Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2008-11-04:

ЭТНОС МӘДЕНИЕТІ – ЕЛДІК МӘЙЕГІ

 

23 қазанда Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІV сессиясында сөйлеген сөзінде Қа­зақстан Республикасының Президенті Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаев Қа­зақстан халқы Ассамблеясы жұ­мы­сының мынандай қағидаларын тарқатып айтты, олар:

“Бірінші қағида – этностық, кон­фес­сиялық, мәдени және тіл ерек­шеліктері. Бұл еліміздің баға жетпес ба­й­лығы болып табылады. Елбасы бұған мы­сал ретінде этномәдени бір­лес­тіктердің саны өсіп, 621-ге же­т­кен­дігін, 46 этностың әрқай­сысында орта­лықтар жұмыс істейтіндігін, 1991 жылы еліміздегі 700 діни бірлестіктің қатары бүгінде 4 мыңнан асқандығын келтірді. Екінші қағида – Қазақ­стан­дағы этностардың мәдениеті мен тіл­дерін дамытуға мемлекет тарапынан бар­лық жағдайлардың жасалғандығы. Ел­басының атап көрсеткеніндей, елі­мізде 11 тілде газет-журнал шығады, 8 тілде радиохабарлар таратылады, 7 тілде телехабарлар көрсетіледі. Ұлт­тық тілдерде жарық көретін БАҚ-тар­дың жалпы таралымы 80 мың да­надан асады.

Үшінші қағида – біздің ұлтымыз­дың толеранттылығы мен жауап­кер­ші­лі­гі, төртінші қағида – қазақ эт­но­сы­ның ынтымақтастықты нығайтудағы рөлі. Бұған байланысты Мемлекет бас­шысы өткен ғасырдың 40-шы жыл­дарында Қазақстан аумағына 1 мил­лион 200 мыңнан астам әртүрлі ұлттың қо­ныстанып, немістерге, чешендерге, ин­гуштерге, корейлерге, гректерге, по­ляктарға және басқа да ұлт өкілдеріне па­на болғанын қадап айтты. Одан соң тың игеру басталды, деді Елбасы. Қазақстанға КСРО-ның барлық респуб­ли­каларынан 600 мыңнан астам адам келді. Олардың 350 мыңы жастар еді. Со­­лардың көпшілігі Қазақстанда тұ­рақ­тап қалып, осында өз Отанын тап­ты. Бесінші қағида –Конс­ти­ту­ция­да атап айтылған: “ортақ тарихи тағ­дыр біріктірген Қазақстан халқы...”, яғни Қазақстан халқының бірлігі (“Егемен Қазақстан”, 24.10.2008.).

Бұл Ассамблея жұмысы туралы ғана толық сөз емес, Қазақстан қоғамы туралы түбегейлі сөз. Олай дейтінім, біз­дің елдегі саяси, әлеуметтік және экономикалық тұрақтылық тек мем­лекеттік іс-шаралар негізінде ғана іске асып отырған жоқ, бұл мәселе қо­ғамға және өзге елдер тәжірибесінде жоқ ерекше саяси-мәдени институт халық Ассамблеясының болуы және оның нәтижелі қызметінде. Осы инс­ти­тутқа Президенттің тікелей бас­шылық жасауы Ассамблея жұмысына ға­на емес, Қазақстан қоғамын ке­мел­дендіру ісіне қарқын беруде. Көп­ші­лікке белгілі жай, мемлекеттің беріктігі қо­ғамға тікелей байланысты. Аза­мат­тары қоғам болып қалыптаспаған мемлекеттер елдік келелі мәселелерді шешуде дәрменсіздіктерін білдіріп алып жатқанын, қазіргі заман бей­не­сінен айқын көрудеміз. Бір кезде ай­рандай ұйып отырған Грузия елі бір-ақ күнде десе де болғандай, іргесі сө­гіліп, біртұтас ел болудан қалып, одан Оңтүстік Осетия мен Абхазия бөлініп шықты. Бұл деген мемлекеттің әл­сіреуі. Мемлекеттің территориялық тұ­тастығын сақтай алмауы бүгін болып отыр­ған әлемдегі қаржы дағдарысынан әлдеқайда ауыр жағдай. Мұның түпкілікті себебі, грузиялық қоғам­ның қалыптаспағандығы еді. Қоғамы қалыптаспаған мемлекет осындай халге түсе беретіні тарихтан да белгілі. Ке­шегі Югославия да осындай жағдайды ба­сынан өткеріп, біртұтас ел болудан қалды. Қоғам болып қалыптаспаған елде мемлекеттің ыдырауы, іргесінің сөгілуі, территориялық тұтастығын сақтай алмайтын жағдайы басталмақ. Құдай бетін аулақ қылсын, халық бірлігі біз­дің елдің субстанциясы. Осы мәселеде көрегендік танытқан Президент өз ұсынысымен осыдан он үш жыл бұрын халық Ассамблеясын құрған еді, содан бері бұл қоғамдық ұйым халық бір­лігіне қалтқысыз жұмыс істеп келеді. Ісіне, бағытына, мүмкіндігіне қарай бұл институт кемелдене келе құқықтық не­гізге ие болды, Парламенттің Мә­жілісіне өз депутаттарын сайлады, Қа­зақстан Парламенті 2008 жыл 9 қа­занда “Қазақстан халқы Ассамблеясы ту­ралы” заң қабылдады. Бұл маңызды тарихи шешім. Ендігі жерде Ассамблея қызметі заң өрісі негізінде жүрмек. Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы заңның үшінші бабында Ассам­блея­ның мақсаты былай деп анықталған: “Ассамблеяның мақсаты қазақ халқы­ның топтастырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қа­зақстан халқының азаматтық және ру­хани-мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық азаматтық бірдейлікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалып­тас­тыру процесінде Қазақстан Рес­пуб­ликасында этносаралық келісімді қамтамасыз ету болып табылады” (“Егемен Қазақстан”, 11.10.2008).

Президент өз сөзінде Ассамблея жұ­мысының практикалық қызметіне, оның бағдарламалық ұстанымдарына, жаңа түсінік, ұғымдарына сарап­та­малық істер қажет екенін айтты. Мен соның бір мәселесіне назар аударайын, ол саяси ойлау мәдениетінде орын ала бас­таған жаңа лексикаға қатысты. Мы­салы, жоғарыда келтірілген Пре­зи­дент­тің сөзінде тың ұғымдар қолданылған, олар: этнос, этнос мәдениеті, этностық ынтымақтастық, этностар қарым-қатынасы, қазақ этносы және этно-мәдени орталық. Мұнда көңіл аудара­тын негізгі екі ұғым – этнос және этнос мәдениеті, қалғандары осылардан өсіп-өнетін түсініктер.

Этнос деген әлемдік ғылымда кеңі­нен қолданылатын ұғым. Кеңес заманында этнос ұғымы тек ғылыми әде­биеттерде қолданыс тапқанымен, саясатта, идеологияда пайда­ла­ныл­мады, оның басты себебі – кезінде не­гізін салған Ленин, одан беріде Сталин же­т­ілдірген “лениндік ұлт саясаты”. Содан барып ұлт деген саяси ұғым, мән­ді ғылыми ұғым этносты шетке шығара берген. Идеологиялық қызметте ұлт дегенді қолдану ыңғайлы болды, өйткені социализм дегеніміз лениндік ұлт саясатын жүзеге асырып отырған қоғам деп танылды.

Этнос ұғымы – халықтың этникалық табиғаты туралы сөз болғанда қолда­ны­лады, мысалы, орыс этносы, қазақ эт­носы, неміс этносы, ұйғыр этносы, корей этносы, т.б. Халық пен этнос бір мәнде де айтылады, сонымен бірге контекстке бай­ланысты бірде халық, бірде этнос мә­нісінде қолданылады. Этнос – халықтың этникалық сипаттамасы. Халық – этностың субстанциясы. Халық ауқымды – ұғым. Халықтың этникалық сипа­т­та­масы болмауы өте сирек кездесетін жағ­дай, мысалы, бұл мәселені шартты түрде американ халқына қатысты айтуға болар. Елдің аталуында тұрғандай, Америка Құрама Штаттардан тұрады. Көптеген нәсіл, этностардан құрылған, этностық жағы біртекті емес. Кезіндегі кеңес халқы деген этностық тарихы жоқ, адамдардың мем­лекеттік-территориялық қауымдас­ты­ғы болатын. Мұндай жағдайда бірыңғай азаматтық басты қағидат болып, этностық іс­тер есепке алына бермейді. Ал Англия, Фра­нция, Германия, Жапония, Ресей т.б. сияқ­ты дәстүрлі елдерде азаматтықпен бірге этностық қасиеттер бірге анық­тал­мақ, себебі, бұл халықтардың ғасырларға ке­тетін этностық тарихы бар. Осы тұста татар ғалымдарының шығарған тарих оқу­лығының аталуы есіме түсіп отыр. Кітап “Татар халқының және Татар­станның тарихы” деп аталған, неге бұлай дегенде авторлардың бірі татар халқының тарихы деген халықтың этностық тарихына қатысты деп түсіндіреді. Дәлел айғақты.

***

Ассамблея халық бірлігіне қызмет ететін қоғамдық институт, жоғарыда халық бірлігі – қоғамға тікелей қатысты дедік. Реті келген соң айта кетелік, халық бірлігі мемлекет пен қоғам арасындағы сансыз қатынастар үндестігіне қатысты. Социализм кезінде де мемлекет және қоғам дегендер болды, мысалы, біз социалистік мемлекет және социалистік қоғам дейтінбіз, бірақ бұлардың сапалық айырмашылығы болмайтын, қоғамның дербестігі жоқ болды деуге де келеді, себебі қоғамдық ұйымдар: партия, ком­-сомол, кәсіподақ, т.б. мемлекеттік негізде құ­рылатын. Қоғамның дербестігі бол­мады, яғни ол қоғамда демократиялық үр­дістер және жеке адам еркіндігі болмады деген сөз. Мемлекеттік идеологиядан тыс қоғамдық ынта болмайтын, өйткені бар істі мұқият қадағалаушы коммунистік партия, ал ол сол кездің Конституциясы бойынша басқарушы билікті атқарушы еді. Сондықтан социализм заманында мем­лекет пен қоғам бір болды. Қазіргі көз­бен қарасақ, оның жақсылығы да, жа­ман­дығы да бар еді, әсіресе соңғысының мол болғандығынан социализм өзін-өзі күй­ретуге апарып соқтырды.

Нарықтық қатынастар мен тәуелсіздік жағдайында ахуал түбірімен өзгеше. Қоғамның мемлекеттен дербестігінің мүм­кін болуы бұл елдіктің кемелденуінің заңдылығы десек те сыяды, ендігі жердегі мәселе – осы қарқыннан мемлекеттік құ­ры­лымдардың қалып қоюы қауіпті. Ол қа­уіптің мәнісі мемлекеттің қоғам дер­бестігіне бөгет, тежеуші күш болуынан аң­ғарылмақ. Мемлекет пен қоғам ара­сын­дағы осы заңдылықты дер кезінде көре білген Президент өткен жылы Конс­ти­ту­цияға өзгерістер енгізуге ұсыныс жасап, оны Парламент қолдап, қоғамдағы де­мо­кратиялық үрдістерді одан әрі жетілдіру мақ­сатында қоғам өмірінде саяси күш ре­тінде партиялық жүйе еніп, қалыптасты. Пар­тия қоғамдық ұйым, ол әкімшілік емес. Партия – қоғамның дербестігінің кө­рінісі. Партия – идеялық қуат өлшемі. Егер ол әкімшілікке айналса, қоғамды мем­лекеттің тәуелділігіне бастамақ, әл­ем­де мұндай тәжірибе бар, оның айшықты үл­гісі Қытай Халық Республикасындағы жағдай. Бұл тәжірибе тактикалық жағдайда тиімді болғанымен, стратегияда оның зардаптары болуы мүмкін, яғни мемлекет пен қоғамның бірігіп кетуі, сөйтіп демократиялық үрдістер легіне тоқтау салынуы деп ойлаймын. Әлемдегі көп елдер сондықтан мұндай тәжірибеден бас тартып отыр. Дамыған деген елдерде партия негізінен билікке жетудің тех­но­ло­гиясы қызметін атқаруда, яғни билікке демократиялық жолмен жетуді қам­та­масыз ету жағында.

Қазақстан жағдайында партиялық жү­йе мен халық Ассамблеясы бірін-бірі то­лықтырып, Қазақстан қоғамына, оның де­мократиялық үрдісіне мүмкіншіліктер ту­ғызып отыр. Бұл, біз туралы шетел са­рап­шыларының айтып жүрген “қа­зақ­стан­дық жолдың” негізгі арнасы демекпін.

***

Президент өз сөзінде мемлекеттік тілді дамытуға барлық этностар атсалысады деген тұжырым жасаған. Бұл жаңа тұрпаттағы этнос мәдениетінің негізі болмақ. Этнос мәдениеті ел азаматтарын бөлшектейтін, бір-бірінен аластататын емес, керісінше, ортақ мүддеге қызмет ететін феномен болуы керек. Бүгінде іс осы бағытта жүруде. Этнос мәдениетінің қа­зіргі кездегі басты өлшемі – мем­ле­кет­тік тілге қатысты болып отырғанын ай­рықша айтуымыз керек. Бұл халық бір­лі­гіне бастайтын тура жолдың бірі, бірақ бұл істе тым асығыстық, аптығушылық жақсы нәтижелер бермейтіні де белгілі. Сонымен бірге естен шығармайтын жай, мем­лекеттік тіл – қазақстандық па­трио­тизм­нің басты тұғыры. Осы мәселе жө­нінде Елбасы былай деді: “Қазір мек­тептерде қазақ тілін 25 мың өзге ұлттың ба­лалары оқып-үйренуде. Ба­лаб­ақ­ша­лар­дағы қазақ топтарында аз ұлттардан тұ­ра­тын 10 мың бала тәрбие алуда. Жалпы ал­ғанда, қазақстандық оқушылардың 60 па­йызы қазақ тілінде білім алады. 1991 жыл­дары бұл көрсеткіш 30 пайыз тө­ңі­регін­де болатын, менің бастамам бо­йынша Мемлекеттік тілді дамыту қоры құрыл­ғаны белгілі. Қазір бізге мемлекеттік тілді же­делдетіп оқытатын әдістер қажет. Бізде қазақ тіліндегі жақсы мульт­фильмдер де жоқ. Бұл тұрғыда жұмыс іс­теуіміз керек” (“Егемен Қазақстан”, 24.10.2008.).

Осы ойды ілгері өрістете айтсақ, жаңа за­манға сай этнос мәдениетін қалып­тастыруда көп жағдайда мәселе мектепке тіреледі. Бәрі білім мен тәрбиеден басталмақ, ол тағы да мектепке қатысты.

Жасыратыны жоқ, бүгінде қоғамда “қазақ тілділер” және “орыс тілділер” деген дилемма орныққан. Осы мәселе қоғамның бірлігіне, әсіресе, оның рухани, саяси өміріне кері әсерлерін беруде. Ал, қоғамдағы демографиялық үрдіске назар салсақ, қазақ этносы бүгінде еліміз халқының 58,6 пайызын құрайды, ал мектеп жасындағы, әсіресе бастауыш сынып­тарындағы қазақ этносы бала­ла­ры­ның саны алпыс пайызға жетіп қалды. Яғни, осы демографиялық үрдіс білім беру жүйесінде жаңа сапалық құрылымды қажет етеді. Бұл жерде менің негізгі көп­шілікке жария етпекші ойым, ол қазіргі Қазақстанда бар мектептердің білім беру стандартын және мазмұнын түбегейлі өзгеріске түсіру қажеттілігіне қатысты.

Біз қазақ ұлтынан Тәуелсіздіктің нәтижесінде қазақ еліне айналдық. Енді білім беру жүйесін де заманға сай нақ­ты­лауымыз керек. Бұл мәселедегі ұсыныс, өзге өркениетті елдер сияқты бірыңғай оқу стандартымен оқытылатын жаңа тұр­патты мектеп қалыптастыруымыз керек. Яғни, Қазақстан азаматтары бара-бара балаларын этностарына қарамай бір сыныпта, бір мектепте оқытуы керек. Мұндай жағдайда қазіргі мектептердегі оқыту бағдарламалары, стандарттары, тәсілдері, жүйелері, құндылықтары жаңа сападағы өзгеріске түспек. Мәселе түбе­гей­лі шешілуі үшін бұл үрдіс мектеп жа­сына дейінгі мекемелерден бастау алғаны жөн. Орыс балабақшасы, қазақ тіліндегі балабақша орнына бір тәрбие жүйесіне құрылған мемлекеттік тілде тәрбие жүргізілетін балабақша болуы қажеттілік.

Осындай жағдайды іске асырғанда қоғамдағы орыс тілділер және қазақ тілділер деген мәселе күн тәртібінен бірте-бірте азайып, келе-келе жойылмақ, жаңа қазақстандық азаматтардың жаңа психологиясы қалыптаспақ. Ендігі жердегі мәселе біз білім беру жүйесін 2010 жылы 12 жылдыққа өткізбестен бұрын осы бірыңғай жүйелі мектеп мәдени жобасын қоғамда талқыға салып, заңдастырып алғанымыз жөн. Негізінде мұндай мектеп мәдени жобасы мен 12 жылдық білім беру мәдени жобасы бірге қарастырылып заңдастырылса іс табысты болар еді. Бұл екі жобаны екі бөлек қарастырсақ уақыттан ұтыламыз.

Жаңа тұрпатты мектеп дегенде бір үлгі боларлықтай жағдай, түрік ағайындардың KATEV жүйесіндегі орта білім беретін оқу орындарындағы тәжірибесі ескеруге тұрарлық. Байқаймын, түрік лицейлерін тәмамдаған жастар қазақ, түрік, орыс, ағыл­­шын тілдерін еркін меңгеріп шығуда, демек елімізде мұндай үрдіс бар, неліктен осы негізде, мүмкін одан да тұрақты бағдарлама туралы мамандар ойланбасқа. Осы мәселе туралы Елбасы Жолдауда: “... балабақшаға, ашылып жатқан қазақ мектептеріне барсақ, әр ұлттың, ұлыстың балалары оқып, әдемі ғана тілді үйреніп жатыр”, – деген болатын.

Мұндай мектепте қалай оқыту деген мәселе, әрине, мамандар үлесіндегі іс, менің айтпағым, орыс тілді, қазақ тілді мек­тептер, сыныптар дегеніміз өр­ке­ниет­тік үрдіске жатпайды. Әрине, қоғамдық істе әрлі-берлі пікірлер болуы әбден ор­ынды, себебі бұл психологиялық қа­лыптасып қалған дағдыны бұзу әлд­е­кім­дердің тікелей кәсібіне зиян болуы ық­тимал, бірақ көш тоқтамауы керек. Әри­не, осындай тек біртілдік негізге құрылған мек­тептің оқу жоспарын бір жүйеге кел­тіру оңай шаруа емес. Бұл қалыптасқан пси­хологияны өзгерту көптеген ұйым­дастырушылық, тәрбиелік және бейімделу (адаптация) шаруаларын жүргізуді қажет етпек. Бұл мамандар үлесіндегі аса маңызды шаралар, біздің әңгімеміз идеялық-қағидаттық мәселе.

Жаңа мектептің жобасы туралы бүгінгі күнде айтудың және оны жүзеге асы­рудың қажеттілігі, жоғарыда айтқан­дай, елдік мәселеге тіреледі. Қандай елдің де азаматтарының патриоттық сана-сезімінің векторы елдік негізде болмақ. Бұл табиғи жағдай. Бір елдің азаматтары, олардың ұрпақтары этностарына, діни сенімдеріне қарамай бір мектепте, бір сыныпта білім алуы да табиғи жағдай. Бұл үрдіс әлі жалпы қоғамдық сипат алмаса да, елімізде басталған, айталық, кейбір орыс халқы­ның өкілдері, Елбасы айтқандай, бала­ларын қазақша балабақшаға, қазақ мек­тептеріне бере бастады. Астанадағы Нұр-Орда түрік-қазақ лицейінде болғанда, оның оқу ісінің жетекшілері жиырма сегіз лицейлерде он пайыздай қазақ балала­ры­мен қоса өзге этнос балалары, оның ішінде орыс балалары да оқып, төрт тілді мең­геруде екенін айтқан.

Осындай жағдайда қазақ мектептері және орыс тіліндегі мектептер деп бір ел­дің балаларын бөлшектеп, бөлек оқыту ісі­нің болашағы жоқ деген пікір біл­ді­ремін. Қоғамның көптеген мәселелері мек­тептерден бастау алады. Сондықтан мек­теп ісіне, оларды бірыңғай ұлттық мектеп қалыптастыру мақсатына орай жүргізген жөн. Бұл істі соза берсек уақыт өткіземіз, сондықтан бұл істе шешуші қадам жасалғаны, сірә, дұрыс болмақ. Бұл мәселеде түсінбестік те, қарсыластық та болады. Білім беру жүйесі консервативті, алайда бұл бағытта келешек үшін шешім қабылдау қажет. Жаңа мектептің бағ­дар­ламасы туралы, әрине, мамандар айту­ла­ры керек, бірақ бұл мәселеде менің айт­пағым, балалар 1-сыныптан 4-сыныпқа дейін, яғни бастауыш білім деңгейінде мемлекеттік тілде оқығаны дұрыс. Түрік-қазақ лицейлерінде жаратылыстану пәндерін ағылшынша оқытатын көрінеді. Ой­лану керек. Демек, педагогикалық инс­титуттар шұғыл түрде қазақ-ағылшын ті­лінде сабақ бере алатын мұғалімдер даяр­лау ісіне көшулері қажет. Әрине, жаңа мек­теп қалыптастыру бір күнде бола қоя­тын жай емес, оның мәселелері көп те болуы мүмкін, оның үстіне қоғамдағы қа­л­ыптасқан “қазақ тілділер” мен “орыс тіл­ділердің” сәйкессіздіктерін де ескеру қа­жет. Бұл мәселе дискурске түскен соң әр­қилы әңгіме болмақ, бірақ негізі сөз өр­кениетті деңгейдегі сарапшылардың құзырында болуы қажеттілік.

Бұл мәселе төңірегінде Білім және ғылым министрлігі ойланғаны жөн. Осы істе қазіргі заман талабына сай мектеп мұғалімдерін даярлаудың инновациялық бағдарламасы жасалса... Ұстаздар даяр­лау­да арнайы оқу орны деп аталатын Абай атындағы Ұлттық педагогикалық уни­вер­си­теті қоғамға инновациялық жоба ұсынса деген тілек бар.

Бұрынғыша, ескі сүрлеу дәстүрімен ұстаздар даярлаудың күні өткені кімге болсын түсінікті. Осы ретте Елбасы Үкі­метке келесі жаңа оқу жылына дейін толық­қанды тұлға қалыптастыруға негіз бо­латын кешенді бағдарлама әзірлеуді тап­сырды. Білім мен тәрбиенің қатар жүруі туралы Президент нақты айтты: “Қазіргідей жаһандану дәуірінде жас азамат өз бойына белсенділік, өзгелермен тіл табыса білу, шыдамдылық, өз сөзінде тұру секілді қасиеттерді көптеп сіңіре білуі қажет. Жас азамат өзін әрдайым жан-жақты жетілдіріп отыруы тиіс. Керісінше, бір ұлттың тілі мен мәдениетін басқа бір ұлттың тілі мен мәдениетінен жоғары қою, менсінбеушілік секілді жаман қасиеттерден аулақ болған жөн. Себебі, бір ұлтты басқа ұлттан жоғары қою – қазіргі әлемдік дамудың бағытына қарама-қайшы келеді. Ал жақсы мен жаманның ара-жігін ажырататындай қасиетті бала санасына жастайынан сіңіруіміз қажет. Белгілі орыс ғалымы Лев Гумилев өз ке­­зе­ңінде кез келген ұлттың күштілігі оның са­нының көптігінде емес, өзінің артындағы ұр­пағына сақтап, қалдыратын және бүкіл әл­емге тарататын рухани мәдениетінде де­ген болатын. Сол себепті де біз өзіміздің ба­лаларымызды, жастарымызды өзгелерді тың­дауға және түсінуге, басқа ұлт­тар­дың тілі мен ділін, салт-дәстүрін құр­мет­теуге тәрбиелеуіміз керек. Онсыз қазіргідей жа­һандану дәуірінде ешқандай жетістікке жете алмаймыз. Қазақстандық жастар өз елі­нің патриоты болулары керек. Түрлі экс­тре­мистік сипаттағы “көз­бояу­шы­лық­тарға” қарсы тұрар иммунитеттерін кү­шей­тулері қажет”, ((“Егемен Қазақстан”, 24.10.2008.).

Осы айтылған жайларды әңгімемізге орай түйіндеп айтсақ, олар этнос мә­дениеті деген ұғымға саяды. Әрбір этнос та­рихқа өз даралығымен енген. Дара қа­сиетін жойған халық этнос атанудан қа­лады. Этнос халықтың даралығының, оның еш жерде, ешқашан қайталан­бай­тындығының белгісі. Кезінде қазақ мә­дениетіне анықтама бергенде түрлі ұлт­тық, мазмұны социалистік деуші едік. Осы идеологиялық қалыпқа бар этностар түс­кен. Тіптен, сол кездегі адамдардың жаңа тарихи қауымдастығы – кеңес халқының негізін құрған орыс ұлты да түскен. Тәуелсіздік дегеніміздің өзі халық­тың даралығын, яғни этнос мәдениетін мойындау.

Этнос мәдениеті деген ауқымды ұғым. Ол халықтың даралығының тарихын, оның қазіргі замандағы болмысын айқындаушы феномен. Этнос дегенде, оның этникалық табиғаты сөз болады дедік, бірақ оны әдет, ғұрып, салт-сана, дәстүр шеңберінде ғана қарамай, халық­тың бүкіл болмысынан іздеу қажет. Айталық, еврей этносы дегенде ойға бірден не келеді, немесе неміс этносы дегенде бірден не айтпақпыз? Алғашқысы туралы, еврей этносының асқан праг­ма­тизмі, екінші жағдайда ұқыптылық, тәртіп­тілік неміс этносына тән дегенге қарсы дау айту қиын.

Ал, қазақ этносы дегенде не айтамыз? Қазір саясатта “қазақстандық жол” деген түсінік бар. Бұл жақсылықтың нышаны. Шоқан Уәлиханов заманында бір сөздің ретіне орай біз қазақ бейбіт халықпыз деп мақтанышпен жазған еді. Рас, бейбіт халықпыз, алып империя КСРО күйре­ген­де этносаралық келісім мәселесі таби­ғи түрде шешілді. Ол қазақ этно­сының, оның мәдениетіндегі өзіме ғана емес, өзгеге де орын бар деген кең пейілі негізінде елде татулық орнады. Әйтпе­генде, нағыз бүлік заманы сол кез емес пе еді. Бүлікшілдік табиғатында жоқ, бей­б­іт халық өзге этностарды қасына топ­тастырып, этнос мәдениетінің жаңа тұр­паттағы үлгісін әлемге паш етіп келе жат­қанын қалайша мақтанышпен айтпасқа. “Кең болсаң кем болмайсың” – толеранттылық табиғатын дәл осылайша тап басып айтқан мақал – қазақ мақалы.

Этнос мәдениеті әр халықтың дара­лығын бейнелеумен қатар, ол халық бір­лігіне қызмет ететін қуат. Бұл Қазақстанда өмір кешіп жатқан бар этностарға, олардың мәдениеттеріне қатысты. Бірге өмір сүре білу мәдениеті – этнос мәдениетінің өзегі. Этнос мәдениеті дегенді ақын Шәкәрім тілімен баян етсек, сел ағызбай, ел шаруасын бұзбай, бейбіт тұрмысты көздің қарашығындай сақтап өмір сүру.

***

Сөзімізді жинақтай айтсақ, әңгіме өрісі Мемлекет, Қоғам, Ел және Этнос деген ұғымдарға қатысты болып отыр. Мемлекет, Қоғам, Этнос туралы жоғарыда жинақтап, қысқаша айттық, енді Ел дегенге келсек, айтарым: ел болу – ежелгі арман. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 29 мамырда бір топ қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдары басшыларымен кездескенде “Қазақ елі” монументіне қа­тысты әңгіме өрісінде журналист мы­нандай сауал қойған еді:

– Кейінгі кезде түрлі мақалаларда “қазақстандық ұлт” деген ұғым қол­данылып жүр. Осыған байланысты мұның өзі жаңа ғана мемлекет құрған ұлтты өзіндік табиғатынан айырады деушілер бар. Осы жөніндегі Сіздің пікіріңізді білгіміз келеді.

Елбасы қоғамдағы осы бір алып-қашты пікір туралы былай деді:

– Жалпы, бұл жерде бір түсінбеушілік бар сияқты. “Единая казахстанская на­ция” дегенді “Біртұтас қазақстандық ұлт” деп аудару дұрыс болмас. “Нация” мен “национальность” (ел-жұрт және ұлт) деген ұғымдар бар. Қазақстан – қа­зақ ұлтының негізінде құрылған мемлекет. Қа­зақстан деген сөзде қазақтың мем­лекеті деген ұғым жатыр. Сондықтан да бұл идеяны, менің ойымша, қазақ тілінде “қазақстандық ұлт” емес, “қазақстандық ел” деп атаған жөн тәрізді. Өйткені, халқымызда “ел” деген ұғымның астарында аса үлкен біріктіруші, топтастырушы күш жатыр. Ерте замандардың өзінде “егемен болмай ел болмас” деген бабаларымыз елдікке шақыру, ел болуға үндеу арқылы мемлекеттіліктің берік іргесін қалап келген. Сонымен бірге “Қазақстан” сөзінің өзі “Қазақ елі” дегенді білдіреді.

Мына жайдың басын ашып айтқым келеді. Бұл ұғым әлі де теориялық тұрғы­дан жан-жақты қаралуы, практикалық тұрғыдан тиянақталуы қажет (“Егемен Қазақстан”. 31.05.2008).

Ел­басының осы толғамында терең ойлар жатыр. Шынында да, қазаққа жақын ұғым – “ел”. Ұлт деген ком­мунистік идеологиямен бірге келген ұғым. Қазақтың байырғы лексикасында ұлт деген біз қолданып жүрген мағынада сөз болмаған. Сондықтан Президенттің “қа­зақстандық ұлт” дегеннен “қазақстандық ел” атағаны жөн тәрізді дегені, біздің қоғамдық санадағы дұрыс бағыт. Бүгінде ресми аталуымыз Қазақстан болған­дықтан “қазақстандық ел” деуіміз заман шын­дығы, ал Президенттің әрі қарай ой өрі­сінде айтқан “Қазақстан сөзінің өзі “қазақ елі” дегенді білдіреді” дегенге назар салсақ, мәселе айқындала түспек, “қазақстандық ел” деудің орнына өте әдемі әрі мәнді, терең әрі мағыналы “қазақ елі” деп айтсақ қандай ғанибет. “Қазақ елі” – біз үшін арман болған сөз. “Қалың елім, қазағым, қайран жұртым” дегенде Абай осы күнді армандаудан айтты емес пе?! Қазақстанды қазақ елі деп атау ғасырлардан ғасырларға өтіп келе жатқан халқымыздың асқақ арманы. Өткен ғасыр басындағы Алаш азаматтары ел атануды саяси мақсат еткен.

Президент осы айтылып отырған мә­селені теориялық тұрғыдан жан-жақты қаралуы, практикалық тұрғыдан тия­нақ­талуы қажет деп отандық ғалымдардың ал­дында жаңа міндет қойып отыр. Президентіміз айтқандай, “ел” деген ұғым­­ның астарында біріктіруші, топ­­тастырушы күш жатыр деген рас сөз, біздің санамызға болашақта ең сіңісті ұғым “ел” болмақ. “Қазақ елі” монументі соның кепілі. Әрине, солай дегенмен, қазақ елінде қоян-қолтық бірігіп өмір сүріп жат­қан өзге ағайындарды қалай атамақ­пыз. Жоғарыда айтқан этнос деген мәнді ұғымды қолданып, қазақ елінде көптеген этнос өкілдері бейбіт түрде азаматтық негізде өмір сүруде деп мақтанышпен айтуға әбден болады емес пе?!

Егемендік жағдайында өзіміз туралы қазақ ұлты демей, қазақ елі, қазақ халқы, қазақ этносы деген терең мазмұнды ұғымдарды қолдансақ, саяси лексикамыз заманға сай болмақ деген ойдамын. Сонымен бірге қазіргі жағдайда қазақ тек этнос емес, азаматтық ұғымға ұласып бара жатқанын байыптап алғанымыз жөн. Өйткені, бүгінде, құдайға шүкір, елімізге өзіміз иеміз. Сондықтан қазақ елінің азаматтарының бәрі келешекте “қазақ” болып аталмақ, әрине, бұған да белгілі уа­қыт керек шығар, бірақ қазақ елінде ғұмыр кешіп жатқандарды кім демекпіз? Мысалы, шетелге біздің елден ісса­пар­мен және басқа да жағдаймен барғанның бә­рін “қазақтар” дейді. Сондықтан әлем­дік дәстүрге бой ұсынсақ, қазақ елінің азаматтарының қазақ атануы таң қалатын іс емес.

“Қазақ елі” монументінің алдында тұр­ғанда қазақ мәселесі ойға орала бе­ретіні табиғи жағдай. Бұл монументтің тәр­биелік, тағылымдық мәні зор және әр­бір қазақты тек бүгінгі күн емес, болашақ ту­ралы ойлантуы заңды. “Қазақ елі” мо­нументі өткен күнді көз алдымызға елес­тетумен бірге келешек туралы ой қоз­ғайды. Алға басу үшін жол керек, ол қан­дай жол дегенде Президент атап айтқан “қазақстандық жолды” айтпақпын. Бірақ, бұл жолдың мазмұны неде? Кешегі күні социализм жағдайында өмір кештік, бүгінде капитализмге ұқсас қоғам құ­рудамыз. Менің айтарым, біздің елдің жүре­тін жолы социализм де, капитализм де емес, жаңа жол болуы керек. Ол үшін кезіндегі Жапонияның, бүгінгі Финлян­дия елінің тәжірибесін ескерген жөн. Бұл жерде басты мәселе, орта бизнес пен алпауыттар арасы алшақ болмауы керек. Оли­гархиялық байлыққа тежеу салық ар­қылы реттелуі қажет. Олигархтық мәндегі капитализм жақсылыққа бастамақ емес, Елбасы қымбат автокөлік, аса бағалы тұр­ғын жайы барларға салық мөлшері де соған сай болуы керек деген ойды үнемі біл­діруде. Біздің қоғамның мақсаты – шағын және орта бизнесті мейлінше жетілдіру. Қазіргі ипотека дағдарысына қатысты елімізде жүріп жатқан қаражат ресурстарының реттелуі негізінен қашан болмасын болуға қажетті шаралар еді. Бү­гінде әр нәрсенің нақты құны анықталуда. Мұ­ны бір десек, екіншіден, кезінде социализм капитализмнің әлсіздігінен шыққанын мойындауымыз керек. Егер капитализм қуатты болса, социализм дүниеге келмес еді. Капитализмнің әлеу­меттік жүйесі әлсіз болды, пайда табу ісі­не жерік болғанымен, ол әлеуметтік мә­селені шешуде дәрменсіздік танытты. Ен­ді қаржы жүйесін реттеуде де дәрменсіздік танытуда. Социализмнен шыққан біз тә­різді елдер осы тұрғыдан келгенде, же­тілген деген капиталистік елдерден әлеу­меттік мәселелерде алда екендігімізді ұмыт­пауымыз қажет. Социализм кезінде білім, денсаулық және әлеуметтік салада тиімді халықтық жүйе қалыптасты. Социализмнің осы дәстүрін нарықтық қатынастармен қалайша үйлестірсек екен деген ой мені кейінгі кезде мазалауда. Бізге таза капитализм де, таза со­циа­лизм де емес, орта жол керек сияқ­ты. Қысқа болса да өткен тарихымызды ба­ғамдап отырсақ, өкінішке қарай, біз нарықтық қатынас қолға алына бастағанда тек пайда табу жағына қарай ойысып кеттік.

Бұл да капитализмнің алғашқы қа­дамдарында болатын құбылыс. Енді ес жинаған кезде ойланатын мезгіл жетті. Президент 15 қазанда төрт телеарнаға берген сұхбатында еліміздегі бірлік табысқа жеткізеді деген ой айтты: “Бүгінде әлемде болып жатқан үде­рістерге қарасақ, тек Құрама Штат­тары мен Еуропа елдері осыдан бір апта бұрын ғана 6 аса ірі компаниялардың акция­ларын сатып алды. Бұл үдерістер жал­ғасуда. Ис­ландия тура осылай жа­сады. Ұлы­бри­тания да осындай қадамға бар­ды. Демек, аталған мәселеде мемле­кет­­тің рөлі жоғарылай түсіп келеді. Неміс қаржы министрі экономи­ка­ны жүр­гізудегі англо-саксон жүйе­сінің тиім­сіздігін атап көрсетті. Яғни, бұл жүйе бойынша барлығы ер­кіндікке жіберіледі. Қаржы рет­теліп отыр­май­ды. Бәрі өзінен өзі жү­реді. Ал дағдарыс жа­ғдайында, жо­ғарыда атап көрсе­тілгеніндей, мем­лекеттің реттеушілік рөлі жо­ғарылайды. Қазақ елінің де бұ­ған келуі әбден ықтимал. Бірақ дәл қа­зір Отанымызда бұлай жасауға қа­жеттілік байқал­майды” (“Егемен Қазақстан”. 10.17.2008).

Әлемдік дағдарыс кімге болмасын ықпалын тигізбеуі мүмкін емес, бірақ отандастарымыз бір мәселені де ескергені жөн. Дағдарыстан күйреп шығатындар да, байып шығатындар да бо­лады. Дағдарыс деген сынақ. Дағ­дарыс деген адам бойындағы ре­сурс­тарды реттестіру деуге де болады. Дағ­дарыстан қорқып-үрікпей, дағдарыс кезінде дұрыс өмір сүре білуге дағдылану – қажеттілік. Осындай жағ­дайда Президент халықты дағдарыспен же­кпе-жек қалдырып отырған жоқ. Елбасы Үкімет алдына үш міндет қой­ды, олар: макроэкономикалық тұрақ­ты­лықты қамтамасыз ету; аза­мат­тар­дың әлеуметтік жағдайларын жақсарту мақ­сатындағы іс-шараларды тоқтатпау және экономикалық жаңғыру ісі. Осы үшін Ұлттық қордан 10 млрд. АҚШ доллары бөлінді, ол туралы Парламент шешім қабылдады.

Бұл нарықтық қатынастарды мем­­лекеттік деңгейде реттеу деген сөз, бұл қаржы банктерге емес, экономикаға көмек, ал банк дегеніміз эконо­ми­ка­ның қан тамыры деген сөз бар. Осы жағдайларды ой тезіне салып отырсақ, мемлекет пен экономика деген істерде англо-саксондық капиталистік жүйеде қателіктер болды деуге негіз бар.

Бұл аналитиктер пайымдауынша, Қарыз дағдарысы. Қарызды пайдалы екен деп ала білу бар да, оны қайтару парызы бар екенін білген жөн. Соңғы жағдай орындалмай, қарыз қайтарымы болмады. Халқымыз судың да сұрауы бар деуші еді. Пайдалы қарыз алу мүм­кіндігі қаржылық утопия қалып­тас­ты­рып үлгерді. Утопиядан сақтанған дұ­рыс еді. Утопия шындықтың өзі емес, оның буы ғой. Кезінде социализм әлеу­меттік утопияны негізге алып күй­ресе, англо-саксондық қаржы жүйесі қара­жат утопиясына ұрынып, әлем ха­лықтарына ауыртпалық әкеліп отыр. Солай болғанымен, дағдарыс ізденіс заманы демекпін, ол көп нәрсеге көзімізді ашпақ.

Біз шын мәнісінде социализмнің ғана күйреуінің куәгері болып қоймай, капиталистік әлемнің күйреуінің де куәгері болып отырмыз. Аналитик­тер­дің айтуынша, қазіргі әлемдік қар­жы дағдарысы капитализмнің англо-саксондық түрінің дағдарысы. Мен де осындай пікір жағындамын. Социа­лиз­мнің күйреуімен қатар кап­и­та­лизм­нің іргесі сөгіле бастады, енді үлгі боларлық қоғамның жаңа түрін анықтау қажеттілікке айналуы әбден мүмкін. Басылым беттерінде амери­калық қаржы орталықтары Қытай Халық Республикасынан көмек сұ­рауда, кейбір америкалық банктерді қытайлар сатып алмақ. Бұл нендей жағдайдың белгісі? Демек, қаржы дағдарысынан шығуда біреулерге иек арту мүмкін емес, мәселе, әркімнің өзінше ойлап, өзінше қарекет етуі, сірә, тиімді болмақ. Әрине, әлемдік қаржы қатынастарындағы “ойын­дарды” есеп­ке алмай, өмір сүру ашық қоғам жағдайында мүмкін емес, сонымен бірге әркім өз мүмкіндігінше іс, ха­ракет етпек. Осы істе біздің елдің ұта­тын жағдайы бар, ол елдің саяси, әлеуметтік және рухани тұрақтылығы. Әлемнің қаржыгерлері инвестиция саясатын ешқашан тоқтатпақ емес, бұл заңдылық. Бірақ инвесторлар “тыныш” аймақ іздеуде, ел іші іріткі бо­лып жатқан жерден пайда таппақ тү­гіл, бас амандығы мәселеге айналмақ. Қа­зақстанның қазіргі жағдайы шетелдік инвесторлар үшін қолайлы аймақ, міне, халық бірлігінің әлемдік қаржы дағдарысы кезіндегі пайдасы.

Қазақстан азаматтарының этнос­ара­лық келісімі халықтың бірлігіне бастайтын жол десек, Ассамблея қызметін, миссиясын дұрыс түсін­ген­дік болар. Демек, этнос мәдениеті халық бірлігінің айғағы болмақ. Осы тұста академик Дмитрий Лихачевтің мәдениет мәдениетке иек артса ғана нағыз мәдениет болмақ деген ойы есіме түсіп отыр. Өзімен-өзі ғана бол­ған мәдениет, ол нағыз мәдениет емес, ол тұйықтық, сабақтастықтың үзілгені, бо­л­ашақтың болмағаны. Нағыз мә­дениет магнит өрісі сияқты, ол өзге мә­дениеттерді баурап тартып барып құ­нарлана түспек. Әңгіме етіп отырған этнос мәдениеті – сондай мәдениет. Қа­зақстандағы әр этнос мәдениеті бәрімізге ортақ құндылық, тек осы ой ғана Ассамблея жұмысының маз­мұнын байыта түспек. Өйткені, этнос мәдениеті – елдіктің мәйегі. Елдік – ұлы ұранымыз.



Авторы: Ғарифолла ЕСІМ, сенатор, академик.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат