Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2008-11-12:

ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР

 

“Жазушы” баспасына жаңа ғана жұмысқа тұрып, кіші редактор болып істеп жүрген кезім. Қуғын-сүргін зардабын көріп, елге аман-есен оралған қадірменді ағамыз, балалар ақыны Өтебай Тұрманжанов баспадағы балалар әдебиеті редакциясын басқарды. Мінезі өте-мөте жайлы, жайсаң адам. Алды кең. Жастарды еркелетіп ұстайды. Содан ба екен, біз де Өтекеңе үйірсекпіз.

Бір күні сол редакцияға жаңа қызметкер келіпті, өзі әнші, сері, әдемі жігіт екен деген хабар дүңк ете қалды. Жастар жағы өре түрегеліп, дереу балалар әдебиеті редакциясына бардық. Редак­ция­да көрінбеген соң Өтекеңнің ка­бинетін ашып едік, асыл ағамыз: “Бәрің жиылып, кімді іздеп жүрсіңдер? Құдай біледі біздің жас қызметкер шығар көргілерің келгендерің? Ол қазір баспаханаға кетті, көп ұзамай келіп қалар, күте тұрыңдар”, – деді. Бірақ біз Өте­кеңнің кабинетінде ошарылып отырып алуға ыңғайсызданып шығып кеттік. Әрі үлкен кісінің жұмысына бөгет жасау ұят қой дестік.

Түс ауа әлгі жаңа қызметкерді де тауып алдық. Толық бетті, ұзын шашты, аққұба жігіт екен. Әрине, бізден ересек. Бірақ, жа­сым үлкен деп өзін жоғары ұста­майды екен, содан болса керек, тез тіл табысып, тонның ішкі бау­ындай болып, ағамызбен қалт­қы­сыз араласып кеттік. Қабдыкәрім Ыдырысов ағамыз сонау Қара Ертіс өңірінің перзенті екен. Әке­сі репрессияға ұшыраған екен, ол туралы біз ақынның әке туралы әдемі поэмасынан да оқып білдік.

Сөйтсек, Қабдыкәрім ағамыз­дың Алматыға келіп тұрақтап, әдебиетке белсенді түрде ара­ла­суына бірден-бір себепші адам – жерлес ағасы, поэзиядағы рухани әкесі десек те артық айтқандық емес, қазақтың ақиық ақыны Қалижан Бекхожин болып шық­ты. Оны біз Қабекеңнің Қалижан ағасына арнаған “Алты өлеңмен Алматыға сүйреген” деген өмір­баяндық өлең жолдарынан да оқып, ақын ағаға деген оның шы­найы ризашылығын сезін­генбіз.

Қабдікәрім Ыдырысов республикалық мерзімді баспасөз орындарында ұзақ жылдар бойы өмір мектебінен өтті. Қаламгер ретінде тәжірибе жинақтады, ысылды. Республикалық “Қазақ­стан пионері” газетінде істеген жылдары ақын қаламынан жас бүлдіршіндерге арналған тамаша жырлар дүниеге келді. Сол ке­зеңде ақын мәтіндеріне көптеген композиторлар ән шығарды. Ол әндерді балалар бақшаларында, бастауыш мектептерде күні бү­гін­ге дейін балақандар сүйіспен­ші­лікпен шырқайды. Сөзіміз дәлел­ді болу үшін бір-ақ мысал келтір­сек те жетіп жатыр. Ол – “Ба­ла­шым” әні.

Айым болып тудың ба?

Күнім болып тудың ба?

Баба жолын қудың ба?

Ата жолын қудың ба?

Бұл дүниеге келген соң

Сұрауы бар судың да!

Көрдіңіз бе, ақын балаларға ақылгөйсіп, құрғақ кеңес айтып жатқан жоқ. Ал шынтуайтқа келгенде, балалар ақындары бала­қайларға сен үйтпе, сен бүйтпе, тамағыңды төкпей іш, көп ер­келей берме, мұрныңды шұқыма, қыз балалардың бұрымын тартып жылатпа, бағдаршамға қарап, жасыл шам жанғанда ғана кө­шеден өт, үлкендердің айтқанын тыңда, тілалғыш бол деген жалаң мораль айтудан аспайтын. Соны білген Қабдікәрім ақын оларды қайталап жатпайды. Өзгеге ұқ­самайтын өз сүрлеуімен жүреді. Ол қарапайым тілмен жас бала­ларға ұғынықты формада жырлай отырып, олардың қиялына қанат бітіргендей, ой салатындай философиялық түйін жасайды.

Бұл дүниеге келген соң

Сұрауы бар судың да!

“Судың да сұрауы бар” деген халық мақалын өлең жолдарына әдемі сіңіріп жіберген. Жас ұр­пақ­тың санасына сәуле құйып отыр. Бұл – ақынның тап­қырлығы.

Қазақтың балажан халық еке­ні әлемге аян. “Балаңды өскенше бағасың, немереңді өлгенше ба­ға­сың” деген мақал тек біздің ұлты­мызға ғана жарасымды болса керек. “Сендей бала ешкімде бол­маған деп санаймыз”, – деп әке-шешенің балаға деген махаббатын әдемі жырлаған ақын:

Көп мақтасақ өзіңді

Әжеңе де жақпаймыз, – деп әже­нің немереге деген шексіз сүйіс­пеншілігін тамаша жеткізіп, тек балалардың ғана емес, ересектердің де жүрегіне жол таба білген.

Бұл өлеңге ән жазған атақты композитор – Ескендір Хасанғалиев. Ән сазының ақын мәтінімен сәтті үйлескені сондай, тыңдаушысын бірден баурап әкетеді. “Балашым” әнінің күні бүгінге дейін орындалып жүргені соның дәлелі екені кәміл.

Ал ақының “Әке сыры” поэ­масы кезінде азаматтық тақырыпқа жазылған шоқтығы биік шығарма болды. Тоталитарлық биліктің зардабын көріп, қуғын-сүргінге ұшыраған бейкүнә әкелеріміз бен ағаларымыздың көркем әдебиеттегі бейнесін сомдаған жас ұрпақтың еркін шыққан үніндей бұл туынды әр жүрекке жол тапты.

Қ.Ыдырысов – өз өмірінде анасын әлпештеп өткен азамат. Бәтіш жең­геміз екеуі күйеуі нақақ атылып ке­тіп, жастай жесір қалған аналарын алақандарына салып, аялаумен бол­ды. Сондықтан да Қабекең өмірден ерте кетіп, артында қалған ананың, қытымыр заманның азабы мен тозағын бастан кешіп, бәріне де төзе білген ғазиз ананың еңірегенде етегі толған көз жасын көрген азалы әлеуметтің қабырғасы қайысқан еді.

Оның үстіне қошқардай төрт ұл өсіріп отырған берекелі шаңырақ­тың отанасы Бәтіш жеңгеміздің ене бағып, балаларды тәрбиелеп, келім-кетім қонақтарының бабын тауып, Қабекеңнің жағдайын жасап қалай үлгергеніне таңқалатынбыз. Өзі Министрлер Кеңесіндегі жауапты қызметінен бір күн қалған емес. Бұл казақ әйелінің көлденең көзге көрі­не бермейтін, күнделікті жасайтын ерлігі болса керек.

Сол кезде Египетке сапарлап қайт­қан ақын қаламынан туған жаңа жырлар шетел тақырыбына жазыл­ған поэтикалық туындылардың ішін­дегі мойыны озық, оқырман на­за­рына бірден іліккен дүниелер болды.

Жалпы, Қабдыкәрім Ыдырысов қоғамдық жүмысқа белсене арала­сып, біздің жазушы қауымының сан-сапат проблемаларын шешіп, қа­жетін ашуға күш-жігерін, қарым­ды қабілетін аямай жұмсаған қай­рат­кер болды десек, артық айтқан­дық емес.

“Қазақ әдебиеті” газетінде жауапты хатшы болып қызмет атқарып жүргенде оның бетінде әділ пікірлер айтылып, ақиқат айнасы болуы үшін атсалысса, Жазушылар одағының үшінші хатшысы қыз­метінде жүріп, қаламгеріміздің әлеуметтік мұң-мұқтажына қарасуға барынша зер салып бақты. Сонымен қатар, өзіміздің Қазақстан аума­ғында ғана емес, жас жазушыларды Кеңес Одағы көлеміндегі ауқымды іс-шараларға батыл тартып отыруға көңіл бөлді.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының бас кезі. КСРО Жазу­шылар одағына мүше болғаныма бес-алты жыл. Одаққа мүше болуға ұсынымды қазақ поэзиясының маң­дайалды марқасқалары Ғали Орма­нов, Хамит Ерғалиев, Сырбай Мәу­леновтер берген. Қазақстан Жазу­шы­лар одағы поэзия секциясының меңгерушісі азулы ақын Қалижан Бекхожин өз тарапынан ұсыным берген. Сонымен, Одақ басшысы Әди Шәріпов басқарған президиум отырысында бірауыздан қабыл­да­нып, айдарымнан жел есіп жүрген кезім.

Бір күні Одақ хатшысы Ыды­рысов шақырады деген соң, барып едім, ағамыз жылы шыраймен қарсы алып: “Қайрат, Белоруссияда көп ұлтты совет әдебиетінің декадасы болғалы жатыр. Соған біздің рес­пуб­лика атынан барып қайтуға қалай қарайсың?” – деді. Қалай қараушы едім! Жүрегім тарсылдап, аузыма тығылып, үндемей қалдым. Әрі аузыма сөз түсер емес. “Қайрат, неғып үндемей қалдың?” – дейді хатшы ағамыз. “Жүрексініп тұр­мын, Қабеке”, – деймін. “Осын­дай үлкен іс-шараларға қатысып, жастай үйре­не беру керек. Күні ертең ағалардың орнын өздерің басасыңдар. Он бес республи­кадан келген небір атақты жазу­шылардың алдында сөз сөй­лейтін боласың. Жүрексінбе! Ашыла түсетін боласың! Жасық болма! Қазақстан Жазушылар одағынан, Қазақстанның атынан сөйлейсің! Сенен басқа жас жазушы таппай отырған жоқпыз. Одақ басшылары сенің канди­датураңды бірауыздан қолдап, сенің барып қайтқаныңды мақүлдап отыр!” – деп түйді сөзін хатшы ағамыз.

“Кешігуге болмайды. Декада ертең, жоқ бүр­сігүні кешке Минскіде ашылады. Билетің әзір болады. Ертең Мәскеуге ұшасың. Кешке “Бе­ларусь” экспресс пойы­зымен Мәскеуден жүріп кетіп, бүрсігүні таңертең Минскіде боласың! Жолың болсын! Аман-есен барып қайт!”

Сонымен, алдымен Мәскеуге ұштым. Одан кешқұрым пойызға оты­рып, ертесіне таңертең Минс­кі­ге келдім. Бела­рустар салтанат­ты түрде қарсы алды. Жасыл көз­ді сұлулар әдемі гүлдер ұсынды. “Минск” қонақ үйіне түсірді.

Көп ұлтты совет әдебиетінің декадасы сол күні кешке салта­нат­ты түрде ашылды. Конститу­циялық тәртіп ретімен кезегім келгенде мен де сөйлеп шықтым.

Әрине, сөзімде Американы ашқан жоқпын. Әдебиеттер достығы – халықтар достығы деп бастап, көсеміміз Лениннің дана­лығымен Коммунистік партия­мыз­дың сара басшылығының арқасында жарқын болашаққа қарышты қадаммен алға басып бара жатқан көп ұлтты советтік отанымызда жұлдызы жанған рес­публикалардың бірі – Қазақ Со­веттік Социалистік Республикасы деген белгілі трафаретті таптау­рын­нан аса алмадым. Артық-ауыс қосып-алып басқаша ауытқуға, өзгеше пікір айтуға хақым жоқ еді. Ұлы Отан соғысы жыл­дарын­да Белоруссия аумағында қазақ солдаттарының да фашистермен аянбай шайқасып, ерлікпен қаза тапқанына тоқтала келіп, белорус партизандарымен бірге қазақ партизандарының да тізе қосып, жауға соққы бергеніне назар аударып, соның бір айқын айғағы – біздің Қазақстан Жазушылар одағын басқарып отырған Әди Шәріпов ағамыздың өзі осы туған белорус халқының атамекенінде шайқасқан партизан екенін біз – әкелері соғыстан қайтпай қалған жас ұрпақ өкілдері орынды мақтан етеміз, дегенде зал ду қол шапалақтады.

Белорустар қақ-соқта шаруа­сы жоқ, табан ақы, маңдай теріне сенген бейнеткеш, біздің қазағы­мызға ұқсас момындау халық екен. Бірақ тым басынып, басына шығып бара жатқандар болса, ондайларды кешірмейтін халық.

Осы сапарда қанша достар таптым. Белорус ақындары өлеңдерімді жаза қақтырмай табан астында өз тіліне аударып, газет, журналдарына жариялап, радио, теледидардан оқып жатты.

Басқа республикалардан кел­ген ақын-жазушылардың ішінде, әсіресе, жақындасып, көп сыр­лас­қаным украин ақыны Борис Олейник болды. Көрші нөмірде жатқан Борямен ұзақ сұхбатта­са­тын болдық. Бірде таңғы төрттер шамасында ол егіліп, көзіне жас алып: “Қайрат, сен білмейсің ғой, әлемдегі ең бақытсыз халық ук­раиндар”, – дегенде қайран қа­лып күлдім де: “Совет Одағын­дағы жүздеген үлттан БҰҰ-да мүше үш ұлттың бірісіңдер және 50 миллион украин бар! Сенің сонша егілуіңе жол болсын! Сонда, немене, біздің күніміз не болмақ? Қазақтардың хал-жайын ойлап көрдің бе?!” – десем, Борис маған тіктеп қарап: “Сендер 50 миллион болсаңдар көрсетер едіңдер кім екендеріңді әлемге...” – деді. Мен ойланып қалдым...

Минск трактор зауытында да жүздері әппақ, көздері жап-жасыл сұлулар қарсы алды...

Осы сапар мен үшін ешқашан ұмытылмас оқиға болды: мені Белоруссия Жо­ғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен наград­тады.

Белорус елінде болып қайт­қаннан кейін “Дос құшағы” атты поэма жаздым. Одан кейін “Жасыл көзді арулар” өлеңдер циклын жарияладым.

Осының бәрі Қабдыкәрім ағамыздың жасаған қамқорлығы­ның нәтижесі деп білемін.

Жақсыдан – шарапат деген осы.

Кейін ақын ағамыз жаңадан құрылған мемлекеттік “Жалын” баспасының директоры болды. Қанша жастардың бағын ашып, әдебиетке келуіне қамқорлық жасады десеңізші! Қанша жас таланттың жарқыраған жұлдызын жақты десеңізші! Оның бәрін тізіп жату мүмкін емес.

Ақын Қабдыкәрім Ыдыры­совтың өлеңіне шығарылған “Баянауыл вальсі” күні бүгінге дейін халқымыздың жүрегінде. Жиі шырқалады. Әдемі ән.

Ақын Қабдыкәрім Ыдырысов осы әдемі әнге ұқсас әдемі ғұмыр кешті. Жарты ғасырлық өмірінде шырқап салған әнімен, серілік сәнімен, жайсаң жанымен ел есінде қалған, кейінгі жас ұрпаққа өлшеусіз қамқорлығымен тағылым таратқан аяулы азамат ақын мұраға қалдырған отыздан астам кітабымен жастарға өнеге, үлгі тарата бермек.



Авторы: Қайрат ЖҰМАҒАЛИЕВ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат