Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-03-28:

ШЫМКЕНТТЕГІ ШЕШЕНДІК ШАБЫТ

Қадыр Мырза Әліні риза етті

 

Наурыз мейрамы қарсаңында Шымкент шаһарында “Кәнеки, тілім, сөйлеші!” атты облыстық шешендік өнер байқауы ұйымдастырылды. Тұңғыш рет. Жұмат Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрының көрермендер залы лық толды. Бұған дейін байқаудың бірінші кезеңі аудандар мен қалаларда ақпанның аяғынан бастап наурыздың орта тұсына дейін өткен-тұғын. Жастары он сегізден қырық беске дейінгі қатысушылардан іріктелген шешендер – әр аудан мен қаланың бір-бір үкілі үміткері облыс орталығына жиналған.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасы алғаш рет ұйымдастырылған аталмыш байқауға айрықша дайындалған. Он минөттік арнайы фильм түсіріліпті, қазақтың шешендік өнеріне өрелі шолу, өрісті талдау жасалыпты. Қысқа һәм нұсқа бейнеролик сынды туын­дыдан талап пен талғам таразысы танылып-ақ тұр. Ой түбінде жататын асыл сөзден арна тартып, бағзыдағы бабалардың тіл құнарына қандыратындай сапада. Салық Зиманов, Сұл­тан Сартаев сынды дүлдүлдердің, Асылы Ос­мандай әпкеміз бен Мая Веронская сынды қа­рындасымыздың, Қытайдан келген Мұратхан Шоқандайын шайыр ініміздің шешендік жайындағы, тіл төңірегіндегі толғаныстары тартымды шыққан. Осынау экрандық шы­ғарма жұртшылықты шешендіктің сиқырына баурай бере театрдың талантты суретшісі Қалтөре Жұмағұлов өрнектеген сахна жарқ етіп ашылды. Әр тұста әзелдегі шешендерден, терең ойшылдардан қалған сөздер бедерлі бәдізделген тастар бейнеленіпті. Платондардан бастап Абайға дейін. Жазу-сызулардың бәрі тұспалдай нұсқалған нақыштармен, астарлы айшықтармен астасып жатыр.

Байқауды ашқан облыс әкімінің орын­басары Әли Бектаев ұлттық тілді дамытудағы тірліктер бір жағынан оны енді-енді ежелеп үйренушілермен жүргізілетін жүйелі жұмысқа, ал шарықтау шыңы шешендікті насихаттап, жастарды ұтқыр сөйлемекке баули беруге орайластырылып, жан-жақты жүріп жатуы керектігіне назар жықты. Қазақ халқының сөзге өзгеше құрметпен қарағанын, көне за­мандардан-ақ шешендік өнерді биік бағалап, сөз қадірін өз қадірім деп ұғынып, аз сөзбен көп мағына бере білгенін, билердің небір дау-дамайларды ақылмен және нақылмен шешіп отырғанын айта келе ақындар айтысымен қатар шешендікті де заманауи талаптармен, жаңашыл­дықпен ұштастыра өрістетіп, сөйлеу мәдениетін көтеруге қол жеткізбектің маңыздылығына тоқталды.

Сонымен, байқау басталып кетті. “Сәлем – сөздің анасы” бөлімінде он алты шешен өздерін кезек-кезек таныстырды. Кейбіреулері айтыс ақындарының таныс әуендеріне салып, дом­быраға қосылып өлеңдетті. Бәзбіреулері байыр­ғы шешендерше тіл безеп, ақ өлеңмен мәнер­леді. Ел арасындағы сирек әндермен әдіптеген­дер де табылды. “Өнер алды – қызыл тіл” тапсыр­масына сәйкес үміткерлер Жиренше, Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би, Бек­болат, Досбол, Сырым сынды басқа да билер мен шешендердің сөз сайыстарынан, ой қағыста­ры­нан нақты-нақты үзінділерді шебер орындады. Бұл бөлім облыс аудандары мен қалаларынан келген жастардың дарындылық деңгейін, талант қарымын танытты. Дегдарлар­дың ділмарлық дәстүрлерін жалғастырар жастардың жоқ еместігін, іздене түссе, қанаттандырар шаралар жүйелі жүргізілсе, тап ақындар айтысы секілді болмаса-дағы, шешендік өнерді де өрісті етпек мүмкіндіктердің молдығын аңғартты. “Шешен­дік шеберлік” сайысы осы ойымызды одан бетер нықтап, нығайта түсті. Соңғы бөлім талабы бойынша қарсылас қос үміткерге конвертте жасырылған жаңа заманғы жалғыз тақырып беріледі. Бақ сынаушылар әлгі тақырыпқа сәй­кес білгірлік, ділмарлық, тап­қырлық танытып, шешендіктің сан қырларынан хабардарлығын дәйектеп, түрлі даулы мәселе­лерді қапысыз қисынмен мәністей шешуі тиіс. Жастардың көпшілігі тапсырмаларды тап-тұй­нақтай етіп орындап, тындырымдылық көрсетті. Ізгілік пен ізетті, ақиқат пен әділетті мұрат тұтқан ата-бабалар мұраларын меңгеру­дегі, өз жандарынан сөз ұйқастырып, ой үйлестіріп, пікір ұнастыру­дағы ізденістерімен қуантты.

Қазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әлі: “Мен бұрындары өнер өлкесі Оңтүстікке бірнеше мәрте келіп, республикалық, халықаралық ақындар айтыстарына қазылық жасаған едім. Шынымды айтайын, осы жаққа осы жолғы келерімде күдік-күмәнім басымырақ болды. Айтыс басқа, шешендік басқа. Қалай болар екен деп ойланғаным, тіпті уайымдағаным рас. Енді, міне, облыстық шешендік өнер байқауы аяқталған сәтте, қуанып, риза боп тұрмын. Мен күткендегіден әлдеқайда биік, мен ойлағандағыдан әлдеқайда шынайы шықты. Шымкенттің шешендік шабытына тәнтімін. Шешен жастар аз емес екен. Бұл мәселеге басымырақ көңіл бөлуіміз керектігіне көз жеткіздік. Тіл басқармасы көп жұмыс істеген, талмай тірлік атқарған”, – деді. Қазылар алқасының атынан қорытындыны жария етті.

“Кәнеки, тілім, сөйлеші!” атты облыстық шешендік өнер байқауының бас жүлдесі Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті Шымкент институтының студенті Тимур Тастановқа тапсырылды. Бәйдібек ауданынан келген үміткер Ұлбосын Бақтымбетова бірінші орынды, М.Әуезов атындағы ОҚМУ қызметкері Руслан Жыл­қыбаев екінші орынды, Оңтүстік Қазақстан саз колледжінің студенті Роман Бұрқашев үшінші орынды иеленді. Мақтаарал ауда­нынан келген Алмагүл Сарыбаеваға “Үздік заманауи киім үлгісі үшін” арнайы жүлдесі, Қазығұрт ауданынан келген Дәмегүл Мұсабаеваға “Қазақтың төбе биі Төле би атындағы”, Шымкент әлеуметтік-педаго­гикалық университетінің студенті Нұрлан Есенқұловқа “Қаз дауысты Қазыбек би атындағы”, Төле би ауданының үміткері Жам­был Сытышевқа “Әз Әйтеке би атындағы” жүлделер берілді.

– Бұл байқаудың біз үшін жөні бөлек қой, Алматыдан қуана-қуана келдік. Жас таланттардың, шешендікті пір тұтар талапкерлердің көптігіне көзіміз жетті, – дейді қазылар алқасының мүшесі, “Дарын” мемлекеттік сыйлығының лауреаты, актер, драматург, сазгер Байғали Есенәлі.

– Жұрттың ынта-ықыласынан да, үміт­керлердің құлшынысынан да бірталай жәйттерді білдік, көп нәрсені көкейге түйдік, талап-тілектер мен сын-ескертпелер де жоқ емес. Шешендік өнер байқауын, осыған орай өзге де іс-шараларды жалғастыра береміз, – дейді облыстық тілдерді дамыту басқарма­сының бастығы Күлия Айдарбекова.

Мархабат БАЙҒҰТ.

 

ЕЛЖАНДЫ БОЛ!

“Жас патриоттар” форумы жалғасын табады

 

Өткен аптада Алматыда алғаш рет республикалық “Жас патриоттар” форумы өтіп жатқанын хабарлаған едік. Еліміздің әр аймағынан келген жастар жиыны апта со­ңында мағыналы оқиға­лар­мен мәреге жетіп, фо­румға қатысушылар Қазақ­стан жастарына үндеу қабылдады.

Төрт күнге созылған форум аясында жастар Тәуелсіздік алаңында тағ­зым етіп, тал отырғызып, Қарттар үйіне, мешітке барып, түрлі бастамаларға ұйытқы болғанын айтқан болатынбыз. Одан кейін де жастар Д.Қонаев, М.Әуе­зов, С.Мұқанов тұрған үйлерді көрді. Ал осы тектес тамаша тірліктердің легі төмендегідей.

Бірінші рет өткізілген форумға қырғыз елінің де бір топ жастары қатысқан-ды. Анығырақ айтқанда, Қырғызстандағы “Ақ жол” партиясы жастар комитетінің көшбасшылары бұл бастамаға өз тараптарынан өте үлкен қызығушылық танытып, Қазақстанның қазіргі әлеуметтік жағдайы мен жастарының белсенділігі өздеріне өте ұнап, өнеге аларлықтай екендігін форум барысында үнемі тілге тиек еткенін айтуға болар еді. Мәселен, Қазақстанның тұңғыш Еңбек Ері атанған құрметті ұстаз Аягүл Миразова басқаратын Ы.Ал­тын­сарин атындағы №159 көпсалалы гимназиясына қонаққа барғанда олар елімізде жастарға жағдайдың жасал­ған­дығын, оқушылардың мақтана алатындай өнерлері мен талаптары бар екенін атап көрсете келіп, “Сіздер, қазақ жастары, шынымен бақыттысыздар! Елбасыларыңыз Нұрсұлтан Назарбаев сіздерге жарқын болашаққа жол ашып беріп отыр. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің жемісін біздер де өзімізге үлгі тұтамыз”, деді.

Алматыда өткен төрт күнді барынша мағыналы етуге ұмтылған жастардың тағы бір ат басын бұрған жері – Б.Момышұлы атындағы әскери мектеп болатын. “Өз жағымыздан біздің көп нәрседе алда екенімізді сезініп, олар қызығатындай жұмыстар атқардық, Қазақ елінің терең мәдениетімен таныстыра алдық. Ұлттық өнерімізді кеңінен дәріптеп, тәуелсіздіктің қадірінен айналып өтпейтінімізді көрсеттік. Осы мақсатта Б.Момышұлы атын­дағы әскери мектептің оқушыла­ры­мен бірігіп, Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қойдық. Форумға қатысушы жастар Қазақстанның көк байрағын желбіретіп, отаншыл рухтарын асқақтата білді”, дейді біздің делегаттарымыз.

Сондай-ақ, форумға келген жас­тар Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін Алматыдағы Оқушылар сарайында мерекеледі. Тәуелсіздік алаңынан Оқушылар сарайына “Туған жерге тағзым” атты акциямен шерулетіп өткен делегаттар “Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас” деген ұранмен елдік рәміз­дерді ұлықтады. Бұл оқиға шеруге қатысушыларға ғана емес оған куә болған қалалықтарға да тамаша әсер сыйлап өткеніне куә болдық.

“Мың естігеннен бір көрген артық” деген бағдарлама аясында жас тілшілер “Қазақстан” ұлттық телера­дио­корпорациясына барды. Ғ.Мүсіре­пов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспі­рім­дер театрында жаңа қойылым­дарды тамашалады. “Шынықсаң – шымыр боласың” деп Орталық стадионның кіші алаңында түрлі сайыстар өткізді.

Біздің дарынды жастарымызға алыстан әнші-биші іздеудің қажеті жоқ екендігін көрдік. Өнерпаз өрендеріміз “Қазақконцерт” залында жас композитор Біржан Керімұ­лы­ның жеке шығармашылық концертіне келді, форум барысында өздері де ғажайып қабілеттерін ортаға салып жатты.

Бірінші республикалық “Жас патриоттар” фору­мы­ның жабылу салтана­тында еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастар сөз алып, осындай патри­от­т­ық форумдардың жиі өткенін қалайтын­дықта­рын жеткізіп, бұл дәстүр Қазақстанның түкпір-түкпірінде жалғасса деген ниеттерін жеткізді. Онда көптеген маңызды ойлар ортаға салынып, жастар тәрбиесі, олардың бойын­да патриоттық сезім ор­на­ту, қазіргі заман кеселдері: ішімдік, темекіге әуестік немесе жастарымыздың басқа дінді қабыл­дап, қабырғамызды қайыстырып жүрген жәйттер қозғалды. Сонымен қатар, отаншыл жастарымыз әрбір мектепте домбыра үйірмесі болса екен деген тілек айтып жатты.

Біз осыған дейін де бұл шараны ұйымдастыруға “Қаламгер азамат” қоғамдық қоры мен “Нұр Отан” ХДП “Жас Отан” жастар қанатының атқарушы хатшылығы атсалысып, Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі қолдау көрсеткенін хабарлағанбыз. Форум­ның жабылу салтанатында Білім және ғылым министрлігі оның ұйымдас­тырушыларын құрмет грамотасымен марапаттап, естелік сыйлықтар тапсырды.

Алғашқы “Жас патриоттар” форумы Қазақстан жастарына үндеу жолдаумен аяқталды. Рухқа толы бір парақ үндеу жастарымызды отан­сүйгіштікке, елжандылыққа шақырады.

Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат