Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-02-07:

“ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҰЛТ”: ИДЕЯ ЖӘНЕ АҚИҚАТ

 

1994 жылы жас кәсіпкерлер көтерген “қазақ­стан­дық ұлт” идеясы елімізді оқтын-оқтын дүрлік­тіріп, пікірталас туғызып келеді. Бір топ қазақ ин­тел­лигенциясының паспорт ауыстыруға байланыс­ты үндеуінде “қазақстандық ұлт” идеясы бірте-бірте біздің сан ғасырлық ата-баба рухымен байла­ны­сымызды, тілімізді, рухани құндылықтарымыз­ды жойып, жаңа космополиттік болашақ қалып­тастыратыны ешкімге құпия емес делінген. “Қа­зақ­стандық ұлт” идеясы 2030 жылға дейінгі стра­тегиялық жоспарға енгізілуіне байланысты қазақ ұлтының тарихтан жойылуы мемлекеттік саясатқа айналды, ал ұлтын көрсетпейтін жаңа төлқұжат сол бағыттағы басты қадам деп есептелінді.

Үкімет ұлтын көрсетпейтін паспорт беруге дереу тыйым салды. Әділдік жеңді, бірақ көптеген сауалдар жауапсыз қалды. Қоғамдық пікір әр­алуан. Оны шартты түрде төрт топқа бөлуге болар.

Бірінші топ жағдай күрделі, “қазақстандық ұлт” идеясы қазақтарды мемлекет құрушы ұлт мәр­тебесінен айырады деп есептейді. “Сан ғасыр­лық ата-баба рухының, тіліміздің, дініміздің, ұлт­тық мәдениетіміздің тамырына балта шабылды”, – делінді жаңа паспортқа байланысты үндеуде. Үндеудің мәтінін қолдамағанмен, паспортқа бай­ла­нысты қарсылықты біз де сұхбаттарымызда құп­тадық, себебі Конституция бойынша ұлтын көрсе­ту не көрсетпеу азаматтың өз құқы. Дегенмен боль­шевизмнің ұлтсыздану саясатынан жапа шек­кен, жарақат алған Қазақ елінің басшылығы енді өзі өз қолымен өз тілін, мәдениетін тұншықтыруға бет алды деуге сену мүмкін емес.

Екінші топ жағдайдың күрделі екені рас, бірақ елді дүрліктіруге негіз жоқ дейді. Сан ғасырлық рухани құндылықтар паспортта ұлтымыз көрсетілмегендіктен бір сәтте жой­ыл­майтыны белгілі, себебі рухтың тамыры тереңде. Шетелдік қазақтардың арасында паспортында ұлты көрсетілмесе де рухы биік азаматтар баршылық деген уәжге тоқтайды.

Ал біздің паспортымызға ұлтымызды ен­гізу жай ғана сөз емес, оның астарында ұлтты таңдау, терең психологиялық толғаныс жа­тыр. Сонда да елді дүрліктіру онсыз да тіл, мә­дениет, әлеуметтік мәселелерге алаңдап отыр­ған қазақ қауымын үрейлендіріп, шие­леніске итермелейді. Ал “қазақстандық ұлт” идеясы әлі де терең саралайтын мәселе деп есептейді олар.

Үшінші топ жағдай қалыпты, тіпті алаң­дау­ға негіз жоқ, тоталитаризм заманымен салыстырсақ, ахуал жер мен көктей, бізге тек байсалдылық керек дейді.

Төртіншілер билік те, байлық та қазақтың қолында, демократия этнократияға айналып, қазақ ұлтшылдығы басым болып барады дейді. Бұл пікір диаспора өкілдерінің арасынан жиі естіледі. Олар­ға сырттан дем берушілер де көп. “Қазақстандық ұлт” мәселесінен ешқандай қауіп-қатер жоқ де­генді алға тартады.

 Осы ой-пікірлердің әрқайсысының астарында шындық жатыр, сонымен бірге “қазақстандық ұлт” идеясы төңірегінде жаңылыс пікір, түсініс­пеу­шіліктер де жоқ емес. “Бір ел – бір ұлт” идея­сын ұстанатын елдер әлемде баршылық, олардың тәжірибесі де ойланарлық. Сондықтан, “қазақ­стан­дық ұлт” идеясына ғылыми және әлемдік тәжі­рибе тұрғысынан біз де пікір алмасу ретінде ойымызды ортаға салуды мақұл көрдік.

Этнос және ұлт

Ұлттық фактордың әлемде және жеке мемле­кет­­терде ұдайы өсуі түрліше, оның ішінде ниги­лис­тік ағымдардың пайда болуына, таралуына се­беп болды. Кейбір ғалымдар ұлттық қауымдастық­тар­дың ақиқаттығына күмән келтіріп, оны адам­дардың санасындағы жалған ұстаным деп, аңызға саятындар көбейді. Мәселе ұлт сияқты ұғымның төңірегінде көп жылдар бойы созылып келе жат­қан пікірталасты жалғастыруда емес. Мәселе осы ұғымға көзқараста және одан туатын нақты саяси ұстанымдарда болып отыр.

Бүгінгі әлеуметтік ғылымда ұлт ұғымы екі жақты мағынада пайдаланылады:

а) әлеуметтік теория қоғамды таптық, топтық, кәсіби жіктермен бірге этностық кауымдастықтар мен этностық топтарға да бөледі, оларды кейде ұлт деп атап жатады;

ә) ұлт терминін саяси ұлт мағынасында да, мемлекет азаматтарының қауымдастығы ретінде де пайдаланады. Мемлекеттің ұлттық құрамы жө­нінде сөз болса, біз қазақ, орыс, татар және басқа­ларды ұлттар, этностар деп айта береміз, ал Батыс ілімінде “ұлт” пен “мемлекет” ұғымы синонимдер. Мысалы, Біріккен Ұлттар Ұйымы – мемлекеттер ұйымы дегенді білдіреді. Бізде “ұлттық табыс”, “ұлттық экономика”, “ұлттық компания”, “ұлттық банк”, тағы да басқа сөздерде “ұлттық” деп этнос­тық мағынада емес, мемлекеттік мәнінде айтамыз.

Ұлт сөзінің екі мағынада қолданылуында тұр­ған ештеңе де жоқ. Бірақ екі сапалы құбылысты біл­діретін бір терминді пайдалану қаншалықты орын­ды деген сауал туады. Себебі, бұл екі ұғым­ның артында екі әлеуметтік қауымдастықтың – этнос­тықтың және мемлекеттіктің – мәні тұрғаны және оларды ажырату қажеттілігінің де барлығы белгілі.

Мәселе осы екі ұғымды ажыратуда ғана емес, мәселе бүгін үзілді-кесілді ұлттың этностық мәні­нен бас тартып, мемлекеттік, азаматтық мәнін ға­на мойындауға итермелеуде болып отыр. Осы тұр­ғыдан бүгін “ұлт мәселесі”, “ұлт саясаты”, “ұлт­ара­лық қатынастар” кеңес заманынан қалған ес­кір­ген ұғымдар болып отыр. “Ұлт” терминіне әр­түрлі анықтама беруге болар, (бүгін ғылымда 60-тан астам анықтамалар бар), оның терең тарихи, әлеу­меттік тамырын, тіл бірлігін, мәдени ерек­ше­лік­терін, дәстүрі мен салтын көрмеу мүмкін емес. Ке­ңес заманында ұлтты дөрекі тарихи материа­лис­тік тұрғыдан саралай келе, ұлт болмысының тер­риторияға, шаруашылығына зор мән беріліп, оның этностық сана-сезіміне мән берілмесе, руха­ни мәдениетін, дәстүрін тіпті жоққа шығаруға ты­рыс­са, бүгін кеңес заманындағы біржақтылықты сы­най келе, енді екінші шекке шығу орын алуда, ұлттың ақиқаттығына күмәндану, оны субъек­тив­тік идея, қиял ретінде түсіну тараған. Бұл жерде қалай бұлдырақтатқанмен, ұлттық нигилизм ай­қын көрініп тұр. Ұлтты тек қана ұлттық сана-се­зімге теңеу, оны менсінбеу философиялық тілмен айтсақ, субъектінің артындағы объектіні көрмеу, ұлттың дамуын, жаңаруын оның жоғалуына теңеу, дамудағы сабақтастықты мойындамауға әкеліп отыр. Мысалы, ресейлік тарихшы В.Тишков көп­теген еңбектерінде ұлттың этностық мәнін жоққа шығаруға тер төккен ғалым. Ол “Вопросы фило­со­фии” журналының 1998 жылғы 9-нөмірінде жа­рия­ланған “Забыть о нации (пост-националис­ти­ческое понимание национализма)” атты мақа­ла­сында ұлт дегеніміз жай ғана ұран, азаматтарды бір­лікке жұмылдыратын идея ғана, ешқандай ғы­лыми категория емес. Ұлттық идея ұлтшылдыққа бастайды, ал ұлтшылдық бір ұлттың тіліне, сол тіл­де білім алуға, ұлттың тарихына, әдебиетіне, діні­не, адамгершілік қағидаларына артықшылық беріп, қоғамда жік туғызады. Философ Эрнест Гельнер айтқан “ұлт ұлтшылдықты тудырмайды, ұлтшылдық ұлтты тудырады”, деген қағиданы ол өзінше түсінеді.

М.Горбачев бастаған қайта құру, қоғамды де­мо­кратияландырудың сәтсіздікке ұшырауының се­бебі ұлт ұғымын мемлекеттік мәнінде емес, этнос­тық мәнінде қабылдаудан болды. Себебі, ұлт ұғы­мы міндетті түрде ұлттық мемлекетшілікке, ұлттың өзін-өзі билеуіне әкеледі дейді автор.

“Этнические казахи, русские, татары, латыши и прочие как нации должны обязательно поли­ти­чески самоопределяться и иметь свое соб­ствен­ное государство. Если они же не имеют “своей национальной государствености”, то они есть не­кая полу-нация или неполностью состоявшаяся на­ция”, деп В.Тишков жақтырмаған сыңай таны­тады. Кеңес Одағын ыдыратуға тырысқан Батысқа ұлтшылдық көмектесті. Елді басқарудың демо­кра­тиялық жолдарын талқылау ұлтаралық қай­шылықтар мен қақтығыстарға ойысты дейді автор.

Ұлтты шынайы қауымдастық емес деушілер әлем­дік әдебиетке жиі-жиі сілтеме жасап, батыс тә­жірибесіне сүйенеді. Батыс әлеуметтік ғылымы мен ке­ңестік ғылыми теориялар арасында үлкен алшақ­тық бар, маңызды категорияларды әртүрлі тұрғыдан түсіну, ұлт мәселесін әртүрлі пайымдау орын алған. Әрине, шетелдік ғылымға сүйену, кеңес зама­нын­дағы қалыптасқан идеологиялық догмалардан арылу да керек. Ал енді әлеуметтік теорияда этнос сияқты нақты әлеуметтік қауымдастықтарды теориялық тұр­ғыдан бейнелейтін терминнен бас тарту – негізсіз.

Этнос идеясын мойындау не мойындамау тек ғы­лы­ми пікірталас емес. Ол ғылыми мәжілістерде тал­қылаумен шектелмейтін, тікелей өмірге, этностар­дың мәртебесіне, ұлт саясатына қатысы бар тұжы­рым­дама. Егер ұлт артында тірегі жоқ, жай ғана би­лік­ке таласқан ұлттық бюрократияның ұраны, белгілі бір мақсатқа ғана қол жеткізетін құрал болса, мыса­лы, неге Ресейді федеративтік мемлекеттен унитар­лық мемлекетке айналдырып, В.Тишков айтқандай, “многонародная православная нация” демеске? Неге грузин деген ұлт жоқ, тек мингрел, сван, кахетиндер, тағы да басқа ұсақ этностардан құралған Грузия деп аталатын жасанды мемлекет бар деп, оны ыдыратуға күш салмасқа? Неге Қазақстан шекарасын анық­та­ғанда этнос деген негізі жоқ идеяның жетегінде бо­лып, орысша көп сөйлейтін территорияны Ресейге, ал қазақша сөйлейтін жерлерді ғана Қазақстанға бермеген? Үш жүзден, сансыз рулар мен рулық топ­тар­дан тұратын қазақ деген этностың барлығы кү­мән­ді, осы орыс тілі басым территория Ресейге қо­сы­луға өзі сұранып тұрған жоқ па деген сияқты сан қилы сауалдар бүгін қойылуда. Біздің орыс тілді қазақтарды ресейлік ғалымдар кейде “біздің қара орыстар” деп жатады. Ұлт ұғымының этностық мазмұнын тарылтып, оған болмашы мән берудің астарында қанша зіл, жарылғыш жатқанына кейде мән бере бермейтініміз ойландырады.

Енді ұлт ұғымының екінші мәні – саяси ұлт, азаматтардың бірлігі, мемлекеттің тұтастығы туралы мә­селеге келейік. Әр мемлекеттің алаңдайтын мәсе­ле­лерінің барлығы, олардың әртүрлі жағдайларға бай­ланысты екендігі белгілі. Қазақстан халқын бүгін ұлтына, дініне қарамай ойландыратын мәселелер же­терлік: мемлекеттің тәуелсіздігі, тұрақтылығы, ши­кі­заттық ел болып қалмау, жемқорлықпен күрес, ел­дегі келісімді сақтау, білім сапасы, денсаулық сақтау, азаматтардың өмірін ұзарту, қоршаған ортаның таза­лығы, тағы басқалар. Мемлекетке жалпы ортақ мәсе­лелер төңірегінде Қазақстан халқын топтастыру, тиім­ді іс-әрекетке жұмылдыру, соның негізінде эт­нос­тық қауымдастық емес, азаматтық қауымдас­тық­қа қол жеткізуді біз қазақстандық ұлт деп түсінуіміз де, түсіндіруіміз де керек еді. Бірақ ұлт ұғымын тек бір ғана этностық мағынада түсінетін біздің қоғам бұл сөзге үлкен сақтықпен, тіпті сенімсіздікпен қарады. Оны қазақ ұлтына балама, жаңа этнос деп қабылдаушылар басым болды. Ондай секем алып, үрейленуге негіз де жетерлік.

Алайда “қазақстандық ұлт” идеясын ұсынатын­дар жаңалық ашып отырған жоқ, “бір ұлт – бір мемлекет” идеясы кең тараған әлемдік тәжірибеге назар аударалық.

“Американдық ұлт” деген не?

Американың әлемдегі қуатты, бай, озық техноло­гиясы бар, білімді, мәдениетті елге айналуының бас­ты себебінің бірі – көпұлтты, көпнәсілді елдің бір­лігі, басты құндылықтар төңірегіндегі топтасқан­ды­ғы. 1790 жылғы халық санағы бойынша ел халқының 80 %-ын ақ нәсілділер құрады, олардың 87%-ы англо­сак­сондар, 13%-ы немістер, ал 20%-ы азамат­тық құқтарынан айырылған африкандық құлдар мен “жергілікті” американдықтар еді. Ол кезде амери­кандықтар тұтас бір ұлтқа айналмаған.

Дж. Вашингтон кезінде әрбір азаматты өзінің амери­кандық екеніне, дербес ұлт екеніне мақтаныш ету­ге және шет елдердің қастық әрекеттерінен сақ бо­луға шақырған. Оның себебі, тіпті мемлекеттің ір­ге­тасын қалауға ат салысқандардың өзі тарихи ота­нынан қол үзбек түгіл, оларға жалтақтай беретін болған.

Дін жағынан Американы негізінен протестант дініндегілер құрады. Бірте-бірте мемлекеттің ұлттық және діни құрамы өзгере бастады. XІX ғасырдың ор­тасында ирландықтар мен поляктардың қоныс ау­даруына байланысты католиктер де көбейді. Деген­мен, 1928 жылы американдықтар католикті прези­дент етіп сайламады, тек 1960 жылы католик пре­зи­денттікке сайланды. 1930 жылдан еврейлер билікке ара­ласа бастады, бірақ олар өз ұлтына назар аудар­мау­ға тырысты. Франклин Д. Рузвельт тұсында бі­рін­ші еврей Генри Моргентау қаржы министрі бол­ды. Бірте-бірте билікке немістер, поляктар, афро­аме­ри­кандықтар араласып, елдің сеніміне ие болды, олар мемлекеттік хатшы, президенттің ұлттық қа­уіпсіздік жөніндегі кеңесшілері болды. XX ғасырдың екінші жартысынан бастап Америкаға қоныс аудару­шы­лар көбейді. 2000 жылы халық санағының қоры­тындысы бойынша, Америкада тұратын шетелдік­тер­дің үшеуі Латын Америкасы мен Азиядан шық­қан­дар болды. Американдық демократия барлығына бі­лім алуына, еңбек етуіне тең жол ашты, нәсілге қарай шеттетуге тыйым салынды. Ал 2008 жылы қара нәсілді Барак Обама президент болып сайланып, Ақ үйге қожа болды.

Бүгін АҚШ-тың 286 миллион халқының 37 мил­лио­ны­ның тегі латындық, 37 миллион афроаме­ри­кан­дықтар, 11 миллион Азиядан шыққандар, 3 мил­лион американдық үндістер. Еуропадан шыққандар үлес салмағы азайды. Ал латынамерикандықтар мен Азиядан шыққандардың үлесі тез өсті.

Американдық ұлтты қабылдау жай азаматтықты қабылдау ғана емес, Американың өткен тарихына, бүгінгісіне және болашағына да жауапты болу, Амери­ка мүддесін бәрінен де жоғары қою. Сондық­тан азаматтық алмастан бұрын, Америкаға қоныс аударған адам өзін алдын ала американдық болып сезінеді, тілін, ділін, дәстүрін, өмір салтын, ең бас­тысы заңдарын қабылдайды. Соның өзінде де амери­кандық ұлт азаматтардың тегін бір қазанда қайна­тып, балқытып, мүлде жаңа этнос жасай алмады. Ықпалды этностық топтар, лоббистер ішкі және сыртқы саясатқа өз ықпалын бүгін де жүргізіп оты­ра­ды. Олар бірыңғай қоныстанады да: еуропалықтар солтүстік-шығыста, орталық-батыста қоныстанса, еврейлер – Нью-Йоркте, кубалықтар – Флоридада басым. Армян, грек, еврейлер өздерінің ниетіне жақын саяси қозғалысты қаржыландыруға дайын. Диаспораларды тарихи отанының тағдыры терең ой­ландырады. 1944 жылы Сталин мен Рузвельт келіс­сөздерінің барысында Польша туралы Кеңес Ода­ғы­ның жоспарын Рузвельт президент сайлауы өт­кенге дейін қолдай алмаймын деген. Президент Клин­тон Польшаны НАТО-ға қабылдауды қолдай­ты­нын 1996 жылы поляктар көп орналасқан Детройт қа­ласында жариялады. Алты миллионға жуық амери­калық еврей қауымдастығы Америкада ең білімді де ең бай топ. Еврейлер ғылым саласында, бұқаралық ақпарат, саяси өмірде үлкен қызмет атқаруда. Таяу Шығыстағы Американың бір жақты Израильді қол­дауы соның көрінісі. Еврейлер сонымен бірге Амери­кадағы мұсылман қауымдастығы билікке, әсі­ре­се, сыртқы саясатқа араласпауын, ықпал жаса­мауын да қадағалайды. Сондай-ақ Американың ішкі және сыртқы саясатына куба, грек, армян қауым­дас­тықтарының елеулі ықпалы бар. Кубалықтар Куба елінің тағдырына алаңдаса, гректер Кипр жағдайына, армяндар АҚШ-тың Әзірбайжанға көмек көрсетуіне тыйым салуды көздейді. АҚШ-тағы 10 миллион мек­сикандықтар “Латынамерикандықтардың мәселесі – американдықтардың мәселесі” деген ұранды ұста­нады. Олардың Конгресте өз фракциясы бар. Афро­американдықтар Американың Африкадағы саясатын қадағалайды. Барак Обаманың АҚШ президенті болып сайлануы Африка елдері үшін үлкен мереке болды.

Америкадағы келісім, тұрақтылық ұзақ жылдар бойы тарихи дамудың, күрестің, елдің өмір сүру үшін тар­тымды мемлекетке айналуының жемісі. Әлем хал­қы Америкадан қашпайды, Америкада өмір сүргісі келетіндер, болмаса білім алатындар бүгінде баршы­лық. Америкаға сырттан соғысуға ешкім келмейді, керісінше, Америка өзі барып соғысады. Сондықтан, Американы біреулер мақтап, енді біреулер жек көріп жатады. Дегенмен де бүгін мұндағы бірлік, келісім – елдің басты мақсаты.

Еуропадағы “бір мемлекет – бір ұлт” идеясы

Еуропа ғасырлар бойы мемлекеттік ұлт идеясын ұстанып келеді. Мысалы, Франко зорлық-зомбы­лық­пен, қан төгіп, баскілер мен каталондықтардың ұлт­тық қозғалыстарын басып-жаншығанмен, мызғымас бір­тұтас испан ұлттық қауымдастығы құрылмады. Еу­ропа мемлекеттері сондықтан мемлекетті біртұтас ұлтқа айналдыру үшін күш жұмсаудың, мемлекет дең­гейінде ұран тастап, елді жалықтыратын үгіт-на­сихаттың да аздық ететінін түсінді. Ең бастысы, ел­дің этностық құрылымы, этностардың ерік-жігері, тұтас ел болуға ынтасы, мемлекеттің тұрмыс-тірші­лік­ке ыңғайлылығы, демократиялық ахуал болды. Эко­номика жағынан қуатты, әлеуметтік молшылық пен еркіндікке қол жеткізген ел барша халықтың мем­­лекеттің мүддесіне, тіліне, мәдениетіне икем­де­нуіне жағдай туғызды, халықтар сол мемлекетті ота­ным деп танып, басқа мемлекеттерге қарағанда жан- дүниесі жақын тұтады. Бұл өте ұзақ жылдар бойы, ұрпақтар алмасып барып қалыптасатын көңіл-күй, азаматтық сана-сезім. Жеке адам үшін ең қымбат, басты мұрат – жайлы әлеуметтік ахуал, тәртіп. Ба­тыс Еуропада қолайлы жағдай жасалып, әлеуметтік ұлт идеясы үстемдік құрып жүзеге асты деген ой бү­гін терең тараған. Ортақ мемлекеттік тіл, әділдік, отан­шыл рух, патриотизм елді біріктіріп, келісім ор­на­тып келеді.

Сонымен бірге Еуропада этностық қауымдастық­тар да мемлекеттер жүйесінде өз орнын табуға ұмты­луда. Үш тілде сөйлейтін Бельгия Корольдігінің сол­түс­тігінде 5,7 млн. фламандықтар фламан тілінде, оң­түс­тігінде 3,3 млн. валлондықтар француз тілінде, шы­ғысындағы этностық топ неміс тілінде сөйлейді. Әр провинция ұлттық этностық негізде автономия құрып, Бельгия федеративтік мемлекетке айналды. Ұлтаралық мәселе әлі де шиеленісті жағдайда, мем­лекет ыдыраудың аз-ақ алдында тұр. Ортақ құнды­лықтар әлі тұтастықты сақтауға негіз болып отыр.

Испанияның мемлекеттік құрамы да терең өзге­рістерге ұшырады. 1979 жылдан бері Каталония, Бас­ко­ния, Валенсия, Галисия және Балеар атаулары ав­тономия алды. Мемлекет 17 әкімшілік-территория­лық және ұлттық аймақтарға бөлінген. Ұлттық авто­номияларға табиғи ресурстарын пайдалануға, ұлттық мәдениеттерінің өркендеуіне, білім және басқа сала­ларда еркіндік берілген. Ал Ұлыбританияға келсек, онда шотландықтар мен уэльстіктерге арнайы ұлт­тық-территориялық әкімшіліктер құрылған. Орталық билік пен федеративтік байланыстардың жолдары қарастырылуда. Шотландияның парламенті тәуелсіз сыртқы саясатқа және өте бай мұнай көздерін дербес билеуге ұмтылады.

Францияда корсикандықтардың сонау XІX ға­сыр­да бастаған ұлтаралық қозғалысы 1991 жылы кор­сикан автономиясын құруға қол жеткізді. Фран­ция­ның Ұлттық Мәжілісі ұзаққа созылған талқы­лаудан кейін “корсикан халқын” мойындады. Соны­мен, Еуропада барлық ұлттық қауымдастықтар әр­түр­лі деңгейде өз мемлекеттілігіне қол жеткізді. Ке­ңес Одағы, Югославия мен Чехославакия ыдыраған­нан кейін Еуропа Одағы сияқты жаңа конфедера­ция­­лық қауымдастыққа кіруге көптеген этностарға жол ашылды. Бүгін оған 28 мемлекет мүше, 6-7 мем­лекет дайындық үстінде. Сондықтан Еуропада да біре­гей “бір мемлекет – бір ұлт” идеясы толықтай салтанат құрды деу ертерек, ол түпкі мақсат болып қала береді.

“Ресей ұлты” хақында

Кеңес Одағы ыдырап, ұлтаралық қайшылықтар күш алған тұста Ресейде де “Ресей ұлты” идеясы алға тартыла бастады. Паспортта ұлты көрсетілмейтін болды. Батыстың конструктивизм теориясын негізге алып, ұлт аңыз, қиялдан туған қауымдастық деуші ғалымдар көбейді. Сонымен бірге олар Америкамен, Батыспен салыстырғанда елдің тұтастығы, бірлігінің төмендігін де мойындап, бірегей бір мемлекет – ұлт қалыптасу қиындығын да түсінді.

Ең бастысы, Ресей өзінің бағыт-бағдарын әлі анық­тап алмаған мемлекет дейді Збигнев Бжезин­ский. Ол тура мынандай сұрақ қояды: “Является ли Россия национальным государством, основу кото­ро­го составляют только русские, или Россия являет­ся по определению чем-то большим (как Велико­бри­­тания – это больше, чем Англия) и, следователь­но, ей судьбой назначено быть империей? Каковы – ис­торически, стратегически и этнически – дей­стви­тельные границы России? Следует ли рассмат­ри­вать независимую Украину как временное откло­нение в рамках этих исторических, стратегических и этнических понятий, (многие русские склонны считать именно так). Чтобы быть русским, должен ли человек быть русским с этнической точки зрения или он может быть русским с политической, а не этнической точки зрения (т.е. быть “россиянином” – что эквивалентно “британцу”, не “англичанину”)? Например, Ельцин и некоторые русские доказывали (трагическими последствиями), что чеченцев можно “даже должно считать русскими”. (Збигнев Бжезин­ский. Великая шахматная доска. М. 1999 ж., 119-бет.)

Бүгін Ресей Украинаны да, Грузияны да, басқа да постсоциалистік мемлекеттерді шошытып, өзі оқ­шау қалып отырған мемлекет. Сол З.Бжезинский айт­қандай, “для Америки Россия слишком слаба, что­бы быть ее партнером, но, как и прежде, слиш­ком сильна, чтобы быть просто ее пациентом” (сон­да, 143-бет). Өзінің орнын таба алмаған Ресей бүгін көптеген елдердің бас ауруына айналды. Дегенмен, Ресейдің ішкі тұтастығы мен бірлігі де күрделі мәсе­ле. В.Путин Ресей президенті болған тұста “ұлт” ұғы­мына этномәдени емес, азаматтық қауымдастық – “саяси ұлт” мәнін беруді жиі қолдады. Оның “ре­сейлік ұлт”, “Ресей азаматтары”, “біз ұлт ретінде”, “біз Ресей халқы”, “біртұтас Ресей халқы”, тағы бас­қа сөздерінің астарында ұлтты мемлекеттік қауым­дастық ретінде қабылдау идеясы жатыр. Ұлт және одан туатын “ұлттық мүдде” сияқты сөз тіркестері В.Пу­тин жолдауларында жиі кездесті. Ресей ғалым­дары В.Путин “ұлт” ұғымын 2000 ж. – 10 рет, 2005 ж. – 15 рет, 2007 ж. – 18 рет пайдаланды деп көр­сет­ті (Общественные науки и современность, 2007 ж. №2, 69-бет). Сонымен, бүгін Ресей халқы ресейлік азаматтық қауымдастығына қарай бет алды. 90-жыл­дары Ресейдің көптеген азаматтарының санасында ресейліктен гөрі республикалық азаматтық басым бол­ды. Якутия халқының 20%-ы ғана ресейлікпіз де­се, Татарстан, Башқұртстан, тіпті Мәскеудің өзінде тұр­ғындардың төртен бірі ғана ресейлікпіз деген. Ал 2006-2007 жылғы жүргізілген социологиялық зерттеу­лер бойынша, бірыңғай орыстар қоныстанған Сверд­ловск, Томск, Воронеж облыстарында ресейлік аза­мат­тармыз деушілер 86%, Якутияда якуттер – 63%, орыстар – 81% деңгейін көрсеткен (сонда, 70-72-бет­тер). Ресей паспортында ұлтын көрсетпеу де пі­кір­талас туғызды. Ұлтын көрсетпеу ұлт мәселесіне нем­құрайлы қарау деп бағаланды, ұлттық респуб­ли­ка­ларда психологиялық қайшылықтар да бар. Ұлтын көр­сетпеу өз ұлтынан бас тартқандай күй туғызады. Ал 1 млн. 500 мыңнан астам аралас некеден туған ресейліктер паспортта ұлтын көрсетпеуді ашық қол­да­ды. “Ресей ұлтын” қалыптастыру барысында асси­миляцияға ұшырап, ұлтсызданғандарды, ұлтын орыс­қа ауыстырғандарды қолдау басым, ұлтсыздықты сая­си мәдениетке, әдепке, төзімділікке, кеңдікке те­ңеу орын алған. 2005 жылдан бері Коми-Пермяк, Тай­мыр, Эвенки, Усть-Ордын Бурят, Коряк, Ағын Бу­рят автономиялық округтары тарады. Бұл орыс ұл­тына қарсы психологияны өршітіп отыр. Шағын ұлт өкілдерінің арасында үрей көбейді. Әсіресе ненецтер мен адыгейлер орыстарға деген араздығын ашық білдіруде. Енді автономиялық республикалар да таратылады деген үрей пайда болды (“Литературная газета”, 14-20 мамыр, 2008 жыл).

Паспортта ұлтын көрсетпенгендіктен, ресейлік татарлар, чешендер, буряттар және басқалар орыс бо­лып жазылады деп, орыс емес этностар бір толқы­са, Грузиядағы орыстар грузин, Украинадағы орыс­­тар украин, тағы басқа мемлекеттерде орыстар тегі­нен айырылады деген қауіп те жоқ емес. Сонымен, Ре­сей де “ресейлік ұлтқа” бет алды, бірақ бүгін ре­сей­лік азаматтар үшін, әсіресе орыс емес қауымдас­тық­тың арасында ұлттың этностық мазмұны басым. Ға­лымдар Ресейдегі ұлтаралық қарым-қатынастар­дың дамуын физиканың энергияның сақталу және ай­налу заңы бойынша дамиды деп есептейді: сепа­ратистік қауіп бәсеңдеп, әлеуметтік шиеленістер азая бастаса, “біз жеңдік!” деген ұлыдержавалық шови­низм күш алады, ал ол өз кезегінде қайтадан сепара­тизмді күшейтеді. Осылай цикл қайталана береді. Бұл болжамның ақиқатын уақыт көрсетеді.

“Қазақстандық ұлт” және қазақ тағдыры

Әлем мемлекеттерінің “бір мемлекет – бір ұлт” идеясын ұстануы қоғамдық тұрақтылық пен бірліктің қажеттілігінен туып отыр. Бірақ әр мемлекеттің ұлт­тық құрамы, тарихи тағдыры, мемлекет құрушы ұлт­тың саны мен сапасы, экономикалық, әлеуметтік, ру­ха­ни жағдайы, геосаяси тұрғыдан алатын орны әр­түрлі болғандықтан, этностық және азаматтық қау­ым­дастықтардың қалыптасу деңгейі әртүрлі. Этнос­тардың жағдайын елемей, көңіл-күйі, сұраныс­тары­мен есептеспей, бірыңғай бірлікке, азаматтыққа бейім­деу нигилизмге жетелейді, болмаса ашу, арыз тудырады. Баспасөз бетінде ұсынылып жүрген “Қа­зақстан азаматтары бара-бара балаларын бір сынып­та, бір мектепте оқытуы керек”, “бір тәрбие жүйесіне құ­ралған мемлекеттік тілде тәрбие жүргізілетін бала­ба­қша болуы қажеттілік” (“Егемен Қазақстан”, 4 қа­ра­ша, 2008 жыл) туралы пікірлер құлаққа жағымды, жүрекке жылы тигенмен, іс жүзінде Конститу­ция­мыз­­дың әркімнің “оқу және шығармашылық тілін ер­кін таңдап алуға құқығы бар” деген талабымен үйлес­пей жатыр. Бүгін қазақ балаларының 18%-ы орыс мектебінде оқиды. Оқушылардың 40%-ға жуы­ғы орыс тілінде білім алуда. Бір тілде білім беру ұсы­нысы орынды болғанымен, ол бүгінгі емес, ертеңгі күннің шаруасы.

Сондай-ақ мемлекеттің азаматтық қауым­дастық­ты желеу етіп, этностардың мәдени, әлеуметтік мүд­де­лерін шексіз қолдап, тым ымырашыл болуы да ке­лі­сімге қол жеткізбейді. Мәселе, этностық қауымдас­тық пен азаматтық қауымдастықты тұрпайы теңесті­ру­де де емес. Қазақстанда ұлттық қауымдастықтың да, азаматтық қауымдастықтың да тірегі, елдің тұт­қасы – қазақтар. Қазақ басқалардай Қазақстанда тұрғандықтан ғана Қазақстан азаматы емес, қазақ жері тарихи отаны, алтын бесігі болғандықтан, басқа отаны болмағандықтан Қазақстанның азаматы болады, шетелде тұрса да елін сағынады.

Бірақ неге қазақтар “қазақстандық ұлт” идеясын негізінен қабылдамады? Ол қарсылық “ұлт” ұғымын тек этностық мәнінде қабылдауға байланысты ма, әлде алаңдауға басқа да негіздер бар ма деген сауал туады. Ол сауалға жауап беру үшін еліміздің ұлттық құрамына үңіліп көрелік.

1. Мемлекет құрушы қазақ ұлты ғасырлар бойы отар­ланған этнос. Қазақтардың басым көпшілігі ауылда, тұрмыстары ауыр, жұмыссыздықты басынан кешіріп отыр. Ал өндірістегі жұмысшылардың кәсіби деңгейі төмен, инженер мамандар аз, қазақтың тілі әлі де мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілмеген, шындығында, мемлекеттің тілі – орыс тілі, Қазақ елі ресейлік ақпараттың ықпалында қалып отыр, орысша ойлайды, сөйлейді, жазады.

2. Еліміздегі славян текті диаспоралар – орыстар, украиндықтар, белорустар, тағы басқалар негізінен отарлаушы мемлекеттің қол шоқпары болған, патша заманында да, кеңес заманында да елді отарлауға, орыстандыруға өз үлесін қосқандар, солардың ұрпақ­тары. Олардың сана-сезімінде орыс тілінің, мәде­ниетінің, жалпы орыстың артықшылығы туралы пі­кір терең ұялаған. Маркс айтқандай, қоғамдық бол­мыс өзгергенмен, қоғамдық сана тез, өзінен өзі өзге­ре салмайды. Сана өз заңдылығымен дамиды. Сон­дық­тан еліміздегі славян қауымдастығының тілдік, мәде­ниетінің ассимиляцияға ықпалы әлі де зор. Өлілер тірілерден гөрі құдіретті деген сөз осыдан болар.

3. Жер аударылған этностар (неміс, чешен, кәріс, тағы басқалар) тарихи отандарына оралды, қалған­дары орыстанған. Бүгін олар жас ұрпаққа ана тілін үйретеміз деп талпынады, бірақ негізінен орысша білім алады, сөйлейді, жазады.

4. Мұсылман, түрік, шығыс халықтарының өкілдері тегі, діні, өркениеті жағынан қазаққа жақын, олар орыс тілі мен қазақ тілін тең меңгергендер.

5. Тарихи отаны жоқ, орыстанған ұсақ этностық, тіпті этнографиялық топтар.

Халқының басым көпшілігі орыс тілінде сөйлеп, ойлап дағдыланған Қазақстан орыстілді қауымдас­тыққа жақын. Жоғарыда біз сынаған ресейлік ғалым В.Тишков мемлекеттік тілден гөрі орыс тілінде көп сөй­лейтін, жазатын, оқитын Қазақстан, Латвия, Ук­раина орыстілді ұлтқа айналуға Ресейден гөрі жақы­нырақ дейді: “в правительственных кабинетах и пре­зидентских семьях, а также большинство населения столиц разговаривают не на том языке, который объявлен “национальным” или “государственным” (аталған мақала, 21-бет). Бұл жерде автормен келіспеске амал жоқ. Сырт көз сыншы деген осы. Ал іштен де ұлтқа төнген қауіпті қазақтар әртүрлі деңгейде сезініп отыр. Өзбекстанда да өзбекстандық қауымдастық идеясы туралы сөз қозғалып жатыр, бірақ қазақ­тар­дай ерін бауырына алып ренжіп жатқан өзбек­тер жоқ. Себебі, Өзбекстан тұрғындарының 97,7%-ы мемлекеттік тілді әртүрлі деңгейде мең­гер­ген, соның ішінде славяндардың 74,4%-ы өзбек тілін біледі. Ел тұрғындарының 80%-ы – өзбек­тер. Сондықтан Өзбекстан мемлекеті мен өзбек эт­нос ұғымы синоним деуге болар, орыстану қаупі тіп­ті жоқ. Сөйте тұра Өзбекстан азаматтарының 81,1%-ы паспортта ұлтын көрсетуді қолдаған, со­ның ішінде қырғыздар – 100%, өзбектер – 84,2%, та­тарлар – 75%, орыстар – 74,3%. (“Социо­логи­ческие исследования” 2008 жыл, №1, 93-бет). Бұл салыстыру тағы да қазақтардың ұлт болашағына алаңдауға негіз барлығын көрсетеді.

Үкіметтің “қазақстандық ұлт” идеясын терең зерттемей, ұсына салуы да елді қобалжытты. “Қа­зақстандық ұлт” идеясы алға тартылғанмен, оның басым тілі, рухани тірегі туралы ойды әманда бү­гіп қалу, толық жеткізбеу, жауырды жаба тоқығандық сезі­леді. Сондықтан “қазақстандық ұлт” идеясын ұлт­сызданудың жалғасы деп түсіну басым. Бұл мәсе­леде бір пікірге тоқтап, келісім болмаған­дықтан, әртүрлі этностар өз тұрғысынан пайымдап келеді. Әлемде мемлекет құрушы ұлттың тілі түгел мемле­кеттің тіліне айналған. Тілімізді мемлекеттік деп жариялап, басқа тілде сөйлеу біздің ғана ба­сымызда бар.

Сонымен “қазақстандық ұлт” идеясына ел­дің алаңдауы қазақ ұлтының тілінің, мәде­ние­тінің, ақпарат кеңістігінің әлсіздігінен туып отыр. Егер мемлекет қазақ тілі басым “қазақ­стан­дық ұлт” идеясын мақұлдап, бірінші кезек­те орыс-қазақ қостілдігінен, қазақ-орыс, қазақ-өзбек, басқа да қостілдікке қарай қадам жа­саса, ел дүрлікпес еді. Біздің тілдік саясаты­мызда ашық, нақты басымдықтар мен істер жетпей жатыр.

Елде азаматтық қауымдастықты, немесе “сая­си ұлтты” қалыптастыру ұзақ уақытқа созы­латын, талай тарихи белестерден өтетін құбылыс, оның мерзімін өлшеп айту мүмкін емес, ол үзілмей жалғаса беретін әрекет. Ресми ақпаратта Қазақстанда 130-ға жуық ұлттар мен ұлыстар тату-тәтті өмір сүріп жатыр дейміз. Шү­кір­шілік ететін жағдай бар да. Бірақ мем­лекеттің ұлттық құрамы туралы статистикалық ақ­парат этностық топтардың нақты жағдай­ла­рын айқындай бермейді. Этностық топтардың ұстамдары әртүрлі, біреулері ұлттық тегіне салқын қа­раса, енді біреулері өз ұлтымен мақтанады. Эт­нос мүшелері әр түрлі әлеуметтік топтарға жатады, біреуі бай, біреуі кедей, біреуі орта топқа лайық.

Литва ғалымдары ұлтаралық қатынастардағы мына бір ерекшелікке назар аударады. Тәуелсіз­дік­­тің алғашқы жылдары литва тілінде сөйлейтін бас­қа ұлт өкілдерін сыйлап қана қоймай, тіпті таңғажайып құбылыс ретінде қараса, кейін барлық литвалық еместер – орыс, поляк, еврей, тағы басқалар тілдерін бұрап литваша сөйлей бас­та­ғанда, енді оларды әзілдейтін болды. Өз кезегінде литвалық еместер тілді білуге онан сайын ұмты­лады. Ол ұмтылыстың астарында тек әзілден қашу емес, екі маңызды себеп жатты. Біріншіден, лит­ва­лықтар өз ана тілінде сөйлеп, басқаларды өз­деріне бейімдеді. Литвалықтар сыйламаған литва ті­лін басқалардың сыйламайтынын олар жақсы біледі. Екіншіден, литва тілін меңгерген азаматтың мәртебесі орыс, ағылшын тілін меңгергендерден жоғары болды. Белгілі маман ретінде құрметке ие болу, табыс табу, кәсіпкер, жылжымайтын мен­шік­тің иесі болу мемлекеттің тілін меңгерумен бай­ланыстырылды. Осылай мемлекеттік тілдің төңірегінде оңды психологиялық ахуал қалып­тасқан. Біздің елде осы екі жағдайдың екеуі де әзір жоқ. Қазақтың бір тобы ана тілін менсінбейді, ал мемлекет тілін меңгергендердің де мәртебесі, табысы орыс, ағылшын тілін білгендерден төмен. Біз бүгін тек әкімшілік ресурстарға ғана күш са­лып, қаржы ресурстары туралы ойланбаймыз.

Сырт көзбен қарағанда, күнделікті өмірде этносаралық қатынастар ешкімді ойландырмауы да мүмкін. Этностық қақтығыстар ғана назар аудартады, ал іштей шиеленістер байқалмайды. Пар­ламент, Қазақстан халқы Ассамблеясы дең­гейінде депутаттар мен ұлттық мәдени орталық­тар­дың өкілдері тіл табысқанымен, бұқаралық дең­гейде тіл табысу қиын. Көңіл қойып назар сал­сақ, этносаралық ахуал күрделі. Қазақстан жерінде тұрып, азаматтық алғандықтан, азаматтық қауым­дастық қалыптаспайды. Бүгін сырттай, жасанды пат­риот болып көріну басым. Қазіргі дағдарыс тұ­сында қаржысын шетелде сақтап, елге қол ұшын бермеген патриоттар қаншама? Сондай-ақ ішінен тынып жүргендер де көп. Кейде тіпті “біздің ты­ныш жүргенімізге рахмет айтыңдар” деп, бұлда­на­тын диаспора өкілдері де бар. Ішкі қауымдастық бірлігіне сыртқы саясат та әсер етеді. Ресей Гру­зия­ны басып алған тұста бірқатар журналистер мен тұрғындар Қазақстан азаматы екенін ұмытып, Ресейді қолдады. Ресей мен Украинаның ара­сын­дағы қайшылық еліміздегі украиндықтар мен орыс­тардың, Армения мен Әзірбайжан арасын­дағы соғыс жағдайы елдегі әзірбайжандықтар мен армяндар арасына өз салқынын тигізеді. Қытай­дағы ұйғырлардың жағдайы қазақстандық ұйғыр­ларды алаңдатады, Түркиядағы курдтардың ахуалы елі­міздегі түріктер мен курдтар арасына өз жағым­сыз әсерін әкеледі. Ал Израильдің Газа секторын­дағы палестин­дықтарды қырып-жоюы мұсылман­дар мен еврей арасын салқындатады.

Ұлтаралық қатынастарда ұсақ-түйек болуы мүмкін емес. Адамның тегі, аты-жөні, тілі, бет-жү­зі, түсі, шашы, көзі, ерні, мұрны, құлағы басқа­лар­ға эт­нос туралы ақпарат береді. Тіл қай ұлтты да ай­шықтап тұрады. Мәселен, қазақ тілін акцент­пен сөй­леу жаңадан тіл үйреніп жүргендігін, қазақ болмаса басқа ұлт өкілі екендігін, қазақ болса, қазақстандық не ресейлік, еуропалық қазақ екенін танытады.

Қазақ өзін психологиялық жағынан құдіретті американдық, неміс, француз, болмаса орыс ұл­тына теңей алмайды, керісінше, оған отарланған ұлттардың жан-дүниесі жақын. Аз ұлттардың бір тобы жұтылып кетіп, тек тарихта аты қалғанын біле­тін қазақ ұлтсыздануға қарсылық білдіреді. Ұлттың басынан өткен ауыр қайғы-қасірет, зор­лық-зомбылық қазақты сақтыққа, сезікті ойға, кү­дік­тенуге үйретті. “Қазақстандық ұлт”, “үш тұ­ғырлы тіл”, ұлтсыз паспорт дегенде қазақ “тағы қан­дай пәлеге ұшыраймыз?” деп қауіптенеді. Би­лік­тегі орыстанғандар озық ойды қабылдамайды, олар “күмәнденгіш”, “сезіктенгіш”, популистер деп кінәлап жатады. Тәуелсіздік алғанымызға 17 жылдан асса да, біздің атқарушы, заң шығарушы билікте­гілердің бірқатары мемлекеттің, мемлекет құрушы ұлттың ерекшеліктерін түсінбей, “өрке­ниет­ті елдердегідей” деп батыстық стандартты тық­палауда. Батыстың стандарттары көшіре сала­тын технология емес, ол мәдениеттер, дәстүрлер қарым-қатынасына, тұтастай этностар тағдырына байланысты.

Қазақстан халқы Ассамблеясының XІV сессия­сында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Н.На­зар­баев қазақстандық қоғамның даму мақсатын айқындайтын ұлттық бірліктің доктринасын әзір­леудің қажеттілігіне назар аударды. Ол құжаттың негізгі қағидалары мемлекеттің 2020 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспарына енгізілуі қа­жет болып отыр. “Қазақстандық ұлт” дейік, “Қазақстан халқы” дейік, біздің басты мақсат – қазақтар мен қазақстандықтар қазақ тілінде басым сөйлейтін, жазатын, еліміздегі диаспо­ралардың тағдырына жауапкершілігін сезінетін, қазақтың мәртебесі зор мемлекеті болу.

Ұлтымыздың, тәуелсіз мемлекетіміздің алдын­да ақиқаттан айнымайық.



Авторы: Амангелді АЙТАЛЫ, философия ғылымдарының докторы, профессор.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат