Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2008-11-05:

Құлқынқұмарлық

 

Бүгінде адамдардың басым көпшілігі өзінің құқы сақталатындығына айтарлықтай үміт артады. Бірақ, “Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді” дегендей, бірен-саран полиция атын жамыл­ғандардың іс-әрекеті бұл үмітті шайқалтып жіберетін кездері де жоқ емес. Неліктен? Мүмкін, қаптаған по­лиция ішінде мұндай бірен-сарандардың жү­ретіні түк емес шығар? Бес саусақ бірдей емес дегендей, ала-құлалық қайда бол­майды? Алайда, адамның құқын қорғауға негізделген мемлекеттік органда ондай ала-құлалардың іс-әрекеті қаншама жазықсыз жанның тағдырын бүлдіретінін ойлап көрдіңіз бе? Сонда олар кім үшін қызмет етеді?

Бұл орайда жұртшылықтан арыз-шағым аз түспейді. Және олардың дені ішкі істер орган­дары қызметкерлерінен көрген құқайларын алға тартады, сыбайлас жемқорлықтың құрбаны болғандығын айтады. Әрине, ол шағымдардың бәрін жариялау мүмкін емес. Оның үстіне құқық қорғау органдары ара­сындағы “қой терісін жамылғандардың” іс-әрекетін көпшілік те жақсы біледі. Бұл сө­зіміздің нақты шыңдық екендігін, яғни көп­теген адам билік органдарының өзін қыл­мыстық әрекеттерден қорғайтындығына сен­бейтіндігін, соның ішінде бір ғана қыз­меткердің ісі бүкіл құқық қорғау органдары қызметкерлерінің еңбегін жоқ­қа шыға­ра­тындығын Елбасы Бас проку­рату­раның кеңей­тілген отырысында айтып өтті. Олар азаматтардың бостандығы мен консти­ту­циялық құқын, заңдылықтың сақ­та­луын үнемі бұза отырып құқық қорғау жү­йе­сіне кір келті­ріп, беделін түсіреді. Мемлекет басшысының бұл сөзі тектен-тек айтылмағанын төмендегі жәйт толығымен дәлелдеп береді. Әрине, белгілі себептерге байланысты адамдардың аты-жөні өзгертіліп алынды.

Бұдан біраз уақыт бұрын Жамбыл облыс­­тық ІІД бастығының бұйрығымен Садырбаев Шу қалалық полиция бөлімі бастығының орынбасары болып тағайындалады. Ол тер­геушілердің қылмыстық істерді жүргізу бары­сына бақылау жасап отыру міндетіне ие бола­ды. Бір күні Молдабеков пен Рысбаевтың үстінен бұзақылық жасаған деп қылмыстық іс қозғалады. Оларға Шу қаласының темір жол вокзалы маңайында екі азаматты соққыға жығып, кейін дүңгіршек сатушысын зорлап кеткен деген күдік тағылады. Аталған іс аш­ыл­ғанымен, неге екені белгісіз, қайта тексеруге қайтарыла береді. Сонан бұл істі Садырбаев қо­лы­на алады. Ол заң бойынша іс­тегі жинақталған материалдарға сәйкес болған оқиғаны жан-жақты зерттеп, тиісті адамдарға қыл­мыстық қудалау жүргізуі қажет еді. Өйткені, аталған іс бұрын Рысбаевтың қашып, із жа­сы­рып кетуіне байланысты тоқтап қалған болатын. Ал Садырбаев болса, істі қайта ашу туралы қау­лы шы­ғарып, онда Рысбаевты өз аяғымен ке­луіне байланысты деп іздеуден алып тастайды. Сөй­тіп, ол лауазымды тұлға бола тұра жеке мүд­десін көздеп, ресми құжатқа жалған мәліметтер енгізеді. Бұған қоса Садырбаев Шу қаласы тергеушісінің атынан жәбірленуші мен айыпты Рысбаевтың арасында тергеу жүргізілгендігі туралы жалған қаулы түзеді. Жәбірленуші мен айыпталушыдан жауап алмастан сұрақ-жауап қаулысын олардың атынан өзі дайындап, қолдарын да қоя салады. Сөйтіп, ол бұл жолы да ҚК 3-бөлімі, 348-бабы бойынша ауыр қылмыс жасайды. Мұны сәтті пайдалана білген айыпкер Рысбаев қарасын ба­ты­рады. Ал бостандыққа шыққан ол өзіне еш­қандай құрық салынбайды деп түсінсе керек, тағы да ауыр қылмыс жасайды. Садырбаевтың құқыққа қарсы әрекеті салдарынан ойына келгенін жасаған қылмыскер тағы да жазықсыз жандардың обалына қалады. Сөйтіп, бір емес, бірнеше қылмыс жасалады. Ақыры қылмыскер ұсталып, бар сұмдық ашылады. Бұдан кейін мемлекет сеніп берген міндетіне салғырт қарап, оны пайда табудың көзіне айналдырған Садырбаевтың заңға қарсы тірлігі әшкере болып, Тараз қалалық сотының үкімімен үш жылға сотталады.

Жалпы, құқық қорғау органдарының арасында сыбайлас жемқорлықпен айналысып, пара алып ар-намысты жоғалтқандар аз емес. Олар туралы аз жазылып та жатқан жоқ. Сонымен қатар, полиция атына кір келтіріп қолға түскендердің теріс іс-әрекеті арқылы бүкіл құқық қорғаушыларға топырақ шашуға бол­май­ды. Қайткен күнде де елдегі тәртіп пен ты­ныш­тықты, адамдардың қауіпсіздігін сақтап отырған солар. Және іштен шыққан алаяқтарды анықтап, құрықтап отырған да олардың арасындағы адал жандар екендігін де естен шығармау қажет. Біздің айтпағымыз, қой терісін жамылғандардың іс-әрекеті ұйыған тәртіпті бұзады. Сөйтіп, құқық қорғайды деген полиция қызметкері пара алып көзге түсті ме, сол мезет қарапайым адамның билікке деген сенімі де өзгереді. Ішкі істер органдары арасындағы былық-шылықты анықтайтын және оны тыя алатын сол мекеме басшылығының қолынан келетін іс екендігі белгілі. Бірақ, полиция тарапынан азаматтарды қорғаудың орнына қылмыс жасалатындығы байқалып отырғанда, оған жол берілетін де секілді ме, қалай? Тәртіп бұзушылық болмаса сыбайлас жемқорлық және басқа да теріс әрекеттерді анықтау үшін құ­рыл­ған өзіндік қауіпсіздік қызметі жыл басынан бері 30 қылмысты, оның ішінде 13 сыбайлас жем­қор­лықты және 753 түрлі құқық бұзу­шы­лық­тарды анықтамас та еді. Бұдан байқарымыз, егер құқық қорғау органдарының арасында тәртіп о бастан қатаң болса, заң талаптарын сақтау барысы да өз деңгейінде қалыптасар еді.

Мәселен, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің қызметкерлері Кентау қалалық ішкі істер бөлі­мінің криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы Өміреев пен осы бөлімшенің полиция аға лейтенанты Кәрібжановты бір кәсіпкерден 50 000 теңге пара алып жатқан жерінен ұстаған. Кәсіпкерді пара беруге көндірген Өміреевтің орынбасары Әубәкіров көрінеді. Сонда байқап қарасаңыз, қылмыскерлерден қорған болады деген криминалдық полиция бөлімінің бастығы, орынбасары және қатардағы қызметкері түгел жиылып, құқық қорғаушылық емес, кері­сін­ше, қылмыскерлік жолға түскен. Ал мұндай по­лиция қызметкерлерінен қандай әділдік күт­уге болады? Олар алдына күні түсіп барған адам­ның жан қайғысын пайдаланып, одан әрі қал­тасын қағуды әдетке айналдырған. Сонда мұн­дай пиғылы жат қызметкерлердің лас істе­рімен биліктің атына кір келтіріп жүргенін жоғарыда бақылап отырған тиісті басшылар білмегені ме? Білсе, неліктен алдын ала шара қол­­данбаған? Аты аталған полиция қыз­мет­кер­лері бұрын да құлқындарын қанғаттандыру үшін жеке бас мүдделерін көздеп, талай жа­зықсыз жандарды зар еңіреткен шығар, әй­теуір әрқайсысы 7-8 жыл арқалап, сотталып кетті.

Бірақ, ішкі істер органдарындағы қыл­мыс­тық әрекет мұнымен шектеліп қаларына кім кепілдік бере алады. “Балық басынан шіриді” дегендей, жергілікті басшылық арасындағы қылмыстық іс-әрекет тамырымен қиылмай, сы­байлас жемқорлық тыйылмайды. Оның үстіне қазіргі әлемді жайлаған қаржы дағдары­сының салқыны жалпы қылмыстың одан әрі белең алуына әсерін тигізуі әбден мүмкін. Сондайда қарапайым халық кімге үміт артады? Олай дейтініміз, Бас прокуратураның арнайы есеп және құқықтық статистика комитетінде ұйым­дас­тырылған брифингте қылмыстық-құқықтық ста­тистиканы жинақтау бөлімінің бастығы Ж.Бел­гібаева үстіміздегі жылдың 8 айы ішіндегі еліміздегі құқық тәртібі мен заңдылықтың жағдайына шолу жасады. Сонда оның айтуына қарағанда, комитет елдегі заңдылықтың орындалуы мен құқықтық тәртіптің шынайы көрінісін анықтау мақ­са­тында тек құқықтық ресми деректерге ғана сү­йен­бей, халықтың пікірін де есепке алады екен. Осыған орай халықтың арасында жүр­гі­зілген зерттеу нәтижесі бойынша сұралған респонденттердің 33 пайызы олардың құқы мен бостандығын мем­ле­кеттің қорғай­тын­дығына сенбейтін көрінеді. Тіпті, осымен қатар, бұзылған құқы мен бостандығын қал­пы­на келтіру туралы құқық қорғау ор­ган­дарына өтініш бергендердің 35 пайызы мем­лекет тарапынан қорғау болатындығына тағы се­німсіздік біл­дірген. Бұл нені көрсетеді? Сұ­ралған респон­дент­тер түрлі қоғамдық сала­ларда мекемелер мен ұйымдар тарапынан олар­дың құқы мен бостан­дығын көбірек бұзуға жол беретін құқық қорғау органдарын, яғни полицияны көрсеткен.

Үстіміздегі жылдың 8 айына жүргізілген ресми статистикалық деректерге қарағанда, қылмыстық жағдай еш өзгеріссіз қалған. Тіпті Маңғыстау, Павлодар, Жамбыл, Батыс Қа­зақ­стан, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қы­зылорда, Алматы және Ақтөбе об­лыстарында қылмыстың өсуі тіркелген. Ал қыл­мыстың ашылу деңгейі сол күйінде қалған. Қа­шанда заңды құрметтейтін азаматтар үшін адам­ның өмірі мен бостандығына бағыт­та­ла­тын қылмыстардың жиі қайталануы алаң­дау­шылық туғызады. Мәселен, қасақана кісі өлтіру саны 1,2 пайызға артыпты. Әйелдерге қатысты қылмыс 2,1 пайызға өскен. Жеке меншікке байланысты ұрлық 5,6 пайызға, тонау 9,2 пайызға көтерілген. Әр үшінші ұрлық, әр он бірінші тонау және әр бесінші қарақшылық тұрғын үйге, бөлмеге ену арқылы жасалған. Бұдан кейін құқық қорғау органдарына деген халықтың сенімі қандай болмақ? Сондықтан да қылмыс атаулының алдын алу үшін, ең алдымен, Елбасының құқық қорғау орган­дарының тиімділігін арттырып, қарапайым адам­дардың құқын қорғауға қызмет етуі керек деген тапсырмасын іске асыру қажет. Бірақ, ол қашан жүзеге асады, ол жағы әзірге белгісіздеу.



Авторы: Әбдірәлі БӨЛЕБАЙ, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі баспасөз қызметінің басшысы.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат