Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-01-16:

“ЕРКЕКТЕРСІЗ ДЕМОГРАФИЯ МӘСЕЛЕСІН ҚАЛАЙ ШЕШЕЙІН ДЕП ЖҮРСІЗДЕР?”

 

Еліміздегі еркектердің орташа өмір сүру жасы төмендеуін әлі де тоқтатпай отыр. Егер 1991 жылы бұл көрсеткіш 60,7 жасты құраса, 2000 жылдарға қарай 59,8 жасқа азайған. Дәл қазіргі таңда әйелдер мен еркектердің орташа өмір сүру жасының айырмашылығы – 11,5 жыл. Бұл – әлемдегі ең нашар көрсеткіш. Түрлі себептермен қоса, ер-азаматтар қауымының табиғи тұрғыда көбеюіне жыныстық аурулар, оның қызметі мен процестерінің бұзылуы, сондай-ақ урологиялық кеселдер кесірін тигізіп отырғанын осы саланың мамандары көптен бері қозғап келеді.

Аталмыш мәселені шешу үшін өткен жылы Кәсіби сексуалдық медицина қауымдастығы құрылған болатын. ҚР Әділет министрлігінде ресми тіркелген қауымдастықтың мақсаты – еркектердің эректилдік қызметінің бұзылуына, әйелдерде жыныстық күйзелістің туындауына алып келетін ауруларды емдейтін әртүрлі саладағы дәрігерлердің кәсіби деңгейін көтеру, бұл аурулардың алдын алып, ерте бастан диагностика жасап және қазіргі заманғы емдеу әдістерін насихаттау. Осы бастамаға ұйытқы болып жүрген Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтының проректоры, урология кафедрасының меңгерушісі, профессор Болат ШАЛЕКЕНОВТІ сөзге тарттық.

– Болат Уахитұлы, сіз еркек­тердің денсаулығын мемлекеттік тұр­ғыдан қорғау жөнінде мәселе көтеріп жүрген мамандар санатындасыз. Алаңдаушылық туғызып отырған мәселені кәсіби тұрғыда қозғауға күнде көріп жүрген жәйттер себеп болып отырған шығар?

– Бізде қазір кереғар жағдай қалып­тасқан. Аналар мен балалар­дың денсаулығын қорғауға мемле­кетіміз үлкен назар аударып, қара­жат бөліп, арнаулы бағдарлама жа­сап отыр. Ал еркектердің де денсау­лығы мәз емес. Бұл мәселе қоғамға қажет емес сияқты. Қарап отырсақ, еркектердің орташа өмір сүру жасы 1991 жылы 60,7 жасты құраса, 2000 жылдарға қарай бұл көрсеткіш 59,8 жасқа дейін азайды. Мұның себеп-салдары көп. Қоғамдағы түбегейлі өзгеріс­тер, ірі реформалар, нарық пен бәсекелестік заманы – азамат­тарымыздың денсаулығында сыр беріп қана қоймай, жастарының да қысқаруына әсерін тигізіп жатқандығын жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, біздің пациент­теріміз кәсіби тұрғыдағы көмек алуға 2-5 жылға дейін уақытын жоғалтады. Демография мәселесі ер-азаматтардың денсау­лығынсыз өз бетінше қалай шешіледі?

– Соңғы жылдары еркектер денсаулығының күрт нашарлауына себеп болып жатқан басты-басты факторлар қандай?

– Қайта құру кезеңі, қоғамдағы түбегейлі өзгерістер, жұмыстан қысқарып қалу – ер азаматтардың көңіл-күйіне ғана емес, денсаулы­ғында да зиянды ізін қалдырғанын айтып отырмыз. Әйел адамдарды білесіздер, жұмыстан шығып қалса да үйде бітпейтін тірлігі бар. Соған алданады. Еркектер үйде бос жатса, қандай күйге ұшырайтыны белгілі. Екіншіден, жүйкесі­не салмақ түскен жігіттердің гармондары төмендеп кетеді. Физиологиялық жағдайда 45-55 жастан кейін еркектердің гармон­дары азая бастайды. Ал күйзелістік жағдайда бұл үдеріс тым жылдамдап кетеді. Гармондар азайғаннан кейін ағзадағы басқа мүшелердің қызметі де бұзыла бастайды.

Бұрын бізге келетін науқастар­дың 50 пайызы еркектер, 50 пайызы әйелдер болса, қазір жанына дауа іздегендердің 70 пайызы ерлер, 30 пайызы әйелдер.

Соның ішінде қуық асты безінің қабынуы, ерлердің белсіздікке ұшы­рауы тым көбейіп барады. Мысалы, қызмет істейтін азаматтардың әл-ауқаты жақсы болғанымен, өздерін күтуге уақыт таба алмайды. Сала­мат­ты өмір сүру салты сақталын­байды. Бұл мәселенің бір ұшы ғана. Екіншіден, экология жаман, қалалы жерлердің ауасы әбден нашарлап кетті. Мұндай жағдайда алдымен гармондар зардап шегеді. Күйзеліске түсу де еркектердің белсіздігіне апарады. Және несеп жолдарының қабынуы да өршіп тұр.

– Мұның себептері қандай?

– Бұрын, 1988-1993 жылдардағы қиын кезеңдерде, қайта құру уақытында бізде дәрі-дәрмектер жетіспеді. Сол кездерде науқастар антибиотиктік дәрілердің әсер ету сезімталды­ғын есептеместен, әйтеуір қолдарына түскен дәріні қабылдауға мәжбүр болды. Қазір жұрттың жағдайы жақсарғанымен, баяғы зардаптардың әсері көрініп жатыр. Соның зардабы әйелдерден де, еркектерден де байқалуда.

Сол кезде біздер вирустық идеология, дегенді білген жоқпыз. Оған дәрі де болған жоқ. Егер антибиотиктер әсерінен адамның бактериоло­гия­лық қорына залал келсе, антибиотиктер вирус­тарға әсер ете алмайды. Осылайша адам­ның иммунитеті нашарлайды. Ағза­дан бакте­риялық микроорганизмдер кетеді де, вирустар қалып қояды. Бұл көбінесе герпес ауруына қатысты. Герпестің өзі де жалпы адам ағзасын­дағы және жыныс жолдарындағы болып екіге бөлінеді. Герпес ағзадағы ылғалды қабықша­ларда, жыныс жолдарында болатын вирус. Ағзада мұндай вирустардың болуы иммунитеттің нашарлауына, нәтижесінде гармондардың тө­мен­деуіне апарып соқтырады. Ер-азаматтардың денсаулығына қатыс­ты осы мәселелер алаңда­тарлық жағдай қалыптастыруда. Сондықтан біз қозғап жатқан жәйттер қоғамдық сипатқа ие болып, мемлекеттік тұрғыдан шешілуін қалар едім. Мұнсыз дені сау сәбилердің тууын, аналарымыздың ай-күніне дейін аман жетіп босануын болдыра алмаймыз.

Тағы бір мәселе, сынақтан өткен уроло­гиялық құрал-жабдықтардың жетіспеуі. Сондай-ақ жасы келген еркектер арасында аденома ауруы­ның да белең алып жатқандығы ойлан­тады. Бұл кесел әсіресе 60-тан асқан жандардың арасында жиі кездеседі. Көбінесе жасы келген науқастар хирургиялық жолмен емделетін аурудың операциясын жасатудан қорқады. Себебі, бұл кезеңде адамда көптеген созылмалы аурулар көбейе бастайтыны белгілі. Осының салдарынан жүрек-қан тамырлары аурулары, жүйке аурула­ры белең алады. Нәтижесінде ашық операциялар ауыр жағдайда өтуі мүмкін. Бүгінде экономикасы өркен­деген елдерде, Батыста мұндай кеселге ұшырағандар операция жасатудан қорықпайды. Мұндай жиі жасалатын операциялар жұрттың бәрі үшін қолжетімді. Өйткені, олар­да аденоманы жедел эндоскопия­лық әдіспен емдеу кеңінен қолданылады. Және лазермен емдеу әдісі енгізіл­ген. Бізде қазір “жасыл лазер” тех­нологиясы бар, мұндай операциядан кейін пациент 4-ші күні ауруханадан шығады. Оның тиімділігі – мұндай операциялар кезінде қан шықпайды. Осы әдіспен біздер қуықтың рагын, бездерді аламыз.

– Қай кезде де көп кеселдің пайда болуына қайғы мен күйзелістің әсері бар деп айтамыз. Тіпті Еуропа ғалымдары омыртқа-буын аурулары­ның өзі де қазіргі екі адамның бірінің аузында жүретін “стресс”, “депрес­сиялық” жағдайдан туындай­тынын дәлелдеп бағуда. Урологиялық ауру­лардың белең алуында да осының әсері барын өзіңіз айтып отырсыз. Мамандар мұны қалай түсіндіреді?

– Жалпы айтқанда, “стресс” ағзадағы жалпы реакция. Мұндай кезде бірінші кезекте жүйке жолда­ры, эндокриндік жүйе зиян шегеді. Одан кейін барып бүйрек зардап шегуі мүмкін. Өйткені, бүйрек ағзадағы қалдықтарды шыға­рып, қалыпты жағдайды қамтамасыз етуші мүше. Ол қан қысымын да реттейді. Күйзелістің әсерінен әйел­дердің де, еркектердің де жыныстық гармондар бөлу қызметі бұзылады. Нәтижесінде жас қыз-келіншектерде етеккір келуі тоқтап немесе жасы келген әйелдерде күтпеген жерден ол қайта пайда болуы ғажап емес. Қысқасы, мұндай жалпы реакция­ның соңы әртүрлі салдарға апарып соқтыруы әбден мүмкін. Еркектерде жыныстық қабілеті нашарлайды немесе белсіздікке ұшырайды. Мұ­ның бәрі түптің түбінде күйзелістік қалыпқа тәуелді қант диабетіне душар етеді. Осылайша көптеген дерттер бір-бірімен байланыста болады. Ал жан күйзелісінің тікелей бүйрекке зардабы жоқ. Зияны болуы мүмкін, егер адам ауыр жан азабына түссе немесе заңсыз жұмыстан қуы­лып, қылшылдаған қырқында неме­се елуде жұмыссыз далада қалса. Мұны айтып отырғаным, қазір компаниялар мен фирмалар жасы 50-ден асып кеткендерді жұмысқа алғысы келмейді. Осындай жанды жеген уайым адамдардың жыныстық гар­мондарының бұзылып, жүрек-қан тамырла­ры, андрологиялық немесе урологиялық ауруларға әке­ліп соқтыратынын айтып отырмын.

– Сіздер осы мәселеге орай өткен жылдың мамыр айында Кәсіби сексуалдық медицина қауымдастығын құрған едіңіздер. Бұл қауым­дастыққа мемлекетіміздің медицина саласын­дағы жетекші мамандар тартылды. Істің алға жылжитын түрі бар ма?

– Біздің бәріміздің басымызды еліміздегі еркектер мен әйелдердің репродуктивтік денсаулығы мен жыныстық мәселелеріне қатысты сауалдарға бірегей шараларды жүргізудің қажеттілігі туралы идея қосты. Қатарымызға урологтар ғана емес, эндокрино­логтар, терапевтер және осы мәселемен күнде кездесіп жүрген отбасылық дәрігерлер де тартылды. Адамдардың өмір сүру сапасын жақсартумен қатар түрлі кеселдердің алдын алу да көкейкесті мәселелердің қатарында.

– Кәдуілгі өмірде жиі кездесетін урологиялық аурулардың мәселесі біртіндеп шешіліп келе жатқан секілді...

– Бұл сауалға келетін болсақ, мәселен, несеп жолдарындағы тасты емдеу біртіндеп шешіліп келеді. Түрлі озық технологияларды енгізу арқылы несеп жолдарындағы тастарды жанаспай емдеу жолымен немесе тікелей жанасу арқылы үгіту, ағзадағы басқа ішкі мүшелерге ба­рынша зақым келтірмей, опера­циялық жолмен тікелей бүйректегі, несеп жолдарындағы тастарды алу сәтті жүзеге асырылып жатыр. Бұл операциялар кесу-тілусіз іске асады. Аталмыш әдістердің бәрі эндоско­пиялық сипатқа ие.

Заманауи тиімді емдеу әдістері еліміздің әр аймағында әрқилы жағдайда дамып жатыр. Алматы бұл мәселеде алда тұрса, одан кейін Астана келеді. Сол сияқты өндірістік саласы дамыған қалаларда, яғни Шығыс Қазақстан мен Батыс Қа­зақ­стан өңірлерінде де осы әдістер енгізіле бастады. Оңтүстік Қазақстан облысы да осы үдеріске ілесті.

Қалай болғанда да, республи­камыздың барлық аймағының тұрғындарына қазіргі заманғы емдеу әдістері мен жоғары кәсіби дәрігер­лердің көмегін алуға мүмкіндік туғызу қажет.

– Қазір жоғары білімді дәрігер­лердің 70 пайызы Алматы сияқты ірі қалаларда шоғыр­ланған. Ауылдық жерлерде соңғы кезде білікті дәрігерлердің жетіспейтіндігі туралы айтылып жүр. Урология саласында да осындай мәселе бар ма?

– Қазір урологияға көптеген жас мамандар келіп жатыр. Арасын­да аса қабілетті дәрігерлер көп. Олар Алматыда жақсы урологиялық технологияларды көреді, тәжірибе жинақтайды. Осы энтузиазммен ауылдық жерге жұмыс істеуге барса, урологқа ең керекті қарапайым цистос­коп та жоқ. Ондай құрал Алматыда да барлық ауруханаларда табыла бермейді. Сондықтан осында даярланған дәрігер осы жерде қал­ғысы келеді. Өйткені, оның алдына келген науқасқа тиісінше қарап, емдеуге мүмкіндігі бар. Халықты алдай алмайсың. Егер клиникада жақсы нәтиже­лермен науқастар емделіп жатса, қалғаны да сол кли­никаға келе бастайды. Басқа кли­никаға барса, “біз тек операциялық жолмен несеп жолдарындағы, бүйректегі тасты аламыз” дейді. Ел қазір медицинаның дамып жатқа­нынан хабардар. Пышақсыз да ағзадағы тасты ерітуге, үгітуге бола­тынын науқастар біледі. Сондықтан да ауру адамдар бүкіл урологиялық құрал-жабдықтары түгел орталық ауруханаларға келуге ұмтылады. Бұл – бірінші себеп. Мысалы, көп облыстарда урологиялық техноло­гиялары жақсы. Мәселен, Атырауда да барлық урологиялық медици­налық құрал-жабдықтары бар. Оларда да көптеген облыстардағы сияқты мамандар аз. Біздің кафедраның жастарын аймақтарға жұ­мысқа шақырып жатады. Соңғы жылдары ғана жас дәрігерлерге мем­лекет көңіл бөле бастады. Баспа­намен қамтамасыз ету мұндайда басты рөл ойнайды. Жас мамандар ауылда істе­генімен, олардың орталық қалаларға барып білі­мін, тәжірибесін көтеруге қаражат бөліне бер­мейді. Сондықтан да осыған да көңіл бөлу қажет.

– Соңғы кезде Алматы облысы, Іле ауданына сіз басқаратын урология кафедрасы арнайы барып, тұрғындар арасында зерттеу жүргізіп, көмек бергелі жатқаны туралы айтып едіңіз.

– Жыл сайын бір бригада болып 2-3 облысқа шығамыз. Бір ай не­месе екі ай бойы бір аймақта дайын­далып, күтіп отырған пациент­терге күрделі операциялар жасаймыз, жер­гілікті дәрігерлермен тәжірибе алмасамыз. 2006 жылы Орал­ға бардық. Онда жаңа уро­логия­лық корпус ашылды, заманауи урологиялық технологиялар сатып алынған. Екі аптада 50 шақты опе­рация жасадық. Оралдық урологтар да бұл операцияларға қатысты. Менің өзім облыстарға ай сайын шығамын.

– Сіз шетелдерде өтетін түрлі симпозиумдарға қатысып жүрсіз. Еліміздің урологиялық медицинасы­ның даму деңгейі қандай?

– Біз медицинасы дамыған елдерден озған жоқпыз. Бірақ, қал­ған да жоқпыз. Біз олардың дең­гейіне жақындап қалдық. Өткен жыл­дың маусым айында біздің клиникаға Германиядан 2 профес­сор, Ресейден 2 профессор шақыр­дық. Олармен бірге біздің дәрігерлер аса күрделі, ашық операциялар жасады. Онкологиялық институтта несеп жолындағы ракқа операция жүргіздік. Бір операцияны шетелдік профессор жасаса, екіншісін біздің дәрігерлер жасап отырды. Сол кезде неміс профессорлары Алматыда жасалынған мұндай операциялар Еуропада жасалынатын операция­лардан кем еместігін айтқан болатын. Бүйректегі тармақшаланып біткен ірі тастарды алдық. Оны алу өте қиын. Біз алдымен бүйректегі тастарды үгітіп барып, сонан кейін ашық операциямен аламыз. Еуро­падағы пациенттерде мұндай үлкен тастар болмайды.

– Себебі қандай?

– Өйткені, біздің ауылды жер­лерде тұратын науқастарымыз ауруы меңдеп, әбден асқынғанда келеді. “Жұмыс, бала-шаға” деп жүріп, қандастарымыз жиырма жылға дейін қаралмай жүре береді ғой. Ал медициналық сақтандыру саласы дамыған елдер мұндайға жол бермейді. Олар тастың көлемі 0,5-1 сантиметрге жеткенде-ақ алып тастайды.

– Кейде отандастарымыз шетел­дерге барып емделіп, бүйректерін ауыстырып жатады. Бізде осындай операциялар жасала ма?

– Мәселе бүйрек алмастыруда емес, ең қиыны – науқас пен идентификациялық коды сәйкес келетін донорлық бүйректі табуда. Нау­­қас пен донордың қанының, ет жа­сушаларының кодтары, яғни бүкіл ағзасы бір-біріне егіздердікі сияқты ұқсас болуы тиіс. Медицина тілінде мұны “донорлық мүшелер банкі” деп атайды. Оның дүниежү­зілік желісі бар. Ондай операциялар жасайтын ірі клиникалардың бәрін­де донорлық мүшелердің банкі жа­са­лынған. Яғни, пациет пен донор­дың бүйректері бір-біріне өте сәйкес келгенде ғана ауыстыруға болады. Мысалы, жыл сайын тек Алма­ты­ның өзінде 30-40 шақты науқасқа до­­норлық бүйрек салынады. Бізде оны алмастыратын білікті дәрігерлер бар.

 – Әңгімеңізге рахмет.



Авторы: Әңгімелескен Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат