Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-01-10:

ӨСУ ЖОЛДАРЫН ІЗДЕУ

 

Дағдарысқа қарсы бағдарлама шеңберінде Қазақстан Үкіметі азаматтардың зейнетақы жиналымдарын да іске жаратуды ойластырып отыр. Сондықтан мемлекет біздің ақшаларымызды қалай пайдаланады, ол не береді және инфрақұрылымдарға инвестициялар салу арқылы біз ұтысқа шыға аламыз ба деген сауалдар қазіргі таңда жұрттың бәрін де толғандырып отырғаны анық. Олай болса, осы бір мәселенің мәнісіне көз жүгіртіп алу да артық емес сияқты.

 

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.

Шынын айтсақ, Үкіметтің 4 миллиард АҚШ долларын құрайтын отандық зейнетақы жинақтаушы қорларының қаржысын тарту туралы шешім қабылдауы халық арасында әр түрлі әңгімелердің туындауына түрткі болуда. ЖЗҚ-лардың инвес­тициялық табыстылығының төмендеуі, соған сәйкесті көптеген салымшылардың салымдар бой­ынша жинақталған инвестициялық табыстарының жойылуы жағдайында зейнетақы жиналымдарын пайдалану туралы кез келген сөз, сыпайылап айт­қанда, асқан сақтықпен қабылдануда.

Болашақ зейнеткерлерді ең бірінші толған­дыратын нәрсе – ол жиналымдардың сақталуы. Ол түсінікті де. Жылдар бойы жинаған ақшалардың іс жүзіне келгенде бір сәтте “жоқ” болып кеткені туралы мысалдар біздің жадымызда аз емес. Қазіргі дағдарыс тағы да әбігерлі үрей туғызуда, сонымен бірге ол қалыптасқан жағдайға байланысты іс-қимыл жасау қабілетіне де нұқсан келтіруде. Бірақ бүкіл ақшаларымды дереу қайтарып бер деп өзіңнің зейнетақы қорыңа жүгірмес бұрын немесе басқа да бір талаптар қоймас бұрын жағдайға нақтылы қанығып алған абзал.

Қарттық қамсыз болсын десек

Расында да, ЖЗҚ-лар бүгінде айтарлықтай күрделі жағдайда қалып отыр. Сол себепті олар қазіргі күні өз шығындарын мейлінше азайтуға күш салып, инвестициялық қоржындарын қайта қарауды да қолға ала бастады. Дегенмен, табыс әкелетіндей қабілеті бар қолжетімді қаржылық құралдар жиынтығы оншалықты көп емес. Басқаша айтқанда, қазақстандықтардың зейнетақы жиналымдары құнсыздана түсуде, ал жергілікті инвест-рыноктарда оларды салатындай мүмкіндік жоқ.

Осындай жағдайда зейнетақы активтерін экономиканың нақты секторында пайдалану тығырықтан шығудың бірден-бір жолы болып табылады. Атап айту керек, оның өзі “екі қоянды бірден атып алуға” мүмкіндік береді. Бір жағынан алғанда, экономикалық даму ынталандырылып, елде жетіспей жатқан инфрақұрылымдарды салуға қаржы пайда болады, екінші жағынан, ЖЗҚ-лардағы салымдар әртараптандырылады әрі олардың табыстары тұрақтанады.

Мамандар зейнетақы ақшалары арқылы өнеркәсіптік, өңдеуші және қайта өңдеуші нысандар салу қажет деп есептейді. Ең басты шарт, жиналымдар қосымша құн беріп, ел экономикасына да, оның әрбір азаматына да жұмыс істеуі тиіс. Сондықтан да Үкімет жинақталған зейнетақы қаржыларын құрылыс саласын тұрақтандыруға, сол сияқты инновациялық, индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға салуды ұсынады.

Осы орайда Қазақстанның бұл салада алғаш жол салушы емес екенін де айта кету қажет. Әлемдік тәжірибеде жинақтаушы зейнетақы жүйесі банк секторымен, инвестициялық қорлармен және ипотекалық компаниялармен қатар дәстүрлі түрде экономиканың нақты секторындағы маңызды институттық инвестор ретінде қарастырылады. Бұл тұрғыда жинақталған оң да, теріс те тәжірибелер бар. Сөз жоқ, олардың екеуін де ескеру керек. Бірақ мұндай инвестициялардың экономиканың нақты секторына пайда әкелетіні – жалпылама мойындалған шындық.

Экономикалық дамыған елдерде зейнетақы ақшалары көбіне-көп өз кезегінде мемлекеттің инвестициялық саясатын жүргізуші болып табылатын даму банктерінің қаржы көздері ретінде көрініс табады. Мәселен, Неміс даму банкінің табысты қызметі қаржыны ұзақ мерзімді инфра­құрылымдық жобаларға инвестициялаудың сенім­ділігінің және ең бастысы, табыстылығының мүм­кіндігін айғақтайды. Банк ауқымды инфрақұ­рылымдық жобаларды жүзеге асырудың көп жылғы тәжірибесін жинақтаған. Бүгінде бұл қаржы құ­рылымының жалпы қаржыландыру көлемінің жар­тысына жуығы дәл осы сегментке бағытталған.

Тағы бір мысал – Қытай. Онда инфрақұры­лымдық облигациялар есебінен жол құрылысының 70 пайызы қаржыландырылады. Механизмі де қарапайым. Мемлекет облигацияларды шығарады. Даму банкі оларды зейнетақы ақшаларына сатып алады. Арнайы құрылған құрылым капиталды көлік инфрақұрылымы құрылысына салады, ал үкімет кейін ақшаны пайыздарымен қосып, зейнеткерлерге қайтарады. Зейнетақы қаржыларының табыстылы­ғын инфляциядан жоғары деңгейде және аз да болса нақты үстемемен қамтамасыз етуге лайықты қаржы құралдары болмаған кезде басқа да көптеген елдер осы схеманы пайдаланады.

Зейнетақы жиналымдарының бір бөлігін жолдардың, бөгеттердің, мұнай-газ құбырларының құрылысына салуды жоспарлай отырып, Ресей де іс жүзінде осы жолмен жүруге дайын.

Қазақстандық мамандар да зейнетақы жина­лымдарын инфрақұрылымдық жобаларды қаржы­ландыру үшін ресурстық база ретінде пайдалануға болады деген пікірді жақтайды. Зейнетақы жиналымдары қаржыларын қалыптастыру ел экономикасының ішкі ресурстары есебінен жүзеге асырылып, ол әлемдік рыноктардағы энергия көздері бағаларының өзгеруіне тәуелді болмайтындықтан, инфляцияның өсуіне әкеліп соқтырмайды. Оның үстіне, зейнетақы жиналымдары қаржыларының ұзақ мерзімді сипатқа ие болуына байланысты мұндай қаржыларды 15 және одан да ұзақ жылдарға орналастыруға болады.

Қазіргі уақытта, мамандардың бағалауы бойын­ша, зейнетақы инвестицияларын негізгі капиталды жаңартуға, өндірістік жабдықтар лизингіне, өзін-өзі ақтайтын басымдықты өндірістер мен ғылыми-тех­никалық бағдарламаларға, тұрғын үй-коммуналдық саладағы құрылыстарға бағыттауға болады. Мәселен, мемлекеттік ірі компаниялардың акциялары мен облигациялары немесе мемлекет кепілдік берген ірі жобаларға салу оған қатысу формалары бола алады.

Жинақтаушы зейнетақы қорларының өздері де жаңа қаржы құралдарының пайда болуына мүдделі. “Бізге сыйымдылықты жобалар қажет, бірнеше мил­ли­ард долларды қажет ететін энергия стансалары, мұнай құбырлары, өңдеуші зауыттар түріндегі ауқымды құрылыстардан өткен сыйымдылықты жобалар жоқ”, – дейді Халық банкі ЖЗҚ-ның басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлимұхамбетов.

Бұл жағдайдағы ең бастысы – сауатты инвестициялауды қамтамасыз ету. Зейнетақы ақшаларының негізгі міндеті қазіргі жұмыс істеп жүрген азаматтардың лайықты қарттығын қамтамасыз ету болғандықтан, олар жыл сайын өсіп отыруы тиіс.

Жеті рет өлшеп, бір рет кес

Сөйтіп, ЖЗҚ қаржыларын инфрақұрылымдық нысандарға инвестициялау қисыны түсінікті. Зейнетақы ақшалары “ұзақ” категориялар санатына жатады. Басқаша айтқанда – біз оларды ондаған жылдар бойына жинақтаймыз, бірақ зейнеткерлікке шыққан соң ғана оны табыстарымен қосып ала аламыз. Инфрақұрылымдық нысандар да бірден емес, белгілі бір уақыттар өткеннен кейін ғана қайтарым береді және үлкен әлеуметтік-экономикалық маңызға ие болады. Демек, “ұзақ” зейнетақы ақшалары ұзақ мерзімді инвестициялау үшін, соның ішінде инфрақұрылымдар үшін де қажетті ресурстар тапшылығының орнын үйлесімді толтыра алады. Дегенмен, осы процестің өзі бүгінде көптеген сауалдар туындатады.

Басты мәселе – мемлекет дағдарысқа қарсы бағдарламада қарастырылған жобаларға салынатын инвестициялардың ЖЗҚ-ларға қайтатынына кепілдік бере ме? Үкіметтің оған беретін жауабы тиянақты – жинақтаушы зейнетақы жүйесі қаржыларын тарту мемлекет кепілдік беретін қаржы құралдарын пайдалану арқылы жүзеге асырылатын болады. Мұн­дағы салымшылар үшін үлкен үміт сол, мемлекеттік кепілдіктер қаржыны пайдалануға қатаң бақылау жүргізуді қарастырады. Бұл жерде әрине, іс мөлдір болып, зейнетақы активтерін қорғайтын құралдар айқын көрінуі тиіс. Өйткені, болашақ зейнеткерге лайықты төлемді қамтамасыз ету үшін ақшаны сақтап әрі көбейте де білу – тек экономикалық қана емес, сонымен бірге саяси да міндет.

Келесі мәселе, мемлекет салымдардың тұрақты түрде табысты болуын қалай және немен қамтамасыз етпек дегенге келіп тіреледі. Мұнда әзірге тиянақты жауап жоқ. “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Қайрат Келімбетов Үкімет отырысындағы сөзінде облигациялардың айналым мерзімі 15 жылды, табыстылығы жылына 8,4 пайызды құрайды деп атап көрсетті.

Дегенмен, сарапшылар мен ЖЗҚ өкілдері Үкімет болжанған жобаларды, зейнетақы қаржыларын тартудың нақты тетіктерін, инвестиция салынатын нысандарды, сақталу мен табыс кепілдігін егжей-тегжейлі ашып көрсетуі керек деген әділ пікір білдіруде. Нәтижесінде ол жоспарланған іс-шаралардың мәнін түсінуге жағдай жасауы тиіс. Бұл орайда “Республика” ЖЗҚ-ның басқарма төрағасы Асқар Смайылов егер зейнетақы активтері энергетика, телекоммуникация, мұнай, ауыл шаруа­шылығы және шағын және орта бизнесті қолдау сияқты басымдықты салаларға инвестицияланатын болса, онда ЖЗҚ-лардың өздері үшін де мәселе түсінікті болады дейді.

Осылайша, егер ақша түсініксіз жобаларға жүйес­сіз салынбай, ең перспективалы деген орындарға ба­ғытталса, одан сөзсіз пайда да болады. Эконо­микалық өсім, халықтың жұмыспен қамтылуы мен тұрмыс сапасын арттыру, сол сияқты экономиканы нақты түрде әртараптандыру салымдар тиімділігінің басты критерийі болуы тиіс. Бірақ, ақшаны қандай да бір жобаға салмас бұрын жеті рет өлшеп, бәрін безбендеп және есептеп алу қажет.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат