Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-01-30:

 

ЭКОНОМИКАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУДІҢ

ЖАҺАНДЫҚ ЖОЛЫ

 

 

 

Соңғы жылдары жаһандану үр­дісінің символына айналған БЭФ-ке Елбасы алғаш рет 1992 жылы қа­тысқан болатын. Содан бергі өт­кен жылдар ішінде дүниежүзілік озық ой мен тың тәжірибелер тұ­ғырына айнал­ған Давос форумына Қазақстан Рес­публикасының Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев сегізінші рет қатысып отыр. Қа­зақ­­станды қара нардай қажымай өркениет өріне сүйреп келе жатқан  тұңғыш Президенті­міз­дің ондағы мақсаты — елімізді әлем­ге таныту, дамыған елдердің тә­жі­ри­бесінен тәлім алу, жаһандық озық ойлар тоқайласқан сахнада ізба­сарларын шыңдау, экономи­ка­мыз­ды қатал бәсеке­лес­тікке бейімдеу.

Бүгінде БЭФ-те көтерілетін мә­селелер ауқымы тек экономикалық шеңберде ғана шектелмейді. “Давос апталығында” мемлекет қайраткер­ле­рінің қатысуымен қазіргі заман­ның көкейкесті оқиғаларына, әлем­дік бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға, халықаралық қақтығыс­тар­ды реттеуге, дағдарыстан шығу жол­дарын және экономиканың даму болашағын айқындауға қа­тыс­ты мәселелер бойынша 300-ге жуық пленарлық мәжілістер, дөң­ге­лек үстелдер, мемлекет басшы­лары­ның жоғары дәрежелі кездесу­лері өткізіледі.

Форум шежіресіне назар салар болсақ, оған Женева университеті­нің профессоры Клаус Швабтың еуропалық бизнестің  әлемдік рынокта туындап жататын күрделі проблемаларын шешуге арналған стратегиялық мақсатын келісу үшін шағын курортты қала Давоста еуро­палық компаниялар басшылары­ның бейресми кездесуін өткізу жө­нін­дегі бастамасы негіз болған. Ал­ғашқы конференция 1971 жылы қаң­тарда Давоста Еуропа қауым­дас­тықтары комиссиясының қам­қор­лығымен өтті. Содан бері мұн­дай кездесулерді өткізу дәстүрге ай­налды. 1976 жылы форумға тұрақты мүшелік тәртібі енгізіліп, оның саммиттер жүйесіне Араб әлемі мен Латын Америкасы қосылды. 1982 жылдан бері Давос кездесулеріне саяси лидерлер мен халықаралық  ұйымдардың жетекшілері де қа­ты­сатын болды. 1987 жылдан бері ол әлемдегі аса маңызды басқосу дә­режесіндегі Бүкіләлемдік эко­но­микалық  форумға айналды. Осы қырық жылға тарта уақыт ішінде БЭФ жыл сайын дәстүлі түрде Давоста өткізіліп келеді. Тек 2001 жылы 11 қыркүйекте болған тер­рор­лық оқиғадан кейін АҚШ-пен ынтымақтастық ниетті білдіру үшін 2002 жылы Нью-Йорк қаласында өткізілді.

Давос кеңесінен басқа соңғы жыл­дары БЭФ-тің аймақтық сам­миттерін өткізу дәстүрі қалыпта­сып келеді. Оған Еуропалық экономи­калық форум (Зальцбург, Варшава), Таяу Шығыс және Солтүстік Африка проблемалары­на арналған БЭФ, 2005 жылы ОАР-да өткізілген Африкаға ар­нал­ған БЭФ және бас­қаларын жат­қызуға болады.

БЭФ өзінің басты мақсаты әлем­дік лидерлердің жаһандық проб­лемаларды шешуге бағыт­тал­ған ынтымақтастық аясын қамта­ма­сыз ету, кәсіпкерлік ережелерін жетілдіру, жаһандық қоғамдық мүд­делерді тоқайластыру деп санайды. Бүгінде БЭФ-ке дүние жүзінің әртүрлі елдерінен 1000-ға тарта ұй­ымдар мен ірі компа­ниялар мүше болып табылады. Тұрақты атқару­шы органы – Директорлар кеңесі. БЭФ-тің бас­шылық жасаушы органы Құрыл­тайшылар кеңесі болып табылады. Оның тұрақты президенті – Клаус Шваб.

Биылғы Давос форумы Бүкіл­әлем­дік экономикалық форум та­рихындағы ең маңызды да өте ау­қымды басқосу болмақ. Себебі, жа­һанды жалпағынан жайлаған қар­жы дағдарысы жағдайында халық­ара­лық экономика мәселелері тым көкейкесті сипатқа ие болып отыр. Қаржы дағдарысының дүние жүзі­нің  экономикасына тигізген зар­дап­тары және алдағы уақытта бола­тын беймәлім салдарлары әлемнің озық ойлы өкілдерін ерекше алаң­датуда. Сондықтан да болар жаһан­дық дағдарыс талқыға түсер биыл­ғы форумға бизнес әлемінің 1600-ге тарта өкілдері және 18 мемле­кет­тің президенттері мен 22 елдің үкі­мет басшылары, сонымен бірге БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун бас­таған 8 беделді халықаралық ұйым­дардың жетекшілері қатысып отыр.

Тәуелсіздік алған жылдар ішін­де тұңғыш Президентіміздің жүр­гіз­ген сара саясаты мен экономика­лық реформалары Қазақстанды әлемдік өркениет үрдісінің құрам­дас бөлігіне айналдырды. Елбасы жиі атап көрсетіп келе жатқандай, бүгінде еліміздің экономикасы жа­һандық құбылыстардан сырт тұр­мақ емес. АҚШ-та орын алған ипо­текалық дағдарыстың алғашқы толқынының біздің еліміздің қар­жы саласына салқынын тигізуі де сондықтан. Елбасының тікелей тап­сырмасымен алғашқылардың қа­тарында  елімізде шұғыл қолға алынған дағдарысқа қарсы шаралар жоспары іс жүзіне асырыла бас­та­ды. Енді планетамыздың барлық құр­лығын шарпыған қаржы дағда­ры­сының сабақтары бойынша тә­жірибе алмасатын сәт келді. Сон­дық­тан да Елбасы барлық қауырт шаруаларын жиып қойып, бүгін Давос форумына келіп отыр. Фо­рум­ның бірінші күні-ақ Елбасы ал­ғашқы маңызды кездесулерін бас­тап кетті.

Давос форумының жұмысы күн­дерінде Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаев екі сессияның жұмы­сына қатысады. Оның алғашқысы іскер топтар өкілдерімен интер­ак­тивті пікір алмасу мүмкін­дік­тері бойынша өтетін Қазақстанға арналған іскерлік байланыстар жөніндегі арнайы сессия болса, екіншісі “Мұ­най және газ гео­сая­саты жөнін­дегі энергетикалық саммит”.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастап келген Қазақстан делегация­сының Давостағы жұмыс кестесі жемісті жалғасуда. Міне, соңғы 17 жылдан бері Давос форумы Қазақ­стан экономикасы дамуының жаңа серпін алатын мәре алаңына айнал­ды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін-ақ Давос форумы жұмысына қызығушылық танытты. Елбасы ал­ғаш рет Бүкіләлемдік экономика­лық форум жұмысына 1992 жылы қатысып, ТМД-ға қатысты өткен халықаралық сессияда сөз сөйлеген болатын. Мемлекет басшысы бұдан кейін де Давос форумына бірнеше рет қаты­сып, көптеген екіжақты кез­десулер өткізді. Форум прези­ден­ті Клаус Швабпен де мазұнды кез­десулер өт­кізіп, соның нәти­же­сінде Алма­тыда “Кіші Давос” фо­ру­мын өт­кі­зу­ді дәстүрге айнал­дыр­ды. Қазақ­станның және Елбасы­ның эконо­ми­калық тың бастама­ла­рын әлем жұртшылығына танытқан Давос форумына Қазақстан Пре­зиденті бұл жолы жаһандық қаржы дағда­рысынан шығу жолын іздеп, шарқ ұрған әлемдік әріптестеріне тың ойлар мен жаңа бастамалар алып келді. Бұл жолы Елбасы дү­ние жүзі­нің озық ойлы маман­дары­мен дағдарысқа қарсы жасалған қазақ­стандық іс-тәжірибелермен бөлі­сетін болады.

Сол күні кешке жергілікті уақыт бойынша 18.30-да Президент Нұр­сұлтан Назарбаев Бүкіләлемдік экономикалық форумның ашылуы­на арналған пленарлық отырысқа қатысты. Алғашқы отырысты БЭФ-тің тұрақты президенті және ат­қа­рушы директоры Клаус Шваб ашты. Ол өз сөзінде жаһандық қар­жы дағдарысына байланысты әлем экономикасы тап болған қиын­дық­тарға, экономикалық қатынас­тар­дың мүмкіндіктерін кеңейте оты­рып, әлемдік эконо­миканы қайта құру, дағдарыстан кейінгі кезеңдегі экономикалық ахуал мен бизнестің этикалық нор­маларын жетілдіру мәселелері­не тоқталды.

Бұдан кейін алғашқы пленар­лық отырыста Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы В.Путин мен Швейцария конфедерациясының президенті Х.Мерц сөйледі.

Отырыстан кейін Елбасы БЭФ-тің атқарушы төрағасы мен дирек­торлар кеңесі атынан мем­лекет және үкімет басшыларына берілген қонақасыға, Ресей Үкі­метінің бас­шысы В.Путиннің фо­румға қа­ты­сушы ел басшыларын және Давос форумына қатысушы іскер орта өкілдерін шақырған ар­найы қабыл­дауына қатысып, пікір алмасты.

Форум жұмысының барысында байқалғанындай, бұл жолғы барлық кездесулер мен кеңейтілген оты­рыс­тар бүгінгі таңда әлем жұрт­шы­лығын толғандырып отырған жа­һандық дағдарысқа арналады. Бұл дағдарыстан әлемдік экономика қандай өзгеріске ұшырайды, қиындықтан қалай тез әрі аз шығын­дармен шығуға болады, дағдарыс­тан кейінгі экономиканың дамуы қандай сценариймен жалғасады? Міне, нақ осы өзекті мәселелер фо­рум күн тәртібінің негізгі арқауы болып отыр.

Бұл ретте сарапшылар алға тарт­қан төрт болжам қарас­ты­ры­лу­да. Оның бірі шектеулі песси­мис­тік бағыт. Ол бойынша әлем АҚШ бастаған мемлекеттер альян­сы, Еуроаймақ, Қытай бастаған Шығыс елдері атты үш блокқа бө­лін­ген. Бұл бағыт бойынша бола­шақта доллар мен еуроны тұрақ­сыз­дандырып, экономикада өз үс­темдігін жүргізетін Қытай бастаған Шығыс елдеріне басымдық бе­ріл­ген. Бұл елдердің экономиканы дамытудағы негізгі тұғырлары – туризм мен энергетиканың қуат көздері болмақ. Келесі шектеулі оп­тимистик бағыт Батыстың да­мы­ғ­ан елдері қаржы жүйесін ре­формалаудың тиімді жолын тауып, қар­жыны тұрақтандыру үшін халық­аралық қаржы қорын құрып, жиһандық қаржы дағдарысының одан әрі тереңдеуіне жол бермейді. Одан кейінгі бағыт әрбір мемлекет өзінше қам жасап, өз күнін өзі көріп, әлем тұйықталған сансыз экономикалық аймақтарға бөлініп кетеді. Бұл жолда да шешуші орын­ға энергиялық қуат көздері қой­ылғ­ан. Төртінші бағыт – әлем ел­дері жұдырықтай жұмылып, жаһан­дық дағдарысқа бірлесе қарсы тұрады.

Осы бағыттардың қайсысы ба­сым­дық алса да Қазақстан экономика­сына төнетін үлкен қауіп жоқ. Біз Батыстың да, Шығыстың да да­муынан зиян шекпейміз. Ал энер­гиялық қуат көздеріне деген сұра­ныс артатын болса, біз үшін нұр үс­тіне нұр. Сондай-ақ әлем елде­рі­нің барынша интеграциялануына да Қазақстан әрқашан қарсы болып көрген жоқ. Керісінше, еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңінде тұңғыш Президентіміз оқшауланбау саясатын үнемі батыл жүргізіп келеді. Давос форумында өткен екіжақты кездесулерде де Елбасы сол саясатынан тайған жоқ.

Елбасы Давос форумындағы екінші күнін әлемнің жетекші ком­панияларының басшыларымен арнайы кездесулер өткізуден бас­тады. Оған “Тоталь” (Франция) компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Тиерри Десмарест, “Коч холдинг” (Түркия) компаниясының бас атқарушы директоры Булент Бул­гурлу, “Сорос фонд менед­жмент” компаниясының төрағасы Джордж Сорос, “Ар ДаблЮИ” (Гер­­мания) компаниясының пре­зиденті Юрген Гробман, “Си­Эйч2ЭМ Хилл” (АҚШ) компания­лар тобы­ның президенті Лии Ма­кинтайр және басқа да дүние жү­зінің 30-ға тарта компанияларының басшы­лары қатысты.

Сонымен бірге Президент Нұр­сұлтан Назарбаев осы форум бары­сында Ұлыбритания ханзадасы Эн­дрю, Израиль мемле­ке­тінің прези­денті Ш.Перес, Түрік Республика­сы­ның Премьер-ми­нистрі Р.Эрдо­ған және Еуропа даму банкінің пре­зиденті Г.Мировпен кезде­сіп, онда екіжақты қарым-қатынастар туралы кеңінен әңгіме қозғалды.



Авторы: Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ – Давостан. Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат