Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-01-20:

ЕНДІ өз елімізде дағдарысқа қарсы жасалып жатқан іс-шараларға тоқталайық. Ең алдымен, олардың шет елдердегі осы залалға қарсы күресу құралдарымен сәйкестігін, ұйқастығын айтуымыз керек. Әлем елдерінің тәжірибесіне үңілсек, қаржы дағдары­сына байланысты онымен күресу шаралары мыналар:

– экономиканы, оның қауіпті салаларын қолдау мақсатымен арнайы бағдарлама алу;

– дағдарысқа қарсы қор құру, оған қаржы бөлу;

– кәсіпкерлерге салық ауыртпа­лығын жеңілдету;

– несие құнын арзандату;

– қаржы жүйесін реттеуді жетілдіру;

– жұмыссыздықпен күресу, оны болдырмау шараларын жасау.

Осы көрсетілген шаралардың бәрі біздің елімізде жасалып жатыр. Және олар жүйелі десек қателеспейміз.

Дағдарысқа бірінші болып іліккен ком­мерциялық банктерге көмектесу біз­дің елімізде 2007 жылдың күзінен бас­та­лып, 2008 жылы жалғасын тапты. Алға­шын­да бюджеттен 4 млрд. доллар, кейін Ұлт­тық қордан 10 млрд. доллар көлемін­де­гі қаржы банк жүйесі қыз­метін тұрақ­тандыру үшін жұмсалуда. Кейбір ірі банк­тердің құнды қағазда­рының 25 пайы­зына дейін мемлекет өз меншігіне сатып алуда. Қаржыгерлердің өте күмән­ді акцияларын сатып алу үшін Торығу активтер қоры құрылып, оған бюджеттен бір миллиард, жинақ­талған зейнеткерлік қорынан үш миллиард доллар көлемінде қаржы бөлу шаралары қарастырылуда.

Қаржы дағдарысынан туған қиын­дық тек банктерге емес, нақты эконо­микаға да келді. Оның даму қарқыны­ның күрт төмендегенін жоғарыда айт­тық. Эконо­ми­каның кейбір салала­ры­ның маңызы мен ерекшелігін ескеріп, Үкімет тарапы­нан оларға әртүрлі деңгейде жәрдем көрсетілуде. Шағын және орта бизнеске, ауыл шаруашы­лығына, өндіріс саласына олардың әрқайсысына 1 млрд. доллардан жәрдем көрсетілуде. Бізде ең ауыр қиын­дыққа ұшыраған құрылыс саласы, дәлі­рек айтсақ, тұрғын-үй құрылысы сек­торы болды. Дағдарысқа дейін осы сала біздің әр жылда өндірілетін ішкі жалпы өнімнің 20 пайызынан кем бермейтін, былтырғы жылы оның үлесі еселеп азайды. Уақытында салынбай, үлескер­лер тиісті пәтерлерін ала алмағандық­тан, бұл сала әлеуметтік қайшылық­тарды да ту­дырды. Оның жұмысын жандандыру мақ­сатында мемлекет Ұлттық қордан 3 млрд. доллар көлемінде қаражат бөліп отыр.

Экономикалық саясаттың кейбір маңызды бағыттары қайта қаралып, оларды жетілдіру шаралары заңдасты­рылуда. Биылғы жылдан бастап жаңа Бюджет кодексі, жаңа Салық кодексі күшіне енді. Соңғысында кәсіпкерлерге салық ауыртпалығын жеңілдететін нақты шаралар бар. Корпоративтік табыс салығы деңгейінің 2009 жылы 30 пайыздан 20 пайызға дейін, 2010 жылы – 17,5, 2011 жылы 15 пайызға, яғни 3 жыл ішінде 2 есе төмендетілетінін атап айту керек. Бұл кәсіпкерлер үшін, әсіресе корпоративтік салық төлеушілер үшін өте жақсы жеңілдік. Корпора­тивтік табыс салығын біз сияқты өте төмен деңгейде (15%) қолданып, не қолданбақ болып отырған әлем елдері бірен-саран ғана. Мамандардың есебі бойынша, тек 2009 жылда корпора­тивтік табыс салығын 30 пайыздан 20 пайызға дейін төмендету оның мемлекеттік бюджетке түсімін 300 млрд. теңгеге азайтады екен, яғни осы көлемде қаржы кәсіпкерлердің өзінде, өз бизнесіне жұмсау үшін қалады. Қосымша құн салығын 13 пайыздан 12 пайызға төмендету де кәсіпкерлердің салық жүгін жеңіл­дететіні күмәнсіз. Бұл салық түрінің біздің елде деңгейі басқа елдерден көп төмен екенін (оларда 18-20% көлемінде) айтуымыз керек. Жаңа Салық кодек­сінде шағын бизнеске, ауыл шаруа­шылығы саласындағы кәсіпкерлер­ге арнайы жеңілдеткен салық тәртіпте­месі (режім), басқа да оларға қолайлы жағдайлар қарастырыл­ған. Осы шаралар үстіміздегі жылдан бастап біздегі бизнес-ортаның нәтижелі іс-қимылына жақсы әсерін тигізе бастайды.

Экономикадағы қиындықтар ха­лықтың да тұрмыс деңгейіне теріс әсерін тигізбей қоймайды. Мұны біз әлем елдерінің тәжірибелерінен көріп отырмыз. Әлемдегі шикізатқа сұраныс­тың азайғандығынан, біздегі тау-кен кәсіпорындарының кейбіреулері жұмыс қарқынын қысқартуға мәжбүр болып және бұл жағдай жұмыссыздықтың өсуіне алып келу қаупін тудырды. Шағын және орта бизнестің ауқымы азайғандықтан, мемлекет көлемінде орташа жалақы деңгейінің біршама төмендеуі байқала бастады.

Осы жағдайлардың барлығын алдын-ала ескеріп, тиісті іс-шаралар қолданы­лып жатыр. Елбасының өткен жылғы ха­лыққа Жолдауында көрсетіл­гендей, 2009-2011 үш жылдық бюд­жетте зейнетақы, бюджет қызметкер­лерінің жалақысы, шәкіртақы, алғаш­қы екі жылдың әр­қайсысында 25 пайыз­дан, үшінші жылы – 30 пайызға, жалпы алғанда үш жылда екі есе өсу көз­деліп отыр. Аз уақыт ішінде осын­дай өте ауқымды салаларды екі есеге өсіре қолдау, көптеген елдерде, әсіресе ТМД-дағы әріптестерімізде жоқ. Ал жалпы әлеу­меттік салаға бөлінген қар­жы өткен жылғы бюджетте де, алдағы жылдардың бюджетінде де көлемі өс­песе, кеміген жоқ. Мұны біз Прези­дент жүргізіп отырған әлеуметтік сая­саттың ұшқырлығы және ел экономи­касының өскен мүмкіндігі деп білуіміз керек.

Жоғарыда айтылған іс-шаралардың елімізде жедел түрде қабылданғанын және оларды анықтау үшін Президенттің шешуші рөлін атап айтуымыз керек. Бұл нарық экономикасын жақсы түсінетін, әлем экономикасының даму бағыттарын әр уақытта да өз назарында ұстайтын мемлекеттік қайраткердің саясаты. Тек қана дағдарысты тоқтату мақсатымен, мемлекеттен экономикаға (банктер мен шаруашылық салаларына) 2,2 триллион теңгеден артық қосымша жәрдем беріліп отыр. Бұл Қазақстанның бір жылғы ішкі жал­пы өнімінің 22 пайызына пара-пар. Дағдарысқа байланысты өз елдеріндегі кә­сіпкерлерге қосымша көмек басқа ел­дер­де бізбен салыстырғанда төмен. Дә­лірек айтсақ, ол ішкі жалпы өнімнің Еуро­одақ елдерінде 1,5 пайыз, АҚШ-та – 6, Жапонияда – 9, Ресей мен Қы­тай­да – 18 пайыз деңгейінде. Осыдан-ақ біз­дегі дағдарысқа қарсы іс-шаралардың ауқымды екенін көреміз. Біз еліміздің жо­ғарыда аталған көрсеткішін қанағат­тан­ғандықпен айтып отырмыз, бірақ одан елде жиналған үлкенді-кішілі қорды осындай төтенше жағдайларға жұмсай беру керек деген қорытынды тумайды.

 

ОСЫ іс-шаралардың дер кезінде, толығымен іске асырылуы Үкімет пен жергілікті әкімдіктердің мой­нында. Олардың тарапынан өте шебер және жылдам іскерлікті талап ететін заман туды. Осыған байланысты істеліп жатқан жұмысқа сын көзімізбен қарап, кейбір ұсыныстарымызды айтайық. Ең алдымен іс-қимылдың кейбір жағдайда баяулығы, оларды терең ойластырмау сарыны байқалатынын айту керек. 2007 жылдың күзінде Президенттің шешімі­мен банк жүйесіне 4 млрд. доллар қаржы бөлінді, нақ банктерге емес, солар арқы­лы нақты экономиканы керек несиемен қамтамасыз етуге. 7-8 ай бойы осы не­сие­лер кәсіпорындарға 20-24 пайыз ба­ғамымен ұсынылды. Осындай қымбат несиені кәсіпорындардың, әсіресе шағын және орта бизнес өкілдерінің пайдалану мүмкіндігінің аздығы дұрыс есепке алын­бады. Нәтижесінде жоғарыда көрсе­тілген мерзім ішінде көмекке берілген қаржы­ның дені игерілмеді, ал шағын және орта бизнес ауқымын төмендетіп, не мүлдем жұмысын тоқтатып жатты. Кейбір өңір­лер­де олардың 70 пайызға жуығы жұмы­сын тоқтатқаны туралы ресми тұлғалар­дың өздері де мойындап отыр. Тек жағдай өте шиеленісе бастағанда ғана, яғни 2008 жылдың күзінде, Үкімет несие құнын 12,5 пайызға дейін төмендетуге шешім қабылдады. Бірақ, оған дейін ша­ғын және орта бизнестегі жағдай күрделеніп үлгерді.

Жоғарыда айтқанымыздай, 2008 жылы дағдарысқа қарсы бағдарламаға сәйкес шағын және орта бизнеске 1 млрд. дол­лар көлемінде қосымша жәрдем бөлінді. Бірақ несиенің бір бөлшегінде (Даму қоры арқылы) оның құны 12,5 пайыз, ал қалған бөлшегінде 13-14 пайыз болады деп “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры жобалап отыр. Олар осындай несие құны дұрыс, осы деңгей дағдарысқа дейін шағын және орта бизнесті ын­та­лан­дырды, сондықтан қазір де оларды осылай ынталандыруға болады деп үміт­тенеді. Біздіңше, мұндай үкілі үмітке не­гіз жоқ сияқты. Дағдарысқа дейін дамып келе жатқан, біршама қор жинаған биз­нес 13-14 пайыз несие құнын көтере алды. Ал жабылып не тұралап қалған қазіргі бизнес үшін бұл қымбат несие, сондықтан несиені әрі қарай арзандата түсірудің қажеттігі бар дер едім. Бизнеске беретін несиені арзандату маңыздылы­ғын Америка, Еуропа елдерінің ұлттық банк­терінің өздерінің пайыздық мөлшер­лемелерін (процентная ставка) қазіргі уақытта тынбай төмендетіп жатқанынан да байқауға болады. Қазақстанда әр от­басына шаққанда шағын және орта биз­неске 6-7 миллион, яғни барлық ел тұр­ғын­дарының 40-45 пайызға жуығының тікелей қатысы бар екен. Сондықтан, Президент айтқандай, экономиканың не­гіз­гі діңгегі осы шағын және орта бизнесте жатыр. Олардың жағдайын дұрыстау ша­ралары да құпия емес: салықты төмен­де­тіп, несиені арзандатып, бизнесті то­лып кеткен тексеруші мен бақылаушы ме­кемелердің алым-салы­ғынан құтқару керек.

Шағын және орта бизнесті елуден артық мекеме тексереді екен. Әрқайсы­сы­­ның бизнестен алатын алым-салығы бар­­лығын, осы жағдай өздерін титықтат­қанын бизнес өкілдері жиі айтады. Былтыр осындай тексерістерге Елбасы өз Жарлығымен тыйым салды (мораторий жариялады). Осы Жарлық өз күшін ал­дағы 2 жылға жалғастырса, аталмыш биз­несті демеуге жәрдемі мол болатыны кү­мән­сіз. Сонымен қатар, жаңадан ашы­ла­тын шағын және орта бизнес кәсіп­орын­дарына оларды 2009-2010 жылы салық­тан толық босату бұл салаға жаңа кәсіп­кер­лерді топтастырып, оның ауқы­мын кеңей­туге бірден-бір себеп болар еді. Жалпы, шағын және орта бизнестегі іскерлік ортаны түпкілікті түрде жақсарту шаралары да күн тәртібіне сұранып тұр.

Бизнестің даму жағдайы көбінесе салық жүйесіне, оның ауырлығы, не жеңілдігіне байланысты. Соңғы 4-5 жыл ішінде корпоративтік табыс салығының, қосымша құн салығының, әлеуметтік салықтың деңгейі біршама жоғары екен­дігі біздің қоғамымызда бірнеше рет ай­тыл­ды. Бірақ 2008 жылға дейін салық жүйе­сіндегі болар-болмас өзгерістер кәсіпкерлердің жүгін жеңілдете алмады. Тек өткен жылдың аяғында ғана, жоға­рыда айтқанымыздай, салық деңгейін жақсы төмендететін заң қабылданды. Бірақ бұл істің де баяулығы болғанын айтып кету керек. Президент өз Жол­дауында кәсіпкерлерге салықты азайту керектігін, тіпті оның төмендету деңгейін көрсеткеннің өзінде Үкімет пен Парла­мент жаңа Салық кодексін 9-10 айға жуық талқылап, қабылдады. Бұл қаржы дағ­дарысының біздің бойымызды жай­лап, күннен-күнге салқын әсерін күшей­тіп келе жатқан кезі еді. Осыны ескеріп Салық кодексін жылдамырақ қабылдап, оны ертерек (2008 жылдың ортасынан, тіпті болмаса төртінші тоқсанынан) іске қосқанда, бұл да бизнестің етек жайып келе жатқан дағдарыспен күресуіне бір­ден-бір жәрдемін тигізер еді. Және осын­дай мүмкіндік те бар еді, өйткені салық жүйесіне өзгерістер енгізу мәселесі қоғамда бір емес, бірнеше жыл талқыла­нып, оның басты бағыттары анықталған болатын. Оның үстіне, Президент атал­мыш Жолдауында барынша тиянақты ұсыныстар жасап еді.

Өткен күзде Ұлттық қордан банктер арқылы бизнеске берілген қаржының дені әлі оларға жеткен жоқ. Несие беру тетік­тері осы күнге дейін талқылану үс­тін­де. Үкімет пен банктер арасында ке­ліс­сөздер созылыңқырап бара жатыр. Ал бизнес үшін шапшаң қабылданған, те­геуірінді шешім керек. Әлем елдерінің қар­жы дағдарысымен күресу тәжіри­бе­сіне қарасақ, бизнесті тұрақтандыру үшін оларға деген жәрдем көлеміне ғана бай­ла­нысты емес, осы жәрдемнің өз адре­сат­тарына (жолданым иелеріне) тезірек жеткізілуіне ерекше көңіл бөлінеді.

Дағдарыс кезеңінде ең басты мәселе­лердің бірі – жұмыссыздық­пен күресу. Онымен барша әлем елдері айналысып жатыр. Жұмыссыздық қаупі біздің елі­міз­де де бар. Өйткені шы­ғарған өніміне (бас­қа елдерден) сұраныс азайғаннан кейін кейбір кәсіпорындар өз жұмысын шек­теуге немесе тоқтатуға мәжбүр болып отыр. Жұмыссыздықпен жүйелі, тия­нақ­ты күресу үшін әр өңірде жан-жақты ой­лас­­тырылған бағдарлама керек. Прези­дент тапсырмасымен оны жасауға Үкімет пен әкімдіктер кірісті. Қазір Үкімет кәсіп­орындар, кәсіподақ­тармен бірлес­іп, жұмыс­сыз қалғандардың тұрмыс деңгейі­нің тұрақтылығын сақтау мақ­сатында келісім-шарттар жасап жатыр.

Жұмыссыздықпен күресу үшін, жалпы экономиканы жандандыру үшін жол салудың маңызы өте зор. Өткен ғасырдың 30-шы жылдары Германия, 70-ші жылдары Оңтүстік Корея елдері ел эконо­микасын аяғына тұрғызып, дамы­туын осы жол салудан бастап еді. Бізде де жол (тас жол, темір жол) салудың қа­жет­тілігі мен мүмкіндігі бар. Керекті қа­ражат табыла­тын сияқты және дағ­да­рысқа қарсы алынған бағдарламада қо­мақты қаржы бөлінген. Сонымен қатар, мемлекет пен жекеменшік қосылып қи­мылдайтын серіктестік жолдарын да осы салада кеңейту мүмкіндіктері бар. Жақын жатқан екі ауылдың жолын дұрыстау үшін көп қаржының керегі болмас, оған тиянақты түрде қоғамдық жұмыстар тәсілін қолданса да жетеді. Жергілікті бас­шылар оларды жақсылап ұйымдас­тыруы керек.

Дағдарысқа қарсы мемлекеттік бағ­дар­­ламада ауыл шаруашылығына бұрын­ғы­дан да көлемді көмек қарастырылып отыр. Алдағы үш жылдың әр жылында 1 млрд. доллардан бюджеттен бөлінсе, дағдарысқа қарсы күрес бағдарламасы бойынша осы салаға тағы 1 млрд. доллар қосымша бөлініп отыр.

Үш жылда ауылға мемлекет тара­пы­нан берілетін 500 млрд. теңге олардың әр жылда шығаратын өнімінің жартысына пара-пар. Бұл қомақты жәрдем. Сондық­тан дағдарыстан көп қиналмай, тіпті осы кезеңде тынысы кеңейе даму мүмкіндігі бар бірден бір сала біздің елімізде осы ауыл шаруашылығы. Бұған өз бюджетіміз ғана емес, дүние жүзіндегі жағдайлар да көмектесуде. Әлем елдерінде азық-түлік үзбей қымбаттап келеді. Әңгіме болып отырған дағдарысқа байланысты олар­дың бағасы көп арзандай қоймас. Осы­ған байланысты біздегі азық-түліктің ба­ғамы шетелдік бағамға жақындады, тіпті теңесті деп айтуға да болады. Басқаша айтсақ, ауыл экономикасының бәсекеге қабілет­тілігі жоғарылады. Бұл бізден шыққан өнімдердің әлем елдеріндегі сұра­нысын күшейтеді. Осыны ескеріп жоғарыда көрсетілген мол қаржыны Үкі­мет егін, мал, көкөніс түсімдерін көбірек өндіруге, ауыл экономикасын жаңа техника, технологиямен жарақтандыру үшін бөліп отыр. Осы қаржыларды өте тиімді пайдаланудың маңызы зор.

Дегенмен, осы саланың да баяу дамуы байқалады. Тек мемлекет бөлген қаржы­мен бірнеше ет, сүт өндіретін орталықтар, көкөніс жылыжайлары салы­нып жатыр. Бірақ ауыл эконо­ми­ка­сы жаппай жеке­мен­шіктің қолында, ал ауыл кәсіпкерлері өз қаржыларын шы­ға­рып, осындай іске белсенді кіріскен жоқ. Ауылдағы шаруаның малының түсімін орта жолдағы делдалдарға талат­пай, әрбір аудан көле­мінде аудандық тұтынушылар коопера­тивін құрудың маңызы зор. Бірақ осындай коопера­тив­тер өте аз, жергілікті басқару жүйесі осы­ған селқостық көрсетіп отыр. Ауылда ша­руашылық кәсіпорын­дарын іріленді­ріп, фермерлер қауымдас­тығын шоғыр­лан­дырудың маңызды екенін Елбасы өзінің халыққа Жолдауын­да бірнеше рет атап өтті. Өте дұрыс көтерілген мәселе, мына сайын далада жеке фермерлер көп­теген қиыншылыққа тірелуде. Сондық­тан ауыл шаруашылығын ірілендіру күн тәртібіне сұранып-ақ тұр. Оны іске асы­ру үшін осы ірілендіруді реттеудің, ша­руа­ларды ынталандырудың жаңа тәсіл­дерін іздестіру керек. Үкімет тарапынан да, жергілікті басқару мекеме­лерінен де осы салада айтарлықтай белсенділік көрінбейді. Жалпы ауылдағы іскерлік ортаның белсенділігін арттыра­тын шара­ларды іздестіруіміз керек. Реформалар­дың алғашқы жылдарындағы ізденістер, өзгерістер серпіні қазір ауыл төңірегінде онша байқала қоймайды. Бұл барша­мызды ойландыратын жағдай.

 

ДАҒДАРЫСТАН шығудың да, тұрақты дамудың да өзекті  мәселесі – экономиканы әртарап­тан­дыру. Осыны көздеген Индустрия­лық-инно­вация­лық стратегияны алған бес жыл ішінде әртараптандырудың құқықтық-нормативтік базасы жасалды, даму институттары құрылып, оларға мо­лы­нан қаржы бөлінді. Жер-жерде ақ­па­рат­тық технология, басқа да техно­пар­к­тер, венчурлық қорлар, бизнес-инкубаторлар құрылып жатыр. Аталмыш Стратегия алғашқы жылдары өте баяу жылжыды. Тек 2008 жылы “30 корпора­тивтік көшбасшы” бағдарламасына сәйкес жаңа кәсіпорындар іске қосылып, жағдай түзеле бастады. Өткен жылғы шетелдік инвесторлар кеңесінде жұмысқа керек материал мен техниканың денін қазақстандық кәсіпорындардан сатып алу керек деп Президент Н.Назарбаев жа­саған ұсыныс экономиканы әртарап­тан­дыруға жаңа серпін беретіні сөзсіз. Бізде істейтін шетелдік компаниялар қазақстандық кәсіпорындардан жылына орта есеппен 20-25 млрд. долларға керек заттарын сатып алуға мүмкіндіктер бар.

Шетелдік әріптестеріміздің айтуы бойын­ша, қазақстандық кәсіпорында­р­мен байланысты жақсарту үшін соң­ғылардың іс-жоспарлары ұзақ мерзімге жасалуы, барынша жариялы болуы керек. Қазақстанда шығарылған тауар­ларды ішіміздегі шетелдік компанияларға тен­дерсіз сатуды, осы істі ынталандыра­тын бас­қа да мәселелер тиісті шешімін табу керек.

Жалпылай айтсақ, әртараптандыру, әсіресе өңдеуші саланы, тек қана өндіріс­те емес, ауыл өнімдерін де өңдеуші сала­ны барынша дамыту тек бүгінгі дағдарыс­қа ғана емес, болуы мүмкін басқа дағда­рыс­­қа тосқауыл қоюдың бірден-бір амалы.

Барлық көңілді дағдарыстан шығу шараларына бөліп, біздің ұзақ экономи­ка­­лық дамуыңыздың кейбір мәселелері назардан тыс қалу қаупі бар. Мысалы, әкім­шілік реформасы, оның барысы. Осы саладағы реформалар туралы тиісті шешім қабылданғанына үшінші жыл болып барады. Бірақ басқару жүйесін елеу­лі түрде жақсартатын, оны ықшам­дай­тын, сөйтіп әлеуметтік-экономика са­лалары­ның дамуына жақсы әсерін тигі­зе­тін іс-шаралар әлі тиісті дәрежеде қол­ға алын­бай отыр. Соңғы уақытта көп­те­ген хол­динг­­тер құрылды. Олар мен ми­нистр­ліктердің істейтін істерінің ара-жігі әлі нақты түрде анықталған жоқ. Мы­салы, бүгінгі таңда құрылыс саласының да­му бағыттарын анықтауды, оларға бө­лінген қаржыны, несие беру тетіктерін анық­тауды “Самұрық-Қазына” әл-ауқат қоры өз қолына алды. Біз мұны теріске шы­­ғармаймыз, дегенмен құрамында ар­найы құрылыс комитеті бар Индустрия және сауда министрлігінің аталмыш са­ла­дағы міндеті қандай болу керек? Ке­зінде Ин­дустриялық-инновациялық стра­тегияны орындау үшін арнайы даму институттары құрылып, оларға тиісті қар­жы бөлінді. Қазір олар “Самұрық-Қа­зына” ұлттық әл-ауқат қорының қара­ма­ғында, ал атал­мыш Стратегияны жүр­гі­зуге Индустрия және сауда минис­трлігі жауапты. Бұл да қайшылықтарды тудыр­май ма? Осындай сұрақтар Ауыл шаруа­шылығы министр­лігі мен “Қазагро” холдингінің, Білім және ғылым министр­лігі мен “Парасат” холдингінің, тағы басқалардың да істей­тін жұмыстарының ара-жігін анықтау төңірегінде де туады.

Қай мемлекетте болмасын шаруашы­лықтың жекелендірген саласын басқара­тын бірден-бір орган – министрліктер. Олар мамандандырылған, осы саланың техникалық, технологиялық, экономи­калық ерекшелігін жетік білетін маман­дармен жасақталған басқару жүйелері. Осындай министрліктер бізде де бар. Және аз да емес, құрамында екі-үш (кей­бі­реуінде одан да көп) комитет, оншақ­ты департаменті бар, қызметкерлерінде де таршылық жоқ мекемелер. Бірақ соңғы кездерде осы министрліктердің жауап­кер­шілігі мен міндеті төмендеп кет­кені сезіледі, өйткені бюджеттен бөлін­ген қаржының әкімшісі (администратор) болғандарымен, оларды толығымен және тиімді игеруге тиісті дәрежеде ықпалы жоқ. Денсаулық сақтау, Білім және ғы­лым министрліктеріне бөлінген бюджет қа­ра­жаты трансферт ретінде облыс әкім­дік­теріне (олардың аталмыш салалардағы департаменттеріне) аударылады. Бюджет бекіткен жобаны орындаушыларды тендер арқылы сараптау, оларды қар­жы­ландыру, істелген жұмыстың көлемі мен сапасын қадағалау осы департа­мент­тердің міндеті. Тікелей облыс әкімдігіне бағынғаннан кейін, олардың жұмысына министрлік­тердің ықпалы шектеулі. Нә­ти­жесінде бюджетті орындаудан туатын міндеттің бір-біріне бағынбайтын екі мекемеге бөлінуі олардың жауапкер­ші­лі­гін төмен­детуде. Жылдан-жылға респуб­ли­калық бюджетте қарастырылған қар­жы­ның едәуір бөлшегінің игерілмей қа­луы­ның себептерінің бірі осында. Бюд­жет орын­далмай, министрліктер мен әкім­діктер оның себебін бір-біріне сіл­теуі де осындай жағдайдан туады. Өкі­нішке қа­рай, әкімшілік реформа бары­сын­да осын­дай қайшылықтар (олар жо­ға­рыда аталған екеуінің ғана емес, басқа министрлік­тердің де басында бар) әлі күн­ге дейін дұрыс шешімін таба алмай отыр.

Әрбір салада ұлттық компаниялар құрылды (ҚазМұнайГаз, КЕГОК, ҚТЖ, т.б.). Бірақ бұлардың бір де біреуі ма­ман­дандырылған министрліктердің құрамы­на кірмейді. Бұрын бұлар “Самұрық” холдингінің құрамында болатын. Қазір “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорының құрамында. Бір салада жұмыс істейтін министрлік пен ұлттық компа­нияның бір-бірімен тікелей байланысы жоқтығы да осы саладағы мәселелерді дер кезінде шешу мүмкінді­гіне теріс әсе­рін тигізуі мүмкін.

Басқару жүйесінің дербес деңгейлері (этажи управления) неғұрлым аз болса, соғұрлым жоғарыда алынған шешім тө­мендегі орындаушыға тезірек жетеді деген қағида оқулықтарда да, шетел компания­ларының тәжірибесінде де бар. Бізде экономиканы басқару саты­лары ең кемі бесеу (Үкімет-министрлік-оның комитеті-ұлттық компания-кәсіпорын), ал “Са­мұрық-Қазына” ұлттық қорын, әлеумет­тік-кәсіпкерлік корпорацияларды қоссақ, алты, тіпті жетіге дейін барады. Үкіметте қа­был­дан­ған шешім орындау­шыға жет­кенін­ше қаншама ұзақ жол жүретінін осыдан-ақ бай­қауға болады және оның жедел орын­далмайтын себептерінің бірі де осыдан.

Біздер холдингтерді ұлттық компа­ния­лардың құндылығын өсіру және корпоративті басқару жүйесін жетілдіру үшін құрдық. Корпоративтік басқару жүйесі біртіндеп жақсарып келеді. Дағ­дарыстың алдындағы жылдарда бірнеше қазақстандық банктер мен компаниялар өздерінің акцияларын халықаралық рынокқа шығарды. Бұл олардың басқару жүйесінің жақсаруына әсерін тигізді. Корпоративтік басқару кодексін қабыл­дау, оның талабына сәйкес жұмыс істеп жат­қан компания­лар да баршылық. Де­ген­мен, респуб­ликада корпоративтік бас­қару жүйесінде әлі дұрыс ойласты­рыл­маған күр­делі мәселелер орын алып отыр. Кор­пора­тивтік жүйенің жоғары талаптарына сай келетін компаниялар аз. Оны құнды қағаздар биржасының біздің елде жақсы дәрежеде дамымай отыр­ға­нынан-ақ байқауға болады. Қазір де, ке­лешекте де бизнеске керек қаржыны сырт­тан емес, өз ішімізден, компания­лары­мыздың құн­ды қағаздарын биржаға шығарып сату арқылы табу қажеттігі өсе бастай­ды. Сондықтан да корпоративтік басқа­ру жүйесін барынша жетілдірудің маңызы зор.

Компаниялардың стратегиялық даму бағыттарын анықтау үшін дирек­торлар кеңесі барлық компанияларда құрылған. Қазақстан Үкіметі осы дирек­торлар кеңе­с­ін барынша өз өкілдерімен, дәлірек айтсақ экономика саласындағы ұжым­дар­дың бірінші басшыларынан құрап отыр. Кеңестің құрамына кіретін тәуелсіз директорлардың саны аз және Үкімет ұсынғаннан кейін олар Үкімет ықпа­лы­нан толық тәуелсіз деп айту қиын. Сон­дықтан директорлар кеңесі­нің шешім­дерінің дұрыстығын, ол шешімдердің компания мен жалпы экономика мүдделес­­тігін қамтамасыз ететін тетік, немесе жағдай қалыптас­паған. Нақты тежеу тетігі болмаған­дықтан, компания­лардың директорлар кеңесінің шешімдері ылғи тиімді болып отыр деп айту қиын. Осын­дай жағдайды ескеріп, Ресей Федерациясы өздерінің ұлттық ком­пания­ларының директорлар кеңесіне кіретін әртүрлі басшыларды шынайы тәуелсіз кеңес мүшелерімен ауыстыруда. Шетелдік тәжірибе де осындай.

Әлем деңгейіндегі корпоративтік ко­декстің компанияларға тағы бір талабы – олардың іс-қимылының, қаржы көр­сеткіштерінің (табысы мен шығынының) жариялылығы. Әсіресе, қазіргі қаржы дағ­­дарысына байланысты жариялылық­тың маңыздылығын әлем­дегі сарапшы­лардың бәрі де айтады. Осындай талап қаржы есебін шығару­дың халықаралық стан­дартында топтал­ған (МСФО – между­народ­ные стандар­ты финансовой отчетности). Дүние жүзіндегі, әсіресе дамыған елдердің компаниялары қаржы-шаруашылық есептерін осы стандартқа сәйкес жасайды. Компаниялардың кор­поратив­тік табысын һәм шығынын, жалпы олардың іс-қимылын растайтын стандарт осы. Жариялылық жемқорлық­қа, көлеңкелі экономикаға тосқауыл қоя­тын тәсілдердің бірі. Нарық эконо­ми­касын уағыздаған ел осы стандартқа көшуі керек, не оған сәйкес ұлттық стан­дартты жасап, қабылдауы керек. Біздің елде осы стандартқа көшу дайын­дығы біршама қолға алынып, қаржы бөлініп еді. Бірақ осы қаржы қалай игерілді, дайындық дәрежесі қалай, елімізде қанша компания стандартқа сәйкес өзінің есеп-қисабын шығарып, жариялап жатыр? Осылар туралы толық мәлімет жоқ. Осы бір маңызды іс те түбегейлі орындалмай жатқан сыңайы көрінеді.

Нарық экономикасының осындай, кейбір басқа да талаптары мен тетіктері елімізде әлі дұрыс, толығымен қолда­ныл­май жатқанын айтуымыз керек. Нарыққа көшу тек мүлікті жекешелен­діріп, бағаны босатып, шет елдермен еркін саудаға шық­қанмен бітпейді. Оның әр кәсіп­орын үшін, әр шаруашы­лық саласы үшін, басқару жүйесінің әр тармақтары үшін, олардың жұмысының тиімділігін қамтамасыз ететін тетік-талаптары бар. Оларды жүйелі түрде және толығымен игер­мей, нарық экономикасы біз күткен жетістіктерге, тиімділікке әкеледі деу қиын.

Осыған байланысты іскерлік ортада, жалпы экономика саласында да деп айтуға да болады, қалыптасқан кейбір ке­лең­сіз көзқарасқа, психологиялық фак­торларға тоқталмауға болмайды. Дағ­дарысқа дейін 7-8 жыл біздің эко­номи­камыз қарқындап өсті деп жоғары­д­а айт­тық. Оның басты себебі, біздің тауарла­рымыздың әлем деңгейіндегі сұранысы мен бағасы тынбай өсуінде болды. Осы­ның арқасында кәсіпкер­лерде, бизнес басшыларында, жоғары дәрежелі менед­жерлерде барынша қолайлы жағдайда (ақшадан таршылық жоқ, шаруашылық жақсы дамып келеді) жұмыс істеуге дағ­дыланған психология қалыптасты. Осындай психология басқару жүйесіндегі азаматтарға да әсерін тигізбей қойған жоқ. Жеңіл іс, жедел табыс көбіміздің басымызды айналдыра бастады.

Нәтижесінде үлкенді-кішілі шешім­дер (жобалар) терең, жан-жақты ойлас­тырылмай, жеңіл-желпі, атүсті қабыл­данатын болды. Ең қиыны, бастаған істі аяқтауға табандылық азайды. Нарық экономикасының күнде көзге көрінбей­тін, бірақ өзінің маңыздылығы жоғары тетіктері толық игерілмей және оның талаптары, жоғарыда көрсеткендей, толық орындалмағандығы байқалады.

Мен осы пікірді қазір, ел эконо­микасы қиыншылыққа тірелген сәтте айтуды жөн көріп отырмын. Өйткені дағдарыстан шығу, тұрақты даму жолына түсу тек қаржыға ғана емес, нарық экономикасының тетіктерін толығымен игеріп, оның мүмкіншілігін толығымен пай­далануға байланысты. Сонымен қа­тар, менеджмент, іскерлік ортаның пси­хо­ло­гия­сын өзгертудің, дұрыс бағытқа бұ­ру­­дың да маңызы зор. Нарық эконо­ми­касы табанды да, белсенді іс-қимылдың әлемі. Алдағы алатын асуларымыздың деңгейі осыған дайындығымызға байланысты.

Елбасы ұсынып отырған саясат өте сындарлы, заманымыздың нағыз өктем, жоғары талаптарына жауап бере алатын саясат. Оны орындау үшін терең түсінуі­міз және үзбей ізденіс, табанды жұмыс, ынта-жігер, қайрат пен пәр­менділік көрсетуіміз керек. Сындарлы саясат баяулық пен селқостықты көтермейді.



Авторы: Кенжеғали САҒАДИЕВ, академик, Парламент Мәжілісінің депутаты.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат