 50 шағын кредит ұйымы құрылатын болады, ауыл халқына берілетін шағын кредиттер санын кредит беру жолымен ұлғайту қарастырылған.

Үш жылдық республикалық бюджетте мемлекеттің үй құры­лысы бағдарламасы бойынша Ел­басының Жарлығына сәйкес 2009 жылы 100,1 миллиард теңге, 2010 жылы 92,6 миллиард теңге шы­ғыстар болжанып отыр.

Қорыта айтқанда, орта мер­зім­ді кезеңде бюджеттік жоспар­лау­дың жаңа тәсілдерін ескере оты­рып, жалпы экономикаға ынта­лан­дырушы әсер ететін бюджет шығындарын шектеуді емес, өсіруді көздейтін мемлекеттік шығыс­тар­дың бірқалыпты саясаты жүргізі­летін болады. Осы айтыл­ған жаңа әдістер еліміздің әлеу­меттік-эконо­микалық дамуының тұрақтылығын қамтамасыз етуі тиіс.

 

Республика ынтымағы

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының  2008 жылғы қазандағы № 151/292 қаулысына қосымша

 

Қазақстан халқы Ассамблеясы шығып қалғанның орнына сайлаған Қазақстан Республикасы  Парламенті Мәжілісінің депутатын сайлаудың қорытындылары туралы хабар

2008 жылғы 23 қазанда Қазақстан халқы Ассамблеясы шығып қалғанның орнына сайлаған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутатын сайлау болып өтті.

Сайлаушылардың тізіміне 382 азамат енгізілді, олардың ішінен 331 адам немесе 86,6 пайызы дауыс беруге қатысты.

Сайлауға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына 1 кандидат қатысты.

Дауыс беру кезінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидатқа дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 306-сы дауыс берді.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып  1946 жылы туған, болгар, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының консультанты, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі, Қазақстандағы болгар мәдени орталығының басшысы, Астана қаласында тұратын Олег Григорьевич Дымов сайланды.

 

Қазақстан Республикасы  Орталық сайлау комиссиясы

(жалғасы)



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат