Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-03-18:

ІСКЕРЛІК ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ

 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары кеше әрі қарай жалғасты. Мемлекет басшысы бұл күнгі сапарын “Эмират палас” қонақ үйінде өтетін Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері Іскерлер кеңесінің алғашқы отырысына қатысудан бастады.

Қазақстан мен БАӘ Іскерлер кеңесі өткен жылы құрылған болатын. Кеңеске Қазақстан тарапынан 20-дан астам, Әмір­ліктер тарапынан 50-ге жуық кәсіпкер мүше. Отырысты жүргізуші Қазақстан басшысы қатысып отырған бүгінгі екі ел арасындағы іскерлік бай­ланыстарды жан­дандыруға қосатын үлесі ерекше екендігін айта келіп, Әмірліктер тарапынан қатысып отырған лауазым иелерін таныстыра кетті. Бірі – эконо­ми­ка министрі Сұлтан әл Мансури, екін­шісі – Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Салах Ассамши.

Алғашқы сөзді БАӘ Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Салах Ассамши алып, Қазақстан басшысына осы оты­рысқа уақыт бөліп, келгені үшін Алланың атынан алғыс білдірді. Содан кейін екі елдің іскер топтары арасындағы енді бас­талған байланыстарға қатысты ойын ор­т­аға салды. Оның мәлім етуінше, Іскерлер кеңесінің құрылуы БАӘ Президенті мен Қазақстан Президенті арасындағы достық тығыз байланыстардың нәтижесі болып табылады. Осы тығыз ынтымақтастықтың арқасында үкіметтер арасында жақсы қатынастар орнады. Алдағы уақытта екі елдің инвестициясы 15 миллиард дирхам­ға жетеді деп күтіліп отыр.

Бұдан соң отырысты жүргізуші сөзді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Наз­ар­баевқа берді.

Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктеріне келіп қайтуға мүмкіндік жасаған ел Президенті шейх Халифа бен Заид әл-Нахаянға алғысын білдіре келіп, екі ел арасындағы берік орныққан достық қатынастарға тоқталды. Біздің мемле­кет­тер арасындағы қатынас, асырып айт­қан­дық емес, тұрақты және табысты саяси-экономикалық жағдайда дамып келеді, деді Президент. Біздің елдердің әлемдік саясаттағы өзекті мәселелер бойынша ұстанымдары ұқсас. Біз ірі экономикалық жобаларды бірлесіп жүзеге асырудамыз. Қазақстанның халықаралық бастамалары Әмірліктерден қолдау тауып келеді. Осы­ның барлығына менің бауырым шейх Ха­ли­фа бен Заид әл-Нахаянмен жеке қа­рым-қатынасымыздың және біздің елдер арасындағы жиі делегациялар алмасу мүмкіндік тудырып отыр.

Президент бұдан кейін әлемдік қаржы дағдарысына қарсы Қазақстанда қолға алы­нып жатқан шараларды айтып өтті. Мемлекет басшысының атап өткеніндей, әлемдік қаржы дағдарысы елдердің алды­на жаңа міндеттерді қойып отыр. Қазіргі кезде көптеген елдерде азық-түлік және энергетикамен қамту проблемалары көрі­ніс беруде. Бұл дағдарыстың басқа жағы да бар. Әлемдік экономиканы дамыту мен оның негіздерін реттеу моделін алмастыру жүріп жатыр. Қаржы дағдарысының әсерін Қазақстан да сезінуде. Елбасының тапсырмасына орай бұдан бірнеше жыл бұрын тұрақтандыру қоры құрылды. Үкімет елдің әлеуметтік-экономикалық даму тұрақтылығын қолдау жөніндегі бі­рін­ші кезектегі шаралар жоспарын жедел дайындады, қазір ол жүзеге асырылып жатыр. Аталған бағдарлама аясында Қа­зақ­станның қаржы жүйесі мен экономи­ка­ның басым салаларын қолдау да қарастырылған.

Дағдарыс кезеңінде Қазақстан Рес­публикасының Үкіметі инфрақұры­лым­дық жобаларды белсенді дамытуда және жаңа жұмыс орындары ашылуда, деді Елбасы осыған қатысты. Сондықтан Қа­зақ­стан осы қиын кезеңдерден табысты өтетініне сіздерді сендіргім келеді. Мем­лекет басшысы отырысқа қатысушыларды еліміздің өткен жылдағы көрсеткіш­тері­нен де хабардар етті. Қазақстандық экс­порттың, сондай-ақ шикізат рыногындағы бағаның төмендеуіне қарамастан, Қазақ­стан 2008 жылды жақсы макро­эко­но­микалық нәтижелермен қорытындылады. Нақты ІЖӨ 3,2 пайызға өсіп, инфляция 9,8 пайызды құрады. Оң сауда балансы­ның деңгейі 16 миллиард АҚШ доллары­на жуықтады. Қаржы секторының тұрақ­тылығы қамтамасыз етіліп, банк секторы барлық ішкі және сыртқы қарыздық мін­деттемелерін өз уақытында орындап келеді.

Елбасы екі ел іскер топтарының өкіл­де­рі мен бизнесмендер назарын эко­но­микалық дағдарыс жағдайында ынтымақ­тастықтың жаңа жолдарын іздестіру арта түсетінін, қалыптасқан экономикалық проблемаларды жалғыз-жарым шешу мүмкін емес екендігін, бұл жерде биз­нес­мендер белсенді және маңызды рөл атқаратынын атай келіп, Қазақстан мен БАӘ елдерінің энергетикалық мол мүм­кіндіктеріне тоқталды. Мемлекет бас­шысының атап көрсетуінше, Қазақстан алдағы уақытта байланыстарды тереңдету арқылы өзара тиімді ірі жобаларды жүзеге асырып, экономиканы әртараптандыруды ұсынады.

Президент осыған байланысты мы­салдар да келтірді. БАӘ инвестициялық қорлары мен қаржылық институттарының өз капиталдарының бір бөлігін депозит ретінде қазақстандық банктерге орналас­ты­руға немесе қазақстандық компания­лар­дың құнды қағаздарын сатып алулары­на мүмкіндіктері бар. Осы қадам сіздер үшін капиталды қорландыруға аса тиімді және сенімді болар еді, деді Елбасы. Біз өз тарапымыздан сіздердің инвестиция­лары­ңызды мемлекет кепілдігімен қор­ғауға алуға дайынбыз.

Мемлекет басшысы Әмірліктер кәсіп­керлерін Қазақстанның табиғи байлы­ғы­мен, географиялық қолайлы орналасу жағ­дайымен де таныстырды. Еліміз анық­талған мұнай қоры жағынан әлемде се­гізінші, табиғи газ қорынан он бесінші орын алады. Мыс, марганец және мы­рыш­тан – төртінші, қорғасын мен темірден – алтыншы, көмір мен алтын­ның запас қоры жағынан сегізінші орын­да. Дүние жүзіндегі уран қорының 27 пайызы Қазақстанның үлесіне тиеді. Ал уран өндіруден бірінші орында тұрмыз. Елбасы сондай-ақ агроөнеркәсіп кешені мен азық-түлік өндірісін дамыту үшін мол мүмкіндіктер бар екенін де атап өтті.

Біздің еліміз Азия мен Еуропа және Ислам әлемі аралығындағы қиылыста ор­наласқан, деп жалғыстырды сөзін Пре­зидент. Біздің аумағымыз арқылы ертеде Оңтүстіктен Солтүстікке және Батыстан Шығысқа апаратын жол өткен. Бүгінде біз бұл көлік магистралін белсенді дамы­ту­дамыз. Біздің маңайымызда Еуразия­ның аса үлкен рыноктары – Ресей, Қытай, Орталық Азия, Иран, Пәкстан, Кавказ орналасқан. Біздің бағалауы­мыз­ша, көршілес елдердің рыногы 500 мил­лионнан астам адамды қамтуы мүмкін. Бұл сіздер үшін үлкен мүмкіндігі бар аса ауқымды рынок. Бізде жаңа өндірісті құру арқылы сіздер осы рыноктан өз орын­дарыңызды алуға мүмкіндіктеріңіз бар.

Қазақстан Президенті еліміздің ин­вестициялық қолайлылығына, шетелдік инвестицияны қорғаудың толық заңдық негізде қамтамасыз етілгеніне, салық салмағы төмендетіліп жатқанына тоқтала келіп, Қазақстан мен БАӘ арасындағы ынтымақтастық сапалы жаңа деңгейге көтерілгенін атады. Елбасының атап өткеніндей, екі ел арасында стратегиялық сипаттағы қатынас орныққан. Бүгінде бар­лық бағыттар бойынша ынтымақ­тас­тық кеңейіп және нығайып келеді. Қа­зақстан Әмірліктер компаниясын Каспий теңізіндегі стратегиялық аса маңызды нысан – “Блок-Н” мұнай кен орнын игеруге тартып отыр.

Сондай-ақ “Фаллах” тіке инвести­ция­лар бірлескен қорының құрылатындығына Қазақстан ерекше маңыз береді. Бұлардан басқа бүгінде Астанада “Абу-Даби Плаза Астана”, Ақтауда “Ақтау сити” кешендерін салу жобалары жүзеге асырылуда. Міне, осылар екі елдің ынтымақтастығы бекем­дене түскенін білдіреді. Әлемдік қаржы дағдарысы іскерлік белсенділікке де әсер етті, деп жалғастырды сөзін Елбасы. Әлемде көптеген инвестициялық жоба­лар­ды жүзеге асыру тежеліп тұр. Көпшілік сарапшылардың пікірінше, тұрақтану 2010-2011 жылдары басталады. Қазірден бастап біз дағдарыс кезеңінен кейін ашы­латын перспективалар туралы ойлануы­мыз қажет.

Мемлекет басшысы сөзінің қорытын­дысында елді дамытудың ең маңызды үш басымдығын бөліп көрсетті. Бірінші – жоғары қосымша құнға негізделген өнер­кәсіп саласын дамыту. Бұл – химия, мұнай-химия, мұнай өнімдері өндірісі, металлургия, мәшине жасау, көлік жабдықтары өндірісі, мұнай-газ және ауыл шаруашылығы салалары. Екінші – агроөнеркәсіп кешенін дамыту. Ол үшін ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдейтін жаңа өндіріс орындарын құру қажет. Бұған мал шаруашылығы мен ет-сүт өнімдері өндірісінде үлкен мүмкін­діктер бар. Үшінші – инфрақұры­лым­дарды, әсіресе энергетика, көлік және ло­гистика, халықаралық сауданы дамытуға қатысу.

Елбасы осыған байланысты Әмірлік­тер тарапына Қазақстан Үкіметі нақты жобалардың тізілімін табыс еткенін де ха­бар­лап, БАӘ іскерлерін Қазақстан рыно­гына қатысуға шақырды және Іскерлер кеңесі отырысының жұмысына табыстар тіледі. Бірқатар сұрақтарға жауап қай­тарды.

Елбасының сөзінен кейін екі ел кәсіп­керлері өзара кездесіп, пікірлер алмасты. Жалпы, БАӘ-де аты алысқа кеткен аса ірі компаниялар жеткілікті. Солардың бірнешеуіне тоқтала кетейік.

“Аль-Фахим” компаниясын 1958 жылы белгілі кәсіпкер Абдул Жалил құ­рып­ты. Ол 1996 жылы қайтыс болған екен. Қазіргі кезде компанияны оның сегіз ұлы басқарады. Олар әкесінің бас­тап, жолға қойып берген істерімен шек­теліп қалмай, компанияның құлашын кеңге жайып үлгеріпті. Негізінен құры­лыс, жылжымайтын мүлік пен өнеркәсіп нысандарын салып, оны сатумен, сондай-ақ денсаулық сақтау, туризм, қонақ үй бизнесі, банк және инвестициялық қызметтермен айналысады.

Бұлардан бөлек “Аль-Фахим” холдингі Бахрейн халықаралық инвестициялық банкінің 23 пайыз акциясына және Ұлыбританияның “The Bіg Bus” компа­ниясының 30 пайыз акциясына иелік етеді. Компанияға басшылық етуші сегіз ұлдың бірі – Саид Аль-Фахимнің пікірін­ше, қазіргі кезде отбасылық бизнес БАӘ экономикасының негізі болып табылады. Алысты ойлаған олар өздеріне шетелдік мамандарды тарта бастапты. “Бірақ, шет­елдік компанияға бақылау жасауды сеніп тапсыруға болмайды”, – дейді ол.

Ағайындылардың “Саих” сауда-өнер­кәсіп компаниялар тобы бұдан 70 жыл бұрын құрылыпты. Бүгінде оның құрамы­на кіретін 29 компания көптеген араб мемлекеттерінде, сондай-ақ Батыс, Шы­ғыс Еуропа және Азия елдерінде өз қыз­меттерін жүзеге асырып келеді. Жалпы жылдық кірістері 200 миллиард АҚШ долларына дейін жетеді, онда 2,5 мың бі­ліктілігі жоғары маман қызмет етеді. Бұл ком­пания 2001 жылы Астанада өз зауыт­тарының сыр (бояу) өндіретін филиалын ашыпты. Ал “Абу-Даби кооперативтік қоғамы” компаниясы азық-түлік сататын дүкендер жүйесімен белгілі. Оның сауда жүйелерінде 2200 жоғары менеджментті маман жұмыс істейді. Шетелдік сарап­шы­лардың бағалауынша, бұлардағы азық-түлік түрлерінің бағалары өзге компания­лардағыға қарағанда едәуір арзан. Сондай-ақ “Бен Хамуда” компаниялар тобы да елдегі ірі компаниялардың бірі са­налады. Осы холдингтің басқарма төр­ағасы Али Фарадж бен Хамуда 2002 жылы Алматы қаласының “Орбита” шағын ауданындағы мешітті кеңейтіп, қайта жөндеуден өткізуге 1 миллион доллар қаржы бөліпті.

Газеттің кешегі нөмірінде жарияланған мақалада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бірікккен Араб Әмірліктеріндегі Қазақ­стан мәдениеті күндерінің ашылуына қатысқанын хабарлаған едік. Мәдени күн­дер аясындағы басты шара жергілікті уа­қыт сағат 20.00-де басталғандықтан, оған кеңірек тоқтала алмағанбыз. Соның реті енді келіп тұр.

Қазақстан мәдениеті күндерінің ашы­лу салтанаты жеті жұлдызды “Emіrates Palace” қонақ үйінің Концерт залында өтті. Қазақстан Мәдениет және ақпарат министрлігінің бас болуымен қазақтың мәдениетін, қолөнерін, ұлттық әшекей­лерін, сондай-ақ еліміздің бүгінгі жетіс­тіктерін көз алдыңа елестететін көрме де ұйымдастырылған екен. Байқап тұрмыз, келіп жатқан жұрт, араларында еуропа­лықтар да, арабтар да, азиялықтар да, арнайы шақырумен келген елшіліктер өкілдері де бар, барлығы көрмені тамаша­лап, біраз уақытқа дейін айналсоқтап жүріп алды. Ал кең де айшықты концерт залының іші құрметті меймандар Нұр­сұл­тан Назарбаев пен Абу-Даби тақ мұрагері шейх Мұхаммед бен Заид әл-Нахаян келмей тұрып-ақ көпшілікке лық толып қалған болатын.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назар­баев пен Абу-Даби тақ мұрагері Мұхаммед бен Заид әл-Нахаян концерт залына енгенде, зал толы қалың көрермен меймандарды орнынан тұрып, қол соғып, зор қошеметпен қарсы алды. Сол-ақ екен сахна шымылдығы айқара ашылып, сахна төрінен орын алған “Отырар сазы” оркестрінің өнерпаздары Құрманғазының “Сарыарқа” күйін күмбірлете жөнелді. Әртүрлі елдің талғамы биік көрермен-тыңдаушыларының басын біріктірген зал іші күй аяқталғанда, біразға дейін қол соғып тұрып алды. Одан кейін қазақстан­дық өнер шеберлері Абайдың “Көзімнің қарасын”, араб әуені “Даразитті”, Үкілі Ыбырайдың “Гәккуін”, Евгений Бруси­ловскийдің “Бозайғырын”, тағы басқа ән-күй, опера-балеттер үзінділерін бірінен кейін бірін орындап, тыңдармандарды риза етті. Оны әр шығарма орындалған сайын дуылдата қол соғылғанынан аңғарып отырдық.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев ресми сапары аясында кеше жергі­лікті үш бірдей бұқаралық ақпарат құрал­дары – араб және ағылшын тілінде ақпа­раттар тарататын “WAM” ақпарат агент­тігінің, “Абу-Даби TV” телеарнасының және “Русские Эмираты” жарнамалық сипаттағы басылымның журналистеріне сұхбат берді, олар тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар қайтарды.



Авторы: Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ – Абу-Дабиден. Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат