Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-02-28:

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, Президент жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық  саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВА:

 

Еркек көктен түскен жоқ — әйел оның анасы,

әйел жерден шыққан жоқ — ол еркектің баласы

 

– Гүлшара Наушақызы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы әйелдер мерекесі қарсаңында өтетін басқосуларда “Ең сенімді серіктестер – әйелдер” деген сөзді жиі айта­ды. Әрине, жылына бір келетін 8 наурыз сын­ды мереке тұсында әйелдер қауымына дәл осы­лайша жылы сөз, ізгі тілек айтылғанына не жетсін. Әйтсе де осы сөзді Елбасы жайдан-жай айтпайтын сияқты. Ал сіз қалай ойлайсыз?

– Дұрыс айтасыз. Президенттің әр сөзін зерделеп қарасаңыз, оның астарында терең мән-мағына жатқанына көз жеткізуге болады десем, әйелдер қауымын ең сенімді серіктестер деген сөзінде де талай сыр жатқаны анық.

Өзіңіз де жақсы білесіз, өтпелі кезең халқымыз үшін үлкен сын болды. Сондай сәтте қыз-келіншектер қауымы еліміздің еңсе тіктеуіне өлшеусіз үлес қосты. Сонау 90-шы жылдарды жұрт ұмыта қоймаған шығар, ішерге ас, киерге киім болмай, жұрт жаппай абдырап қалғанда әйелдер білекті сыбанып жіберіп, іске кірісті. Ала қап арқалап, отбасының күнкөрісін айырды, бала-шағаны жүдетпеді. Ер азаматын да, ұл-қызын да өз күнімізді өзіміз көрейік, ешкімге алақан жаймайық, жұрт істеген тірлікті біз де істейік” деп еңбекке жұмылдырды. Ең бастысы, қанша қиналса да, қанша қажыса да әйел заты қыңқ демеді. Әлдекімдер құсап бос сөздің жетегінде жүрмеді. Бірді-бірге жалғап, өз ісін өркендетті. Түйіп айтқанда, әйелдер қауымы Президент көздеген мүддеден табыла білді. Бала-шағаны да өсіріп, елдің ертеңін тәрбиеледі. Қиындыққа мойыма­ды. Қайта қиындыққа қарсы тұрып күрес­ті, күресе жүріп нарық заңдылығын өзі де үйренді, үйрене жүріп өзгеге де үйретті.

Әйелдер қауымының нендей істі болса да осылайша жауапкершілікпен атқара­ты­нына Елбасы зер сала жүріп, оларға зор се­нім артты. Өз ісін бастағысы келген қыз-ке­ліншектер мемлекет тарапынан қолдау тап­ты. Тек кәсіпкерлікті ғана қолдап қой­ған жоқ, Елбасы аналар қауымын, қыз-ке­ліншектерді жан-жақты тұрғыдан қамқор­лыққа бөледі.

– Ұлттық комиссия алғаш құрылған күннен бастап-ақ өз жұмысын негізінен 4 бағытта жүргізген болатын. Атап айтқанда, әйелдердің саяси және экономикалық белсен­ділігін арттыру, отбасы мүшелерінің денсау­лығын жақсарту, сондай-ақ оларға қатысты зорлық-зомбылықтың тамырына балта шабу десек, соңғысы өте бір шетін мәселе ғой. Ендеше, осы зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің жайына қысқаша тоқталып өтсеңіз.

– Әйелдерге қатысты зорлық-зомбы­лық­қа қарсы күрес комиссия алғаш құрыл­ған күннен бастап жалғасып келеді. Бұл орайда Президенттің қолдауымен Ішкі істер министрлігі құрылымында арнайы бөлімше ашылғанын айтқан жөн. Мұндай құрылым министрліктен бастап, осы саланың облыс­тық, аудандық бөлімдерінде де жұмыс істеп жатыр. Міне, әйелдер қауымына қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуда осы бө­лімшелер өздерінің зор үлесін қосып келеді. Сондай-ақ ұлттық комиссияның бастама­сымен ірі қалаларда құрылған дағдарыс орталықтары ана мен баланы зорлық-зомбылықтан қорғауда таптырмас тәсілдің бірі болып отыр.

– Әлі есімде, осындай дағдарыс орталық­тары алғаш ашыла бастағанда “Мұның қа­зақ­қа не керегі бар, бас жарылса бөрік ішін­де, қол сынса жең ішінде деген елміз. Мұндай орталыққа кім барады, бұл қаражат­ты текке шашу ғой” деп байбалам салғандар да табы­лып еді. Алайда күнделікті өмір тынысы ос­ын­дай орталықтардың қажет екенін дәлелдеп отырған жоқ па.

– Оныңыз рас. Уақыт тынысына орай әр ұрпақтың түсінік танымы өзгеше болуы заңды да ғой. Айталық, кеше бұл кімге ке­рек, оған кім барады дейтін дағдарыс орта­лықтарының қызметіне жүгінушілер қата­рының молды­лы­ғы да осы пікірді айғақтап тұрған жоқ па. Иә, дәрігер, психолог, заң­гер сияқты мамандар кеңес беретін мұндай орталықтар тегін қызмет көрсетеді десем, бүгінде елімізде осындай орта­лықтардың саны 25-ке жетті. Және бұл орталықтар ашу­­ға мемлекет тарапынан қаржы шыққан жоқ.

– Ұлттық комиссия тарапынан шағын кәсіпкерлікпен айналысуға бел буған қыз-келіншектерге нендей көмек көрсетіледі?

– Осыдан 2 жыл бұрын Ұлттық ко­миссия еліміздегі Кәсіподақтар феде­рация­сымен бірігіп, конгресс өткізген болатын. Сонда әйелдердің еңбек нарығындағы жәй-күйін жақсарту, оларды кіші және орта бизнеске тарту сияқты мәселелер қаралып, соған сәйкес қарар қабылданған болатын. Оның нәтижесі бәрімізге белгілі, бүгінде орта және кіші бизнестегі әйелдер қатары ер азаматтан кем емес.

ЮНИФЕМ-нің қолдауымен, “Статус” қоғамдық бірлестігінің көмегімен “Гендер­лік бюджет үшін қоғамдық кеңес” атты жо­ба жасалған еді. Осының негізінде респуб­ли­камыздың 5 қаласында семинар ұйымдас­тырылып, жергілікті әлеуметтік бағ­дарла­ма­лар аясында гендерлік сарап­та­малар жасал­ды. ЮНИФЕМ-мен бірігіп жа­саған Қазақ­стандағы гендерлік бюджет жо­басы да жү­зе­ге асуда. Бұл жоба ген­дер­дік бюджет бой­ынша ұлттық сарапшылар мен тренерлерді дайындауды мақсат етеді. Осыған сәйкес Мемлекеттік басқару академиясында ген­дер­лік бюджет бойынша дайындық курсын жүргізу мәселесі де өз шешімін таппақ. Мұ­ның сыртында өткізілетін тренингтер мен семинарлар, басқа да оқу бағдарламалары экономика саласындағы гендерлік тепе-теңдік әрқа­шан­да Ұлттық комиссия назарында екенін байқатады деп ойлаймын.

– Ұлттық комиссия жиі-жиі үкіметтік емес ұйымдардың басын қосып, оларға бағыт-бағдар берумен қатар қоян-қолтық жұмыс істеуге де әрдайым ынталы десем, осы іс-әрекеттің қайтарымы қаншалықты?

– Үкіметтік емес ұйымдар гендерлік тепе-теңдік үшін күресте Ұлттық комис­сия­ға таптырмас көмекші болып отыр. Осы ұйымдар жыл сайын елімізде 4 мың­нан аса конференциялар, дөңгелек үстел­дер, семи­нарлар мен тренингтер өткізеді. Орта есеп­пен оған 150 мыңнан аса адам қатысады. Әрине, осы шаралардың барлы­ғына да Ұлт­тық комиссияның тікелей бас-көз бола­тынын айтсам, осы ұйымдардың әлеуметтік маңызды жобаларын Үкімет жыл сайын тұрақты түрде қаржыландырып келеді. Мәселен, 2005 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі үкіметтік емес ұйымдарға 60 млн. теңге көлемінде қаржы бөлсе, былтыр оның көлемі 710 млн. теңгеге жетті.

Ұлттық комиссияның құрамына үкіметтік емес ұйымдардың 5 лидері кірген. Атап айтқанда, Қазақстанның азаматтық альян­сы­ның президенті Айгүл Соловьева, “Әріптестік орталығы” қоғамдық қорының директоры Гүлнәр Дәржұманова, Балалар және жастар ұйымы ассоциациясының төрайымы Наталья Новодворская, “Статус” әйелдер федерация­сының президенті Ирина Унжакова және “Әйелдердің шығармашылық бастамасы лигасы” бірлескен ұйымының төрайымы Әсия Хайруллина бар.

– Бүгінгі кездесуді пайдаланып, мына бір жәйтті да айта кетсем, гендерлік теңдік туралы сөз бола қалса, қайсыбір зиялы қауым өкілдері бұл әңгімені жақтырмайтынын ашық байқатып жатады. Олардың уәжіне құлақ түрсең, бұның пайдасынан зияны көптігін, ең алдымен халықтың өсімі мен отбасы бірлігіне зиянды екенін айтады. Бұл пікірге орай нендей уәж айтар едіңіз?

– Мұндай пікірдің айтылуы да бір есептен заңдылық болар. Жаратқан ием ер мен әйелді о баста бірдей етіп жаратпағаны рас. Физио­логиялық жағынан әйел нәзік жаратылыс иесі екені де шындық. Бірақ осы арада гендерлік тепе-теңдік деген тек әйелге ғана қатысты әң­гі­ме емес екендігін ойлай бермейтініміз өкі­нішті. Өйткені, гендер тек әйелдің ғана емес, ер азаматтың да құқығы аяққа таптал­ма­уын көздейді. Меніңше, әлгіндей пікірлер мә­селенің мәнісіне бойламаудан туындаса керек.

Иә, гендерлік тепе-теңдік қыз-келін­шек­терді отбасы жылуын сақтаудан, сәби сүюден шеттетеді деген мүлдем жаңсақ ұғым. Әрине, осындай ой-пікір иелерін де түсінуге бола ма деймін. Және ондай әңгіме ұлт келешегіне жанашырлықтан туып отыр деп білемін. Алайда, ондай пікірді айтатындар ер азамат болмысының өзгеріп бара жатқанын айтып неге дабыл қақпайды?!.

Бұрындары қазақтың ер азаматының сәулесі отбасынан асып, айналасына, ағай­ын­ға тегіс жететін. Соның арқасында жесір әйел, жетім бала болмайтын. Ал бүгінгі кей­бір азамат өзге түгіл, өз баласына жан жы­лу­ын бере алмай жүргені де өтірік емес. Мі­не, бүгінде дабыл қағатын, көп болып қолға алатын күрделі мәселенің бірі осы ма деймін.

Енді негізгі әңгімеге оралсақ, бүгінгі уақыт талабы басқа. Біз әлемдегі дамыған 50 елдің қа­та­рына қосылуға ұмтылып отырған елміз. Ал үстіміздегі ХХІ ғасыр сана мен білімнің ғасыры десем, осы уақытқа дейін “әй­ел­дердің сана-сезімінің ер адамдардан аздау” екенін тео­риялық тұрғыдан зерттеп берген бір де ға­лым жоқ. Бүкіл дүниежүзін­дегі халықтардың ру­хани тірегіне айналған киелі 4 кітаптан да ондай мағына беретін сөз кездестірмеппін. Өмір­дің өзіне жүгінсек те, ол әйелдің білім-бі­лігі, іскерлігі ер азаматтан еш кем емес екен­дігін көрсетіп отырған болса, ақыл-парасаты мейлінше мол әйел отбасының берекесі, бала-шағасының ұйыт­қысы екенін күнделікті өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Және ондай қыз-келіншектердің қо­ғамның қозғаушы күші еке­нін ешкім де жоққа шығара алмайды. Жалпы, адамдарды әйел мен еркек деп бөлетін еш жөніміз жоқ. Халқымыз “Еркек көктен түскен жоқ – әйел оның анасы, әйел жерден шық­қан жоқ – ол еркектің баласы” деген емес пе. Біздің мақсат – оларды бір-біріне қарсы қою емес, қайта отбасы мүшелердің ынтымағына сызат түсірмей, олардың бойында бұғып жат­қан қайраты мен қасиетін оятып, ортақ игі­лікке қызмет еткізу. Ендеше, сөздің тоқетері сол, бұрынғы қатып қалған көзқарастарды өз­гер­ту, ескірген дәстүрді жаңарту деп түсінемін. Ескінің бәрі бірдей жақсы бола бермейтінін данышпан Абайдың “Ескі бише отырман құр мақалдап” дегенінен, қара сөздерінде қазаққа пайда бермек түгілі, соны айтудың өзі саналы адамның ар-ұятына сын болатын мақал-мәтелдерді сынағанынан аңғаруға болады.

– Енді әңгіме тізгінін отбасы мәселесіне қарай бұрсақ, елімізде ажырасу, қылмыс, адам­дардың күйзеліске салыну фактілері жиі кезде­сетін болып барады. Осының себебі не деп ой­лай­сыз. Балалардың отбасынан дұрыс тәрбие көрмеуінің салдары ма, әлде отбасы фено­ме­нінің мән-маңызы кеміп бара жатқанының көрінісі ме?

– Баланың қалыптасуында отбасының орны өте маңызды. Қазақта сөз бар ғой “Ұя­да не көрсең, ұшқанда соны ілесің” деген. Шы­нында да отбасында қалыптасқан мінез-құлық, түсінік-таным адами тәжірибенің бастамасы болып табылады. Сондықтан бұл тұрғыда әңгіме айтудың, ой бөлісудің жөні бөлек. Өйткені, еліміздегі либералдық қағи­даттарға сай құрылған, құрылып жатқан отбасыларға қарап, қазір бізде отбасына пай­да келтіретін акци­о­нерлік қоғам сынды қа­райтын көзқарас басым ба деймін. Расында да отбасының әрбір мүшесі бір-бірін осын­дай қарым-қатынас арқылы бағалайды. Бұл жағдай отбасын күйреуге соқтыруы әбден мүмкін. Өйткені, бір-бірін махаббатпен, адами жылылықпен, жан жа­қындығымен аяламай, тек пайда тұрғысынан қарау, отбасының құндылық ретіндегі мәнін кемітсе керек. Мәселен, жоғарыда өзіңіз айт­қан­дай, елімізде ажырасушылардың қатары көбейіп барады. Ата-ананың беделі төмендегені сон­ша, өз ұясын жатсынатын балалар да аз емес. Осының бәрі отбасын либералдық қағи­дат­тарға сәйкестеп құрғанның әсері шығар деп ойлаймын. Енді біздің ата-аналарымызға кел­сек, олар сенім, махаббат, таным тәрізді қасиет­тер­ді, сезімдерді алғашқы орынға қоятын. Сондықтан да отбасы жылуы ең басты орында тұрды. Алайда олар нарықтық экономикамен бетпе бет келуге дайын емес еді. Соған орай көптеген отбасының, жеке­леген адамдардың күйзеліске түскенін көзіміз көрді. Яғни, бұрынғы таным-түсінікке сызат түсті. Енді сол жәйтқа ой жүгіртіп қарасақ, күйзелісті кезеңнің біртіндеп артта қала бас­та­­ғанын көреміз. Ал жаңа буынның танымы да, түсінігі де, болмысы, бітімі де өз ата-анасынан өзгерек. Яғни, олардың бойында адами мейірімнен гөрі материалдық құнды­лық­ты, тұрмыстық жағдайды жоғары қою басымдау.

Батыс ойшылдары баяғыда-ақ либерал­дық экономиканың адамдар арасындағы жылы қарым-қатынасты суытатынын, жұрттың бір бірімен тек ресми байланысқа көшетінін айтқан екен. Ал адамдардың қарым-қатынасы осындай болған соң, бұл экономиканың да өз-өзін ақтай алмай ыдырайтыны көптеген еңбектерде кездеседі. Алайда, бұл басқа әңгіме десем, қазіргі таңда барлық саладағы жетіс­тік­терімен алда келе жатқан елдердің эко­но­микасы либералдық екені рас. Дегенмен, олар­дың ерекшеліктері – еңбекті пайда табу, жа­ла­қы алу деңгейінде қарастырмайтынында. Олар бейімділіктеріне қарай еңбек етеді. Сол еңбектен қанағат алу, сол арқылы өзін мой­ын­датуды алға қояды. Әрі ол елдер өздерінің мәдениетін, ұлттық дәстүрлерін де сақтай білген. Бұл сөзімізге мысал ретінде Жапония, Сингапур, Тайвань елдерін айтуға болады. Ал біз болсақ, либералдық экономиканың қағи­даттарын кіргіздік те, өзіміздің бары­мызды, ұлттық құндылықтарымызды қадірлеуді екінші кезекке ысырып қойдық. Осы ретте өмір сүруді тек экономикаға ғана тіреп қоймай, адамдық қарым-қатынасты сақтай білу мәсе­лесін де алға шығару қажеттігі талас тудыр­майды. Ол үшін балаға не нәрсенің болса да сыртқы мазмұнын ғана емес, ішкі мәнін де түсіндіруге тәрбие­лейтін отбасы институтта­рының рөлі жоғары болмақ. Сол кезде біздің жұртымыз кәсіптік этиканы меңгеріп, қара бастың қамын күйттеуші­ліктен отбасылық құндылықтарды терең түсінуге, әрі қоғам алдындағы жауапкер­шілікті сезіну деңгейіне өсуі тиіс.

– Гүлшара Наушақызы, бүгінде Ұлттық комиссияның атауына отбасылық демография­лық деген өзгеріс енгеніне көпшілік кәдімгідей-ақ қуанып қалған. Және бұл атау халқы­мыз­дың демографиялық ахуалын түзеуге түбегейлі бетбұрыс болар деген үмітте екенін де жасыруға болмайды.

– Ендеше, халқымызға оң әсері тиеді дейтін мәселеге қуана білетін жұрттың бәріне рахмет. Мен де өз тарапымнан сөзімді осындай ұлтқа жанашыр адамдарға бұрсам, белгілі бір мәселеге жанашыр болып жүрген азаматтар соған өзі бас бола білсе, әлдеқайда ұтымды болар еді. Яғни, сөз бен іс қабысып жатса дейсің ғой. Анықтап айтсам, елдің келешегіне жанашырлықты жасауды әркім өзінен бастағаны дұрыс. Өйткені, бүгінде сан жағынан да, сапа жағынан да өсуіміз керек. Сондықтан жанашыр азаматтар отбасындағы бала-шаға санын көбейтуі, оларға білім беруі, біліктілікке үйретуі қажет. Міне, менің әрбір ұлтжанды азаматқа айтар өтінішім осы. Сонда сол адамға қарап, жұрт үлгі алады. Сөз бен істің бірлігін көреді.

Ал енді сұраққа келетін болсам, демогра­фиялық саясат, яғни халық санының өсуі біздің еліміз үшін ең өзекті мәселе екенін білеміз. Сондықтан да оған мемлекеттік тұрғыдан аса мән беріліп отыр. Бұл сөзіме дәлел ретінде мемлекет тарапынан ана мен баланың, отба­сының әлеуметтік жағдайын көтеруге бай­ланысты жасалынып жатқан қамқорлық­тарды айтуға болады. Міне, сол қамқорлықтардың арқасында өтпелі кезеңде тым төмен түсіп кеткен халқымыздың табиғи өсімі 2002 жылдан бастап аздап болса да көтеріле бастады. Алайда, өкінішке орай, оның есесіне, ана мен бала өлімі елімізде әлі де жоғары деңгейде болып отыр. Қоғамдағы алкоголизм мен есірткі дерті, жыныс арқылы жұғатын түрлі аурулар да халқымыздың өсіміне елеулі түрде зиян келтіріп отырған­дығы анық. Ендеше, бүгінгі басты міндет те осындай келеңсіз жәйттарды жою, оны жолға қою деп білетін. Әрине, бұған әрбір ата-ана, ұстаздар қауымы өз тарапынан өлшеусіз үлес қосуы тиіс. Біз сонда ғана ел ертеңіне қызмет ететін табанды ұрпақ өсіреміз.

Осы арада Ұлттық комиссия ең алдымен бүгінгі отбасы жағдайына жан-жақты социологиялық зерттеу жүргізгенін, соның нәтижесіне орай халқымыздың табиғи өсімінің артуына мүмкіндік беретін шаралар кешенін жасап, осы тұрғыда нақты жұмысты бастап кеткенін де айта кетсем деймін. Жұмыс ілгері жүрген сайын алдағы уақытта нендей мәселелерді ескеру қажеттілігі де ай­қындала түсуде. Сондай-ақ, отбасы мәселе­леріне арналған халықаралық конференция өткізу барысында да біраз жәйтті анықтап алған болсақ, депутаттар мен мемлекеттік қыз­меткерлердің қатысуымен “Демография­лық байқаудың негізі”, “Демография және демографиялық саясат” атты тренингтер өткізу, дөңгелек үстелдер ұйымдастыру нәтижесінде біз бірқатар министрліктермен, ведомстволармен бірлесе отырып, отбасы мен некенің беделін көтеруге негіз болатын шаралар кешенін жасауға қол жеткіздік. Бір айта кететін жәйт, биылғы жылы жұмыс жоспарына кірген шаралардың басым бөлігі де отбасы мен некені насихаттау болып отыр. Оның ішінде “Отбасы бірлігіне апаратын жеті қадам” атты республикалық фестиваль өткізуді де жоспарлап отырмыз.

– Дұрыс-ақ. Алайда өкінішке орай, елімізде ерлі-зайыптылардың ажырасуы көбеймесе, азаймай отырған жоқ па. Тіпті жастарымыз отбасын құруға асықпайтын болып барады. Осының бәрі айналып келгенде ұлт келешегіне кері әсерін тигізетін жәйт емес пе?

– Отбасы мен некенің беделін көтеру, насихаттау, сіз айтып отырған келеңсіз жәйттерді оң шешудің кілті деп білемін. Сондықтан да жоғарыда айтып өткеніміздей, нақты әрі кешенді шаралар ұйымдастыра отырып, ұлттық салт-дәстүрлерімізді наси­хаттауды қолға алмақпыз. Сондай-ақ, көп балалы ана, елге сыйлы әке, педагог, социо­лог, дәрігер, психолог сияқты мамандық иелерінің жастар ортасында болып, әңгіме өткізуіне мүмкіндік жасау қажет деп білемін.

Осы арада тоқтала кететін бір мәселе, өткен жылы Ұлттық комиссия мүшелері адамгершілік құндылықтарды жаңғырту, жастар арасында отбасы мен некені насихаттау жөнінде Мәдениет және ақпарат министр­лі­гінің есебін тыңдаған болатын. Бұл министрлік осы тұрғыда орасан жұмыс атқа­рып келе жатқанын да айтсам деймін. Соның біріне ғана тоқтала кетсек, жыныстық тәр­би­е­нің концепциясы, білім беру ұйымда­ры­ндағы тәрбиенің 2006-2011 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы бүгінде іске асуда.

Иә, “жастай берген тәрбие, жас шыбықты игендей” деген ғой. Некенің берік болуы, шаңырақтың шайқалмауы, баланы жастайы­нан жауапкершілікке үйретуге байланысты екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Сондық­тан да білім беру саласында балаларға “От­ба­сылық өмірдің этикасы мен психоло­гиясы” деген пәнді оқытудың берері мол деп білеміз. Сондай-ақ газет-журнал беттерінде, телеарналардан өнегелі отбасы, көп балалы ата-ана ұлағаты жайлы жиі жазып, көр­сетудің берері мол. Осы әңгіме үстінде мүм­кіндікті пайдала­нып, елдің, ұлттың мүддесіне жанашыр­лық­пен қарайтын сезімі сергек журна­листерге, жаны ізгі оқырман қауымға осы айтылған мәселеге үн қосып, жиі қалам тербесеңіздер деген өтініш айтқым келеді.

– Ұлттық комиссия осынау 10 жыл ішін­де талай-талай жанам деген жүрекке от бер­ге­ні анық. Алайда, ауыл әйелдері бұл қам­қор­­лықтан қағажу қалып келе жатқан жоқ па?

– Ол не дегеніңіз. Ауыл біздің халқы­мыз­дың алтын бесігі. Көп балалы алтын құр­сақ аналарамыз да осы ауылдан. Қазақ­тың жақсысы мен жайсаңдарын да берген сол ауыл. Сондықтан да Ұлттық комиссия белгі­леген іс-шаралардың барысында ауыл әйе­лінің жәй-күйіне жете мән беріліп отыр. Міне, 2009 жылға арналған жұмыс жос­па­ры­на үңілсек, Ұлттық комиссия мүшелері жыл­ды Ауыл шаруашылығы министрлігінің ауыл әйелдерін жұмыспен қамтуға байланысты жүргізген жұмыстары жөніндегі есебін тыңдаудан бастаған болатын. Ал айта берсе, мұндай шаралардың қатары мол. Оның үстіне Ұлттық комиссияның жер-жердегі филиалдары, яғни облыс, аудан әкімдері жа­нын­дағы комиссиялар атқара­тын шаруалар да шаш-етектен.

– Сіз әлгінде ер азаматтың болмыс біті­міне байланысты ой қаузаған едіңіз. Енді сол әңгімеңізді қайтадан сабақтасаңыз қайтеді.

– Өзіңіз де білесіз, республика халқы­ның 52 пайызы әйел. Бұл елімізде ер аза­матқа қарағанда, әйелдер саны көп деген сөз. Көп болатыны, бала кезде ұл мен қыз­дың саны деңгейлес болса, жылдар өте келе ер азаматтар қатары сирей береді екен. Ға­лым­дардың пайымдауына жүгін­сек, ерлер әртүрлі апаттарға жиі ұшырай­ды. Арақ, есірткі, темекі сияқты әдеттерге де үйір болады. Соның салдарынан денсаулығына нұқсан келеді. Ең қиыны, олар өз денсау­лығын күтпейді, салдыр-салақ қарайды дейді. Дәрігерлердің сөзіне ден қойсақ, өз денсаулығын күтпеудің кесірінен белсіздікке ұшырап жатқан жігіт­тер де аз емес көрінеді. Осының бәрі айна­лып келгенде, ерлі-зай­ып­тылардың ара­сы­на сызат түсіріп, отба­сына, бала-шағасына қаншама қайғы-қасі­рет әкелетінін енді өзіңіз де іштей жобалай беріңіз. Сөйтіп, ол өзін ғана емес, отбасы мүшелерін де ба­қыт­сыз етеді. Ата-анасына қайғы-қасірет шектіреді. Ең сұмдығы, өзінің қарақан басын алып жүре алмай, санда бар санатта жоқ боп күн кешіп жүрген еркек­тердің жыл өткен сайын көбейе түсуі. Қо­ғамда ер азаматтың бойындағы еренсіз­дікке бой үйретіп бара жатыр ма деймін. Неге десеңіз, өзгені қойғанда, оларға арнап ден­саулық күтімі, жеке бастың күтімі сияқты пай­далы кеңесті де айтпайды. Ке­рісінше, арақ пен шарапты, сыраны мақтап, зиянды әдеттерге үйір болуға шақырады. Осының кесірінен ажырасу да көбейіп барады. Міне, барша қауым болып қолға алатын мәселенің бірі осы ма деймін.

Әрине, ер азаматтың бәріне күйе жа­ғу­дан аулақпыз. Әйтсе де, жоғарыда айт­қан­дай, өзіне, өз ісіне жауапкершілікпен қара­май­тын ерлер қатарының көбеюі алаңда­та­ды. Бұл өте қорқынышты жәйт. Өйткені, өз басына жақсылық ойламайтын адам қоғамға да пайдасыз. Ондай адам жұмысты да, бала тәрбиесін де қарық қылмайды, ата-ана үмітін де ақтамайды. Жарының адал сезімін де аяққа басады. Ал естияр адамды жөнге шақыру қиынның қиыны екені белгілі. Сондықтан ер балаға кішкентай кезінен оң тәрбие беру, оны жауапкершілікке үйрету, зиянды әдеттерге үйір болмауға, жақын-жуықтарын аялау, елді, Отанды сүюге тәрбиелеу отбасынан бастау алмағы ләзім.

– Жұрт көктем мерекесі қарсаңында Қазақстан әйелдерінің V форумы өтетін­дігінен хабардар. Онда нендей мәселелер сөз болмақ?

– Ең алдымен форумның Президент жанындағы әйелдер істері және отбасы­лық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның құрылғанына 10 жыл толуына орай өтетінін айтсам, осы шара аясында “Әйел. Отбасы. Ел: проблемалар және даму перспективасы” деген тақырып­та конферен­ция өтпек. Онда форумға қатысушылар Қазақстандағы әйелдердің үлесі; орта тапты қалыптастыруға үлес қосу әйелдер қауы­мы­ның маңызды міндеті; әйелдер Қазақ­стан­дағы саяси үдерістерде мемлекеттік басқару мен қоғамды демо­кра­тияландыру жүйесін жетілдірудің факторы; ұлттық және рухани құндылықтарды дамытуға және жаңғыртуға әйелдердің шығармашылық ықпалы; Мем­лекет бас­шы­­сының жаһандық қауіпсіздікті қам­та­масыз ету мен әйелдерді аталған үде­ріс­­терге белсендірек тарту жөніндегі баста­ма­ларын қорғау деген тақырыптар бойынша секцияларға бөлініп, жұмыс істемек.

– Ұлттық комиссияға кезінде басшылық жасауға талпынған қыз-келіншектер қатары аз болмаған сияқты. Алайда, Президенттің таңдауы өзіңізге түсті. Жұрттың айтуынша, бұл таңдауға әсер еткен сіздің білім-білігіңізге қоса тіліңіз бен діліңіздің қазақы болуы дейді. Соның шындығын өз аузыңыздан естісек.

– Шынымды айтсам, мен мұндай әңгімені білмеймін. Сондықтан да бұл сұрағыңызға жауап бере алмаймын. Тек ай­тарым, өзіме көрсетілген сенімді ба­рын­ша жауапкершілікпен атқаруға тиістімін.

– Сізді адам бойындағы нендей қасиет қорқытады?

– Жауапсыздық.

– Ең құрмет тұтатын қасиетіңіз ше?

– Адалдық. Іскерлік. Кәсіби шеберлік.

– Міне, жылына бір айналып келетін халықаралық әйелдер мерекесі де таяп қалды. Сөз соңында аналар қауымына, қыз-келіншектерге нендей тілек айтасыз?

– Қашанда бар жақсылықтың бастауы әйелдер деп білемін. Сондықтан да барға қанағат, жоққа салауат деп бала-шағасын жүдетпей, отбасының берекесін қашырмай, заман тынысынан қалмай келе жатқан әйелдерге зор құрметпен қараймын. Замандастарымды Құдай ашкөздіктен, берекесіздіктен сақтасын дей отырып, барша аналар қауымына, қыз-келіншек­терге шуақты сезім мен мерекелік көңіл-күй тілеймін.

– Әңгімеңізге көп рахмет.



Авторы: Әңгімелескен Жұмагүл ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат