Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-03-31:

КӘСІБИ БІЛІМДІ ЖАСТАР — БЕРІК БОЛАШАҚ НЕГІЗІ

 

– Жаһандық дағ­да­рыс дауы­лы­ның қазіргі күні біздің елімізді де ай­налып өтпегенін көріп отырмыз. Осы орайда бірінші кезекте Ел­ба­сы  Нұр­­сұл­тан Назарбаев­тың “Дағ­да­рыс арқылы жаңару мен дамуға” ат­ты Қазақстан халқына Жол­дауы­ның маңызы туралы айтып өтсеңіз.

– Елбасы Жолдауы – дағ­да­рыстан шы­ғу­дың нақты жолдарын көрсетіп берген ел тарихындағы ма­ңызы зор, жүрекжарды толға­ны­сынан пайда болған жасампаз құжат. Қазақ халқы басынан небір қиын-қыстау жылдарды өткерді. Осы құжатта Елбасы тәуелсіздік белестеріне тоқтала отырып, бұл дағдарыстың өткінші құбылыс екенін, одан шыңдалып, ширап шы­ғатынымызды атап көрсетті. Жолдаудағы дағдарыстан шығудың қазақстандық жолы әлемдік қо­ғамдастықтың назарын өзіне ауда­рып, олардың зор қызығушы­лы­ғын тудырып отыр.

Осынау сындарлы кезеңде әлемде санаулы мемлекеттердің ғана өз экономикасын қолдауға қар­жылық мүмкіндігі бар. Со­лардың бірі біздің мемлекетіміз екені бәріміз үшін үлкен мәртебе. Нақты айтар болсақ, сан-салалы ел экономика­сына дағдарысқа қарсы мақсаттарда қосымша 2 триллион 700 миллиард теңгеден астам қар­жы жұмсалуда. Бұл Елбасының сындарлы саяса­тының тағы бір жарқын дәлелі.

Жолдаудың ең маңызды бөлігі халықты жұмыспен қамту, осы мақ­сатта арнайы бағдарламаны жү­зеге асыру, кадрларды қайта үйрету және қайта даярлау, бір сөзбен айтқанда, кәсіптік-техникалық бі­лім беруді дамыту болып табы­ла­ды. Елбасы ол үшін Үкімет пен облыс әкімдеріне оқу орын­дары­ның базасында мамандарды қайта даярлауды ұйымдастыруды қадап тапсырды. Егер осы жұмыстар өз деңгейінде жүргізілсе, елімізде шетелдік жұмысшыларды отандық кадрлармен алмастыру пробле­ма­сын түбегейлі шешуге жол ашы­латыны анық.

– Қылышбай Алдабергенұлы осы жерде кәсіби білім саласының мәселелеріне кеңірек тоқталсақ. Бұл бағытта Парламент қабырға­сын­да атқарылып жатқан жұмыс­тар бар ма?

– Техникалық және кәсіби білім жүйесін дамыту мәселесін Елбасы үнемі басты міндеттердің қатарында атайды. Сондықтан осы жүйенің тиімділігі жоғары ұлттық жүйесін жасау ел экономикасының тұрақты өсуін, қазақстандық қо­ғам­дастықтың әлеуметтік тұрақ­ты­лы­ғын қамтамасыз етудің негізгі фак­торларының бірі, жастардың тұрақты түрде жұмыспен қамты­лып отырылуын қолдаудың тетігі болып табылады.

Қазақстан Республикасында техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2008-2012 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағ­дар­ламасын орындау мақсатында әлеу­меттік серіктестермен бірлесе оты­рып, техникалық салада бә­се­кеге қабілетті мамандар даярлау сапасын арттыру мәселесіне қа­тыс­ты іс-шаралар жоспарланған. Оқу орнының материалдық-тех­никалық базасын нығайту үшін бел­гілі бір қаражатпен қаржы­лан­дыру көзделген. Осы орайда Пар­ламент Мәжілісі жанынан “Қа­зақ­стан Республика­сын­дағы техни­ка­лық және кәсіптік білім берудің мемлекеттік бағдарлама­сын іске асы­руды заң­намалық тұрғыдан қам­тамасыз ету туралы” парла­мент­тік тыңдауды дайындау жө­нін­дегі Парламент Мәжілісінің ар­найы уақытша комиссиясы құры­лып, біраз жұмыс атқарды. Сөйтіп, жақында пар­ламенттік тыңдау өткізілді. Оның пайдалы жағы көп болды ғой деп ойлаймын.

Ақпан айында депутаттар ай­мақ­тарды аралап, Қазақстан Рес­пуб­ликасы Үкіметінің 2008 жылғы 31 шілдедегі №730 қаулысымен бе­кі­тілген аталған бағдарламаны жү­зе­ге асыру жоспарының орындалу барысымен танысу мақсатында тех­никалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының қызметтерін, 2005-2009 жылдар ішінде техни­калық және кәсіптік білім ұйым­да­рын облыстық бюджеттен қар­жы­ландыру жайын, олардың кадрлармен қамтамасыз етілуін, ма­териалдық-техникалық базасы­ның дамуын, аймақтағы еңбек ры­но­гының сұраныстарына сай кадр­лар даярлау ісі мен т.б. қыз­мет­терін саралап, қажетті ұсыныс-пікір­лерді жинап қайтты. Кәсіптік және техникалық білім беруді да­мыту өте маңызды мәселе, өйт­ке­ні, ішкі еңбек рыногы техникалық және кәсіптік білімі бар өз кадр­ларымызбен қамтамасыз етуді талап етіп отыр.

– Жоғарыда айтылған парла­мент­тік тыңдауға аздап тоқтала кетсеңіз.

– Наурыз айының 27-сінде “Қазақстан Республикасындағы техникалық және кәсіптік білім берудің мемлекеттік бағдарла­ма­сын іске асыруды заңнамалық тұр­ғы­дан қамтамасыз ету туралы” де­ген тақырыпта парламенттік тың­дау өтті. Бұл, шын мәнінде, еліміз үшін маңызды мәселе. Соңғы жылдары республика көлемінде құ­рылысшы, электрмен жаб­дық­таушы, токарь, тігінші, аспазшы, автожөндеуші, т.б. сол сияқты жұ­мысшы мамандарға деген сұра­ныстың артып отырғаны рас. Кә­сіптік-техникалық білім беретін ар­наулы оқу орындары бюджеттен облыстық білім басқармасы арқы­лы қаржыландырылады. Басқарма жалпы білім беретін орта мектеп­тер­ге баса назар аударады. Бұл тү­сі­нікті де. Ал кәсіптік мектеп мұқ­таждықтары мен мүддесі кейін ысы­рылып қала береді. Жалпы ал­ғанда, республикада кәсіптік-тех­никалық білім беру ісі Еңбек ко­дексі, “Мемлекеттік кәсіпорындар туралы”, “Жеке кәсіпкерлік тура­лы”, “Білім туралы” заңдармен реттеледі. Бұған қоса, ішкі еңбек рыногындағы кәсіби жұмысшы мамандарға деген сұранысты еске­ріп қабылданған жоғарыда аталған бағдарламаның талабы жергілікті жерлерде өз деңгейінде орындалып отырған жоқ. Бұл заңдардың кем­шін тұстары – жұмыс берушінің жауапкершілігі, міндеті мен мүд­делері нақты айқындалмаған. Қол­даныстағы “Білім туралы” Заңның деңгейі болашақ кәсіби біліктілігі жоғары жұмысшы мамандар даяр­лау­ға жеткіліксіз. Бұл заң қайта саралауды керек етеді. Осы аталған олқылықтардың орнын толтыру үшін БҒМ мен ірі кәсіпорындар және әкімдіктер арасында өткен жылдың өзінде 29 меморандумға қол қойылған. Алайда, менің ойымша, кәсіби біліктілігі жоғары жұмысшы мамандар даярлау үшін бұл мәселеге мемлекеттік страте­гия­лық мүдде тұрғысынан кешенді түр­де келуіміз керек. Арнайы пар­ламенттік тыңдау өткізу қажеттігі де, міне, осыдан туындаған бо­латын.

2011 жылға қарай техникалық және кәсіби білім беру жүйесінде оқитын жастар саны 24%-ға, яғни 750 мыңға дейін ұлғаятын болады. Тех­никалық және жұмысшы ма­ман­дардың қажеттілігі осыдан-ақ көрінеді. Жас адамның жұмыссыз жүргені жанға батады. Меніңше, жұ­мыстың жаманы жоқ. Сон­дық­тан әрбір қайратты да жігерлі жас от­басына да, қоғамға да масыл бол­мауды үнемі ойлай жүруі керек-ақ.

– Жақында Елбасымыз ақылы негізде білім алып жатқан, тұрмысы төмен отбасынан шыққан студент­терге қосымша білім гранттарын бөліп, сонымен қатар, жеңілдетілген несие беруге жағдай жасағаны белгілі. Мұндай игілікті шаралар қалың қауымның көңілінен шығып отырғаны мәлім.

– Әлемде орын алған қаржы дағдарысы бүгінгі күні әрбір от­басын айналып өтпесі белгілі. Бұл, әсіресе, қазіргі таңда отандық оқу орындарында ақылы негізде білім алып жатқан жастарымызға оңай тиіп отырған жоқ. Білімге құштар жастарымыздың алаңдаушылығын терең сезінген Елбасы “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партия­сы Саяси кеңесі бюросының кеңей­тілген отырысында Үкіметке студенттерге қосымша білім беру гранттары мен жеңілдетілген ұзақ мерзімді несие бөлуді тапсырды. Бүгінгі күні еліміздің жоғары оқу орындарында 206 718 студент ақы­лы негізде оқып жатыр. Оларға мемлекет 11 мың грант және 40 мың несиені қосымша бөлді. Оқу үлгерімі жоғары, болашағынан үл­кен үміт күттіретін жастардың білім алуына мемлекет тарапынан қаржылай көмек көрсетілуі кез келген елдің жаңа тарихында қездеспейтін ерекше қамқорлық, әлеуметтік маңызы мен мәні ай­рық­ша шара.

Елбасымыз тарапынан жас­тар­дың болашағына жасалған осын­дай игі шаралардың алдағы уақыт­та да өзінің жемісті жалғасын таба­тыны еш күмәнсіз.

– Көп жылдар бойы білім са­ласында басшылық қызмет атқа­р­­ған білікті ұйымдастырушы ретінде парламенттік деңгейде де жастар­дың тәрбиесіне, олардың болаша­ғына ерекше көңіл бөліп келесіз. Осы ретте “Жас­тар саясаты ту­ралы” Заңға қатысты не айтасыз?.

– Ұрпақ тәрбиесінде қоршаған ортаның, ата-ананың, білім орда­ларының үлкен рөл атқаратыны белгілі. Қоғам дамуы бір орнында тұрмайды. Бүгінгі жаһандану дәуірінде жастарымыздың қоғам­ның жаңару үрдісімен үйлесімді өмір сүре білуі үшін біз олардың тәр­биесіне айрықша зор мән бе­руге тиіспіз. Осы қатарда жас­тар­дың құқықтық сауатын арттыру мәселесінің орны ерекше. Өйткені, құқықтық тәрбие ең алдымен жаңа тұрпатты адамды, азаматты қа­лыптастыру ісіне қызмет етеді. Ең бастысы – жеткіншектеріміздің азаматтық санасын оятуға жол ашы­лады. Азаматтық деген ұғым­ның астарында мемлекеттің заң­да­рын ерікті де саналы түрде мойын­дау, қоғам мен мемлекеттік мүд­де­ге қайшы келетін әрекеттерге тос­қауыл бола білу, азамат ретінде өзінің де, өзгенің де құқықтары мен бостандықтарының бұзыл­мауына атсалысу сияқты іс-әрекет ету қажеттігі жатқанын ескерсек, бұл бүгінгі күнгі ашық қоғам құруға ұмтылып отырған біздер үшін өте маңызды тәрбие үлгісі.

Елбасы “Жас Отан” жастар қа­натының алғашқы съезінде сөй­ле­ген сөзінде осы мәселеге ерекше мән берді. Нұрсұлтан Әбішұлы жас­тарға жасалған қамқор­лық­тарды айта келе, “жастардың және еліміздің басты капиталы – са­палы білім” екенін нақты атап көрсетті.

Кәсіби қызметім ғылым мен білім беру ісімен байланысты бол­ған­дықтан және жоғары оқу орнын басқарған көп жылғы тәжірибем­нен де көзім жеткені – Прези­денті­міз жастарға қатысты саясат­ты үнемі жетілдіруді талап етіп, оларды білімге баулуды тікелей өз қамқорлығына алып келеді. Осындай шынайы қамқорлық нә­ти­жесінде 1999 жылы “Мемлекет­тік жастар саясатының” тұжырым­да­масы бекітілді, “Жастар саясаты туралы” Заң (2004 ж.) қолданысқа енді. Нұрсұлтан Әбішұлының тіке­лей бастамасымен “Болашақ” мем­лекеттік бағдарламасы өмірге келді. Жас ұрпақ тәрбиелеудегі бі­різділік, сабақтастық деген қағи­далар жоғарыда көрсетілген құжат­тардың мазмұнынан айқын көрі­неді деп нық сеніммен айта ала­мын. Біз осы заң нұсқаларына өмір­дің өзі ұсынған толықтырулар мен өзгерістер енгіздік. Бұл ба­ғыт­та мен депутат ретінде бірнеше ұсыныстар айтқан болатынмын. Олардың бірқатары қабылданып та жатыр.

Біз қазір жастар арасында, әсі­ресе, мектептерде, арнайы орта және жоғары оқу орындарында жас ізденушілердің қоғамдық бір­лестіктер, шығармашылық одақтар құруларына, олардың қазіргі за­ман­ғы технологияларды пайдалана отырып өзара ақпарат алмасула­ры­на, қажет десеңіз, әрбір аймақта жастардың бұқаралық ақпарат құ­ралдарының болуына мүмкіндік жа­сауымыз қажет. Салауатты ой­лай білген жас қана саламатты өмір сүруге бейім келеді. Осындай сападағы жастар ұлтымыздың ин­теллектуалдық әлеуетін күшейтіп отыратын жүйе құрушы фактор ретінде қалыптасады. Елбасының өз бастамасы арқасында қолға алынып жатқан “Интеллектуалды ұлт-2020” ұлттық жобасы осы та­лапқа жауап беретін болады. Бола­шақ азаматтық қоғам құруға бейім­деле бастаған өскелең ұрпақтың бүгінгі қажетін ескеру аға ұрпақ – біздерге жүктелген мерейлі міндет деп санаймын.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен  Самат МҰСА.

 

Елбасының қамқорлығы студенттердің еңсесін көтерді

 

Байзақ МОМЫНБАЕВ,  Қорқыт ата атындағы  Қызылорда мемлекеттік  университетінің ректоры.

Елбасының Қазақстан халқына кезекті Жолдауы әлемді шарпыған қаржы дағдарысының ушыға түс­кен кезеңінде жарық көріп отыр. Иә, біз шын мәнінде күрделі ке­зеңді бастан өткерудеміз. Елбасы Жолдауында мемлекет тарапынан дағдарысқа қарсы барлық шаралар жасалғанын, бірақ сырттан кел­ген­дік­тен, оның алдын алудың мүмкін болмағанын атап көрсетті. Осыған қарамастан, Мемлекет басшы­сы­ның көрегендігі арқасында біз қолайлы жылдары Ұлттық қордың қаржысын молайтып, қазір оны қы­сылған сәтте игілікке жара­ту­дың мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз. Бұл өзге елдерге қа­ра­ған­да, біздің басты артық­шы­лығымыз болып табылады.

Елбасы қазірдің өзінде қабыл­данған шаралардың дағдарыс туындатқан ағымдағы мәселелерді шешуді көздейтінін айтып, ал одан әрі даму үшін экономиканы жаң­ғырту және жұмыспен қамту стра­тегиясын іске асырудың жаңа жос­парын жүзеге асыруды ұсынады. Осы орайда Ұлттық қорға есеп­те­ліп келген шикізаттық сектордың табыстарын 2009-2010 жылдары жаңа жоспарды жүзеге асыруға жұм­сау дұрыс болатынын атап көр­сетеді. Ең бастысы, Мемлекет басшысы әлемдік дағдарыс жағ­дай­ында жұмыспен қамту стра­те­гиясын кадрларды қайта үйрету мен қайта даярлауға бағыттауды ұсынып отыр. Президенттің бүгінгі Жолдауы ел дамуының жетістік­те­рін саралап, болашақты бағдар­лау­ға, халықты ортақ мүддеге ұйым­дас­тыруға, қиын сәтте барлы­ғы­мыздың бойымызда отаншылдық сезімін қалыптас­тыруға, ел бірлігін сақтауға бағытталғанын атап өткім келеді.

Қазір бүкіл әлемде белең алып отырған экономикалық дағдарыс мемлекетіміздің әрбір отбасын алаңдатып отырғаны рас. Алайда, қаржы тұрақтылығы еліміздің жо­ға­ры оқу орындарында білім алып жатқан жастар өміріне де оң ық­палын тигізуде. Еліміздің бола­ша­ғы – жастардың мүддесін жоғары қойып келе жатқан Елбасы 12 ақпандағы “Нұр Отан” партиясы Саяси кеңесі бюросының кеңей­тіл­ген отырысында Үкіметке 40 000 студентке қосымша білім беру гранттары мен жеңілдетілген ұзақ мерзімді несие бөлуді тап­сырды. Президент бұл ниетін бү­гінгі Жолдауда тағы айқын ұқтырды.

Сыр өңірінің жастары Мем­лекет басшысының бұл қам­қор­лы­ғын зор қанағат сезімімен қа­был­дады. Арал аймағындағы білім мен мәдениеттің қара шаңырағы болып саналатын Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік универси­те­тінің “өте жақсы” деген бағаға оқитын 191 студенті мемлекеттік білім грантына ұсынылды. Бұған қоса, техникалық мамандықтар бойынша ақылы негізде “өте жақ­сы”, “жақсы” деген бағаға оқитын жетім, мүгедек, көп балалы отба­сы­нан шыққан, ата-аналары зей­нет­кер немесе ата-анасының біреуі ғана бар 109 студенттің оқу ақы­сы­на жеңілдік жасау мақсатында ұзақ мерзімді несие алуға құжат­тары тапсырылды.

Үлгерімді және үлгілі студент­тер­ге жан-жақты қолдау көрсету біздің университетімізде берік дәс­түрге айналған. Жоғарыда аталған мемлекеттік қолдауға қоса универ­си­тет ғылыми кеңесінің шеші­мі­мен үнемделген қаржы есебінен 77 студентке 50-ден 100 пайызға дейінгі көлемде оқу ақысынан же­ңіл­дік жасалуда. Олардың көп­ші­лігі жетім, тұрмысы төмен немесе көп балалы отбасынан шыққан балалар, Қазақстанның ұлттық құрама командалары сапында өнер көрсететін спортшылар болып табылады. Сонымен бірге, уни­вер­ситет тарапынан нәтижелі жүргі­зілген келісімдер арқасында мұнай компаниялары мен банктерден 112 студентке 100 пайыз көлемінде білім гранттары бөлінді. Бұған қо­сымша, министрлік ұйымдас­тыр­ған босаған білім гранттары кон­курсына 53 студенттің құжаттары тапсырылды. Университетіміздің 510 студентіне облыс әкімінің қолдауымен жергі­лікті бюджеттен қала көліктерінде жүруге қаржы бөлінді. Студенттердің шәкірт­ақы­лары биылғы жылдың өзінде 25 пайызға көбейді.

Университет ректораты ақылы негізде оқитын студенттерге оқу ақысын төлеуге байланысты қо­лай­лы тетікті қалыптастырды. Жуырда “Нұр Отан” ХДП ғима­ра­тында облыс әкімдігі, облыстық прокуратура, облыстық білім беру басқармасы және қаладағы жоғары оқу орындары арасында білім алушыларға жан-жақты жағдай жасау мақсатында меморандумға қол қойылды.

Елбасының қамқорлығы және университет ұжымының үздіксіз ізденістері нәтижесінде ақылы түрде оқитын 642 студентке оқу ақысынан жеңілдіктер жасалды. Студенттердің өздеріне жасалған қамқорлыққа жақсы үлгеріммен, үлгілі тәртібімен жауап беретініне сенімім мол.

 

Үнқосу үдерістері

Жансарайды жадыратайық

 

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру жолдарын талқылағанНұр ОтанХДП облыстық филиалы саяси кеңесінің кеңейтілген мәжі­лісі осындай үндеу көтерді. Партия филиалының төрағасы, облыс әкімі Альберт Рау өз баяндама­сын­да әлемді шарпыған экономика­лық дағдарыс кезеңінде бұл жетек­ші партияның берік ұстанымы болатындығын атап көрсетті. Шын­дығында, әкіммен бірге Шаң­төбе кентінде болғанымызда, оның төсек тартып жатқан арда­гердің көңілін сұрап, Елбасы Жол­дауының мазмұнын әңгімелегенде жабырқау отбасының жадырап сала бергенінің куәсі болған едік. Қаржы дағдарысы келер, кетер, рухани дағдарыстан сақтасын деңіз.

Кеңесте дағдарысты еңсерудің бүгінгі қадамдарына, қарсы амалдарды жандандыру жолдарына талдау жасалды. Мемлекет қар­жы­сын мейлінше тиімді пайдалану қолға алынды. Құрылысы бастал­ған нысандар толық аяқталатын болады. Үнемделген қаржы жұмыс істеп тұрған мектептер мен ауру­ханаларды жөндеуге, жолдарды реттеуге, коммуналдық түйткілдер­ді шешуге жұмылдырылатыны көпшіліктің көңілінен шықты. Дағдарысқа қарсы бағдарламаны жүзеге асыру үшін облысқа рес­публикалық бюджеттен 3 мил­лиард теңге бөлінсе, жергілікті бюд­жеттің қайта қаралған 1 мил­лиард теңгесі қол ұзартады деген сенім білдірілді. Ағымдағы аса маңызды мәселелерді шешу мақ­сатында әр ауданға 100-200 мил­лион теңгеден үлес тимек. Басты мақсат – жұмыс орындарын сақтау мен жаңаларын құру. Мұн­да жастар мен студенттерді қам­қорлыққа алу шаралары айрық­ша назарда болатындығы айтылды. Тіпті, ауыл әкімдіктері жанынан экономикалық кеңестер ашу арқылы бақылауды күшейту қажет. Бұл орайда “Нұр Отан” филиалы басқа да партия мүшелерін, қоғам­дық және үкіметтік емес ұйым­дарды әріптестік қимылға ша­қырды.

Кеңес мәжілісінде Парламент Мәжілісінің депутаты Валерий Ко­тович, А.Мырзахметов атындағы университеттің ректоры, облыстық мәслихаттағы депутаттық фрак­ция­ның төрағасы Сағынтай Елу­баев, партияның Еңбекшілдер аудандық филиалы жанындағы сыбайластыққа қарсы күрес қо­ғам­дық кеңесінің төрағасы Анатолий Кочергин, “Жас Отан” жастар қанатының атқарушы хатшысы Ерік Қалымов сөз сөйледі.

Мәжілісте Парламент Мәжілі­сін­дегі партия фракциясы ақпа­раттық тобының жетекшісі Серік Баймағанбетов Елбасы Жолдауын іске асырудың барысы туралы хабарлама жасады.

Саяси кеңес “Нұр Отан” ха­лық­тық-демократиялық партия­сы­ның кезекті ХІІ съезіне делегаттар сайлады.

Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.

 

Түсіндіру жұмыстары жалғасуда

 

Өткен аптада облысқа келген Владимир Бобров бастаған Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты жұмыссыздықтың болмауы, халықты жұмыспен қамтамасыз етуеліміз үшін дағдарыстан шығудың тиімді жолы екенін атап көрсетті. Мәжіліс депутаттары өндірісті өңірдің бірқатар әлеуметтік нысандары мен кәсіпорындарында еңбек ететін қызметші, жұмысшылармен, жоғары оқу орындарының студенттерімен, ауыл тұрғындарымен жүздесті.

Құрамында Парламент Мәжі­лі­сінің депутаттары В.Бобров, Ш.Өте­місов, Е.Рамазанов бар үгіт-насихат тобының басты мақсаты –Елбасының “Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға” атты Қазақ­стан халқына Жолдауын ел ара­сына жеткізіп, халыққа дағдарыс уақытында өздері үшін жасалып жатқан жұмыстар барысын түсін­ді­ру болып табылады. Зауыттары мен кәсіпорындары айнала қор­ша­ған өндірісті өңірдің жұмыс­шы­лары да көп. Депутаттар әуелгі жүз­десулерін жүздеген жұмыс­шы­сы бар “Қазақстан Алюмнийі” акционерлік қоғамынан, мұнай-химия зауытынан бастады. Зауыт­тар қазір бірқалыпты жұмыс іс­теу­де. Жұмысшылар да өз орнында. Бірақ, оларды мазалап жүрген сұ­рақтар да аз емес екен. Сауал­дар­дың көбі әлеуметтік мәселелер төңірегінен шықты.

Ауылды өркендетуге баратын жастарға үлкен көмек жасалуда, деді Владимир Бобров. Жылдар бойы жинақталған Ұлттық қор қазір халық игілігіне айналуда. Біз бұл жерде Елбасына, осындай үл­кен істерді қолға алып, бәрімізге бас­таушы болып отырған “Нұр Отан” партиясына сеніммен қа­рай­мыз. Бұған қоса енді талай жыл­дар айтылып келе жатқан облыс, аудан орталықтарындағы ком­муналдық шаруашылық сала­сына да көңіл бөлініп, су жүйелері, кәріздер жөнделетін болды. Бұл мәселе біздің облыс үшін де нақты шешімін күтіп тұр. Ауыл, аудан жолдары тозды.

Депутаттар Елбасы Жол­дау­ын­да айтылғандай, тағы бір мәсе­ле­нің мәнісіне тоқталды, ол – мұнай өңдейтін зауыт өзіміздікі, ал мұнай шикізаты, авиация керосині Ресей­ден тасымалданады. Сондықтан Павлодар мұнай-химия зауытының өз мұнайымызды іске жаратуы үшін бірлескен өндірістік жобалар, жұмыстар күтіп тұрғанын айтты. Екінші мәселе – ол Жолдауда ата­лып өткен Екібастұздағы ГРЭС-1 стансасын кеңейту арқылы қалған энергоблоктарды іске қосу және ГРЭС-2 стансасының 3-энерго­бло­гының құрылысын бастау. Алдағы мамыр айында Елбасы тапсырған бұл жобалар бойынша жұмыс басталады деп жоспарлануда.

Бұдан кейін депутаттар облыс орталығындағы педагогикалық инс­титутта оқытушылар қауымы­мен және студенттермен кездесу өт­кізді. Сондай-ақ жол, жарық, су, жұмысқа орналасу мәселесінде проблемалары баршылық Пав­ло­дар ауданының Заря ауылының тұрғындарымен кездесу өткізді. Ауылдықтардың кейбір сұрақ­та­рына аудан әкімі Төлеген Бәсте­нов­тің өзі жауап берді.

Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы.

 

Ел мүддесін көздеген құжат          

 

Тұрар БОСТАНОВА, “Алтын алқа”, Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерінің иегері.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назар­баев­тың биылғы Жолдауы халықтың көңілінде жүргенін дөп басып, бо­лашаққа деген сенімдерін ны­ғайт­ты. Өйткені, ондағы адам өміріне байланысты байыпты бағдар­ла­ма­лар қоғам дамуына оң әсер ететіні сөзсіз. Ел экономикасына тұсау бо­латын жемқорлықпен ымыра­сыз күрестің бағыт-бағдары ай­қын­далғаны көп нәрсенің түйінін шешеді. Халықтың сеніміне селкеу түсіретін қоғам дерті – жем­қор­лық. Мемлекет басшысы осындай келеңсіздік­терге баға беріп, бүгінгі ауыртпалықты жеңу мақсатында халықты бірлік пен ынтымаққа үндейді.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметкерлер жауап­кершілігін арт­тыруды міндеттесе, бүгінгі билік басын­дағылардың іс-қимылы, халықпен байланысы­ның жаңаша өрістеуі осыған дәлел. Ал күн­де­лік­ті тұтынатын азық-түлік тауар­ла­рының бағасын өсірмеу, жұмыс­сыздықтың алдын алу жайына да ерекше ден қойылған. Талды­қор­ған қаласындағы кәсіпорындар осы жайларды назарға алып, мүм­кіндігінше еңбек етіп, бүгінгі әлем­дік дағдарысты еңсеру ба­ғы­тында жоспарлы жұмыс жүргізіп отырғанын айтқан ләзім.

Қазіргі кезде ұлттық халық са­нағының алдын ала мәліметі бой­ынша Талдықорған қаласын 150 мыңға жуық тұрғын мекендейді. Сондай-ақ, 250 көп балалы ана ұрпақ тәрбиесімен қатар, халық санының өсуіне үлестерін қосуда. Ана ретінде мемлекеттің бүгінгі ұр­пақ қамына жасаған қадамын бір кісідей қолдаймыз. Мемлекет оқу ақысын төлеу үшін қаржысыз студент­терге қолдау білдірді. Әсі­ре­се, барлық студенттер үшін грант пен несиені қосымша бөліп отырғаны қуантты. Демек, Жол­дау­дың ауыл балаларының қам­қор­лыққа зәрулігін дөп басқаны ата-аналардың көңілінен шығуда. Өзім 11 бала өсірсем, балаларым бі­лім алып, егемен еліміздің әр шал­ғайында еңбек етуде. Ана ре­тінде олардың шыққан биігіне марқаямын.

Елімізде өмірге нәресте әкел­ген жас анаға барлық жағдай жа­са­л­ып, жәрдемақысы уақытымен төленеді, сәбилер денсаулығын дә­рігерлер үнемі бақылауда ұстайды. Үкімет әлеуметтік төлемдер мен қызметкерлердің жалақысын өсіру жөніндегі барлық міндеттемелердің сақталуына кепілдік беріп отыр. Және 2011 жылы базалық зей­нет­ақылық төлемдер мөлшері ең төменгі өмір сүру мөлшерінің 50 пай­ызына дейін өсетіндігі жос­парланғанын оқып, мерейлендік.

Қала бойынша зейнетақы және жәрдемақы алушы­лар саны 30 мың адамды құрайды екен. Әлеу­мет­тік жағынан жеткіліксіз қамтылған отбасыларға жер­гілікті атқарушы билік тарапынан жіті көңіл бөлі­ніп, әрдайым қамқорлық аясы кеңейгеніне ризамыз. Мәсе­лен, мүгедектер мен студенттердің, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қаладағы қоғамдық көліктерде тегін жүруі шешіліп, бюджеттен арнайы қаражат бө­лін­ген. Мұндай жақсы істерді көптеп келтіруге бола­ды. Дағдарыс кезіндегі ел мүд­десіне арналған Жол­дауды жүзеге асыруға билік басындағы азамат­тардың іскерлігі мен тиянақ­ты­лығы, халықтың шынайы қолдауы қажет екенін де ана ретінде айт­қым келеді.

Өңірдегі ардагерлер қауымы мен аналар Елбасының тапсырмасын жергілікті жерде жүзеге асыруға бар мүмкіндікті пайдаланып жатқан облыс, қала әкімдеріне алғы­старын айтуда. Бұл оларға деген қолпаш емес. Керісінше, ана мен балаға, еліміздің ертеңіне деген биліктің бүгінгі қам-қарекетіне, азаматтық парасатына деген жүрек жылуы. Әрдайым ел игілігіне қызмет етіп, халық құрметіне бөленгеннен артық не бар. Елбасы Жолдауының мәні мен ұстанған бағытын түсінген әр жан осылай дейтініне сенімдімін.

Талдықорған.

 

Алғашқы қарлығаш-көрінісі

 

Жаңа ашылған үш нысан  Шың­­­ғырлау ауда­нында тұрғын­дар­дың игілігіне қызмет жасай бас­та­ды. Атап айтқанда, бірінші нысан – Ащысай ауылындағы мәде­ниет үйі. Екіншісі – аудан орталы­ғын­дағы “Бөбек” атты қос қабатты ны­сан. Үшінші нысан – Шың­ғырлау кентіндегі 12 пә­тер­лік тұр­ғын үй. Бұған дейін қа­быр­ғалары ғана қалқиып, терезе­ле­рі үңірейген ескі екі қабатты үй күр­делі жөн­деу­ден кейін ол көз тартарлық сән­ді ғимаратқа айналды. Оған кө­гіл­дір отын құбыры тартылған. Мұн­да қоныс тойын тойлау­шы­лар­дың дені аз қамтылған отба­сы­лар мен мемлекеттік қызметкерлер.

Мұны Елбасы Жолдауында қойыл­ған тапсырманың алғашқы қарлығаш-көрінісі десе де болады. Нысан­дардың ашылу рәсіміне Шыңғырлау ауданы­ның әкімі Марат Тоғжанов, Батыс Қазақстан облыс­тық ішкі саясат басқар­масының бастығы Тілекқабыл Имашев, “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кенжебай Нығмет қатысып, ел, аудан халқына жылы лебіздерін жеткізді.

Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат