Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2008-11-22:

ДАҒДАРЫСТЫ ЕҢСЕРУГЕ ҚАЗАҚСТАН  ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ӘЛЕУЕТІ ЖЕТЕДІ

 

Елбасы алдымен әлемді шарпыған қаржы дағдарысына қарсы Үкімет тара­пынан қолданылып жатқан ауқымды ша­раларға тоқталды. Үкімет өткен жылдан бастап бұл мәселеде белсенді жұмыс жүр­гізіп келе жатқанын жақсы білесіз­дер, деді Мемлекет басшысы осы жайын­да. Банк жүйесін, шағын және орта бизнесті, агроөнеркәсіп кешенін қолдауға тиісті қаржы бөлінді. Дегенмен, қазіргі кезде дағдарыс экономиканың нақты секторына жағымсыз әсер ете бастады. Бұл жағдайда нақты шаралар қабылдануы қажет. Менің тапсыруым бойынша Үкімет бүгінде осы жағдайдан шығудың тұрақтандыру бағдарламасын дайындап жатыр.

Бұдан кейін Президент қаржы дағ­дарысын еңсеруге еліміздің экономи­калық әлеуеті жететінін, ол үшін мем­лекет пен бизнес бірлесіп жұмыс істегені бүкіл ел үшін де, бизнес үшін де тиімді болатынын қадап айтты. Сонымен қатар, осы қиын жағдайларды еліміздегі бизнес кеңістігі күнде көріп жүргендігін қаты­сушылардың қаперіне салды. Осындай кезеңде біздер еліміз бен халқымыздың болашағы үшін бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Қаржы дағдарысынан шығудың жолдарын қарастыруымызбен қатар, біз одан кейінгі іс-жоспарларды да қарас­тырғанымыз жөн, деп Мемлекет бас­шысы бизнесмендердің ұсыныс-пікір­лерін тыңдаудың реті келгенінен хабардар етті.

Алғашқы сөзді қаржыгерлер атынан Қазақстан Қаржыгерлері қауымдасты­ғы­ның президенті С.Аханов алды. Негізі­нен ол қаржы дағдарысына қатысты төрт мәселеге тоқталды. Мұны Қазақстан қар­жыгерлерінің ұсынысы десек те болады. Серік Ахановтың атап өтуінше, Үкімет қаржы дағдарысына қарсы тұру жөнінде ауқымды шаралар қолданып жатыр. Ал ұсынысының алғашқысы – Прези­дент­тің тапсырмасы бойынша экономиканы несиелеуді әрі қарай жалғастыру және іс­керлік белсенділікті көтеру. Екіншісі – құрылыс саласы мен үлескерлерге қолдау көрсету. Үшіншісі – банктердің бұрын және жаңадан берген ипотекалық несиелерінің ставкасын төмендету. Төртіншісі – шағын және орта бизнестің дамуына қолдау көрсету.

Қауымдастық президенті аталған осы мәселелерді таратып айтып берді. Оның мә­лім етуінше, стресті активтер қоры­ның жөні бөлек. Қордың басты мақсаты проблемалар тудыратын активтерді са­тып алу болып табылады. Ол үшін бі­рінші кезекте ірі қалалардағы жер телімдерін сатып алу керек. Өйткені, қазіргі кезде ең проблемалы активтер осы жер телімдері болып отыр. Егер жер телімдерін сатып алған жағдайда, онда салынатын құрылыстар мемлекеттің басқаруына өтеді. Бұл елімізде ұзақ мер­зімді қамтитын мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Серік Ахановтың айтуынша, бүгінде құрылыс саласы мен үлескерлерді қолдау үлкен мәселенің бірі болып отыр. сондықтан “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры еліміздің даму инсти­туттары арқылы құрылыс компания­лары­на қаржылай қолдау көрсетуді жал­ғастырғаны жөн. Қауымдастық басшы­сының пікірінше, бұл тұрғыда “Самұ­рық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорының беретін депозиттерінің ставкасын тө­мендету ерекше маңызды болмақ. Сондай-ақ аталмыш қор берген депо­зиттерді қайтару мерзімін ұзарту да маңызды болар еді. Сонымен қатар, ол орта бизнеске банктер ұсынатын 5 миллион доллар көлеміндегі займды өтеу мерзімін 10 жылға дейін ұзартуды ұсынды.

Отырыста, сондай-ақ “Қазақмыс корпорациясы” ЖШС президенті – директорлар кеңесінің төрағасы В.Ким, “Эксимбанк Қазақстан” АҚ директорлар кеңесінің төрағасы А.Клебанов, “Қазком­мерцбанк” АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Н.Субханбердин, “Қазақстан Халық Банкі” АҚ директорлар кеңесінің төрағасы А.Павлов, тағы басқа да Ұлттық инвесторлар кеңесінің мүшелері сөз алып, қаржылық жағдайды тұрақтан­дыруға, шағын және орта бизнесті да­мытуға, Қазақстан экономикасының құрылыс секторына қолдау көрсетуге қатысты ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.

Президент жанындағы Ұлттық ин­весторлар кеңесінің пленарлық отыры­сын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қорытты. Елбасы әлемдік қаржы дағдарысына қарсы тұру шара­лары жөніндегі барлық мәселелер өзінің бақылауында болатынын ескертті. Сондай-ақ Президент өткен жылы мем­лекет ел экономикасын тұрақтандыруға 4 миллиард доллардан астам қаржы бөл­генін атап, бұл қаржы бүгінде көптеген жобаларды жүзеге асыруға және өндіріс орындарында жұмыс орындарын сақ­тауға септігін тигізіп отырғандығын қадап айтты. Бірақ әлемдік дағдарыстың екінші толқыны Қазақстанның негізгі тауарлары – мұнай, металдар және ас­тық экспорты бағаларының төмендеуіне әсер етуде, деді Мемлекет басшысы.

Осы жылдың қазанында Елбасы Үкіметке Экономиканы және қаржы секторын тұрақтандыру жөніндегі бағ­дарламаны дайындауды тапсырған еді. Осыған байланысты Мемлекет басшы­сының тапсырмасы бойынша Ұлттық қордан 10 миллиард доллар бөлінді. Бұл қаржы ел экономикасының ішкі жалпы өнімі көлемінің 10 пайызға жуығын құрайды. Отырыс барысында Мемлекет басшысы Үкіметке және “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорының бас­шыларына бөлінген осы қомақты қар­жылардың ысырап болмауын, талан-таражға түспеуін, тиісті жобаларды жүзеге асыруға жұмсалуын қадағалауды қатаң тапсырды.

Елбасы тұрақтандыру бағдарлама­сы­ның барлық мүмкін тәуекелдерді есепке ала отырып жасалуы қажеттігіне баса назар аударды. Осыған байланысты бес бағытты атап көрсетті. Оның біріншісі – қаржы секторын тұрақтандыру, екіншісі – жылжымайтын мүлік рыногындағы проб­лемаларды шешу, үшіншісі – ша­ғын және орта бизнеске қолдау көрсету, төртіншісі – агроөнеркәсіп кешенін қолдау, бесіншісі – индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру. Елбасы осы бағыттардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, тиісті органдарға нақты тапсырмалар берді.

Президент назарынан зейнетақы қорларындағы активтерді қорғау мәселесі де тыс қалған жоқ. Зейнетақы қорларын­дағы және банктердегі салымшылардың қаржылары заңды тұрғыда қорғауға алынған. Оған алаңдаудың жөні жоқ. Мемлекет басшысы еліміздегі ірі төрт банк­ке берілетін 4 миллиард доллар кө­ле­міндегі қаржыға байланысты өз ойын білдірді. Елбасының атап көрсеткенін­дей, кезінде еліміздегі екінші деңгейдегі банктер үлкен көлемде пайда көрді. 2006 жылғы банк басшыларымен кездесуде банктер мемлекеттің бизнеске араласпау керектігін де алға тартқан болатын. Ал әлемдік қаржы дағдарысы Қазақстан банктеріне де ауыр соғып отыр. Осындай қиын кезеңде мемлекет банктерге қолдау көрсетіп жатыр. Бөлінген бұл қаржылар банктерге сыйлық үшін үлестірілмейді, дағдарыс еңсерілген кезде олар осы қаржыларды белгіленген үстемемен қайтарулары тиіс болады.

Мемлекет, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдауға – 1 миллиард дол­лар, агроөнеркәсіп секторын да­мы­туға – 1 миллиард доллар, инфра­құры­лымдық серпінді жобаларды жүзеге асыруға – 1 миллиард доллар және тұр­ғын үй құрылысы проблемаларын шешу мен ипотекалық несиелеуге 3 миллиард доллар бөлетін болады. Қазіргі ең басты мәселе, деді Президент осыған бай­ланыс­ты, қиын кезеңнен шығынсыз өту. Ол үшін мемлекет қолда бар мүмкін­діктің барлығын жасайды. Үкімет жөнсіз шығындарға жол бермей, ұлттық ком­паниялар тиімсіз шығындарды қыс­қартуы керек.

Ұлттық кеңес отырысын қорытын­дылай келіп, Нұрсұлтан Назарбаев отандық инвесторлардың назарын бір­қатар мәселелерге аударды. Қазіргі кезде еліміздің және оның азаматтарының барлық проблемаларын бірлесе отырып шешудің қажеттігі туып отыр, деді Мемлекет басшысы. Сондықтан қоғам мен экономика алдында тұрған қиын­дықтарды жеңуде жұмыс орындарын және азаматтардың табыстарын сақтау­дың маңызы ерекше. Дағдарыс мәңгілік емес, оның артынан өсім болады. Елба­сы, сондай-ақ әлемдік дағдарыстың сал­дарын жеңіп шығу үшін елімізде айтар­лықтай халықаралық резерв қорлары бар екенін де қадап айтты. Мемлекет басшысының атап өткеніндей, еліміздің мемлекеттік қарыздары төмен және биылғы жылы бюджет тапшылығының деңгейі де төмен жатыр. Бұл қазақстан­дық экономиканың запас қоры мығым екендігін көрсетеді.

Сөзінің соңында Президент келесі жылы Қазақстанда жаңа Салық кодексі­нің қолданысқа енгізілетіндігін, ол шикізаттық емес секторға түсетін ауырт­палықты айтарлықтай төмендететіндігін, ал корпоративтік салық кезең-кезеңмен 30 пайыздан 15 пайызға, ал қосымша құн салығы 12 пайызға дейін төмендейтіндігін де атап өтті.



Авторы: Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат