Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2006-01-31:

Тозақтан аман шыққан халық немесе М.Әуезов атындағы драма театрының сахнасында қойылған “Қазақтар” атты спектакльді көргеннен кейінгі ой

 

– Құдай-ау, біздің қазақ қандай жауынгер халық десеңізші. Оқып отырсаң, бейнебір ертегі сияқты. Қиян-кескі айқас, тіпті соғыссыз бір күні өтпеген сияқты. Әдетте, қазақ жерінің кеңдігін айтып мақтанамыз ғой, соның мәнін енді ұқтым. Шынымды айтсам, осыған дейін Абылай ханнан басқа ешкімді жете біле бермейтін едім. Сөйтсем, қол бастаған көсемдер де, сөз бастаған шешендер де көп екен ғой. Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолы деген сөздің астарында да терең мән бар екен. Бұрындары өзіңнің қазақ екеніңе қорланған сәттер де бастан өтті ғой. Енді, міне, осыларды білген сайын жалым күдірейіп, “ойпырмай, біздің халқымыз өзгеден артық болмаса, кем емес екен-ау” деп кеудемді бір мақтаныш сезімі кернейтін болды, – деді елінің рухани болмысын тануға енді ғана бой ұра бастаған бір танысым.

– Тыңнан жаңалық ашқандай лепіріп отырсың ғой. Тарих жаңа ғана жазылған жоқ, мектепте оқыдың емес пе? – дедік біз.

– Мектепте бүгінгі жасты қалай оқытып жатқанын білмеймін, ал біз тарих пәні оқулығынан орыс көпесінің өмірбаянына дейін қанықсақ та, қазақ тарихынан жарытымды ешнәрсе білмей өстік. Оны өзің де білесің. Ал қазақ тарихына қатысты кинофильм, спектакль көрсең, жыртық тонды қазақ өзгенің алдында жарбақтап шауып жүреді. Одан адамның қандай әсер алатыны тағы белгілі, – деді ол қарсы уәж айтып.

Мен ойланып қалдым. Қалай десек те әлгі танысымның сөзінде жан бар. Бұның өзі бір емес, бірнеше ұрпақтың қасіреті десе де болады. Жарайды, өткен өтті, кеткен кетті. Енді ұлттық тарихымызды түгендеп жатқан тұста бабаларымыздың халыққа сіңірген еңбегі жайлы сахналық туындылар, кинофильмдер жасалса, бүгінгі ұрпақ бұрынғы өткен бабаларымыз, елге тұлға болған азаматтарымыз жайлы көбірек мағлұмат алса, әлгі замандасым сияқты шөре-шөре жұрттың өз халқына бүйрегі бұрар еді-ау деген де ойға келгенбіз. Несін жасырамыз, бүгінгі жастар негізінен кітап оқымайтын ұрпақ. Шығып жатқан тарихи туындыларды зерделейтін де ат төбеліндей ғана топ. Олар тарихшылар, гуманитарлық сала бойынша оқып жатқан студенттер, зиялы қауым өкілдері десем, жаңылмаймыз. Ал көпшілігі мағлұматты кино, сахна туындылары арқылы ғана алады. Бұл орайда ауызды қу шөппен сүрте беруге болмайды. Қазақ тарихын баяндайтын бірқатар сахналық еңбектер де, кинофильмдер де бар. Әсіресе, Абылай ханның қазақ халқына сіңірген еңбегін тәп-тәуір көрсетіп те жүрміз. Оған мысал ретінде еліміздің театрларының сахнасында Абылай ханға қатысты жүріп жатқан шығармаларды тілге тиек етуге болады. Көптен күткен “Көшпенділер” фильмі арқылы да жұрт Абылаймен қайта қауышып жатыр. Өте дұрыс. Алайда, қазақтың халық болып қалыптасуына еңбек сіңірген басқа да тұлғалар аз болмаған. Олардың да халқымыздың бүгінгі күнге аман-есен жетуіне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Ендеше, олардың өмір сүрген кезеңін, сіңірген еңбегін, арман-мүддесін айту, сахнадан көрсету ең ұлағатты істердің бірі емес пе. Сондықтан да шығар, М.Әуезов атындағы академиялық драма театры Қ.Ысқақ пен Шахимарденнің “Қазақтар” атты пьесасын өз сахнасына қойғанына шыныменен-ақ қуанғанбыз. Спектакльдің режиссері Тұңғышбай Жаманқұлов. Осыған дейін актерлік өнерімен ел-жұртының жүрегіне жол тапқан азамат соңғы кезеңде режиссер ретінде бас театрдың сахнасында бірнеше спектакль қойғаны көпшілікке белгілі. “Қазақтар” оның тарихи тақырыптағы екінші ізденісі.

Бұл спектакльге сонау ХV ғасырдың ортасында халқымыздың бастан кешкен оқиғасы арқау болған. Алты бақан ала ауыз түркі жұртын біріктіріп, Тұран қағанатын құрған Жәнібек ханды да осы туындыдан көреміз. Қайтсем елдің бірлігін сақтап қалам деп көкірегі қарс айырылған Жәнібек ханның бейнесін әртіс Болат Әбділмановтың кезекті бір табысы деуге әбден болады. Ол әрқайсысы әр жаққа тартып жатқан ұлыстардың басын қосып, бір тудың астына жинасам, ешкімге жем болмай, айрандай ұйып отыратын ел дәрежесіне жеткізсем деп өз ойымен арпалысып отырған Жәнібек ханның психологиясына тереңдеп бойлай алған. Жәнібек ханның сырты сұсты, сөзі нық болғанымен, ішінде ой қазандай қайнап жатқанын Болаттың жүзіндегі құбылыстан да, әр қимыл-қозғалысынан да айқын аңғарасыз. Осы арада Керей сұлтанды ойнаған Айдос Бектемір жайлы да айта кеткен жөн. Оның да ой-арманы елдікті сақтап қалу, Тұран қағанатының қабырғасын қаусатып алмау. Оның осы жолға басын бәйгеге тіккені Айдостың ойыны арқылы айқын берілген. Осынау сүйекті рөлді өз деңгейінде алып шығуға актердің барын салғаны байқалып-ақ тұр. Алайда, “Аңдысқан жау алмай қоймайды” деген сөздің кері келеді. Тұран қағанатын іштен ірітуді көздеген жансыздар дегеніне жетеді. Ағайынды екі жігіт Қойгелді мен Тойгелді арасындағы шиеленісті жағдай арқылы сол кездегі түбі бір түркі жұрты арасындағы алауыздықтың, іштарлықтың өршіп тұрғанын байқаймыз. Әркімнің түртпегімен бір-біріне жау болып, түсінісуден қалған, ақыр түбінде бірін-бірі өлтіріп тынған екі ағайынды жігіттің іс-әрекеті соның куәсі. Спектакльде шартты түрде алынған ағайынды жігіттердің анасының да (Торғын Тасыбекова, Шәмшәгүл Меңдиярова) өзіндік қайғысы мен қасіреті бір басына жетерлік. Үй ішіне дау-жанжал кірсе, алдымен ананың қабырғасы қайыспай ма? Бәлкім, бұл рөл осы тұрғыдан жанына тым жақын болғандықтан да шығар, екі актриса да мұңлы ана бейнесін жеріне жеткізе сомдаған.

Ендігі әңгімені Қасым хан жайлы өр­біт­сек, қазақ қазақ болып бүгінгі күнге жеткені үшін қарыздар адамдардың бірі де осы тұлға. Жәнібек хан мен Керей сұлтанның бастаған ісін жалғастырған да, кейіннен Тәуке хан заңға айналдырған “Жеті Жарғының” негізін салған да осы Қасым хан екенін біз тарихтан білеміз. Міне, осы Қасым хан бейнесін сахнаға шығарған Асыл­бек Боранбаев пен Ғани Құл­жа­новтың осынау ұлы тұлғаның жан әлемін ашуға мейлінше тер төккені байқалады.

Қасым ханның тұсындағы жағдай да тым ауыр еді. Қа­ғанат­тың тұтастығын бұзуға жан сала кіріскен жау жан-жақтан анталап, жансыздарын жіберіп, оның өзіне де ауыз салып, қас­тан­дық жасауға тырысады. Өз қамынан гөрі ыдырап, әлсірей бас­таған қағанаттың іргесін бе­кітуді, оны одан әрі гүлдендіруді өз өмірінің басты мәніне балаған ханның алдына қойған мақсаты да көп еді. Бірақ, жымысқы әре­кеттерімен жан-жақтан қаптаған жау алыстан емес, жаныңнан табылса, бір бүйірден Өзбек ханның ұрпақтары билікті өз қолына алуға астыртын түрде әрекет жасап, жанталасып жатса, ханның жаны тыныштық таба ма? Ойы оңға, санасы санға бөлінген Қасым ханның жан күйзелісін, ширыққан сәттерін екі актер де өзіндік шешіммен шынайы көрсете білген. Бір атап өтерлік жайт, Қасым хан осы екі актердің де алғашқы соқталы рөлі екен, бұл бейненің олардың өнер жолындағы бір асулы кезеңі болып қалатыны сөзсіз.

Осы арада тоқталмай кетуге болмайтын екі бейне бар. Оның бірі Диуана-сарбаз. Ел басына күн туғанда қолына қару алып, атқа қонған ол жайшылықта да, бейбіт кезеңде де тыныш жатпайды. Оған тыным таптырмай отырған да ел ішіндегі күрделі жағдай. Диуана-сарбаз соған алаңдайды. Содан кейін де ел аралап, Қасым ханның құлағына жете бермейтін жайттарды өзі естіп біледі. Ел ішіне жансыздардың қаптап кеткенін, олардың салып жатқан ылаңын өз көзімен көреді. Осының бәріне жаны шыдамаған Диуана-сарбаз Қасым ханға келеді. Ханның алдына жету оңай ма? Алайда, халқының қамы үшін басын бәйгеге тіккен сарбаз ешнәрседен тайынбайды. Қасым ханнан да ықпайды. “Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ” дегендей, ханның жанына батыра айтып, көрген-білгенін жайып салады, оның көзін ашады. Өз халқын жан жүрегімен сүйетін, оның жолында өмірін де құрбан етуге әзір тұрған Диуана-сарбаздың (Жалғас Толғанбай) жанайқайын естігенде денең дірілдеп, өзіңнің театрда отырғаныңды да бір сәт ұмытып, оқиғаның тап ортасында жүргендей күй кешесің. Актердің түр-тұлғасы да сөзіне сай, оның қимыл-қозғалысынан да ішкі толғаныс сыртқа теуіп тұрғандай.

Иә, сахнаға небәрі бір-ақ рет шықса да Диуана-сарбаз жан әлеміңді жаулап алады. Онымен бірге қабырғаң қайысып, бірге қайғырасың. Бәлкім, бұл халқына деген дәл осындай мінездің, дәл осындай махаббаттың замандастарымыздың бойында кемшін соғып жатқандығынан да шығар…

Спектакльдегі Нагир ханым басты кейіпкерлердің бірі болмағанымен, оның да өзіндік көтеретін жүгі бар. Ең алдымен, осы бейне арқылы біз биліктің арасындағы жағдайды, ел ішіндегі сол кездегі саяси хал-ахуалды байқаймыз. Оны билік үшін ешнәрседен тайынбайтын адамдар өздерінің жымысқы әрекетіне пайдаланғысы келеді. Алайда, сахнадағы оқиғаның өрістеуіне аражік боп, Қасым ханның да ет пен сүйектен жаралған адам екенін көрерменнің көз алдына әкелетін Нагир ханым әлдекімнің қолшоқпары болып қала бермейді. Қасым ханның нақсүйері ғана емес, оның мерейі үстем болсын дейтін тілеулестерінің біріне айналады. Әдетте, әйелді, әсіресе, әлгіндей саяси ойындарға амалсыз болса да араласып жүретін әйелдерді біз ер азаматтың түбіне жететін зымиян әрекеттің иесі ретінде көрсетуге құмармыз. Мұның өзі де жайдан-жай емес. Әйелдің кесапатынан талай арман іште тұншыққанына кәрі тарих куәгер. Міне, осы ізбен кете бермей, ел тыныштығын көрсем дейтін, ер азаматқа мүмкіндігінше ақылшы болсам дейтін тілектес әйел бейнесін шығару осы спектакльдегі табысты шешімдердің бірі болған. Сондықтан да болар, бастапқыда осыдан келер пәле аз емес-ау деп күдікпен бақылайтын Нагир ханымның бейнесі (Дария Жүсіп) көпке дейін көкірегіңнен кетпейді. Өйткені, оны біз ішкенге мәз, жегенге тоқ ханның әйелі ғана емес, халқының қамы үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген ерінің тілеуқоры, тіпті Қасым ханға тікелей жасалған қастандыққа араша түсемін деп опат болған сүйікті жар ретінде көреміз. Ендеше, бұл бейнені осы биікке көтеруге Дарияның сіңірген еңбегін де атай кетсек, орынды болмақ.

Әрине, біз осынау сахналық туындыны кемшіліктен ада, жіптіктей боп шыққан деуден аулақпыз. Актерлер ойынында, режиссерлік шешімде әлі де қайта қарайтын, ой тезіне салатын тұстар баршылық. Алайда, олардың бәрі де көш жүре түзелетін жайттар. Ең бастысы, түбі бір түркі халқының басын біріктіріп, Тұран қағанатын құрған, қазақ деген халықты алғаш рет өз алдына ел еткен тұлғалардың еңбегі, болмысы сахнадан көрінген. Ендеше, бұл еңбек М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының сүбелі бір ізденісі деуге әбден лайық.



Авторы: Жұмагүл ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат