Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2008-12-01:

ОЙДАҒЫМЫЗ БОЛҒАНДА, ОРТАМЫЗ ДА ТОЛҒАНДА

 

Қайта құру ұранын бастаған Совет Одағы Коммунистер партиясы қандай шоқ­парды беліне қыстырғанын өзі де білмей қалған түрі бар. Ашық есік саяса­тын ұстанамын деп, бұрын айтып кел­ге­нін­дей, капиталистік қоғамның іріп-шірі­генін емес, социалистік қоғамның тұйыққа тірелгенін көрсетіп алды. Жоспарлы экономиканы осы заманғы экономикаға ай­налдырам деп жүріп, біртұтас шаруа­шы­лық жүйесін күйретті. Саяси құрылысты өзгертпек болып, өз қолындағы саяси монополизмнен айырылды. Жібекті түте білмеген жүн етедінің кебін киді. Қайда аттап басса да, кетпеннің сабы маңдайына тиді. Әсіресе, халықтар достығы мен ин­тер­национализмді нығайтам деп, орта­лық­тың орашолақтығын түзетудің орнына, одақ­тас республикалардың бірінен соң біріне тырнақ батыра бастағаны әнтек болды. Қайда да халық өз шыдамының тау­сыла бастағанын анық байқатты. Со­ның ішінде бұған дейін өздері “жүз ұлттың планетасы”, “халықтар достығының лабораториясы” деп жер-көкке сыйғызбай дәріптеп келген Қазақстанды аяусыз соққыға алды. Бұл “жуас түйе жүндеуге жақсы” дейтін стереотиптік көзқарас пен “ұлтшылдыққа” қарсы күрес әп дегеннен тойтарысқа ұшырап қалмасын деген бит есепті аңғартқандай еді. Алайда, нәтижесі ке­рісінше болды. “Жаңа интернацио­на­лизм” орнатқысы келгендер өздері күте қой­маған үлкен қарсылыққа душар болды. Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі қызыл империяның басына үрей үйірген өкпек дауылды бастап берді. Қайта құру басқа ма­ғынасына ауыса бастады. Соны сезген партия өз ішінде агонияға ұшырап, фрак­ция­ларға бөліне бастады. Республикалық партия ұйымдары егемендікке ұмтылды. Ре­сейдің өз компартиясы құрылды. Кремль билікті партиядан мемлекеттік институттарға біртіндеп көшіруге мәжбүр болды. Бұрынғы Бас хатшы Төрағаға ай­налғанына екі езуі екі құлағына жеткенше мәз-мәйрам болып, әбден қуанды.

Алматыдағы Жоғарғы Кеңесте Орта­лық Комитеттің бірінші хатшысының қа­лай Жоғарғы Кеңес төрағасы болғаны әлі есімде. Жаңа лауазымға ие болған Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаев төраға орнына барып: “Президиумдағылар залға барып, орындарын алсын” деп жариялағанда, үй­реншікті әдеттерімен сахнадағы салта­нат­ты ложаларға жайғасқан Орталық Коми­тет­тің бюро мүшелері, Үкімет мүшелері, Жоғарғы Кеңестің Президиум мүшелері не болып қалғанына қапелімде түсіне алмай, сәлден кейін сыпырылып, төрдегі орын­дарын тастап, залға беттеп келе жатқан­дары әлі есімде.

Ол кезде жұрт талай нәрсеге болары болып, бояуы сіңгенге дейін түсіне алмай жат­ты. Бүкіл қоғам үлкен толғақ құша­ғын­да жүргендей хал кешті. Бұл турасында М.С.Горбачев өзі бас болып, тоғыз рес­пуб­лика басшылары: “Біздің қоғамымыз­дың дағдарысы одан әрі тереңдей түсуде... Ондаған жылдар бойы қордаланып келген аса өткір проблемалар, өтпелі кезеңнің ауыр қиыншылықтары, қайта құру ба­ры­сында жол берілген ауыр қателіктер бір нүктеде тоғысты” деп мәлімдеді.

Бұл жағдайдың нағыз шырқау шыңына жеткен 1990 жыл болды. Сол жылы өз жұ­мыстарына кіріскен республикалардың ал­ғаш рет демократиялық баламалы негізде сайланған жаңа Жоғарғы Кеңестері пар­тиялық биліктің орнына мемлекеттік би­лік­ті күшейту үрдісін одан әрі жал­ғастырды. Соның бір куәсі ретінде Парла­мент арқылы одақтас республикалар өз пре­зиденттерін сайлады. Бұл әр рес­пуб­ликаны бұрынғыдай орталықтың ауызына қарап отырмай, өз ішкі-сыртқы саясатын өздері белгілеуге дағдыландырды. Одақтас республикалар арасынан ең алдымен Ресей Федерациясы өз егемендігін жа­рия­лады. Үлкен империяның шын мәніндегі метро­полиясы болып табылып келген республи­ка­ның кімнен нендей тәуелсіздік алып жатқандығын түсінбегендер іште де, сыртта да аз болмады. Алайда, ол басқа рес­пуб­ликалардың да өз болашағын өздері ойлай бастауына айта қаларлық түрткі болғаны аян. Олар бірінен соң бірі өз Мем­лекеттік егемендігі туралы мәлім­демелер қабылдай бастады. Қазақ ССР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы декла­ра­цияның әр бабы сағаттар бойы талқыла­нып, қаншалықты күшпен қабылданғаны көз алдымызда.

1991 жыл басталғанда Парсы шығана­ғын­да қиян-кескі соғыс жүріп жатты. Көп ұзамай әлем жұртшылығының назары Таяу Шығыстан Кеңестер Одағына ауды. Бұрын Қазақстан, Кавказда орын алған, Орта Азиядағы республикаларды да қам­тыған толқулар Балтық бойы респуб­ли­ка­ла­рына да жетті. Кеңестер Одағынан бө­лі­ніп кету алғаш рет ашық түрде күн тәр­тібіне қойыла бастады. Кеңестер Ода­ғы­ның болашағы шыннан күмәнға ай­на­лайын деді. Бұл мәселе бойынша өткі­зіл­ген бүкілодақтық референдум босаған ше­гені бекітудің орнына одан сайын сол­қыл­дата түсті. Әр республикада референдум сұрағын өзінше түзетті. Қазақстандықтар: “Сіз КСР одағын тең праволы егеменді мем­лекеттердің одағы ретінде сақтау қажет деп санайсыз ба?” деген сұраққа дауыс берді. Дауыс бергендердің 5-ақ пайызы теріс жауап қайырды. Одақты сақтап қалғысы келгендердің соңғы үміттері жазында басталып, 1991 жылдың тамы­зына дейін созылған Жаңа Огарево үде­рісі тым ұзап кетті. Орталықтың ойла­ға­нын­дай болмады. Одақтас респуб­ли­каларды былай қойып, автономиялық аймақтар сөзге араласты. Бұрынғы им­перияны сол ауқымда және түбегейлі өзгертпей, азын-аулақ құбылулар арқылы сақтап қалғысы келгендердің су аяғын құрдымға айналдырудан басқа амалы қалмады. Қол қою 21 тамызға белгіленді. Ол кезде КСРО Халық депутаттары да, республикалық парламент мүшелері де демалыста жүрген. КСРО Президенті аяқ астында Қырымға демалысқа кеткен, Ресей Президенті сапарда жүрген. Дәл сол кезде, 19 тамызда Мәскеуде төтенше жағ­дай жөніндегі мемлекеттік комитет құрылғаны хабарланды. ХХ ғасыр та­рихындағы ең шешуші күндердің біріне тап болғанын әлем түгел сезінді. Бұрынғы Кеңес Одағында Орталық пен одақтас республика, жоғарғы билік пен халықтық қозғалыстар алғаш рет текетіреске түсті. Бүлікті ұйымдастырушылар жеңілді. КОКП биліктен айырылды. КСРО-ның тағдырының шешілуі уақыт билігіне көшті. 21 тамыз бен 1 қыркүйектің ара­сында бұрынғы Ресей, Литва, Грузияның үстіне Эстония, Латвия, Украина, Мол­давия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қыр­ғыз­стан өз тәуелсіздіктерін жариялады.

Тамыз оқиғалары бір жыл бұрын еге­мендік туралы мәлімдеме, республика пре­зиденті сайланған кезде белең берген скептиктер пікірін жоққа шығарды. Ол институттар болмағанда бүлікшілдер ық­па­лы өзге республикаларға да тарап кетуі әб­ден мүмкін еді. Оны қойып, сол дүр­бе­леңді тамыз күндері шекара дауын қоз­дырғысы келетін күштердің де қиял­дарына қанат біте бастағаны байқалды. Оралда, Шығыс Қазақстанда көрші рес­публикалардағы кейбір қозғалыстардың ара­ласуымен ұлтаралық кикілжің тұтат­қы­сы келгендерге тойтарыс берілді. Мұндай шетін оқиғалар тұсында мемлекеттік дер­бес­тік пен жер аумағының тұтастығын қам­тамасыз ететін тікелей жауапкерші­лік­пен төтен өкілеттіктерге ие президенттік институттың маңызы көрер көзге ай­қын­дала түсті. Бұл мәселеге Қазақ ССР Пре­зи­денті Н.Ә.Назарбаев тарапынан әлде­қашан назар аударылған-ды. Сол жылғы 28 маусымда Жоғарғы Кеңес сессиясында республика президентін төте сайлауға көшу туралы алғаш рет әңгіме туып, ер­те­лік етеді деп табылған-ды. Жоғарғы Кеңес 16 қазан күні ол мәселеге қайта орал­ды. Оған арадағы екі-үш айдың ішін­дегі оқиғалар себепші болды. Парламент президенттікке кандидат етіп Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты ұсынды. Аты аталған ақын Олжас Сүлейменов шығып сөй­леп, Н.Ә.Назарбаевтың кандида­тура­сын қолдауға шақырды. Президент сай­лауына қатыспаққа талпынған тағы бір саясаткер жігіт тиісті қол жинай алмаған­дық­тан тізімге енгізілмеді.

Халық өз тағдырын түбегейлі белгі­лей­тін шешуші кезеңнің келгенін жете түсінді. Мұндай шешуші кезеңде тарихи жауапкершілікті нақтыламаған қоғам өз тағдырын өзі өтпелі кезеңдер ағынының ырқына жіберіп аларын, ал ол көп жағ­дайда аса қатерлі кездейсоқтыққа ұшы­ра­та­тынын тарих әлденеше рет көрсеткен еді.

Аталмыш кезеңде Қазақстан өзінің отаршылдық тарихын әлі аяқтаған жоқ еді. Тәуелсіздік жариялау тек Қазақстан аума­ғындағы жағдаймен шешілмейтін. Оның үстіне үш ғасырдан астам отар­шыл­дық бұғауындағы халық тәуелсіздікті аң­са­ғанмен, қол жеткізудің жолдарынан жет­кілікті хабардар емес-ті. Коммунистік идеология ұлттардың күні өтіп кетті, енді бүкіл адамзат бір қоғам, бір мемлекет бо­лып өмір сүреді, оған жететін кезең алыс қалған жоқ деп үйретті. Ол туралы ар­ман­дау қиялшыл романтиктердің ісі, ол шын реалист адамдарға жараспайды деп құлақ­қа құйып бақты. Ол уағыз белгілі мөл­шер­де бұқаралық санаға айналып кеткен. Оған іштегі наразы күштер табылғанмен, оны реформалық жолмен еңсеретін күш­тер әлі қалыптаса қоймаған-ды. Қазақ­стан­ға бұрынғы кеңес қоғамының демо­кра­тиялану үдерістерімен орайлас әре­кет­тенуден басқа жол жоқ еді. Бірақ, ол тек бұрынғы қызыл тулы кеңістіктегі тәжі­ри­белермен ғана шектелу деген сөз емес еді. Қалған дүниедегі саяси экономикалық үде­рістер көзі ашық, көңілі ояу елгезек тұл­ғаларды талап ететін. Ондай тұлғалар аспаннан түспейтін. Ондай көлденеңнен киліккен тұлғаларға патриотизм мен жаңа­шылдықты, тіпті бостандық пен теңдіктің өзін тым өзгеше түсініп қалған кеңестік азаматтық сананың құлақ аса қоюы да мүмкін емес еді.

Ол тұстағы өнердің барлық саласында күтпеген қиындықтарға молынан ұшырап отырған адамдарды кезек күттірмес саяси-экономикалық, құқықтық-әлеуметтік ре­формаларға сендіру үшін өздері аса жақсы білетін, талай жерде өз үміттерін ақтаған та­нымал тұлғалар керек еді. 1991 жылы қа­зақстандықтар дәл сондай тұлға деп Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты таныды. Сол жылғы 1 желтоқсанда өткен бүкіл ха­лықтық сайлауға қатысып, 98, 97 пайыз дауыс берді. Бұл – бүкілхалықтық сенім еді. Тек бүкілхалықтық сенім мандатына ие болғалы тұрған Президенттің жеке ба­сы­на ғана емес, оның саяси бағдарла­ма­сын­да тұрған тарихи міндеттердің өз тағ­ды­рларына тигізер оң ықпалына деген шексіз сенім еді. Ал олар – бүкіл ұлт тағдырын, қоғам тағдырын айқындайтын асқаралы тарихи үдерістер еді. Ол үшін мемлекеттің бірінші басшысы бұған дейін басым көпшілікке беймәлім келген көп ұғымды ұғындыру, жеткізбес қиял са­на­лып келген алыс армандарды тезірек жа­қын­датып, тарихи шындыққа айналдыруы қажет еді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың ол күндерде бастан өтіп жатқан тарихи үдерістер мен алда тұрған тарихи міндеттерге бес сау­сақ­тай қанығып үлгермеген миллиондаған жандарды өз соңына ертуіне қазақ хал­қының үш ғасырдан астам отаршылдықта әбден зарыққаны, жетпіс жылға созылған тоталитарлық жүйеден ауыздарының мейлінше күйгендігі, қайта құруды бастап, аяғын қойболдыға айналдырып алған ор­та­лықтағы басшылықтың істі түзей ала­тын­дығынан біржолата торыққандықтары, жағдайды бір түзесе, өз ортамыздан шық­қан, өз жағдайымызды жақсы білетін адам ғана түзей алады дейтін сенім еді. Бұл рет­те, қазақстандықтар оны көптен білетін. Көз алдарында өскен-ді. Бір кездегі өздеріндей жұмысшы еді. Жанқиярлық еңбегімен, алғырлығымен, батылдығымен көзге түсіп, ұйымдастырушылық шебер­лі­гімен, кәсіби біліктілігімен, аса мол эрудициясымен талантты инженер, кемел басшы ретінде үлкен өмір жолынан өт­кен­дігі қарапайым еңбек адамдарына оны етене жақын етті. Басқаны былай қой­ған­да, қайта құрудың шытырмандары мен шыр­ғалаңдары тұсында талай жерде істі на­сырға шаптырмай, қиындықтардан шыға алғандығы, қантөгіске ұрындыруы мүмкін талай келеңсіздіктердің алдын ала білгендігі оны тек Қазақстан көлемінде ғана емес, бүкіл одақ көлеміндегі өзімен за­мандас саясаткерлермен салыстырып, олар­дан артық деп санауға мүмкіндік берді. Бәрі өз көздерімен көріп, куә бо­лып отырған қилы кезеңнің ең ірі тұл­ғалары М.Горбачев, Б.Ельцин, Э.Шевар­надзе­лермен, шетелдегі Дж.Буш, Дж.Бейкер, Ф.Миттеран, Г.Коль сынды аса ірі қайраткерлермен тіл табысып үлгерген асқан дипломатиялық үйірімділігі де сайлау қорытындысына әсер етпей қалған жоқ.

Тап ол жылдардағы әлеуметтің әлемдік үдерістерге көздері қазіргіден әлдеқайда түрік еді. Іштегі жағдайларға алаңдаушы­лығы қай кездегіден де басым еді. Ол кездегі электораттың саяси елгезектігі мен әлеуметтік белсенділігінің кернеуі тым жоғары болғандығы даусыз еді. Саяси технологияға да ауыздана қоймаған заман еді. Ол кездегі сайлаушыларға тұрмыстық прагматизмнен гөрі әлеуметтік оптимизм көбірек ықпал ететін.

Сайлау қорытындысы бүкілхалықтық желпініс тудырды. Қоғамдағы реформа­лар­дың шұғыл қарқын алуына үлкен сер­піліс қосты. Бұл сайлаудың дәл уақытын­да өткендігіне бірнеше төтен оқиғалар дәлел бола алады. Белая Вежада бір кезде құрылтайшы болған үш республика Кеңестер Одағын таратты. Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың бастамасымен Орта Азия республикалары Ашғабадта кез­десті. Бұрынғы одақты бейбіт тарату бірінші маңызға ие бола бастады. Дәл сол күндері Алматының Республика сарайын­да Президент Н.Назарбаевтың қызметіне кі­рісу салтанаты өтті. Сонда маған рес­пуб­лика Парламенті атынан сөз сөйлеуге тура келді. Сонда мен: “Ойдағымыз бол­ды. Ортамыз толды. Төбедегі келді. Төре­лес­кенде де ренжитін ретіміз жоқ. Тек ұза­ғынан сүйіндіргей. Ақ жолдың ал­дын­дамыз. Үлкен тілектің үстіндеміз. Жан-жағымызға бірдей әділ, өткеніміз бен ер­те­ңімізге бірдей сергек бола білсек бол­ғаны. Өйткені, бағзыдағыларымыздың аруағы жебегесін, бүгінгілеріміздің тілегі демегесін бұл күнге жетіп отырмыз.

Бұл – тарихымыздың жұлдызды са­ғаты. Осы жаңа Тәуелсіз Қазақ Рес­пуб­ликасының Тұңғыш Президенті аса жо­ға­ры лауазымға бір ауыздан сайлаған халқының алдында сенімділікке ант беріп, қызметіне кірісті.

Көзі қарақты әлем Еуразияның қақ жүрегіне орналасып, миллион жылдар бұ­рын адамзат мекеніне айналған, ежелгі және кейінгі дәуірлер тарихшыларының талайының қаламына іліккен, талай-талай тарихи эпопеялар болып өткен осынау ұлан-ғайыр кеңістіктің ұлан-асыр ше­жі­ре­сінен ежелден хабардар. Ол эпопеялардың қаһармандары аспаннан түскен жоқ, қайтадан ғарышқа сіңіп, жоғалып кеткен жоқ, өз тағдырларын аты мыңдаған жыл­дар бойы алғашқы қауымнан осы заманға дейін созылып келе жатқан этникалық даму жолынан өтіп, бүгінде Қазақстан деп аталып отырған шетсіз-шексіз жазира­лар­мен тығыз қабыстырған.

Біздің бүгінгі жаппай ояну кезінде өз халқымыздың азаттық, тәуелсіздік және бас­қалармен терезесі тең татулық жо­лын­дағы көп ғасырлық күресін еске алмауға хақымыз жоқ. Ол әрқилы заманда әртүрлі атаумен әр алуан мемлекеттік бірлес­тік­тер­ге өсірді. Бес ғасыр бұрын бүгінгі атымен өз алдына дербес мемлекеттікке ие болды. Санаулы ғасырлар ішінде төл қонысын иемденді. “Жеті жарғы” деген Ата Заң қабылдап, өзінің көшпелі өмірі мен шаруашылық үрдістеріне лайық әскери-демократиялық мемлекеттік құрылымын түзді. Өзімен шектес саяси кеңістіктермен меймандос қарым-қатынас орнатты. Көршілерінің мүддесін мұқият сыйлады, өз мүдделерін аяққа баспады.

Сол арқылы шығыс пен күнгейдің шап­қыншылықтарына жол бермеді. Осы ғасыр­дың басына шейін дерлік батыс отаршыл­дығының тереңдей енуін іркілте алды.

Басқалардың мұрат-мүддесін баса көк­теуді өз інжіліне айналдырған ашық империализмнің қолынан келмеген оның құлаққа жағымды ұрандарды желеулеткен аяр мұрагерлерінің қолынан әбден келді. Жаппай қарық қылған сөзуарлықты бет­перде еткен саяси цинизм саны көптерді бір үзім нан үшін тентіретіп, саны аздар­ды өз жерінде өздерін қаралай мүсәпір етіп, жер шарының алтыдан бір бөлігін жап­пай жат сезінушілік кеңістігіне айналдырды.

Бұл үшін халықтар мен мәдениеттер емес, ақырына дейін тарихты бұрмалап, халық біткенді араздастырып, біреудің жеріне біреудің көзін алартып, біреудің тағдырына біреудің қолын сұқтырып, онсыз да сормаңдай елді одан сайын оң­дырмай сорлатып жатқан өктем өкіметтер мен озбыр идеологиялар айыпты.

Халықтарды бүгін өткен-кеткен өкпе-бопсаларға ылығып, бір-бірімен есеп айырысу емес, кешегі келеңсіздіктерден біржолата бас тартып, бәрін де ақылға сыйымды қылып реттейтін ынтымақты ықпалдастық құтқарады, дегдар ақыл, бейбітшіл парасат бүгінде бәрінен қымбат. Сондықтан да биылғы 1 желтоқсанды бүкіл Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевқа – қазіргідей тым бұлыңғыр, тым күмілжі ке­зеңнің өзінде өз бағытының айқын­ды­лығымен және табандылығымен көзге түсе білген үйірімді саясаткерге дауыс берді. Тіпті кейінгі тәуліктердің шырғалаң оқиғалары тұсында ол өз сөзінде тұра білді. Үлкен саясатта үлкен тұрлау­сыз­дықтар кездесіп жатса, оған Назарбаевтың еш қатысы жоқтығын аңғартты. Иә, оның жұлдызы тым қиын кезеңде жарқырай көрінді. Оның мойнындағы жүк жеңіл емес. Біздің мемлекетіміздің ертеңі мен болашағы оның бүгін істі қалай бас­тайтынына байланысты болмақшы. Оның тек ірге тасы емес, бүкіл архитектуралық кескін-келбеті тұңғыш Президент ретінде оның сәулеткерлік талғамына таудай талап артпақшы. Бұл – барлық бас­тауларда тұрғандар мен барлық алғаш­қы­лардың маңдайларына бұйырмақ сыбаға.

Қайтіп қолда бар моральдық және экономикалық мүмкіндіктерді орнымен пайдалана отырып, дағдарыс кезеңінен неғұрлым аз шығындармен өтуге, орнық­тылықтан ауытқымауға, ұлттық есеюдің мәселелерін өркениетті шешуге, консти­туциялық құрылысты бұлжытпай сақтауға көсегесі көркейген тәуелсіз, демокра­тиялық, құқықтық мемлекет орнатуға, қазір бар ықпалдастық аясын жоғалтпай, оның сипатын жетілдіріп, ауқымын кеңей­тіп, әлемдік қауымдастыққа кіруін жеделдетуге болады ­– мұның бәрін халқымыз Президент Назарбаевтан бірінші кезекте күтіп отыр.

Бүгінгі әлемдік қоғамдық пікір мұның бәрі оның қолынан келетініне шексіз сеніп отыр. Оған отандастарымыздың берік сенімі мен үлкен қолдауын қосыңыз – бұл қандай ауырды да жеңілдетеді, қандай қиынды да оңайлатады.

Ендеше, біз бүгін бір-бірімізді ортақ тағдырымыздың ең жауапты кезеңінде дұрыс таңдау жасай алғандығымызбен шын жүректен құттықтап, Президенті­мізге табыс, баршамызға бақыт тілей ала­мыз. Ақ жол, ағайын ! Іске сәт, Азамат!” – деппін.

Бұл ­– ол күндері тек менің ғана емес, барша отандастарымыздың жүрегіндегі ортақ сезім еді. Айлапат залды лық толтырған әралуан ұрпақ, әралуан ұлт өкілдерінің бал-бұл жанған жүздері мен дуылдата соққан шапалақтарынан мен осыны айқын аңғарғанмын.

Арада бес күн өтер-өтпесте тұңғыш Президент Жоғарғы Кеңеске “Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіз­ді­гі туралы” Конституциялық заң ұсынды. 16 желтоқсан күні айтулы Заңға қол қой­ды. Одан бір аптадан соң Кеңес Одағы­ның орнында құрылған он бір мемле­кеттің басшылары Алматыға ағылды. 24 желтоқсанда Достық үйінің дөңгелек залында Тәуелсіз Мемлекеттер Достас­тығын құру жөніндегі шартқа қол қойды. Ертеңіне, 25 желтоқсанда М.С.Горбачев КСРО Президенті міндетін атқаруды доғаратынын мәлімдеді.

Сөйтіп, көптен күткен үміттер ақтала бастады. Оған 1991 жылғы 1 жел­тоқ­сандағы бүкілхалықтық Президент сайлауы жол ашып берді. Ойдағымызды болдырған, ортамызды толтырған сол сайлаудан бастау алған жемісті де желісті жол жаңа биік­терге самғай түсуде.



Авторы: Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ, сенатор, халық жазушысы.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат