Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-03-18:

МАҚСАТ — ЕЛ ЕҢСЕСІН КӨТЕРУГЕ АТСАЛЫСУ

 

Ақтауда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Дағ­да­рыс арқылы жаңару мен дамуға” атты Қа­зақ­стан халқына Жолдауын жан-жақты талқылап, онда көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру жол­дарын белгілеген аймақ активінің жиналысы болды. Жиналғандар зейін қоя тыңдаған байыпты баяндаманы жасаған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев өз сөзін: “Аты айтып тұрғандай, дағдарысты жеңу оңай шаруа емес, дей тұрғанмен, мұндай қиыншылықтар экономиканың анағұрлым сапалы дамуына, жаңа сатыға сәтті қадам жасауына мүмкіндік береді”, деп бастады.

Елімізде дағдарыс салдарын еңсеру бағы­тында дайындалған шаралар тиімді түрде іске асырылып жатыр. Ұлттық қор құру ар­қы­лы жинақталған қаржыны сақтаудың мақ­сатты түрде жүргізілген саясаты өзін толық ақтауда. Елбасының сарабдал саясатының нәтижесінде ғаламдық дағдарыс қысқан қиын уақытта да Қазақстан экономикасы қо­мақты қаржылай құйылымдар алды. Ол тұрғын үй секторын дамытуға, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға, агроөнер­кәсіп­тік кешенді дамытуға, сондай-ақ иннова­ция­лық-индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталуда, деп жалғады сөзін әкім.

Қ.Көшербаев келесі кезекте осы жылдың наурызынан бастап, банктер ипотекалық не­сие­лері бар азаматтардың өтініштерін қабыл­дай бастағанына тоқталды. Жыл басынан қол­данысқа енгізілген жаңа Салық кодексі­нің аясында кейбір салық түрлері азайтылып отыр. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ішкі сұраныстың кілтін таба білген мемлекеттер дағдарыс салдарын неғұрлым аз сезінеді екен. Бұл ретте “Мемлекеттік сатып алулар туралы” Заңға енгізілген өзгерістер отандық өнім өндірушілерге басымдық берумен қатар, ішкі сұранысты ынталандыра түспек­ші. Мемлекеттік сатып алуларда қазақ­стан­дық үлесті арттыру отандық өнім өндіру­ші­лер­дің жұмыс орындарын сақтауда тегеурінді тетік болғалы отыр. Осы мақсатта Елбасы тапсырмасымен облысымызға Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ө.Шөкеев бастаған жұмыс тобы келді. Сол сапар қорытындысында облыс кәсіпорындары жергілікті тауар өндірушілермен 248 млрд. тең­ге шамасындағы меморандумдарға қол қойды. Бұл республика өңірлері ара­сын­дағы ең ірі көлемдегі іс-шараның бірі болды. Біздердегі тауар өндірушілеріміз бұған тоқ­мейілсімек емес. Бәсекеге қабілеттілік, сапа және шығарылатын өнімдердің дүниежүзілік стандартқа сай болуы күн тәртібінен түспейтін мәселе болады.

Шүкір, Маңғыстау – жұмыс орындары­ның қысқартылу қаупі аз өңірлердің бірі. Тіпті, өңіріміз өзге облыстардан да жұмыс күшін қабылдауға қабілетті. Ол туралы жыл басында облысымызға сапары кезінде Үкі­мет басшысы Кәрім Мәсімов тапсырма бер­ді. Оны жүзеге асыруға мүмкіндік те жоқ емес. Дей тұрғанмен, жұмыс орындарын қыс­қарту қаупі де туындап отырғанын жоққа шығара алмаймыз. Соған орай, қосымша шаралар қабылданды. Қазірдің өзінде өңір кәсіпорындарымен өндірістік үдерістерді тұрақтандыру және жұмысшылардың еңбек құқықтары мен кепілдіктерін қамтамасыз ету жөніндегі 183 меморандумға қол қойылды, бұл шаралар 65 мың жұмысшының құқы мен мүддесін қорғауға мүмкіндік береді.

Осынау қиын кезде тұрғындардың әл­жуаз топтарына көңіл аударып, оларға қол­дау көрсету үшін заң бойынша белгіленген төлемдерден басқа жергілікті бюджет есе­бі­нен 18 түрлі қосымша әлеуметтік көмек бе­рілуде. Тұрғын үй көмегін алушылар қатары 7 мыңнан 13 мың адамға жетті. Біздер үшін осы жылғы маңызды міндеттер қатарына жаңа жұмыс орындарын ашу, коммуналдық шаруашылықты ретке келтіру, әсіресе, ауыл­дық жерлердегі жолдарды, мектептер мен ауруханаларды, мәдени-спорттық нысандар­ды жөндеу жұмыстары бар. Осы жылы ауылдық жерлер газ және ауыз сумен 100 пайыз­ға қамтамасыз етілетін болады.

Осынау кезеңде бюджет қаражатын игеру­дің барлық деңгейінде аса үнемшілдік пен қатаң қаржы тәртібі сақталмақшы. Жаңа жұмыс орындарын ашу, еңбек ресурстары­ның біліктілігін арттыруға қаражат көбей­тіледі. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жоспарлары жетілдіріліп, оны жүзеге асыру жалғасады. Экономиканы модернизациялау және әртараптандыру, базалық инфрақұры­лым­дарды дамытуда “Жер-Теңіз-Аспан” ық­палдастық инвести­циялық мега-жобасының барлық бағыттарын жүзеге асыру жал­ғасады.

Облыс басшысы сөзінің со­ңында Елбасының халыққа Жол­дауы көптің көңіліндегі ­сұрақтарға жан-жақты жауап бергенін атап көрсетіп, ха­лық­тың рухын көтеріп, сенімін тұрақтандырған құжаттағы алға қойылған міндеттердің жүзеге асуына әрбір азамат­тың үлес қосуы абыройлы борыш екендігін айтты.

Баяндама бойынша “Маң­ғыс­­таумұнайгаз” АҚ бас ди­ректорының міндетін атқару­шы Ұзақбай Қара­балин, “Қа­рақұдықмұнай” ЖШС бас ди­ректоры Сергей Гуржий, кәсіп­­одақтардың облыстық кеңесі­нің төрағасы Имамәди Айналиев, Маңғыстау аудан­дық ауруханасы­ның бас дәрі­гері Б.Байназаров, Маң­ғыстау гуманитарлық колледжі­нің директоры Анна Ушакова, “Маңғыстау облыстық азаматтық альян­сы” заңды тұлғалар бірлес­тігі­нің президенті Ж.Махамбетова өз пікірлерін білдіріп, Жолдау жүк­теген міндеттерді жүзеге асыруға аянбай атсалысатындарын көлденең тартты.

Облыс активінің жиналысына қатысқан халық жазушысы, Парламент Сенатының депутаты Әбіш Кекілбайұлы өңірде қолға алынып жатқан серпінді жобаларды бүкіл ел, қалың халық болып қолдаудың мән-маңызы туралы әсерлі әңгімеледі. Осы басқосуда сенатор:

– Достарым, жерлестерім биыл күзде менің жасымның 70-ке толатындығын жиі еске салады. “Той жасалық, атап өтелік”, дейді. Ал мен бұл жыл Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, дағдарыстан шынығып, ширап шығуымыз үшін ашылмай, шашылмай, ауызбірлікпен жұмыс жасайтын жыл болсын дегім келеді. Себебі, мен үшін аймақтағы әрбір жаңалықты, жақсылықты естіп білуімнің, әрқайсыңның аман-сау жүріп, жүздеріңнің жарқын болғандығын көргенімнің өзі ұлы той, зор қуаныш. Ендеше, жарыса жұмыс жасап, ел еңсесін көтере түсуге елеулі үлес қосуды ойлалық, – деді.

Жоламан БОШАЛАҚ, Ақтау.

 

БАҒЫТЫМЫЗДЫ АЙҚЫНДАЙТЫН БАҒДАРЛЫ ҚҰЖАТ

 

Нұрлығайым ЖОЛДАСБАЕВА,  Парламент Сенатының депутаты, Экономикалық және өңірлік саясат комитетінің төрайымы.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың Қазақстан халқына жыл сай­ынғы Жолдаулары еліміздің саяси-экономикалық дамуының жаңа белестерін айқындайтын бағдар­лар­ды қамтып келеді және соны­сы­мен құнды. Мемлекет басшы­сының биылғы Жолдауы экономикалық дағдарыс еліміздің тыныс-тірші­лі­гіне кері әсер ете бастаған кезбен тұспа-тұс жарияланды. Бұл туралы Елбасы “Дағдарыс бізге сырттан келді. Оның көздері елдің ішінде емес, әлемдік экономиканың сәй­кес­сіздігінде жатыр”, деді. Осы жағ­дайды, сонымен қатар, дағ­дарыстың Америка Құрама Штат­тарынан бастау алғандығын бүкіл әлемнің танымал экономистері мен сарапшылары да мойындауда.

Әлем жұртшылығы осы дағда­рыстың жаһандық ауқымдағы си­патын ескере отырып, одан шығу жолдарын іздестіру үстінде. Басқа елдер сияқты Қазақстан да осы жаһандық проблеманы басынан кешіруде және одан шығу жол­да­рын қарастырып жатыр. Бұл ретте, ел Президенті өзінің “Дағдарыстан шығу кілті” атты мақаласын жа­риялаған болатын. Онда дағдарыс қыспағынан түбегейлі шығудың алғашқы жаһандық кілті ретінде ұлттық тұрғыдан биік тұратын мем­лекетаралық валюталық-есеп­тік бірлік енгізу бастамасы кө­теріл­ді.

Баршамызға мәлім, 11 наурыз­да Екінші Астаналық экономи­ка­лық форум болып өтті. Дүйім жұрт болашағынан үміт артқан осы форумның жұмысына қатысу үшін әлемнің 40-тан аса елінен ғалым­дар келді. Олардың қатарында Нобель сыйлығының лауреаттары, профессорлар, Ислам Даму банкі, Еуропа Қайта құру және даму банкі сияқты жетекші әлемдік банк­тердің президенттері, мемле­кет қайраткерлері, басқа да белгілі ғалымдар, танымал экономистер мен сарапшылар бар. Форумның жұмыс барысында Қазақстан бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жо­ғарыда аталған бастамасы қаты­су­шылар тарапынан жоғары баға­ланды. Одан басқа, әлемдік дағ­да­рыс жағдайында Қазақстанда қаржы секторын тұрақтандыруға, жылжымайтын мүлік рыногындағы проблемаларды шешуге, агро­өнер­кәсіп кешенін дамытуға, шағын және орта бизнесті қолдауға, ин­но­вациялық, индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға байланысты қабылданып жатқан игі жұмыстар да құпталып отыр.

Осы тұста, елімізде жүргізілген ақша-кредиттік реттеуге және ин­фляцияға қарсы саясатқа тоқтала кетейік. Бұл ретте, жасалған қо­мақ­ты қадамдар шеңберінде сырт­қы қарыздарды шектеуде қабыл­данған шешімді, сондай-ақ дағ­да­рыс жағдайында зардап шеккен са­лаларға: үлестік тұрғын үй құры­лысы рыногына, шағын және орта бизнеске, агроөнеркәсіп кешеніне қажетті ақшалай және әкімшілік көмектерді тілге тиек етуге болады. Аталмыш мақсаттарға 2007 жыл­дың күзінен бастап 2008 жылдың бірінші жартысына дейінгі кезеңде мемлекеттік бюджеттен 550 мил­лиардтан астам теңге көлеміндегі қаржы жұмсалды.

Өз кезегінде, депутаттық кор­пус алға қойған міндеттерді құқық­тық қамтамасыз ету мақсатында тиісті нормативтік-құқықтық ба­за­ны қалыптастырды. Нәтижесінде, жаңа бюджет жүйесін құруға мүм­кіндік беретін Бюджет кодексі, жаңа Салық кодексі, олардың не­гізінде 2009-2011 жылдарға ар­нал­ған үшжылдық республикалық бюд­жет туралы заң, сондай-ақ Ұлт­тық әл-ауқат қорының мәрте­бесі мен өкілеттігін айқындайтын дербес заң қабылданды.

Қолданыстағы “Мемлекеттік сатып алу туралы” Заңға отандық кәсіпкерлердің бәсекеге қабілет­ті­лігін арттыру, сондай-ақ тауар­ларды сатып алуда қазақстандық мазмұнды арттыру бөлігінде, “Ин­новациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы” Заңға дағдарыс жағ­дайында инновациялық қыз­метті мемлекет тарапынан қолдау, елдегі инновациялық белсенділікті арттыру үшін қажетті жағдайлар жасау, сондай-ақ ғылымның өнді­ріспен байланысын нығайту бө­лігінде өзгерістер мен толық­тырулар енгізілді.

Одан басқа, әлемде қаржы дағ­дарысынан шығудың сенімді құ­ралы ретінде исламдық қаржы­лан­дыру мәселесі қолға алынуда. Қа­зір­гі исламдық қаржыландыру қуа­тын толық пайдаланудың маңыз­дылығы артып отырған кезде елі­мізде қаржы жүйесін тұрақтан­ды­ру, ислам банктерін ұйымдас­ты­ру мен олардың қызметі және исламдық қаржыландыруды ұйым­дас­тыру мәселелері бойынша да кейбір заңнамалық актілерге өз­герістер мен толықтырулар енгі­зілді.

Жаһандық проблеманы бас­тап­қы тежеу барысында халықтың басым көпшілігі игі істерді мақұл­дағанымен, қалыс қалған азаматтар да болды. Дегенмен, күні бүгін жа­һандық проблеманы ауыздықтауда Елбасының бастамасы, оның ая­сында Үкімет тарапынан атқа­ры­лып жатқан маңызды қадамдар өз өміршеңдігін танытуда.

Міне, осындай құбылысты бас­тан өткеріп отырған қазақстан­дық­тар дағдарыс аясында атқарылған жұмыстарды оң бағалап, Елбасы­ның дәстүрлі Жолдауын зор ықы­ласпен қабылдады. Шын мәнінде, Президенттің “Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға” атты Жол­дауы елімізде дағдарысқа қарсы атқарылып жатқан іс-шаралардың қисынды жалғасы ретінде сипат­талады. Өйткені, Жолдаудың не­гізгі өзегі дағдарыс ауыртпашы­лығын артқа тастап, одан кейінгі кезеңде экономикасы жаңартылған ел ретінде Қазақстанның бой көте­руіне арналған.

Осы орайда, нарық экономи­касында орын алған қаржы дағ­дары­сының классикалық мысалы ретінде Ұлы депрессия кезіндегі америкалықтардың дағдарыстан шығу барысында қолданған әдісі ойға түседі. Бұл әдіс жұмыс­сыз­дықты тежеу мақсатында инфра­құрылымдық объектілерді салумен, жол-құрылыс жұмыстарын жүр­гізуде ауқымды ұйымдастырылған қоғамдық жұмыстармен ерекше­ле­неді. Тіптен, АҚШ-та Гувер пре­зиденттік еткен төрт жылдың ішінде өткен 30 жылда салынбаған ірі құрылыстар бой көтерген бо­латын. Олардың қатарына Сан-Францискодағы “Алтын қақпа” кө­пірінің құрылысы және Коло­радо өзеніндегі алып бөгет кіреді.

Жолдауды іске асыру мақ­са­тында Үкіметте 2009 жылға арнал­ған іс-қимылдар жоспары әзір­лену­де. Онда халықаралық деңгей­де қолданылған тәжірибенің негі­зінде кең байтақ Қазақстан өңір­леріндегі халықты жұмыспен қам­туға және кадрларды қайта даярлау арқылы дағдарыстан кейінгі экономикалық өсуге мүмкіндік беретін стратегиялық қадамдар жа­салмақшы. Нәтижесінде, респуб­лика көлемінде еңбекпен қамту шарасының картасы әзірленетін болады деп күтілуде.

Ең маңыздысы, Президент қол­даныстағы болашағы бар ин­вестициялық жобаларды қаржы­лан­дыруға байланысты да бірқатар пікір айтты. Оның қатарына мұ­най-газ секторы және өнеркәсіп, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жа­тады. Мәселен, мұнай-газ сек­то­рын алсақ, онда көп жылдар бойы қордаланып қалған мәселелер оң шешімдерін таппақ. Бұл ретте, Елбасы өзінің Жолдауында “Бізде мұнай өңдейтін үш зауыт бар, сөйт­се де әлі күнге жанар май са­тып ала­мыз, авиация керосинімен де қамтама­сыз етілмегенбіз. Енді қазір бұл іспен айналысу керек”, деп шегелеп айтты. Демек, Жол­дауды іске асыру барысында мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту, сон­дай-ақ жаңа мұнай-химия кешенін салу, қолданыстағы электр стан­саларының құрылысын аяқтау және оларды қайта жарақтандыру мәселелеріне көңіл бөлінетін болады.

Одан басқа, агроөнеркәсіптік кешен тұрғысында жүргізілетін жұмыстарға Президенттің ерекше көңіл бөлуі қуантарлық жағдай. Жолдауды іске асыруда тауарлы-сүт фермаларын, құс фабри­ка­ларын, мал бордақылау алаңдарын ұйымдастыру және одан әрі да­мыту, ауылшаруашылық техника­ларын құрастыруға қатысты өнді­рістер құру, ет өңдеу өндірісін да­мыту мәселелері қолға алынады. Нәтижесінде, мемлекетімізде азық-түлік қауіпсіздігі проблемасы өз шешімін табады.

Жолдаудағы Елбасы көтерген жаңа бастаманы іске асыруды тиімді құқықтық қамтамасыз ету аясында да Үкіметтің саясаты ай­қындалмақ. Бұл ретте, атқары­ла­тын жұмыстар ұлттық заңнама­лар­ды одан әрі жүйелендіруге бағыт­талады деп күтілуде. Демек, қол­даныстағы “2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Сонымен бірге, Нұрсұлтан Әбішұлы көзделген шараларды жүзеге асыруда Парламент пен мәслихаттар депутаттарын белсенді түрде атсалысуға шақырды. “Су­дың да сұрауы бар” дейді дана халқымыз. Осы бір нақыл сөз дағ­дарыс жағдайында әрбір теңгені мақсатты жұмсауға қатысты қа­зақстандықтардың жауапкершілігін сездіретін сияқты. Бұл ретте, пәр­менді бақылауды ұйымдастыруда жергілікті мәслихат депутаттары­ның жауапкершіліктері арттыры­лады деп күтілуде.

Негізінен, Елбасының кезекті Жолдауы аясында елімізде эко­но­миканың тұрақтылығын көздейтін орынды шешімдер қабылданып жатқандығына ешкімнің күмәні жоқ. Алайда, кейбір жағдайларда олқылықтар болып қалатындығы көзге түседі. Мысалы, бөлінген ақша қаражаттары халыққа өте баяу түрде жеткізілуде. Оның сыртында, кредит беру кезінде жоғары пайыздық көрсеткіштер және кепілге беру меншігімен қам­тамасыз ету мәселелері де жоқ емес. “Көш жүре түзеледі” демек­ші, ендігі жерде Үкімет тарапынан дағдарысқа қарсы күрес Жолдауда көрсетілген бағыттарда жалғасын табады деп сенеміз.

Сайып келгенде, Елбасының алға қойған міндеттерінің дәйекті түрде іске асырылуы Қазақстан экономикасының тұрақтылығына жаңа серпін беретіні сөзсіз.

 

МІНДЕТ — МҮМКІНДІКТЕРДІ МҮЛТ ЖІБЕРМЕУ

 

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға” атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауы тағы да сарабдал саясаттың үлгісін көрсетті, бүгінгі күннің және таяу арадағы әлеуметтік-экономикалық негізгі мәселелерді шешудің бағыттарын айқындап берді.

 

Нұрлан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы,

“Нұр Отан” ХДП облыстық филиалының төрағасы.

Мемлекет басшысы әлемдік дағдарыс жағдайында ең негізгі әрі бірінші кезектегі мәселеге жұмыс­пен қамту стратегиясы ретінде кадр­ларды қайта оқыту мен қайта даярлауды алға қойды. Өйткені, мамандарды қайта оқыту мен қайта даярлау жөніндегі жүйелі жұмыс шетелдік жұмысшыларды отан­дық кадрмен біртіндеп алмас­тыру арқылы оларды ығыстырып шығаруға жағдай туғызады. Соған сәйкес газбен дәнекерлеуші, мон­тажшы, тас қалаушы, әрлеуші, кран құрылғысының машинисі, бульдозерші, экскаваторшы, сле­сарь, сантехник мамандығы бой­ын­ша оқытылып, қайта даярлаудан өткен жұмысшылар коммуналдық қызмет нысандарын модерниза­ция­лау мен қайта жаңғыртуға ат­салысатын болады. Бұл нысан­дарға сумен жабдықтау жүйесі, жы­лумен қамтамасыз ету, энер­ге­тика мен су құбыры салалары жатады.

Ал қосымша жұмыс орындары ретінде мектеп, аурухана, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу мен қалпына келтіруге, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұры­лым­дарды жаңғыртуға тартылады.

Жолдауда әрбір елді мекеннің жергілікті маңызы бар нақты ны­сандарына айрықша мән берілген. Бұл жерде жергілікті өзін-өзі басқару органы ретінде аудандық мәслихаттарға басымдық берілген. Себебі, мәслихаттар жергілікті жер­дің аса маңызды мәселелерін шешу үшін оған қажетті қосымша қаражат бөлуді қамтамасыз ете алады. Бұларға мектептерді, ауру­ханаларды, медициналық көмек көрсету пункттерін, мектепке дейін­гі мекемелерді күрделі жөндеуден өткізу үдерістерін жатқызуға болады. Жергілікті мәслихат та­рапынан бөлінген қаражат сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін оларға жер телімдерін бөлуге, сол секілді ауыл тұрғын­дарының мал-құс өсіруіне қажетті жемшөбін дайындауға, ауыл­шаруашылық өнімдерін өндіру үшін жер учаскелерін аяқсумен қамтамасыз етуге байланысты су жол­дарын тазартуға жол ашады.

Жолдаудың тағы бір артық­шылығы, ол қаржының нақты да мақсатты жұмсалуына тәртіпті күшейту талабын қояды.

Біздің аймақта облыс орталығы үшін азық-түлік белдеуін құруға байланысты жүйелі жұмыстар жүр­гізіліп жатыр. Ет пен сүт бағы­тын­дағы фермерлік шаруашылықтар, жаңадан жылыжай орындарын құру қолға алынады. Көкөніс ал­қап­тарына арық-каналдар жүйесін және инженерлік инфрақұрылым жұмыстарын жүргізуге қажетті қосымша жер учаскелері бөлінуде. Осылайша біз әлемдік экономика­лық уақытша дағдарыс кезінде ел тұрғындарына сапалы өмір сүрудің нақты бағыт-бағдарын нұсқап отырмыз.

 

ДЕПУТАТТАР ҚОСАДЫ ӨЗ ҮЛЕСІН

 

Дәулетжан ЖАҚСЫБАЕВ, Ақжайық аудандық мәслихатының хатшысы.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылғы 6 наурызда Қа­зақ­стан халқына арнаған дәстүрлі Жол­дауында әлемдік дағдарыстан қинал­май шығудың жолдарына те­рең талдау жасай отырып, өкілетті орган­дар тарапынан атқарылуға тиісті іс-шараларды нақты белгілеп берді.

“Нұр Отан” партиясының оты­ры­сында: “Біздің партия үшін дау­ыс берген сайлаушылар бізге зор сенім көрсетті. Енді қазір, қиын дағдарыс кезеңінде, біз оны ақтап, қо­ғамдағы дағдарысқа қарсы ауқым­ды қозғалыстың басында бо­луға тиіс­піз”, – деген Елбасы­ның бұл сөзі бізге де қатысты.

Нақтылап айтар болсақ, мәсли­хат – халық сайлаған, азаматтар­дың мүддесін қорғайтын депу­тат­тар арқылы белсенді жұмыс істей­тін мемлекеттік орган. Біздің жұ­мыс­қа кіріскенімізге де небәрі жыл жарымдай уақыт болды. Әрине, осы уақыт ішінде атқарған істер, жи­нақ­талған тәжірибелер бар. Ал жү­зеге асырылуға тиісті шаралардың әлдеқайда көп екендігіне ешкімнің де таласы болмас. Біздің Ақжайық аудандық мәслихаты Президент Жолдауын басшылыққа ала оты­рып, ел Конституциясы, “Қазақ­стан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы” Заңы, өзге де нормативтік-құқықтық актілер негізі­нде іс-қимыл жасауда.

Депутаттардың кәсіби білікті­лі­гін ұдайы арттырып отыру мақса­тын­да жүйелі түрде депутаттық оқу­лар өткізіп келеміз. Онда Ата Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар, Еңбек кодексі, мәслихат сессиясын жүргізу тәртібі мен оның ерекшеліктері, депутат­тық сауал жолдаудың тәртібі, сы­байлас жемқорлықпен күрес мә­се­лелері талқыланды. Өткен жылы де­путаттардың бәрі Орал қаласын­да “АРТУ” қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған үш күндік семи­нарға қатысып, тәжірибе жинап қайтты. Бұл Елбасының: “Біздің адамдарымыз оқып-үйренуге тиіс, бүкіл әлемде адамдар өмір бойы оқумен өтеді”, деген ойымен қабы­сып жатқандығын аңғартады.

Мәслихат жұмысының негізі сессия болғандықтан, талқыла­на­тын мәселелер терең ойласты­ры­лып, оны сапалы өткізуге ерекше көңіл бөлінеді, осы мерзімге дейін 11 сессия өткізіліп, оның 5-уі ке­зектен тыс шақырылды. Сессия­лар­дың күн тәртібіне аудан өмі­рінің көптеген көкейкесті мәсе­ле­лері шығарылады. Ал кезектен тыс шақырылған сессияларда негізінен ауданның бюджетіне оңды өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгізу мә­се­лелері қаралады. Бұл жерде ерекше айта кететін нәрсе – сес­сия жұмыстарына біздің өңірден сайланған облыстық мәслихаттың депутаттары Б.Қоспаев және Қ.Ар­тықов ұдайы қатынасып, аудан өмірінің тыныс-тіршілігінен нақты хабардар болып отырады.

Дағдарысты еңсерудің кілтін ұсынған Президентіміз депутат­тар­ға қаржының мақсатты да тиімді жұмсалуын бақылауды тапсырды. “Бюджеттің барлық шығындық баптары бойынша қатаң үнемдеу және аса қатал қаржы тәртібі” керектігін ескертті.

Сессияны әзірлеу жұмыстары­на мәслихат депутаттарымен, ап­па­рат қызметкерлерімен қатар, саяси пар­тия, қоғамдық ұйым, бір­лестіктердің өкілдері де қатыс­ты­рылады. Мы­салы, тұрғындарды ауыз сумен қам­ту, ауданда жастар саясаты аумақ­тық бағдарлама­сы­ның орындалуы туралы мәсе­ле­лерді әзірлеу жұмыс­тарына “Нұр Отан” ХДП аудандық өкілдігінің қызметкерлері және “Ақжайық өрендері” жастар бірлестігінің өкіл­дері де атсалысты. Олар мәс­ли­хат аппараты қызмет­керлері және депутаттармен бірге ауылдық округтерге іссапарға шығып, ауыл­дардағы қалың жұрт­пен толғақты мәселелерді жан-жақты талқыға салды. Мұндай оңды тәжірибе Пре­зидент Жолдауындағы: “Жергілікті орындарға жиі шығып, еңбек ұжым­дарымен, халықпен кездесу керек. Мемлекет қолға алып жат­қан шараларды түсіндіріп, адам­дар­ды біріктіру, оларды проблема­лар­ды шешуге көтеру керек”, де­ген талапқа қосқан үлесіміз десек, артық болмас. Мәслихат сессиясына шығарылатын мәсе­ле­лер бойынша арнайы буклет-кі­тапшалар шығару, көрнекі фото­стендтер әзірлеу, бейнетаспалар көрсету жақсы дәстүрге айналған. Бұл ашық қоғамда ашық айтылған пікірлерді халыққа жеткізудің бір дәлелі деп білеміз.

Мәслихат жұмысының тағы бір қыры – дөңгелек үстелдер, кезде­сулер өткізу тәжірибесін тиімді пай­далану. Оған мысал ретінде “Заман” тауар өндірушілер ассо­циа­ция­сы, облыстық ішкі саясат де­пар­таменті, ауыл әкімдері мен қо­ғамдық ұйымдар өкілдерінің, мәс­лихат депутаттарының қаты­суы­мен өткен “Жергілікті өзін-өзі басқару – бәсекелестік жолындағы қомақ­ты қадам” тақырыбындағы дөң­ге­лек үстел мен Парламент депу­таттары Р.Ахметов, В.Киян­ский, Е.Мұқаев, Ш.Өтемісов­тер­мен болған кездесуді айтуға болады.

Мәслихат депутаттары үш тұрақты, бір тексеру комиссия­сы­ның мүшелері болып табылады. Тұрақты комиссиялардың оты­рыс­тарында тек сессияның қарауына шығарылатын мәселелерді талқы­лау­мен шектелмей, кейбір жұмыс­тар жоспарлы түрде қаралып, тиіс­ті қаулы қабылданып отырады. Ауыл округтері әкімдерінің тұр­ғын­дар алдындағы жыл сайынғы есепті кездесулеріне депутаттар мін­детті түрде қатысады. Сол жер­де қажетіне қарай депутаттық қа­былдау жүргізеді. Өткен мерзім ішін­де 106 депутаттық қабылдау өт­кізілуі осының дәлелі. Бірер мысал келтірер болсам, №5 Базар­шолан округінен сайланған депутат, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Тілес Жазықбай ел ішінде жиі болады. Елдік жұмысты аудандық, облыстық, респуб­ли­ка­лық басылым бет­те­рінде қозғап, әсі­ресе ауыл проб­лемасын, ауда­ны­мыздың көкей­кесті мәселелерін жазып, іске асыру жолындағы өзіндік ой-пікірлерін, ұсы­ныстарын естір құлаққа жеткізіп жүреді. Сол секілді №10 Тайпақ ок­ру­­гінен сайланған халық өкілі Болат Шәленов өзі басқаратын Құр­ман Байсықов атындағы мек­тептің жұмыстарымен шектеліп қал­май, ауылында атқарылып жат­қан істер­дің басы-қасында жүріп, көптеген әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеуге ұйытқы болып келеді.

Ал Қурайлысай және Ақжол округтерінен сайланған депутаттар Б.Сәлімгерей мен Н.Пендебаев өз аймақтарындағы көптеген мәсе­лелерді шешу ісіне белсене ара­ла­сып, халықтың мұң-мұқтажын тиіс­ті ор­гандарға жеткізіп, олардың орын­далуын тұрақты назарда ұстайды.

Әлемдік дағдарыс жағдайында қымбатшылық орын алып отыр­ғандығы белгілі. Халықтың күн­де­лікті тұтынатын азық-түлік тауар­ларының бағасының күрт өсіп кетпеуінің алдын алу мақсатында “Нұр Отан” ХДП филиалы жа­нын­дағы қоғамдық кеңес мүше­лері­нің, партия филиалының жауап­ты қыз­меткерлері мен ау­дандық мәслихат­тың депутаттары сауда орындарына ұдайы мони­то­ринг жасап тұрады, оны жергілікті баспасөз арқылы халыққа жеткізіп оты­руды өздерінің парызы деп біледі.

“Алтау ала болса, ауыздағы ке­те­ді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді” дегендей, аудандық мәс­ли­хат әкімдікпен тығыз байланыста, түсіністік жағдайында жұмыс істеу­де. Өйткені, баршамыздың да мақ­сат-міндеттеріміз, ең өзекті мәсе­ле­леріміз ортақ. Содан да шығар, Елбасымыз өз Жолдауында: “Қи­ын­дық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік. Еліңді, же­рің­ді қорғау үшін бірлік қанша­лық­ты қажет болса, тәуелсіздік же­містерін, бүгінгі қол жеткен та­быстарымызды сақтап қалу үшін де ол сондай қажет. “Саусақ бірік­кей, ине ілікпейді” деген аталы сөзді бәріңіз білетін шығар­сыз­дар”, – деді. Ендеше, бірліктің, тұ­рақ­ты­лықтың қаншалықты қым­бат екендігін осыдан көрсек керек.

Ендігі жерде халық қалаулы­лары Президентіміздің осы сараб­дал саясатын тұрғындар арасында кеңінен түсіндіру ісіне бел шеше кірісіп кетті. Олар Жолдауға үн қоса жүріп жергілікті жерлердегі сайлаушылардың ұсыныс-тілек­терін ескере жүретін болады.

Батыс Қазақстан облысы.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат